Тақырыптың өзектілігі.Қазіргі кезде жер шарындағы халық санының жедел өсуі мен техникалық прогрестің қарқынды дамуы, жер, қазба байлықтарының тиімсіз пайдаланылу нәтижесінде өндіріс орындарынан шыққан қалдықтар мен газдар атмосфераны, литосфераны ластап, табиғаттағы қалыпты процестерді бұзуда.
Табиғаттағы өзгерістер баяу, байқаусыз өтеді. Ал ондағы өзін-өзі реттеу мен қалпына келтіру процестері ұзаққа созылады. Адамның зиянды істері де бірден байқалмайды, оны адамдар көбінесе ұзақ жылдар өткен соң ғана байқайды да, түзету жұмыстары күткендей нәтиже бермейді. Сондықтан ғылым мен техниканың жетістіктерін пайдалана отырып, өндіріс көлемін ұлғайтуда қалдықты аз бөлетін және қалдықсыз технологияны қамтамасыз ететін, өндіріс қалдықтарын қайта өңдеп, пайдалану жұмыстарын жүргізу қажет болып отыр.
Осындай антропогендік әсерлердің бірі атмосферадағы көмір қышқыл газының концентрациясының көбеюі. Көмір қышқыл газы отын жану процесінде және темірді қазіргі кездегі пирометаллургиялық жолмен бөліп алуда көп мөлшерде бөлінеді. Бұл әдіс үлкен домна пештерінде, жоғары температурада темір кендерінен таза темірді бөліп алғанға дейін іске асырылады. Осы кезде атмосфераға көп мөлшерде газ, литосфераға қалдық, шаң бөлінеді.Сондықтан темір кендерін немесе темір қалдықтарын өңдеуде, олардан таза металл бөліп алуда пирометаллургиялық әдістерді қолдануды азайтып, гидрометаллургиялық әдістерді жетілдіру тиімді болып отыр.
3.1. Қазақстан Республикасындағы темір кендерінің жалпы сипаттамасы және кен орындары
Халық шаруашылығын өркендету жоспарларының қай уақыттағысын қарасақ та, ондағы алдыңғы орынның бірін, жетекші рөлді қара металлургия алып келеді. Халық шаруашылығы салаларының қайсысын алсақ та, оның өсуінің бір жағы металдар өндірісіне, оның ішінде қара металдарға тіреледі.
Қара металдардың негізі темір. Бүкіл өндірілетін металдармен салыстырғанда бір темірдің өзі 20 есе артық өндіріледі. Темір ғарыштан түскен метеориттерде ғана таза күйінде болады. Жер ядросы темірден тұрады деген жорамал бар. Жер қыртысын түзетін элементтер ішінде, көптігі жағынан темір елеулі орын алады, ол металдар ішінде, алюминийден кейінгі ең көп тараған металл. Жер қыртысындағы темір — оксид, сульфид, карбонат және силикат түрінде болады.
Темір кені. Қара металлургия өндірісінің негізгі шикізаты – темір кені болып табылады. Жер қыртысында темір түрлі дәрежеде тотыққан оксидтер түрінде кездеседі. Тау жыныстарының құрамында оксидтері, бос жыныстары және тағы басқа темір минералдары бар қосылыстарды темір кені деп атайды. Бос жынысты кеннің құрамы түрлі силикаттар және алюмосиликаттар түзетін кальций, магний, алюминий және кремний оксидтерінен тұрады. Бос жыныстан басқа темір кенінің құрамында марганец, хром, никель, молибден, вольфрам, ванадий кездеседі.
Кеннің құрамындағы темірдің мөлшеріне қарай кендер (30%-төмен) кедей, (30-50%) орташа, (50%-жоғары) темірге бай болып үшке бөлінеді.
Темір кендері құрамындағы темір қосылыстарының қасиеттеріне қарай келесі түрлерге бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |