1.2 Қазақ тіл біліміндегі етістіктердің лексика-семантикалық топтарға жүйеленуі
Қазақ тілінде де етістік сөздер мағыналары жағынан істің, қимылдың, амалдың, әрекеттің, қозғалыстың болу процесін, қалпын білдіретіні аян. Етістіктердің семантикалық өрісін талдап, мағынасына қарай бөлу мәселесі «Современный казахский язык» атты еңбекте төмендегіше 7 топқа бөліп жіктелген:
Қимыл-әрекет мәнді етістіктер (қаз, байла)
Глаголы со значением физического действия
Қимыл обьектісі белгісіз мәнді етістіктер (жүгір, қозғал)
Глаголы со значением безобьектного движения
Қалып-күй етістіктері (тыңда, жыла)
Глаголы со значением состояния
Дерексіз мәнді етістіктер (құрастыр, баянда)
Глаголы со отвлеченными значениями
Еліктеуіш мәнді етістіктер (шырылда, қаңқылда)
Глаголы подражательного значения
Қалыптасу мәнді етістіктер (бұзаулады, құлындады)
Глаголы со значением становления
Көмекшілік қызмет мәніндегі етістіктер (еді, екен, деп)
Глаголы функционального значения. Ал, Н.Т.Сауранбаев осы көмекші етістіктерді 1) нағыз көмекшілер, 2) шала көмекшілер деп 2 түрге бөліп, шала көмекшілердің білдіретін амалдық түріне қарай, негізінен 6 жіктеген. Қазақ тіл білімінде семантикалық талдауға арналған алғашқы еңбек М.Оразовтың «Қазақ тілінің семантикасы» болды және «Семантика казаскокго глагола» атты кандидаттық диссертациясында етістіктердің семантикасын да сөз етіп, арнайы зерттеген ғалым да осы М.Оразов. Ал бұл еңбеккке дейін тек кей авторлардың жол-жөнекей айтқан пікірлері мен оқулықтарда берілген қысқа түсініктер ғана бар еді. Мысалы, қазақ тіліндегі етістіктердің аффиксальдық құрылымын зерттеген ғалым Б.Б.Құлмамбетова түбір етістіктерді (первообразных) мынадай семантикалық топтарға бөліп қарастыруды ұсынады:
Адамның қимылын, қозғалысын білдіретін етістіктер;
Адамның ойлауы мен көңіл-күй (сезімін) білдіретін етістіктер;
Адамның уайымын білдіретін етістіктер;
Тамақтану әдісін, тәсілін білдіретін етістіктер;
Адамның бет қимылы мен өзін-өзі ұстау кездерін білдіретін етстіктер; Дыбысқа еліктеу етістіктері.
Автор амал-әрекет етістіктері мен қозғалу етістіктерін бір семантикалық топ деп қарастырады. Ал, Г.М.Сыбанқұлованың ойынша «амал-әрекет актісі мен қозғалу актісін білдіретін етістіктер бір-біріне сәйкес келмейді және әрқайсысының ерекшелігі бар, сондықтан бұл екі топ міндетті түрде ажыратылуы тиіс» [9,26]..Е.Маманов өз еңбегінде «етістіктерді мағыналық ерекшеліктеріне қарай топтастырып бөлу өте қиын, тіптен мүмкін де емес. Дегенмен, оларды мағынасы жағынан басты ерекшеліктерне қарай, мынадай бірнеше топқа бөлуге болады»,-деп 8 топқа бөлген:
Іс-әрекеттік қимылды білдіретін етістіктер: жазу, сызу, қазу.
Қозғалыс қимылын білдіретін етістіктер: еңбектеу, домалау.
Қалып-күй процесін білдіретін етістіктер: арықтау, семіру.
Көңіл-күйді білдіретін етістіктер: қайғыру, мұңаю, күлу.
Сапалық белгінің өзгерісін білдіретін етістіктер: ұзару, қысқару.
Еліктеу, бейнелеу етістіктері: жымыңдау, пысылдау.
Туу, өсу қимылын білдіретін етістіктер: құлындау, боталау.
Субьективтік етсітіктер: азсыну, көпсіну, кісімсу.
Әрине, И.Е.Мамановтың көрсеткен лексика-семантикалық топтары қазақ тіліндегі етісітіктерді толық қамти алмайды. Тіпті Н.К.Дмитриев көрсеткен ойлау, сөйлеу етстіктері де кірмей қалған. Автор қазақ тіліндегі етістіктерді толық лексика-семантикалық жақтан топтастыруды мақсат етпеген де болуы керек. Тек етісітктің семантикалық топтарына үлгі ретінде ғана санамалап көрсеткен тәрізді. Бұл жерде айта кететін жайт «көңіл-күйді білдіретін етістіктер» терминін тұңғыш рет осылайша қолданған ғалым И.Е.Маманов болып табылады. А.Хасенова етісітктерді әр жақты қарап, төмендегіше 6 лексика-семнатикалық топқа жіктеп көрсеткен. Олар:
1.Обьектімен тікелей байланысты іс-әрекетті білдіретін етістіктер: іш, же, майла, ұр, соқ, жүр, көр, оқы.
2.Субьектінің қозғалысының беталыс, бағытын білдіретін етістіктер: кел, кет, түс, шық, ұш, самға, жинал, тара.
3.Субьектінің қалпының сапасының өзгеру процесімен байланысты айтылатын етістіктер: ұйықта, оян, азай, ұзар.
4.Бейнелеу етістіктері: адырай, бадырай, маңыра.
5.Ішкі обьектілі салт етстіктер: қозда, гүлде, жапырақта.
6.Көмекші етістіктер: е, еді, деп, шығар.
Соңғы топқа – е, еді, екен, емес, де, деп, дейтін тағы да басқа күрделі компоненттерде қосалқы қызмет атқаратын сыңарларын жатқызуға болады дей келіп, әрбір топты іштей тағы да субьекті іс-әрекетінің обьектіге қатынасына, беталыс, бағытына, бет-бейне, түр-түсіне қарай бірнеше мағыналас топқа жіктеген.Бұл екі автордың да бұл топтастырудың толық болмауы заңды. Тағы бір айта кететін мәселе, біздіңше жетекші етісітктерді ғана лексика-семантикалық топтарға деген сияқты әлденеше бөлген жөн, ал көмекші етсітіктерді аналитикалық форманың құрамындағы мағынасы мен қызметіне қарай басқаша топтастырған дұрыс сияқты. Бұған қатыста Н.Оралбаеваның «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық формалары» деген еңбегінде көмекші етістіктерге жақсы талдау берілгенін айта кеткен жөн.
А.С.Аманжолов «Көне түркі ескерткіштерінің тіліндегі меңгеру етістіктері» атты еңбегінде етістіктерді мынадай негізгі лексика-семантикалық топқа жіктегенін көреміз:
1.Обьектіге әрекет ететін етістіктер;
2.Сөйлеу етісітктері;
3.Кеңістіктегі заттардың қозғалыс процесіне динамикалық түрде әсер ететін етістіктер;
4.өнімді әрекет ететін етістіктер;
5.Ойлау, сезіну және түйсіну етістіктері [10,27].
1967 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің грамматикасында» (морфология) түбір етсітік дейтін межеге сыйғуза келетін сөздерді іс-әрекет, амал, қалып процесінің динамикасын білдіруі жағынан 5 лексика-семантикалық топқа бөліп қарастырылған:
1.Обьектімен тікелей байланысты іс-әрекетті білдіретін етістіктер. Бұл топқа, негізінен, сабақты етістіктер жатады: же, майла, ұр, жүр, көр.
2.Субьекті қозғалысын, беталыс, бағытын білдіретін етістіктер. Бұлар, негізінен, салт етістіктер тобын құрайды: кел, түс, ұш.
3.Субьектінің қалып, сапалық өзгеру процесімен байланысты айтылатын етістіктер. Бұл топқа, негізінен, салт етістіктер жатады: ұйықта, ұзар, өл, аш.
4.Бейнелеу етістіктері. Бұлар да салт етістік және олар, негізінен, үлкен үш топқа бөлінеді:
5.Бет-бейне, дене құбылуымен байланысты айтылатындар: адырай, бақырай;
6.Дыбыстаумен байланысты динамикалық процесті білдіретіндер: маңыра, мөңіре;
7.Түр-түс тағы басқа құбылмалы процестерді білдіретіндер: жалпылда, үлпілде.
1.Ішкі обьектілі салт етсітіктер.
Н.Оралбаева өзінің еңбегінде етістіктерді 6 топқа бөліп саралаған:
Кеңістікте қозғалуды білдіретін етісітктер
Кеңістіктегі орын өзгертуді білдіретін етістіктер
Адамның, заттың қалпын білдіретін етістіктер
Обьектіге қатысты пассив қимылды білдіретін етістіктер
Обьектіге қатысты актив қимылды білдіретін етістіктер
Қимылдың белгілі бір сатысын білдіретін етістіктер,- деп
қазақ тіліндегі етістіктердің аналитикалық форманттарының құрылысы мен мағынасын қарастырған. А.Ысқақов етістіктің жалпы сипатын сөз ете келе оқулығында он бір етістіктің лексика-семантикалық тобын атайды. Ескерте кететін жайт оқулықта ойлау мен сөйлеу, көру мен есту етістіктерін қосарлап бір лексика-семантикалық топ еткен. Автор қимыл-қозғалыс етістіктерінен бағыт-бағдар етістіктерін бөліп алған.
Амал-әрекет етістіктері (босат, көтер, күрес, ки)
Қимыл-қозғалыс етістіктері (ауна, аудар, домала)
Қалып-сапа етістіктері (жат, жантай, тұр, тос)
Ойлау-сөйлеу етістіктері (айт, сөйле, ескер, жатта)
Өсу-өну етістіктері (балала, гүлде, өс,өн)
Бағыт-бағдар етістіктері (бар, кел, қайт, кел)
Көңіл-күй етістіктері (жыла, қайғыр, күл, қуан)
Бейнелеу- еліктеу етістіктері (жарқыра, дүркіре, тарсылда)
Дыбыс-сес етістіктері
Көру-есту етістіктері
Мінез-құлық етістіктері- деген сияқты әлденеше топқа бөліп, саралауға болады. Сөйтіп, оларды тағы мағыналарына қарай омоним етістіктер, синоним етістіктер, антоним етістіктер деп бөлуге болатындығын да айта кетеді.
Ал, ғалым Қ.Қасабек бір буынды негізгі түбір салт етістіктерін 7 мағыналық топқа бөледі:
Қимыл-қозғалыс етістіктері
Қалым етістіктері
Табиғат құбылысы етістіктері
Физиологиялық процесс етістіктері
Сезіну-түйсіну етістіктері
Ойлау етістіктері
Сөйлеу етістіктері [11,28]. Жоғарыда айтылған ойлар мен қарастырылған еңбектерде тілдегі сөздің семантикасының алатын орны танылғанымен, оның зерттелуі, мағынасына қарай топтау кеш басталса, етістіктің лексика-семнатикалық топтары жайлы пікірлер жоқтың қасы.
Жалпы тіл білімінде сөздерді лексика-семантикалық топтарға бөлудің ғылыми қағидалары жасалған. Әр тілдің өзіне тән ерекшелігін ескере отырып, жалпы қағидалардан ауытқу не жаңа қағидалардың жасалынуы мүмкін. Себебі сөздердің лексикалық мағыналарының құрамында ұлттық реңк болады.
Қазақ тіліндегі етістіктер мағыналық ерекшеліктеріне қарай іштей сараланып, әлі күнге дейін жөнді бөлінбеген, бұл жөнінде ғалым И.Е.Маманов былай дейді: «Етістіктерді мағыналық ерекшеліктеріне қарай топтастырып бөлу өте қиын, тіптен мүмкін емес. …Қазақ тілінде етістіктердің лексикалық мағыналарының өзгешеліктері олардың граммтикалық формаларымен түрленуіне әсер етпейді. Сондықтан түбір етістіктерді сөздің мағынасына қарай топтастырып бөлудің ешқандай практикалық мәні жоқ» [11,29]. Ал, Ә.Болғанбаев: «Етістіктерді мағынасына қарай саралап бөлу граммтика үшін мәнді болмағанмен, лексика мен семантика үшін ең маңызды мәселелердің біріне саналады» [18, 365], деп орынды пікір айтқан.
М.Оразов қазақ тілінің семантикасын алғаш рет зерттеп, саралаған ғалым екендігі аталып өтілді. Бұл салада ғалымның біраз мақалалары жарық көрді. 1980 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тіліндегі қалып етістіктері» деген еңбегінде автор бұған дейінгі етістіктердің лексика-семантикалық топтарды саралай отырып, бұл салада ортақ пікірдің жоқтығы және осының себебі оларды бөлудің шарттары анықталатындығын айтады. «Тюркологияда сөз болып жүрген лексика-семантикалық топ туралы пікірлер қазақ тіл біліміндегі айтылып жүрген пікірлерден онша алшақ емес. Мұның себебі, түркі тілдерінде де сөз семантикасының толық зерттелмеуі, лексика-семантикалық топтарға сөздерді топтастыру принциптерінің жасалмауы. Лексика-семантикалық топ туралы пікір айтушылар оның ғылыми негізін анықтамай-ақ, өздерінше өлшем-критерия қойып, талдап жүр. Түркі тілдеріне байланысты жазылған еңбектерді етістіктің лексика-семантикалық топтарының үштен (Л.Н.Харитонов) он бірге (А.Ысқақов) дейін жетуі жоғарыда айтқан пікірімізге дәлел бола алады» [12,30]. Сөйтіп, автор сөздерді белгілі бір лексика-семантикалық топқа бөлудің алты шартын көрсетеді.
1.Бір лексика-семантикалық топтың құрамына енетін сөздер өзара бір мағыналық сыңар (семалар) арқылы байланысып жатуы керек.
2.Бір лексика-семантикалық топтың компоненті болып саналатын сөздер өз дербестігін сақтауы керек.
3.Лексика-семантикалық топтың құрамындағы сөздер бірі екіншісін мағыналық жағынан толықтырып, ұштасып жатуы керек.
4.Антонимдік, синонимдік сыңарлар да белгілі бір лексика-семантикалық топтың аясында болады.
5.Лексика-семантикалық топтар іштей семантикалық топтарға бөлініп, сатылай байланысып жатады.
6.Лексика-семантикалық топтың құрамындағы сөздер бір сөз табынан болуы керек. Ал, ғалым А.Ә.Османова сөздерді лексика-семантикалық топтарға бөлуде ертеден бері сақталып келе жатқан бірнеше шарттарды ұсынады:
1.Өзара белгілі бір мағыналық элементтері (семалары) арқылы байланысып жатуы керек;
2.Белгілі бір парадигмалық қатар жасай алатын бір текті, бір сөз табынан болуы керек;
3.ЛСТ-нің (лексика-семантикалық топ) элементі болып саналатын сөздер өздерінің дербестігін сақтай отырып, басқа сөздермен байланысуы керек;
4.Бірін-бірі мағына жағынан толықтырып, ұштасып жатулары керек.
М.Оразов осы принциптерге сүйене отырып қазақ тілінде етістіктердің ЛСТ-ын «Қазіргі қазақ тіліндегі қалып етістіктері» деген еңбегінде 11 топқа бөлген:
І Амал-әрекет етістіктері.
1.Қоректенуді білдіретін амал-әрекет етістіктері: ішу, жеу.
2.Жасау, құру етістіктері: құру, жасау, жарату.
3.Қырып-жою етістіктері: сындыру, қирату, бұзу.
4.Өзгеру етістіктері: бояу, майлау, ақтау.
5.Обьектіні қозғалысқа түсіретін амал-әрекет етістіктері: сүру, итеру, шашу.
6.Обьектіні толық қамтымайтын амал-әрекет етістіктері: керту, шабу, сұғу.
7.Обьектінің қалпын өзгертетін етістіктер: төңкеру, аудару, құлату.
8.Даралау және бөлшектеу етістіктері: жіліктеу, бөлу, ажырату.
ІІ Қозғалу етістіктері.
1.Бағыт-бағдарды білдірместен жалпы қозғалысты білдіретін етістіктер.
2.Жерде болатын қозғалысыты білдіретін етістіктер: жүру, шабу, еңбектеу.
3.Суда болатын қозғалысты білдіретін етістіктер: жүзу, сүңгу, малту.
4.Ауада болатын қозғалысты білдіретін етістіктер: ұшу, самғау, қалықтау.
1.Қимылдың обьектіге жақындығын білдіретін қозғалу етістіктері: кел, жақында, жанас.
2.Қимылыдың обьектіден алыстауын білдіретін қозғалу етістіктері: кет, жөне, зыт.
3.Қимылдың жоғарыдан төмен қарай бағытталатындығын білдіретін етістіктер: түсу, құлдилау, төмендеу.
4.Қимылдың төменнен жоғары қарай бағытталғандығын білдіретін етісітктер: шығу, өрмелеу, өрлеу.
5.Белгілі бір межемен, кедергімен байланысты қолданылатын қозғалу етістіктері: кіру, шығу, өту.
6.Қимылдың тездігімен байланысты қолданылатын қозғалу етістіктері: шабу, желу, жүгіру.
7.Қимылдың орындалу тәсілдерімен байланысты қолданылатын қозғалу етсітіктері: жорғалау, ентелеу.
8.Сұйық заттардың қозғалуымен байланысты қолданылатын қозғалу етістіктері: ағу, тамшылау, сорғалау.
ІІІ Сөйлеу етсітіктері.
1.Хабарлау етістіктері: айту, сөйлеу, хабарлау.
2.Сөйлесу етістіктері: сөйлесу, әңгімелесу, әзілдесу.
3.Сұрау-жауап мәнді сөйлесу етістіктері: сұрау. Іздеу, сұрастыру.
4.Көңіл-күйге байланысты қолданылатын сөйлеу етістіктері: сөгу, мазақтау, мақтау.
5.Индивидуалды қарым-қатынасты білдіретін сөйлеу етістіктері: жалыну, сұрану, тілеу.
6.Бейнелік мәнді сөйлеу етістіктері: оттау, міңгірлеу, бөсу.
ІV.Қалып-сапа етістіктері.
1.Қалып-сапа етістіктері: ұзаю, көгеру, сөну.
2.Адамның не жанды заттың қалып-күйін білдіретін етістіктер: азу, толу, семіру.
5.Таза қалыптық мәнді білдіретін етістіктер: отыр, жатыр, жүр, тұр.
V. Сезіну етістіктері.
1.Көру етістіктері: көру, қарау, тігіліу.
2.Есту етістіктері: тыңдау, есту, құлақ салу.
3.Иіске байланысты етістіктер: сасу, мүңку, аңқу.
4.Теріге байланысты сезіну етістіктер: жаурау, қышу, ауру.
VI Ойлау етістіктері: ойлау, түсіну, аңдау, ескеру.
VII Көңіл-күй етістіктері. [13,31]
1.Таза психологиялық прцестермен байланысты етістіктер: ұялу, қоқу, қуану.
2.Адамдардың эмоциясымен, көңіл-күйімен байланысты етістіктер: ұнату, еркелеу, режу.
VIII Дыбыс-сес және бейнелеу етістіктері.
1.Адамның және жан-жануарлардың дыбыстарына байланысты қолданылатын етістіктер: мөңіреу, сыңсу, үру.
2.Табиғат дыбыстарымен байланысты қолданылатын етістіктер: шытырлау, сарқырау.
3.Адамның бет-құбылысына, сыртқы көрінісіне байланысты қолданылатын бейнелеу етістіктері: бадыраю, адыраю, аңқаю.
4.Табиғат көрінісіне байланысты қолданылатын бейнелеу етістіктері: жайнау, толқу.
5.Қимыл-әрекеттің орындалу тәсілімен байланысты қолданылатын бейнелеу етістіктері: теңселу, ербию, жалп-жалп ету.
VIII Өсіп-өну етістіктері.
1.Тірі организмдердің туып-өсуімен байланысты етістіктер: балалау, төлдеу, босану.
2.Табиғаттың өсуімен, көркеюімен байланысты қолданылатын етістіктер: өсу, гүлдеу,сабақтау.
3.Пісіп жетілуге байланысты етістіктер: пісу, ер жету, қартаю.
ІХ Табиғаттың түрлі құбылыстарына байланысты қолданылатын етістіктер: түнеру, ай туу, желдету.
Х Субьектив реңді білдіретін етістіктер: азсыну, білгішсіну, менсінбеу [14,32].
Автор қазақ тілінің семнатикасын зерттеуге арналған кейінгі еңбектерде бұл топтауларды толықтыра түседі. М.Оразов өзінің «Семнтика казахского глагола» атты кандидаттық дисссертациясында қазақ тіліндегі етістіктердің ЛСТ-ын 12 топқа бөлген:
Іс-қимыл етістіктері.
Қозғалыс етістіктері.
Қарым-қатынас етістіктері.
Хал-жай етістіктері.
Сезім етістіктері.
Ойлау етістіктері.
Сөйлеу етістіктері.
Эмоциялы етістіктер.
Даму етістіктері.
Дыбыс етістіктері.
Табиғат көріністерін белгілейтін етістіктер.
Субьективтік реңкті білдіретін етістіктер. Соңғы зерттеулердің ішінен М.Оразов «Қазақ етістіктерінің мағынасы» деген еңбегінде етістіктерді 12 топқа бөлген:
Амал-әрекет етістіктері.
Қозғалу етістіктері.
Қарым-қатынас етістіктері.
Қалып-сапа етістіктері.
Сөйлеу етістіктері.
Сезіну етістіктері.
Ойлау етістіктері.
Қөңіл-күй етістіктері.
Өсіп-өну етістіктері.
Дыбыс-сес етістіктері.
Табиғат құбылысына байланысты етістіктер.
Субьективті реңді білдіретін етістіктер.
Жоғарыда келтірілген лексика-семантикалық топтар құрамындағы сөздер өзара синонимдес, антонимдес болып жатулары да мүмкін. Осыған орай, ғалым Ә.Болғанбаев тіліміздегі синонимдерді В.В.Виноградовтың орыс тіліндегі синоним сөздерді топтастырудағы классификациясына сүйене отырып, қазақ тіліндегі тұрақты (тілдік) синонимдерді үш түрге бөліп қарайды:
Мағыналық синонимдер
Стильдік синонимдер
Мағыналық-стильдік синонимдер
Өз еңбегінде мәндес сөздерді сөз таптарының қатысына қарай бөлу мәселесін де тұңғыш рет сөз еткен. Солардың ішінен синонимдес етістіктерді бөліп алып, лексика-семантикасына байланысты:
іс-әрекет етістіктері;
қозғалыс етістіктері;
қалып-күй етістіктері;
көңіл-күй етістіктері;
сапа етістіктері;
еліктеу, бейнелеу етістіктері;
субьективтік реңді синоним етістіктер
деп 7 топқа жіктейді [15,33].
Ал, ғалым А.Ә.Османова өз еңбегінде синонимдес етістіктерді қазақ тіл білімінің өзіндік ерекшелігінің негізінде, мағына жағынан саралап, семантикалық белгілеріне қарай жіктей келе, оларды шартты түрде төмендегідей 7 топқа бөліп, тиісті сипаттама береді. Олар:
Әрекет және қозғалыс амалын білдіретін синонимдес етістіктер.
Сезімді, көңіл-күйді білдіретін синонимдес етістіктер.
Жай-күй я қалыпты білдіретін синонимдес етістіктер.
Бейнені білдіретін синонимдес етістіктер.
Сапа, я белгі процесін білдіретін синонимдес етістіктер.
Ойлауға, сөйлеуге қатысты синонимдес етістіктер.
Бұл жөнінде ғалым Ж.Т.Сүйкімбекованың «Араб және қазақ тіліндегі етістік синонимдер» деген мақаласы жарық көрді. Ғалым: «Синоним етістікпен байланысты семантика мәселесін қарастырсақ. А.Ә.Османова қазақ тіл білімінде синоним сөздердің семантикасын қолға алу керектігін айтады: «синоним сөздердің семантикасы және оларды мағыналарына қарай топтастыру мәселесі әзірше арнайы зерттеуден әлі де кенже қалып келе жатқаны аян» [15,34]. Дегенмен, топтастыру мәселесінде бірізділік болмағанымен, етістіктің лексика-семантикалық топтарын қарастырған Н.Т.Сауранбаев, И.Е.Маманов, М.Оразов, А.Ысқақов сынды ғалымдарымыздың еңбектері бар. Ал араб тілінде етістіктің семантикалық өрісі талданып, түсіндірме сөздіктер құрылғанымен, оның мағыналық топтарына қарай жіктеу мәселесі қолға алынбаған. Демек араб тілінің етісітік мағыналарын ажыратып, қазақ тіліндегідей топтарға бөліп қарау ісі алда тұр», деген ой қорытады. Осыған орайда ғалым Ж.Т.Сүйкімбекованың «араб тіліндегі етістіктің лексика-семантикалық топтарын айқындап, оны қазақ тілімен салғастыра зерттеу- бүгінгі күннің мәселесі болып отыр» деген пікірін атап өту орынды.
Достарыңызбен бөлісу: |