АТА-АНА БЕДЕЛІ ТУРАЛЫ
Бір әке бізге: «Балам Қ-ны жастайынан кірпігіне кір жуытпай, еркелетіп, еркін өсірдім, өсе келе ол менің тілімді алмайтын болды. Өз айтқанын істейді. Сол баланы қалай ақылға көндіру керек, кеңесіңізді берсеңіз екен» - деп жазды. Әке-шешенің тілін алмай, өз бетімен кеткен бала бақытсыздық пен қайғы қасірет әкеледі. Біріншіден, ол балада айқын мақсат жоқ, екіншіден, оның шектен тыс анайы, тілазар болып кетуіне тек ата-аналар ғана емес, оның жолдастары, туысқандары, ұстаздары, ұжым кінәлі.
Тәртібі бастаған Қ-ның қателігін достары көрсете білсе, ол үйінен безіп ағайындарына барғанда, олар «безгендіктің» қылмыс екендігін түсіндірсе, ұстаздар жекелеп сөйлесу, иландыру т.б. тәрбие жүргізсе, қоғамның әрбір мүшесі оның өрескел қылығын дер кезінде ескерте білсе, ол осындай жауапсыздыққа, кесірлік пен кесапаттылыққа бармас еді.
«Адам баласының мінезін түзеп болмайды» деген кісінің тілін кесер едім» деп, Абай атамыз айтқан. Оны қайта тәрбиелеу керек. Тәрбиенің бәрі де қиын. Ал қайта тәрбиелеу бұзыла бастаған үйдің іргесінен бастап қайта салумен бірдей. Үйдің іргесін қайта қалау үшін, тұрған үйді құлатып алмау керек. Ол өте шеберлік, аса зор шыдамдылық, мол тәжірибені қажет етеді. Осынша қасиеттің бәрі бар адамның бойынан табыла беру қайда. Бірақ көпшілік, қоғам бар.
Баланы қайта тәрбиелеуде ата-аналарға ақыл айтатын, басшылық ететін инженерлер - ұстаздар. Олармен кеңесіп, ата-ана тәрбие ісіне жауапкершілікпен қатысуға тиіс. Иә, ұстаз деген – ұлы сөз! Ол баланы қайта тәрбиелеуге ақыл-кеңес беріп, басшылық ету үшін әуелі баланың теріс мінезінің тууына себепші жағдайларды терең зерттеп біліп алады. Содан кейін педагогикалық тәлім-тәрбие тәсілдерін қолданады. Қ. Сияқты баланы қасарыс мінезге жібермей, сабырмен, тіл таба сөйлесу керек екенін ұстаздар оның ата-анасына айтқан да болар. Ата-ана баласының қателігін дәлелдеп, көзін жеткізсе, бала түзеле бастайды. Өйткені «өжет» бала өз қатесін білмейді, тілазарлықты – табандылық, қарсы шығуды - батылдық деп, теріс түсінеді де, кері тартады. Дүниде ата-ананы сыйламаудан жаман мінез жоқ, ол - қылмыс! Міне, сол қылмыстың шын мәнін бала жүрегіне жеткізе сезіндіру қажет. Тәрбиелей білсек, Қ. да халқын сүйетін қадірменді азамат болып өспек. Ол үшін қатаң талап, табанды бақылау, зор қамқорлық керек. Тентекті тезге салса, тез түзеліп кетеді. Ол - ақиқат. Ал, әлгі әкенің беделсіздігі оның осындай күрделі іске мән бермеуінен болған. Бала тәрбиесі, көбінесе, ата-анаға байланысты. Тәрбиелей білмейтін ата-ананың беделі де жоқ. Ақмола облысы Қорғалжың ауданындағы «Қарашалғын» ауылының балаларын тәрбиелеуде көзге түсіп, көпшіліктің құрметіне бөленген, «ұлы ұяға, қызы қияға қонған» ана Бәкен Бейсебаева туралы: «Ол кісінің баласы Қабыл – шофер, 3 баласы жоғары оқу орындарын бітірген. Басқа балалары да үлгілі болып өсіп келеді. Ол – омырауы орденге толған, еңбеккер, ардақты ана» - деседі. Тәрбие туралы бәрімізден аналар көбірек ойлайды ғой, шіркін! Бәкен ананы бала-шағасы, үрім-бұтағы, бүкіл қоғам қадірлейді. Өйткені ол еңбекшіл, тәрбиеші. Бедел деп осыны айтамыз! Бала алдында ата-ананың беделі қайтсе артады?- деген сұраққа осындай ата-аналардың өмірі мен еңбегі жауап бола алады дер едім. Ата-ананың беделі туралы ғылыми анықтамалар болғанмен, қатып қалған ереже жоқ. Әрбір ата-ананың беделді болуы өзіне байланысты. Олардың балалар алдында беделі артып, сыйлы болуының себептері көп. Баланы елжірей еркелетіп, мейірлене қарасаң, ол да сені сүйеді. Жылы сөз, тәтті мінез, ыстық мейірім баланың көңілін баппен өсіретін нәр ғой. Ақ көңілмен ашық әңгімелессең, балдырған мәз-мәйрам болып қалады. Әрине, баланың көңілін табу қиын. Мысалы, бала ертек айтып бер дейді. Ал, сіз жұмыспен шұғылданып отырсыз, сондықтан ертек айтуға уақыт жоқ екенін байыпты түрде түсіндіресіз, не бірер минут алтын уақытыңызды қиып, бала көңілі үшін, оның тілегін орындайсыз.
Кейбір ата-аналар балаларына қысқа-қысқа тақырыптарды жаттатады. Ол үшін көп уақытымды жібердім деп қынжылмайды. Ол – дұрыс! Тақпақ жаттатса, біріншіден, баланың тілі дамиды, екіншіден, сол тақпақ арқылы баланы тәрбиелейміз. Бұның ата-аналар беделіне әсері бар ма? Әрине, білімдар ата-аналардың осындай іс-әрекеттері, сөзсіз, олардың беделін көтереді. Бұл бала тәрбиесіне үлкен әсерін тигізеді. Ғалым педагогтар ата-ананың беделі, әсіресе, олардың балаларына қарым-қатынасына, сөйлеу мәдениетіне , жүріс-тұрысына байланысты дейді. Ал кейбір ата-аналар «қалай сөйлеуге де еркіміз бар емес пе? Кейде ұрсып тастамаса, бала деген «есіріп» кетпей ме?»дейді. Орынсыз балағатттау бала алдында ата-ананың беделін түсіреді. Бала сыйлап, әдепті сөйлесін десеңіз, әуелі өзіңіз әдепті сөйлеңіз. Сіз айтпасаңыз, дөрекі сөзді бала қайдан үйренеді?
Бүлдіршіндердің ата-ана аузынан шыққан әдепсіз сөздерді қағып алып, сол сағатта айтып жүргенін естиміз. Өзіміз байқамай үйретіп аламыз да, соңынан баланы кінәлап, ұрса бастаймыз. Ұрсуда бедел бар ма? Кішкентай Бақытқа қонақ:
- Кімнің баласысың? – дейді.
- Күшіктің баласымын, - дейді бүлдіршін.
- Қой, өйтіп айтпа сен әкеңнің баласы емессің бе?
- Әкем «сен иттің күшігісің» деген ...
Бала ата-ана мен үлкендерге, жақсы құрбыға еліктеп өседі. «Мен мамама тарқанмын!», «Мен әкеме тартқанмын!» - дейді олар. Бала мен ата-аналардың, бауырластарының арасында достық қатынас болмаса, сыйласым, үлгі тұту бола ма? Оның бәрі, меніңше, отбасындағы шынайы ынтымаққа байланысты. Атақты педагог А.С.Макаренко «Беделдің мәнділігі сонша, ол тіпті ешқандай дәлелді қажет етпейді, өйткені, баланың қарапайым түсінігі бойынша, бедел – ешбір күдіксіз деп саналатын үлкеннің адамгершілік қасиеті, оның құдіреті мен бағалануы» дейді. Үнемі үй ішінде қабақ түйіп, ұрсып жүру, баланың талабын қайтару, сағын сындыру, оны балағаттау, намысына тию... Міне, ата-ананың беделін жоятын осындай себептер бар.
Көбінесе әкелер бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлмейді, бірақ тәртіпті болуын талап етеді.
- Осы сен-ақ, миымды ашытып құрттың, - дейді әкесі.
- Ей, Ерлан, есірмей тыныш отыр! – дейді ағасы.
- Еһе, тыныш отырмаймын! – дейді Ерлан.
- Сен неге әкеңнің тілін алмайсың! – деп ағасы шапалақпен тартып қалады. Сөйтіп, әкеден де, ағадан да бедел кетеді. Балаға таусыла ашуланудан ешбір пайда жоқ. Кейде баланың кішкентай кемшілігін көрсек:
- Сен топастан ештеңе шықпайды – деп, сағын сындырамыз.
- Менен ештеңе шыпаса қойсын! – дейді бала да.
- Әй, әздек, әкеңе неге қарсы тұрасың! Айқайлама!
- Ей, өзіңіз ғой айқайлаған! – дейді ол.
Сөйтіп, өзіміз бүлдіреміз. Орынсыз балағаттау баланың намысына тимей ме? Ал намыс - өмірден де қымбат нәрсе! Аяулы нәрсені аялай білмесек, не бедел, не сый қалады бізде?
- «Бала – бауыр еті» дейді халық. Бала үшін әке бәріне шыдайды. Сондықтан, баланың келешегін ойлап, салмақты сабырлы мінездің үлгісін көрсету міндет. Бедел, абырой дегеніміз көбінесе сол шыдамға байланысты. Балаға үнемі қысым көрсетіп, ұрсып, ұра берсек, ол ынжық, керенау, өтірікші, жалтақ болып өседі. Ұлы сыншы В.Г.Белинский «Баланы ызғарлы болу арқылы олардан өздерін оқшаулау қажет деп білетіндердің көпшілігі, тіпті ең жақсы әкелердің өздері, соншалықты дөрекі қателескен» - дейді. Ал абай ақын: «Ұрсып айтқан ақыл балаға қонбайды» дейді. Жоғарыда сөз еткен Қ-ның қасарған мінезі сол ұрыс-керістен пайда болған. Қазіргі балалардың психологиясы ұру мен ұрсуды тіптен көтермейді, ондай әрекетті балалар үлкен айып деп есептейді де, әке-шешеге қарсы келіп әдеттенеді. Сонда бала алдында үнемі бәйектеп, қалай жағамыз деп, қалтылдап тұрамыз ба?
Жоқ! Балаға шексіз жалтақтау – оны бұзады. Анық жан танымас өзімшіл (эгоист) содан шығады. Сонда не істеуіміз керек? Балаға тоқтау салуды, жаман қылығын тыюды ойлайық. Айтайық, бала анасының тілін алмай қасарысып отыр. Оны сабырлы әке оңаша шақырып алды:
- Балам, неге тіл алмадың? – дейді әке.
- Сол, тіл алғым келмейді, – деп,қасарысады бала.
- Ақ сүт беріп өсірген ананың не жазығы бар еді, балам?
- Өзі неге ұрсып жұмсайды?
- Кәне, ананың айтқанын істе, мен сені «ұрыспай» жұмсап отырмын, - дейді әке сабырмен.
- Балам, неге тіл алмадың? – деп, «ұрысқақ» ана киліксе, бала тағы да қырсығып қалады. «Жылы- жылы сөйлесе, жылан інінен шығады» деген ғой халық. Халық педагогикасының даналық тұжырымдарын өмірге де пайдалана білуіміз қажет. Баланы артық еркелету, оны орынсыз талаптарын орындау ата-ананың беделіне үлкен зиян келтіретін нәрсе. Баланың өзімшілдігі, беймазалығы,«аспаннан айды әпер деуі» осындайдан шығады. Әдепті, еңбекшіл, мәдениетті, білімдар, сабырлы ата-ананы балалары «төбесіне көтереді». Ал істе берекесіз, мінезі шәлкес, араққұмар, абыройсыз ата-анада ешқандай бедел қалмайды. Өздері күнде шаң-шұң төбелесіп, араққа жығылып жатқан ата-ананың балаға сөзі өте ме?
- Өшір үніңді! – деп бақырады маскүнем әке баласына.
- Өшірмеймін, - дейді баласы. Сөйтеді де жылап жібереді. Бұған әкесі не десін! Маскүнем әке мен қаскүнем баланың арасы осылай шиеленісіп, соңы насырға шабады. Әкелердің де, аналардың да есінде болатын нәрсе – балалардан адамгершілікті талап етуіміз үшін өзіміз шын мәніндегі салауатты адам болуымыз керек.
Достарыңызбен бөлісу: |