Қимақ және Қыпшақ мемлекеттерiнiң егемендiгi мен халықаралық құқық субъектiлiгi. Парсы жазбаларының айтуына қарағанда Қимақ ханы ең ұлы хандардың бiрi болып саналады. Ал Х ғасырдағы араб авторлары болса, түркi мемлекетiндегi ең құдiреттiлерiнiң бiрi қимақтар деп санады.
ХI ғасырда Оғыз мемлекетi өмiр сүруден қалып, олардың жерлерi қыпшақ хандығына қосылады. Сондай-ақ, IХ-ХII ғасырлар аралығындағы Қазақстан территориясын мекендеген қыпшақтың мемлекеттiк бiрлестiгiнiң құдiретi талайды ерiксiз таңқалдырды. Олар бiр орталыққа бағынған мемлекет жүйесiн құрмаса да Еуразия кеңiстiгiнде өзiнше бiр мықты әскери-саяси күш болып қалыптасты. Қыпшақ хандары орыс князьдарымен тығыз қарым-қатынаста болып, Византия, Грузия, Хорезм және Қарахан мен Қара қытай мемлекеттерiмен тығыз байланыс жасады. Дипломатиялық қатынастың басты бiр белгiсi династиялық — некелiк байланыстар болды, ол саяси-әскери және экономикалық одаққа бiрiгуге итермелейтiн бiрден бiр негiзгi күш едi. ХII ғасырдың аяғында Шығыс-қыпшақ одағының сол қанаты күйреп, өзiнiң егемендiгiн жоғалтады да Хорезмшах мемлекетiнiң билiгiне көшедi. Қимақ және Қыпшақ мемлекеттерiнiң құқық және салық жүйесi туралы бүгiнгi күнге мәлiмет өте аз жеткен. Соған қарамай мемлекеттiк қазынаны толықтырып отыратын байлық көздерiне қарағанда оларда салық және құқық жүйесi жақсы жолға қойылғаны байқалады. Мысалы, Қимақ қағанаты өз елiнде шығарылатын алтыннан өзiнiң “мiндеттi үлесiн” алып отырған және оларды жүргiзетiн салық жинаушылар болған. Егер салық төлеуден бас тартқандар болса, онда оған күштi қол жiберiлiп, олар қатаң жазаланатын. Мемлекеттiң басты мiндетi құқықтық нормалар жасау болып саналады. Мысалы, қыпшақтардың әдеттегi құқында төрелердiң рөлi ерекше болған. Сондай-ақ, сот және соттық шешiмдер қыпшақтарда жарғы деп аталған. Мiне, осылар арқылы жер және мүлiктiк талас-тартыстар мен қылмыстар, басқа да құқық бұзушылық қатаң жазаланып не әшкереленiп отырды.
Найман және керей ұлыстары. IХ ғасырдың ортасында Орталық Азияда жаңа саяси қайта құрулар басталып, әлем картасында наймандар мен керей ұлыстары, яғни мемлекет пайда болады. Олар алғашқы рет ҮIII ғасырда Ұйғыр қағанаты құрамында аталды. Ұйғыр қағанаты 840 жылы құлағаннан кейiн, Орталық Азияда жинақтаушы цзубу атымен белгiлi көшпендiлер конфедерациясы пайда болады. Солтүстiк цзубу деп керейлердi атаса, ал Батыс цзубу деп найман ұлыстарын атады. Бұл мемлекеттердiң күшеюi Х-ХI ғасырлардағы христиандардың несториан бағытындағы ағымды қабылдауынан басталды. Соған қарамай Х-ХII ғасырлар басында цзубу оның iшiнде наймандар Ляо империясының билiгiне көшедi. Сөйтiп олар Ляо империясына вассалдық тәуелдiлiкте болып, Шығыс Қазақстан мен Батыс Моңғолия жерiнде тұрады. Тек 1125 жылы Керейлер тәуелсiздiк алса, ал 1143 жылы Наймандар тәуелсiздiк алды. Сол кезден бастап олар өз еркiндiктерi өзiнде мемлекет ретiнде дамып, тек ХIII ғасырдың басында ғана моңғолдар билiгiне көштi. Жалпы найман тайпалар одағы VIII ғасырдың Ортасында Жоғарғы Ертiс пен Орхон аралығында сегiз-оғыз деген атаумен пайда болып еңсе көтерген.
Достарыңызбен бөлісу: |