Сингармонизм. Дауыстылар гармониясы: 1) платальдық гармония немесе дауыстылардың жуан және жіңішке жағынан үндесуі. Көне түркі тілінде дауыстылардың жуан-жіңішке үнднсуі сөздің басынан аяғына дейін сақталады; 2) лабиалдық гармония немесе дауыстылардың еріндік үндесуі. Түркі тілдерінің көпшілігінде-ақ дауыстылардың еріндік үндесуі жүйелі түрде сақталмайды. Мысалы, қазақ тілінде еріндік үндесу екінші буыннан аспайды, кейінгі буындарда еріндік мәнер әбден көмескіленген, сондықтан жазуда ескерілмейді. Ал түркі ескерткіштері тілінде сөз құрамында еріндік үндесудің біркелкі келетін жүйесі сақталмаған. Ол тілде бір сөз құрамында бірінші буындағы ерін даустысының кейінгі буындағы дауыстыға ықпалы болса, екінші бір сөзде ондай ықпал байқалмайды: буңсуз, буңсыз. Онан соң, кейінгі буындардағы дауыстыларға бірінші буындағы ерін дауыстысының ықпалы да алдыңғы дауыстылардың сапасына қарай болып отыратыны байқалады. Енесей ескерткіштерінде кейінгі буындағы ы, і дауыстылары басқы буындағы еріндік дауыстының ықпалымен еріндікке айналды. Бірақ осы позициядағы ашық дауыстылардың еріндік ықпалға ұшырауы кездеспейді. Қазіргі түркі тілдерінің ішіндегі ерін үндестігі жүйелі сақталатыны – қырғыз тілі ғана. Қырғыз тілінде лабиализация заңдылығының кең таралатындығы соншалық, кейінгі буындағы ашық дауыстылар да алдыңғы еріндіктің әсерімен еріндік мәнералады. Қазақ тілінде лабиализацияның бұл түрі тек диалектілік ерекшелік ретінде ғана ұшырасады. Бұған қарап, қазақ тіліндегі кейінгі буынның делабиализациясы кейінгі процесс деп қарауға болар еді. Бірақ диалектілік ерекшеліктің барлығы байырғылық емес. Кейде жаңа құбылыстың таралып үлгермеуі де диалектілер құрамында сақталып қалады. Сонымен қатар, көне түркі тілінде қосымшалар құрамында айтылған еріндіктер қазақ тілінде езулікке айналған немесе езулікпен ғана айтылады, ал сондай сөздердің басқы буында айтылған еріндік сол сапасын сақтаған: олур-отыр, ордун-орда, ортун-орта, қузғун-құзғын, өлүг-өлік. Бұл ретте мына жағдайды да ескеру керек: қазақ орфографиясы бойынша өлік, құзғын сөздері осы сыпатта жазылғанмен, орфоэпиялық норма бойынша соңғы буын құрамындағы ы, і дыбыстары айтылуда ұ, ү түрінде естіледі. Ал ежелгі ескерткіштер тілінде де осыған ұқсас фактілер ұшырасады: «Кодекс куманикусте» - бөрү, боғуз т.б. Бір буынды, екі буынды сөздерде ерін үндестігінің қалыпты норма екені байқалады. Абу-Хайиан грамматикасында ерін үндестігі бірде графикалық тәсілмен берілсе, бірде олар езулікпен берілген. Мұндай фактілер, әрине, ерін үндестігінің жүйелі екенін танытпаумен қатар, ол тілдерге әсте жат құбылыс екендігін де аңғартады. Оның үстіне, Абу-Хайиан жеке сөздердің бірде езулікпен, бірде еріндікпен айтылуын тайпа тілдерінің ерекшелігі ретінде түсіндіреді (қыпшақша темір, оғызша демүр). Дегенмен, қосымшалар құрамында еріндіктердің қолданылуы жайлы айтқанда, көне жазбалар тілінде кездесетін әр түрлілікті де ескерту керек. Қашқари – түріктер: бардым, арғулар: бардум, ал оғыздар: бардам деп сөйлейді деп ескертеді. Ибн-Мұхаммед Салих жедел өткен шақ тұлғасы езулікпен айтылады дейді де, сөзге әуезділік беру үшін ерін дауыстыларымен айтуға да болады, ескертеді (-ду, -ды). Ал қыпшақ сөйлеу тілінің ескерткіші «Кодекс куманикусте» - көрдүк (көпше І ж.), көрүнді (ІІІ ж.), иолуқту (ІІІ ж.), көрду (ІІІ ж.). Сөйтіп Қашқари мен Абу-Хайиан еңбектерінде қосымшалардың еріндік не езулікпен келуі тайпа тілдерінің ерекшелігі ретінде түсіндіріледі де, Мұхаммед Салих сөздің экспрессиялы болуының тәсілі деп қарайды. Сол сияқты «Кодекс» тілінің фактілерін де әр түрлі тайпа тілінің көрінісі деп қарауға мүмкіндік бар. Мұхаммед Салих ескертпесін басқа тіл өкілінің субъективтік естуі деп қарауға болады. Олай болса, қазіргі қазақ тіліндегі қосымшалардың құрамында еріндік дауыстылардың естілуі де бір кездегі субстрат тілдің ізі.
Дауыстылардың гармониясы заңдылығы қазіргі қазақ тіліндегі барлық сөздер мен формаларға таралады деп қарауға болмайды. Тілдің сөздік қоры тек қана таза қазақ не түркілік сөздерден құралмайды, әр кезде әр түрлі жағдаймен байланысты басқа тілдерден енген сөздер мен формалар бар екені белгілі. Ал мұндай сөздердің көпшілігі гармония заңдылығына бағына бермейді: кітап, мұғалім, коммунизм тәрізді сөздер сондай. Сол сияқты, әдеби, рухани сөздердің құрамындағы –и, асхана сөзінің құрамындағы –хана аффикстерін осы заңдылық бойынша өзгертуге келмейді. Бұлардан басқа өз тіліміздің табиғатында пайда болған –паз, -қор, -нікі тәрізді аффикстер де бұл заңдылыққа бағынбайды.
Сингармониялық параллельдер. Дауыстылар гармониясы заңдылығының табиғаты мен түрлері жайлы болгар зерттеушісі Моллова, сингармонизм мен дауыстылар гармониясы дейтін терминдер бір ғана құбылысты білдіреді деп қарамайды, олардыңі айтуынша сингармонизм – буын құрамындағы дауысты мен дауыссыз бірдей қатысты
Буын. Алтай тілдерінде, оның ішінде түркі тілдерінде, буынның негізгі екі түрі кездеседі: 1) ашық буын, 2) бітеу буын.
Н.А.Баскаковтың айтуынша, түбір сөздердің ішіндегі ең байырғысы бітеу буын да, қалғандарының бәрі осы түрдің әр түрлі модификациясы. Бұл ретте қазіргі түркі тілдерінің құрамында сақталып қалған кейбір сөздердің ескі формалары және көне дәуірде қолданылған жазу түрлерінің қайсысы да сөздің фонетикалық сыпатын түгелдей бере алмайтындығы еске алынады. Мәселен, қазіргі түркі тілдерінің бірсыпырасында су түбірі кездеседі, кейбірде суғ түбірі кездеседі. Сол сияқты, йу, жу//йуғ, сы, сын//сығын т.б. Сонда осы көрсетілген сөздердің қай вариантын көне, байырғы деп айтуға болар еді? Әрине, дауыссызға, дауыссыз болғанда да тарихы «әлсіз» деп есептелетін дауыссыздарға біткен варианттарын көне деп қарауға тура келеді. Олай болса, көне түркі тілі ескерткіштерінің кейбірінде кездесетін сы, су, бі (қазақ бие), йу тәрізді дауыстыға біткен біткен екі дыбысты түбірлер ескі түрі емес, жаңарған (әр түрлі фонетикалық өзгеріске ұшыраған) түрі деп қарау дәлелді.
О баста «әлсіз» дауыссызға біткен түбірлердің соңғы дауыссыз дыбысы не алдыңғы дауыстарға ұласып созылыңқы дауысты құраған немесе түгелдей жойылып кеткен. Ал созылыңқы дауыстылар көпшілік тілдерде әдеттегі дауыстыға айналған. Осыдан барып дауыссыз-дауысты дыбыстардан ғана құралған түбірлер пайда болған деп қарауға болады.
Бұл теорияны ұсынушылар де//те, же//йе тәрізді етістіктер де о баста й дауыссызына біткен деп есептейді. Яғни, олардың ойынша, де, те етістігінің алғашқы түрі тей, же етістігінің алғашқы тұлғасы жей. Бұл ретте олар ұйғыр, ноғай тілдерінде осы етістіктерден жасалатын қимыл есім формалары дейиш, жейиш түрінде, ал қазіргі түркі тілдерінде не түрінде айтылатын есімдік М.Қашқари сөздігіне нен, сол сияты бірсыпыра түркі тілдерінде бү түрінде айтылатын есімдік кейбір тілдерде (қазақ, қарақалпақ) бұл тәрізді дыбысталатынын да дәлелге келтіреді.
Сонымен, түркі сөзі ең алғашқыда үш дыбысты түбірден (дауысссыз-дауысты-дауыссыз) жасалған деп қарайтын көзқарасты ұсынушылар екі дыбысты (дауысссыз-дауысты) түбірлердің көне түркі ескерткіштерінде де кездесуін соңғы «әлсіз»дауыссыздардың (р, л, н, ғ) алдыңғы дауыстымен ұласуынан, сөйтіп созылыңқы дауыстының пайда болуынан немесе сол дауыссыздың түгелдей түсіп қалуынан пайда болған деп есептейді. Сондай-ақ мұндай түбірлердің (дауыссыз-дауысты-дауыссыз) басқы дауыссызы түсіп қалуы да кздеседі. Мысалы, оңтүстік тілдердегі ол//бол. Кейде бұрынғы байырғы буынға (түбірге) сөз жасаушы элементтердің қосылуы арқылы да буын күрделенеді: айт, қайт (сонғы т). Осы сөздерді мыналармен салыстырсақ: айқай, қайыр, алдыңғы түбірдегі т дыбысы жоқ. Н.А.Баскаков ұсынған пікір көп ыңғайда көне түркі тілдерінің материалдарымен де деңгейлесіп қалады. И.А.Батмановтың зерттеулері бойынша Енесей жазуының ескерткіштерінде дауысты-дауыссыз түрімен қатар дауыссыз-дауысты-дауыссыз сипатты түбірлер бар да, соңғы түрі өте көп кездеседі.
Түркітануда, сонымен бірге, дауыссыз-дауысты буыннан тұратын сөздер байырғы деп қарайтын да болжам бар. Мұндай болжам авторлары мынадай фактілерге сүйенеді: қо+/й/ қо+/зы//қо+/шақан/, кө+/з/ - (двойств, число) т.б. Сондай-ақ, ба (байлау) сү (әскер) тәрізді көне түркі материалдарын да осыған жатқызуға болады.
Көне түркі түбірі екі дыбысты ашық буыннан тұрған деп есептейтіндердің бірі поляк ғалымы В.Котвич орыс тілінде «Исследование по алтайским языкам» деген атпен басылған зерттеуінде қазіргі алтай тілдеріндегі (тұңғыс-маньчжур, түркі монғол) түбірдің фонетикалық құрамын салыстыра келіп, тұңғыс тілдерінде екі дыбысты ашық буыннан тұратын түбірлердің көптігін, ал түркі мен монғол тілдерінде екі дыбысты ашық буыннан және үш дыбысты бітеу буыннан құралатын түбірлердің арасалмағы шамалас екенін айтады. Бұдан ашық буынды түбірлер қалайда байырғы болуы керек дейтін қорытынды шығады. Олай болса, екі дауыссызға бітетін бітеу буыннан тұратын түбірлердің пайда болуын қалайша түсіндіруге болар еді? Екі дыбысты ашық буынды түбір теориясын жактаушылар, оның ішінде Котвич, монғол және түркі тілдері материалдарын тұңғыс-маньчжур тілдерімен салыстыра отырып, соңғыларда мұндай сипатты түбірлердің бүтіндей кездеспейтіндігін айтады. Олай болса, түркі тілдері мен монғол тілдерінде бір фонетикалық сипатта, бір мағынада қолданылатын қырық-қырға, шаш-сачу (етістік) тәрізді параллельдердің бірінде екі буынды, бірінде бір буынды болуын қалай деп қарауға болар еді? В.Котвичтің айтуынша, түбірдің мұндай сипаты алтай тілдеріне жат еді, сондықтан қалайда бұдан құтылуға тырысты (мүмкін тұңғыс тілдерінің өзгешелігі осының салдары болар). Сол себептен және екі дауыссыздың қосарлануынан құтылу үшін түркі-монғол тілдері қатар айтылған екі дауыссыздың арасына дауысты қойып айтуға немесе ең соңына дауысты дыбыс қосып айтуға мәжбүр болды. Монғол тілдері соңғы тәсілді пайдаланған да, түркі тілдері алдыңғы тәсілді қолданған. Сондықтан монғол тілдерінде көк емес көке, аб, ау емес, аба, ер емес ере, түн емес түне, қыр емес қыра т.б. Ал қазіргі түркі тілдерінде кездесетін бұлыт, тарақ о баста екі дауыссыз дыбысқа аяқталған бітеу буынды түбір болуы керек, яғни, бұлт, тарқ. Осы ізбен көне түркі тіліндегі балығ (қала), кергек (керек) сөздерді де балғ, керг болып айтылған деп қаралады. Өйткені монғол тілінде бұл сөздер балғасун, кергег түрінде айтылады екен.
Түркі тілдерінде дауыссызға біткен түбірлерге монғол тілдерінде көбінесе а, е, у, ү дауысты дыбыстары қосылып айтылады. В.Котвичтің байқауынша түркі тілдерінде аффрикатқа бітетін сөздерге монғол тілінде қысаң дауыстылар қосылып айтылады да, басқа дауыссыздарға біткен сөздерге ашық дауыстылар қосылып айту жүйесі бар. В.Котвич монғол тілінің мына ерекшелігін көрсетеді: монғол тілінде сөз аяғы көбінесе үнді болып отырады. Ал түркі тілдері болса, сөз аяғында көбінесе қатаң дауыссыздарды (қ, к) қолданады да, сол позицияда ұяңдардың (ғ, г) айтылуы сирек кездеседі. Сөйтіп монғолдар қатаң дауыссыздар мен ұяң дауыссыздардың ара жігін ашып айтуға бейім болады да, осы мақсатпен сөз аяғын дауысты дыбысқа бітіруге ұмтылады. Өйткені, соңғы жағдайда ғана ұяңдар мен қатаңдардың ара жігі айқын көрінеді.
Сонымен, В.Котвичтің дәлелдеуінше, монғолдық формалар, яғни, дауысты дыбысқа (ашық буынға) біткен формалар кейінгі дамудың жемісі де, ал түркілік қысқа формалар тарихи тұрғыдан әлдеқайда ескі болуы керек. Оның айтуынша, сөз соңында бір кезде қатар айтылған екі дауыссыздың ортасына дауысты дыбыс қойып бөліп айтуға бағытталған тенденция етек алған, соның салдарынан екі дауыссызға аяқталған түбірлердің саны, әрине, едәуір азаюға тиіс. Алайда түркі сөздері о баста үш дыбысты (дауыссыз-дауысты-дауыссыз) болған деп есептейтін ғалымдар В.Котвич келтірген фактілердің біразын түбір мен қосымшадан құралған негіз деп есептейді. Н.А.Баскаков бұлт, кергек сөздерін бұл-ұт, керг-ек деп қарайды да, соңғы буындарды есім жасайтын аффикс деп есептейді.
Сонымен бірге, түркі-монғол тілдеріндегі сөздің буын құрамы туралы айтылған, ескерілуге тиіс пікірлердің бірі – белгілі монголист Владимирцовтың пікірі. Ол түркі-монғол параллельдерін салыстыра келіп, тарихи тұрғыдан ескісі және негіз тілге жақыны дауысты дыбыспен аяқталатын ашық буынға біткен монғолдық варианттар деп қарайды. Осы пікірді белгілі дәрежеде Н.К.Дмитриев те қайталады. Бұл олсыдан бұрын айтылған пікірге қарама-қарсы екені белгілі.
Жоғарыдағы көзқарастар қазіргі түркі тілдеріндегі, оның ішінде қазіргі қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздерді ескеріп отырған жоқ. Еліктеуіш сөздер шығу, қалыптасу тұрғысынан мұндай тарихи болжамдарға тиек бола алмайды. Еліктеуіш сөздердің жасалуында артикуляциялық дыбыстау органдарының күшті қарқынмен жұмыс істеуіне байланысты көмескі айтылған дауыстылар түсіп қалады да, сөз екі дауыссыз дыбысқа аяқтала береді. Бірақ бұл құбылыстан тарихи өзгеріс байқалмайды.
Сонымен, фонетикалық сипаты қандай болса да, аяқ, ауыз тәрізді сөздер көне тілде де осы құрамында (екі буынды) кездеседі. Кейбір дыбыстық өзгерістерді ескермесек, буын санының не азайып, не көбейіп кетпегендігін көреміз. Сөйтіп екі буынды сөздердің көпшілігі туралы кесіп айту қиын. Алайда, үш буынды сөздерден бастап түркі сөздері тарихи тұрғыдан туынды түбірлер болып келеді. Сарқыншақ, тұндырма, кимешек т.б. сөздер байырғы сөздер. Енді осы сөздерді үйірлес сөздермен салыстырып көрейік: сарқыншақ, сарқы, сарқыт, тұн (тын), тұндыр, тұнық, киім, ким (е) шек.
Сөйтіп ұялас түбірлерді салыстырғанда, осы сөздердің барлығы да о баста бір, я екі буынды сөздер болып шығады. –шақ, - шек бір кезде есімдер құрамында кішірейткіш мәнді туғызудың өнімді тәсілі болған. Ал киім (е) шек сөзінің құрамындағы –е – екі дауыссыздың арасындағы (түбір мен қосымша жігіндегі) жалғастырушы дауысты ма,әлде монғол тіліндегі ұзартпалы дыбыс па (мысалы, көк, монғ. көке) – ол жағын ашып айту қиын.
Қазіргі қазақ әдеби тілінде көп буынды сөздердің мол қолданылуын екі түрлі жағдаймен түсіндіруге болады: 1. Түркі тілдері агглютинативтік жүйеге жатады. Аглютинация – склеивание, яғни, жалғамалы деген сөз. Осы жүйеге сай о бастағы бір буынды, екі буынды сөздер жұрнақтар арқылы, кейде жалғаулар арқылы күрделі құрамды болып қалыптаса береді. 2. Шеттен енген сөздердің басым көпшілігі үш-төрт және одан да көп буынды болып келеді: телефон, динамика, пролетариат т.б. Қазақ тілінің орфоэпиялық заңдылығына байланысты дауыссыздар тіркесінен басталатын не аяқталатын сөздердің құрамы о баста бір, екі буынды болуына қарамай, айтылуда көп буынды болып шығады: стол, >ыс – тол, почтамт>поч-та-мыт т.б.
Сөздің грамматикалық тұлғасының өзгеру, дамуын дыбыстарды тарихи тұрғысынан қарастырғанда ғана айқын түсінуге болады. Сондықтан сөз тұлғасын сөз етіп, оның буындық құрамы жайлы әңгімелегенде дыбыстардың тарихи ауысу, өзгеру жолын да еске алу керек. Сонда ғана сөздің байырғы түбірі мен кірігіп кеткен қосымша не түбірді айыруға болады. Әрі, бері, кері сөздері құрамындағы байырғы түбірлер ә, бе, ке, және рі – (рі ескі барыс тұлғасы) дегенде, ашудас сөзі о баста ащы тас тіркесі (фразалық екпін әсері) дегенде де біз сол фонетика заңдылықтарының тарихи өзгеру жолдарын ескереміз.
Біздің қазіргі заманғы тіліміз даму барысында қайта құрылған, өзгеріске түсіп, жаңарған жүйелер тобымен бірге, «қайшылықтар», тілдің басқа жүйелік заңдылықтарымен үйлесе бермейтін құбылыстар тобынан тұратыны белгілі. Тіл механизімінің логикалық жетілгендігі соншалық, тіл қолданушылар ондай «үйлеспеушілікті» байқамайды. Тарихи грамматика сондай «үйлеспеушіліктердің» тарихи сырын ашу арқылы тіл жүріп өткен жолды бағдарлайды. Мәселен, қазіргі қазақ тіліндегі қысаң дауыстыларға, -қ, -к дауыссыздарына аяқталатын есімдер (көбіне сын есімдер), құрамында (сөз ортасында) нт, лт, рт, рқ тәрізді сонорлар мен қатаңдардың тіркесі бар екі буынды есім түбірлер, ғ, г, з дыбыстарынан басталатын есім сөздер, барғысы келеді тәрізді күрделі етістіктер т.б. қазақ тілі жүріп өткен жолды мегзейді, оның фонетикалық, грамматикалық құрылымында, лексикалық қорында болған өзгерістерге сілтейді.
Диалект халықтың бір ғана тобының территориялық, не әлеуметтік тілдік ерекшелігі деп қаралады, ал халық қалыптасқанға дейінгі дәуірде әрбір диалект бір тайпаның, рудың тілі болған. Сондықтан бүгінгі тіл құрамындағы диалектілік айырмашылықтар көбіне тілдің көне дәуірінің біртұтас халық тілі қалыптасқанға дейінгі сипаты болып келеді. Диалектілік айырмашылықтардың бір тобы тілдің кейінгі дәуірлерінде пайда болуы да
мүмкін. Соңғы топ әдетте тілдік байланыс, қатынастардың (языковые контакты) немесе экстралингвистикалық факторлардың жемісі болуы әбден ықтимал. Диалектілік ерекшеліктердің осы екі тобы да тіл тарихын, тілдің құрылымдық тарихын жасау үшін аса қажетті материал болады. Мәселен, диалектілік айырмашылықтар жазба ескерткіштер тілі ерекшеліктерін салыстыратын, сол арқылы тілдік өзгерістер айқындалатын тірек. Диалектілік ерекшеліктердің алдыңғы тобын ескерткіштер тілімен салыстыру арқылы тарихи құрылымдық өзгерістер айқындалса, соңғы тобын салыстыру арқылы тілдің экстралингвистикалық ықпал арқылы дамуы анықталады. Кей мәселелер жөнінде диалектілік ерекшелік тіл тарихын зерттеуде сүйенетін жалғыз ғана көз болады. Мысалы: ж~ш~н: шайқал, найқал, бұл сәйкестіктің арғы түбі й-ге барып тірелетіні айқын, сонда й~ж//ш~н, әлде й~н~ж~ш, о~ұ, арғы түбі у, сонда у~ұ~о; барулы~баратын, барамын екен~барады екенмін; барамыз екен~барады екенбіз, баралы~барайық т.б. Бұндай тұлғалар мен дыбыстық сәйкестіктер қазақ тілінің этногенезін, оның құрамына енген ру-тайпа тілдерін, оның қандай құрылымдық өзгерістерді басынан өткізгендігін айқындайды.
Тілдің құрылымдық тарихын зерттеп білуде дәйек болатын бір сала – ономастика. Ономастикалық материал тілдің лингвистикалық және экстралингвистикалық даму жолдарының бірлікте болатынын дәлелдейді. Ономастикалық атаулар көбіне тілдің қалыптасқан сөз өзгеру жүйесінің аумағына сыймайды. Олар тілдің даму барысында жоғалып кеткен сөз өзгерту модельдері бойынша жасалған болып келеді не ұмытылып кеткен мағынаны өз бойында сақтауы мүмкін. Мысалы: Ақсу – ақ ~ аққан су: бұл сөздің құрамынан синкретикалық түбір (ақ – етістік және есім) мен сөздің ұмытылған қолданысын (ақ етістік түбірдің есімдерше қолданысын) көруге болар еді. Ономастикалық материалдардың мынандай екі тобы бар: бір тобы – микротопонимдер мен антропонимдер. Микротопонимдер (шабындық, жайлау, қыстау, ұсақ өзен атаулары) мен антропонимдер (кісі аттары т.б.) құрамында өздері пайда болып, қалыптасқан аймақ, өлке тұрғындары тілінің белгілері сақталады. Ондай тілдік айырмашылықтар сол аймақты, өлкені мекендеген ру-тайпа тілдерінің негізгі белгілерін айқындауға мүмкіндік туғызады. Ономастикалық материалдардың екінші тобы – топонимдер. Топонимдер тілдік байланыстың, тілдік ықпалдасудың ерекше бір түрінің куәсы, соның нәтижесі де болып отырады. Мәселен, географиялық атаулар мыңдаған жылдар бойы, сол географиялық аудандағы тұрғындар ауысып жатса да, өзгермей қала беруі ықтимал. Бұл жағдай белгілі бір тілдің тарихындағы субстрат тілді анықтауға бірден-бір мүмкіндік туғызады. Мысалы, Оңтүстік Шығыс Қазақстан түп негізі монғол тілдеріне барып тірелетін атауларға толы. Мысалы: Зайсан, Тарбағатай, Талғар, Түрген т.б. Бұл атаулар осы аймақтың алғашқы тұрғындары (немесе осы аймақта алғаш көшіп-қонып жүргендер) кімдер болғанын анықтайды. Топонимикалық атаулар бір аймақта әр түрлі тарихи-әлеуметтік себептермен әр сипатты мәдени-тілдік топтардың тоғысуының куәсы, нәтижесі де болады. Мысалы, Қырым түбегінде гректер, осман түріктері, қыпшақтар мен оғыздар, кейін орыстар мен украиндықтар орнығып, мекендеді.
Тарихи грамматикалық зерттеу, сондай-ақ басқа тілдерге ауысқан сөздерге және басқа тілдерден қазақ тіліне ауысқан сөздерге де негізделеді. Қазақ тілінен басқа тілдерге сөз ауысудың екі кезеңін айтуға болар еді: бірінші кезең қазақ халқы қалыптасқанға дейінгі дәуірлерде жеке ру, тайпа тілдерінен басқа тілдерге ауысқан сөздер. «Игорь полкі туралы сөздің» тілін зерттеуші түрколог Менгес сол заманғы шығыс славян тілдеріне ықпал жасаған тілдердің бірі қыпшақ-половец тілі екенін айтады. Науаи «Екі тілдің айтысы («Мухакамат әл-лұғатайин») атты еңбегінде келтірілетін, парсы тілдеріне ауысқан түркі сөздері. Ол сөздердің көпшілігі-ақ бүгінгі қыпшақ тобына жататын тілдерде, әсіресе, қазақ тілінде өзгеріссіз айтылады.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
-
Тарихи фонетика. Дыбыстардың даму тарихы
-
Дауысты дыбыстар тарихы
-
Дауыссыз дыбыстардың тарихы
-
Дауыссыз дыбыстар жүйесіндегі тарихи өзгерістер
-
Фузиялық өзгешеліктер
-
к, қ, н, ң, р, л дыбыстарының дамуы
-
ш, т, д, ж, з, м дыбыстарының дамуы
Әдебиеттер:
1.Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. А,1988.
2. Томанов М., Қордабаев Т. Тарихи грамматика мәселелері. А,1975.
5-Дәріс
Тақырыбы: Тарихи лексикологияның зерттеу нысаны, салалары. Қазақ лексикографиясының тарихы
Мазмұны: Тарихи лексикология тілдің сөздік құрамын, шығуын, замандар бойында қалыптасуын және дамуын, лексиканы құрастырушы арнала және олардың тарихы тұрғысынан зерттейді.
Тарихи лексикологияның бір саласы – этимология. Этимология сөздердің шығу тегін зерттеп, олардың ең алғашқы мағынасының қандай болғандығын айқындайды. Этимолгиялық зерттеулердің жеке сөздердің шығу төркінін ғана емес, сонымен бірге жалпы тілдің тарихын танып білуде маңызы өте зор.
Тілдің тарихы мен ондағы сөздердің тарихы халықтың тарихымен тығыз байланысты болады. Осыған орай, сөздердің шығу төркіні жайындағы этимологиялық зерттеулер тарихи және этногенетикалық мәселелерді қарастырып шешуде де айрықша маңызға ие. Сөздер бір тілден басқа бір тілге ауысып енуге икем келеді. Көне замандарда бір тілден екінші тілге еніп, әбден қалыптасып кеткен кірме сөздер бойынша әр түрлі халықтардың ерте дәуірлерде бір-бірімен жасаған қарым-қатынастарының түрлерін айқындауға болады. Сөздердің өзгеріп даму тарихынан, әсіресе олардың мағыналық жақтан даму тарихынан, адам ойлауының табиғат құбылыстары мен қоғам құбылыстарын ғасырлар бойында танып білуге ұмтылып күш салуының тарихы көрінеді. Осыдан этимологиялық зерттеулердің екі түрлі проблемаға қатысы келіп туады: оның бірі – тіл мен тарих проблемасы, екіншісі – тіл мен ойлау проблемасы.
Лексикологияның енді бір саласы – салыстырмалы лексикология туыстас тілдердің сөздік құрамын, ондағы сан алуан сөздерді бір-бірімен салыстыра отырып зерттейді. Салыстырмалы лексикология туыстас тілдердің лексикасын салыстырып қана қоймайды, оларды тарихи даму, өзгеру тұрғысынан қарастырады. Сондықтан ол, әдетте, салыстырмалы-тарихи лексикология деп аталады. Салыстырмалы-тарихи лексикологияның маңызы мынада: тілдің ерте кездегі шағын сөздік қоры талай замандар бойында, біріншіден, талай өзгерістерге ұшыраса, екіншіден, өрбіп, өсіп, сан мыңдаған сөздер қосылып, бұл күнде оның аумағы да, арнасы да кеңіді. Қазіргі тілдердің лексикалық байлығы дамудың барысында замандар бойында қор жинау жолымен жасалды. Тілдің лексикасының замандар бойында қалыптасып жасалуының заңдылықтарын және оның тарихын танып білу туыстас тілдердің сөздік құрамын тарихи тұрғыдан қарастырып, бір-бірімен салыстыра зерттегенде ғана мүмкін болмақ.
Тілдің лексикасындағы әрбір сөзде белгілі бір мағына бар. Сөздердің мағыналық жақтары семисологияда қарастырылады. Семисология сөздердің мағыналарын және ол мағыналардың өзгерілу жолдарын, семантикалық заңдарды зерттейтін арнаулы бір сала болып саналады. Семисология – лексикологияның ең басты және маңызды саласы.Семасиологияның лексикографиялық жұмыста да (сөздіктер жасау) маңызы айрықша. Сөздіктерде сөздің мағыналық жақтары талданады. Семисологиялық зерттеулердің топшылаулары мен қорытындылары сөздік жасау жұмысын ғылыми және практикалық тұрғыдан дұрыс жолға қоюға көмектесіп, бағыт-бағдар сілтейді.
Лексикологияның семасиология тарауымен тығыз байланысты бір саласы – ономосиология деп аталады. Ономосиология зат немесе құбылыс ұғымының белгілі бір сөзбен аталуының себебін қарастырады. Нақтырақ айтқанда, ономосиологиялық тұрғыдан қарастырғанда, ұғымның сөзбен аталу, белгілену жағына назар аударылады.
Ономосиологияның диалектологияға да қатысы бар. Ономосиологияның диалектологияға қатысы әсіресе лингвистикалық географиядан айқын аңғарылады. Әр түрлі тілдердің диалектологиялық атластарының лексикологиялық картасы ономосиологиялық негізге сүйеніп жасалады да, бір заттың немесе құбылыстың диалектілердегі әр түрлі атауларының таралу шегі көрсетіледі.
Ономосиологияның айрықша бір саласы – ономастика жалқы есімдерді зерттейді. Ономастика өз ішінде екі салаға бөлінеді: антропонимика кісі аттарын зерттеу объектісі етіп алса, екіншісі – топонимика географиялық атауларды зерттеу объектісі етіп қарастырады.
Лексикография сөздіктерді құрастырудың ғылыми методикасы дегенді білдіреді. Сөздіктерді жасау үшін , тілдегі сөздер мен фразеологиялық оралымдарды жинау үшін оларды жүйеге келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сөздік жасау жұмысы лексикографиялық жұмыс деп аталады.
Сөздіктердің тіл-тілде бірнеше түрі бар. Олардың әрқайсысы әр түрлі мәдени қажеттілікті өтеу үшін жасалады. Лингвистикалық сөздіктер жасалу мақсатына қарай бірнеше түрге бөлінеді.
1) Сөздіктердің ішінде тілдің лексикасының шығуын, дамуын және оның бірнеше дәуірін қамтып сипаттайтын түрі бар. Мұндай сөздіктер тарихи сөздіктер деп аталады. Керісінше, сөздіктердің кейбір түрі қазіргі тілде жаппай және жиі қолданылатын сөздерді қамтып, оларға талдау жасап, сипаттама беруді мақсат етеді. Мұндай сөздіктер қазіргі тілдің сөздіктері деп аталады.
2) Сөздіктердің белгілі бір түрі тілдегі күллі сөздерді түгел қамтып сипаттауды мақсат етеді. Мұндай сөздік толық сөздік деп аталады. Сөздіктердің енді бір түрі тілдің сөздік құрамындағы барлық сөздерді емес, оның белгілі бір дәуіріндегі сөздерді немесе лексиканың белгілі бір саласын қамтитын сөздік түрінде жасалады. Мұндай сөздік кіші сөздік немесе толық емес сөздік деп аталады. Сөздіктердің бұл түріне арнаулы сөздіктерді де (терминологиялық, синонимдер, фразеологиялық) жатқызуға болады.
3) Сөздердің сөздікте ана тілінде түсіндірілуі немесе басқа тілге аударылып түсіндірілуіне қарай сөздіктер екі түрге бөлінеді: олардың алғашқысы – бір тілдік түсіндірме сөздіктер, екіншісі – екі тілдік немесе көп тілдік аударма сөздіктер.
4) Сөздіктер оларда берілген сөздердің алфавит тәртібімен көрсетілуіне немесе сөздермен белгіленетін ұғымдардың топтарының рет-ретімен көрсетілуіне қарай екі түрге бөлінеді: 1. дыбыстық немесе алфавиттік сөздіктер; 2. идеологиялық сөздіктер немесе ұғымдар сөздігі.
Сонымен сөздіктерді төрт түрлі топқа бөліп қарауға болады.
І. Сөздердің шығу тегі мен олардың семантикасының дамуы туралы мағлұмат беретін сөздіктер. Бұларға жататындар: 1. Этимологиялық сөздік. 2. Тарихи сөздік.
ІІ. Қазіргі тілдердегі сөздердің мағыналарын түсіндіріп, олардың қолданылуы жайлы мағлұмат беретін сөздіктер. Бұлардың қатарына енетіндер: 1. Түсіндірме сөздік. 2. Аударма сөздік. 3. Терминологиялық сөздік. 4. Диалектологиялық сөздік. 5. Фразеологиялық сөздік. 6. Синонимдер сөздігі.
ІІІ. Сөздердің дыбыстық құрылысы мен олардың жазылуы туралы мағлұмат беретін сөздіктер. Бұлардың қатарына енетіндер: 1. Фонетикалық сөздік. 2. Орфографиялық сөздік.
IV. Заттар мен құбылыстардың ұғымдарын айқындап түсіндіретін сөздіктер. Бұлардың қатарына енетіндер: 1. Энциклопедиялық сөздік. 2. Иллюстративті сөздік.
Достарыңызбен бөлісу: |