29
«Обал болады» концепциясын тәрбиенің қай бағытында
қолданамыз?
Жалпыадамзаттық мәдениеттің тарихи
прогресі қоғамдағы
қатынастарды ізгілендіру
деңгейімен, адамның адамгершілік қасиеттерінің
қалыптасуымен
бағаланады.
Қоғамның
деморализациясы мен адамгершілікке жатпайтын
әрекеттері жас ұрпаққа мораль мен әдеп
нормаларын сіңіру мәселесін өзектендіре түседі.
Обал –
ізгіліктің өлшемі, соның көрінісі.
Ізгілік – тек жеке адамға немесе бір ғана ұлтқа ғана
қатысты емес, ол жалпыадамзатқа тəн құндылық.
Бала тәрбиесінде ұлттық дүниетаным мен салт-дәстүрге сүйене отырып,
ізгілікке баулудың маңызы ерекше. Тек ұлттық рухани мұраларымыз
негізінде ұлт жанашырын сомдай аламыз.
Қазақ халқының жас ұрпақты тәрбиелеуде қолданатын «обал
болады» концепциясы – ерекше ұғым. Алдыңғы буын өкілдері өскелең
ұрпақ санасына мейірімділік қасиетін осы ұғым арқылы сіңіріп отырған.
Баланы ізгілікке тәрбиелеуде бұл концепцияның атқаратын рөлі
ерекше. Қайырымдылық, мейірімділік
құндылықтарын бала бойына
дарытуда және жанашырлық, аяныш сезімдерін оятуда «Обал болады»
сөзінің әсері ерекше болмақ. Халқымыз «Обал болады» концепциясын
жанды және жансыз табиғатқа қатысты қолданған. Бұл балаға
адамгершілік әрі экологиялық тәрбие (кең мағынада: ой тазалығы,
табиғатты қорғау және т.б.) беруде таптырмас құрал болып табылады.
Мәселен, жан-жануарларға қатысты тыйым сөздер «құмырсқаны
өлтірме, обал болады», «құсты азаптама, обал болады», затқа қатысты
«нан қоқымын жерге тастама, обал болады», «ағаш бұтасын сындырма,
обал болады» немесе адамға қатысты «адамға
қиянат жасама, обал
болады» деп жамандық жасауға жол бермей, алдын ала ескертіп, тоқтау
салған. «Обал боладының» не екенін біліп өскен бала қоршаған ортаға
зиян
келтірмеуге,
жамандық
жасамауға,
жан-жануарларды
жәбірлемеуге, жансыз нәрселерді бүлдірмеуге тырысады.