Не журналистика кафедрасы


Сюжет (француз тiлiнде “sujet”



бет27/69
Дата12.12.2023
өлшемі0.98 Mb.
#486228
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   69
ӘДЕБИЕТ ТЕОРИЯСЫ. КЕШЕН

Сюжет (француз тiлiнде “sujet”“зат”) – эпикалық және драмалық, кейде лирикалық шығармаларда қозғалыс үстiнде көрiнетiн оқиға барысы, әрекет дамуы.
“Сюжет” терминiн ең алғаш рет XVII ғасырда классицистер П.Корнель мен Н.Буало қолданды. Олар “сюжет” ұғымын Аристотель iзiмен ежелгi дүние қаһармандарының (мысалы, Антигона, Креонт, Медея, Ясон, т.с.с.) өмiрiндегi оқиғалармен байланыстырды. Бұлардан бұрын рим жазушыларында түрлi әңгiмелердi, кейiннен оларда суреттелген оқиғаларды “фабула” деп атау қалыптасқан.
Көбiне-көп сюжет шығармадағы оқиғалар жүйесi ретiнде көрiнедi. Оның сыры сюжеттi шығармалардың басым бөлiгi аса маңызды қоғамдық конфликтiлердi көркемдiк тұрғыдан қарастырады және оларды қаламгер жасаған бiртұтас өмiр көрiнiсiнiң iшiнде бейнелейдi.
Сюжетте қоғамдық тартысты қозғалыс үстiнде, яғни дамуы, шешiлуi, салдары арқылы көрсету қоғамдық даму тенденцияларын, оның заңдылықтарын түсiнуге ықпал етедi. Осыған орай, шығармадағы сюжеттiң алуан сипатты ролiн дұрыс түсiнуге қажеттi кейбiр негiзгi сәттердi атап өткен жөн.
Бiрiншiден, қаламгер тартыс мәнiне дендей бойлауы арқылы сол конфликтiге қатысушы адамдардың жан-дүниесiне тереңдей үңiледi.
Екiншiден, қаламгер өз шығармасының мазмұнын құрайтын конфликтiлерге ақыл-ойымен де, сезiмiмен де бiрдей өзi араласуына тура келедi. Сол арқылы оқиғалардың даму логикасында автордың өзi суреттеп отырған тартысқа деген бағасы, түсiнiгi, қоғамдық көзқарасы танылады; соның әсерiнен қаламгер өзi қаласын-қаламасын, өз танымында маңызды деп бағалағанды оқырман санасына сiңiруге ұмтылады.
Үшiншiден, әрбiр үлкен қаламгер өз дәуiрi мен халқы үшiн аса маңызды
орын алатын тартысқа ғана назар аударады.
Әрине, бұл айтылғандардан қаламгер өз дәуiрiндегi оқиғаларды, тартысты ғана бейнелейдi деген ұғым тумаса керек.
Шығармаларға өзек болған қоғамдық тартыс өткен дәуiрлерден де алынуы ықтимал. Алайда тартыстың түпкi мәнi қаламгер өмiр сүрген кезеңдегi қоғамдық талап-тiлектермен орайласып жатады.
Сюжет тарихи-әлеуметтiк мәнге ие. Сондықтан сюжеттi қарастыру кезiнде, ең әуелi, шығарманың негiзiнде қандай қоғамдық тартыс жатқанын және оның қай тұрғыдан (позициядан) бейнеленетiнiн айқындап алу қажеттiгi туындайды.
Қоғамдық тартыс пен сюжеттi сөз еткенде, олардың ара-қатынасын тым қарабайырландыруға немесе теңестiрiп жiберуге болмайды. Бiр ғана конфликтiнiң өзi түрлi сюжетте түрлi сипатта көрiнiп, түрлi мәнге ие болуы мүмкiн.
Сюжет құрылысында қаламгердiң көркемдiк шеберлiгi айрықша маңызды. Сюжет өз мiндетiне толық жету үшiн, бiрiншiден, iштей тиянақталуы, яғни суреттелген тартыстың даму сипаттары, себеп-салдарлары толық ашылып көрсетiлуi қажет. Екiншiден, оқырманды өзiне баурап алып, суреттелген оқиға дамуындағы әрбiр эпизодтың, әрбiр детальдiң мәнiне ойлана үңiлдiруi қажет.
Сюжеттiң көркемдiк тартымдылығына қол жеткiзу үшiн қаламгердiң қолданатын құралдары сан қилы. Қаламгерлердiң бiрi оқырманды бiрден баурап әкететiн аса өткiр жағдайларды таңдайды. Екiншi бiрi оқырмандар зейiнiн әуелi кейiпкерлердiң тосын әрекеттерiне аударып алып, сол төңiректе, сол әрекеттердiң себептерi жайында ойландыра отырып, кейiпкер әрекеттерiнiң негiзгi себептерiнiң мәнi туралы ойландырып қояды. Мысалы, Ф.М.Достоевский шығармалары.
Сюжетке тән бұл ерекшелiктер белгiлi бiр оқиғалар жүйесi суреттелетiн шығармаларға қатысты. Мұндай шығармаларға драмалық шығармалардың бәрi және эпикалық шығармалардың басым бөлiгi жатады. Өйткенi, кей жағдайларда эпикалық шығармаларда табиғат көрiнiсi немесе сыртқы дүние әсерiнен туған ой-сезiм қозғалысы бейнеленiп, оқиғалар жүйесi болмауы да ықтимал. Ал лирикалық шығармаларда тартысқа толы оқиғалар болмайтыны белгiлi. Алайда көзге ұратын оқиға жоқтығына қарап, ол дүниелердi сюжетсiз деуге болмайды. Мұндай туындыларда адамның iшкi жан-дүниесiндегi ой-сезiм арпалысы, көңiл-күй өзгерiсi түрлi сипатта көрсетiледi де, лирикалық туындылардағы сюжеттi осы жан әлемiндегi түрлi құбылыстар, толқыныстар айқындайды.Сюжеттiң өзге көркемдiк құралдарымен ара-қатынасы жайында не айтуға болады?
Қаламгер өзi бейнелеп отырған характерлер мен жағдайлар, адамдар арасындағы байланыстар мен қарама-қайшылықтардың шынайы сипатын ашып танытуда сюжеттiң мүмкiндiгiне сүйенедi. Осылардың бәрiн
бейнелеу шығармада алға тартылған проблемалардың мәнiн ашуға, идеяға ықпал етедi.
Шығарма кейiпкерлерiнiң өзара қарым-қатынасы мен байланысы көркем туындыда түрлi сипатта болады. Бiрақ түпкi мәнi шығарманың негiзгi идеясын ашуға бағытталады. Алайда бұдан образдар жүйесiн бiр қалыпта алуға болмайды. Сюжет желiсiндегi образ-характерлер негiзгi идеяға, негiзгi оқиғаға байланысты бола отырып, өзiндiк даралығын да сақтап қалуы шарт. Сюжет шығарманы оқу арқылы ғана толық танылатын күрделi көркемдiк тұтастық болып табылатынын түсiндiк. Десек те, қандай тұтастықтың да түрлi бөлшектерден құралатыны және белгiлi. Әлде сюжет бөлшектеуге келмейтiн бiрегей нәрсе ме? Классикалық үлгiдегi әдеби туындыларда күрделi де тұтастық сипатта көрiнетiн сюжет экспозиция, байланыс, әрекет дамуы, шарықтау шегi, шешiлуi сияқты бөлшектерден тұрады. Кей шығармаларда пролог пен эпилог та кездеседi. Бұл бөлшектердiң қай-қайсы да шығарма құрылымында өзiндiк мiндет атқарып, өзiндiк мән иеленетiндiктен, олардың әрқайсысын жекелей қарастырған жөн.
Көптеген шығармаларда қаламгер кейiпкерлердiң шығармадағы өрбитiн сюжет қарсаңындағы жағдайын, олардың мiнез-әрекеттерiндегi қалыптасып үлгерген немесе қалыптаса бастаған кейбiр белгiлердi, олардың дамып- жетiлуiне ықпал етушi кейбiр факторлар жайында әңгiмелейдi. Мұның бәрi жазушыға өз кейiпкерiнiң шығармадағы тартыс кезiндегi iс-әрекеттерiнiң заңдылығын дәйектеу үшiн қажет. Шығармадағы негiзгi тартысқа дейiнгi кейiпкерлердiң қалыптасу деңгейiн және олардың мiнез-құлық, әрекеттерiнiң кейбiр басты тұстарын суреттеу экспозиция деп аталады. Экспозиция мiндетi – кейiпкерлердiң шығармадағы кейiнгi әрекеттерiн дәйектеу, негiздеу болып табылады.
Экспозиция үнемi шығарма басында кездесе бермей, кейде шығарма соңында да берiледi. Қалай болғанда да, экспозицияның мiндетi бiреу, ол – кейiпкерлер қалыптасқан ортамен таныстырып, олардың кейiнгi әрекеттерiнiң заңдылығын дәйектеу. Драмалық шығармаларда экспозициялық мәлiметтер кейде жеке бiр кейiпкердiң сөзi арқылы тiкелей берiлуi ықтимал, немесе оқырман яки көрермен санасында – автор көрсетiп отырған жағдай мен тартыстың өрбiп- өрiстеуi барысында жанама түрде пайда болуы да мүмкiн. Кейiнгi жағдай, көбiнесе, драмалық шығарма өзегiндегi сюжеттi болып өткен оқиға ретiнде емес, дәл сол сәтте болып жатқан сипатта бейнелегенде орын алады. Мысалы, Гогольдiң “Ревизор” комедиясы.
Сюжеттiң басқа да құрамдас бөлшектерi сияқты, экспозицияны да шығарманың негiзгi мазмұнымен тұтастықта қарастыру қажет. Солай еткенде ғана экспозицияны талдау туындыны дұрыс түсiнуге, оқиғалардың мәнi мен маңызын, кейiпкерлердiң әрқайсысының өзiндiк орнын дұрыс тануға әсерiн тигiзедi. Экспозицияны жеке алып қарастыру шығарма бiтiмiндегi оның шынайы маңызына нұқсан келтiредi. Экспозиция шығармада суреттелетiн негiзгi оқиғаға дейiнгi жағдайларды таныстыруды мақсат етедi екен. Соған қарағанда, шығармада экспозицияның болуы мiндеттi емес сияқты ғой. Ал кез-келген көркем шығармада болуға тиiстi сюжеттiк бөлшектер қандай және олардың сюжет желiсiндегi мiндеттерi неде? Ақиқат өмiрдегi сияқты, көркем шығармадағы оқиғалардың, құбылыстардың, ой-сезiмдердiң, т.с.с. бәрiнiң де басталуы, аяқталуы болуы шарт. Соған орай, әдеби шығармадағы сюжеттi қарастырғанда, ең алдымен, байланыс және әрекет дамуын айқындау қажеттiгi шығады. Олай болса, бұлар қандай бөлшектер? Ендi соларға жекелей тоқталып көрелiк.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   69




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет