Шәкәрім Құдайбердіұлы өһмір сүрген XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезі қоамдағы саяси, әдеби мәдени рухани өзгерістерімен ерекше, Ұлы Абай дәстүрін жалғастырушы жаңа толқын легі әдебиетке өз үнімен, өз бояуымен, өз өрнегімен келді. Сол лектің алдыңғы қатарындағы Шәкәрім Құдайбердіұлы – қазақтың әдеби, мәдени өміріне мол мұра қалдырған ақын. Шәкәрім шығармалары өлең, поэма, ән, аударма, қара сөздер, әңгімелерден, сондай-ақ философиялық туындылардан тұрады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы қазіргі Шығыс Қызақстан облысы Абай ауданында дүниеге келген, Абайдың немере інісі, Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнкеден туған Құдайбердінің ұлы. Шәкәрім әкесінен жастай айырылған соң, атасы Құнанбай жетімдік тауқыметін көрмесін деп, бауырына басып еркін өсіреді. Сол себептен болса керек, жастықта серілікке үйір болып, домбыра, гармонь тартып, саят құрып ойын-сауықпен өткізеді. Болыс болып ел басқарады.
Ақынның жастық, махаббат туралы жазған жырлары дабар. “Жастық туралы”, “Шын сырым”, “Серігім жалғыз әупіш қасымдағы”, “Жарымды жаным сүйді, асүйе алмай тәнім күйді”т.б. өлеңдерінде ыстық сүйіспеншілік, шын таза сезім жырланады.
Көңілде сәулемсің,
Көздегі нұрым-ау.
Ақылды астыртын
Ұрлаған, ұрым-ау.
Өмір бойы өртеніп жүргенімше,
Не өлтір, не тірілт,
Осы шын сырым-ау.
(“Шын сырым”)
Жастық шағында ойын-сауықпен жүріп домбыра, гармон тартып, саяткерлік жанына тұтады. Кейін бекзат өнерден бас тартып, Абай мектебінің рухани бұлағына бет бұрады.
“Жаратылысты, адам, қоғамды жасынан Абайша тануға тырысқан, болмыстағы шындықты абайша бағалаған балғын жас өз бетінше білім алуға, өз бетінше өрістеп, ақындық болжам айтуға жедел машықтанады. Кейінірек Абайдың даналығы мен сезімталдығын да лирикасына арқау етті. Ақыл – ойы гуманистікпен толысқан, тарих ағымының шексіз екеніне қаныққан, туған жұртын сол келісімді тарих ағымынан орын алуға шақырған ірі ойшылды көрдік”(Шәкәрім. Шығармалары. – А.,1988.)
1897 жылы жазылған “Жастарға” деген өлеңінде ол ұстазы ақылшысы Абай дәстүрін жалғастырушы екенін көрсетті.
Шәкәрім мұрасының қомақты саласы – поэмалары. Ақынның “Еңлік - Кебек”, “Қалқаман - Мамыр” дастандары қазақ елінің тұрмыс, тарихынан жазылған. “Ләйлә -Мәжнүн” дастаны нәзира дәстүрі негізінде шығыс аңызы желісімен шығарылған. “Ләйлә -Мәжнүн”, “Еңлік - Кебек”, “Қалқаман - Мамыр” дастандары – сүйіспеншілікті, адал махаббатты, таза сезімді жыр еткен шығармалар.
Лекция №12
(1 сағат)
Тақырып: Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектері
Жоспар:
1. Дастандары.
2. Проза жанрындағы еңбектері.
3. Аударма саласындағы еңбегі.
Пайдаланатын әдебиеттер:
НЕГІЗГІ
-
XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті. А. 1994.
-
Бисенғали З. XX ғасыр басындағы қазақ романы. А. 1997.
-
3.Кенжебаев Б. XX ғасыр басындағы әдебиет. А. 1993.
-
Қазақ әдебиетінің тарихы. 6 томдық, 2-том, 2-кітап. А. 1965.
-
Қазақ әдебиетінің қысқашы тарихы. 2-кітап. А. 2002.
-
Қалижанұлы У. Қазақ әдебиетіндегі діни ағартушылық ағым. А. 1998.
ҚОСЫМША
-
Абай тағылымы. Алматы.1986.
-
Әдіманұлы Ө. XX ғасыр бас кезіндегі әдебиеті. А. 2002.
-
3.Әбдірахманов Т. Жаңа ғасыр көгінде.А. 1969.
-
Әбдірахманов Т. Таланттар тағылымы.А. 1988.
-
Әбдіғазиев Б. Асыл арна. А. 1992.
-
Әдіманұлы Ө. “Қазақ” газеті А. 1993.
-
Бес арыс. А. 1992.
Лекция мәтіні
Ш. Құдайбердиев өлең өлкесінде ғана еңбек етіп қоймай, қазақ прозасына да едәуір үлес қосты. Қазақ әдебиетінде бұрын поэзия, дастан, поэма, өлең басым болса, 20 ғасырдың басында шын мәнінде көркем проза пайда болып, жедел дамығаны аян. Міне, осы процеске Шәкәрімнің прозалық туындылары – тарихи, ғылыми, философиялық шығармалары шежіренама «Түрік, қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі», «Мұсылмандық шарты» трактаты, «Бәйшешек бақшасы» әңгімелер топтамасы, «Қайғылы роман» деп атаған шығармасы, «Мәңгі сөздер» атты афоризмдер топтамасы, «Шын бақтың айнасы», «Мен жетпіс екі жасқа келгенше» тағы басқа толғамдары қосылады. Бұлардың әр қайсысында өзіндік идеялық-көркемдік салмақ бар. Бірде адам болмысын, тағдырын жан-жақты суреттеуге тырысуы, бірде күнделікті өмір құбылыстарының кейбір көріністері, сыр-сипаттары арқылы толғамды ой жүйеленуі кездеседі.
Шәкәрімнің әңгімелері шығыстық мазмұнда, халық ауыз әдебиетінің үлгісімен ғибраттық-дидактикалық сарында жазылған. Бұлар – идеясы мен мазмұны үндес, бір қолдан шыққан дүниелер. Шәкәрімнің қай әңгімесін алсақ та, өзіндік бір ерекшелік – шағын ғана оқиға, аз сөзден ғибраттық үлгі алатын қорытынды жасап отыруы. Бұл – аңыз-әңгімелерге, шешендік сөздерге тән қасиет. Асылы, авторлық аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер, ғибраттық әңгілемелер ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің табиғи байланысын көрсетеді.
Шәкәрімнің әңгімелерінен біз осындай қасиеттерді таба аламыз. Бұл – жазушыға әлдеқалай келген құбылыс емес, туған халқының даналығы мен дарындылығынан жұғысты болған қасиет.
Қара сөзді шығармаларының ішінде көлемі жағынан да, көтерген мәселесі жағынан да ауқымдысы «Әділ мен Мария» романы. Автор шығармасын «Қайғылы роман» деп те атаған. Ақын бұл қайғылы романды 1925 жылы май айында, Шыңғыс тауының сыртындағы Шақпақта алпыс жеті жасында жазған. Романда ескі қазақ ауылының 1910 жылдардағы өмір тұрмысы, сол кездегі әлеуметтік теңсіздік суреттері, сүйгеніне қосылса да, зорлық пен әділетсіздіктің құрбаны болған әйел тағдыры шыншылдықпен суреттеледі. Шығарманың бас кейіпкерлері - Әділ мен Мария арасындағы оқиға өмірде болған. Шәкәрімнің көрсетуі бойынша оқиға 1910-11 жылдары Шыңғыстауда өткен.
Роман алғаш рет «Жұлдыз» журналының 1988 жылғы №11 санында ғалым Тұрсын Жұртбаевтың алғы сөзімен жарияланды. Жарияланым қолжазбадан тікелей көшірілген.
Романның идеялық нысанасы мен әлеуметтік астарына келетін болсақ, Шәкәрім «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмалары секілді мұнда да қазақ қоғамындағы әйел теңсіздігін, махаббат еркіндігі жолындағы күресті арқау еткен.
Шәкәрімнің «Әділ мен Мариясында» сюжет басталмас бұрын оқиға өтетін ортаның көркем табиғаты суреттеледі. Шәкәрім шығармасындағы бір ерекшелік – табиғаттың көркем суретін тамсана баяндауы емес, бірден Кәрі Шыңғыстауға қайырылып, лирикалық кейіпкердің монологы арқылы Шыңғыстауға жанды бейне ретінде психологиялық мінездеме жасауы. «Кәрі Шыңғыстау, Адам жерге ие болғаннан бері қарай сенің көрмегенің жоқ. Көне көзі кәрі Шыңғыстауда талай адамның құмары қанып, қуанғаны да болды, жүрегі жанып суалғаны да болады, талай-талай жас жүрек мұратына да жетті, неше түрлі ел дәурен сүріп, аң аулап мал да бақты, талай-талай сабаздың қаны судай да ақты». Осынша оқиғаға куәгер Шыңғыстауда бір кез автор жазғырғандай да болады.
Романдағы негізгі кейіпкердің бірі Әділ – жалғыз шешесі ғана бар кедей жігіт, қолында бар азын-аулақ малымен күн көріп отырған қарапайым жанұя. Мария болса әкесі мен шешесі қайтыс болып, аға-жеңгесіне қарап қалған он бес, он алтылардағы жас қыз. Әлі ештеңеден хабарсыз, бейкүнә жан. Құда түсіп, қалың мал беріп, атастырып қойған Марияны Әділдің қолына ұстатып тұрып, тілектес жеңге Зылиха: «Әжем марқұм өлерінде маған тапсырып кетіп еді. Еркем мен екеуіңнің қызығыңды көрсем арманым жоқ деуші еді. Міне, аман-есен қалыңдығыңды қолыңа бердім», - дейді.
Лирикалық кейіпкер қаншама жылы шыраймен бүйрегі бұрып, өз кейіпкеріне жанашырлық жасап отырса да, Әділ мен Марияның адал махаббаттарына қарсы шығар қара ниеттестер табылады. Олар: Шешенбаймен жасасқан серттің үдесінен шығу жолында талай зорлық-зомбылыққа барған болыс баласы Еркімбек пен оған көмектесуші, малы мен атағына қызығып, Марияны, астыртын сатушы кіші аға жеңгесі Үсен мен Жәмилә.
Шәкәрім шығармасына басты арқау болып – қоғам өмірі, әлеуметтік тұрмыс ахуалы тартылатынын көреміз. Романдағы басты тартыс адам мен адам арасындағы қатынастан емес, адам мен қоғам арасындағы қайшылықты қатынастан туындайды.
Қорыта келгенде, Шәкәрім Құдайбердиевтің «Әділ мен Мария» атты прозалық шығармасы – ұлттық әдебиетімізді байытқан, өз заманының шындығын дәл, шынайы жеткізе білген, біздің әдебиет тарихымыздан өзіне лайық орын алуға тиіс, көркем шығармалардың бірі.
Лекция №13
(1 сағат)
Тақырып: Сұлтанмахмұт Торайғырұлы (1893-1920)
Жоспар:
1.Шығармашылық өмірбаяны.
2.Поэмалары.
3.Сұлтанмахмұттың поэзиядағы көркемдік жаңалықтары.
Пайдаланатын әдебиеттер:
НЕГІЗГІ
-
XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті. А. 1994.
-
Бисенғали З. XX ғасыр басындағы қазақ романы. А. 1997.
-
Кенжебаев Б. XX ғасыр басындағы әдебиет. А. 1993.
-
Қазақ әдебиетінің тарихы. 6 томдық, 2-том, 2-кітап. А. 1965.
-
Қазақ әдебиетінің қысқашы тарихы. 2-кітап. А. 2002.
-
Қалижанұлы У. Қазақ әдебиетіндегі діни ағартушылық ағым. А. 1998.
ҚОСЫМША
-
Абай тағылымы. Алматы.1986.
-
Әдіманұлы Ө. XX ғасыр бас кезіндегі әдебиеті. А. 2002.
-
Әбдірахманов Т. Жаңа ғасыр көгінде.А. 1969.
-
Әбдірахманов Т. Таланттар тағылымы.А. 1988.
-
Әбдіғазиев Б. Асыл арна. А. 1992.
-
Әдіманұлы Ө. “Қазақ” газеті А. 1993.
-
Бес арыс. А. 1992.
Достарыңызбен бөлісу: |