88. Әрбір гарнизонда көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда, гарнизонға жақын орналасқан елді мекендердің теміржол (теңіз, өзен) учаскелері мен станцияларында (порттарда), әуежайларында тәртіп орнату және әскери қызметшілердің әскери тәртіпті сақтауын бақылау үшін, сондай-ақ объектілердің сақталуын қамтамасыз ету үшін әскери полиция бөлімшелерінен, ал олар болмаған жағдайда немесе оларды күшейту үшін – гарнизонның әскери бөлімдерінен патрульдік наряд (патруль) тағайындалады. Патрульдеу, әдетте, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери полициясы органдарына жүктеледі, олар міндеттерді әскери полиция органдары туралы заңнамаға сәйкес атқарады. Әскери полиция органдары жоқ гарнизондарда гарнизондық патрульдер әскери бөлімдер құрамынан гарнизон бастығының бұйрығымен тағайындалады, қажет болған кезде бірлескен патрульдер тағайындалуы мүмкін.
Патруль – бұл бағдарды аралау (жүріп өту) немесе оның жекелеген учаскелерін тексеру жолымен орындайтын, құрамында екі немесе бірнеше әскери қызметші бар жылжымалы наряд.
Қазақстан Республикасының заңнамасымен оларға құқық тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі функциялар жүктелген органдардың, сондай-ақ олардың кезекші бөлімшелерінің (жедел топтарының) патрульдік-бекеттік қызметін ұйымдастыру және өткеру ерекшеліктері Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар басшыларының бұйрықтарымен бекітілген патрульдік-бекеттік қызметтерді ұйымдастыру туралы, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзетуді қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің талаптарымен айқындалады. Патрульдеу тәртібін тиісті органның командирі (бастығы) айқындайды.
89. Әскери бөлімдерден патрульдер бір тәулікке немесе тек күннің немесе түннің белгіленген уақытына тағайындалады және олар жаяу немесе автомобильдерде болуы мүмкін. Бір тәулікке тағайындалған патруль гарнизон бастығы айқындаған тәртіппен патрульдеуді демалумен кезектестіріп қызмет өткереді.
Қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің жанында көлік құралы бар резервтегі патруль тағайындалады.
Гарнизондық патрульдер гарнизон бастығына және қарауылдар бойынша кезекшіге бағынады. Қарауылдар бойынша кезекші тағайындалмаған гарнизондарда патрульдер олар тағайындалған әскери бөлім бойынша кезекшіге бағынады.
Теміржол (теңіз, өзен) учаскелері мен станциялары (порттары), әуежайлар аудандарында патрульдеу үшін тағайындалған гарнизондық патрульдер, одан басқа теміржол (теңіз, өзен) учаскесінің және станциясының (портының), әуежайдың әскери комендантына бағынады.
90. Патруль патруль бастығынан және екі-үш патрульден тұрады.
Патруль бастығы болып патрульге жүктелетін міндеттерге байланысты офицер немесе сержант (старшина) тағайындалуы мүмкін.
Теміржол (теңіз, өзен) учаскелері мен станциялары (порттары), әуежайлар аудандарында қызмет өткеретін патрульдер бастығы болып офицерлер тағайындалады.
Патрульдер тәртіпті, талап қоя білетін, саптық жағынан жинақы және дене бітімі дамыған сарбаздар (матростар) немесе сержанттар (старшиналар) қатарынан және әдетте, бір бөлімшеден тағайындалады.
91. Гарнизондық патрульдің қару-жарағы мен киім нысанын гарнизон бастығы белгілейді. Патрульдердің бастықтары – келісімшарт бойынша әскери қызметшілер әдетте, екі жарақтандырылған оқжатары бар пистолеттермен қаруланады, ал қалған жеке құрам жағдайдың шарттарына байланысты қарусыз немесе қарумен болуы мүмкін.
Қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшімен байланысу үшін патруль байланыс құралдарымен қамтамасыз етіледі.
92. Патрульдеу сұлбасын және патрульдерге нұсқаулықтарды гарнизон штабының бастығы жасайды және оны гарнизон бастығы бекітеді, ал әскери полиция органдарында, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда осы органдардың командирлері (бастықтары) бекітеді, гарнизон бастығымен және өзара іс-қимыл жасайтын құқық қорғау органдарымен келісіледі.
Патрульдеу сұлбасында: патрульдер қозғалысы бағдарының бірнеше нұсқасы; қоғамдық орындардың, жаппай демалу орындарының (кинотеатрлар, парктер және басқалар) орналасуы; қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшімен, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен байланыс жасау үшін телефондардың орналасқан жерлері көрсетіледі.
Патрульдерге нұсқаулықта: патрульдердің міндеттері; олардың әрбір бағдарда қызмет өткеру ерекшеліктері; құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл тәртібі; байланыс тәсілдері мен қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндау тәртібі көрсетіледі.
Гарнизондық наряд адамдарының құқықтары мен міндеттері
Қарауылдар бойынша кезекші мен оның көмекшісі
93. Гарнизондық қарауылдарға тікелей басшылық жасау үшін лауазымы бойынша рота (батарея) командирінен төмен емес гарнизон әскери бөлімдерінің офицерлері қатарынан қарауылдар бойынша кезекші және кіші офицерлер қатарынан оның көмекшісі тағайындалады.
Бір гарнизондық қарауыл бар гарнизондарда гарнизон бастығының бұйрығымен қарауылдар бойынша кезекшінің міндеттері қарауыл тағайындалатын әскери бөлім бойынша кезекшіге жүктелуі мүмкін.
Кезекші мен оның көмекшісі қызмет өткеру үшін арнайы жабдықталған орында болады. Олар екі жарақтандырылған оқжатары бар пистолеттермен қаруланады.
94. Қарауылдар бойынша кезекші гарнизондық нарядтың қызметті дұрыс өткеруіне жауап береді. Ол гарнизон бастығына бағынады.
Қарауылдар бойынша кезекші:
1) белгіленген уақытта гарнизонның штаб бастығына келуге, қарауылдар бойынша кезекші болып тағайындалуы туралы нұсқаманы беруге, бұрынғы және жаңа парольдері бар жазбалар мен қажетті нұсқаулар алуға;
2) ауысатын қарауылдар бойынша кезекшіге өзін таныстыруға және оған бұрынғы парольді хабарлауға;
3) гарнизондық наряд ведомосын, бекеттердің орналасу сұлбасын, бекеттер табельдерін, қарауылдар бастықтарының нұсқаулықтарын және қарауылдар бойынша кезекшінің нұсқаулығын зерделеуге;
4) Ішкі қызмет жарғысында көрсетілген тәуліктік нарядтың таралымын өткізу тәртібіне сәйкес гарнизондық нарядтың таралымын өткізуге;
5) оған бөлініп берілген үй-жайда болуға; қызметтік істермен кеткен кезде өзінің көмекшісіне қайда және қай уақытқа кететінін хабарлап, оны орнына қалдыруға;
6) тәулігіне екі реттен жиі емес (оның ішінде түнде бір рет) гарнизондық қарауылдардың қызмет өткеруін жеке өзі тексеруге, бұл ретте түнгі уақытта, ал нашар көрінетін кезде және күндіз жауынгерлік машиналар (қару-жарақ пен әскери техника) тұрақтарын қарап шығуға және анықталған кемшіліктерді дереу жоюға шаралар қабылдауға;
7) ауа райының жағдайына байланысты бекеттерде болу ұзақтығының өзгеруі туралы нұсқаулар беруге;
8) қарауылдар күзететін объектілерді ашуға наряд негізінде қарауылдардың бастықтарына осы объектілерді ашуға рұқсат беруге;
9) гарнизон бастығын және оның тікелей бастықтарын қарсы алуға және оларға баяндауға, мысалы: "Полковник мырза, менің кезекшілігім уақытында оқиғалар болған жоқ. Қарауылдар бойынша кезекші капитан Омаров";
10) қарауылдарды тексеру үшін келген адамдардың жеке басының куәліктері мен қарауылдарды тексеруге құқық беретін біржолғы куәліктерін алдын ала тексеруге, оларға ілесіп жүруге немесе ілесіп жүру үшін өзінің көмекшісін жіберуге;
11) гарнизон кезекші бөлімшесінің дабыл немесе шақыру бойынша іс-қимылдарға әзірлігін тексеруге міндетті.
Әскери полиция бөлімшелерінің штат санымен оларға құқық тәртібін және әскери көлік құралдарының жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау мүмкін болмаған гарнизондарда гарнизондық патрульдердің қызметіне басшылық жасау және жол жүру қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі міндеттер гарнизон бастығының бұйрығымен қарауылдар бойынша кезекшіге жүктеледі.
95. Таралым аяқталғаннан кейін қарауылдар бойынша жаңа кезекші ауысатын кезекшіден тізімдемеде көрсетілген құжаттарды қабылдайды. Қарауылдар бастықтары ауысымның жүргізілгені туралы баяндағаннан кейін қарауылдар бойынша кезекшілер гарнизон бастығына, ал ол болмағанда – гарнизонның штаб бастығына кезекшілікті тапсыру және қабылдау туралы баяндайды, мысалы: "Генерал-майор мырза, капитан Солоненко қарауылдар бойынша кезекшілікті тапсырды". "Генерал-майор мырза, капитан Егізбаев қарауылдар бойынша кезекшілікті қабылдады". Содан кейін жаңа кезекші кезекшілікті қабылдау кезінде анықталған барлық кемшіліктер туралы, ал бұрынғы кезекші – қарауылдардың қызметті өткеруі және анықталған кемшіліктерді жою үшін қабылданған шаралар туралы, қарауылдар күзететін объектілерді ашу және жабу туралы, сондай-ақ егер олар болса, өткен тәулік ішіндегі оқиғалар туралы хабарлайды. Баяндаудан кейін жаңа кезекші осы жазбалары бар кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабын гарнизон бастығына қарауға ұсынады.
96. Гарнизондық қарауылдардың біреуінде оқиға болған жағдайда қарауылдар бойынша кезекші дереу оқиға орнына барады, егер қажет болса, онда гарнизон бастығының рұқсатымен ол кезекші бөлімшені немесе оның жарты бөлігін шақырады. Ал өрт кезінде, одан басқа өрт сөндіру командасын және Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі уәкілетті органы өрт сөндіру бөлімінің жақын маңдағы бөлімшесін шақырады.
Қарауылдардағы оқиғалар туралы және қабылданған шаралар туралы қарауылдар бойынша кезекші дереу гарнизон бастығына баяндайды және қарауыл тағайындалған әскери бөлімнің командиріне хабарлайды.
97. Егер қарауылдар бойынша кезекші кенеттен сырқаттанса, ол бұл туралы гарнизон бастығына баяндайды және оның нұсқауы бойынша әрекет етеді.
Қарауыл бастығы кенеттен сырқаттанған кезде қарауылдар бойынша кезекші оның міндеттерін қарауыл бастығының көмекшісіне (таратушыға) жүктейді немесе сырқаттанғанды ауыстыру үшін әскери бөлімнен жаңа қарауыл бастығын шақыртады, онымен бірге қарауылдық үй-жайға барады және қарауылды қабылдауға басшылық жасайды. Жаңа қарауыл бастығына қарауылдар бойынша кезекші қолданыстағы парольді хабарлайды және болған жағдай туралы дереу гарнизон бастығына баяндайды.
98. Объектілерді, оларды жабдықтаудағы кемшіліктері үшін қарауылдар күзетке қабылдамаған жағдайларда қарауылдар бойынша кезекші ол туралы дереу гарнизон бастығына баяндайды, одан кейін кемшіліктерді жою үшін күзетілетін объектінің бастығын шақыртады.
99. Қарауылдар бойынша кезекшінің көмекшісі қарауылдар бойынша кезекшіге бағынады.
Ол:
1) белгіленген уақытта нұсқау алу үшін гарнизонның штаб бастығына келуге;
2) гарнизондық нарядтың ведомосын, бекеттердің орналасу сұлбаларын, бекеттер табельдерін, қарауылдар бастықтарына нұсқаулықтар мен қарауылдар бойынша кезекшіге нұсқаулықты зерделеуге;
3) гарнизондық нарядтың таралымын өткізуге қатысуға;
4) қарауылдар бойынша кезекшінің бөлмесіндегі құжаттаманы, мүлік пен мүкәммалды тізімдеме бойынша қабылдауға;
5) қарауылдар бойынша кезекшінің бұйрығы бойынша қарауылдардың қызмет өткеруін тексеруге, кемшіліктерді жою туралы шаралар қабылдауға және ол туралы қарауылдар бойынша кезекшіге баяндауға;
6) қарауылдар бойынша кезекшінің міндеттерін ол болмағанда өткеруге міндетті.
100. Қарауылдар бойынша кезекшіге және оның көмекшісіне кезекшілік уақытында гарнизон бастығы белгілеген уақытта әрқайсысына 4 сағаттан, аяқкиімсіз, жабдықты алмай және шешінбей, кезекпен жатып демалуға (ұйықтауға) рұқсат етіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |