ОН ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Эгаст, Клитемнестра, Хор.
ЭГИСТ. Ол бетбақ, әлі безеріп отыр.
КЛИТЕМНЕСТРА. Соған көңіліңді бөліп қайтесің, сүйіктім.
ЭГИСТ. Бірақ, бұл қылығын із-түссіз қалады екен деп ойламасын.
КЛИТЕМНЕСТРА Сүйіктім, Орест болса өліпті, сол ақымақ қыз не бітіреді дейсің?
ЭГИСТ. Ол менің жыныма тиеді.
КЛИТЕМНЕСТРА. Елден қуып жібер. Ендігәрі көзіңе көрінбейтін болсын.
ЭГИСТ. Жоқ, қуылмайды. Кім көрінгенге көз түрткі боп осында жүрсін.
ХОР. Естисің бе, Электра, сен кім көрінгенге көз түрткі боласың!
КЛИТЕМНЕСТРА. Сүйіктім, Орест өлді, қол астыңдағы халық құдайдай сыйлайды. Енді саған қауіптенетіндей ештеңе жоқ. Өз жаныңды өзің жеп қайтесің. Бейбіт шат-шадыман өмір сүрейік те!
ЭГИСТ. Жоқ, мен қолыма жабысатын соңғы қоңызды жаныштап, қанатымен бетімді желпіп өтуі мүмкін соңғы көбелекті құртып тынсам да, қорқыныштан құтыла алар жәйім жоқ. Патшаның қорқынышы: ұмытқаны. құрығаны. Егер, Клитемнестра, бүкіл бір патшалықта бір өзімнен басқа жан қалмаған күнде де, мен өзімнен өзім қорыққан болар едім.
КЛИТЕМНЕСТРА. Орест өліпті ғой, қымбаттым.
ЭГИСТ. Ақымақ әйел, сен мені Орестен қорқады деп ойлайтын ба едің. Орест деген де өзімдей-ақ адам ғой. Көп болса оған таж керек шығар. Тажға қол созса, шаптырам да салам сұғанақ қолын. Ал, әлгі Электраға не істей алам? Ол тажға да, таққа да қызықпайды.
КЛИТЕМНЕСТРА. Сонда Электраға не керек болғаны, данышпан падишам?
ЭГИСТ. Сен қыз емес пері туыпсың. Оған «ия» десең, «жоқ» дейді. «Жоқ» десең, «ия» дейді. Не істесең де, көңілінен шықпайсың. Сиырлар сүтейіп кетсе, шабылған шалғынды аяйды. Шалғын шабылмай қалса, желінінен ақ тамбай ақта боп бара жатқан сиырларды аяйды. Малға он теңге берсең, он екі теңге бер дейді. Сәрсенбі күні бейсенбі керек дейді, бейсенбі күні жұма керек дейді.
ХОР. Дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі.
ЭГИСТ. Ақымақ әйел, сен Электра Агамемноннық кегін алғалы жүр деп ойлайтын шығарсың? Жоқ, оның қате. Ол пері болмасты болдырып, құртылмасты құртқысы келеді. Жалғандықтың тамырына балта шабам дейді. Клитемнестра, сен наразылық деген пәлені тудық, ол мына жарық дүниені құртпай тынбайды.
ХОР. Тыңда, әлеумет. Тыңда, Орест. Клитемнестраның құрсағынан қыз емес, наразылық шығыпты.
ЭГИСТ. Осы көргендерің де жетер. Қара тобыр, кәне, табаныңды жалтырат!
Достарыңызбен бөлісу: |