Каптал – кітапқа бір жағынан әсемдік беретін (бума пен түптеу мұқабасы арасындағы ашық жерді жауып тұрады), бір жағынан бума болып жинақталған дәптерлердің бекітілу беріктігін арттыра түсуге арналған, бір шеті қалыңдау болып келетін мақта-мата немесе жібек таспа бау.
Дайын кітап бумасы түбінің үстіңгі және астыңғы жағына желімденеді. Кітап мұқабасының түсіне сәйкестіріп таңдау керек.
Таралымға қажетті каптал мөлшерінің шығынын есептеу үшін кітап бумасының қалыңдығы мен таралымы белгілі болуы керек немесе кітап бумасының қалыңдығын жоғарыда талай рет есептегендей шығарып алу керек.
Таралымы 5 000 дана, кітап бумасының қалыңдығы 25 мм. деп алайық. К ітап бумасының қалыңдығы 25 мм. болғандықтан, капталдың да ені 25 мм. болады. Каптал буманың екі жағынан, үстіңгі және астыңғы жағынан желімденетіндіктен оны екіге көбейтіп, бір кітапқа кететін каптал шығынын табамыз.
25 х2 = 50мм. метрге айналдырғанда 0,05метр шығады.
5 000 данаға қажетті каптал шығынын табу үшін, бір кітапқа кететін каптал шығынын таралымға көбейтеміз.
5000 х 0,05 = 250 метр каптал керек екен.
Кітап бумасын бекітуге арналған полиграфиялық сым шығынын есептеу
Кітап-журнал өнімдерінің, парақты өнімдердің дәптерлері мен парақтары жинақталып болған соң, дайын болған бумаларды стандарт талаптарына сәйкес немесе тапсырыс берушінің талабына сай таңдалған тәсілмен бекіту керек.
Жалпы баспа-полиграфиялық өнімдерді бекітудің бірнеше тәсілдері бар. Олар:
Кітап бумасын жіппен тігіп бекіту;
Бүктелген дәптерлердің түбін кесіп, желіммен бекіту;
Бүктелген дәптерлердің түбін кеспей, кедір-бұдырлап желіммен бекіту;
Бүктелген бума дәптерлерін терможіптермен бекіту;
Бір-бірінің үстіне жинақталған бума дәптерлерінің үстіңгі жағынан сыммен тігу (втачку);
Буманы мұқабасымен қоса, сыммен, сыртынан ішіне қарай бірден тігу (внакидку);
Сыммен буманың ішінен сыртына қарай тігу (вразъем);
Дәкемен бекітілген басылым бумасын жағалай жіппен тігу (впросочку) тсияқты түрлерге бөлінеді.
Сыммен тігіп бекіту әдісі. Сыммен тігіп бекітудің бірнеше тәсілдері бар. Дәстүрлі және қарапайым сыммен бекітудің негізгі тәсілінде жинақталған дәптердің сыртынан кигізілген мұқабаның үстінен сымды тесіп өткізеді де, дәптердің немесе баспа өнімінің ішкі жағынан сыммен бекітеді. Буманың үстінен мұқабамен бірге сыммен тігу (внакидку) әдісі қағазының қалыңдығы 100 мкм-ге (0,1 мм) дейінгі, көлемі 80 беттен аспайтын басылымдарды жұмсақ мұқабамен бірге бірден сыммен тігіп, ішіне кірген сымды жатқызып, басылымды бекітеді. Ал қағаздың қалыңдығы 100 мкм-ден жоғары болған жағдайда басылымның беті 64 бетке дейінгі өнімдерді бекітуге де осы сыммен бекіту әдісі қолданылады.
Бұл бекіту әдісі – көптеген журналдарды, кітапшаларды және жалпы дәптерлерді, жаппай бұқаралық оқырмандарға арналған таралымдарды, жарнамалық өнімдерді және т.с.с. әртүрлі өнімдерді бекітуде кеңінен қолданылады.
Сыммен тігіп бекітудің артықшылықтарына - бекіту үдерісінің қарапайым әрі сенімділігі; басудан кейін бірден ағымды желілерде өңдеу мүмкіншілігі; бумадағы дәптерлердің сапалы бекітілуі және экономикалық жағынан тиімділілігі жатады.
Сыммен буманың үстіңгі жағынан бекіту (мұқабасыз) әдісі (-сурет) бүктемеленген дәптерлері бірінің үстіне бірі қойылып жинақталған бумаларды (комплектовка подборкой) тігуде қолданылады. Бұл бекіту әдісі кіші және орташа өндірістерде кеңінен тараған. Орындалуы қарапайым және экономикалық жағынан өте ұтымды келеді. Бұл әдістің басты кемшілігіне - басылымның нашар ашылуы жатады. Сондықтан бұл әдісті сурет салатын альбомдарды, сапасы орташа, кітап беті 160 беттен аспайтын, кіші көлемді басылымдарды бекітуде қолданады.
Сыммен буманың үстінен тігіп бекітетін бұл жағдайда, басылымның терілген беттерінің (наборная полоса) пішімін ¼ квадратқа кішірейтіп, дәптердің түбіне кететін ашық жерлерді (корешковое поле) ½ квадратқа үлкейту керек. Орташа өндірістерде бұл әдіс қалыңдығы 14-15 мм-ден аспайтын кітап бумаларын арнайы жинақтап тігетін машиналарда орындалады. Сым буманың шетінен 4 мм-дей қашықтықта тігіледі. Бұл бекіту әдісімен қатты түптеу мұқабасымен қапталған басылымдарды бекітуге болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |