Адамзат баласы дүниеге келген күннен бастап қай жерде болмасын өзіне жәрдем беретін, барлық нәрсені құдіретіне бағындырған бір күшті іздеуде. Сол себепті алғашқы адамнан бүгінгі күнге дейін түрлі діни түсініктерімен қатар, алуан түрлі Тәңір бейнелері ортаға шықты. Уақыт өте келе үкімі жойылған діндердің бар болғаны секілді, діндер арасында құлшылық түрлері де өзгеріп отырды. Діндер мен адамзаттың иесі Ұлы Аллаһтың жіберген ең соңғы діні Ислам бойынша адамзаттың алғашқы діні – таухид діні. Діннің құрушысы – Ұлы Аллаһ. Аллаһ он сегіз мың ғаламды, адамды жаратты, кітаптар мен пайғамбарларды жіберді. Адамзат – бір ата-анадан тарады. Хз. Адамға (а.с.) әрбір нәрсенің есімі үйретілді және алғашқы пайғамбарлық міндеті жүктелді. Хз. Адам (а.с.) Аллаһтан алған уахимен өз дәуіріндегілерді тура жолға шақырды. Біршама уақыт өткен соң адамдар таухид негізін ұмытып, Аллаһтан басқа нәрселерге, табиғат күштеріне, өз қолдарымен жасап алған пұттарға табынып, бұларды Аллаһқа ортақ (серік) қоса бастағанда, Аллаһ Тағала елшілер жіберіп оларды хақ дінге тура жолға шақырып отырды. Хақ дін Аллаһтың елшілері арқылы ақыл – есі бүтін адамдарға жеткізілді. Сондықтан да адасушылықтар осылардан кейін, көп тәңірлік (политеизм) Тәңір сенімінен кейін пайда болды.
Ұлы Аллаһ, адамзатқа жаратушысын табу, ақиқатты түсіну үшін ақыл, үйреткен жолында жүру үшін ерік, қателескен кезде, тура жолын табу үшін мүмкіндік беріп, адамзатты жер бетінің халифасы қылды. Аллаһ Тағала мұнымен ғана шектеп қоймай адамзатқа ақиқат пен міндеттерін үйрету үшін әрдайым елшілер мен кітаптар жіберіп отырды. Кітап берілген пайғамбарлар дүниенің төрт бұрышындағы адамдарды ескерту мен тура жолға шақыру міндеттерін атқарды.
Аты аталған пайғамбарлардың кейбіреулерінің аттары Құран Кәрімде аталса да, негізгі саны мұнымен шектелмейді. Бұл мәселе жайлы Ниса сүресінің 164-165 аяттарында былай баяндалады: «Және саған бұрынғы пайғамбарларды баян қылдық, сондай-ақ пайғамбарлардың саған баян етпегеніміз де бар. Және Аллаһ (Т) Мұса (а.с.) –ға (тікелей) сөйлескен. Пайғамбарларды қуандырушы, қорқытушы етіп жібердік. Елшілерден кейін адамдардың Аллаһқа қарсы сылтауы болмауы үшін». Осы және осыған ұқсас аяттардан Хз. Мұхаммед (с.а.у.) – ға қыссасы баяндалған пайғамбарлармен қатар баяндалмағаны да бар екендігі белгілі. Оның үстіне бір хадисте 124 000 пайғамбар жіберілгендігі риуаят етіледі.
Адам баласы жолдарынан ауытқыған уақытта пайғамбарлар оларды қайтадан хақ дінге шақырушы елшілер болып саналады. Кітаптар пайғамбарлардан кейін олардың әкелген үкімдерін сақтады. Алайда белгілі пайғамбарлардың кітаптары бар. Басқалары солардың жолын ұстанды. Кітаптағы үкімдер толық сақталмай өзгертіле бастағанда кейінгі кітап келіп алдыңғы кітапты толықтырып жаңаланды. Адамдар көбейіп қоғам дамыған сайын діннің үкімдері де, жағдай мен қажеттілікке байланысты кемелденіп отырды. Кітаптар алдымен сухуфтарда (сухуф, парақ, жазу жазылған тақтай, папирус жапырағы) болса, кейіннен кітап беттеріне жазылды және Құран Кәріммен соңғы көрінісін тапты. Алайда парақтан кітапқа, жеңіл қарапайым үкімнен толыққанды үкімге қарай даму барысында таухид пен сенімге қатысты негіздер өзгерген жоқ. Өйткені уахидың қайнар бұлағы Ұлы Аллаһ, пайғамбарларда соны жеткізді. Куә болғанымыздай Исламда діннің қайнар көзі Ұлы жаратушыдан. Діннің бастауы (тотемизм, анемизм, натуризм) секілді көп тәңірлікке, көп тәңірліктен Жалғыз Жаратушы сеніміне ауысу емес, өз арасындағы кемеліне жету болатын. Алғашқы Хз. Адамнан (а.с.) бастап соңғы Хз. Мұхаммед (с.а.у.)-ға дейін Аллаһтың барлық елшілері бір ғана таухид негізін жеткізді. Бұл хабар түсінікті болсын және жүзеге асырылсын деп әрбір пайғамбарды сол қауымның тілінде сөйлейтін өз ішінен таңдады.
Біздің бұдан түсінетініміз Ислам сенімінде діннің қайнары уахи және пайғамбарлық. Уахи мен пайғамбарлықтың бар екендігіне тарих куә. Алайда уахи мен пайғамбарлық болмаған жағдайда адам ақылының дінді таба алуы, таба алмауы жайлы түрлі көзқарастар бар. Мұғтазила бойынша ақыл діннің негіздерін нақты түсіне алады. Әшғари сенімінде ақыл иләһи ескертуді түсінудегі көмекші құрал, сондықтан да адам уахи мен пайғамбарлық болмаса дінді танып біле алмайды. Сол себепті пайғамбарлық келмейінше Аллаһтың бар және бір екендігін танып білу адамға уәжіб емес. Матуриди сенімі бойынша уахи мен пайғамбарлық болмаса да, адамдар ақылдары арқылы Аллаһтың бар және бір екендігін табуы уәжіб. Ханафи ғұламаларының көпшілігінің айтуынша ақыл Аллаһтың бар екендігін, Оның кәміл сипаттарын танып біле алады. Әрине бұл ақыл жүгіртіп, ойлағанда ғана мүмкін нәрсе. Сол себепті адамзат Аллаһты ақылымен табуға міндетті. Діни үкімдерді түсіну иләһи ескертуге байланысты.
Біз кіріспеде қаншалықты дәрежеде дінге деген қажеттілікті Ислам көзқарасы бойынша баға берсек те, кітабымызда барлық діндерге кең көлемде тоқталдық. Ислам шеңберінен тыс әр діннің өзіне тән ерекшеліктеріне тоқталып, оқырманға жеткілікті түрде мағлұмат берілді. Бөлім соңындағы берілген сұрақтар, сол тақырып түсінікті болуы үшін бірегей қайталау болып саналады.
Бұл кітаптың шұғыл дайындалуына қажеттілік туындап отыр. Сондықтан қолымдағы мағлұматты жүйелі пайдаланып қажет болмаған мәселелерге көңіл бөлмей, өзекті нәрселерге тоқталуға тырыстым. Кітаптың шығуында атын еріксіз еске алатын ұстазым проф. Док. Гүнай Түмердің кітаптарынан көп пайдаландым. Сол себепті оның рухына дұға бағыштаймын. Иншаллаһ қолыңыздағы бұл кітап мұқтаждықты өтей алатындай, пайдалы мағлұмат болады деген сенімдемін.