Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі


Дәріс №14 Диалектологиялық лингвогеография



бет46/59
Дата05.12.2022
өлшемі268.86 Kb.
#466473
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   59
k-20-1u,k-19-1,3keshen. kazak adebi tilinin tarih zhane dialektologiyas

Дәріс №14
Диалектологиялық лингвогеография



  1. Лингвистикалық география жайында

  2. Фонетикалық ерекшеліктерді көрсететін сызықтар

  3. Лексикалық ерекшеліктерді көрсететін сызықтар

4. Ауыспалы говорлар
Диалектология ғылымының бір саласы – лингвистикалық география. Лингвистикалық география диалекті мен сөйленістердегі ерекшеліктерді картаға түсіру арқылы зерттейді. Ол ерекшеліктер, негізінен, бір тіл аясындағы диалекті мен сөйленістерді ажыратып танытатын айырмашылықтар болып табылады. Осындай элементтердің кез келгені ерекше шартты белгілер арқылы картаға түсіріліп, оның таралған шегі (изоглоссасы) көрсетіледі.
Лингвистикалық карталардың мақсаты – диалектілік ерекшеліктің таралған шегін, қолданылу аймағын анықтап беру. Осындай карталар жиылып барып, ұлт тілінің диалектологиялық атласын түзеді. Лингвистикалық географиямен айналысудың барысында бұрын белгісіз, бірақ маңызды талай диалектілік құбылыстар анықталады. Лингвистикалық география тіл тарихы мен халық тарихының бір-бірімен байланыстылығын көрсетеді.
Лингвистикалық география сөйленістерді (говорларды) өзара жіктеп топтастыруға, әдеби тілді жетілдіріп нормаландыруға тигізер пайдасы мол.
Ол тілдердің бір-біріне тигізген игілікті әсерін анықтауға да көмектеседі. Қазіргі кезде түркі тілдерінің диалектологиялық атласы жасала бастады. Қазақ, қырғыз, өзбек, татар, әзербайжан т.б. тілдердің лингвистикалық географиясы жөнінде бірқатар жұмыстар істелді. Қазақ тілі диалектологиясының атласының бірінші томы жасалды.
Лингвистикалық география тарих, археология, этнография, тіл, әдебиет, экономика ғылымдарының барлығына тегіс пайдалы.
Диалекті мен сөйленістерді лингвистикалық география әдісімен зерттеу, ұлт тілдерінің диалектологиялық атласын жасау, сондай-ақ түркі халықтары атласын түзу – түркологиядағы негізгі мәселелердің бірі. Академик В.М.Жирмунский сөйленістер мен диалектілерді зерттегенде лингвогеграфиялық әдісті пайдалану түркі тілді халықтардың тарихын, тілін және диалектілер төркінін зерттеуде зор мүмкіндік туғызып, үлкен жол ашады деген болатын.
Лингвистикалық география тіл білімінің бір саласы болса да, география ғылымымен де ұштасып жатады. Ол ұштастық тілдік ерекшеліктерді топтап, солардың таралу шегін кеңістікте көрсетіп, картаға түсіруінде жатыр.
2.Фонетикалық ерекшеліктерді көрсететін сызықтар
Тілдегі фонетикалық, грамматикалық, лексикалық құбылыстарды картаға түсіру – тіл ерекшеліктерінің тарихи қалыптасуын, пайда болу, даму заңдылықтарын халық тарихымен байланыстыра қарауға ғылыми бағыт сілтейді. Тіл ерекшеліктерінің таралу шегін картаға түсіру арқылы сол халықтың басынан кешкен тарихи уақиғаларды, басқа халықтармен саяси-экономикалық байланысын, қарым-қатынасын білуге болады.
Лингвистикалық география диалектологияның бір саласы болып, содан өрбіп, тарағанымен, нысандары бір болғанымен, зерттеу әдістерінде айырмашылықтар бар. Егер диалектологияда мақалалар, монографиялар жазып, сөздік құрастырып, соның негізінде тұжырымдар жасалса, лингвистикалық география жиналған тілдік материалдарды сұрыптап, ерекшеліктерді картаға түсіру арқылы қорытынды жасайды.
Лингвистикалық географияның диалектілік құбылыстарды картаға түсіру арқылы қолданылатын көрнекілік әдісі басым болады. Сөйтіп, лингвистикалық география ареалдық зерттеу әдісіне сүйенсе, диалектология нысанды анкетаға түсіріп, мәтіндерге филологиялық талдау жасайды.
Түркі тілдерін, соның ішінде қазақ тілін лингвистикалық география тұрғысынан зерттеу ХХ ғасырдың 60-жылдарында қолға алына бастады. Бұл мәселеге қозғау салып, жол көрсеткен орыс және славян тілдерінде жүргізіліп жатқан лингвистикалық география саласындағы жұмыстар болды.
ТМД елдеріндегі түркі тілдерінің диалектологиялық атласын жасаудың негізгі қағидаларын В.М.Жирмунский 1963 жылы жазған мақаласында ұсынған болатын. 1964 жылдың қазан айында өткен түркі тілдері диалектологиясының мәселелеріне арналған бесінші кеңесінде түркі тілдерінің диалектологиялық атласын түзуге кірісу жайында қаулы қабылданды. Бұл жөнінде арнайы мәжіліс болып, тікелей кірісу 1960 жылдары болғанымен, кейбір түркі тілдерінде диалектологиялық атлас жасау туралы пікірлер мен әрекеттер одан да бұрын басталған болатын.
1972 жылдың сәуір айында Әзербайжан астанасы Бакуде “КСРО-дағы түркі тілдерінің диалектологиялық атласының жұмысы” бойынша кеңес өткізілді. Бұл кеңесте түркі халықтарының мекенінің орналасуына байланысты түркі тілдерін төрт аймаққа бөлді. Олар:

  1. Сібір аймағы (якут (саха), тува, хакас, алтай тілдері);

  2. Орта Азия аймағы (қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, ұйғыр, қарақалпақ тілдері);

  3. Кавказ аймағы (азербайжан, қарайым, қарашай, балқар, құмық, ноғай, гагауыз тілдері);

  4. Еділ (Волга) бойы аймағы (татар, башқұрт, чуваш т.б. тілдері).

Түркі тілдерінің атласын жасау жайында Жирмунскийден кейін жарық көрген Н.А.Баскаков, М.Ш.Ширалиев, Э.Р.Тенишев, Л.А.Покровская мақалаларын және Н.З.Гаджиеваның “Түркі тілдері ареалдық лингвистикасының мәселелері” атты еңбегін атауға болады.
Қазақ диалектологиясында бұл мәселе түркі тілдерінің диалек­тологиялық атласын жасауға байланысты қолға алына бастады. Зерттеушілер Қазақстан аумағының кеңдігін ескере отырып, атлас жасауда төрт нысанды негізге алу керектігін ұсынады.
Оның бірінші бөлімі көбірек зерттелген Оңтүстік сөйленістер (говорлар) тобына арналған. Оның қамтитын жерлері – Алматы, бұрынғы Талдықорған, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Қызылорда облысының, Шығыс Қазақстан, бұрынғы Семей облысының батыс аудандары және Өзбекстанда тұратын қазақтардың тілі.
Екінші бөліміне Батыс говорлар облысын қамтитын Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қызылорда, Қостанай облыстарының батыс аудандары, сондай-ақ Түркіменстан, Қарақалпақстан, Орынбор, Астрахань өлкесінде тұратын қазақтардың тілі жатады.
Үшінші бөліміне Орталық-солтүстік говорлар тобына енетін Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Көкшетау, Қарағанды, бұрынғы Жезқазған, Торғай облыстары, Қостанай, Павлодар облыстарының кейбір аудандары кіреді.
Ал төртінші бөліміне Шығыс говорлар тобын қамтитын Шығыс Қазақстан облысы мен Павлодар, бұрынғы Семей облыстарының кейбір аудандары жатады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   59




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет