Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі Семей мемлекеттік педагогикалық институты



бет3/11
Дата15.06.2016
өлшемі0.99 Mb.
#136646
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Жануарларды қорғау. Пайдалы жануарлар, сондай-ақ сирек кедесетіндері мен жойылып бара жатқандары мемлекеттік қорғауға алынады. Жануарларға қалыпты жағдайлар жасау үшін, оларды аулауға қорықтар мен заказниктерде ғана тыйым салынып қоймайды, олардын, мекендейтін басқа да орындарында, мысалы, құстың жұмыртқа басатын және балапандарын өсіретін кезеңдерінде де аулауға тыйым салынған. Ұрғашы аңдарды балаларын баулып жүрген кезеңінде аулауға, балықтарды уылдырық шашқан уақытта ұстауға заңмен тыйым салынады.

Жануарлардың бағалы түрлерін көбейтуге питомниктер ұйымдастырылады. Пайдалы құстар мен аңдарды қуаңшылық кездерде тамақ беріп асырайды. Аңшылар еліктерге, қояндарға арнап шөп шабады, қабандарға арнап картоп, сүлы өсіреді, шілдерге, құрларға шетен жинайды. Бұландар мен қояндарға қысқы азық үшін тұздалған жемдер әзірлейді.

Біздің еліміздің территориясын мекендейтін көптеген жануарлар «Қызыл кітапқа»» енгізілген, мысалы, аңдардан— қоңыр және ақ аюлар, солтүстіктің жабайы, теңбіл бұғылары, морждар, зубрлар, құндыздар, жолбарыстар, қабыландар, қызыл қасқырлар; құстардан — шымшықтар, бөденелер, саңырау құрлар, раушан шағалалар, бүркіттер мен сұңқарлардың кейбір түрлері; насекомдардан — орманның сары құмырсқалары және фаунаның кейбір түрлері.

2.Демалу және емдеу орындарын қорғау. Еңбекшілердің демалатын және емделетін орындарындағы табиғатты (ағаш отырғызылған парктерді, қорғағыш алқаптарды, қарағайлы ормандарды, жаға-жайларды, минералды бұлақтарды), сондай-ақ туристік маршруттар аймағын ерекше ұқыпты қорғау қажет.

Мұндай жерлерді дұрыс сақтап, жақсарту үшін алдын ала көгалдандыру ескеріледі. Жағалаулардың мүжілуін, опырылып құлауын, шайылып кетуі мен бұзылуын алдын ала ескертетін жұмыстар жүргізіледі; демалатын және емдейтін орындарды ластауға тыйым салынады.



3.Табиғаттың әдетгегі көріністерін, сирек кездесетін және көрікті объектілерін қорғау.Табиғи парктерді — бұл көріністерді келешек ұрпаққа сақтап қалу үшін Отанымыздың ең көрікті жерлерінен жасау белгіленген, сондай-ақ ондаған ормандар мен өзендерге ешкімнің қолы тимеуі қамтамасыз етілген. Табиғаттың қол тимеген түкпірлері — оны зерттеуге арналған лаборатория. Қорғауға көрікті орындар — тоғайлар, өзендер, сарқырамалар т. б. жатады. Оларда табиғатты шаруашылық мақсатқа пайдалану рұқсат етілмейді немесе белгілі бір мезгілмен шектелінетін мемлекеттік қорықтар мен заказниктердің тәртібі орнатылған.

Бақылау сұрақтары.

1.Табиғатты қорғау неліктен мемлекеттік маңызды іс болып саналады?

2.Табиғаттың қандай объектілері қорғауға жатады?

3.Өз облыстарыцның (өлкелеріңнің, аудандарыңның) қандай өсімдіктері мен жануарлары «Қызыл кітапқа» жазылған?

4. Балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін қалыптастыруда балалар бақшасының қандай ролі бар.

Негізгі әдебиеттер:

1.Веретеникова.с.А. Мектеп жасына дейінгі балаларды табиғатпен таныстыру. «мектеп»1983

2.Горощенко В.П.,Степанов И.А. Методика преподавания природоведения . М.,Просвещение, 1984.

3.Пакулова В.М., Кузнецова В.П. Методика преподавания природоведения. М. Дрсвещение, 1980.

4. Аймағанбетова.К.А.Дүниетануды оқытудың теориялық негіздері.Алматы,2000ж

5. Горощенко В.П. Табиғаттануды оқыту методикасы. Алматы1985ж



Қосымша:

1. Аквилева Г.Н. Наблюдения и опыты на уроках природоведения. Пособие для учителей начальных классов. М.Дросвещение 1988.

2.Папорков М.А. Учебно-опытная работа на пришколъном участке. Пособие для учителей. М.,Просвешение,1980.

3.. Қ.Аймагамбетова. Бастауыш сыныптарда табиғаттануды оқыту методикасы. Алматы. Мектеп. 1974. — 68 б.

3 дәріс

Тақырыбы: Жергілікті өлкенің (облыстың, ауданның) табиғатын зерттеу

Дәрістің мақсаты: Жергілікті өлкенің (облыстың, ауданның) табиғатын зерттеу ерекшелігімен танысу

Негізгі қарастырылатын сұрақтар, олардың қысқаша мазмұны:

1. Зерттеуді ұйымдастыру.

2.Ландшафт туралы ұғым.Ауа райы

3.Өсімдіктерге анықтама беру

1.Зерттеуді ұйымдастыру. Өзіңнің туған ауылыңның, қалаңның табиғатын сүю, тұрған жерді қадірлеу — Отанға деген сүйспеншілікті қалыптастырудың, патриоттық сезімге тәрбиелеудін, негізі. Табиғатқа ұқыпты қарауға, оның байлығын молайтуға деген ынталылықты ең балғын шақтан бастап тәрбиелеу қажет. Тек жақсы білгеніңді, өз іс-әрекетіне қатыстыларды ғана сүюге болады. Тәрбиеші алдында тұрған міндет:— балаларды табиғатқа араластыру, оны сезім мен әрекет арқылы қабылдауларына мүмкіндік беру. Балаларды табиғатты бақылауға және оның қарапайым көріністеріндегі қызықты нәрселерді көре білуге жануарлармен және өлі табиғат құбылыстары арасында көзге көрінетіндей байланыстар орната білуге үйрету қажет. Егер тәрбиеші жергілікті жердің табиғаты мен ондағы ересек адамдардың қызметін өзі білетін болған жағдайда ғана бұл міндеттерді орындай алатын болады.

Жергілікті өлкені зерттеу мазмұнына сол жердің көріністерімен таныстық жатады, бұл яғни табиғаттың белгілі бір құбылысын бақылауды, өсімдіктерін табуды, балаларға таныстыру үшін белгіленген жануарларды кездестіруді қай жерден және қашан білуге болатындығы; сол жердің, өлкенің топырақ-ауа райының ерекшеліктерімен, табиғатындағы маусымдық өзгерістермен және олардың негізгі сипаттамаларымен таныстыру. Сол жердің ауыл шаруашылығындағы ересек тұрғындар қызметінің мазмұнымен, ауыл шаруашылық өндірісін арттыру және дамыту жөніндегі үкімет шараларының мазмұнымен таныстыру —жергілікті өлкені зерттеу ісінің маңызды да ажырамас бөлігі болып табылады.



2.Ландшафт туралы ұғым

Географиялық (немесе ландшафтылық) зоналар табиғат жағдайлары бір-біріне ұқсас біраз кеңістікті қамтиды. ТМД-елдері құрылығы солтүстіктен оңтүстігіне қарай мынадай ландшафтылық зоналарға бөлінеді: полярлық, тундралық, қоңыржай белдеу ормандары, далалар, шөлдер, саванналар, тропиктік ормандар, экваторлық.

Ландшафтылық зоналарды шағын екі зонаға бөледі. Мысалы, қоңыржай белдеу ормандар зонасын мынадай шағын зоналарға бөледі: тундра орманы, тайга, аралас және жалпақ жапырақты ормандар.

Ландшафт — өзінің құрылымына қарай басқа учаскелерден айырмасы бар, табиғи шекарасы шектеулі, шамамен онша үлкен емес жер учаскесі. Ландшафтың компоненттері — рельеф, ауа райы, жер қыртысы, сулар, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі — бір-бірімен өз-ара күрделі қарым-қатынаста және икемделушілікте болады. Сөйтіп, мысалы, ауа райы — ландшафтың маңызды компоненті екендігі белгілі, ол — сол жердің жоғарғы қабатының формасына, оның су қашаларына жақындығына едәуір байланысты; өз кезегінде ауа райы өзендердің режиміне, жер қыртысының өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің пайда болуына әсер етеді. Ландшафтың кескінін негізінен өсімдіктер жасайды да, олар ауа райына, топыраққа, жергілікті жердің рельефіне байланысты жердің жоғарғы қабатына кеңінен орналасады. Жануарлар құрамы рельефке, су қоймаларына, ауа райына, бірақ бәрінен гөрі жергілікті жердің өсімдіктеріне көп байланысты: олар жануарларға баспана, ал олардың көптеген түріне азық та береді.

Компоненттердің біреуінің өзгеріске ұшырауының салдарынан бүкіл ландшафт та өзгереді. Организмдер мен өлі құрылымдар бір-біріне мыңдағаи жылдар бойы бейімделген, сондай-ақ олардың арасында өзара байланыстар да қалыптасқан. Осы өзара байланыстарды зерттеу адамның табиғатты меңгеруіне көмектеседі.

Ауа райы — атмосфераның сол жердегі төменгі қабатының белгілі бір уакыт ішіндегі физикалық жағдайы. Үнемі құбылып, кейде тәулігіне бірнеше рет өзгеріп тұру ауа райына тән сипат болып табылады, бұл өзгерістер ауаның температурасының, қысымы мен дымқылдылығының өзгерулері арқылы көрінеді. Олардың белгілі бір үйлесім тапқан көздерінде тұман, бұлт, жаңбыр, қар, бұршақ, шық, қырау, қатқақ т. б. сияқты физикалық құбылыстар пайда болады. Ауа райын өзгертетін себептерді және оларды алдын ала көре білу тәсілдерін метеорология зерттейді.

Ауа райы қызметінің негізгі міндеті — транспорт, ауыл шаруашылық қызметкерлерін, кейбір басқа да кәсіпорындарды төніп келе жатқан стихиялық апаттар жөнінде (дауыл, боран, тайфун) дәл хабармен қамтамасыз ету.

Қазақстанда орналасқан көптеген метеорологиялық станциялар ауаның температурасын, қысымы мен ылғалдылығын күніне бірнеше рет өлшейді, атмосферадағы әр түрлі құбылыстарды белгілейді..

Жергілікті жердің ауа райын бақылау және оның өзгерістерін алдын ала айту. Радио бізге ауа райының мәліметін күніне бірнеше рет хабарлайды. Бірақ жекелеген микроаудандарда оның алдын ала айтқан өзгерістері үнемі ақтала бермейді, үйткені кейбір құбылыстар тікелей жергілікті жерден шығады. Сондықтан нақтылы бір ауданның ауа райын алдын ала айту — кейде тек жергілікті жерді бақылаудың негізінде ғана болады. Табиғат құбылыстары өзара байланысты әрі өзара үйлесімді болғандықтан, жергілікті белгілер ауа райының алғашқы жаршысы болады. Сөйтіп, жауын жауар алдында қарлығаштар мен сұр қарлығаштар жердің бетіне жақын ұшады, өйткені ауадағы ылғалдық көбейген кезде, олар қоректенетін насекомдар жерге жақын жүреді.

Ауа райын табысты түрде бақылау үшін, желдің бағыты мен күшін анықтап білу, бұлттарды ажырата білу, шықтың, қыраудың, тұманнын, және көк күмбезіндегі жарық құбылыстардың пайда болуын белгілеп ала білу керек. Бақылаған құбылыстарды ауа райының келесі болатын өзгерістермен салыстыра отырып, оны алдын ала 6 сағаттан 12 сағат, ал кейде бір тәулік бұрын айтуды үйренуге болады. Ауаның температурасын термометрмен өлшейді.

Желдің бағытын бақыла үшін флюгерді пайдаланады. Горизонт бағытын біле отырып, түтіннің бағытына, ағаштардың шайқалуына, судың бетіндегі толқындарға, бұлттардың көшуіне қарап, желдің бағыты туралы айыруға болады.

Бұлттылық. Бұлттылықты бақылаған кезде бұлттардың аумағы мен түрін, олардың бағытын белгілейді.

Бұлттардың аумағын «ашық», «бұлтты», «бұлыңғыр» деген сөздермен белгілеп немесе он баллды система бойынша бағалап, бүкіл аспан тұтас бұлттармен — 10-қапталған, жартысына жуығын — 5 т. б. бұлттар қаптаған деп көзбен анықтауға болады.

Бұлттардың көшу бағытын қозғалмайтын заттарға: биік ағаштарға, бағаналарға, діңгекке, үйлердің бұрыштарына қарап анықтайды.

Бұлттардың түрі.

Шарбы бұлттар—10—12 км биіктікте пайда болатын ең биік бұлттар: ол мұз кристалдарынан құралады; түрі ақ қауырсындар, жіптер, талшықтар сияқты, жартылай мөлдір және күнді, ай мен жұлдыздарды жаппайды.

Қаз бауыр бұлттар да мұз кристалдарынан тұрады; аспан жарығының дискілері (дөңгелегі) көрініп тұратын, сүттей аппақ қабатпен бүкіл көкке созылады.

Ақша бұлттар — ақ түсті кішкене бұлттар, мұз кристалдарынан тұрады.

Ұшпа бұлттар — көктемде, жазда және күзде 10 км-ге дейінгі биіктікте пайда болады; әдемі ақша қардай тегіс күмбезденіп келген бұлт түйдектері; әдетте ертеңгісін немесе түске жақын көрінеді, ал кешке қарай жоғала бастайды — ериді; ауанын, тым жоғары кө-теріліп бара жатқан ағысына кездесқенде тез биіктей түседі, мұнарланып түнереді, немесе оларды қатты нөсерлі, түнерген қара бұлттар дейді.

Жабағыдай тұтасқан ұшпа бұлттар көк жүзін толқындандырып тұрғандай түйдек бұлттар түрінде кешке қарай пайда болады, ол су тамшыларынан тұрады, бірақ жаумайды.

Жабағыдай тұтасқан жауын бұлттары — аспанды торлап жататын ең төмендегі сұр бұлттар.

Жауын-шашын. Ұзақтығына және өнімділігіне қарай жауын-шашынды: нөсерлі жауын, ақ жауын, сіркіреген жауын деп бөледі.

Н е с е р л і ж а у ы н өткінші болғанымен, көп жауады, жаңбырдың ірі тамшылары, қардың үлкен жапалағы немесе нөсерлі бұлттардың бұршағындай (күннің жиі күркіреуімен) болып түседі.

А қ ж а у ы н — жауынның тамшылары едәуір ірілеу немесе қар жұлдызшаларындай болады, кейде бірнеше күнге дейін созылады да, қатпарлы жауын бұлттарынан жауады.

Сіркіреген жауын — жақбырдың өте ұсақ тамшылары немесе баяу түсетін қар түйіршіктері түрінде бұлттардың төменгі қабаттарынан жауады.

Топырақ

Топырақ және оның құнарлығы жөніндегі ұғым. Топырақ дегеніміз- өнім беруге қабылеті бар, жер қабығының жоғарғы қабаты. Топырақ ауа райының, өсімдік пен жануарлар дүниесінің және адамның іс-әрекеті арқылы тау жыныстарынан пайда болады. Тау жыныстарының желге мүжілуі нәтижесінде борпылдақтарға (құмға, сазға)айналады, тірі организдердің қалдықтры бөлінеді және микроорганизмдердің көмегімен шірінділер жасайды, бұл — топырақтың физикалық сапасын жақсартады, өсімдіктерді қо-ректендірудің негізгі көзі болып табылады.

Топырақтың құнарлылығы оның суды жұту, өткізу және бойына сіңіру, минералдық заттар мен шірінділерді қорландыру қабілетіне байланысты.



Топырақтың құрамдары мен қасиеттері. Топырақ органикалық (шірінділерден және өсімдіктер мен жануарлардың әлі де ажырамаған бөліктерінен) және минералдық заттардан, тау жыныстарының сынықтарынан, құмнан, саздан, әктен және басқа да компоненттерден тұрады.
3.Өсімдіктерге анықтама беру

Тамыр

Тамыр негізінен үш қызмет атқарады: топырақтағы өсімдікті нығайтады оны су мен және қоректік заттармен қамтамасыз етеді, тамырда өсімдік организміне қажетті заттар, мысалы, кейбір белок түзетін амин қышқылдары түзіледі.Тамыр үстін тамыр түктері қаптап жатады. Олар су мен қоректік заттарды сіңіреді.

Тамыр ұрықта қалыптасады. Тұқым көктеген кезде ұрық тамыры ұзарып, негізгі тамыр пайда болады, ал одан жанама тамырлар тарайды. Сабақтар мен жапырақтардан қосалқы тамырлар пайда болады.

Тамыр жүйесінің екі түрі болады: кіндік тамыр және шашақ тамыр .

К і н д і к т а м ы р — сабақтың топырақ ішіне кететін жалғасы. Жіп тәрізді (беде, кестежусан, зығыр), ұршық тәрізді (сәбіз, қант қызылшасы, ақжелек) шалқан тамырлы (асхана қызылшасы, шомыр, шалғам), бұтақ тамырлы (ағаштар, бұталар) түрлері болады.

Ш а ш а қ т а м ы р л а р сабақтың түбінен таралады. Астық түқымдас өсімдіктер (бидай, қара бидай, т. б.) шашақ тамырлы болып келеді.

Өсімдікте түзілетін қоректік заттардың тамырда жиналуынан (сәбіз, шалқан, қызылша, т. б.) тамыр жеміс қалыптасады.

Қоректік заттар қосалқы тамырларда да жинала алады. Мұндай түйін жуандауды тамыр түйіндері (георгин) деп атайды. Мұндай түйіндер ұшынан қосалқы бүршіктер пайда болады да , олардан өркен дамиды .



Жапырақ

Жапырақта тақта, сағақ және кейде тілше болады. Сағағы болатын жапырақтарды сағақты жапырақтар деп атайды. Кейбір өсімдіктерде сағақ болмайды да, жапырақ сабаққа жапырақ тақтасының негізімен (астық тұқымдас өсімдіктер) орналасады. Мұндай жапырақтарды отырмалы жапырақтар дейді.

Жапырақтар сабаққа үш түрлі болып орналасады: кезектесіп , қарама-қарсы, шоқты . Әр түрлі өсімдіктерде жапырақ тақтасы да алуан түрлі болады .Олардың пішіні дөңгелек , сопақ , ұзынша , таспа тәрізді , қандауыр т.б. тәрізді болып келеді .

Жапырақтың жиектері де түрлі-түрлі: үшкір тісті , ара тісті , жұмыр тісті , ойыс жиекті болады.

Жапырақ жұмсағынан сосудтар шоғы –жүйкелер өтеді. Олар параллель жүйкелену (бидай, қара бидай.б.) және торланып жүйкелену (сирень, астра т.б.деп ажыратылады .

Қоңыржай климат жағдайында көптеген өсімдіктердің жапырағы бір вегетациялық кезеңде ғана дамиды . Тек қана қылқан жапырақты өсімдіктердің жапырақтары (қылқаны) 2 жыл (қарағай) және 8-ден 12 жылға дейін (шырша) тіршілігін сақтайды.

Күзде және жыл маусымдарының жаңбырсыз ыстық кездерінде көптеген өсімдіктердің жапырақтары түседі. Бұл жапырақ түсу құбылысы деп аталады. Жапырақ түсу — бұл өсімдіктердің суды аз буландыруға бейімделушілігі. Өсімдіктерде күзгі жапырақ түсу процесіне әзірлік алдын-ала жүреді. Жапырақтардағы хлорофилдер ыдырайды. Олар сары, қызғылт сары түске енеді, бұл каротин және ксантофилл пигменттерінің реңі . Олар хлорофилдерге қарағанда әлдеқайда тұрақты болады .

Жапырақтың негізгі қызметі — фотосинтез — органикалық зат түзу. Фотосинтездін , жалпы формуласы :

6СО2+6Н 2О+энергия-→С 6Н 12 Об+6О2 —674 ккал.

Фотосинтез кезінде сіңірілген энергия органикалық зат молекулаларында қорға жиналады.

Көмір, қышқыл газы қалпына келгенде, оттегі бөлінеді. Бұл процестің барлығы жарықта өтеді. Фотосинтез процесі хлоропластарда жүреді. Бірақ онда өсімдік клеткаларынын, барлық тіршілік ететін мүшелері түгел қатысады .

Сабақ

Сабақтын негізгі қызметі: өсімдік кронын ұстап тұру, заттарды тамырдан жапырақтарға, одан кері қарай өткізу.

Сабақ ішінде өткізгіш система дамыған . Қоректік заттар тек кейбір өсімдіктерде ғана сабақтарына жинақталады. Сабақ пішіні цилиндр тәрізді (сарғалдақ. және басқалары), төрт қырлы (қалақай және басқа ерінгүлділер), үш қырлы (қияқ), жалпақ сабақты (дала өсімдіктері) болып келеді . Өсімдіктер сабақтарын тік сабақтылар (көптеген шалғындық, бақ және ормандық өсімдіктер), жатаған сабақтар-(мүк, жидек, қызыл-таспа), төселмелі сабақтар (жер жидек, шалғындық шай т. б.), өрмелегіш сабақтар (барқыт жүзім) деп ажыратады .

Дара жарнақты және қос жарнақты өсімдіктердің сабақтарының ішкі құрылысы әр түрлі .

Қос жарнақты өсімдіктер сабақтарының сырты клеткалардан құралған жұқа қабат — эпидермиспен қапталған; оның астында алғашцы қабық, оның астында орталық цилиндр, ол сосуд-талшық шоғынан тұрады, орталығында өзек орналасқан .

Дара жарнақты өсімдіктер сабағы (негізінен шөптесін өсімдіктер) қабыққа, өткізгіш ткань мен өзекке жіктелмеген . Сосуд шоқтары сабақтың бүкіл бойына таралып жатады . Астық тұқымдас өсімдіктердің бірсыпырасының сабағынын, ортасы қуыс және сосудты шоқтар сабақ шетін ала орналасқан.

Қос жарнақты көп жылдык, өсімдіктер сабағында (ағаштар, бұталар) бірінші жылдың ақырына қарай камбий қабаты түзіледі. Камбий клеткалары бөлінген кезде ішке және сыртқа қарай жинақталады . Ішкі клеткалардан сүрек, ал сыртқыларынан қабық пайда болады .

Камбий клеткалары қыста бөлінбейді . Камбий әрекеті көктемде ғана күшіне енеді . Клеткалардың бөлінуі күшейеді. Сүректің көктемгі камбий клеткалары күзгі сүрек камбий клеткаларынан көлемнің едеуір ірілігімен ерекшеленеді .

Сүректің көктемгі және күзгі қабаттарынан жылдық сақина қалыптасады. Жылдық сақина арқылы ағаштың жасын есептеп табуға болады .

б) Өсімдіктің генеративтік органдары

Гүлдің құрылысы

Гүлді өсімдіктердің көпшілігінің гүлдері қос жынысты болады, бірақ дара жыныстылары да бар.

Жабық тұқымды өсімдіктердің гүл құрылысы мына бөлімдерден тұрады: тостағанша жапырақшалары (тостағаншалары), жапырақшалары (күлте), аталық және аналық .

Өсімдіктердің көпшілігінің тостағаншасы жасыл болады. Күлте ашық реңді күлте жапырақшалардан құралады . Аталықтың аталық жіпшесі және екі тозаң қабы болады . Тозаң қапта тозаңдар (аталық клеткалар) пісіп жетіледі. Аналық төменгі жуантық бөлігі — түйіні ; ортаңғы жіңішкерек бөлігі— мойны және жоғарғы бөлігі — аузы болады .



Гүл шоғырлары

Гүлді өсімдіктер бірте-бірте дамыған . Гүлдің көлемінің кішіреюі оның өскелеңдігінің белгісі .

Табиғатта ұсақ гүлдер өте көп. Көптеген өсімдіктердің ұсақ гүлдері жинақтала келе гүл шоғырын жасайды .

Кейде гүлдер сабақты бойлай шығады: мысалы, інжу гүл, мойыл, қызыл қарақат. Мұндай гүл шоғыры шашақ гүл деп аталады. Егер гүл сағағы бұтақталған гүл шоғырын түзсе, күрделі шашақ гүл делінеді. Сұлының, тарының және сиреньнің гүл шоғырлары осындай. Егер сабақты бойлай шыққан гүлдердің гүл сағағы жоқ болса , онда мұндай гүл шоғырын жай масақ дейді , бұған тартар жапырақ мысал бола алады . Кейде масаққа гүлдер жеке-жеке орналаспай , оның орнында екінші қатардағы масақтар шыққан болса, мұндай гүл шоғырын күрделі масақ деп атайды. Барлық масақты астық тұқымдастардың гүл шоғырлары осындай болып келеді .



Өсімдіктердің тозаңдану түрлері

Гүл орамының қандай мәні бар ? Оның кейбір гүлдерде болып, кейбір гүлдерде нашар дамуы неліктен ?

Бұл сауалға бір гүлдің аталық тозаңының екінші гүлдін аналығының аузына түсу тәсілдерін зерттеу арқылы жауап беруге болады. Мұның екі тәсілі бар:жел арқылы тозаңдану және насекомдар арқылы тозаңдану.

Желмен тозаңданатын өсімдіктердің бастамашысы гүлді өсімдіктер — жалаңаш тұқымдылар болған. Мысалы , астық тұқымдас және көптеген сүректі өсімдіктердің тозаңдары да жел арқылы таралады .

Насеком арқылы тозаңданатын өсімдіктердің гүлдері ашық реңді және хош иісті болады . Насекомдардың гүлдерге қонақтағанда оларға терең бойлап , бір гүлден екінші гүлдерге ұшып-қонып жүретіндігі неліктен ? Өсімдік бөліп шығаратын тәтті шырын насеком арқылы тозаңданатын гүлдерде терең орналасады . Бұл тәтті сұйықтықты шірне деп атайды. Көбелектердің, бал аралары мен жабайы аралардың ауыз органдары шірнені соруға бейімделген.

Шірнеден басқа гүлдің ашық реңді күлте жапырақшалары мен хош иісі де насекомдарды еліктіреді.



Ұрықтану

Тозаңқапта тозаң түйірлері түзіледі. Тозаң түйірінің ядросы екі ядроға бөлінеді. Тозаң түйірі аналық аузына түсісімен өніп, тозаң түтікшесін түзеді.

Гүл түйінінде сегіз клеткасы бар ұрық қалтасы орналасады, оның бірі жұмыртқа клеткасы. Тозаң түтікшесіндегі ядролардың бірі тағы да бөлініп, екі спермий пайда болады. Олардың бірі жұмыртқа клеткамен қосылады. Бұл тұқымнан ұрықтың дамуына бастама болады. Қалған спермий орталық клеткалардың екі ядросымен қосылады. Соның нәтижесінде Эндосперм пайда болады.

Тұқым

Жалаңаш тұқымды өсімдіктердің, әсіресе гүлді өсімдіктердің тұқымында, бір клеткалы спорадан өзгеше, аналық өсімдіктен бөлініп, өз бетімен тіршілік еткенде тіпті өсімдік органдарына: тамырға, сабаққа және жапырақтарға жіктелген көп клеткалы ұрық болады.

Түқымда ұрықтан басқа қоректік заттар қоры: крахмал, белок және майлар болады, олар аналық организмнің өнімі. Өсімдік өздігінен қоректене алмайтын кезде ұрық қоректік заттар қоры есебінен дамып, өседі.

Құрғақ тұқымда барлық тіршілік процестері баяу жүреді. Тұқым бұл қалпында тіршілігін жоймастан айлап, кейде жылдап жата береді. Ылғалды ортаға тап болған түқым суды бойына көп сіңіріп, бөртеді де, клеткалары тез бөліне бастайды. Қоректік заттар ферменттер әсерінен ерімейтін күйден еритін күйге көшеді .



Жеміс

Жеміс тек жабық тұқымды өсімдіктерде ғана болады. Гүлдердің пішіндері сияқты олардын, пішіндері де алуан түрлі.

Гүл түйініндегі ұрық бүршіктерінің санына байланысты бір тұқымды және көп тұқымды жемістер болады. Жемістер егер бұрынғы түйін қабығы жеміс қабығына ауысқан болса, нақтылы жеміс, ал тұқым сақтайтын қап гүл тұғырдан пайда болса, жалған жеміс болады (мысалы, жержидек). 99999

Шырынды және құрғаң жемістер болады .

Ш ы р ы н д ы жемістерге: миуалы (қарақат, помидор, тұшала, жүзім, қызамық, мүкжидек), сүйекті (шие, алхоры, өрік, грек жаңғағы, долана, жестер), миуа тектес (асқабақ, қияр, қауын„ қарбыз, лимон, апельсин) жемістер жатады.

Қ ұ р ғ а қ жемістер ашылмайтын және ашылмалы болып екіге бөлінеді.

А ш ы л м а л ы құрғақ жемістерге: листовка (сарғалдақ тұқымдастар) бұршаққап (бұршақ, үрме бұршақ, сары қараған), бұршақын (левкой, шомыр), қауашақ (көкнәр, қалампыр, лалагүл, жауқазын) жемістері жатады.

Ашылмайтын қүрғақ жемістер мыналар: жаңғақ (жаңғашқа, емен), дәнек (бидай, қара бидай, арпа т. б.), тұқым ша (күнбағыс).


Бақылау сұрақтары:

1.Жергілікті жердің табиғатын зерттеуді қалай ұйымдастыруға болады?

2.Ландшафт туралы ұғым.Ауа райы Туралы ұғым беріңіз

3.Топырақ пен өсімдіктерге анықтама беріңіз?


Негізгі әдебиеттер:

1.Веретеникова.с.А. Мектеп жасына дейінгі балаларды табиғатпен таныстыру. «мектеп»1983

2.Горощенко В.П.,Степанов И.А. Методика преподавания природоведения . М.,Просвещение, 1984.

3.Пакулова В.М., Кузнецова В.П. Методика преподавания природоведения. М. Дрсвещение, 1980.

4. Аймағанбетова.К.А.Дүниетануды оқытудың теориялық негіздері.Алматы,2000ж

5. Горощенко В.П. Табиғаттануды оқыту методикасы. Алматы1985ж


4дәріс

Тақырыбы: Балалар бақшасында балаларды табиғатпен таныстыру бағдарламасы



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет