Аллитерация микромәтінді бірыңғай (бірдей немесе ұқсас) дауыссыз дыбыстары қайталанып келетін сөздермен құру болса, ассонанс бірыңғай дауысты дыбыстарды қайталап келтіруге қолданылатын тәсіл болып табылады. Аллитерация мен ассонанс дыбыстық қайталамалардың басқа
да түрлері секілді поэзиялық мәтіндерде еркін қолданылып, осы
жанрда көркемдік әдіс ретінде кеңінен таралуда. Алайда осы дыбыстық құбылыстың мәтінтүзімге қатысы, олардың тек поэзиялық мәтінді ғана емес, прозалық мәтінді түзуге қызмет ететіндігі назардан тыс қалып келеді.
Жапанда жалғыз жаттым елден безіп,
Жалықсам, аң қараймын тауды кезіп.
Оңашада жатқанды ұнатамын,
Елімді ел қылмасын ерте сезіп.
Жауға қатын, жақынға жалмауыздар,
Жалықпай көк малтасын жүрсін езіп (Шәкәрім).
Бұл әдіс көркем прозада да кездеседі:
Қаңқу емес, расы сол: қалаға қатер төндіріп тұрған селдің жолын біржола шабу үшін екі жақтан қаусырмаланып келген екі тауды қысаң жерде тас-талқан етіп қопарып бөгеп тастау керек (С.Шаймерденов). Қ-дыбысының қайталанып келгенін аңғаруымызға болады. Мысалы, қысаң сөзінің орнына тар; қаусырмаланып – жақын, жабысып; қопарып сөзінің орнына бұзып т.б. сөздерді беруге болады. Бұл жерде жазушы дыбысты еселей қайталау арқылы шығарма тілін тартымды етіп, ажарландырады. Оқырманға әсерлілігін күшейтеді.
«Жаялықша жалпиған, жарқанатша қалқиған, жермен жексен шымқора. Шымқорада жер үйде, желпіндірмес көр үйде, арса-арса боп сүйегі, қалақтай боп иегі, жаңқадай жоқ жақ еттен, саусақтары шілтиіп, көлеңкедей кірбиіп, бұл жатқан қай аруақ?
Әлсін-әлсін демігіп, тық-тық еткен жөтелі өңменіңнен өткендей, алма еріні кезеріп Бетпақ кезіп кеткендей, кимешегі қалқылдап қуыршаққа тіккендей, сатпақ-сатпақ жастығы жастық емес кетпендей, сар төсек боп сарғайып – бұл жатқан қай әйел? (Ж. Аймауытов).
Немесе «Екі көзінен жалп-жалп етіп, жанып бара жатқан зеңгір көк жапырақтар жерге түсіп жатқанын көрді… Алшақ жайласып, араласпай араз отыратын екі бай уәделесіп қойғандай, Майқұдық басына бүгін кешке жақын қатар келіп құлады».
– Иә, айта беріңіз, – деп манадан таңдайын қағып, таңданып отырған Күреңкөз қожаға бұрылды. Игілік ыңғайымен өруге үйреніп қалған топ, ол елең қылмағанға елеңдесіп қалғандарына ұялғандай болып... (Ғ. Мүсірепов.).
Прозадағы дыбыс үндестiгi мәтiннiң әуездiлiгiн тудырып, тiлiн ажарлап, оқырманын тартады. Дыбыстың қайталануы сөзге әсерін тигізеді. Дыбыстық қайталаманың негізгі стильдік қызметі - мәтіннің жағымды естілуі. Поэтикалық мәтіннің ұқсас дыбыстар арқылы берілуі оның эмоционалды бояуын арттырып, өлең өрімінің мәнерлілігін тудырады.
Кейде бірге жүрелік, кейде ойналық!
Достарыңызбен бөлісу: |