Лингвомәдениеттанымның қолданыс аясы.
Тіл білімінің лингвомәдениеттаным сипатындағы ізденістерге жүгінуінің мәні
зерттеушілердің “мәдениет тіл арқылы беріледі” деген ұғымды тереңірек түсінуге
ұмтылуында. Бұл төңіректе, ең маңыздысы, тіл мәдениеттің нендей фактілерін
танытатындығында
емес
(бұл
жағдайда
бар
болғаны
қолданбалы
лингвомәдениеттанымның бір ғана саласымен шектелуге де болар еді), әңгіме мәдениетті
таңбалау үшін тілдің қандай тәсілдері іске қосылатындығы турасында болмақ. Осыған
сәйкес, лингвомәдениеттаным мақсатты түрде тіл мен мәдениеттің семиотикалық
табиғатына зер салады [47] және философиялық антропологиямен, халықтың рухымен,
дінімен және ұлттың психологиялық ерекшелігімен, бірегей характерімен байланыста
болады.
Лингвомәдениеттанымдық зерттеулер бүгінгі кездегі дәстүрлі лингвистиканың
жалпы даму тенденцияларынан көп аса ауытқымайды, сөйте тұра өз дамуы барысында
«ішкі», «имманенттік», «құрылымдық» тілтанымнан – сыртқы, яки тілдік құбылыстарды
адам ойымен, оның рухани-тәжірибелік әрекетімен тығыз бірлікте қарастыратын
антропологиялық лингвистикаға өту бағытымен үндеседі [48]. Басқа бір тілді үйрену
барысында сол бөгде ұлтқа тән мәдениеттен хабардар болмайынша, тікелей тілдесу
арқылы толыққанды қарым-қатынас орнату әсте мүмкін емес. Ол үшін әуелі сол халықтың
тілдік жүйесі мен мәдени негізі қалайша және қай тұста тоғысатындығын аңдап білу
қажет болады. Лингвомәдениеттанымның лингвоелтану мен этнолингвистикадан
айырмашылығы – оның «өз нысандарындағы тіл көріністерін бейнелейтін мәдениет
құндылықтарын тілдің салыстырмалық теориясы негізінде (Э. Сепир-Б.Уорф
гипотезасына сәйкес) әр тілдің (әр халықтың) лингвомәдени ерекшелігі бойынша
контрастивтік анализ жасай алу қабілеттілігі мен өкілеттілігінде [49] болса керек.
Бұл ғылыми пәннің міндетіне тіл және мәдениет арақатынасымен қатар, тіл мен ұлт,
тіл мен халық менталитеті арасындағы байланыстарды сипаттау міндеті де енеді. Мұндай
ұстаным Бенвенистің «тіл, мәдениет және адам тұлғасы» деген үштік формуласының
негізінде қалыптасқан. Осы формулаға сәйкес, зерттеуші этностың лингвомәдениет
арқылы дүнияуи және рухани болмысын тану мүмкіншілігіне қол жеткізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |