Қазақстан Республикасының Бюджет кодексi


-тарау. БЮДЖЕТТIК КРЕДИТТЕУ ТАЛАПТАРЫ



бет15/17
Дата01.07.2016
өлшемі1.05 Mb.
#169862
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

37-тарау. БЮДЖЕТТIК КРЕДИТТЕУ ТАЛАПТАРЫ

      180-бап. Кредиттiк шарттың негiзгi талаптары

      1. Кредиттiк шартта бюджеттiк кредиттiң мынадай негiзгi талаптары мiндеттi түрде болуға тиiс:
      1) берудiң мақсаты;
      2) мөлшерi;
      3) валютасы;
      4) мерзiмi;
      5) игеру кезеңi;
      6) сыйақы ставкасы.
      2. Бюджеттiк кредиттiң негiзгi талаптары және қарыз алушылардың санаты кредитордың шешiмiмен белгiленедi.
      3. Кредиттiк шартқа қосымша талаптар, оның iшiнде бюджеттiк кредиттi беру тәсiлiн айқындайтын талаптар, бюджеттiк кредиттi өтеу және оған қызмет көрсету графигi, бюджеттiк кредит бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету тәсiлдерi енгiзiледi.

      181-бап. Бюджеттiк кредиттiң мерзiмi

      1. Қарыз алушы бюджеттiк кредит алатын, пайдаланатын, оған қызмет көрсететiн және оны өтейтiн уақыт кезеңi бюджеттiк кредиттiң мерзiмi болып табылады.
      2. Бюджеттiк кредиттiң мерзiмi бюджеттiк кредиттiң қаражатын кредитордың шотынан аударған кезден бастап есептеледi.
      3. Бюджеттiк кредиттер берiлу мерзiмiне қарай мынадай түрлерге бөлiнедi:
      1) қысқа мерзiмдi - 1 жылға дейiн;
      2) орта мерзiмдi - 1 жылдан 5 жылға дейiн;
      3) ұзақ мерзiмдi - 5 жылдан 30 жылға дейiн.

      182-бап. Бюджеттiк кредиттi игеру кезеңi

      Бюджеттiк кредиттiң берiлу мақсаттарына сәйкес iс-шараларды iске асыру үшiн қарыз алушы бюджеттiк кредиттi пайдалана алатын уақыт кезеңi бюджеттiк кредиттi игеру кезеңi болып табылады.

      183-бап. Бюджеттiк кредит бойынша мiндеттемелердiң


                орындалуын қамтамасыз ету тәсiлдерi

      1. Бюджеттiк кредит бойынша мiндеттемелердiң орындалуы кепiлмен, кепiлдiкпен, кепiлгерлiкпен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта көзделген басқа да тәсiлдермен қамтамасыз етiледi.


      Жергiлiктi атқарушы органдарға және тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын қаржы агенттiктерiне республикалық бюджеттен бюджеттiк кредиттер мiндеттемелердi орындау қамтамасыз етiлмей бөлiнуi мүмкiн.
      Қаржы агенттiктерiн республикалық бюджеттен қамтамасыз етiлмейтiн бюджеттiк кредиттер алатын қаржы агенттiктерiнiң тiзбесiне енгiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      2. Бюджеттiк кредиттiң қайтарылуын қамтамасыз ету құны сыйақы сомасы ескерiле отырып, бюджеттiк кредит мөлшерiнен кем болмауға тиiс.
      3. Бюджеттiк кредит жөнiндегi мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудi бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Бюджеттiк кредит бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудi бағалау жөнiнде көрсетiлген қызметтерге ақы төлеудi қарыз алушы жүргiзедi.
      Ескерту. 183-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      184-бап. Сыйақы ставкасы

      1. Бюджеттiк кредиттi пайдаланғаны үшiн қарыз алушы жүзеге асыратын төлем - сыйақы болып табылады.
      2. Жылдық проценттер түрiнде көрсетiлетiн сыйақы шамасы сыйақы ставкасы болып табылады.
      3. Сыйақы ставкасы тiркелген немесе құбылмалы болуы мүмкiн.
      Мөлшерi бюджеттiк кредиттiң барлық мерзiмiне өзгерiссiз белгiленетiн сыйақы ставкасы тiркелген сыйақы ставкасы болып табылады.
      Мөлшерi қаржы нарығындағы конъюнктураға байланысты өзгерiп тұратын сыйақы ставкасы құбылмалы сыйақы ставкасы болып табылады.
      4. Бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган шығарған мемлекеттiк бағалы қағаздар бойынша сыйақының орташа өлшемдi ставкасы кiрiстiлiктiң орташа өлшемдi ставкасы деп танылады.
      Жергiлiктi атқарушы органдарға, қаржы агенттiктерiне бюджеттiк кредиттер бойынша сыйақы ставкаларын қоспағанда, бюджеттiк кредиттер бойынша сыйақы ставкасы, айналыс мерзiмi бюджеттiк кредиттiң мерзiмiне сәйкес келетiн мемлекеттiк бағалы қағаздар бойынша кiрiстiлiктiң орташа өлшемдi ставкасынан төмен болмайтын шамада белгiленедi.
      Бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган шығарған тиiстi мемлекеттiк бағалы қағаздар бойынша кiрiстiлiктiң орташа өлшемдi ставкасын анықтау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      185-бап. Бюджеттiк кредит беру тәсiлдерi

      Бюджеттiк кредит:
      1) қарыз алушының төлем құжаттарына ақы төлеу;
      2) бiр мерзiмде не аудару графигiне сәйкес бөлiп-бөлiп немесе қарыз алушының тиiстi құжаттар беруiне қарай қарыз алушының банк шотына аудару арқылы берiлуi мүмкiн.

      186-бап. Бюджеттiк кредиттi өтеу және оған қызмет көрсету


                графигi

      1. Бюджеттiк кредиттi өтеу және оған қызмет көрсету графигi бюджеттiк кредиттi өтеу және оған қызмет көрсету жөнiндегi төлемдердiң мерзiмдерiн, кезеңдiлiгiн белгiлейдi.


      2. Кредиттiк шартта жеңiлдiк кезеңiн беру көзделуi мүмкiн.
      Бюджеттiк кредит мерзiмiнiң құрамына кiретiн уақыт кезеңi жеңiлдiк кезеңi болып табылады, бұл кезеңде қарыз алушы кредиттi өтеудi жүзеге асырмайды. Жеңiлдiк кезеңiнiң ұзақтығы кредит мерзiмiнiң ұзақтығының үштен бiрiнен аспауға тиiс.

38-тарау. БЮДЖЕТТIК КРЕДИТТЕУ РӘСIМДЕРI

      187-бап. Бюджеттiк кредит беру туралы шешiм қабылдау

      Бюджеттiк кредит беру туралы шешiм қабылдау:
      1) бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның ұсыныстарын ескере отырып, мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындаған тәртiппен бюджеттiк кредиттеудiң орындылығын айқындауды;
      2) бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның немесе мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi органның бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсi бюджеттiк кредиттеу арқылы iске асыруды ұсынатын бюджеттiк бағдарламаларды олардың бюджеттiк кредиттеу критерийлерiне сәйкестiгi тұрғысынан қарауын;
      3) бюджеттiк өтiнiмдi және бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның қорытындысын бюджеттiк комиссияның қарауын;
      4) бюджеттiк комиссияның бюджеттiк бағдарламаны бюджет жобасына енгiзу жөнiндегi ұсыныстарын әзiрлеудi қамтиды.
      Ескерту. 187-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      188-бап. Бюджеттiк кредит беру рәсiмi

      1. Бюджеттiк кредит беру рәсiмi мынадай кезеңдердi:
      1) бюджеттiк кредиттiң негiзгi талаптарын айқындауды;
      2) қарыз алушыны айқындауды;
      3) кредиттiк шарт және олармен байланысты шарттар жасасуды;
      4) қарыз алушыға бюджеттiк кредит берудi қамтиды.
      2. Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi тиiстi бюджеттер бекiтiлгеннен кейiн бюджеттiк кредиттердiң негiзгi шарттары туралы және қарыз алушылардың санаттары туралы кредитор шешiмдерiнiң жобаларын бекiтуге енгiзедi.
      3. Қарыз алушыларды:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджеттiк кредиттеу кезiнде тапсырма шартына сәйкес сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент);
      2) қаржы агенттiктерiн қоспағанда, мамандандырылған ұйымдарды бюджеттiк кредиттеу кезiнде конкурс нәтижелерi бойынша бюджеттiк бағдарлама әкiмшiсi айқындайды. Мамандандырылған ұйымдарды iрiктеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi;
      3) жергiлiктi атқарушы органдар бюджеттiк кредиттеу кезiнде қарыз алушылар осы Кодекске сәйкес айқындалады;
      4) шет мемлекеттердi бюджеттiк кредиттеу кезiнде қарыз алушылар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес айқындалады.
      4. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларда бюджеттiк кредиттер алады.
      Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджеттiк кредиттеу сенiм бiлдiрiлген өкiлдер (агенттер) арқылы жүзеге асырылады.
      5. Бюджеттiк кредит беру кредиттiк шарт, тапсырма шарттары және бюджеттiк кредит бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудi растайтын құжаттар жасалып, тiркелгеннен кейiн жүзеге асырылады.
      6. Бюджеттiк кредиттер беру жөнiндегi рәсiмдердi, оның iшiнде оларды беру кезiндегi қажеттi құжаттардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

      189-бап. Шет мемлекеттердi кредиттеудiң ерекшелiктерi

      1. Шет мемлекеттерге бюджеттiк кредиттер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес республикалық бюджет қаражаты есебiнен берiледi.
      2. Шет мемлекеттерге бюджеттiк кредиттер шет мемлекеттер бюджеттiк кредит беру туралы халықаралық шартқа мiндеттi күш беру үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi жүргiзген жағдайда берiледi.
      3. Шет мемлекеттi бюджеттiк кредиттеудiң тәртiбi мен талаптары бюджеттiк кредит беру туралы халықаралық шартта белгiленедi.
      Шет мемлекеттерге берiлген бюджеттiк кредит бойынша негiзгi борыш шет мемлекеттердiң Қазақстан Республикасы алдындағы борышын құрайды.

      190-бап. Бюджеттiк кредиттi пайдалану

      Қарыз алушы бюджеттiк кредит қаражатын бюджеттiк бағдарлама мен кредиттiк шартта көзделген мақсаттарға ғана пайдаланады.
      Бюджеттiк кредит нысаналы мақсатта пайдаланылмаған жағдайда қарыз алушы Қазақстан Республикасының заңдарына және кредиттiк шарт талаптарына сәйкес жауаптылықта болады.

      191-бап. Бюджеттiк кредитке қызмет көрсету

      1. Бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органның немесе сенiм бiлдiрiлген өкiлдiң (агенттiң) бюджеттiк кредит қаражатының пайдаланылуын есепке алу және қарыз алушының кредиттiк шарт талаптарына сәйкес негiзгi борышты, сыйақыны және басқа да төлемдердi өтеуге төлемдер жасауды жүзеге асыру жөнiндегi қызметi бюджеттiк кредитке қызмет көрсету деп танылады.
      Ол бойынша есептелген сыйақы, комиссиялық төлемдер, тұрақсыздық төлемдерi (айыппұлдар, өсiмпұлдар) сомасы ескерiлмей алынған және өтелмеген бюджеттiк кредит сомасы негiзгi борыш болып табылады.
      2. Негiзгi борышқа қызмет көрсету кредиттiк шарт талаптарына сәйкес, белгiлi бiр уақыт кезеңiндегi сыйақының, өзге де төлемдердiң жиынтық төлемдерiн бiлдiредi.
      Бюджеттiк кредиттi (кредиттiк шартты) өтеу және оған қызмет көрсету графигiне сәйкес мерзiмi басталған, қарыз алушы төлемеген төлемдер сомасы берешек болып табылады.
      3. Сыйақыны есептеу кредитордың шотынан бюджеттiк кредит аударылған күннен бастап ол толық өтелген күнге дейiн бюджеттiк кредит бойынша негiзгi борыш сомасына қойылған сыйақы ставкасы бойынша жүргiзiледi.
      4. Сыйақыны есептеу тәртiбi кредиттiк шартта белгiленедi.
      Сыйақыны есептеу үшiн жылдың 360 күнi және айдың 30 күнi не толық емес ай кезiнде өткен күндердiң iс жүзiндегi саны есепке алынады.
      Төлем мерзiмi басталған кезде қарыз алушы тиiстi бюджетке негiзгi борыш пен сыйақы бойынша төлем тапсырмасымен ақша аудару арқылы кезектi төлемдердi жүзеге асыруға мiндеттi.
      5. Берешек пайда болған кезде бюджеттiк кредитке қызмет көрсету төлемдердiң мынадай кезектiлiгiмен жүзеге асырылады:
      1) есебiне жазылған тұрақсыздық төлемi (айыппұлдар, өсiмпұлдар);
      2) есебiне жазылған сыйақы;
      3) негiзгi борышты өтеу.

      192-бап. Бюджеттiк кредиттi өтеу

      1. Қарыз алушының кредиттiк шартқа және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджеттiк кредит бойынша негiзгi борышты өтеуi бюджеттiк кредиттi өтеу болып табылады.
      2. Бюджеттiк кредиттен қарыз алушылардың кредитормен немесе сенiм бiлдiрiлген өкiлмен (агентпен) келiсiм бойынша кредиттi мерзiмiнен бұрын өтеуге құқығы бар.
      Қарыз алушы кредиттiк шарттың талаптарын бұзған кезде кредитордың немесе сенiм бiлдiрiлген өкiлдiң (агенттiң) тапсырма шартына сәйкес кредиттi мерзiмiнен бұрын өтеудi талап етуге құқығы бар.
      Қамтамасыз етiлмеген бюджеттiк кредит алған қаржы агенттiгiнiң акцияларын сатуға олар бюджеттiк кредиттi қамтамасыз етудi ұсынған жағдайда жол берiледi.
      3. Қарыз алушыда бюджеттiк кредит бойынша берешек пайда болған кезде кредитор немесе сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент) тапсырма шартына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен кредиттiң өтелуiн қамтамасыз ететiн шаралар қабылдайды.
      4. Бюджеттiк кредит бойынша берешектi өтеу есебiнен өндiрiлiп алынған мүлiк Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған тәртiппен өткiзiлуге және (немесе) мемлекеттiк меншiкке айналдыруға жатады.
      5. Бюджеттiк кредиттi өтеу есебiнен мемлекеттiк меншiкке айналдырылатын мүлiкке бағалау жүргiзуге арналған шығыстар тиiстi бюджет қаражаты есебiнен төленедi.
      6. Бюджеттiк кредит бойынша берешектi өтеу есебiнен мүлiктi мемлекеттiк меншiкке айналдыру кезiнде кредитор талаптарының мөлшерi мүлiк құнының сомасына кемiтiледi.
      7. Жергiлiктi атқарушы органда жоғары тұрған бюджет бөлген бюджеттiк кредит бойынша берешек болған кезде бюджеттi атқару жөнiндегi орталық немесе жергiлiктi уәкiлеттi орган бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның тиiстi аумақтық бөлiмшесiне осы Кодекстiң 100-бабының 1 және 2-тармақтарының 4) тармақшаларында көзделген шараларды қабылдау туралы жазбаша нұсқау бередi.

39-тарау. БЮДЖЕТТIК КРЕДИТТI ҚАЙТА ҚҰРЫЛЫМДАУ ЖӘНЕ ҚАРЫЗ АЛУШЫНЫ АУЫСТЫРУ

      193-бап. Бюджеттiк кредиттi қайта құрылымдау

      1. Тараптардың келiсiмi бойынша олардың кредиттiк шарттар бойынша мiндеттемелердi орындау мерзiмдерiнiң, қаржылық және өзге де талаптарының өзгеруi бюджеттiк кредиттi қайта құрылымдау болып табылады.
      2. Бюджеттiк кредиттi қайта құрылымдау туралы шешiм қарыз алушыда қаржылық жағдайды сауықтыру жөнiнде жоспар болған кезде қарыз алушының қаржылық жағдайын талдау негiзiнде қабылданады.
      3. Бюджеттiк кредиттi қайта құрылымдау:
      1) негiзгi борышты өтеу және (немесе) сыйақыны төлеу мерзiмдерiн өзгерту;
      2) бюджеттiк кредит, кредит бойынша сыйақы және өзге де төлемдер бойынша берешектi капиталдандыру (жиынтықтау) арқылы жүзеге асырылады.
      4. Бюджеттiк кредиттi қайта құрылымдау Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның жанындағы консультативтiк-кеңесшi органның оң қорытындысы болған кезде әрбiр кредиттiк шарт бойынша кредитордың шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады. .P101431
      5. Бюджеттiк кредиттi қайта құрылымдау әрi кеткенде бiр рет жүзеге асырыла алады.
      Бюджеттiк кредиттi қайта құрылымдау кредиттiк шартқа қосымша келiсiм жасау арқылы ресiмделедi.

      194-бап. Бюджеттiк кредит бойынша борышты аудару

      Бюджеттiк кредит бойынша борышты аударуға кредитор шешiмiнiң негiзiнде кредиттiк шарт тараптарының келiсiмi бойынша жол берiледi.
      Борышты аудару бюджеттiк кредит бойынша борышты өтеу есебiне өндiрiп алынған (ұсынылған) мүлiктi берген кезде жүзеге асырылуы мүмкiн.

40-тарау. ТАЛАП ҚОЮ МЕРЗIМIНIҢ ӨТУI, КРЕДИТОРЛАР
ТАЛАПТАРЫНЫҢ ТОҚТАТЫЛУЫ ЖӘНЕ БЮДЖЕТТIК КРЕДИТТЕР
БОЙЫНША КЕПIЛДIКТIҢ ТОҚТАТЫЛУЫ

      195-бап. Талап қою мерзiмiнiң өтуi

      Бюджеттiк кредиттер бойынша кредиторлардың талаптарына талап қою мерзiмi қолданылмайды.

      196-бап. Кредитордың бюджеттiк кредиттi өтеу жөнiндегi


                талаптарының тоқтатылуы және кепiлдiктiң
                тоқтатылуы

      1. Кредитордың бюджеттiк кредиттi өтеу жөнiндегi талабы қарыз алушы кредиттiк шарт бойынша мiндеттемелердi тиiсiнше орындаған кезде, қарыз алушы мен кредитор бiр тұлға болғанда не қарыз алушы - заңды тұлға таратылған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес немесе сот актiсiнiң негiзiнде тоқтатылады.


      2. Кредитордың мемлекеттiк бiлiм беру және студенттiк кредиттер бойынша талаптары қарыз алушы қайтыс болған не ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда республикалық бюджет туралы заңның негiзiнде тоқтатылады.
      3. Қарыз алушы - заңды тұлға таратылған жағдайда кредитордың бюджеттiк кредиттi өтеу жөнiндегi талабының тоқтатылуы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мiндеттемелердiң орындалуын бағалау жөнiндегi алдын ала рәсiмдер жүргiзiлгеннен кейiн:
      1) республикалық бюджеттен берiлген бюджеттiк кредиттер бойынша - республикалық бюджет туралы заңның негiзiнде;
      2) жергiлiктi бюджеттен берiлген бюджеттiк кредиттер бойынша - мәслихаттың шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
      4. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген таратылған қарыз алушылардың берешегi, сондай-ақ сот актiсiнiң негiзiнде талаптар тоқтатылған қарыз алушылардың берешегi өтелдi деп есептеледi және ол кредитордың есептен шығаруына жатады.
      5. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес таратылған қарыз алушыларға кредитордың бюджеттiк кредиттi өтеу жөнiндегi талаптары тоқтатылған жағдайда, онымен бiр мезгiлде тиiстi бюджеттiк кредиттер бойынша кепiлдiктер де тоқтатылады.
      Ескерту. 196-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

41-тарау. БЮДЖЕТТIК КРЕДИТТЕР БОЙЫНША БАҚЫЛАУ, МОНИТОРИНГ, ЕСЕПКЕ АЛУ

      197-бап. Бюджеттiк кредиттердi бақылау

      1. Кредитор және (немесе) сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент) бюджеттiк кредиттiң нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуын және ол бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ететiн жағдайдың болуын бақылауды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.
      2. Бюджеттiк кредиттi нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбау фактiлерi анықталған жағдайда кредитор немесе сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент) қарыз алушыдан кредиттiң заңсыз пайдаланылған сомасын кредиттiк шартта белгiленген мөлшерде айыппұл ала отырып өндiрiп алады.

      198-бап. Бюджеттiк кредиттер мониторингi және есепке алу

      1. Бюджеттiк кредиттер бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен мiндеттi тiркеуге, есепке алуға және оларға мониторинг жүргiзiлуге жатады.
      Бюджеттiк кредиттер бойынша осы Кодекске сәйкес бюджеттiк мониторинг және нәтижелердi бағалау жүзеге асырылады.
      2. Кредиторлар қарыз алушылар мен сенiм бiлдiрiлген өкiлдер (агенттер) тұрғысында барлық берiлген бюджеттiк кредиттердiң тiзiлiмiн жүргiзедi.

12-бөлiм. МЕМЛЕКЕТТIК ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ КЕПIЛДIК БЕРГЕН
ҚАРЫЗ АЛУ ЖӘНЕ БОРЫШ, МЕМЛЕКЕТ КЕПIЛГЕРЛIГI

42-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ КЕПIЛДIК БЕРГЕН
ҚАРЫЗ АЛУ ЖӘНЕ БОРЫШ, МЕМЛЕКЕТ КЕПIЛГЕРЛIГI ТУРАЛЫ
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      199-бап. Қарыз алу туралы жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың қарыз алуы, мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қарыз алуы "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, жергiлiктi атқарушы органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қарыз алуы мемлекеттiк қарыз алу болып табылады.
      3. Мемлекеттiк емес қарыз алуды Қазақстан Республикасының резиденттерi кез келген мөлшерде, кез келген валютада және кез келген нысанда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектеулердi ескере отырып, өз бетiнше жүзеге асырады.
      Мемлекеттiк емес қарыздарды заңды тұлғалар мемлекеттiк кепiлдiкпен және мемлекет кепiлгерлiгiмен тарта алады.
      4. Жедел басқару құқығында мүлкi бар заңды тұлғаларға мемлекеттiк емес қарыз алуды жүзеге асыруға тыйым салынады.

      200-бап. Мемлекеттiк қарыздардың түрлерi мен нысандары

      1. Мемлекеттiк қарыздар қарыз алушыға қатысты алғанда:
      1) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарыздары;
      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қарыздары;
      3) жергiлiктi атқарушы органдардың қарыздары болып бөлiнедi.
      2. Несие капиталының нарықтарына қарай мемлекеттiк қарыздар:
      1) мемлекеттiк сыртқы қарыздар;
      2) мемлекеттiк iшкi қарыздар болып бөлiнедi.
      3. Қарыз алу нысаны бойынша мемлекеттiк қарыздар:
      1) мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар шығару;
      2) қарыз шарттарын жасасу болып бөлiнедi.
      4. Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар қолданылу мерзiмi бойынша:
      1) 1 жылға дейiнгi айналыс мерзiмiмен қысқа мерзiмдi;
      2) 1 жылдан 5 жылға дейiнгi айналыс мерзiмiмен орта мерзiмдi;
      3) 5 жылдан артық айналыс мерзiмiмен ұзақ мерзiмдi болып бөлiнедi.
      5. Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар шығару мақсаттары бойынша:
      1) бюджет тапшылығын қаржыландыру мақсатында шығарылатын;
      2) борыштық құралдардың iшкi нарығын дамытуға жәрдемдесу мақсатында шығарылатын болып бөлiнедi.
      Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар құжаттамалық және құжаттамалық емес нысанда шығарылуы мүмкiн. Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар ұсынушыға арналып құжаттамалық нысанда ғана шығарылуы мүмкiн. Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар нақты және дисконттық құны бойынша сыйақының тiркелген және тiркелмеген (құбылмалы) ставкасымен шығарылуы мүмкiн.

      201-бап. Мемлекеттiк борыш

      1. Өзара талаптарды ескермей, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң борышына немесе мәслихаттардың шешiмдерiмен жергiлiктi атқарушы органдардың борышына жатқызылған алынған (игерiлген) және өтелмеген мемлекеттiк қарыздардың белгiлi бiр күнге, сондай-ақ борыштық мiндеттемелердiң белгiлi бiр күнге сомасы мемлекеттiк борыш болып табылады.
      2. Мемлекеттiк борыш iшкi және сыртқы мемлекеттiк борышты қамтиды.
      3. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының резиденттерi алдындағы мемлекеттiк iшкi қарыздары мен басқа да борыштық мiндеттемелерi бойынша мемлекеттiк борышының құрамдас бөлiгi мемлекеттiк iшкi борыш болып табылады.
      4. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Қазақстан Республикасының резидент еместерi алдындағы мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен басқа да борыштық мiндеттемелерi бойынша мемлекеттiк борышының құрамдас бөлiгi мемлекеттiк сыртқы борыш болып табылады.

      202-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және жергiлiктi


                атқарушы органдардың мемлекеттiк борышты өтеу
                және оған қызмет көрсету жөнiндегi
                мiндеттемелерi

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi республикалық бюджеттiң қаражатымен қамтамасыз етiлетiн үкiметтiк борышты өтеу және оған қызмет көрсету жөнiнде мiндеттемелер атқарады.


      2. Жергiлiктi атқарушы органдар жергiлiктi бюджеттердiң қаражатымен қамтамасыз етiлетiн өзiнiң борышын өтеу және оған қызмет көрсету жөнiнде мiндеттемелер атқарады.
      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi және жергiлiктi атқарушы органдар бiр-бiрiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
      4. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың мiндеттемелерi қарыз берушiге негiзгi борыш қайтарылған және борышқа қызмет көрсету жөнiндегi төлемдер толық мөлшерде төленген кезде орындалды деп есептеледi.
      5. Қазақстан Республикасының Үкiметi және жергiлiктi атқарушы органдар борышты қалыптастыру, өзгерту және оған қызмет көрсету процесiн есепке алуды, талдауды және бақылауды жүзеге асыру арқылы тиiсiнше үкiметтiк борыштың және жергiлiктi атқарушы органдар борышының мониторингiн жүзеге асырады.

      203-бап. Мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген


                борышты, мемлекет кепiлгерлiгi бойынша борышты
                және тәуекелдердi басқару

      1. Мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген борышты, мемлекет кепiлгерлiгi бойынша борышты және тәуекелдердi басқару:


      1) алдағы жоспарлы кезеңге арналған мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыштың, мемлекет кепiлгерлiгi бойынша борыштың жай-күйi мен болжамын онда соған сәйкес үкiметтiк борышты және жергiлiктi атқарушы органдардың борышын өтеу мен қызмет көрсетудiң көлемдерi, мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiгiн ұсынудың лимиттерi белгiленетiн көрсеткiштердi айқындай отырып, жыл сайынғы бағалауды қамтиды.
      Алдағы жоспарлы кезеңге арналған мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыштың, мемлекет кепiлгерлiгi бойынша борыштың жай-күйi мен болжамын жыл сайынғы бағалауды дайындауды бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесiп, мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның қатысуымен жинақталған мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген борыштың, мемлекет кепiлгерлiгi бойынша борыштың көлемдерi мен құрылымының негiзiнде жүзеге асырады;
      2) мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен және республикалық бюджет туралы заңда бекiтiлетiн тәртiппен үкiметтiк борыш лимитiн, мемлекеттiк кепiлдiктер және мемлекет кепiлгерлiгiн беру лимиттерiн және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн жергiлiктi атқарушы органдар борышының лимиттерiн айқындауын;
      3) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджетте бекiтiлетiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарыз алу көлемдерiн, нысандары мен шарттарын, үкiметтiк борышты өтеу мен қызмет көрсету көлемдерiн айқындауын;
      4) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк қарыздарды тiркеуiн және есепке алуын және мемлекеттiң оның кепiлдiктерi мен кепiлгерлiктерi бойынша мiндеттемелердi орындауға байланысты талаптарды, мемлекеттiк қарыздар мен мемлекеттiк борышты, мемлекет кепiлдiк берген борышты және мемлекет кепiлгерлiгi бойынша борышты алу, пайдалану, өтеу және қызмет көрсету мониторингiн, сондай-ақ мемлекеттiң оның кепiлдiктерi мен кепiлгерлiктерi бойынша мiндеттемелердi орындауға байланысты туындаған мемлекет талаптарын жүзеге асыруын;
      5) борыш құрылымын оңтайландыру және оған қызмет көрсету жөнiндегi, оның iшiнде борышты мерзiмiнен бұрын өтеу, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды эмитенттiң сатып алуы мен сатуы, мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген борышты, мемлекеттiң кепiлгерлiгi бойынша борышты қайта құрылымдау, борышты қайта қаржыландыру, мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыш, мемлекет кепiлгерлiгi бойынша борыш және мемлекеттiң алдындағы борыш тәуекелдерiн басқару жөнiнде iс-шаралар дайындап, iске асыруын;
      6) мемлекеттiк борыштың, мемлекет кепiлдiк берген борыштың, мемлекет кепiлгерлiктерi бойынша борыштың және мемлекет алдындағы борыштың тәуекелдерiн басқару өзiне бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган рәсiмдер мен операцияларды регламенттеу, белгiленген лимиттер мен талаптарды сақтау, құралдар мен нарықтарды әртараптандыру, әртүрлi туынды қаржы құралдарын (тәуекелдердi басқару мақсаттары үшiн нарықта пайдаланылатын опциондар, своптар, форвардтық, фьючерлiк және басқа да мәмiлелер) қолдану әдiстерiн пайдаланып, оларды анықтауды, сәйкестендiрудi, бағалау мен барынша азайтуды, сондай-ақ үшiншi тұлғалардың алдындағы борыштық мiндеттемелерi мемлекеттiк кепiлдiктермен және кепiлгерлiктермен қамтамасыз етiлген заңды тұлғалардың борышын басқаруда уақтылы ден қою мен қажеттi шаралар қабылдауды қамтиды.
      2. Мемлекеттiк борыштың, мемлекет кепiлдiк берген борыштың, мемлекет кепiлгерлiктерi бойынша борыштың және мемлекет алдындағы борыштың тәуекелдерiн басқару Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған тәртiппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 203-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      204-бап. Мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген


                борыштың, мемлекет кепiлгерлiгi бойынша борыштың
                жай-күйi туралы мәлiметтердi жариялау

      Қазақстан Республикасы мемлекеттiк борышының ағымдағы жай-күйi, мемлекеттiк борышты өтеу есебiне төленген ақша сомасы, берiлген мемлекеттiк кепiлдiктер және мемлекет кепiлгерлiктерi және кепiлдiктер мен кепiлгерлiктер бойынша төленген ақша сомасы туралы мәлiметтер ашық болып табылады және олар бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның статистикалық ақпарат нысанында тоқсан сайын ресми жариялауына жатады.


      Ескерту. 204-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.03.19 № 258-IV Заңымен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет