ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК БОЛМЫСЫ
Утеш Н.Ғ. – 190110 тобының студенті
Ғылыми жетекші: Бегдаулетова Қ.Д.- филос.ғ.к., доцент м.а.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Шымкент
Резюме
В статье рассматривается особенности социального бытия казахского общества.
Summary
This article is devoted to the feature of social existention of social society.
Қоғам – белгілі бір мақсаттарды іске асыру жолында әрекет етіп жатқан субъектілердің, тұлғалардың, топтардың, этностардың, мемлекеттердің байланыс жүйесі. Олай болса, қоғам ұғымындағы негізгі мәселе – адам және оның ұжымдық ортасы, ал, ондағы жеке адам – өзі өмір сүріп жатқан қоғамның туындысы, төл перзенті. Өйткені кез-келген қоғамның түпкі нәтижесі, рухани өрісі, гуманистік құдіреті, адамның сан-салалы әрекет болмысы арқылы көрініс табады. Яғни адамның сан-қилы әрекет болмысы сол адам өмір сүрген қоғамның тарихи-мәдени ахуалына айна бола алады. Жалпы кез-келген халықтың басынан өткерген дәуірі, қазіргі тілмен айтқанда қоғамы өзінің әлеуметтік болмысымен ерекшеленсе, аталмыш түсінік дәстүрлі дүниетанымымыздағы "заман" ұғымының төңірегіне шоғырланбақ. Ендеше, "заман" ұғымының мәні нені меңзейді деген сауалға тоқталып өтсек, ең алдымен, қазақтар үшін заман ғұмыр кешіп отырған кеңістік пен уақыттың өлшемі, кеңістік пен уақыттың бір ұрпақ шеңберіндегі тұтастығы.
Қазақ қоғамының құрылымы көшпенділік тұрмыстан бастау алады. Көшпенділік тек қазақ халқына ғана тән дәстүр емес, әлем халықтарының бастапқы өмір сүру салты дәл осы көшпенділіктен басталған. Яғни, жоғары өркениетті елдердің барлығы дерлік отырықшылық салтын нәсіп еткендіктен олардың көшпенді халық болғандығы ұмыт қалған. Ал, көшпенділік салтын сақтап қалған қазақтар үшін бұл ұғым өте құнды. Себебі, бір кездері халқымызды қаралаған да, бүгінде даралаған да – Көшпенділік. Өйткені, еліміз дәл осы көшпенділік үшін отырықшы халықтар тарапынан тарих бетіне жабайылар деген атпен еніп, мәдени халықтар арасынан аластатылса, бүгінгі күні керісінше, дәл осы көшпенділік салты үшін өзге халықтар арасынан ерекшеленіп, танымал болып отыр. Қазақ даласында орын алған көшпенділік – қазақ қоғамына тән әлеуметтіліктің бір түрі, ал, көшпенділік типтегі қоғам – номадизм. Белгілі ғалым А.М. Хазановтың пікірінше, "номадалар" терминінің мағыналық ауқымына ғалымдар тарапынан әр түрлі көзқарастар қалыптасқан. Бұған дәлел тағыда ғалымның төмендегідей ой-тұжырымдары. Аталмыш терминді қолдануда екі тенденция қалыптасқан. Біреулері үшін номадалар – өздерінің шаруашылық ерекшеліктеріне қатыссыз, қозғалыста өмір сүретіндер болса, басқалар үшін - отырықшылықпен мүлдем айналыспайтын, қозғалмалы және экстенсивті мал шаруашылығымен айналысатындар [1]. Олай болса, зерттеуімізге негіз болып отырған көшпенділер жоғарыда аталып отырған тенденциялардың қайсысына жақын екені айқын байқалып тұр. Тіпті бұл пікір әлі күнге дейін ғалымдар тарапынан осылай қарастырылып келе жатқандығы да белгілі. Сонымен көшпенділерге тән номадалар түсінігіне кеңінен тоқталып өтейік.
Номадизм – көшпенділердің шаруашылықпен байланысты тіршілік әрекеттерінің негізгі формасы, далалық өркениетке тән ерекшелік, далалық шаруашылықтың, далалық өмірдің бір ғана көрінісі. Номада сөзінің өзі кеңістікте орналасқан адамдандырылған топтар деген мағынаны білдіреді. Кеңістікті тұтастай иелену көшпенділердің мекендік қағидасына, ал, кеңістікке адамдық мәдени сипат беру олардың тіршілік әрекеттерінің болмыстық тірегіне айналды. Яғни, номадалық мәдени кеңістік, игерілген әлемнің өрісін ұлғайтып, адамзатқа бұрын дес бермеген жаңа территорияны меңгерумен байланысты. Олай болса, көшпенділік тек малшылықтың жалғасы емес, ол осы тәсілді жаңа жерге жалғастырып, бұрын экономикалық айналымда болмаған қонысқа ие болумен қатысты. Номада жай жазық далада емес, ата-бабаларының қонысы болған, кіндік кескен киелі жерлерде өмір сүрді. Кең Дала төсінде қымсынуды, таршылықты білмей өскен көшпенді қазақ малдың соңынан ығып жүре бермейді. Оның кеңістігі тұрақты, бөлінген және қайталанбалы сипатта болады. Мысалы, жыл мезгілдерінің өзгермелілігіне байланысты қыста қыстауға, көктемде барлық тіршілік атаулы жаңарып, түлеп жатқан кезеңінде көктеуге, жазда жайлауға, күзде күзеуге көшу жайдан-жай жасалатын нәрсе емес. Аталғандардың барлығы көшпенділерде мал бағудың өзіндік технологиясы болғандығына айғақ бола алады. Бұл турасында Зардыхан Қинаятұлы былай деп айтып өтеді: "жыл мезгілдерінің уақыттық бөлінісі қазақ арасында дүниетаным тұрғысынан ертеректе тарағанымен көшпенділік өмірі өз бабымен жүрді. Мал шаруашылығы "өндірісінің" өзіндік уақыт айналымы болды. Ол қыс қыстау, мал төлдету немесе көктем, жаз жайлау, күз күзеу – күйек алу, қыстауға қону, соғым сою деген негізгі айналымнан тұрады. Әр мерзімнің өзіндік өндіріс айналымы бар. Күйекті ерте алсаң мал ертемен туып, төл шығынға ұшырайды, кеш алынса мал қысырап, арамза көбейеді, қыстаққа уақытында жетпесең, жаңа жолда жұтайсың, жазда жалқаулыққа берілсең, қыстың қылышына ұрынасың, пішенге кеш кіріссең буыны қатқан шөп шабуға келмейді және нәрінен айырылады, міне осының бәрі мал шаруашылық өмірінің уақыт үйлестігін өзінен-өзі аңғартып тұр" [2]. Сонымен халқымыздың дәстүрлі мәдениетінің тұтастығы шаруашылықты жүргізудің жоғарыда аталып отырған ерекше түрімен анықталды. "Көшпенділердің өмір салтының тірегі, негізі – малы. Қазақ малының жайымен, малы табиғаттың ыңғайымен қозғалады. Қысы жылы, көктемі сулы, жазы жемісті, күзі шұрайлы болса, қазаққа одан артық табиғаттың сиы болмас. Ендеше, қазақтың жанымен бірге жүретін мал атаулының да құдіреттілігі табиғатқа келіп тіреледі. Сондықтан қазақтың мал дегені, дүние мүлік деген ұғым беретіні міне сондықтан. Қазақ өмірінде адамның аруақтылығы ақылымен қоса малымен есептелінеді. Ата-бабаларымыздың жөн сұрасып, қол алысқандағы алғашқы сөзі "Мал-жан аман ба?" деген аталы сөзбен амандасудан басталады. Бұл әр халықтың өмір сүру салтын білдіреді", [2] – деген Зардыхан Қиянатұлының тұжырымдары ойымызды толықтыра түседі.
Номадалық әлеуметтік-мәдени кеңістік табиғаттан сый күтуге емес, онымен үндес (экологиялық) болуға негізделген. Көшпенділер табиғатқа іс-әрекеттің белсенді субъектісі ретінде қатынас жасады, бірақ оның қожасымын деп есептемеді. Табиғатқа адаптациялық іс-әрекеттердің стратегиясы ретіндегі көшпелілік нақтылы бір экологиялық аймаққа бейімделудің ұтымды түріне айналды. Ұлы Даланың қатал климатымен есептесе отырып, көшпенділер шаруашылықтың ең тиімді ыңғайлы тәсілдерін қолдана білді. Малды қай жерге, қалай жаю керектігін анықтап, жердің тозып кетпеуін мұқият қадағалап отырды. Олардың бір орында тұрақтанбай көшіп-қонуының негізгі себебі де осы болса керек.
Этникалық құрылымның өмір сүру тәжірибесін ұдайы өндіріс айналымына түсіріп отыратын белгілі бір мәдени үрдіс кез-келген өркениеттілік үлгісі шеңберінде қалыптасады. Ендеше, далалық көшпелілер өркениетінің пайда болуымен қалыптасуына ықпал еткен мұндай үрдіс, көшпенділер мәдениетінің күре тамыры болып табылатын қоғам мен табиғат арасындағы тығыз қарым-қатынастан келіп туындайды. Көшпелілер қоғамының өркениеттілік қуаты Батыс елдерінің қарыштай дамып, ілгері кетуіне себеп болған жерді технологиялық өңдеуді жетілдіруге емес, әлеуметтік организмнің айнала табиғи ортаға икемделе білуіне негізделген. Сондықтан кез-келген өркениетті қоғамның түпкі нәтижесі сол қоғамдағы адам сапасымен анықталатын болса, көшпенділердің қабілет күші мен ақыл-парасатының өзара үндесе кемелденуі, сөз жоқ, сол ортадағы өмір салттың әбден реттеле орнығуының нәтижесі еді. Шындығында да қазақ төл табиғатының аясында, еш кедергісіз қоян-қолтық баз өмір кешті. Олар үшін үрей, қорқыныш деген мүлдем жат құбылыстар болған. Өйткені, күн-түн демей көшіп, ыңғайы келсе көздеген жерлеріне жетуді мақсат еткен көшпенділер, керісінше, табиғаттың қыр-сырын жете түсіне білген халық.
Номадалық сипат тән қоғамда адамдар топтарға бөлініп, бір сызықты тектік байланыс арқылы реттелініп отырған. Ал, көшпелілер қоғамының әлеуметтік сипатын талдауға тырысқан зерттеуші ғалымдарымыз бұл ұғымның мәнісін әр қырынан ашып көрсетеді. Мысалы, В.Ф. Шахматовтың пікіріне сүйенсек, белгілі бір қауымдастықта болу жерді көршілес жатқан ауылдармен, туысқандық тұрғыда бірлесе отырып пайдаланудан келіп туындайды [3]. С.Е. Толыбеков көзқарасына тоқталатын болсақ, көшпелі қауым дегеніміз жайылымдық жерлерді игере білген тек, тайпа және ауылдардың бірлескен одағы [4]. Демек, көшпелі қауымдық қоғам өмір сүрген кезеңіне сай қауымдық бастамалардан және сол қауымға тән әлеуметтік жүйелердің өзіндік заңдылықтары мен шарттарынан тұрған. Ал, осы заңдылықтар мен шарттарды біріктіріп, бір арнаға түйістіріп отырған жүйе, қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымының негізгі ұйтқысы – қауым, қауымдастық, қауымдық қоғам, қауымдық реттілік. Сондықтан көшпенділік өмір салты тән қазақ этносының негізгі ерекшелігі күрделенген және тармақталған ішкі этникалық құрылымында. Осы орайда белгілі қазақстандық мәдениеттанушы Т.Х. Ғабитовтың: "Қазақ мәдениетінің негізгі архетипі - көшпеліліктегі тағы бір маңызды мәселе ондағы әлеуметтік құрылымға, қоғамдық ұжымдасуға қатысты. Мұндағы алдымен көзге түсетіні – қауымдық тұтастық. Егер еуропалық нарықтық қоғамда зат иелену мен азаматтық қатынастар шешуші қызмет атқарса, көшпелілерде туысқандық, рулық байланыстар ең құнды болып есептелінген", [5] – деген пікірі ойымызды одан сайын толықтыра түседі.
Осы келтіріліп отырған ой-пікірлер түйіні көшпенді қоғамның әлеуметтік болмысының бейнесін пайымдайды.
Әдебиеттер
1 Хазанов А.М. Кочевники и внешний мир. – Алматы: Дайк-Пресс, 2000. – 491 с.
2 Қинаятұлы З. Жылаған жылдар шежіресі. -Алматы: Мерей, 1995. -297 б.
3 Масанов Н. Кочевая цивилизация казахов: основы жизнидеятельности номадного общества. – А: Социнвест, 1995. –320 с.
4 Толыбеков С.Е. Кочевое общество казахов в ХҮІІІ - начале ХХ веке. -Алма-Ата: Наука, 1971. –633.
5 Ғабитов Т.Х. Қазақ мәдениетінің типологиясы - Алматы: Қазақ университеті, 1998. – 202 б.
Достарыңызбен бөлісу: |