Көздің бұршақ денесі - (lens crystallina) екі жағы дөңес (алдынғы жағынан артқы жағы дөңестеу), мөлдір, линза тәрізді дене. Ол қарашық пен түсті қабықтың артында, шыны тәрізді дененің алдыңғы жағындағы тостаған сияқты ерекше орында орналасқан. Оны қарашықтың ортасында кірпікті дене (цинова) байламы ұстап тұрады. Бұршақ денеде қан және жүйке тамырлары жоқ. Көз қуыстарының сұйығынан осмос арқылы қоректенеді. Бұршақ дене көздің негізгі жарықты сындыру мүшесі. Көз қусын (камерасын) алдыңғы және артқы камераларға бөледі. Көз бұршағының негізгі қызметі рефракция, яғни параллел жарық сәулелерін сындырып, оларды бір нүктеге жинау. Бұл нүкте «фокус» делінеді. Қалыпты фокус көздің торлы қабатына сәйкес келіп, жануарлар қоршаған орта заттарын анық көреді.
Шыны тәрізді дене – (corpus vitreum) көз алмасының көз бұршағы артында орналасқан камерасын толтырып тұратын іркілдек, мөлдір, фибрилл талшықтарымен айшықталған масса. Оның 98,5% су, ал қалғанын органикалық және бейорганикалық заттар құрайды. Қан және жүйке тамырлары жоқ. Кірпікті дене сұйығымен толығып отырады. Негізгі қызметі жарықты сындыру, сонымен қоса көздің ішкі қысымын, тамырлы және торлы қабықтарды қалыпты жағдайда ұстап тұрады.
Көз қосымшалары. Көз қосымшаларына жатады: көз шарасы, көз шарасының ішкі қабы, қабақтар, жас аппараты, көз майы және көз бұлшық еттері.
Көз шарасы – (orbita) бас сүйектің көз алмасы мен оның қосымшалары орналасқан ұяшығы. Оның жоғарғы жағын маңдай сүйек, төменгі жағын шықшыт және жас сүйектер, сырт жағын шықшыт және самай сүйектің шықшыт өсіндісі, ал іш жағын жас және маңдай сүйектер құрайды. Жылқыда, сиырда, қойда ол бастың алдына қарай шығыңқы орналасса, шошқада жанына қарай орналасқан. Негізгі қызметі көзді және оның қосымшаларын механикалық зақымдалулардан қорғау.
2 - ші сурет. Мүйізді ірі қараның бас сүйегінің көз шарасы аумағы:
1 - көз асты тесігі; 2 жас – танау қуысы; 3 - жас сүйегі; 4 - жас қабының шұңқыры; 5 - шықшыт сүйек; 6 - шықшыт сүйектің маңдай тармағы; 7 - шықшыт сүйектің самай тармағы; 8 - жас қабы; 9 - маңдай сүйек; 10 - маңдай сүйектің шықшыт тармағы; 11- көз шарасы.
Көз шарасының ішкі қабы – (periorbita) көз шарасының ішкі жағында орналасқан созылғыш дәнекер ұлпадан тұратын қапшық. Қапшықтың алдыңғы жағы көз шарасының арт жағындағы көру тесігінің айналасына бекісе, ал негізі көз шарасының айналасына бекіген. Оның ішінде көз алмасы, көз бұлшық еттері және көз майы орналасқан. Онда жүйке (артқы жағында көздің көру жүйкесі) және қан тамырлары өтетін торлы тесік бар.
Қабақтар – (palpebrae) көздің алдыңғы жағын жауып тұратын тері – етті қатпар. Ол көзді механикалық зақымдалулардан, шаң – кір түсуден, сондай – ақ қасаң қабықты кеуіп кетуден қорғайды. Сонымен бірге көзге түсетін жарық мөлшерін реттеуге қатысады. Ауыл шаруашылық малдарында үш қабақ бар. Олар: жоғарғы, төменгі және үшінші қабақ. Жоғарғы және төменгі қабақтар қозғалғыш, қақпақ сияқты көз саңылауын ашып – жауып тұрады. Қабақтың жиегі ішкі және сыртқы қабырғаларға бөлінеді. Сыртқы қабырғасында кірпіктер, ішкі қабырғасында мейбомиев безінің түтігі ашылады. Қабақтың ішкі жағы кілегейлі қабықпен қапталған. Ол қабақ конъюнктивасы деп аталады. Одан әрі көз алмасына ауысып, көз алмасының конъюнктивасы делінеді. Олардың бір – біріне ауысатын тұсы – конъюнктива төбесі болып табылады. Ал қабақтың ішкі қабырғасы мен көз алмасының аралығындағы қуыс «конъюнктивалық қап» делінеді. Қабақ терісі астында көздің дөңгелек бұлшық еттері (m. Orbicularis palpebrarum) орналасқан. Ол көз саңылауын кеңейтеді не тарылтады. Сонымен бірге жоғарғы қабақтың сыртқы, ішкі көтергіш бұлшық еттері (m. Levator palpebrae inferioris, m. Corrugator supercilii) және төменгі қабақтың түсіргіш бұлшық еттері (m. Depressor palpebrae inferioris) бар. Үшінші қабақ – (palpebra tertia) конъюнктиваның қатпары. Құстарда көздің ашып – жұму жарғағы деп аталады. Малдардың үшінші қабағының ішінде жарты ай тәрізді жұмсақ шеміршек пластика бар және ол көздің ішкі бұрышында орналасқан. Қой мен иттің үшінші қабағының ішкі бетінде лимфа фолликулалары шоғыры орналасқан. Олар қабынғанда айқын байқалады. Жоғарғы, төменгі қабақтар, үшінші қабақ, құстардың ашып – жұму жарғағы үнемі қозғалыста болып, көзді қорғап, түскен ұсақ бөгде заттардан тазартып отырады.
Көздің сірі қабықтары – (фасция) көз және оның бұлшық еттерін үш сірі қабық қоршап жатыр. Олар беткі (F. Superficialis), терең (F, profunda) және көз алмасы немесе тенова (f, bulbi) сірі қабықтары. Соңғы көз алмасы немесе тенова сірі қабығы көздің қасаң қабығының шетінен басталып, ақ қабықты, көз алмасын жауып, көз шарасының көру тесігінің айналасына бекіп, терең сірі қабықпен бірігіп, көздің көру жүйкесінің қынабын түзіп, бас сүйектің қуысына өтіп, ми қабымен байланысады. Сөйтіп көз алмасы мен ми арасындағы анатомиялық байланысты қамтамасыз етуге қатысады.
Көз майы – ол көз алмасының май жастықшасынан және май қапшығынан тұрады. Алғашқысы көз шарасының ішкі қабығының сыртында орналасқан және самай ойығын толтырып тұрады. Ол көздің сыртқы майы болып есептелінеді. Ал соңғысы көз шарасының ішкі қабығының ішінде орналасқан. Ол көз бұлшық еттерінің және көздің сірі қабықтарының аралықтарын толтырады және көру жүйкесін сыртынан қаптап жатады. Көз майы көз алмасының оңай қозғалуын қамтамасыз етеді. Оны жарақаттанудан, суық пен ыстықтан қорғайды.
Жас аппараты – (apparatus lacrimalis) жоғарғы және үшінші қабақтардың жас бездерінен, жас өзегінен, жас нүктелерінен, жас қапшығынан және жас – танау өзегінен тұрады. Жоғарғы қабақтың жас безі көз шарасының ішінде, көз алмасының жоғарғы жағында маңдай сүйектің көз шарасы өсіндісінің іш жағындағы арнайы ойықта орналасқан. Ол жалпақ келген, қызғылт түсті мүше. Диаметрі 5,5 см дейін жетеді. Сиырда екі бөліктен тұрады және одан 6 – 8 жас түтіктері шығады. Жылқыда жас түтіктерінің саны 12 – 16 дейін болады. Жас түтіктері жоғарғы қабақтың конъюнктивасында ашылады. Үшінші қабақтың жас безі (гардерова безі) оның шеміршегінде орналасқан. Одан 2-3 жас түтігі шығып, үшінші қабақтың көз алмасына қараған жағында ашылады.
Жас - жас безі шығаратын секрет. Ол әлсіз сілтілік мөлдір сұйық. Оның құрамы 99% судан, 1% қатты органикалық және бейорганикалық заттардан тұрады. Сонымен бірге жаста лизоцим бар. Ол антибактериалдық қасиетке ие. А витамині жетіспесе жаста лизоцим мөлшері азаятыны белгілі. Ол көз ауруларының пайда болуына себеп. Жас қабақтардың қозғалысы, яғни қабақ қағу кезінде шығып, конъюнктиваны, қасаң қабықты жуып, көздің ішкі бұрышына жиналады. Одан әрі жас шығару жолы арқылы (жас нүктелері, жас өзегі, жас қабы, жас – танау өзегі) танау қуысына шығарылады.
4 - ші сурет. Жылқының жас аппаратының құрылымы:
А. Бас сүйектегі жас – танау өзегінің сызбасы; Б. Жас органдары; 1 - жас безі; 2 - жас түтіктері; 3 - жас нүктелері; 4 - жас өзегі; 5 - жас қапшығы; 6 - жас - танау өзегі; 7 - жас - танау өзегінің танау қуысындағы тесігі.
Көзді қозғалтатын бұлшық еттер. Көз алмасын жеті бұлшық ет қозғалысқа келтіреді. Олардың төртеуі түзу бұлшық еттер. Жоғарғы және төменгі (m.m. recti bulbi dorsalis et ventralis), сыртқы және ішкі (m.m. recti lateralis et medialis) бұлшық еттер. Олар жиырылғанда көзді өз қасиеттеріне сай белгілі бағытқа қарай (жоғары – төмен немесе ішке – сыртқа) бұрады. Көздің екі қиғаш бұлшық еті бар. Жоғарғы қиғаш бұлшық ет (m. Oblidus bulbi dorsalis) көзді ішке және жоғары бұрады. Төменгі қиғаш бұлшық ет (m. Oblidus bulbi ventralis) көзді ішке және төмен бұрады. Көз алмасын тартқыш бұлшық ет (m. retractor bulbi) көз алмасын көз шарасының артына қарай тартып ұстап тұрады. Көздің барлық бұлшық еттері бірлесе – үйлесімді жұмыс істейді.
Көздің қан айналым жүйесі. Ауыл шаруашылық малдарында көзді қанмен төмендегі артериялар жүйесі қамтамасыз етеді және олар бір – бірімен анастомоз арқылы қатысады.
Қабақ артериялары жүйесі. Бұл жүйені төменгі қабақ артериясы, маңдай, шеткі самай және жартылай жас артериялары тармақтары құрайды.
Цилиар жүйесі. Ол сыртқы көз артериясынан басталады. Онда төрт цилиар артериясы бар. Қысқа артқы артерия, негізгі тамырлы қабыққа барады. Қысқа алдыңғы артерия – цилиар денесіне барады. Алдыңғы ұзын артерия – түсті қабық пен цилиар денесіне барады. Екі ( сыртқы және ішкі) ұзын артқы артериялар. Олар көз алмасының ішіне енеді.
Торлы қабықтың орталық артерия жүйесі. Ол ішкі көз артериясынан бастау алады. Ол тармақталып торлы қабықты қанмен қамтамасыз етеді.
Көз жүйкелері. Көзді бірнеше жұп бас – ми жүйкелері, симпатикалық жүйке тармақтары және көз алмасының цилиарлық жүйкесі жүйке жүйесімен қамтамасыз етеді.
Көзді қозғаушы жүйке – (n. Oculomotorius) Ол көздің жоғарғы қисық, сыртқы түзу және көз алмасын тартқыштың сыртқы тармақтарынан басқа барлық бұлшық еттерін жүйке жүйесімен қамтамасыз етеді. Бұл жүйкенің тармақтары көз және жоғарғы жақ жүйкесі тармақтарымен бірігіп, кірпікті дене өрімін түзеді. Одан кірпікті дене жүйкесі басталады. Көзді қозғаушы жүйкенің парасимпатикалық талшығы кірпікті дене түйініне келіп, одан түсті қабық сфинктеріне және кірпікті дене бұлшық етіне барады. Бұл жүйке симпатикалық жүйкенің антогонисі болып табылады.
Тежегіш жүйке – (n. Trochlearis) бұл жүйке алдыңғы ми желкенінен басталып, бір тармағы көздің сыртқы қисық бұлшық етіне барады.
Үштік жүйке – (n. Trigeminus) бірнеше тармақтарға бөлінеді. Оның көз тармағы жоғарғы қабақты, көздің терісін, конъюнктиваны, жас безін, жас өзектерін, жас қапшығын және үшінші қабақты жүйкемен қамтамасыз етеді. Сонымен бірге бір тармағы кірпікті дене түйінін түзуге қатысады. Жоғарғы жақ тармағы көздің төменгі қабағының терісін тармақтала қамтиды. Ал күйіс қайыратын малдарда оның тармақтары көздің бұлшық еттеріне де барады.
Бұрушы жүйке – ( n. Abducens) мидан шығатын бұл жүйкенің бір тармағы көз алмасының тартқыш бұлшық етін және көздің сыртқы түзу бұлшық етін қамтиды.
Бет жүйкесі – ( n. Facialis) қабақтың айналма бұлшық етін және жоғарғы қабақтың сыртқы көтергішін қамтиды.
Симпатикалық жүйке сабағы – ішкі ұйқы жүйкесі түзетін қуысты өрімінен кірпікті дене байламына симпатикалық жүйке талшықтары шоғыры бағытталады. Кірпікті дене байламы арқылы өткен олар көз алмасына еніп, кірпікті денеге, түсті қабыққа бағытталып, қарашықты кеңейтетін бұлшық етті жүйкемен қамтиды. Бұдан басқа қуысты өрім жас безіне, көз алмасы тамырлары бұлшық етіне және қабаққа симпатикалық жүйке талшықтарын береді. Оның дәнекер талшықтары көздің қозғаушы жүйкесінің, тежегіш жүйкесінің, бұрушы жүйкесінің және көз жүйкесінің құрамына енеді.
Көз алмасының цилиар жүйкесі – қысқа және ұзын цилиар жүйкесіне ажыратылады. Алғашқысына сезгіш, қозғағыш және симпатикалық, соңғысына тек сезгіш талшықтар енеді. Цилиар жүйкелері перихориойдальдық кеңестікке келіп, көздің ақ қабығы мен тамырлы қабығына тармақтарын береді. Кірпікті дене бұлшық етінде олар өрім түзіп, одан бұлшық еттің өзіне, цилиар өсіндісіне, түсті қабыққа және қасаң қабыққа бұтақтары тарайды.
Көз алмасының лимфа жүйесі. Көз алмасының ішінде лимфа тамырлары жоқ, бірақ лимфа кеңестіктері бар. Ол алдыңғы және артқы лимфа кеңестіктері болып бөлінеді. Алғашқысына көздің алдыңғы және артқы камералары кіреді. Ал артқы лимфа кеңестігі жүйесіне торлы қабық, шыны тәрізді дене, тамырлы қабық және ақ қабық лимфа жолдары енеді. Көздің кірпікті (цилиар) денесінде түзілген сұйық (лимфа) көздің артқы камерасына түсіп, одан қарашық арқылы көздің алдыңғы камерасына өтеді. Көздің алдыңғы камерасының бұрышында орналасқан фонтан кеңестігі бөлігінде сұйық алдыңғы цилиар венасына сүзіліп - сіңіп отырады. Сонымен қоса артқы камера қуыс кеңестік арқылы петитов каналымен байланысқан. Торлы қабықтың лимфа жолы шыны тәрізді дененің негізгі лимфа жолы – клокетов каналымен (клокетов канал – көздің бұршақ денесімен көру жүйкесін қосатын канал) және бүйірлік тармақтары петитов каналымен қосылған. Тамырлы қабық пен ақ қабық аралығында перихориоидальдық кеңестік жатыр. Одан лимфа сұйығы ирек венаның периваскулярлық қуысы арқылы теново кеңестігіне одан әрі көздің көру жүйкесінің қынабына түседі. Соңғысы өз кезегінде мидың субдуральды және субарахноидальды кеңестіктерімен қатынасады. Көз алмасының лимфа айналымында негізгі маңызға алдыңғы жүйе ие. Өйткені ол арқылы көзден лимфаның негізгі бөлігі ағып шығады.
5 – ші сурет. Жануарлардың қалыпты көз түбінің офтальмологиялық суреті (К.А. Фомин бойынша):
1 - жылқының қалыпты көз түбі; 2 - альбинос жылқының көз түбі; 3 - мүйізді ірі қараның көз түбі; 4 - ешкінің көз түбі; 5 - иттің көз түбі.
6 – ші сурет. Жануарлардың қалыпты көз түбінің офтальмологиялық суреті (К.А. Фомин бойынша):
1 - солтүстік бұғысының көз түбі; 2 - мысықтың көз түбі; 3 - пілдің көз түбі; 4 - түркімен түйесінің көз түбі.
КӨЗДІҢ ЖӘНЕ КӨЗ ҚОСЫМШАЛАРЫНЫҢ ФИЗИОЛОГИЯСЫ
Көздің көруі оның физиологиялық қасиеті. Көру актісі жарықтың көздің торлы қабығына өтіп, родопсин мен иодопсинді ыдыратуынан басталады. Осыдан пайда болған тітіркенулер жүйке торшалары арқылы көздің көру жүйкесіне беріледі. Одан әрі көру жүйкесі тітіркенуді мидың көру орталықтарына жеткізеді де мида көру сезімі пайда болады. Көз жарықтың тітіркендіруіне қалыптасып, оның шамасына қарай қозуы жоғарылап немесе төмендеп отырады. Осыған байланысты көз өте жарықтада, әлсіз жарықта да көре алады. Мұны көздің жарыққа бейімделуі – адаптациясы дейді. Зерттеулерге қарағанда өте жарықта (күндіз) торлы қабықтың сауытша тәрізді жүйке торшалары жұмыс істесе, әлсіз жарықта (кешкілік уақытта) таяқша тәрізді жүйке торшалары жұмыс істейді. Олар өзара байланыста бола отырып, бірінің қызметін бірі толықтырады. Олардың бұл жұмысын мидың көру орталығы реттеп отырады. Жануарлардың түсті ажыратуы әлі толық зерттеліп болмаған. К.Р. Викторова жүргізген зерттеулерінде құстардың күлгін жарықта қараңғыдағыдай көрмейтінін анықтаған. С. М. Павленко жылқы қызыл, сары, жасыл және күлгін түстерді ажырататынын дәлелдеген.
Көздің анатомиялық құрлымы фотокамера тәрізді. Көздің жарықты сындыру орталары – оның обьективі. Оған көздің қасаң қабығы, көз камералары, бұршақ дене, шыны тәрізді дене жатады. Олар жарық сәулелерін сындырып, бір нүктеге – фокусқа жинайды. Ол бұзылса көз қоршаған ортаны дұрыс көрмейді. Көздің оптикалық жүйесінің тыныштықта паралелл жарық сәулелерін сындырып, бір нүктеге жинайтын анатомиялық мүмкіндігін рефракция дейді. Ол жарық сәулесінің тығыздығы әртүрлі орталардан өтуінің нәтижесі болып табылады. Рефракция қалыпты болса оны эмметропиялық, ал қалыптан ауытқыса – аметропиялық рефракция дейді.
Эмметропиялық рефракцияда – көздің оптикалық жүйесі паралелл жарық сәулелерін сындырғаннан кейін олардың фокусы көздің торлы қабығына сәйкес келеді және көздің заттарды анық көруі мүмкін болады. Кейде негізгі фокус торлы қабыққа сәйкес келмейді, не оған жетпейді, не асып кетеді де заттарды анық көру мүмкін болмайды. Қалыптан ауытқыған рефракцияның бірнеше түрлері бар.
Миопия – фокустың торлы қабықққа жетпей оның алдында орналасуы. Оның себебі туа немесе жүре біткен көздің оптикалық жүйесінің ақаулары. Бірінші себебіне көздің туа біткен аса сопақтығы (көз алмасының алдынан артына қарай жүргізілген диаметрі ұзын) немесе бұршақ дененің шар сияқты домалақ болуы жатады. Екінші себебі көздің жарықты сындыру орталарының бірінің немесе бірнешеуінің тығыздықтарының қалыптан тым жоғары болып, жарықты шамадан тыс сындыруы. Миопияда анық көру тек зат көзге өте жақын орналасса ғана мүмкін болады. Ол «жақыннан көргіштік» деген атпен белгілі. Медицинада көздің бұл кемістігін қалыпқа келтіру үшін екі жағы ойық линзадан жасалған көзілдірік пайдаланылады.
Гиперметропия – фокустың торлы қабықтың сыртында орналасуы. Бұл жағдай керісінше туа біткен көз осьінің қысқа болуынан немесе көздің оптикалық ортасының жарықты нашар сындыруынан болады. Мұндай жағдай көздің бұршақ денесінің болмауы немесе оның орнынан тайуы, жарықты сындыруының кемуі, шыны тәрізді дененің тығыздығының төмендеуі сияқты көз ауруларында байқалады. Көзінде мұндай ақаулары бар адамдар мен жануарлар алыстағы заттарды жақсы көреді («алыстан көргіштік»). Медицинада көздің бұл кемістігін қалыпқа келтіру үшін екі жағы дөңес линзадан жасалған көзілдірік пайдаланылады.
Анизометропия – бір жақ көздің рефракциясы қалыпты болғанда екінші жақ көздің жақыннан немесе алыстан дұрыс көрмеуі, яғни бір жақ көзде миопиялық, ал екінші жақ көзде гиперметропиялық ауытқулардың болуы. Көздің бұл кемістігі жануарларда өте аз зерттелген. Кейбір деректерге қарағанда анизометропия 10 % жануарлардың көздерінде кездеседі.
Астигматизм – көздің оптикалық ортасында сындырылған жарық сәулелерінің бір нүктеге (фокусқа) бірікпеуі. Бұл ақаудың негізгі себебі көздің қасаң қабығының бетінің тегіс болмауы. Ол туа біткен анатомиялық ауытқу болуы мүмкін немесе жүре пайда болады. Мысалы көздің қасаң қабығы жарақатының тыртық болып жазылуынан оның беті кедір – бұдырланады.
Рефракцияны жануарларда зерттеу не үшін қажет деген заңды сұрақ туады (жануарларға көзілдірік кигізіп көзінің рефракциясын түземейміз ғой!). Дегенмен оның үлкен тәжірибелік маңызы бар. Көздің бұл кемістігі көбіне тұқым қуалайды. Сондықтан көзінде мұндай ақауы бар асыл тұқымды малдарды сатып алуға, өсімге қалтыруға болмайды. Ал бәйге, спорт аттарын және цирк жануарларын іріктегенде үлкен тәжірибелік маңызы бар. Көзінің рефракциясы дұрыс емес жануарлар мұндай мақсаттарға пайдаланылмайды.
Аккомодация - көздің әртүрлі қашықтықтағы заттарды анық көру мүмкіндігі, көздің ерекше физиологиялық қасиеті. Көз анық көру үшін көздің рефракциясы қалыпты болуы шарт. Сонда жануарлар жақынды да, алысты да жақсы көреді. Қалыпты жағдайда жануарлар әртүрлі қашықтықтардағы заттарды анық көре алады. Ол аккомодацияға байланысты. Аккомодация – негізінен көз бұршағының өз дөңестігін өзгерте алу қасиетіне байланысты жүзеге асады. Аккомодация механизмі көзді қозғалту жүйкесімен қамтылған цилиарлық бұлшық етің қызметіне байланысты. Бұлшық ет жиырылғанда қарашықты ұстап тұрған циннова байламы босаңсыды. Бұл кезде көз бұршағы өзінің серпімділік қасиетінің арқасында дөңестенеді, сөйтіп жарық сәулесін сындыру қасиеті артады. Ал жоғарыдағы бұлшық ет босаңсыса көз бұршағы бастапқы қалпына келеді де жарық сәулесін сындыру қасиеті төмендейді. Сонымен бірге аккомодацияға басқа да көздің құрылымдары қатысады: қарашық кішірейеді, көздің алдыңғы камерасының ортасы тығыздалып, дөңестенеді.
Көздің аккомодация қасиеті шексіз емес, осыған байланысты көздің алыстан немесе жақыннан көруі белгілі бір деңгейде шектеулі. Ол жасқа да байланысты. Адамдардағы сияқты жасқа байланысты рефракцияның өзгеруі жануарларда өте аз байқалатыны (0,25 Д) анықталған. Дегенмен жас жануарларда аккомодация ешбір қиналыссыз жүрсе, жасамыс жануарларда көз бұршағында ерімейтін белок, майлы заттар, әсіресе холестерин, сонымен бірге бейорганикалық заттар: калий, фосфор көбейіп, судың азаюы оның серпімділігін төмендетеді. Осыған байланысты аккомодация баяулайды. Бұл кезде көз бұршағы біршама жалпайып, жақыннан көру қиындап, жасамыс жануарларда «алыстан көргіштік» қалыптасады. Ол біртіндеп пайда болып, өрши береді. Оның механизмі рефракцияда қарастырылды. Жасқа байланысты «алыстан көргіштік» - пресбиопия деп те аталады. Адамдарда ол 40 жастан асқанда, иттерде 8 – 10 жаста, сиыр мен жылқыда 15 – 18 жаста пайда бола бастайтыны белгілі. Осыған байланысты бұл жаста айналаны бағдарлау қиындайды. Жоғарыда айтқандай бәйге, спорт, цирк жануарларын пайдалануға кері әсерін тигізеді.
Жан – жануарларда анатомиялық құрылысы бірдей екі көз бар. Жақсы көру үшін осы екі көзбен бірдей көру керек. Бір көзбен қарап көру – монокулярлық, ал екі көзбен бірдей көру – бинокулярлық көру деп аталады. Бір көзбен көру зат туралы барлық деректерді алуға толық мүмкіндік бермейді, негізінен ол заттың ені мен биіктігі бойынша сұлбасын көреміз. Ал заттарды үш өлшемде (ені, биіктігі, тереңдігі) және анық көру екі көзбен бірдей қарағанда мүмкін болады. Ол екі көздің көру осьтерінің көретін затта түйісуі нәтижесінде жүзеге асады. Бинокулярлық көру – көздері бас сүйегінің бет аймағында орналасқан адам, маймыл және мысық тектес жануарларға тән. Ал өзге жануарлар, оның ішінде ауылшаруашылық малдарында монокулярлық көру басым. Өйткені олардың көздері бас сүйектерінің екі жағында орналасқан. Олар бинокулярлық көруді тек заттарды жақыннан көру үшін қысқа уақытқа пайдаланады. Сонымен бірге бұл жануарлар монокулярлық көрудің кемістіктерін ұзын мойындарының қозғалғыштығымен, көз бұлшық еттерінің көмегімен көздерін жан – жаққа қозғап, көру алаңын ұлғайта алуымен толықтырады. Олар бір көзбен анық көру үшін көз бұлшық еттері көмегімен заттардың сұлбасын көздің торлы қабығының ең сезімтал ортаңғы бөлігіне бағыттайды.
7 – ші сурет. Көздің жарықты сындыруы:
1 - эмметропиялық рефракция; 2 - миопия; 3 - миопияны екі жағы ойық дөңес линзаман түзеу; 4 - гиперметропия; 5 - гиперметропияны екі жағы дөңес линзаман түзеу.
КӨЗ АУРУЛАРЫ
КӨЗ ШАРАСЫНЫҢ АУРУЛАРЫ
Көз шарасы көзді механикалық әсерлерден қорғайды. Ол әр түрлі механикалық сыртқы әсерлерден жиі жарақаттанады. Көзге соққы тиюі, малды көліктермен тасығанда ұрылу, соғылу салдарынан ашық және жабық жарақаттар алады. Көзге бөгде заттардың енуі, көз шарасы сүйектерінің сынуы салдарынан оның ұлпалары мен көз алмасы қабына (периорбита) қан құйылады. Бұлшық еттер мен сірі қабықтардың үзілуі және шықшыт буынның шығуы салдарынан көз алмасының орнынан қозғалуы, көз шарасынан шығуы, тіпті сыртқа түсуі мүмкін. Көз шарасының жарақаттары салдарынан бұл аумақта асептикалық, ал инфекция түссе шірікті қабынулар дамиды.
Көз шарасының жарақаттары – (Vulnera, contusions) тілінуі, соғылуы. Көз шарасы әртүрлі механикалық әсерлерден жиі жарақаттанады. Егер әсер үстірт болса ол жеңіл өтеді. Егер жарақаты терең болса көздің ішкі құрылымдары қоса зақымдалып, инфекция еніп, ауру асқынып, ауыр өтуі мүмкін (ретробульбарлық флегмона т.б.).
Белгілері. Көз шарасының беткейлі ашық және жабық механикалық жарақаттарын, яғни тілінуі мен соғылуын қарау, сипау арқылы оңай анықтауға болады. Ашық механикалық жарақатта ол жердің жабын ұлпаларының бүтіндігі бұзылып, қан ағады. Ал жабық механикалық жарақатта ісіну, аурушаңдық байқалады.
Емі. Егер ашық жарақат беткейлі болса механикалық тазалаудан соң дезинфекциялық дәрілермен жуылады (фурацилин 1:5000, перманганат калий 1: 1000). Қан ағу болса 5 % иод ерітіндісіне батырылған мақта – мәрлі тығынын (тампон) қойып, бинтпен таңғыш салынады немесе кілейлі таңғышпен (лейкопластр) жапсырылады. Жарақат терең болса және ірі қан тамырлары жарақаттанса ол жерге хирургиялық тігіс салынады. Жарақатты өңдеуге септо – спрей, чеми – спрей аэрозолдарын, монклавит – 1 ерітіндісін, иод – глицерин қоспасын қолдануға болады.
Көз шарасы сүйектерінің сынуы. Себептері: көз аумағына тиген қатты соққы, терең механикалық жарақат. Жиі жылқыда кездеседі. Көз шарасын құрайтын маңдай, самай, шықшыт сүйектердің өсінділері сынады. Жас сүйегінің толық сынуы немесе шытынауы мүмкін.
Белгілері. Көз шарасының сүйектері сынса көз аумағы қатты ауырады. Қабақ, конъюнктива ісініп, көзге қан құйылады. Қасаң қабық та зақымдалуы мүмкін. Ол алашабырланып (диффузды) бұлдырланады. Көз шарасы сүйегі толық сынса, сипағанда қозғалады, сықырлайды. Кейде сынған сүйек бөлшектері қозғалып жүреді. Сынған сүйек ұштары көз алмасына еніп, көзді шығарып жіберуі де кездеседі. Көз шарасы сүйегі толық сынып, орнын ауыстырса көз алмасы да өзгеріске ұшырайды. Ол орнынан қозғалып, ішке кіреді немесе сыртқа қарай шығады. Қорытынды диагноз қою үшін көз шарасын рентгенге түсіріп қарау қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |