3. «Қазақстан Республикасы егемендігі туралы» декларациясының маңызы. (1990ж. 25 қазан)
30 сәуір күні депутаттарды Жоғарғы Кеңес үйіне жинады. Жоғарғы Кеңес төрағасы болып Қостанай облысынан сайланған Ерік Асанбаев, оның орынбасары болып Серікболсын Әбділдин сайланды. 12 комитет құрылып, олардың тұрақты мүшелері сайланды. Комитеттің тұрақты мүшелері заң жобаларын дайындайды, ал қалған депутаттар оны талқыға салады. Осындай тағайындаулардан соң Жоғарғы Кеңес депутаттарының алғашқы қарағаны — Егемендік декларациясының жобасы болды. 3 беттік, 22 баптан тұратын декларация бір айдай талқыланды, қызу пікірталастар өрбіді.
Депутаттар тарапынан қарсылық күшті болды. Тек қана басқа ұлт өкілдері қарсы болған жоқ, олардың ішінде қазақтар да бар еді. Депутаттардың 42 пайызы қазақ болатын. Олардың көбі «Кеңестер Одағының құрамынан шықсақ қалай өмір сүреміз, иесіз қаламыз» немесе «Федерация болайық» деген сияқты ойларын айтты. Бұл халықтың 70 жыл бойғы кеңестік идеологияның ықпалынан шыға қоймағандығын, саяси сана-сезімдерінің деңгейінің қаншалықты екенігін байқатты. Кейбір депутаттарға егемендікті жария еткен құжатты қабылдау барысында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі», «Қазақ ұлты тағдырының жауапкершілігін сезіне отырып» деп келетін тұжырымдар ұнамады. Сессия кезінде «басқарушы және негізгі күш коммунистік партия болып табылады» деген 6-бапты алып тастау туралы батыл ұсынысқа «қызыл коммунистер» қатты қарсылық көрсетті. Қазақ елінің болашағы үшін аса маңызды құжатты қабылдауды кейінге ысыра бергенді жөн көргендер де болды.
Депутаттардың ішінде заңгерлер, заң ғылымдарының профессорлары, академиктер болды. Сессияларда олардың даусы қаттырақ шығатын, заң мәселесіне келгенде ешкім олардың алдын орап кете алмайтын. Тартысты сәттерде Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев сияқты қазақтың марқасқа азаматтары ұлт намысын қолдан бермеді. Салық Зиманов білімділік, қайраткерлік қырымен танылды. Ол қазақ мемлекеттігі мен қазақ халқының тарихында шешуші рөл атқарған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» жобасын дайындау жөніндегі комиссияны басқарды. Оның жобасын академик Сұлтан Сартаев жасады.
1990 жылы 16 қыркүйекте «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның» жобасы алғаш рет БАҚ-та жарияланған болатын. Егемендік декларациясы жобасымен халық та танысып, ел одан тегіс құлағдар болатын. Ел егемендігіне қатысты маңызды құжат қабылданғанша, онсыз да Желтоқсан оқиғасынан кейін ұлттық рухы көтерілген жастар Жоғарғы Кеңестің алдындағы орталық алаңға қолдарына ұрандар көтеріп күнде шығатын. 15-20 мыңдай халық шеруге қатысты. Көбі — жастар. Депутаттардан гөрі жастардың саяси сана-сезімі жоғары болды, олар ел егемендігін талап етіп, декларацияны қабылдағанша шерулетті.
Осылайша, 1990 жылдың 25-қазанында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің қаулысы бойынша мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Ол Қазақстанды өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныту мүмкіндігін туғызған басты тарихи құжат. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің қаулысы бойынша қабылданған мемлекеттік егемендік туралы декларация 17 бөлімнен тұрған. Оның қабылдануымен егемендікті мәлім ететін жеке территория, азаматтық, мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастардағы дербестігіміз бен мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді.
Егемендік туралы декларация еліміздің болашақ тәуелсіздігінің іргетасы іспетті. Яғни, осы құжат қабылданғаннан кейін 1 жылдан астам уақыт өткенде Қазақстан дербес мемлекетке айналды.
Бұл күн мемлекеттік мереке ретінде 2001ден 2009 жылға дейін тойланып келді. 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" қолданыстағы Заңына өзгерістер енгізіліп, 30-тамыз – ҚР Конституциясы күні болып өзгертілді. Сәйкесінше, 25-қазан мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Десек те, еліміздің қалыптасуына тікелей әсер еткен бұл күн өз маңыздылығын жоғалтпақ емес.
Достарыңызбен бөлісу: |