Қосымша қауіпсіздік құрылғылары – пойыз жүргізудің жылдамдық режимі мен машинистің қырағылығын қадағалайды, локомотив бригадасының еңбек жағдайларын жақсартады.
Диспетчерлік орталықтандыру (ДО–ДЦ). Теміржол теліміндегі пойыздардың жүрісін бір қосыннан бір адам, пойыз диспетчері ДО арқылы басқаруды жəне бақылауды іске асыратын телемеханикалық құрылғылар кешенін диспетчерлік орталықтандыру деп атайды.
ДО құрылғылары қамтамасыз етеді:
• бірнеше стансалар мен аралықтардың бағыттамалары мен сигналдарын бір қосыннан бақаруды;
• стансадағы бағыттамалар мен жолдардың, аралықтардағы блокаралықтардың жағдайы мен бос еместігін бақылауды, сондай-ақ кіреберіс жəне шығаберіс бағдаршамдарының көрсеткіштерін қайталауды;
• пойыздардың атқарылған жүріс графигін автоматты түрде жазуды;
• стансаның бағыттамалары мен сигналдарын жергілікті немесе резервті басқаруға көшу мүмкіндігін.
Пойыздар жүрісіне диспетчерлік бақылау (ДБ-ДК). Автоблокировкамен жабдықталған темір жол телімдерінде пойыз диспетчеріне (ДНЦ) аралықтардағы жəне стансалардағы пойыздар жүрісі туралы ақпараттарды диспетчерлік бақылау деп аталатын автоматты телесигнализация жүйесі беріп отырады.
Ол диспетчерлік телімдегі барлық пойыздардың тұрған орындарын, стансадағы кіреберіс жəне шығаберіс бағдаршамдарының күй-жайын (жабық немесе ашықтығын) жарық таблодан ДНЦ-ның көріп отыруына мүмкіндік туғызады. Бұл жағдай ДНЦ-ға станса кезекшісінің (ДСП) ісəрекетін бақылауға, сондай-ақ телімдегі пойыздық жағдайлардың өзгеруін қадағалауға, керекті жағдайда пойыздардың жүріс графигін түзетуге мүмкіндік береді.
Диспетчерлік бақылау ДБ құрылғысы арқылы блок-аралықтар мен стансадағы қабылдау-жөнелту жолдарының бос еместігін, сондай-ақ стансалық кіреберіс жəне шығаберіс бағдаршамдарының күй-жайын (жабықтығын немесе ашықтығын) бақылайды.
Қазіргі уақытта диспетчерлік бақылаудың аппараттық-бағдарламалық кешенін (ДБ-АБК) қолдану осы заманғы техникалық деңгейде диспетчерлік бақылау қызметін жүзеге асырудың барынша сəтті нұсқасы болыр отыр.
Есептеу техникасының құралдарын пайдалану ДБ-АБК жүйелерінің қызмет ету мүмкіндіктерін пойыз диспетчері үшін ғана кеңейтіп қоймастан, сондай-ақ аралықтар мен диспетчерлік телімдердің стансаларында теміржол автоматикасының (ТЖА) жүйелеріндегі техникалық құралдарды бақылаудың негізгі міндеттерін шешуге мүмкіндік туғызды.
ДБ-АБК кешенді жүйесінің негізгі қызметтері:
• телімдер мен стансалардағы пойыздардың жүріс жайы туралы ақпараттарды тіркеу жəне есте сақтау;
• атқарылған пойыздардың жүріс графигін (АПЖГ) жүргізу, тасымалдауды автоматтандырылған басқару жүйесімен (ТАБЖ) байланыс орнату;
• жедел əрекет ету жəне күтіп-баптау қызметкерлерінің іс-əрекеті туралы ақпараттарды тіркеу жəне есте сақтау;
• СОБ, ДИСК құрылғыларының жəне с.с.жұмысындағы істен шығулары мен іркілістерін тіркеп отыру;
• құрылғылардың, оның ішінде сигнал беру нүктелері мен теміржол өтпелеріндегі аспаптардың іркіліс туарға дейінгі жай-күйін анықтау;
• ақпараттарды өзге жүйелерге жеткізетін жүріс қауіпсіздігі (ЖҚ) кешенін іске қосу;
• жүйеге қызмет көрсетуді қамтамасыз ету.
Достарыңызбен бөлісу: |