XV. ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ
ҚАЗАҚ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУ ПРОБЛЕМАЛАРЫ
«Қазақстан тарихын» оқыту проблеммасының туындауы.
90 жылдары біз тәуелсіздігіміздің тізгінін қолымызға алып, өзімізді тарихи тұрғыдан тани бастағанда тарихтың «ақтаңдақ» беттерін жаңа көзқараспен саралап, бұрын тиым салынған деректерімізді зерттеуге мүмкіндік алдық. 80-жылдардың аяғында тарихшылар ортасында ел тарихы, жер тарихына баса көңіл аудару керек деген пікір етек алды. Атақ -дәрежесі бар тарихшылар қазақтың көне тарихына қалам тарта бастады. Бұған түрткі болған алдымен 1986 жылғы Алматы оқиғасы. Кеудесінде отаншылдық рухы бар азаматтар өз тарихын, мәдениетін білуге құмартты. Осы арада әсіресе қазақ тілді баспасөз беттерінде журналист ағайындардың тарихқа байланысты материалдары жарық көре бастады. Олардың ішінде сын көтермейтін, ертегіге ұқсастары да баршылық еді. Осындай жағдай тарихшылар алдына үлкен міндеттер қойды.
1986 жылғы Алматы оқиғасынан кейін жастар арасында саяси белсенділік артқаны жасырын емес. Әсіресе, газет-журнал беттерінде қазақ тарихына арналған мақалалар басыла бастады. Әр жерлерде ұлттық қоғамдық ұйымдар да құрыла бастады.
1980-жылдардың соңы мен 1990-жылдардың бас кезінде ұлттық сана-сезімнің күшеюі, кеңестік мемлекеттік жүйе мен коммунистік идеологияның күйреуі және тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің жариялануы мен қалыптасуы тарих ғылымының қоғамдағы орнына түбегейлі өзгеріс еңгізгені аян. Жоғары оқу орындарының студенттерінің СОКП тарихын, марксистік-лениндік философия сияқты қоғамдық ғылымдарды оқуға ынталары төмендей бастады. Өйткені, шетелдің оқу орындарында саясаттану, әлеуметтану, мәдениеттану сияқты пәндердің оқытылатыны белгілі бола бастады. СОКП тарихының орнына Қазақстан тарихы оқытылсын деген тілек-өтініштер туындай бастады. Оның атын «ХХ ғасырдың саяси тарихы» деп өзгерткеннен ештеңе шықпады.
Қазақстан тарихы ол кезде орта мектепте 50 сағаттық бағдарламамен 7, 8, 9, 10 сыныптарда КСРО тарихына қосымша пән ретінде оқытылатын. Егер бүкіл тарихқа 485 сағат бөлінсе, Қазақстан тарихына бөлінген сағаттың тым аз екендігі белгілі. Оның өзін бір мұғалім өткізсе, екіншісі өткізбейтін. Жалпы, мектеп мұғалімдерінің ішінде Қазақ тарихын білетіндердің үлес салмағы тым мардымсыз болатын. Өйткені, олардың көпшілігі Ресей немесе КСРО-ның басқа республикаларының жоғары оқу орындарын бітіргендер еді.
Қазақстан жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы оқытыла бермейтін. Қазақ, Қарағанды мемлекеттік университеттері мен Абай атындағы педагогика институтында ғана Қазақстан тарихы кафедрасы бар еді. Бұл үш кафедра, бүкіл ка мектепттері үшін Қазақстан тарихы мұғалімдерін дайындап үлгіре алмайтындығы белгілі.
Осы күні қазақ тарихын оқу тәуелсіздікпен бірге келді деген жаңсақ түсінік бар. Мұның басында сол кездегі қисық-қыңыр ұлт саясатының қыспағында жүрген Ө. Жәнібек, Ш. Шаяхмет сияқты іс басында жүргендердің азаматтық ерлігі екендігін біреу білсе, біреу білмейді. Қазақ ССР халық ағарту министрлігінің 1989 жылғы 14 шілдесіндегі нөмірі 547 бұйрығына сәйкес Қазақстан тарихы бойынша орта жалпы білім беретін мектептер үшін оқу бағдарламасын жасау тапсырылды. Арада көп уақыт өтпей, Х.Әбжанов, Қ.Алдажұманов дайындаған бірінші нұсқа, М.Қозыбаев, Т.Тұрлығұлов дайындаған екінші нұсқа, А.Әбілев, М.Омаров дайындаған үшінші нұсқаны Министірліктің алқа мәжілісінің 1990 жылдың 4-інші қыркүйегіндегі нөмірі 12 шешімімен бекітті. 1991 жылдың 14-інші ақпанында Министрліктің келесі бір, нөмірі 76 бұйрығы жарық көрді. Онда қоғамтанушылардың республикалық мәжілісінің қорытындылары мен ескерпелерін жүзеге асыру үшін біраз шаралардың орындалуы қарастырылған. Соның бірі ретінде барлық жоғары оқу орындарында саяси тарихпен қатар, жеке пән ретінде, міндетті түрде, отыз алты – жетпіс екі сағат көлемінде «Қазақстан тарихы» жүргізілсін деген міндет жүктелді.
Достарыңызбен бөлісу: |