Халықаралық сипатқа ие, яғни шетел элементімен күрделенген қатынастар ғана халықаралық жеке құқық әрекет етуінің аясына енеді.
Халықаралық жеке құқықтың пәні тек шетел элементімен күрделенген қатынастар екендігін ескере отырып, жалпы, «шетел элементі» терминіне түсіндірме жасап кету керек. Азаматтық Кодекстің «Халықаралық жеке құқық» деп аталатын бөлімі пайда болғанға дейін «шетел элементі» термині шартты түрде ғана болды. Сонымен қатар, көптеген ғалымдар оның қолданылуына қарсы болды. Мысалы, В.П.Зевков «шетел элементі» деген терминді халықаралық жеке құқыққа тән әр түрлі жағдайлар жасырынатын «құрғақ, мәнерсіз термин» деп сипаттаған.
Терминнің сәтсіздігі қатынастың мәнісін бұрмалап жіберетіндігімен түсіндіріледі. Яғни, аталмыш терминді қолданған жағдайда құқықтық қатынас белгілі бір шетел элементі қатысатын ішкі мемлекеттік қатынас ретінде түсініледі. Ал шын мәнісінде, қатынастың жекелеген элементі ғана емес, жалпы қатынастың өзі халықаралық сипатқа ие.
Халықаралық жеке құқық ғылымында шетел элементі құқықтық қатынастың әр түрлі элементтеріне «тіркелген» («прикрепленный»)
3 жағдай ажыратылады.
Брінші топты субъектісі шетелдік сипатқа ие қатынастар құрайды. Басқаша айтқанда, шетел элементі субъектіде көрініс табады.
Халықаралық жеке құқықта мұндай жағдайлар көптеп орын алады: әр түрлі ұлттылыққа ие заңды тұлғалардың мәміле жасасуы, зиян келтіру нәтижесінде пайда болатын қатынастар, мұрагерлік, неке-отбасылық қатынастар және т.б.
Екінші топқа шетел элемнті болып объект табылатын құқықтық қатынастар жатқызылады. Оған мысал ретінде шетел мүлкіне меншік құқығын анықтауға байланысты немесе дауды қарастырушы мемлекет аумағынан тыс жерде орналасқан құрылысты мұраға қалдыру тәртібін анықтау жөніндегі дауларды келтіруімізге болады.
Үшінші топ шетел элементі заңи факті түрінде көрініс табатын қатынастардан тұрады:азаматты қайтыс болды деп жариялау, азаматты хабар-ошарсыз кетті деп жариялау, туыстық қатынас фактісін анықтау және тағы да басқа заңи фактілер.
Шетел элементі қоғамдық қатынастардың кез-келген саласында орын алуы мүмкін. Алайда, халықаралық жеке құқық тек азаматтық-құқықтық сипатқа ие қатынастарды реттейді. Мысалы, халықаралық жеке құқық нормалары шетел азаматтарын әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту, оны орындау, жазаны өтеу мәселелерін қамтымайды.
Достарыңызбен бөлісу: |