Тақырып 2. Мемлекетті тиімді басқарудың функциялары мен әдістері
Мемлекеттік басқарудың негізгі әдістері
Мемлекет функциялары жөніндегі ұғым және олардың жіктелуі
1 Мемлекеттік басқарудың негізгі әдістері
Басқару теориясының және оның методологиялық негізінің кешенді сипаты саяси-әлеуметтік және саяси-құқықтық өмірді зерттеудің объективтік және субъективтік, әлеуметтік, социологиялық және жалпы ғылыми, теориялық, эмпирикалық әдістердің жиынтығын айқындайды.
Объективті және субъективті саяси-әлеуметтік өмірдің көрінісі ретіндегі мемлекеттік басқарудың екі ұдайылық болмысы оны зерттеу барысында объективті және субъективті әдістерді қолдану қажеттілігін тудырады. Объективті әдіс зерттелуші объектіні — мемлекет пен оның қызметін қандай да бір көзқарас тұрғысынан бағалауды қажетсінбейтін, тарихи қажетті процесс ретінде сырттай бақылап, өзгеріссіз қабылдауды білдіреді. Ол зерттеуші субъектінің ой-пікіріне сүйенбей басқарушылық қызметтің объективті нәтижесін талдау арқылы мемлекеттік басқару жүйесін түсіндіру әдісі. Субъективті әдіс объектіні адамдардың өздері ұйымдастырған саяси-әлеуметтік, экономикалық және басқа да өмірлері ретінде қарастыруды ұйғарады. Егер объективті әдіс танып-білуші субъектіге тәуелсіз болатын объектіден туындаса, ал субъективті әдісте объект емес, керісінше, қоғамның қандай да бір мүшелерінің ол туралы түсініктері, зерттеушінің көзқарасы талдау көзі болып табылады. Субъективтік әдіс субъектінің ой-пікірі, ұстанымы, мүдделері арқылы саяси-әлеуметтік ақиқатты сипттауға және түсіндіруге мүмкіндік береді. Объективтік әдістердің ішінде нақты өмірдегі құбылыстар мен процестерді бақылау, салыстыру, қорытындылау басқарушылық қызмет пен қатынастардың сипаттама моделін әзірлеу әдісін атап өткен жөн.
Субъективті әдістерге мемлекеттік институттардың басқарушылық қызметеріне қатысты қоғамдық пікірді зерделеудің әр түрлі социологиялық әдістерін, басқарушылық эксперимент әдістерін, басқару образын қалыптастыратын нормативтік басқарушылық модельдерді әзірлеу тәсілдерінің жиынтығын жатқызуға болады.
Ғылыми-тәжірибелік эксперимент басқарушылық процестерді зерделеу мен түсіндірудің объективті және субъективті әдістері бірлігінің көрінісі болып табылады. Бұл кейбір басқарылатын және бақылауға алынатын факторлардың ықпалынан туындаған мемлекеттік басқару субъектілері мен объектілерінің қызметтері мен әрекеттеріндегі өзгерістер туралы ақпараттар алу тәсілі. Эксперимент - нақты ғылыми тұжырымдамалар мен теориялық ұсыныстардың негізделуі мен тиімділігін тәжірибе жүзінде тексеру әдісі. Мемлекеттік басқару практикасында бұл тиімді шешімдер қабылдау үшін қажетті эмпирикалық деректердің маңызды көзі болып табылады.
Мемлекеттік басқару мақсаттары мен функцияларын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін әдістерді мазмұны және адамдардың мінез-құлықтары мен мүдделеріне әсер ету аспектісіне қарай моральдық-этикалық, әлеуметтік-саяси, экономикалық және әкімшілік деп бөлеміз.
Мемлекеттік басқару адамдардың әлеуметтік қызметін және соның негізінде қалыптасатын қоғамдық қатынастарды білдіреді. Ол әлеуметтік ортада жүзеге асатындықтан оған қоғамның әлеуметтік құрылымының тигізетін ықпалы зор. Сондықтан мемлекеттік басқаруды ғылыми танып-білуде әлеуметтік әдістер қолданылады.Себебі саяси-әлеуметтік талдау мемлекеттік органдардың атқаратын нақты міндеттерін айқындайтын басқару стратегиясын әзірлеумен және әлеуметтік қажеттіліктерді, мүдделерді, құндылықтарды анықтаумен байланысты болатын көптеген теориялық және тәжірибелік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Саяси-әлеуметтік әдістер адамдардың еңбек, тұрмыс жағдайларымен, оларға әлеуметтік қызмет көрсету, қоғамдық және саяси белсенділіктерін дамытумен, билік процестеріне қатысуымен байланысты.
Бұл әдістер адамдардың саяси-әлеуметтік мүдделеріне, олардың қоғамдағы мәртебесіне, өзін-өзі еркін көрсету мүмкіндігіне әсер етеді. Мемлекеттегі демократизмнің дамуы көрсетілген әдістер рөлінің объективті түрде артуына әкеледі.
Әлеуметтік әдістер басқару жүйесі мен қоғамның өзара іс-әрекетіндегі кері байланысты оқып-үйренудің негізгі құралы бола отырып, көбінесе мемлекеттік институттардың қандай да бір шешімдеріне деген халықтың жеке әлеуметтік топтарының көзқарастарында көрініс табады. Әлеуметтік, оның ішінде эмпирикалық әдістердің көмегімен экономикалық, құықтық жүйенің, мемлекеттік саясаттың әлеуметтік тиімділігі анықталады. Сонымен қатар бұл әдістер мемлекеттік басқару аясындағы жеке адамдардың тәртібін, іс-әрекеттерін және саяси бағдарын талдауға мүмкіндік береді.
Моральдық-этикалық әдістер адамдардың абыройы мен қадір-қасиетіне, ар-ұятына бағытталған. Оларға тәрбие жұмыстары, басқарудың мақсаттары мен мазмұнын түсіндіру жұмыстары, моральдық ынталандыру құралдары мен жаза "қолдану, адам мінезінің психологиялық ерекшеліктерін ескеру тәсілдері жатады.
Олардың мәні басқару және оны жүзеге асыру үшін қажет әрекеттерге қатысты белгілі бір сенімділікті, рухани құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді, психологиялық ұстанымдарды қалыптастыру мен қолдау
Экономикалық әдістер адамдар өміріндегі және соған сәйкес басқарушылық процестердегі экономикалық мүдделердің рөліне негізделген. Жеке меншікті дамыту, еркін кәсіпкерлікті қолдау, материалдық ынталандыруларды, еңбекақы деңгейін арттыруды және басқа да экономикалық тетіктерді қолдану арқылы мемлекеттік билік пен жергілікті басқару органдары мемлекеттік басқарудың мақсаттары мен функцияларын жүзеге асырады.
Мемлекеттік-басқарушылық қызметте әкімшілік әдістер ерекше орын алады. Бұл әдістер мемлекеттің басқарушылық құрылымдары адамдардың тәртібін, қызметін тікелей және міндетті түрде анықтайтын амалдарынан, тәсілдерінен, әрекеттерінен тұрады. Олардың белгілері: а) мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның орындаушының міндеттерін тәртіп нормаларын белгілеу және оған нақты бұйрық беру арқылы тікелей әсер етуі; ә) алдыға қойылған міндеттердің, іс-әрекеттерді шешудің бір жақты тәілін таңдау, орындалуға міндетті жағдайларды шешудің бір жақты жолын таңдау; б)өкімдер мен нұсқаулардың міндетті түрде орындалуы, орындалмаған жағдайда әр түрлі заңдық жауапкершлікке әкелу мүмкіндігі.
Кейде әкімшілік әдістер әкімшілдік түсінігімен байланыстырылады, бірақ олар әр түрлі ұғымды білдіреді. Әкімшілдік саяси режимді сипаттайды, басқарушылық процестерде күшпен бағындыру, ырықсыз көндіру, бұйрық беру секілді құралдарды қолданудан тұратын мемлекеттік басқару стилін анықтайды. Әкімшілік жүргізуде кез келген әдістерді әсіресе, экономикалық және әкімшілік әдістерді қолдануга болады. Әкімшілік әдістердің қолданылуы табиғат, қоғам, адам мүддесі түрғысынан көптеген қауіпті технологияларды және қызмет түрлерін реттеу қажеттілігінен туындаған. Бірақ оларды қолдану да апатты жағдайлардың және төтенше оқиғалардың үнемі алдын алуға мүмкіндік бере бермейді.
Басқарушылық қызмет әдістерін жеке түрде емес, кешенді, талғамалы түрде, қоғамда орын алған жағдайға байланысты, болған оқиғаның сипатына және адамдардың тәртібінің деңгейіне қарай қолданған жөн. Сонымен бірге әрбір әдістің өзінің қолдану шегі бар, осыған байланысты мемлекеттік басқару органдары өздерінің басқарушылық қызметтерінде аталған әдістердің қолдану шегінен ауытқымағаны дұрыс.
Достарыңызбен бөлісу: |