229
Сүлеймен қарақшы
қиылғаны бiлiндi. Мұны қараңғыда көрмесе де, жiптiң шиқылдап
қиылған бәсең даусынан сезiп тұр. Жiптi қиғасын,
анау еппен
есiктi ашты. Бiрақ кiрмей, бiрауық кiдiрдi. Үй iшiн Атамқұлдың
қорылы кернеп тұр. Әлгi адам осы қорылдың ырғағын аңдып, тағы
бiраз тұрды. Әлденуақытта iшке жайлап бас сұқты да, босағада
қалт тұрды. Сiрә, қамыс арасында жемтiгiн аңдығанда үш басып,
үш тоқтайтын жолбарыстай әккi-ау. Тез-тез қимыл көрсетпейдi.
Жымсыз келiп, бар iсiн шыңсыз бiтiрiп кетуге дағдыланған жау
iшке кiргенде, есiк жақтауындағы iлулi шапанның тасасында
тығылған Сүлеймен демiн iшке тартып, тына қалған. Орта бойлы
келген анау босағада ұзақтау аялдаған сайын,
жауын көргенде
шыдай алмайтын әдетi қозып, “осыны бiр ұрып дуалға жабыстыра
салсам ба екен” деп, кеудесiн сабырсыздық жайлады. Алайда
оның әрi қарай не қылмағын көрейiн деген ойы бұл ниетiнен бас
тартқызды. Әрi мұның жалғыз еместiгiне де көз жеткiзу керек.
Үйге ұрланып келген жау қорылдап жатқан Атамқұлға қарай
жүрдi. Қараңғыда Сүлеймен оның бет-жүзiн анық көрмесе де,
әрбiр қимылын ажыратып, қалт жiбермей тұр. Жау Атамқұлдың
кеуде тұсына барғанда кiдiрдi. Сосын еңкейiп, көрпеге үңiлiп
қарады.
Қарап алып, бойын қайта тiктедi. Бұдан соң кәдiмгi
мал бауыздайтын адамдай тiзерлеп отырды. Сүлеймен жаудың
бұл отырысының мәнiсiн бiрден ұқты. Жатқан адамды түрегеп
тұрып, бауыздау қиын. Тiзерлеп отырып пышақтау оңай.
Атамқұлдың кеуде тұсына тiзерлеген жау ол жамылған көрпенiң
бас жағын жайлап сыпырды. Ендi бiр сәт кешiксе, оған пышақ
ұрылатынын бiлген Сүлеймен, “Е-е-ей!” деп айқайлап жiбердi
де,
атылып барып, оң жұдырығымен тiке бiр соқты. Оқыстан
шыққан дауыстан шошынған анау бұған қарай бұрыла бергенде,
дәл аузынан тиген ғаламат соққыдан сұлап түстi. Сұлап түскенде,
ошақ тасасындағы Аязбек оның үстiне қона кеттi. Бiрақ ол сорлы
бұл кезде ес-түссiз қалған едi.
— Сыртты, сыртты бақыла, Сүлеймен. Тағы бiреулерi кiрiп
келмесiн, — дедi Аязбек қалтасынан жiп шығарып. — Мен
мұның қолын байлап тастайын.
Төргi бөлмеден атып шыққан Төрекелдi мылтығын алға кезеп,
сыртқы есiктiң аузына келiп тұрды.