33-лекция.
Ақындық поэзиядағы ұтымды жолдар мен талантты тапқырлық. Шал, Көтеш, Базар, Махамбет жырларының тілдік нақыштары
(1 сағат)
Жоспары:
1. Шал, Көтеш жырлары.
2. Базар, Махамбет жырларының тілдік нақыштары
Пайдаланатын әдебиеттер:
а) негізгі:
1. Негимов С. Шешендік өнер А. 1997.
2. Адамбаев Б. Халық даналығы А. 1993.
3. Жармұхаммедов М. Шешендік өнер А. 1998.
4. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері А. 2003.
5. Ж. Дәдебаева Ж. Шешендік сөздер А. 1993.
б) қосымша
1. Төреқұлов Н. , Қазыбеков М. Қазақтың би-шешендері А. 1993.
2. Шқанова Б. Шешендік сөздердің жанрлық ерекшеліктері А.1995.
3. Шындалиева М. Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы А. 1996.
4. Садырбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері А. 1995.
5. Бердібаев Р. Кәусар бұлақ А. 1989.
6. Қабдолов З. Сөз өнері А. 2002.
7. Қасенов С. Шешендік тәсілдері А. 1989.
8. Жандыбаев Ғ. Сөз мәйегі А. 1998.
Лекцияның мәтіні:
Шал ақын –XV-XVIII ғасырлар әдебиетіндегі ең көрнекті тұлға. Ғалым М. Мағауин “Қобыз сарыны” монографиясында Шал поэзиясына арнайы тоқталып талдау жасайды. Ғ. Малдыбаев та Шал творчествосы туралы құнды пікірлер айтқан. Шоқан да Шал жайында пікір білдіре келіп, оның эпикалық дүниелер құрастырғанын ескертеді.
Шал ақын аталып кеткен Тілеуке Құлекеұлы қазіргі Көкшетау облысының териториясындағы Азат темір жол станциясының төңірегінде дүниеге келген.
Шалдың шешесі-“Ұлы жүзде ханнан кем қадірленбеген” атақты Үйсін Төле бидің қызы екен, ал әкесі Құлеке сырт жауларға қарсы күресте көзге түскен сол замандағы атақты батырлардың бірі болған. Құлеке мен оның ағасы Тілекенің ерлігі жайындағы әңгімелер ел арасында күні бүгінге дейін сақталған.
Шалдың алғаш ақындық даңқы шығуы-15 жасында. Оған төмендегі өлең жолдары дәлел :
“Он бесте тартып міндім аттың жалын,
Сол кезде айтқан сөзім от пен жалын”.
Шал ақыннан бізге қалған мұра 1000 жолға жуық . Дені баспа бетінде жаряланды, ең көбі “Алдаспанда”.
Шал - халықтың қарабайыр тұрмысымен етене қайнасқан, ортақол тіршіліктің мұң - зары батқан, шындықтың аулын іздеп шырылдаған сыншыл да сыршыл ақын. Ол қазақтың қарны тоқ болса, биі қайырымды, кәрісі мейірімді болса екен деді. Шаруа жайын, жастық қызуын, жақсы әйел, жігерлі жігіт, шолақ дүниені тілге тиек етсін - баршасында Шал сабырлы қалыптан аумай, құлық тұрақтылығын байсалды көрсетеді.
Шалдың бізге жеткен шығармаларының дені- импровизациямен, экспромтпен айтылған өлеңдер. Оның тапқырлығын, төкпе ақын екендігін көрсететін мысалдар жетерлік. Шалдың біршама көңіл бөлген тақырыптары : адам өмірі, өмірдің мәні, фәни мен бақи, дін мәселелері. Адам өмірінің жас кезеңдеріне байланысты суреттеу тақырыбына Шал бірнеше өлең жазған. Оның ерекше жырлаған кезеңі-қайғысыз, қамсыз,бұ дүниенің күйкі, күйбең тірлігінен аулақ сәби шақ.
“Бір жаста, екі жаста бесіктемін,
Бес жаста тәңірі берген несіптемін,
Алты жаста қайыңның тозындаймын,
Жеті жаста ойпаң жер бозыңдаймын,
Он жасымда сүт емген қозыдаймын...”
Шал-сопы емес, әйткенмен біршама діндар адам. Шығармаларына діни сарынның араласуы Шал өмірінің соңғы кезеңінде болса керек.
“Елу жасқа келген соң,
Пірдің сөзін сақтадым”,-дейді ақынның өзі де.
Шал өз шығармаларында жақсылық қайдан шығады, жақсы адам дегеніміз кімдер, жамандық неден туады, жаман адамдар қандай деген мәселенің төңірегінде біраз сөз қозғайды. Үгіт, насихат түрінде жазылған өлеңдер, таза ақыл беру, үлгі айту тұрғысынан келетін шумақтар ақын творчествосында баршылық.
“Жамандар өзін өзі зорға балар,
Бір өзінен басқаны төмен санар.
Жақсылар ағын судай, асқар таудай,
Жаймалап қайда жақсы орын алар”.
Шал-жаңа типтегі ақын. Абай тұсында аяқталған қазақ әдебиетіндегі зор бетбұрыстың кейбір белгілерін Шал поэзиясынан аңғаруға болады. Ол – ақынның өзіндік “мені” көрінген лирикалық поэзиясының үлгісі.
“...Бұл күнде көңілім ауыр қорғасыннан,
Көп қылдым жігіттікті мен басымнан...
Өткен еске түскенде құлазимын,
Ақ киіктей айрылған ордасынан”.
Шал творчествосы ескі жыраулық поэзияның күні өткендігінің жаршысы болды. Бұл заманның өзгергендегінің, әдебиеттің жаңа өріске шығуының нәтижесі еді.
Көтеш қазіргі Павлодар облысының территориясында туып- өскен. Сүйегі арғыннан, арғын ішіндегі Сүйіндіктен тарайтын Сексен аулынан.
Болашақ ақын бала кезінен –ақ атағы шығып, ауызға іліне бастайды. Оның алғаш көзге түсуі-Абылай хан алдында.
Көтеш ақынды шамамен 1745 жылдар шамасында туған деп айта аламыз. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда ол 73 жасында дүние салыпты. Халық жадында сақталған әңгімелердің бір алуаны-оның қазасы төңірегінде, ақынның кісі қолынан қайтыс болуы жайында.
Көтеш-импровизатор. Ол-таза қазақ түсінігіндегі ақын және күшті ақын. Көтештің бізге жеткен өлеңдері түгелдей экспромтпен айтылған шығармалар.
Көтеш - кез-келген нәрсені өлеңге айналдыра алатын ақын және күй талғамайтын жүйрік.
Бір жаңа жұртқа қонғанда, азғана қойы түнде қотанда жатпай, өре береді . Сонда Көтеш қойларына арнап былай жырлайды :
“Қойым –ау, кел қойсаңшы өргеніңді,
Мен айтамын көзіммен көргенімді :
Құйрығыңды бір ит-құс алып кетсе,
Сен онан алалмайсың бергеніңді”.
Көтештің шаруасы шағын адам болған. Ел әңгімелеріне қарағанда ақын өмір бойы кедейшіліктің тақсіретін тартып өтіпті. Алайда тұрмыс талқысының қатаңдығына қарамастан ол ешқашан мал үшін жағын жалдап, тілін беземеген, тіленшіленбеген. Бұл-Көтештің арлы ақын болғандығын көрсетеді.
Өлеңге бөгелмейтін тапқыр Көтеш өз заманында талай айтыстарға да түсіп жүрген. Шал мен екеуі бізге белгілі айтыс ақындарының ішіндегі ең көнелері. Алайда ақынның айтыстарының дені сақталмаған. Сақталғандарының өзі-бірер ауыздан тұратын қақпа сөздер немесе оның арсыз қызбен айтысы.
Көтеш -өлеңді кез-келген жерде айтып тастап жүре берген, сондықтан оның шығармаларының дені сақталмаған. Алайда біздің дәуірімізге жеткен жырларынан-ақ Көтештің XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ақын екендігі көрінеді.
Махамбет – тілге шебер ақын. Ол - өзіне дейінгі ақындар шешендігін, халық даналығын игерген, тұспалдап сөз айтуға мейлінше ұста. Әрбір өлеңі оқушысының көкейіне бірден-ақ қона кетеді. Термелеп сөз қатып, өміршең жыр толғайды. Өмір, табиғат, қоғам өзгеріс-құбылыстары, табиғи заңдылықтары туралы тұспалды шумақтар туғызады. Бұндай жолдары ақынның тек жалаң үгітші емес, терең ойдың, зор парасаттың адамы екенін танытады. Асылы, Махамбет заманының озық ойлы, терең сырлы табиғи таланты болған. Оның әрбір шығармалары осы бір тұжырымымызды растайды. Халық даналығы мен ақын парасаты ұштасады.
Ермін деген жігітті, Келмейтұғын нәрсеге,
Кеңшілікте сынама. Жаныңды қинап жылама...
Немесе:
Тоқсан тарау су ақса, Жайық үшін жандастық,
Дария болар сағасы. Қиғаш үшін қырылдық,
Исатайдың барында Теңдікті, малды бермедік,
Қара қазан, сарбала Теңдіксіз малға көнбедік.
Қамы үшін қылыш сермедік.
Базар өлеңдеріндегі негізгі пікір – жоғары адамгершілікті уағыздау. Ол адам мен атқа тән әділ, адамгершілік іс қыла білуге үндейді. Адамның артықшылығы сол адамгершілігімен, кең пейілді қарасқыштығымен өлшенуге тиіс. «Әр нәрсенің нарқы бар» өлеңінде ақын бұл пікірлерін ашық баяндайды.
Мырза менен сараңды Ғалым менен наданды –
Өлшестіріп қарасаң, Салыстырсаң білерсің,
Ылди мен зәулім асқардай. Дария шіреп тасқандай.
Ақын өлеңінде метафоралар да көп кездеседі. Ауыстыруларды ақын, әсіресе, өзі туралы айтқан өлеңдерінде көбірек қолданады. Мысалы мұны «Өлеңнің аққан көзі едім» өлеңінен айқын аңғаруға болады.
Қайыңның қатты безі едім,
Өлеңнің аққан көзі едім.
Сөйлер сөзге келгенде
Шебердің құрған тезі едім.
Базар – негізінен жыраулар дәстүрін берік ұстаған төкпе ақын. Оның поэзиясына жыраулық сарын – тән құбылыс.
Ақын өлеңіне бейнелілік пен суреттілік тән. Ол неше бір поэтикалық тілдерді (әсірелеу, теңеу, эпитет, метафораларды) қолданады. Адам тұлғасын, сырт пішін кескін-келбетін суреттеуде болсын, ақындық шабыт, әсем тіл айшықтары белес береді. Мысалы, қыс қысымынан құтылып, жадырап жаз шыққан шақты былай суреттейді:
Жоғарыдан төменге
Жүйесін тауып су ағар.
Жағытұрым болғанда,
Жердің бетін су алар,
Жадырап күн, көк шығып,
Жан-жануар қуанар.
Базар өзіне дейінгі өз кезінде жасаған қазақ ақындарын жақсы білген. Оның ішінде Шернияз, Шыман, Өтеген сияқты Ақтөбе ақындарын, Қарадос, Өске сияқты Қостанай ақындарын, Сералы, Садыр, Орынбайлардай Арқаның атақты ақындарын өз елінің өлеңдеріне қосып отырады.
Мысалы:
Шайыр өлмес дер едім, Сералы, Садыр, Орынбай,
Сайраған қызыл тіл берген. Ақкетенің ішінде,
Алжаспай сөзді ағызып, Шернияз, Шыман, Өтеген,
Есебін тауып үлгірген. Солардан да өткен сұм дүние, -
Қарадос, Өске, Бұдабай,
деуі бұған дәлел бола алады.
Жыраудың өлеңдерінде Дулат, Шортанбай ақындар сарыны, тіпті кейде Махамбет сарыны да байқалып қалады.
Базар – сөз жоқ, өз кезінің белді ақыны, дәуірінің әлеуметтік мәселелеріне үн қоса білген, кең тынысты жырау.
Махамбет Исатайды суреттеген толғауларында неше алуан теңеу, эпитет, метафоралар қолданады. Исатайды небір халықтың асыл сөздерімен суреттеп, батыр тұлғасын танытар айқын теңеулер табады. Мысалға ақынның «Тарланым» деген өлеңін алайық. Осы өлеңнің өзінде-ақ Исатай өз бойының барлық көрінісімен көз алдыңа елестейді. Батырдың сырт тұлғасы ғана емес, ішкі сыры, қайтпас қайсар мінезі, жайдары жарқын жүзі, ақылы мен өнері, жауға деген айбары, ашуы, ел ішіндегі беделі – барлық жағынан өте сүйкімді сипатта бейнеледі
Кермиығым, кербезім, Хиуадай базарлым,
Келіскендей шандозым, Теңіздей терең ақылдым,
Құландай ащы дауыстым, Тебіренбес ауыр мінездім...
Қырмызыдай ажарлым, Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен...
Махамбет әрбір өлеңін ой толқынына сай құрады. Ақын ойының толқыны күрес толқынымен сабақтас еді. Күрес оның өлеңінің мазмұнына да, құрылысына да өз ықпалын тигізді. Ал мұның өзі күрес идеясын беруге ыңғайлы өлең құрылысын керек етті. Сөйтіп, Махамбет батырлар жырының құрылысын қолданды. Күреске аттанған батырлар тілегіне шығарма әуені де ұштасты. Сондықтан да профессор Қ. Жұмалиев өзінің зерттеулеріне «Махамбет өлеңдері, көбіне жыр (7,8 буынды) ағымымен келеді», - деп қорытады. Бұл пікірдің негізі дұрыс. Жыр формасы ақынға біраз жеңілдік беріп тұр. Онда шумақ өлшемі, буын мөлшері, тіпті ұйқас тәртібі, онша қатал сақталмайды. Ақын бұл жағынан өзін еркін ұстап, өлеңнің буын санын да, ұйқасын да, шумақ мөлшерін де өз ойына бағындырып алады. Осыдан болса керек, жырларда мөлшерлі шумақ болмайды, буын саны көбіне 7-8 болғанымен, онда басқа да мөлшерлер (11, 12 буын) ұшырай береді. Жырлардың буыны 11 болса да, ол төрт жолды бір шумақ қара өлеңмен шатаспайды, өзінің жыр қалпын сақтайды.
Махамбет өлеңдерінің ұйқас ерекшелігі де бар. Оның көп қолданатыны – шұбыртпалы ұйқас. «Ереуіл атқа ер салмай», «Мұнар күн» тағы басқа өлеңдері. Бұдан басқа ұйқас түрлері де ақынға жат емес. Ол көп жерде кезекті, қаусырмалы, асқақ, ерікті, аралас ұйқастарды қолданған, сондай-ақ кейбір өлеңдерінде егіз не қатар ұйқас та (а, а, б, в) кездеседі.
Махамбеттің «Мұңайма» деген өлеңінде де өзіндік ұйқас сезіледі.
Ханның ісі қатайды, (а) Ұрандап жауға тигенде (в)
Азамат ерден бақ тайды (а) Кім жеңері талайды, (а)
Қанды кебе киініп, (б) Жолдастарым мұңайма! (в)
Бір аллаға сиынып, (б)
Бұл өлеңнің алғашқы екі жолы және алтыншы жолы өзара ұйқасады, одан кейінгі 3-4 жолдары да үйлесіп келген, ал бесінші және соңғы бір жолы өзінше бөлек, дара жатыр. Әрине, бұл поэзияға Махамбет қосқан жаңалық емес, ол – халық жырларында жиі ұшырайтын құбылыстар. Ақын соны жақсы пайдаланған.
Махамбет өлеңдеріне, оның жыр үлгілеріне Шернияз, Мұрат, Ақтан, Базар, Нұрым, Аралбай, Қашаған, Ғылман сияқты ақындар еліктеген, оның шығармашылығын жақсы біліп, әдеби үлгі алған.
Махамбет поэзиясы – хан сарайы маңындағы озбыршылыққа қарсы жырланды, ол озық идеяны, халықтық күресшіл поэзияның өріс алуына елеулі үлес қосты. Өз кезіндегі және кейінгі дәуірлердегі жазба әдебиетіміздің қалыптаса беруіне мықты ықпал етті, өміршең, реалистік әдебиетті нығайта түсті.
Махамбет поэзиясы XIX ғасыр әдебиеті қорына өзіндік, жаңа леп пен тың идея қосқан жаңашылдығымен құнды.
Махамбет поэзиясына тән өжеттік, өрлік, өткір сын, әр кезде де кейінгі жастарға үлгі. Ақынның бітім тұлға-тұрпаты, ісі, сөзі – бәрі ерліктің мәңгі символы деуге боларлық.
Махамбеттің көптеген өлеңдерінде кездесетін ақындық «Меннің» мәні терең. Оған халық ерлігі, халықтың ең асыл қасиеттерінің бірі түгел сыйып жатады.
«Мен ақсұңқардан туған құмаймын», «Мен тауда ойнаған қарт марал», «Боз ағаштан биік мен едім», «Томағалы сұңқар мен едім», «Таудағы тарлан шұбар біз едік», «Мен бір шарға түскен қара балта едім», «Мен ақсұңқар құстың сойымын», «Мен кескекті ердің сойымын», «Шамдансам жығар асаумын», «Шамырқансам сынар болатпын» деп келетін көптеген тропа, метафора (ауыстырулар) ақын тіліндегі көркемдеу құралдардың сан алуан құбылып отыратынын танытады.
Әдебиеттер
34-лекция.
Шортанбай, Дулат, Мұрат шығармаларындағы шешендіктер
(1 сағат)
Жоспары:
1. Ақындардың адамгершілік, тәрбие қағидаларын уағыздағант толғаулары.
2. Дулаттың мысал өлеңдері.
Пайдаланатын әдебиеттер:
а) негізгі:
1. Негимов С. Шешендік өнер А. 1997.
2. Адамбаев Б. Халық даналығы А. 1993.
3. Жармұхаммедов М. Шешендік өнер А. 1998.
4. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері А. 2003.
5. Ж. Дәдебаева Ж. Шешендік сөздер А. 1993.
б) қосымша
1. Төреқұлов Н. , Қазыбеков М. Қазақтың би-шешендері А. 1993.
2. Шқанова Б. Шешендік сөздердің жанрлық ерекшеліктері А.1995.
3. Шындалиева М. Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы А. 1996.
4. Садырбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері А. 1995.
5. Бердібаев Р. Кәусар бұлақ А. 1989.
6. Қабдолов З. Сөз өнері А. 2002.
7. Қасенов С. Шешендік тәсілдері А. 1989.
8. Жандыбаев Ғ. Сөз мәйегі А. 1998.
Лекцияның мәтіні:
Шортанбай – XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан елеулі орын алатын өзіндік сөз өрнегі бар өнерпаз.
Жас ишан үшін бұл – ерекше өмір болатын. Жігіт жасындағы Шортанбай мешіт ашып, діни жұмыс атқара бастағанмен, оған мүлде беріле алмайды. Жастық шақтың қызығы оны ойын-сауыққа жетелейді. Ел толған төкпе ақындардың айтыстары, жыршы-жыраулардың тамаша толғау, жырлары өнерге әуес, сөзге жүйрік, тілге шешен Шортанбайдың жанына жағады. Енді ел-жұрт Шортанбайды ишан деуден көрі төкпе ақын атап кетеді.
Қазақтың бір өлкесі бір Шортанбайды тақуа ишан етіп тәрбиелесе, екінші өлкесі оны тамаша ақын етіп шығарды. Асылы, адамды – жасаған ортасы тәрбиелейді, - дейтін қағида дұрыс. Оған Шортанбайдың өсу, жетілу жолы бірден-бір куә.
Шортанбай - өз заманының жалынды ақыны, ақылгөй шешен жырауы. Өзі өмір кешкен замана шындығын барлық көрінісімен айқын да дәл бейнелеп, әлеуметтік маңызы зор шығармалар жазды. Шортанбай шығармашылығы XIX ғасырдағы қазақ өмірінің айнасы, әсіресе, кедей-кепшік, момын шаруаларының тұрмыс тіршілігінің шынайы куәгері.
Шортанбай ақындығының дәуірлеген тұсы қазақ елі дағдарысқа душар болған аса ауыр кезең болатын. Ең алдымен, туған ел Россия патшалығына отар, тәуелді, бұратана өлке боп, өзінің иелігімен мүлде айрылған-ды. Отаршылар өктемдігі күн санап өршіп, ел еңсесін зар мен шерге толы мұң басты. Қазақ ең әуелі ел билігінен айрылды, одан соң жер-су, қоныс қысымына ұшырады. Мал-жан есепке алынып, оған да қауіп – қатер көбейді. Халық басына ауыр күн туды. XIX ғасырдағы тарихи ұлттық қозғалыстардың қандай қасіреттерге ұшырағаны мәлім. Исатай мен Махамбет, Кенесары мен Наурызбай, Есет пен Бекет, Жанқожа мен Құлбарақ, Науша мен Сүйінқара, Саурық пен Сұраншы, т.б. батырлардың қанжығалары қандады. Жоңғар шапқыншыларынан жадап-жүдеп, бірлігі мен тірлігін қалыптастыра алмай, ыдырап жатқан әлсіз өлкені патша өз қарамағына оп-оңай көндірмек болған еді.
Тап осындай әлеуметтік жағдайда өмір сүрген жазушының халқына берер кеңесі қандай болуға тиіс еді және оны Шортанбай дұрыс танып, тап басты, еліне-жұртына қамқор болады. Шортанбай - өз заманының шындығын ақтара ашып, оған өткір сын айта білген көреген суреткер. Бізге жеткен шығармаларының жалпы сарыны бұған толық куә бола алады.
Шортанбайдың шығармалары өткен ғасырдың соңғы ширегіне кейбір жинақтарда баспа бетін көре бастады. 1882 жылдардан бастап, өлең, толғаулары жинақталып, бөлек кітап көлемінде жарық көреді. Көрсетілген жинақтарға ақынның «Тар заман», «Опасыз жалған», «Байды құдай атқаны», «Атамыз Адам пайғамбар», «Өсиет-насихат сөздер», «Айттым сәлем», «Асан қожаға», т.б. енген. Қазан қаласының өзінен Шортанбай шығармалары әр түрлі атпен жарық көріп жатты. Оның шығармаларын, әсіресе, патша отаршылығына қарсы қауым, ұлттық тәуелсіздікті жақтаушылар, мұсылманшылықтың сойылшылары құшағын жая қарсы алды. Шортанбай кітаптарының негізгі сарыны олардың көкейіне бірден ұялады. Қаналып, тоналып, қорлық көріп жатқан басқа тәуелсіз халықтар да Шортанбай шығармаларына құлақтарын түрді. Өздерінің ойынан шыққан ақын сөздері жатталып, елге жайыла түсті.
Шортанбай шығармалары жиі-жиі қайталанып, баспа бетін көргенімен, жалпы көлемі көп емес. С. Мұқановтың есебі бойынша, бар болғаны 1500 жолдай.
Шортанбай шығармаларының лейтмотиві – заман, қоғам, халық тұрмысы, ел өмірі, жер, қоныс қысымы, отаршылар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы, жаңа қарым-қатынастан туындаған тонаудың жаңа түрлері, сатқын ел билеушілер, бұзақы топтар, т.б.
Ең алдымен, Шортанбай - өз дәуірінің шынайы сыншысы. Қазақ қоғамын билеп төстеушілерге, отаршылар билеген заманның бет алысына наразы ақын. Ақынның бағалауынша, ол жасаған заман бұзылған, зарлы-шерлі тар заман
Мынау заман қай заман –
Азусызға тар заман.
Азулыға бар заман... –
Шортанбай өз тұстастарын оларда иман жоқ, ұятсыз, арсыздар, құдайға да күнәкерлер деп сынайды. Патша үкіметіне берілген қазақтың опасыз би-болыстарын, елубасы старшындарын, дүниеқоңыз қайырсыз байларын, ақшаның құлы жылпостарды өткір сөзімен түйрейді.
Елді қанаушылардың жаңа тобының ақшалы байлар, алыпсатар, саудагерлер екенін ақын айқын суреттейді, оларды нағыз ел ырысын еміп, сездірмей сорып жатқан араны толмас алпауыттар деп бейнелейді. Ақшаға байланысты елдегі қайғы-қасіреттің де шынайы суреті жасалады.
Арам арсыз жан шықты, Мініп көрер күші жоқ,
Қайыры жоқ бай шықты. Ақша деген мал шықты
Сауып ішер сүті жоқ,
Шортанбай туралы пікір айтқан кейбір зерттеушілер оны өмірден түңілген жігерсіз, қайғы мен зардың ақыны деп келді. Жоғарыда келтірілген өлең жолдары ақынның бойындағы басым күш – түңілу емес, жігерлілік, үмітсіздік емес, батыл күреске үндеу, оптимистік, патриоттық сезім екенін көрсетеді. Шортанбай жасаған заманда бұдан артық елі мен халқының қамы үшін адал қызмет көрсету екіталай. Біздіңше, халқының тағдырын ойлаған ақынның жарғақ құлағы жастыққа тиген жоқ. Ел-жұртының қасіретін арқалап, бойындағы бар күшін сол үшін сарп етті. Сол тұстағы қоғамның жай-жапсарына қарай әрекет етіп, жатпай-тұрмай халқын үгіттеп, ілгері жетеледі.
Ақынның түсінігі бойынша адам ең алдымен өзінің үй іші, бала-шағасы қамын қарастырмақ. Сол үшін ол кәсіп етеді, мал өсіреді, дала кезеді. Ұрпағын адалдыққа тәрбиелейді:
Елін, жерін аман боп, ұрпағың халал (адал) өссе, ол азамат үшін ғанибет, үлкен жақсылық. Ол үшін жағдай, құнарлы өлке, төзімді орта, ел-жұрт тыныштығы, береке-бірлігі қажет-ақ. Қазақтың бұрын-соңды ел боп, жауларын бетіне қаратпай, тәуелсіздігін сақтап келгені де осыдан еді, - дейді.
Шортанбайдың шығармаларының негізгі арқауы деп, оның жырларының ақылгөй, өсиетшіл келетінін айтқан жөн. Адамгершіл ақыл айтып, халықты түзу жолға салуды өзінің зор мақсаты санағандықтан болу керек. Ақын әр тұста терең толғап, өрнекті де, өнерлі сөз термелейді. Ақылдар айтады, нақылдар қалдырады. Шортанбайдың өлерде айтып кеткен өсиет сөздері де бар. Ол өсиеттерін қалың қазаққа, оның басшы адамдарына, ұл-қызына, кәрі-жасына арнайды. Өз атынан барлық қауымға сәлем жолдап, бақұлдасқандай болады. Бір мысал:
Сәлем айттым бәріне Бауырлас туған ініме,
Қызмет етіп жүріңдер Жұрт тамаша болушы еді,
Басшы, біткен кәріңе... Жалғыз ауыз сөзіме,
Дүние ыстық көрінді,
Құрғыр менің көзіме...
Дулат Бабатайұлы – туған елінің тарихи бір кезеңін жырлап өткен қайталанбас ақын. Ол патшалық Россияның қазақ өлкесін күшпен отарлау кезеңін, одан туған зобалаңдарды өз көзімен көріп, соған барынша наразылық білдірген ел басы адамдарының бірі.
Отарлау саясаты іске асуына байланысты қазақ елі бұрынғы дәстүрлі басшылықтан (хандық биліктен) , ата-баба жайлаған жер-судан , ұлттық меншіктерден айрылып, салт-сана бұзылып, үйреншікті ғадет-ғұрып, наным-сенім өзгеріп жатқаны ауыр қасірет ретінде танылады. Қоғамның заңды өзгеруі жолынан тыс, күшпен, зорлықпен еніп жатқан жаңа қарым-қатынас, сауда-саттық , ақшалы алаяқтар әрекеттері қазақ шаруаларына қаншалықты ұнамаса, ақынға да соншалық жат құбылыс ретінде көрінеді. Сондықтан да, Дулат - өзі жасаған заманға , отаршылар зорлығына , ол қауымға қызмет еткен әкімдерге , аға сұлтандық билікке түбегейлі қарсы шыққан , халқының тәуелсіздігін көксеген әрі күрескер, әрі реалист ақын.
Дулат Балқаш пен Аякөз маңын жайлаған Найман-Сыбан елінен шыққан. Бізге жеткен өлеңдерінде кездесетін кейбір деректерге қарағанда, Дулат ескіше оқыған, сауатты ақын болған. Ол өз өлеңдерін кейініректе қолжазба кітап етіп тізіп жүрген.
Дулат-қазақтың көп жеріне мәлім ақын. Ол өзі туған өлкеде тұрып қоймай, Шығыс, оңтүстік Қазақстан жерлерін және Арқаны түгел аралаған. Ертедегі ақындар үлгісінде тәрбиеленіп өскен. Әуелі ақын айтыс, әзіл-оспақ ретіндегі өлеңдер шығарып айтып жүрген. Бірақ кейін ол ел арасы, ауыл іші, жергілікті тақырыпты жырлаудан гөрі саяси әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді жырлауға ойысқан.
Дулаттың өмірі туралы деректер және оның өлеңдері Кеңес дәуірінде жиналып, зерттеле бастады. Мәселен, ақынның кейбір өлеңдері мен өмірбаяны туралы деректі біз ең алғаш орта мектептің сегізінші класына арналған С.Мұқанов пен К.Бекхожиннің 1939 жылғы хрестоматиясынан ұшыратамыз. Онан кейін профессор Қ.Жұмалиев өзінің 1940-1941 жылдары мектеп оқушыларына арнап жазған қазақ әдебиеті оқулығында Дулаттың өмірі мен кейбір шығармаларын талдап, ақын туралы өз қорытындысын жасады.
Біраз жылдар зерттеушілердің Дулатты нағыз кертартпа әдебиет өкілі санап келгені мәлім. Өз заманына орай ақын көзқарасына тән тарихи шындық сырын таныттық.Қазіргі уақытта ақын туралы ғылыми жаңа түсініктер орнығып келеді.
Дулат өлеңдерінің қазіргі мөлшері оның басқа замандастарының өлеңдерімен салыстырғанда әлдеқайда мол. Олардың ішінде ұзақ арнау өлеңдер, нақыл-өсиет ретінде айтылатын дидактикалық терме, ертек-аңыз сюжетінде жазылған толғау және бірнеше мысал сөздер бар. Шығармаларының идеялық мазмұны да әр алуан. Олар негізінен қазақ қоғамындағы белгілі кезеңнің тарихи шындығын қамтиды.
Дулат “Бірінші сөз” деп аталатын өлеңінде туған өлкесінің сұлу табиғатын ардақтап, өзін соны қорғаған қызғышқы теңейді.
Дулат өзінің “Бесінші сөз” немесе “Ата қоныс Арқада” деп аталатын өлеңінде Арқаны жайлаған қазақтардың бір кездегі тарихын баян етеді. Ол қазақ халқының жоңғарларға қарсы ерлік күрес жүргізу арқылы.елдігін сақтап келгенін, туған жерін қалмақтардан қорғай білгенін айтып, сол кездегі ерлікті, дербестікті мадақтайды.
Ақын шығармаларынан орын алатын маңызды мәселенің бірі-оқу, өнер-білім. Дулат та басқа ақындар сияқты надандыққа, әдепсіздікке қарсы шығып, қазақ қоғамындағы адамгершілікке жат қылықтардың өріс алу себебі-осы надандық індетінің салдары деп түсінген. Сондықтан оқып білім алған адамдардың қоғам өмірінен алатын орындары өзгеше деп бағалаған. Адам бойындағы даналық пен жақсылық-бәрі тәрбиенің, оқудың нәтижесі. Елді оқыған, тәрбиелі6 білімді адам басқарса, зұлымдық пен озбырлық дегендерге жол берілмес еді,-деп түйген.Жалпы адамның “жақсы” , “жаман” болып бөлінуі де сол парасаттылығында; Ойлы, ұстамды, білімді, өнерлі болуы, ақылының өсуі-бәрі оның ізденіп тапқанына, содан соң бойына дарытқанына байланысты демекші.
Дулат өлеңдері ойлы, нәрлі, образды. Нысанасына дәл тиерлік өткір. Ақынның шығармаларын оқығанда көз алдыңнан қазақ қауымының сан алуан жағымсыз тобы тізбектеліп өтіп жатады. Кердең-кербез құркеуде ұлықтары, малын жанына балап, жалаң-жадағай жылмаңдаған, сүмеңдеген сараңдары, ойлағаны-сұмдық, істегені-қулық, алаяқ би-болыстары, дөң-дөкір, ұры-қары, қу-сұмдары өздеріне ғана тән мінездірімен ерекшеленеді. Ұлық алдында ұяңсып, жуасып, қылықтана қалатын, ал ұлық кетсе, елген қасқырша шабатын Сүлеймен болыстың екіжүзді мінезін дәл басып, шебер бейнелейді.
Ақындық сөздің рухани күшіне мән бере білген Дулаттың өз өлеңіне қояр мақсаттары да айқын. Ол сусағандарға сусын боп, таңдайын жібітер сөзді, шаршағанды тынықтырар, күш-қуат берер жырды шығаруға талаптанған. Өлеңнің мақсаты ел-жұрттың жүрегіне жылы тиіп, олардың көңіліне дем, қайғысына ем болу,-деп ұғады. Яғни, өлеңді еріккеннің ермегі емес, рухани керегі деп біледі.
Асылы, Дулат шығармаларының басым бөлігі-дидактика. Әсіресе, ақынның “Өсиет нама” жинағына енген шығармалары осындай.
Дулат өлеңдерінің мазмұны, тілі халық ауыз әдебиетімен ғана үндесіп жатпайды. Соған қоса Абай, Ыбырай, Махамбет, Шортанбай, Мұрат сияқты кейінгі ақындарға жалғасып, пікірлесіп жатады.
Дулаттың “Он бес деген жас қайда” деген жыры адам өмірі жайлы айтылатын, Бұқар, Шал,Шортанбай, Сүйінбай толғауларымен үндесетін тақырыптас өлең.
Дулат шығармалары қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына өз үлесін қосты. Ол поэзиямыздың мазмұнын байытты, оның көркемдік түрі жағынан да жетіле түсуіне көмектесті. Сын-сықақты жиі қолданып, өлеңдердің бұл саласының дамуына да өз үлесін тигізді. Әдебиетіміздің реалистік бағытын нығайтты, образдылық, көркемдік бояуын күшейтті.
Мұрат - жезтаңдай шешен-жырау, төгілген ақпа ақын. Мұсылманша сауатты, дәуірінің алдыңғы қатарлы азаматы. Кең тынысты керемет шабыттың иесі. Халқының басына түскен замана ауыртпалықтарын көре де, көрсете де білген шынайы поэзия өкілі; елі, жері, халқы үшін қасірет шеккен саналы суреткер. Ел тарихын емірене жырлап, аруағы асқан ержүрек батырларының образдар галлереясын қалдырған шын мәніндегі эпик. Табан асты тамаша сөз тапқыш ақпа-төкпе, нағыз профессионал импровизатор. Заманасы артқан ауыр жүгін елімен бірге арқалаған ғажап қайрат иесі.
Ақын 1843 жыл Қазақстанның батыс өлкесіне қарасты Қызылқоға жерінде, Қарабау жайлаған беріш елінде дүниеге келді.Әкесі Мөңке - өз еліне аты мәлім дәулетті адам. Тайсойған, Қарабау жерлерін мекендеген Қаратоқай ұлыстарының белді биі. Мұраттың әкесі ерте өліп, ол ағаларының қамқорлығында өмір кешіп, ер жетті. Кейінірек Мұрат елі жұтқа ұшырап, өзі адай ағайындарына барып, жан сақтаған.
Мұрат - өзі өмір сүрген дәуірінің перзенті. Өскен орта, жасаған заман, қай ақынға да болсын алтын бесік, ұшар ұя талант талғамын, өнер өрісін, шығар биігін белгілейтін негізгі факторлар.
Мұраттың ақындық ортасын сөз еткенде, оны өсірген қоғамдық құрылыс, әлеуметтік тұрмыс, туған ел жұртының салт-санасы, өмір құбылыстарын қарастыра зерттеу керек.
Ата-баба дәстүрі мен ата мекенде өмір сүру, кең жайлау мүмкіндігі құрып бітіпті. Ақынның заман өзгерістері туралы түйіні осындай. Бұл қорытындыны Мұрат терең толғаныспен жырлай білді. Айтар ойын ашық та анық, әсерлі де әсем өлең жолдарымен кестеледі. Ақын шығармалары мәңгілік көркем туындылар қатарында кең тарап, қанша қысым көрсе де, ұмытылмай ел аузында сақталды. Ақын шығармалары кіші-гірім жинақ ретінде 1924 жылы Ташкент қаласында “Мұрат ақын сөздері” деген атпен Халел Досмұхамедұлының бастыруымен жарық көрді.
Мұраттың өлеңдерінде патша үкіметінің қазаққа жұмсаған саясаты айқын байқалады. Жақсы жерлерді тартып алып, ел қамын жегендердің қамалғаны, өлтірілгені анық айтылады.
Ақын қалдырған мұраларға көз салсақ, оның творчествосы кең арналы, сан-салалы білімді ақын тұрғысын танытарлық келеді. Оның шығармаларындағы негізгі сарын-таза халықтық әуен. Мазмұн жағынан бастан-аяқ ел мұңын, халық тірлігін көтерсе, түр, стиль жағынан фольклорлық сарынды сақтайды. Ақынның бала жастан алған тәлімі, көрген білгені, өмірден жіпке тізіп түйгендері-бәрі өзі өскен қазақтың қақ ортасынан тарамдалады. Бала жастан ел ақындары дәстүрінде тәрбиеленіп, халық ақындары қатарлы өсіп жетіледі. Халық творчествосы, ақындар поэзиясы болашақ ақынның талант көзін ашады.
Мұрат айтысқа тым ерте, 15-16 жастар шамасында түседі. Алғашқы айтыстары, басқа да көптеген дүниелері бізге түгел жеткен жоқ. Баспа бетін көріп жүргені тек бес-ақ айтыс: Жаскелең, Балаораз, Жантөле, Тыныштық, Ізім ақындармен айтыс, тіл қағыс, дидарласу сөздері. Осылардың ішіндегі ең мәндісі-Мұраттың Жантөлі қызбен айтысы. Бұл-екі ақынның әлеуметтік мәселені қозғаған жақсы диалогтары, өзінің тіл ұстарту үлгісімен де елеуге тұрарлық, ақындардың сөз тапқыш, ұтқыр, шешендіктерін таныта аларлық туынды.
Мұраттың Жантөлі қызбен айтысында Жантөлі Сара ақын сияқты күйеуінің кемтарлығы себепті Мұраттан жеңіледі.
Мұраттың айтыстары негізінен қайымдасу түрінде келеді. Қайым өлеңдердің жолдарын қайыра қолданады. Өзінің жаңа ойын соған жалғай салады. Қайым айтыс формасы, көбінесе, әзілдесу, қалжыңдасу, пікірлесу ретіндегі диалогтар. Мұратпен айтысқандардың біразы айтыстың осы бір халықтық түрін ұнатқан сияқты.
Айтыс жанрындағы Мұраттың шығармалары – оның ақындық өнерге дағдылану жолын танытарлық және суырыпсалма ақпа жырау болғандығына куә боларлық туындылар.
Мұрат шежіре-тарихқа жетік, өткен ғасырлардағы жыраулар мен батырлар жырларын жатқа білген. Әсіресе, Қазақстанның Батыс өлкесінің өткен-кеткені, жер, су мекені, атақты адамдары, шешен-жыраулары, тілінен бал тамған өнер иелері, ел қорғаған батырлары, бай-мырзалары, жақсы деген азаматтары – оның туындыларының алтын арқауы. Сыпыра, Асан, Қазтуған, Шалгез, Жиенбет, Доспамбет, Махамбет, Шернияз, т.б. тарихи адамдардың шығармалары бізге осы Мұраттың айтуы арқылы жеткен. Ескі ел тарихынан естіген, білген, түйгендерін шашау шығармай әсерлі де мәнді эпостық шығармаға айналдырып, өзі көзін жұмғанша халқы алдында сайрап өткен. Еңсесі түскен туған елінің көңілін көтеріп, ойын сергіткен. Мұрат сөздерін ел-жұрты сүйсіне тыңдап, бірі көзіне жас алып қасірет шексе, екінші тобы, бойларын жиып, ертедегі ер азаматтары ісіне қайран қалып, оларға еліктеп, ат арқасына қонып, тәуелсіздік ұранын көтерген. Сондықтан Мұраттың шығармалары-өз кезіндегі тарихи маңызы зор, халқының мұңын көтерген, тәлім-тәрбиелік қызмет атқарған туындылар.
Мұраттың толғаулары мен дастандарына тоқталсақ, олар:”Үш қиян”, “Сарыарқа”, “Қазтуған”,”Өттің бір қапы дүние”-өзара байланысты, әуендес, мазмұндас, сарындас шығармалар. Мұнда қазақ халқының отаршылар тарапынан көрген ауыр зауалдары бейнеленді. Қысымға шыдамаған ел-жұрттың зар-шері, көңіл-күйі шертіледі. Халық басынан өткізген жұт жылдары сабақтаса суреттеледі.
Мұрат ақын шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі “Қарасай-Қази” жыры. Бұл – нағыз эпостық поэма. Орақ батыр мен оның балалары Қарасай, Қазилардың жалғасып жатқан батырлық дәстүрлерін ардақтайтын ерлік эпос. Жыр сюжеті шағын желіге құрылған. Ата жолын қуған ұлдардың перзенттік парыздарын өтей білулері, нағыз ел қорғандары мен арам ниет ездердің екіжүзділіктерін әшкерелейтін ұтымды оқиғалар, көркем көріністер жинақталған.
Мұраттың ақындық мұраларының құнды бір саласы, оның лирикалары-арнау, хат, сын-сұқбат, ақыл-нақыл сарындас туындылары. Бұл салаға жататындар, негізінен, ақын өмір сүрген кезеңнің шындығын, дәуір адамдарын, олардың мінез-құлық, іс-әрекеттерін бейнелейді.
Мұраттың “Айжарыққа”, “Есенғали болысқа” , “Есентемір Тұрабай болысқа”, “Қарақожа болысқа” т. б. өлеңдері-қазақ еліндегі болыстық билікке, патшалық сайлауға наразылық ниетіндегі туындылар.
Мұрат шығармаларын тізбектей жіктеп, талдау соңында айтарымыз-оның тілге шешен, тапқыр да алғыр ақын болғандығы. Оның шығармалары қамтымаған кезінің шындығы кемде-кем. Кең тынысты эпик, нәзік жанды лирик, жүлде алған жүйрік, сан қырлы саңлақ.
Достарыңызбен бөлісу: |