Сүйіктім менің, электра (пьеса) Ласло Даркодан



бет11/16
Дата03.01.2023
өлшемі74.92 Kb.
#468093
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Сүйіктім менің, Электра

ОН БЕСІНШІ КӨРІНІС
Электра, Орест, Эгист, Клитемнестра, Хрисотемида, Хор, Мылқау, Күзет бастығы, азаматтар, солдаттар.
ЭГИСТ. Ел тегіс жиылды ма?
КҮЗЕТ БАСТЫҒЫ. Әміріңіз бойынша, ел тегіс жиылды, тақсыр.
ЭГИСТ. Менің тағымның алдына көп, сөз сөйлемеген азаматты ең соңғы рет ортаға шақырамын. Заңның айтқанын орындап, ойындағысын түгел айтсын.
(Үнсіздік).
Электра, сен немене керең боп қалғансың ба? Мен саған айтып тұрмын ғой, шүйкебас!
(Электра үнсіз).
Жақсы, шектен шықтың. Тыңдаңыздар, әлеумет. Біздің қаламызда заңның айтқанына қасарысып, құлақ аспай келе жатқан бір адам бар. Сол ылғи біздің тынышымызды қашырып бағуда. Біздің кез-келген ісімізді бұрыстық, кез-келген қуанышымызды қылмыс санайтын да сол. Ол біздің қаламыздың тұп-тұтас қара жамылып, қаза тұтқанын тілейді. Егер ерікке жіберген болсам, ол біздің өтірігіміздің әлдеқашан шәт-шәлекейін шығарған болар еді. Ондай адамға қандай жаза бұйырған дұрыс деп ойлайсыздар, әлеумет!
ХОР. Тағдыры менің қолымдағы сол айыпкерге қандай жаза бұйырған дұрыс?
ЭГИСТ. Үкімімді тыңдаңдар: өзі бізден қашқақтағанды біз де өзімізден аластатамыз. Сен, шүйкебас, біздей болғың келмейді екен, ендеше, мен де сенің бізден өзгеше болуыңа біржола мүмкіндік берейін.
ЭЛЕКТРА. Жетер. Он бес жыл үндемедім, енді бүгін сөйлеймін. Патша, мені, мына мендей болғысы келмей тұр, деп айыптайсың? Дұрыс айттың. Егер сендейлер адам деп саналатын болса, онда мен ондай адам болғаннан ағаш болғанды, тас болғанды, шаң-тозаң болғанды артық көрем. Егер сендер өздеріңді бақытты санайтын болсаңдар, онда мен өзіме бақытты емес, азап іздегенді дұрыс көрдім. Сендер өздеріңді жарық дүние санасаңдар, мен өзімді тамұқ дүние-ақ санаймын. Мен Электрамын, ал, сіздер белуардан батпақтап жатқан шошқасыңдар. Міне, маған қараңыздар да, ойлаңыздар. Сіздер шындықтан шірік айтқанды дұрыс көрдіңіздер. Шыңдықтың көзіне бір рет тура қараудан өмір бойы балшыққа батып, қорқыныштан зәрелерің ұшып өткен бүгежек тіршілікті артық санадыңыздар! Сіздер залалдық артында зауал, қылмыстың артында жаза жоқ деп ойлайсыздар.
ХОР. Сіздер қылмыскер жазасын тартпайды деп ойлайсыздар ма?
ЭЛЕКТРА. Кісі өлтірген қанішердің қара бақайын сүйіп не таптыңдар. Өз бауырларыңнан өнген балаларды оның жолына құрбандыққа шалып не таптыңдар? Аспандағы тәңірдің алдында өтірік айтып не таптыңдар? Сонда тапқан бақыттарың қайсы, көрсетіңдерші! Жоқ, бақыт емес үрей тапқандарың. Тыныштық емес қауіп пен қатер тапқандарың. Жондарыңнан таспа тіліп жатқанда, бастарыңды бұғасыңдар. Сонда баяғыдан бері төгілген қан, қиылған жан, тапталған ар, бәрі зая кеткені ме? Айтыңдаршы, солай ма?
ХОР. Айтыңдаршы, солай ма?
ЭЛЕКТРА. Ал, ертең қанды қол қарақшы жазасын тартқан күні кейінгі ұрпақтың алдында не беттеріңмен көрінесіңдер? Сонда кімге не деп ақталасыңдар? Жендеттің шашбауын көтердік дейсіндер ме?
ХОР. Иә, не деп ақталасыңдар?
ЭЛЕКТРА. Бәрің өтірікті судай сапырып көлгірсумен болдыңдар. Ақ киіп, азаны ұмыттыңдар. Қара жамылған жалғыз мен. Сендер жендетті желпінте мақтадыңдар, оның бетіне түкірген жалғыз мен. Сонда кім адал, кім ақ? Он бес жыл бойы өздеріңнің сатқындықтарыңды өздерің көрмегенсіп бақтыңдар. Он бес жыл бойы жақсылыққа жамандық, жамандыққа жақсылық жасаудан басқа қолдарыңнан ештеңе келген жоқ. Жанымыз сүйтсек аман қалады дедіңіздер. Енді, міне, көп асқанға бір тосқан, есеп айырысар шақ келді. Сонда кім дұрыс боп шығар екен? Сендер ме, жоқ мен бе?
ЭГИСТ. Есалаң қыз Электра, сенің бұл мылжыңың кімге керек? Сен жындыға кім құлақ асады? Әлеумет, мына салдақы сендерге ақыл үйреткісі келеді, неге үндемейсіңдер, неге бетіне түкірмейсіңдер?
ХОР. Иә, әлеумет, неге үндемейсіңдер?
ЭГИСТ. Ендеше, патшаның әмірі мынау: бүгін кешке шошқашы Лотос Электрамен неке қияды.
ОРЕСТ. Жоқ, ол болмайды.
ЭГИСТ. Мұндағы сенің шаруаң қанша?
ОРЕСТ. Әлеумет, өзімізге көңіліміз бітеді, өзімізге дән ризамыз деп әлгінде өздеріңіз айтпап па едіңіздер? Ендеше, сол сөздеріңіздің рас екенін неге дәлелдемейсіңдер? Өздеріңізге өздеріңіз риза болсаңыздар, соны көрсететін кездеріңіз енді келді емес пе?
ЭГИСТ. Өшір үніңді!
ОРЕСТ. Жоқ, падиша. Шетінен парасатты, шетінен салиқалы азаматтар, соншама инабатты бастарыңызбен қандықол жендеттің әмірін қалайша орындамақсыңдар?
ЭГИСТ. Сақшылар қайда, сақшылар?
ОРЕСТ. Өз заңыңды өзің ұмытпа: Ақиқат мейрамында ауызға қақпақ болмаса керек!
ЭГИСТ. Ол заң қаламның тұрғындарына ғана жүреді. Қайдағы бір қаңғырманы бастан секіртер жайым жоқ.
ОРЕСТ. Қаңғырмаң сонда мен болғаным ба? Мына сарай, мына қалада қайдағы бір қаңғырма жат біреу болатын мына менмін бе? Ендеше, әлеумет, құлақ сал, мына алдарыңызда тұрған Агамемнонның ұлы Орест?!
ЭЛЕКТРА. Жоқ!
ЭГИСТ. Орест?
ОРЕСТ. Иә, мен. Орестпін. Қапияда қаза тапқан Агамемнонның ұлымын. Опасыз озбыр, сенің сазайыңды тартқызатын мына менмін.
КЛИТЕМНЕСТРА. Жоқ!
ЭГИСТ. Әй, күзет бастығы, бұғау әкел, мынаған!
ЭЛЕКТРА. Тырп етуші болма, заңды өзің білесің ғой!
ЭГИСТ. Сен немене, менің бұйрығымды естімей, керең боп қалдық ба?
ЭЛЕКТРА. Заңды білмейсіз бе? Ақиқат мейрамында сөйлеген адамға қол көтерген кісінің аяқ-қолын шауып, денесіне көмірдің шоғын басып, тырнағының астына ине тығып, жонынан таспа тілмей ме? Ондай қарабетті жерге көмсең, жер лақтырып, суға тастасаң су лақтырып, бойларына дарытпайды емес пе? Заң солай демеуші ме еді?
ЭГИСТ. Өйтпесең ақымақ болармысың? Ол заңды шығарған мына мен емеспін бе? Патша мына менмін. Сақшылар мынаны тұтқынға алыңдар.
ЭЛЕКТРА. Қозғалмаңдар. Менің бұйрығымды тыңдаңдар. Мен. Электрамын.
(Үнсіздік).
ЭГИСТ. Бұның біздің қаламызда бүлік шығарғысы келіп жүрген жат біреу емес, Орест екенін қайдан білдің?
ЭЛЕКТРА. Менің өтірік айтпайтыным белгілі. Бұл. Орест.
(Үнсіздік).
ЭГИСТ. Сатқындар! Опасыздар! Кәні, тараңдар. Табандарыңды жалтыратыңдар бұл арадан. Мен мына мырзамен оңаша қалғым көп тұр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет