Неоклассикалық үлгі. Классикалық бағыттың экономиканы реттеу идеялары неоклассик экономисттерімен бірге әр кезеңде, әртүрлі жағдайларда өзекті сипатта болды. Неоклассикалық бағыттың жақтаушылары экономиканы мемлекеттік реттеудің әртүрлі іс-шараларын ұсынды. Алайда, олардың арасында неоклассикалық бағыттың әр түрлі нұсқалары (неолибералистер, монетаристер және т.б.) болғанымен, тұжырымдаманың басты мәні келесідей болды мемлекет нарықтық экономиканың заңдарын бұзбауы тиіс, өйткені ол экономиканы тиімді басқаруға қабілетсіз.
Бұл бағыттың ішінен Милтон Фридменнің «монетаризм» теориясын ерекше атап өтуге болады. Бұл теорияның басты қағидалары жоғарыда айтылған жағдайлар: нарықтық жүйе өзін-өзі реттеуге қабілетті, тепе-теңдік күйде болады, үлкен орнықты қоры бар, сондықтан да реттеуге мұқтаж емес. «Бірде-бір үкімет нарықтан ақылды бола алмайды». Экономиканы нақты және ақшалай секторларға бөле отырып, монетаристер өздерінің басты зерттеулері мен тәжірибелік ұсыныстарын ақша секторымен байланыстырады. Нарықты қажетті ақша мөлшерімен қамтамасыз ету арқылы қолайлы жағдайларды қалыптастыру үшін мемлекет ақша секторының нақты секторға қатысты «бейтарап» болуын жүзеге асыруы тиіс. Ақша массасын арттыру үнемі, бірақ сатылы жүруі керек. Циклдық ауытқуларға қарамастан ақша массасының өсімі жылына 3-5% -дан артық болмағаны жөн. Бұл М.Фридменнің «алтын ережесі» деп аталады.
XIX ғасырдың соңынан бастап материалдық өндірістегі өзгерістердің әсерінен мемлекеттің экономикалық қызметтері де ұлғая түсті. Өндірістің шоғырлануы, орталықтануы мен тереңдеуі, бәсекелік күрестің күшеюі, экономикалық байланыстардың күрделене түсуі мен әлеуметтік мәселелердің ушығуы бұл үдерістерді жеделдетті. Мұндай жағдайлардан соң мемлекет жаңа қызметтерді өз мойнына алуға мәжбүр болғандықтан, экономикалық үдерістерге белсенді араласуын бастады.
Маркстік үлгі. Экономиканы орталықтандырылған жоспарлы-социалистік ұйымдастыру болып табылады. Бұл үлгіде мемлекеттің экономикалық іс-әрекеттері біріншіден, өндіріс пен тұтынуды қоғамдық ұйымдастырудың тарихи нысаны, екіншіден, экономикалық жүйеде үстемдік етуші сектор ретінде қарастырылады. Экономикадағы өндіріс құрал-жабдықтарына мемлекеттік меншіктің үстем болуы барлық экономикалық үдерістерді бір орталықтан реттеудің қажеттігін білдіреді. Ресурстарды пайдалану туралы барлық шешімдер осы орталықта қабылданады. Не, қанша және қандай сапада өндіру, қандай шикізаттар мен құрал-жабдықтарды пайдалану керек екендігі туралы барлық ақпараттар орталық органдарда жинақталып, қайта өңделеді. Содан кейін нақты кәсіпорындарға белгілі бір өнімдер үшін тапсырыс беріледі. Бұл жағдайда техника-экономикалық факторларды және саяси шешімдер мен әлеуметтік басымдықтарды ескеруге мүмкіншілік бар.
Маркстік үлгінің ерекшелігі:
өндіріс құрал – жабдықтарына қоғамдық (мемлекеттік) меншіктің болуы;
өндіріс пен тұтыну, салалар мен аймақтар араларындағы экономикалық байланыстар жоспарлы жүзеге асты;
өндірілетін тауарлар мен қызметтердің бағалары орталықтан қатаң бекітілетіндіктен, баға сұраныстың да, ұсыныстың да жағдайын анықтай алмады;
бәсекелестіктің рәсімделген түрі, бәсеке экономикалық жарыспен ауыстырылды. Экономикалық жарыс ешқандай материалдық ынталандырумен қамтамасыз етілмеді.
Мұндай жағдайда мемлекеттің рөлі жан-жақты сипат алады. Мемлекет жоспарлау арқылы барлық экономикалық (экономикалық емес) үдерістерді реттейді.Ал нарықтық құрал іс жүзінде қолданылмайтын, иррационалды сипатта ғана болды. Жоспар саяси мақсаттарға жетудің құралына айналғандықтан, субъектілердің экономикалық іс-әрекеттерін реттеуде саяси механизмдер шаруашылық ынталандырудың орнына қолданылатын болады.
Бұл үлгінің негізгі бөлімі – жоспар – заң мәртебесінде болды. Өйткені ол орындалмаған жағдайда заңдық, экономикалық және саяси жауапкершілікке тартылды. Жоспар құрудың технологиясы: 1) Барлық халық шаруашылығы үшін қолда бар ресурстарды ескере отырып, орталық органдар бес жылдық жоспар жасайды. 2) Жасалған жоспар аймақ, сала, кәсіпорындар денгейіне түсіріледі, төменгі денгейлерде өздерінің түзетулері мен ұсыныстарын енгізгеннен кейін, жоспар жекелеген аймақтардың, салалардың, кәсіпорындардың жоспарларына бөлінеді. 3) Дайын жоспарды орталық бекіткен соң заңдық күшіне енеді.
Жоспарды дайындау кезіндегі басты кедергі – ресурстардың бөлінуі, шығындар мен басқа үдерістер және өндірістің балама нұсқалары туралы ақпаратты анықтау, жинау, орталықтандыру, қайта өңдеуді жүзеге асырудың қиындығы. Соңғы шешім шығару үшін ресурстарды үйлестірудің миллиондаған нұсқаларын дұрыс бағалау қажет. Сонымен бірге бұл ресурстардың көпшілігі уақыт аралығы мен кеңістік бойынша үнемі өзгерісте болады. Өндірістік ресурстардың барлық топтарын есепке алу мен дұрыс бағалау, шешім қабылдаудың іс жүзінде мүмкін еместігі анық.
Сонымен қатар ақпараттар тек техникалық кедергілердің әсерінен ғана емес, жоспарлаудың сатылы болуымен байланысты оның жоғары және төмен қозғалуы кезінде әдейі бұрмаланады. Көптеген салалар мен кәсіпорындар ақпаратты өздерінің мүдделеріне сай бұрмалауы да мүмкін.
Сондықтан бұл үлгінің шеңберінде де нарықтық экономиканың элементтерін енгізуге, экономикалық субьектілер іс-әрекетінің нәтижесінде алынатын пайда мен өндірісті сұраныстың басқаруына мүмкіндік беретін сату көлемі бойынша бағалауға талпыныстар аз болған жоқ. Бірақ, нарықтық механизмдер іс жүзінде орындалмағандықтан, мемлекеттің барлық күш жігеріне қарамастан, бұл үлгі шектеулі ресурстарды тиімді бөлу мен пайдалануды қамтамасыз ете алмады. Бұрынғы Кеңес Одағының экономикалық даму үдерістері осы жайтқа толық мысал бола алады.
Достарыңызбен бөлісу: |