Аллаберген тарих және баспасөЗ (Қазақ мерзімді баспасөзінің зерттелу тарихынан) Екінші кітап



бет1/15
Дата25.02.2016
өлшемі1.13 Mb.
#20331
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
Қырықбай Аллаберген
ТАРИХ ЖӘНЕ БАСПАСӨЗ
(Қазақ мерзімді баспасөзінің зерттелу тарихынан)

Екінші кітап

УДК 070

ББК – 76.02



А – 44

Пікір жазған: филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұрсынбек Кәкішев


Қырықбай Аллаберген


Тарих және баспасөз (Қазақ мерзімді баспасөзінің зерттелу тарихынан). –

Екінші кітап.

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Кереку» баспасы, 2009 жыл, 169 бет.
ISBN
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қырықбай Аллабергеннің бұл зерттеу еңбегінің екінші кітабында қазақ мерзімді баспасөзінің тарихына қатысты материалдар, қазақ мерзімді баспасөзінің тарихын зерттеушілер және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бұқаралық ақпарат құралдарына арнап шығаратын «Хабаршының» 1997-1999 жылдардағы сандарына сараптама мен «Қазақ мерзімді баспасөзінің тарихы» туралы қысқаша анықтама беріледі. Сондай-ақ, соңғы жылдары республикамыздың түрлі баспаларынан шыққан бірталай еңбектерге жазылған рецензиялар да бар. Кітап жоғары оқу орындарының тарих, филология және журналистика факультетерінің оқытушылары мен студенттеріне және көпшілік оқырман қауымға арналып жазылған.
ISBN

ББК


Аллаберген Қ.


АЛҒЫ СӨЗ
Бұл кітаптың «Қазақ мерзімді баспасөзінің зерттелу тарихынан» деген екінші бөлімінде автордың қазақ мерзімді баспасөзінің тарихына қатысты әр жылдары Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған зерттеу мақалалары жинақталып берілген. Онда негізінен облыстық және республикалық БАҚ-тардың қалыптасу, даму жолдары мен қатар кейбір кемшін жақтары да қарастырылып, XIX-XX ғасыр аралығында орыс басылымдарында көтерілген қазақ тақырыбының жай-күйі және республикамызда бүгінгі таңда журналист кадрларын дайындаудың өткір проблемалары да сөз болады.

Сондай-ақ, кешегі кеңестік идеологияның қиын-қыстау кезеңінің өзінде-ақ «Қазақ мерзімді баспасөзінің» ақиқат тарихын жазуға барынша күш салып, үлестерін қосқан, тіпті орталықтан қудалау көріп, жазаға да ұшыраған Б. Кенжебаев, Қ. Бекхожин, Т. Қожакеев, Ү. Сұбханбердина, М. Барманқұлов сынды ғалымдардың зерттеу еңбектері туралы бүгінгі күн тұрғысынан жазылған тың пікірлермен де таныса аласыздар.

Екіншіден, бұл еңбекте қазақтың білім ордасының қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің ұжымы шығаратын «Хабаршы» журналының 1997-1999 жылдары шыққан сандарына жан-жақты сараптама жасалып, республика көлемінде «Әлем және ақпарат», «Журналистика. Қоғам. Саясат. Экономика», «Публицистика әлемі», «Баспасөз тарихы», «Электронды ақпарат құралдары», «Шеберлік мектебі» салалары бойынша біздің елімізде де төртінші билік аталып отырылған бүгінгі таңның бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына белгілі бір дәрежеде баға беріледі.

Үшіншіден, кітап авторының өзі де қазақ мерзімді баспасөзінің тарихын зерттеушілерінің бірі болғандықтан (оның «Алты алаштың ардақтылары», «Қазақ журналистикасының тарихы», «Көне басылымдар. Құнды деректер. Аяулы есімдер», «Әлем баспасөзі тарихынан», «Қазақ мерзімді баспасөзінің тарихы» және т.б. оқулықтары мен монографиялары бар) қазақ мерзімді баспасөзінің XIX ғасырдың екінші жартысынан күні бүгінге дейін шыққан және шығып келе жатқан «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газетінен» бастап «Егемен Қазақстанға» дейінгі басты-басты деген 60 шақты газет-журналдардың тарихы туралы қысқаша энциклопедиялық анықтама беріп, баспасөз мұрағатын бір жерге жинақтауының өзі болашақ маман, зерттеуші, ізденушілер үшін таптырмайтын дерек көзі деп білеміз.

Төртіншіден, зерттеуде көтеріліп отырылған тақырып аясына орай, соңғы жылдары республикамыздың түрлі баспаларынан жарық көріп оқырмандарына жол тартқан бірталай ғылыми, публицистикалық және көркем жанрда жазылған кітаптарға жазылған рецензиялар да өз оқырмандарын табар деген ойдамыз.

БІРІНШІ ТАРАУ

Бұқаралық ақпарат құралдары және қоғам
1. Жер жаннаты өңірінің жаршысы

(Алматы облыстық баспасөзінің тарихынан)
1.«Заря свободы» газеті
Кеңес өкіметі Верный қаласында 1918 жылдың 3 наурызында орнады. Ол көп кешікпей бүкіл Жетісу облысына да билік жүргізе бастады (Ол кезде Жетісу облысына осы күнгі Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысының біраз жерлері және туысқан Қырғыстан республикасының территориясы қарайтын). Верный большевиктері де қазақ жерінде орнаған Кеңес өкіметін нығайту үшін күресте баспасөздің қажеттігін жақсы түсінді. Сондықтан олар «Заря свободы» деп аталатын (қазіргі «Огни Алатау») басылымды шығаруға күш салды. Сөйтіп, ол газеттің алғашқы нөмірі 1918 жылдың 8 наурызында жарық көрді.

Ең бастысы «Заря свободы» газеті редакциясы құрамында арнаулы қазақ бөлімі болды. Мұнда маңызды мәселелер және жергілікті халыққа қажеті бар материалдар орыс және қазақ тілдерінде аралас басылып отырылды.

Газеттің бетінде Жетісуда Кеңес өкіметін орнату үшін күреске белсене қатысқан большевик Тоқаш Бокиннің, Сабыржан Ғаббасовтың хаттары мен мақалалары қазақ және орыс тілдерінде жиі басылып, орынды пайдаланылып отырылды. Мәселен, Т. Бокиннің «Қазақ жолдастарға!» («Заря свободы» газеті 1918 жыл, 16 мамыр) деген хатында, Кеңес өкіметі еңбекші халыққа не беруге тиісті екендігі түсіндірілді. Автор қазақ еңбекшілерін Кеңес жұмысына белсене қатысуға, контрреволюцияшыл күштерге қарсы күресуге шақырды, себебі, ол орыс және басқа ұлт орыс-қазақ арасындағы қарым-қатынас коммисиясының төрағасы болатын. Сондықтан редакция алқасы мен большевиктер оны «еңбекші халықтың сенімді және қайратты жақтаушысы» деп дәріптеді.

Осы басылымның бетінде басқа да көптеген аралас материалдар басылды. Осының өзі, бір жағынан қазақ ішінде дербес газет шығарудың бастамасы әрі ұлт кадрларын әзірлеудің бірден-бір дұрыс жолы еді.

«Заря свободыда» кейде большевиктердің ұғымына жат, ұлтшылдықты, дінді уағыздайтын материалдар да жарияланып қалып жүрді. Бірақ оның қазақтарға келіп-кететіні шамалы еді. Себебі, түптеп келгенде большевиктер де, эсер-меньшевиктер де өздерінің бас пайдасын ойлайтын. Олардың бұратаналардың болашақтарын ойлап бас қатыруларына уақыттары жоқ-тын.

Міне, осындай кейбір кемшіліктеріне қатысты «Заря свободы» газеті өзінің 80 нөмірінен кейін, яғни 1918 жылдың 18 маусымында шығуын тоқтатты.


2. «Жетісу ісші халық мұхбірі»

(Жетісу еңбекші халқының хабаршысы),

«Көмек» және «Голос Семиречья» газеттері
Жетісу облыстық ревкомының және ұлт істері жөніндегі облыстық комитетінің органы «Жетісу ісші халық мұхбірі» (дұрысы «Жетісу еңбекші халқының хабаршысы» қазақ, өзбек, ұйғыр, татар, қырғыз тілдерінде аралас басылым ретінде 1918 жылы 21 маусымда Алматыда шыға бастады. Бұл осы өңірдегі тұңғыш қазақ газетінің (қазіргі – «Жетісу») редакторы болып Сабыржан Ғаббасов енгізілді. Бұрын «Айқап» журналында тілші болып, журналистік тәжірибе жинақтаған ол газет шығару ісіне көп көмек көрсетті.

1918 жылы 17 маусымда Жетісу облысы соғыс жағдайында деп жарияланды. Себебі, Семей жағынан ақ гварияшылар шабуыл жасап келе жатты. Сөйтіп, Солтүстік Жетісу майданы құрылды. Міне, осындай соғыс қаупі төніп тұрған жағдайда «Мұхбір» газеті алғашқы нөмірлерінен-ақ майдан тақырыбына үлкен мән берді.

Біздерге азамат соғысында атақты «Черкасск қорғанысына» қатысушылардың ерлік істері аян. Солтүстік майданның бөлімдері Лепсі уезінен оңтүстік жаққа қарай аттанып кеткен кезде бірқатар селолар мен ауылдардың еңбекшілері қорғаныс ауданын құрды. Сөйтіп, жауынгерлерінің саны 5 мыңға жеткен «Черкасск қорғанысына» қатысушылар бір жылдан аса- 1918 жылдың тамыз айынан 1919 жылдың 14 қазанына дейінгі уақыттың ішінде күші мен сан жағынан көп басым атаман Анненковтың ақ гвардияшыларының шабылуына төтеп береді. «Мұхбір» газетінде черкасшылардың осындай ерлік істері жайында хабарлар жиі басылып тұрды.

Сөйтіп, Анненков 1919 жылдың қаңтар айында әскерімен Семейден шығып, Жетісу өңіріне қарай беттейді. Себебі, оған қайткен күнде де атақты «Черкасск қорғанысын» қиратып, одан әрі Алматы мен Ташкентке шабуыл жасау бұйырылған. Ақтардың алғаш табан тіреген жері Үшарал елді мекені болатын. «Мұхбір» газетінің жазуынша бұл селоның мұжықтары Анненковты нан мен тұзбен құрақ ұшып қарсы алады. Бірақ жау мұжықтарды шауып өлтіріп, мал-мүліктерін тонап әкетеді.

Ақтардың Жетісу жеріндегі іс-әрекеттері жайында «Жетісу ісші халық мұхбірі» газетіне В.Ф. Сизенко дегеннің «Черкасск қорғанысының тарихы» атты мақаласы жарияланып, онда: «1919 жылдың 17-қаңтарында атаман Анненковтың әскерлері Үшаралдан Андреевка селосына шабуыл жасады. Соғыс барысында олар көп шығындалып, ақыры бет-бетімен кері шегінуге мәжбүр болды», - деп партизандардың ерлік істері туралы мақтанышпен жазылған.

«Жетісу ісші халық мұхбірі» газетінде черкассктықтардың ерліктері туралы бұдан басқа да көптеген материалдар жарияланған. Мысалы, басылымның 1919 жылғы 6-мамыр күнгі нөмірінде: «Андреевка селосының түбінде Ярушиннің отряды талқандалғаннан кейін Черкасск қорғанысы партизандарының көпшілігі Анненковтың әскеріне қарсы шабуылға шықты. Сөйтіп, Осиновка мен Герасимовка селоларының екі аралығында қырғын соғыс басталды. Бірнеше сағатқа созылған ұрысқа жау жағы басымдылық көрсетіп, партизандар кейін шегінуге мәжбүр болды»,-деп шындықты көрсете отырып, жергілікті тұрғындар тарапынан көмек сұраған.

Сөйтіп, «Жетісу ісші халық мұхбірі» және кейін осы басылымның орнына дербес қазақ газеті атанып шыққан «Көмек» те Қазақстанда, оның ішінде Жетісу өңірінде болып жатқан азамат соғысының барысы жайында егжей-тегжейлі жазып, оқырмандарын хабардар етіп отырған.

Енді газеттің жайына қайтып келетін болсақ, онда С. Шәкіржановтың айтуынша, бастапқы кезеңде газеттің тілі татар тіліне ұқсастау еді. Өйткені, редколлегияда қазақ болмаған. Кейін әріп теруші мен редколлегияның екі мүшесі қазақ болды. Ақыры газет таза қазақ тілінде шыға бастады.

Бұл газет жетісудағы қазақ халқына сонымен бірге ұйғыр, дүнген, татар, өзбек еңбекшілеріне, кеңес өкіметінің мәні мен маңызын насихаттап, оларды жаңа өмір құру жолындағы күреске шақырды. Сөйтіп, Жетісудағы тұңғыш қазақ газеті «Мұхбірдің» 41-нөмірі шығып, тоқтатылды. Себебі, Жетісу облыстық ұлт істері бөлімі 1918 жылы 3-желтоқсанда «Мұхбірдің» орнына дербес қазақ газеті шығарылып, оның аты «Көмек» деп аталсын, газет аптасына екі рет шығатын болсын, ал газеттің алғашқы нөмірі 1500 дана болып басылып, халыққа тегін таралсын» деген қаулы қабылданды.

«Көмек» газетінің алғашқы нөмірі «Мұхбірдің» жалғасы ретінде 1919 жылғы 1-қаңтардан бастап шықты. Бұрынғы газетке қарағанда «Көмектің» идеялық мазмұны мен материалдарының сапасы анағұрлым жоғары болды. Газет жергілікті Кеңес, шаруашылық органдарының қаулыларымен бұйрықтарын бұрынғыдай талғаусыз және түгел жариялай бермей, іріктеп, ықшамдап басатын болды.

Жергілікті қазақ баспасөзін 1918-1919 жылдары облыстық атқару комитетінде қызмет істеген Ораз Жандосов басқарды. Оның иницативасы бойынша газеттің жұмысы, халық арасында таралуы, сапасының жақсаруы жөнінде талай рет мәселе қаралып, тиісті шаралар қолданылып отырылды.

«Көмек» газеті 1919 жылдың орта шеніне дейін облыстық Кеңес атқару комитетінің органы болып келді. Сондықтан облыстық Кеңес атқару комитетінің ұлт істері бөлімі баспасөз жөніндегі келесі бір қаулысында: «Газетке түскен әрбір мақала редколлегия мәжілісінде қаралуы тиіс. Ұстаздар мен қалалардан тілшілер тартылуы керек. Олардың көпшілігі уездердегі мәдени-ағарту бөлімдерінің бастығы болуы жөн. Бұл қызметкерлер әртүрлі салалардан уездің мәдениеті, экономикасы және саяси әлеуметтік өмірінен жазып тұратын болсын және облыстық, ауылдық атқару комитеттері, кәсіпшілер одақтары мен мектептер газетті алып тұруға міндетті»,-деп өкім шығарды.

«Голос Семиречья» газеті Жетісу облыстық партия комитетінің қаулысы бойынша 1919 жылы 1-шілдеде бұрынғы «Хабаршының» орнына шықты. Бұл Жетісудағы бірінші облыстық партиялық газет еді. «Көмек» және «Голос Семиречья» екеуі де дербес газет болғанымен, облыстың өміріне байланысты және басты кейбір мәселелер жөнінде бұл екі газет те бірдей жазып отырды. Бұрынғыларға қарағанда «Голос Семиречья» газетінде материалдарды орналастыру басқаша болды. Оның бетінде «Кеңес өкіметінің ісі мен бұйрықтары», «РОСТА-ның телеграммалары», «Кеңестік Ресей», «Шетелдерде», «Жергілікті өмір», «Партия тұрмысы», «Театр мен музыка» және басқа да айдарлар болды. Бұл жаңа газеттерде бұйрықтар, қарарлар өте аз басылып, еңбекшілердің хат-хабар, мақалалары көбірек жарияланатын. Мұның өзі оның мазмұнын байыта түсті.

Сонымен бірге газет шаруашылық, халық ағарту мәселелеріне де көңіл бөліп отырды. Мәселен, онда 8-10 жасқа дейінгі балалар бастауыш мектепте тегін және міндетті түрде оқытылатыны, мұғалімдерге пәтер тегін берілетіні, балалар бақшасына тәрбиешілер даярлайтын курс ашылатыны, курсанаттарға жатақ орын, стипендия берілетіні туралы жазылды.

Ресейдің және облыс жағдайының әрбір кезеңіне қарай Жетісудың большевиктік газеттерінің аты өзгеріп отырды.

3. «ПРАВДА», «ҰШҚЫН» газеттері
1919 жылғы 14 желтоқсаннан бастап «Голос Семиречьяның» аты өзгеріп, «Правда» болып шықты. Ал «Көмек» 1920 жылдың 4 қаңтарынан бастап «ҰШҚЫН» деп аталды. Бұл екеуі дербес газет болғанымен, іс жүзінде біртектес еді, себебі аса маңызды деген материалдар екеуінде бірдей басылып шығатын.

Алматыға Д. Фурманов 1920 жылдың сәуір айынын басында жіберілді. Негізі ол Ташкентке Түркістан революциялық- әскери кеңесінін және Түркістан өлкелік партия комитетінің өкілі ретінде ұсынылған. Ал Алматыға болса ол 3-дивизиялық әскери кеңесінін төрағасы болып келді.

Жергілікті жағдаймен танысып, қызметіне кіріскеннен кейін үш күннен соң Д. Фурманов облыстық комитет пен революциялық комитеттің 1920 жылғы 17- сәуіріндегі біріккен мәжілісінде «Правда», «Ұшқын» газеттерін түркістандық 3-атқыштар дивизиясы саяси бөлімінің қарамағына беру туралы мәселе қойып, ұсынысын қабылдатып, өзінің басты мақсатын басылым арқылы жүзеге асыра бастайды.

Сөйтіп, көп кешікпей екі газет те Д. Фурмановтың тікелей басшылық етуімен шыға бастады. Ол редакцияның штатын негізінен өзімен ерте келген журналистермен және жергілікті кадрлардан (С. Шәкіржанов, Қ. Абдулин. Бұл екеуі де осы газеттің редакторлары болған) іріктеп алып толықтырды.

Жаңа редактор, яғни Д. Фурмановтың тікелей араласуымен шығып тұрған «Ұшқын» және «Правда» басылымдарының беттерінде Жетісу өлкесі алдында тұрған негізгі мынандай мәселелер қамтылды: Ауыл шаруашылығы мен өндірістегі күйзелушілікпен күресу, Қызыл кеңес және әскери аппараттың жұмысын қайта құру, қазақ кедейлерінің көкейкесті мүдделерін қанағаттандыру, әсіресе, патша өкіметінің қудалауынан (1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты) Қытай жаққа өтіп кеткен, бірақ туып-өскен жерін қимай, Отанына қайтып оралған босқын қазақтарға жәрдем көрсету, еңбекшілер арасында саяси-ағарту жұмысын жүргізу.

4. «Бұқара» және «Кедей Еркі» газеттері
1920 жылдың 1-қарашасынан бастап, жоғарыда аталған «Ұшқынның» орнына енді «Бұқара» газеті шығарыла бастайды. Ұйғыр тілінде оның 1921 жылдың наурыз айына дейін 17 нөмірі жарық көрген. Редакторы Исмайыл Таиров. Бірақ 1921 жылы партияның жаңа экономикалық саясатқа көшуіне байланысты шешім қабылдануына орай бұл басылым шығуын тоқтатады да, орнына Қ. Абдуллин редакторлық еткен «Кедей еркі» газеті дүниеге келеді. Онда «Кеңес өкіметі һәм жарлы-жалшылар», «Азық-ауқат салығы туралы бір-екі сөз», «Азық-түлік һәм тұтыну кооперациясы» деген маңызды мақалалар мен қатар І. Жансүгіров, О. Жандосовтың және т.б. әйел теңдігі, ел бірлігі мәселелеріне арналған шығармалары жарияланған. «Кедей еркінің» 1922 жылдың тамыз айына дейін барлығы 25 саны жарық көрген.

5. «ТІЛШІ» газеті мен «ЖЕТІСУ ӘЙЕЛІ» журналы
«Тілші» газеті 1922 жылдың 18-тамызынан бастап шыға бастаған. Алғашқы редакторы Сәдуақас Оспанов болған. Кейін бұл жұмысты Сара Есова жалғастырған. Содан бұл басылым 1929 жылдың соңына дейін, яғни Алматы жаңа астанаға айналғанға дейін үзбей жарық көрді. Бұл негізінен ауыл, шаруа газеті еді. Сондықтан мұнда көбіне ауыл өміріне арналған проблемалық материалдар жарияланды. Авторлары О. Жандосов, А. Розыбақиев, Ж. Бәрібаев, Қ. Басымов сияқты белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылар еді.

«Жетісу әйелі» журналы бүкіл Қазақстан бойынша әйелдерге арналып шығарылған алғашқы басылым, оның алғашқы саны 1923 жылдың 15- қаңтарында жарық көрді. Редакторы Сара Есова. Осы көлемі 32 бет, басылымда І. Жансүгіровтың «Кім екен?» деген өлеңі мен «Ақын Сара кім еді? атты мақаласы және «Күндік өлімі» әңгімесі жарияланған.



6. «СТАЛИН ЖОЛЫ» және «КОММУНИЗМ ТАҢЫ» газеттері
Алғашқы бесжылдықтар тұсында, яғни Қазақстан 1930-1932 жылдардағы жаппай ашаршылықтан еңселерін енді көтере бастаған шақта 1935 жылы Алматыдан «Сталин жолы» деген атпен облыстық газет дүниеге келді. Оның алғашқы редакторы белгілі жазушы Жақан Сыздықов болатын. Бірақ бұл газет 1941 жылы неміс-фашист басқыншыларымен екі арадағы соғыстың басталып кетуіне байланысты шығуын уақытша тоқтатады да, тың игеру жылдарында ғана 1954 жылдан бастап «Коммунизм таңы» деген атпен облыстық басылым ретінде шыға бастайды.

Бұл кездері негізінен партия мен үкіметтің қаулы, қарарларын, КОКП XX съезінің шешімдерін, жеті жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындау жолында облыс еңбекшілерін ұйымдастыру шараларын жүзеге асыруда көптеген істер тындырды. «Коммунизм таңы» 1959 жылдың маусым айында «Жетісу» деп өзгертілді.



2. Жаңа өмірді аңсаған «Кедей еркі»
1921 жылдың наурыз айында Исмайыл Таировтың жетекшілігімен 1920 жылдың қараша айынан бастап 17 нөмірі жарық көрген «Бұқара» газеті партияның жаңа экономикалық саясатқа көшуіне байланысты тоқтатылды да, енді оның орнына осы жылдың сәуір айының 2-ші жұлдызынан бастап Қ. Абдуллин редакторлық еткен «Кедей еркі» газеті дүниеге келді. Бұл туралы алғашқылардың бірі болып Семейде шығатын «Қазақ тілі» газеті өзінің 1921 жылғы 26-шы шілде күнгі нөмірінде: «Алматы қаласында шығатын Жетісу губревкомның һәм губерниялық ортақшыл партиясының «Кедей еркі» деген газетінің 8-9 сандары басқармамызға келді. Газет жұмасына бір рет шығады, сөзі қазақша, ұнамды, орташа көлемді... «Кедей еркі» жолдасымыздың өркенді, жемісті болуын тілейміз»,- деп құттықтау жолдады.

«Кедей еркінің» 1921 жылғы қарашаға дейін-23, 1922 жылғы 15 мамырға дейін 2 нөмірі жарық көрді. Газет көбіне жаңа экономикалық саясатты насихаттады. Мысалы, оның тамыз айындағы «Азық-ауқат салығы туралы бір-екі сөз», «Азық-түлік һәм тұтыну кооперациясы» мақалаларында азық-түлік салғыртынан азық-түлік салығына көшу дегеннің не екенін, оның пайдасы мен маңызын ұғындырды.

Басылымның бұдан басқа «Сыртқы хабарлар», «Ішкі хабарлар», «Жетісу хабарлары», «Ресми бөлім» деген бөлімдерімен қатар «Басқармадан», «Қазақ-қырғыз кедейлерінің тұрмысынан», «Жетісудағы қазақ-қырғыздардың оқуы жайында» атты айдарлары да болды. Мәселен, «Кедей еркінің» 1921 жылғы сәуірдің 13 күнгі нөмірі «Апрельдің 13-нен қазақ-қырғыз жарлы-жалшыларының ұйымдарын көбейту жетісі басталады», «Қазақ-қырғыз жарлы-жалшыларының дұшпаны кім?», «Жарлы-жалшыларға» деген хабарлармен ашылса, «Сыртқы хабарларда» «Қыр халықтарының әйелдеріне лайықты киімдер тігетін Америкадағы әйелдер жиылысы кеңесі Россияға бір миллион долларлық (Америка ақшасы) тігін машиналарын жібермекші болыпты. Америка мен Россияның арасында әзір сауда басталмаса да, Американың еңбекшілері Россияның еңбекшілеріне нәрсе даярлайтұғын құрал-жабдық бермекші болыпты. Бұл татулықты Америка үкіметі тоқтатпапты», «Ішкі хабарларда»: «Шұбарағаш уезінде астық жеткізу туралы» сында Семей облысына тарату турасында Түркістан республикасының азық-түлік коммисияларының тиісті орнынан сұрап жатыр. Мұның себебі Жетісуда жылдам жүретін темір жолдың жоқтығынан», «Жетісу хабарларында»: «Сарқан 27 мартта Сарқандағы жастар ұйымының жұмысы жақсарғаны көрінбейді. Мүшелері жиналыстарға, сабақтарына бармайды. Бұларды ояту үшін партия ұйымы жиылыс өткізбекші болыпты»,- деп жазады.

«Кедей еркінің» сәуір айында шыққан одан кейінгі нөмірінде «Ескі тұрмысты қиратындар, жаңа тұрмыс орнатыңдар», «Үкімет сенікі» деген саяси мәні бар мақалалармен қатар Бисеншек Үймбітбаевтың:

Қазақтарымыз, әскерім,

Асыққан айдай ақ тұмар.

Жауға айбынды қорқыныш,

Ойнақшыған біз соры.

Жасасын тегістік!

Жасасын еркіндік!

Жоғалсын патша баяғы

Жер үстінен өмірлік,- атты өлең жолдары берілген.

Басылымның мамыр айында шыққан нөмірлері негізінен 1 май мейрамына арналған. Онда: «Бірінші май мейрамы еңбекшілердің құлдықтан құтылған күні», «Бірінші май жер жүзі еңбекшілеріне бірдей мейрам» және т.б хабарлар беріліп, төмендегідей «Бірінші май еңбек мейрамы» деген өлең шумақтары басылған.

Еңбекшілер езіліп,

Азып-тозған шағында.

Ақсүйек байлар кірбиіп,

Патша отырды тағында.

Бар, молшылдық ашылды,

Еңбекшінің мойнына.

Қарғыс таңба басылды,

Барлық дүние байына.

Оның үстіне осы датаға арналып «Көрген» деген бүркеншек атпен жазылған автордың: «Жетісуда 4-ші бұл 1 май мейрам жасаған қазақ-қырғыз кедейі мейрамдау, оның не екенімен таныс емес еді һәм таныстырушы да жоқ болды. Биыл облыстық ауыл күні болған Бірінші май мейрамы қазақ-қырғыз жарлы-жалшыларында орындалып, қарсы алып қатынасты. Жетісу жарлы-жалшыларының еңбекшілері жер жүзінің еңбекшілерінің бір мүшесі екенін анық түсінгендігін көрсетті» атты материалы жарияланды.

«Кедей еркі» газетінің маусым айында шыққан нөмірлерінің барлығы дерлік қазақ-қырғыз кедейлерінің тұңғыш съезіне арналып, онда қазақ-қырғыз кедейлерінің съезі туралы, «Сафаров сөзі», «Жеті соңындағы жарлы-жалшылардың тұңғыш съезінде қаралатын және бітетін істер», «Жарлы-жалшылар съезі» және т.б осы мәселеге арналған түрлі материалдар басылды. Мысалы, жарлы-жалшылар ұйымының бірінші Жетісу облыстық съезіне жолданған «Құттықтау телеграммасында» «Біз Түркістан» жас ортақшылдар ұйымының үшінші Алматы уезіндегі съезіне келген делегат, съездеріңізбен құттықтаймыз. Мен шын көңіліммен біздермен бірге қол ұстасып неше жылдан бері жарлы-жалшыларды сорып, таптап келген ұрты жуан жұдырықтарды һәм олардың жолдасы болған бас манаптарды сіздермен бірге оларды жоғалтуға, қараңғылықта қалған халықты алға жарық түсер ортақшылдар іске алып шығаруға һәм жас буындардың бәрін сіздерге жәрдем беру үшін дайындап шығуға сөз беремін»... деп жазылған.

Ал, газеттің 1921 жылғы 1 маусым күнгі саны «Бүгін Жетісу қазақ-қырғыз жарлы-жалшыларының тұңғыш съезі ашылған күні, жасасын езілген таптың бас қосуы», «Кезекті астық керектісі», «Алматыда жолаушылар» деген тақырыптармен ашылып, 23 майда түрік комитетінің мүшесі Сафаров пен Қожановтар келді деп хабарлады. Осыған орай профессор Т. Қожакеев өзінің «Түркістан түлегі» атты еңбегінде: «1921 жыл, маусым айынын бірі. Күн ашық, ауа таза. Алматы қаласы күндегідей емес, көңілді, айқай-шулы. Әр көшеде қызыл ту алып, даңғыра қағып, кернейтіліп, сырнайлатып жылжып келе жатқан қалың ел. Беталыстары-Совет көшесіндегі театр үйі. Бір жақтан коммунистер тобы, екінші жақтан жастар тобы, үшінші жақтан кәсіпшілер ұйымының мүшелері келеді. Атты әскерлер тобы, жаяу әскерлер тобы көрінеді. Оқушылар өзінше қаз-қатар тізіліп, әндетіп барады.

Бүгін мұнда Жетісу облысы қазақ-қырғыз жарлы-жалшыларының тұңғыш съезі ашылмақшы. Иін тіресіп, қаптап келе жатқан қалың халық сол съезге қатыспақшы, сол съезді құттықтамақшы. Билік тұтқасын қолына алып, Совет өкіметінің негізін нығайтқалы төңкеріс өленің айтып келе жатқан Жетісу кедейлерінің дүбірі жер жарады. Күні өткен жуан жұдырықтар, алпауыт, обырлар, саудагер, сотқарлар жалшылардың бұл екпінін, сән-салтанатын күндеп, іштері күйіп тұр. Мойындары салбырап, жерге қарап қалған.

Сағат 10. Съезді сол кездегі мұсылман коммунистері Жетісу облыстық бюросының председателі О. Жандосов ашты. Ол жарлы-жақыбайлардың тұңғыш съезімен құттықтау үшін сөзді Түркістан Орталық атқару комитеті председателінің орынбасары С. Қожановқа берді. Жұрт ду қол соқты. Мінбеге ортадан жоғары бойлы, ашаңдау келген, добалдау мұрынды Сұлтанбек көтерілді де, мынаны айтты:

-Жолдастар! Жетісу қазақ-қырғыз жарлы-жалшылардың, басқа езілген таптың тұңғыш съезіне Түркістан атқару комитетінен һәм ортақшылдар партиясының кіндік комитетінен құтты болсын айтам!

Кеше ғана көрінгенге көз түрткі болып, адамшылық қатарынан кейін саналып жүрген Жетісу жарлы-жалшылардың съезі бүгінгі күні бойы өсіп, бұғанасы қатып, өздерімен ниеттес, жүректес болған жер жүзі еңбекшілерінің мұңың қайғырып, қамын жеген III интернационалдың съезі ашылуы қарсаныңда бірге ашылып отырғанына қуанбасқа болмайды. Бұл съезд жарлы-жалшылар тістілердің азуына, тырнақтылардың шеңгеліне түсу түгіл, олардың өзін ашса алақанында, жұмса жұмырында ұстап, үкіметтің шылбыр тізгінін қоса алғызар съезі. Көркейсін жарлылар съезі! («Кедей еркі», 6.6.1921),- деп жазды. «Кедей еркінің» осы 1-ші маусым күнгі нөмірінде, бұдан басқа «Ақтардың қалғандврымен күресу» атты материал жарияланып, ақтармен күрестің әлі де болса аяқталмай отырғаны, «Былтыр қолға түспей, Қытайға қашып кеткен кісі өлтіргіш, ауыл тонағыш ақтардың қалғандары шекарадан ұзамай-ақ тоқтап, бізге шаруашылығымызды түзету үшін тыныштық бермеп еді. 25 майда біздің әскер олардың аламаны (бандасы) жатқан жерді алды. Ақтар күн батысқа қарап босып бара жатыр. Бұлардың артынан біздің әскер бөлімдері қуып бара жатыр»,- деп түсіндірілді.

Басылымның 1922 жылғы наурыз айының санында, 2- бетте «Қосшы» журналы» деген хабар берілді. Онда, «Жақын арада Алматыда шығатын «Кедей еркі» газетінің орнына қазақ-қырғыз тілінде қосшы одағының облыстық комитетінің «Қосшы» деген саяси, шаруа журналы шығады. Журнал әзірге айына екі рет шығып, керек нәрселері тіркелген соң апталық басылымға айналады. «Қосшы» журналында көбіне мақала жарияланып, одақтың шаруашылық, саяси ұйымдарының иесі, компаниясынан, ауыл жайларынан жазбалар берілетін мынадай бөлімдер болады:

1. Ұйымдастыру бөлімі; 2. Ауыл шаруашылық бөлімі; 3. Әдебиет; 4. Одақ тұрмысында болып жатқан оқиғалар; 5. Облыс бөлімі, ауыл хабарлары; 6. Сырт мемлекеттердің хабарлары; 7. Ресми бөлім және т.б.

Бірақ, әзірге «Кедей еркінде» сөз болып отырған бұл «Қосшы» журналы туралы қолымызда толық мәлімет болмағандықтан, оның шығу тарихын оқырманға жеткізу мәселесін кейінге қалдыруға тура келіп отыр.

Ал «Кедей еркінің» біздің қолымызға тиген 1922 жылғы мамыр айындағы санында «Қазақ-қырғыз кедейлеріне», «Біздің мақсатымыз кедей ауылын өрге бастыру», «Қазақ-қырғыз бірлігі» деген негізгі, басты деген материалдар жарияланған. Осылардың ішінен біздің көңілімізді аударып, өзіне тартқан Ғ. Садыров деген автордың «Қазақ-қырғыз бірлігі» атты мақаласы болды. Себебі, автор онда: «Қырғыз халқы – түріктің бір бұтағы болып саналады. Бірнеше ғасырдан бері қырғыз өзінің тарихи тұрмысын сақтады. Соның арқасында осы уақытқа жетіп, өзінің жеңісін, қан төгісін, халықтығын сақтап, басқа халыққа сіңіп кетпей қазіргі уақытқа дейін келді». Одан әрі автор қырғыздардың тау-таста, ен далада жеке дара өмір кешкендігі туралы айтады.

«Солай болса да қырғыз халқын тіптен басқа халыққа араласпаған деп айтуға болмайды. Моңғолға ұқсаған қырғыз халқының моңғолдармен араласқандығын көрсетеді», - деп, ойын одан әрі былай деп жалғастырады: 1552 жылы қалмақ халқы қырғыз жеріне келіп, үкімет жүргізген. XVIII ғасырдың орта шенінде қырғыздарды қазақ хандығы қанаған. Олар жергілікті халықтан алым-салықтарды жеңіл жинап алу үшін қырғыздардың өз араларындағы партияшылдығын, ауыз бірліктерінің жоқтығын көп пайдаланған.

1828 жылдары қырғыздарды орыстар өздеріне қаратып алады. Содан кейін-ақ олардың тұрмысында бүтіндей қарама-қайшылық, жаманшылық жағына бет алған түрлі өзгерістер байқала бастайды. Мысалы, қырғыздар осы кезден бастап бұрынғы ғасырлар бойы жинақталған әдет-ғұрып деп аталатын рухани байлықтарынан айрыла бастаған.

Ресей үкіметі «Степные положения» шығарып, бек, сұлтандары болып, үкім жасап, қырғыз халқын болыс, старшындарға бөлді. Сөйтіп, «Степные положения» өз мақсатына жетті. Бұдан бұрын берекелі, бірлікте болған қырғыз (қазақ-Қ.А) халқының Россияға қарағаннан кейін болыстық пен билікке таласып, старшындар халықты партияға бөлшектеп, адамды талап, ел арасын парақорлық, сотқарлықпен ластағанын көреміз.

Қазақ-қырғыз кедейлері басқа облысқа бөлінсе де, олардың көңілдеріндегі жанған кедейшілік дерттері – ортақ дерт. Сондықтан шаруа түзеу жолында қазақ-қырғыз кедейлері бар ынта-жігерін салады, деген мәселелерді көтеріп, оқушыларының көңіліне ой салады.

Сондай-ақ бұл жылдары «Кедей еркінің» беттерінде қазақтың біртуар азаматтары О. Жандосов, С. Қожанов, І. Жансүгіров, А. Розыбакиевтің, Қ. Басымов, Қ. Абдуллиндердің де әйел теңдігі, ел бірлігі, шаруашылық және «Қосшы одағы» мәселелеріне арналып, жарияланған жеке мақалалары баршылық. Солардың бірі – қоғам қайраткері әрі көрнекті публицист С. Қожанов. Оның бұл басылым беттерінде «Кезекті істің керектісі» (1921, 1 маусым) мақаласы жарияланған. Бұл мақала туралы профессор Т. Қожакеев өзінің «Жетісулықтардың да қамқоры» деген еңбегінде: «Онда ол совет өкіметі шараларының Жетісуда жүзеге еркін аса алмай келгенін, кедейлердің қамын ойлап керегін зерттейтін ұйымдар ашу құлақ естіп, көз көрмеген іс екенін айтты. Тамағының қу тесігіне тығын таба алмай аштан өліп, көштен, қалып сарсандықта жүрген, орыс жуан жұдырықтарының, қазақ байлары мен қырғыз манаптарының есігінде өкпесі тесілген жалшылар мен қара табан жалаңтөс сорлы кедейлердің шоңжарлар артықшылығын жойып отырғандығын, бұрын қолы жетпей жүрген ақысын ала бастауын көз көрмеген, адам нанбастай, жаңалық деп бағалады... Бірақ, - деп ескертті ол, - кедей ақысы әлі түгел қайтарылған жоқ. Кедей дұшпандарының басы езілмек түгіл, мұрты да мұқалған жоқ. Олар әлі де кедейді құл қылып, қолда ұстауға тырысуда.

«Жау жоқ деме, жар астында» дегенді ұмытайық! Кедейдің жауы жоқ емес, бар, аз емес, көп, жар астында емес, әлі бақырайып қырдың басында жүр. Бұл дұшпандарды жоятын тек кедейлердің өзі басқа ешкім де емес.

Мұнан соң Сұлтанбек осымен байланысты Жетісу кедейлерінің міндеттерін әңгімеледі. Кезекті істердің ең кезектісі – кедейлердің бірігуі, заман ауаның түсінуі, тап дұшпандарын саяси жағынан бір жеңсе, қара таяқпен басқа ұрып, жоқ қылып, екі жеңуі деп түсіндірді. Кедей ұйымдарын жөндеп түзіп, байқаусызда кіріп кеткен, жарлыларға қатысы жоқ қулардан тазартуға, оның мүшелеріне саяси тәрбие беруге шақырды», - деп баға береді.

«Кедей еркінің» шын жанашыры, кезінде оның редакторы болған екінші бір адам – Қалдыбай Абдуллин. Ол сонымен қатар «Кедей еркінің» алдында шыққан «Ұшқын» газетінің де редакторы болған және «Мұхбір», «Көмек», «Тілші» газеттеріне белсене қатысып, көптеген маңызды материалдар да жариялап тұрған. Мәселен, оның өзі басшылық еткен «Кедей еркінде», «Кеңес өкіметі һәм қазақ-қырғыз кедейі», «Кеңес өкіметі һәм жарлы-жалшылар», «1 май мейрамының тарихы», «Азық-ауқат алымы туралы», «Қазақ-қырғыз ішінде тап айырымы» атты негізінен насихаттық болып келетін мақалалары осындай дүниелер.

Бұдан басқа оның бұл басылымда ақтардың қолынан қапыда қаза тапқан қайраткер азамат Сатылған Сабатаев туралы естелігі, «Бүгінгі ертеңге ескі» деп кедейлер өмірінен «Диханшылар астығын арттыруға, бақташылар жемісін жегізуге, малшылар төлін көбейтуге, мақташылар мақтасын молайтуға асығыстықпен кірісіп, бүгінгі ертеңге ескі болып жатыр», деп жазған мақаласы да жарық көрген.

Міне, кезінде жаңа өмірді аңсап, жалшы-жарлылардың санасына еркіндіктің рухын сепкен «Кедей еркі» басылымының бағыт-бағдар, мән-мазмұны осындай болды. Бір сөзбен айтқанда кеңестік газет бола тұрса да, ғасыр басында Ахаңның (Ахмет Байтұрсынов): «Баспасөз (газет) – халықтың үні, құлағы, көзі болуы керек», - деген аталы сөзінің үддесінен шыға білді.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет