Дипломдық ЖҰмыс білім беру бағдарламасы: 6В01707 Қазақ тілі мен әдебиеті


Б.Момышұлы романдарындағы адам мен табиғат суреттері



бет6/10
Дата01.10.2024
өлшемі218.56 Kb.
#504214
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Ернар Қызырбек диплом түзетілген нұсқа

1.2 Б.Момышұлы романдарындағы адам мен табиғат суреттері

Өнердің басты тақырыбы – адам образы. Көркем туындыда жазушы сомдап отырған кейіпкер портреті шығарманың ажырамас бір бөлшегі. Қаламгер кейіпкерлердің сыртқы тұрпатын, кескін-келбетін сомдай келе, оның бойындағы сапырылысып жатқан сезімдер, құбылыстарды, тіпті қажет сәтте бастан кешкен түрлі оқиғалар салған іздерді таныта алады. Портрет адам жанының ішкі құбылысын, жай-күйін көрсету тәсілі. Кейіпкердің сырт-келбетіне көз жүгірте қарап, оның бастан өткерген қайғы-қасіреті мен қуанышты өмір белестерінің көп не аз болғанын болжай алатынымыз осыдан. Оқырман қауым жазушы ұсынған кез-келген кейіпкерді оқи отырып, сол дәуірдің идеалдары мен арман-мүддесін тани алмақ. Туындыны оқу барысында оқырман кейіпкерді жадында ұстау үшін оның кескін-келбетіне назар аударым, бейнесін ойша елестетіп, қимыл-әрекетін бақылап, оны басқалардан даралап, ерекшелеп алады.


«Ұлттық мінез» ұғымын қазіргі батыс этнопсихологиясы менталитет ұғымымен теңдестіре бастады. Ұлттық мінездің даралығын жан-жақты саралап, талдап көрсетуге болады.

«Қоғамдық сана», «ұлттық характер» ұғымдары менталитет ұғымымен тығыс байланыста қарастырылады. Дегенмен оларды өзара шатастыруға, теңестіруге болмайды. Философияның ғылыми бағыттары арқылы менталитет ұғымының жалпы мәнін аша аламыз. Өйткені менталитет категориясы зерттеу қорына бай болып келеді. Сол себептен менталитет ұғымының философиялық астарына тереңдей бойлаған жөн.


Философияның онтологиялық бағыты менталитет терминін нақты феномен ретінде көрсете алады. Бұл бағыт бойынша менталитет объективті түрде өмір сүре алатын наты ұғым. Онтологиялық сараптама біріншіден менталитетті қатаң өзіндік құрылымы жоқ, сонымен қатар адамдардың көңіл- күйін, санасын және тәртібін анықтайтын ұғым деп санаса, екіншіден, адамдардың сезімдерін, іс-әрекеттері мен ақыл-ойларының жиынтығы және жалпы бағдары деп қарап, үшіншіден белгілі бір құрылымның іс-әрекетін анықтайтын сана элементі, немесе саналық құрылым деп тұжырымдайды.
«Белгілі бір дәуірдегі географиялық, әлеуметтік ортадағы адамдардың түсініктері мен сезімдері, көзқарастарының жиынтығы, тарихи және әлеуметтік үдерістерге әсер ететін қоғамның психологиялық ахуалы»,-деп мәдениеттанушылар менталитет ұғымын түсіндіреді. Көркем туынды ұлттық сипатты анықтауда мазмұнға тереңдеп қана қоймай, ұлтқа тән дүниетанымның құпия сыры мен психологиялық, әлеуметтік ерекшелігін даралайды. Сондықтан да кез-келген ұлттың шығармасына көз жүгіртсек қана болғаны, сол ұлттың философиялық таным-түсінігіне бойлап, табиғатқа деген көзқарасымен таныса аламыз. Кезінде Ғабиден Мұстафиннің «Ұлтшылдықпен күресіп болдық, енді ұлтсыздықпен күресу керек» деген сөзінің мәні де осында жатқанын аңғармау мүмкін емес [22, 55]. Жазушы қай ұлттың өкілі болса, оның шығармаларында сол ұлтқа тән көзқарастар жиынтығы көрініс тауып отыруы тиіс.
Ұлттық даралық, ерекшелік тілден ғана көрініс табады десек қателескен боламыз. Шығармадағы кейіпкердің іс-әрекетінен, сөйлеу мәнерінен, бітім-болмысынан, ұлттық салт-дәстүрден, тіпті табиғат бейнелерінен көрініс табатының ашық айтқанымыз жөн. Мысалы, «Абай жолындағы» пейзаждық суреттеулерді оқи отырып, олардан қазақ даласының табиғат ерекшеліктерін бірден ажыратамыз [23, 55]. Сол секілді Б. Момышұлы Ресей өлкесінде, тіпті еуропа аймағында жүрсе де, сол жақтың табиғатын суреттеу барысында қазақы таныммен зер салғанын аңғарамыз. Өйткені қаламгер санасындағы ұлттық ерекшелік, қазақ халқына тән таным-түсінік арқылы көрініс табатыны сөзсіз. Қаламгердің соғыс тақырыбында жазылған кез-келген шығармасын оқу барысында байқайтынымыз жат өлкенің табиғат көріністері, пейзаждық бейнелер қазақ елінің табиғат құбылыстарымен салыстырмалы түрде суреттелетіні байқалып отырады. Оны мына көріністен байқаймыз: «Өткен түнде арнасына сыймай тау өзеніндей құтырып жатқан Лама жынынан айрылған бақсыдай моп-монтай иреңдеп, жылжып жай ағып жатыр. Россияның топырақтары бос келеді – кішкене жауын жауса оның ой-қырында тайғанақтамай жүре алмайсың» немесе «Күн ашық болды. Жылына бастадық. Россияның күзгі ашық күндері біздің оңтүстіктің ашық күнінен айрықша келеді [24, 59-75].
Жалпы, Бауыржан Момышұлының соғыс тақырыбына арналған «Офицер күнделігі», «Бір түннің оқиғасы» (1956), «Москва үшін шайқас» (1958), «Майдандағы кездесулер» (1962), «Біздің генерал» атты шығармалардың авторы. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз еңбектерінде өмірінде көрген білгендері мен соғыста куә болған оқиғаларын шынайы түрде суреттеген. Оның қазақ прозасына қосылған жасандылықтан ада, таза өмір шындығынан туындаған романы мен әңгіме, повестері көркемдік құрылысы мен суреткерлік шеберлігі жағынан ең үздік туындылардың қатарынан орын алады.
Ғалым М.Мырзахметұлы: «Әскери әдебиетте Бауыржан Момышұлының өткен заман мен біздің заманымызда болып өткен әлем халықтарын қамтыған соғыстардың қайталанбас үш түрлі ерекшелігі болғанын атап өтумен бірге, өз танымын жіктей отырып көрсететіні бар (1. Мануфактурный период ведения войны; 2. Машинный период ведения войны; 3) Термоядерный период войны)», – деген болатын. Профессор М. Мырзахмет Бауыржан Момышұлы көрсеткен осы үш түрлі соғыстың үшеуінің үш түрлі ұғымы мен үш түрлі қару-жарағы, үш түрлі тактикасы мен стратегиясы, үш түрлі тілі бар екендігін айтады: «Осы таным тұрғысынан қарағанда, түркі халықтары басынан кешкен әскери әдебиеттің болмысын, тарихын танып білуге, ол жайында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізгенде осы ой-танымдарды әскери теориялық қағида ретінде қарап, үнемі сүйеніп отыруға болатын идеялық бағыт-бағдар бола алады деген байламға келеміз» [26], – дейді.
Ғалымның пайымдауынша, соғыс жүргізудің мануфактуралық дәуірін Бауыржан Момышұлы сойыл, шоқпар, найза, садақ, айбалта, т.б. қолмен ұсталатын қарулармен өтетін соғыстың қатарына жатқызған. Бұл өз кезегінде даму тарихы мыңдаған жылдарды қамтыған түркі батырларының кескін- келбетін көз алдымызға елестетері сөзсіз. Бұндай ұрыстың образдық бейнесі қазіргі түркі халықтарының (қазақ, өзбек, қырғыз, татар, қарақалпақ, т.б.) фольклорлық жырларында кеңінен суреттеледі. Ал соғысты жүргізудің машиналық дәуірі (автомат, пулемет, зеңбірек, танк, ракета, самолет, бомба, граната) қару-жарақтың дамыған кезеңіне сай келсе, соғыс жүргізудің ядролық дәуірі қазір қарқынды даму үстінде. Ғалым М. Мырзахметұлы соғыс жүргізудің осы үш түрінің алғашқы екі кезеңінде әскери әдебиет түрі пайда болып, дамудың, жетіліп қалыптасудың ұзақ жолдарын бастан кешкенін атап көрсетеді.
Бұл жерде біздің айтпағымыз, ғалымның «әскери әдебиет» деген атауды кең әрі терең тұрғыда қарастыруы. М. Мырзахметұлы: «Әскери әдебиет деп әскери ғылым түрлерімен бірге көркем өнердің өзіндік ерекшелігіне орай пайда болған көне заманнан бүгінге дейін дамып, қалыптасу үстінде келе жатқан рухани құбылыстың қомақты бір саласы, әскери әдебиеттің көркем әдебиет саласында пайда болған түрлерін, оның өзіндік дербес саласына жататын жалпы әскери көркем әдебиет пен соғыс майданына тікелей қатысып, толарсақтан саз кешіп, Отан үшін жан беріп, жан алысқан әрі майданда қаруымен бірге қамал бұзар қаһарман сөзді қоса жұмсаған дарынды жауынгер мен қолбасшылар қаламынан туған әскери көркем әдебиеттің жөні бір басқа», – деп атап көрсетеді [26]. Ғалым М. Мырзахметұлы қазақ әскери әдебиетін мынадай жіктелістерге бөледі:

  1. Тылда, майданнан алыста отырып соғыс тақырыбына жазған ақын- жазушылар тобы шыға бастады. Мысалы, «XX ғасыр Гомері» атанған Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім», Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы, Мұхтар Әуезовтің «Намыс гвардиясы» мен халық ақындарының 28 панфиловшылар туралы өлең, дастандары, т.б.

  2. Қазақ әдебиетінде бұрын болмаған партизан ақын-жазушылардың өз бастарынан кешкен жортуылдағы өмір шындығы арқау болып өрілген шығармалары. Мысалы, Қ. Қайсенов, Ә. Шәріпов, Ж. Саин, т.б.

  3. Майданның өтінде болып, жаумен бетпе-бет келіп алысқан жауынгер ақын-жазушылар: Б. Момышұлы, Қ. Аманжолов, М. Ғабдуллин, А. Бек, Ә. Нұрпейісов, Т. Ахтанов, Ә. Нұршайықов, т.б.

Соғыс жылдарында майдан қажетіне қарай бірде ашылып, бірде жабылып отырған қазақ тіліндегі әскери газеттерде істеген журналистер туындылары: Ә. Сәрсенбаев, Ж.Молдағалиев, Қ. Сағындықов, Ж. Жұмаханов, С. Сейітов, т.б. [26, 21]. Міне, ғалым көрсеткендей, майданның өтінде болып, жаумен бетпе-бет келіп алысқан жауынгер жазушының бірі де бірегейі – Бауыржан Момышұлы.
Қазақ әдебиеті тарихындағы соғыс психологиясын реалистікпен бейнелеген тұңғыш туынды «Москва үшін шайқас» романы екендігінде дау жоқ. Қаламгер саптағы сарбаздардың отан алдындағы қасиетті парызын атқаруға ұмтылған потриоттық толғаныстарын, бастан өткерген қиын тағдыры мен сұмдық қасіретін барынша суреткерлік шеберлігімен бейнелеген.
«Москва үшін шайқас» романы оқырман қауымды ырықсыз соғыс майданына жетелеп, сондағы сарбаз бен табиғаттың қиындыққа толы бейнесіне ойлана қарауға мәжбүрлейді [27, 25]. Соғыс қазақ әдебиетіне осы тақырып бойынша көптеген әдеби туындылармен толықтырғаны баршаға мәлім. Алайда, соғыс қиындығын бастан өткеріп, басшылық еткен қаһарман қаламгердің қаламынан самғаған туындылары «жасанды суреттеулерден» әлдеқайда алшақ жатқан саф алтындар.
Қалай десек те, Бауыржан Момышұлы аталған шығармада өмір шындығын көркемдік тәсіл арқылы оқырман жүрегіне жеткізе білді. Бұған жазушының мына сөзі дәлел бола алады: «Мен ешнәрсені ойдан шығарып тізбелемеймін. Менің барлық шығармаларым сенімді документтік материалдарға құрылған. Документтік сенімділікті көркем суреттеумен ұштастыру әркімнің қолынан келе бермейді, оны көбіне автордың шеберлігі деп атайды. Сондықтан мемуарлық әдебиеттегі ең басты қайшылық екі міндеттің бірін таңдап алуы тиіс. Ол не шындықты құрбандыққа шалып, көркемдікке ерік беру керек немесе шындықты басшылыққа алып, көркемдікті құрбан етемін. Өйткені менің ең басты міндетім шындықты көркемдік үшін бұрмалаудан қорғау болып табылады. Менің бұлай істейтінім, ойдан шығару арқылы майданда қаза тапқан жауынгерлер аруағына, жараланып қасірет шеккендер мен қазір аман-есен жүргендердің ар-намысына нұқсан келтіруге моральдық провам жоқ деп есептеймін» [28, 4]. Бұдан батырдың өмірлік мұраты мен адамгершілік болмысын нақты танимыз.
Сонымен, Бауыржан Момышұлы шығармалары өзіндік даралығымен ерекшеленеді. Себебі, оның туындылары нақты деректер мен тарихи шындыққа негізделген. Автор өз прозасында табиғатты да ұзақ лирикалық суреттеу арқылы сипаттамайды. Ең бастысы автор өзі көріп, куә болған оқиғаларды шыншылдықпен бейнелеп, парыз, ар-ұждан, намыс, Отанға деген ыстық сезім, адамгершілік сияқты моральдық құндылықтарды бірінші орынға шығарады.
Кеңес Одағы кезеңінде түркі жауынгерлерінің ерекше қайсарлығы мен Отанға деген сүйіспеншілігі жауды талқандап, жеңіске жетуге ерекше ықпал еткені тарихи шындық. Жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін майдан даласын басып өтіп, Сталинградта, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған шайқастарда жан аяспай соғысты. Украина, Кавказ, Белоруссия, Қырым, Прибалтиканы азат ету жолында жандарын құрбан етті. Тіпті Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлерінде де жеңіс туын желбіреткені тарихи деректерден көрініс табады. Бұл соғыста түркі сарбаздары қатыспаған бірде-бір шайқас болмады. Бүгінгі жас ұрпақ соғыстың басталған 1941 жыл мен оның аяқталған 1945 жылдар аралығындағы мына мәліметтерді ешқашан ұмытпайтыны хақ.
Міне осы ұмытылмастай болып қалған 4 жыл аралығындағы қиян-кескі ұрыс картинасының Бауыржан Момышұлы шығармаларында шебер суреткерлікпен бейнеленгендігі мәлім. Онда жер бетіне бейбітшілік орнату үшін, жас ұрпақтың бақыты үшін күрескен түркі сарбаздары мен ұрыс даласында «қыршынан қиылған» жауынгерлер портреті кез келген оқырман жүрегін тебірентері сөзсіз.
Жалпы Ұлы Отан соғысы – тек қазақ пен орыс жауынгерлері үшін ғана емес, өзбек, қырғыз, татар сияқты түркі тектес халықтар тарихында да қаһармандық күрестің ұмытылмас шежіресі болып сақталып қалды. Баукеңнің ұлт сарбаздары ерлігін шығармаларында терең суреттей білуі оның сол алапат шайқастың ортасында болып, қиын күндерді басынан бірге өткізгендігі айғақ.
Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің сапында түркі сарбаздарының аз болмағанына тарих куә. Зерттеушілер Ресей территориясында құрылған батальондар мен орта Азия жерінен жасақталған құрамалардың арасында елеулі айырмашылықтар болғандығын жазады. Атап айтқанда, біріншіден, әр ұлт құрамалары өз жерінде құрылған, екіншіден бұл ұлттық құрамаларды басқаратын арнайы әскери маман жетіспеген, үшіншіден, ұлттық құрама жауынгерлерінің көпшілігі орыс тілін жеткілікті білмеген, бұл құрамалар агрессорлық соққы алмаған республикаларда құрылғанымен, олардың Отанды, жерді қорғауға деген құлшыныстары жоғары болған.
Бұған дәлел ретінде түркі жауынгерлерінің «Москва үшін шайқас» романында суреттелген портреттерінен айқын аңғаруға болады. Мәселен: «Тағы бір рет қарсы шабуылға шығып, дұшпанды тойтарып бара жатырмыз. Жау шегініп біздің жігіттер өкшелей қуып барады. Менің алдымда жүгіріп бара жатқан жауынгердің сол қолын жеңінен шыға берісінен минаның жаңқасы отап кетті. Бір елі теріге ілінген алақаны мен саусақтары қанға боялып салбырап барады. Оны денесі қызған жауынгер байқар емес. Ол әлі де жүгіріп барады. Астапыралла, бұл кім?... Ол кілт тұра қалды. Енді ғана аңғарды. Бір елі теріге ілініп тұрған қолын ызаланып жұлды да, лақтырып тастады. Өз денесін қар үстіне қарай атты. Мен тітіркеніп кеттім. Ол сау қолымен пистолетін серт ұстап, алға кезеніп, жоғары көтерді де, ашынған дауысымен «атаңның аузы...» деп жау соңынан тап бере жүгіре жөнелді. Мен оны таныдым. Ол бұдан екі жеті бұрын Соколово селосында жаудың үш танкімен жекпе жек шығып, қарсыласып тұрып алған батарея старшинасы Бүркіт Әлішеров... «Алатаудың сұңқары атаңа тартқан екенсің», дедім мен ішімнен... [15, 241]. Міне, шығармадағы бұл жауынгердің ерлігі оның Отанға деген шексіз махаббаты, қандай іске де жан аямай кірісетіні осы бір шағын суреттемеден де айқын көрініп тұр.
Жазушының әскердегі командирдің адамгершілік болмысын оның сыртқы тұлғасы арқылы ашып, кескін-келбет пен мінез-құлық психологиясын танытудағы шеберлігін мына үзіндіден де байқауға болады: «Тышқанға ұқсаған сүйір тұмсық сұрғылт сюртук киген, кішкентай қатал адам Канторек бізде сынып жетекшісі болатын. Бойы «Клестербергтің қаһарлы қожасы» атанған унтер-офицер Химмельштостың бойындай ғана. Бір ғажабы, неге екені белгісіз, бұл дүниедегі бақытсыздық пен жамандық атаулының бәрі көбінесе осындай тапал адамдардан шығады: ұзын бойлыларға қарағанда бұлар пысық болады, мінезі тік, тоңмойын, шадыр келеді. Мен әдетте командирі тапал ротаға тап болудан қашып жүрдім: ондайлардың қазымыр, ұрысқақтығы зықыңды шығарады» [15, 11-12].
Жазушының романында жеңілтек мінезді, қызба да өзімшіл командирлерді осылайша сырттайғы кескін-келбетіне қарап бағалауы оның өмірлік тәжірибесінің арқасында пайда болған тұжырым екеніне көз жеткіземіз. Расында да, адамның сыртқы келбеті оның ішкі жан дүниесінің айнасы екенін халық ерте кезден-ақ байқап байыптап қойған секілді. Оны қазақтың «Түсі келгеннен түңілме» деген мақалынан да байқауымызға болады.
Бауыржан Момышұлы шығармасында татар жауынгері Каюм Гариповтың жаумен болған үлкен шайқастың бірінде ерлікпен қаза тапқаны туралы айтылады. Автор жауынгер портретін суреттегенде оның жаны жұмсақ мұғалімнен қатал әскери басшыға айналуына не себеп болғындығын ашып көрсеткен:
«Иә, лейтенант Каюм Гариповты да мен білуші едім... Орта бойлы, маңдайы кере қарыс, қара торы татар жігіті ине-жіптен жаңа шыққан офицерлік форманы олпы солпы киініп, аспалы белдікке оң қолын икемсіз сұғып ұстап оқ атып жатқан шепте ары бері күйбеңдей жүгіріп жүр. Жүрісі әскери адамға тән емес...

  • Жолдас лейтенант, бері келіңіз, – деп бұйырдым мен оған. Гарипов бар ынтасымен маған қарай жүгіріп келе жатты. Бірақ қимылы солғын.

  • Егер сіз қол астыңыздағы адамдарға тым ұяң сөйлеп, балаша әлдилеп, кесіп айтып бұйырудың орнына саудаласып, әке-көкелеп тұратын болсаңыз, ротаңызды бұл қысқа мерзімнің ішінде түкке де үйрете алмайсыз... жаппай тіл алдыру үшін жалынып, жалпаймаңыз, талап қойыңыз, бұйырыңыз!

Гарипов ұяла қызарып тұрып:

  • Қазірше ешнәрсе шығара алмай жүрмін, құрғыр, осы... Мен қатты зекіріп сөйлеп, бұйыра жұмсауға дағдыланбаған мұғалімнің біреуі едім, жолдас аға лейтенант, – деп шынын айтты...

Бір айдан кейін мен оның бір сержантты бидайдай қуырып, шыжғырып жатқанының үстінен шығып:

  • Е, мұғалім жолдас, енді ақырып ұрсуды да үйреніпсіз ғой, – деп күлдім» [34, 30]. Бұл жерде автор жеңіске жетуіміздің бір себебі, соғыс дәмін татып көрмеген қарапайым адамның әскери өмірдегі қаталдыққа мойынсұнуы да әсер еткендігін тұспалдап болса да келтіреді. Адам болмысының қатып қалған бірдеме емес өзгеретінін де шынайы көрсете алған.

Сонымен қатар, Бауыржан Момышұлы түркі жауынгерлері портретінің шынайылығын терең ашу үшін шығармаларында әр ұлт өкілдерін өз тілінде сөйлеткен:
«Ә, бұл із, Жиенішбаевтың зеңбірегінің ізі болып шықты ғой, – деп ойладым. Аалы Жиенішбаев зеңбірек командирі еді. Есімде, майданға аттанардың алдында біз Талғарда бас қосып едік. Мен аттарды үлестіріп тұрғанымда орта бойлы сәл қысыңқылау мөлдір көз, қошқар мұрын, сыпайы сержант қырғыз жігіті:

  • Жолдош командир, бістің орудиеге берсеңіз мықты шоң-шоң жылқыдон беріңіс, – деді алдымда қалт тұра қалып.

  • Басқалардан сенің нең артық еді, – дегенімде:

  • Бісдің орудиебіс өте ауыр, жолдош комбат, – деген ол. «Мына жігіттен бір нәрсе шығатын болар» – деп ойлап, оған аттарды таңдап алуға рұқсат берген едім» [34, 52]. Немесе автордың соғыстағы өзбек аспазшысының портретін суреттеу барысында келтірілген сөйлемдері бұған дәлел бола алады:

«Келсек, аспазшы Жан Файзиев ыңылдап өзбекше өлең айтып, үлкен бұхар пышағымен ұсақтап ет турап отыр. ...Рахимов кіріп келгенде ол қолын кеудесіне қусырып, өзбекше отыра қалды да:

  • Ва акажан! Бұлар немә деп тұрупты ю?

  • Санга не болды, ишләй бәр аухатларыңни!

– Хуп акажан!» [15, 193].
Сонымен қатар, аталған шығармадағы ерекше кейіпкер, өзгеше адами қасиеттерімен көзге түскен жауынгер қазақы мінезді Әділгерей. Орысша шала-пұла білетін, әскери құжатына Әділгерей емес, Андрей деп жазылып кеткен сарбаз соғыста он алты рет жарақат алған. Ржев қаласын Ережеп деп, полковникті балкоуник, марганцовканы мергенсопы деуі оның түркілік болмысын нақтылай түсетін суреттеулер. Командир Бекболаттың сиыр ұрлап сойғаны үшін ату жазасына кескен екі солдатты жанұшыра қорғаған да Әділгерей.
Жалпы алғанда, Бауыржан Момышұлы еңбектеріндегі түркі жауынгерлері портретінің көркемдік бейнеленуінің шынайы шығуы мынадай ерекшеліктерімен бағаланады:
Біріншіден, Бауыржан Момышұлы шығармашылығы таза әскери әдебиетке негізделіп, саяси әлеуметтік сипатта көрініс тапқан;
Екіншіден, соғыс үстіндегі сарбаздар өмірінің маңызды оқиғалары қаламгер назарынан тыс қалмаған;
Үшіншіден, автор түркі жауынгерлерінің отансүйгіштігін өз көзімен көргендіктен, патриоттық тәрбиені жас ұрпаққа соғыс үстіндегі шынайы оқиғалар ретінде жеткізуді мақсат тұтқан;
Төртіншіден, Баукең шығармаларында бірнеше ұлт өкілдерінің интернационалдық достығы мен ерлігі, олардың Отан алдынға парызы мен борышы нақты бейнеленген.
Ұлттық идея мен халықтық сана құндылықтарын, түркі сарбаздарының ерлігін дәріптеуде Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының қосқан үлесі орасан зор.
Ұлттың қаһарман ұлы Б. Момышұлы – XX ғасырдың сұрапыл кезеңі – Ұлы Отан соғысында аты аңызға айналған батыр, дарынды қолбасшы, тұтас бір халықтың қасиетін өз бойына дарыта алған, қазақ әдебиетіндегі соғыс тақырыбына қалам тербеткен алғашқы жазушылардың бірі. Ғұмырының ширек ғасырдай кезеңін әскери қызметте өткізген Б. Момышұлының жазушылыққа бет бұруының өзіндік себебі де бар.
Сонымен қоса қан майданда толарсақтан саз кешіп, қиындыққа төтеп берген майдандастарының көзссіз батырлықтарын көркем прозаға айналдыру арқылы асыл ерлерге өшпес ескерткіш қойды. «...Менің көп достарым, майдандастарым опат болды. Егер солар белгісіз күйде қала берсе, онда оның өзі тірі қалғандардың арына, бәрінен бұрын өз басымның ар-намысына шек келтірген болар еді», – дейді Бауыржан Момышұлы [28]. Бұдан Бауыржан Момышұлының майдандас жолдастарының ерлігін күллі оқырман қауымға, одан қалса келер ұрпаққа паш етіп, саналы ұрпаққа сабақ етуді парызым деп танып, көркем әдебиетке келгенін ұғынамыз.
Оның соғыс тақырыбын егжей-тегжейлі бейнелейтін алғашқы көлемді шығармаларың бірі «Москва үшін шайқас» романы. Ол бәрімізге тарихтан жақсы таныс атақты 8 гврдияның Мәскеу түбіндегі ерлік істерін көркем тілмен суреттеп шыққан танымал туынды. Онда Отан үшін болған тарихи шайқастың бізге беймәлім көптеген қырлары асқан шеберлікпен реалистікпен баяндалады. Әрине бұл туралы кезінде көптеген зерттеу еңбектерде жеріне жеткізе айтылып, талданып жазылды да. Соның бірі ақын Қ. Бекхожин бұл туынды жайында: «Міне, біз Бауыржанның «Москва үшін шайқас» деген көлемді хикаясын оқып отырмыз. Жауынгер оқушыны алапат соғыстың алғашқы ауыр шағына еріксіз тартады. Тұла бойың тітіркенерлік соғыс әлеметі көз алдыңда жанды қалпында елес қағады. Неміс фашистерінің қанды қалың тобырлары астанамыз Москваға құтырған аңдай анталаған кездердегі біздің әскери күштеріміздің жауынгерлік әлпетін, майдан әрекетін, қатерлі қорғаныстағы ерлер айбатын сол сұрапылды өз басынан кешкен батыр жазушы аса нанымды, әсерлі суреттеген», – деп тебірене жазған болатын [15, 2]. Әрине жазушы шығармаларындағы тарихи шындық пен көркемдік шешім мәселесі арнайы зерттеуді қажет ететін бөлек тақырып екені рас. Ал біздің қарастыратынымыз негізінен жазушының кескілескен шайқас өтіп жатқан кездегі уақыт пен кеңістікке қатысты пайым-түсініктері, соның ішінде қаламгердің соғыс өртіне оранған аймақтағы табиғат суреттері мен адам портретін беру тәсілдеріне тоқталмақпыз.
Б.Момышұлының аталған алғашқы романының экспозициясы бірден табиғат суретін сипаттаудан басталады. Бұл біріншіден оқырманға оқиға барысы өтіп жатқан орын мен сол қым-қиғаш шайқастардың салған ізін аңдату үшін қажет деталь десек қателесе қоймаспыз. «Күзгі таң. Түнерген аспан. Ой-шұқырдағы сулар кілегейленіп, қабыршақтанып қата бастаған», - деген пейзаждық суреттеу онан әрі өрбитін оқиғаның қуанышқа емес, қайғы- қасіретке айналатынына алдын ала дайындап жатқандай әсер қалдырады [15, 5]. Қысқа ғана үш сөйлемнен тұратын көріністен денең түршігіп, болашақта болатын сұмдық бір құбылысқа куә болатыныңа дайындала бастайсың. Б.Момышұлы шығармаларындағы пейзаждық көріністер, әсіресе соғыс тақырыбына жазылған шығармаларындағы пейзаждық суреттеулер көбінесе орыс жазушыларының стильдік ерекшелігін еске түсіреді. Мұны біз автордың орыс әдебиеті туындыларын көп оқығандығынан болу керек деп түсіндік. Сонымен қатар жазушының пейзаж жасауда табиғат суреттерін қысқа ғана баяндап өтуі, негізінен оқиға желісінің өтіп жатқан орнын ғана сипаттауға тырысуы ол шығарманың тақырыптық ерекшелігіне де сәйкес туындаған әдісі болар деген ойға тоқтадық.
Бауыржан Момышұлы шығармаларында өмір мен соғыс шындығы оқиға өтіп жатқан уақыт пен кеңістікті үйлесімді сипатта нақты бейнелеуі, образдарды шынайы сомдауы арқасында ұтымды әрі сәтті шыққан. Автордың образды ашуда қолданған диалог, монолог, пейзаж, портрет, деталь, т.б. тәсілдері оның дара стилін айғақтайды.
Адам портретін жасауда да жазушы олардың бет әлпеттері мен дене тұрқындағы ұлттық ерекшеліктерді қырағылықпен танып, шебер суреттейді. Мысалы, майор Гофманның портретіне назар аударып көрелік: «Аласа бойлы, бұйра шаш, істік мұрын, бетінде аздаған секпіл дағы бар...» немесе «...ат жақты, баптап ширатылған жылтыр қара мұртты, бір жағына жыға қайырған шашы бар бір сылқым атты әскердің офицері ауыз үйде отыр екен. Оның жалпы пішіні маған Чапаевтың бас киімсіз түскен суретіне ұқсағандай көрінді» [15, 21]. Макаровтың көзі кіртиіп, бетін жирен түк басқан. Түрі өте солғын, еңсесі төмен түскен, тыржиған: барлық бейнесінен қайғы басқан адамның тұрпаты аңғарылады [44, 203]. Бірінші суреттеудегі «істік мұрын, секпілдің дағы бар» деген суреттеулер мен үшінші суреттеудегі «бетін жирен түк басқан» еуропалық нәсілге тән белгілер екені айдан анық. Ал екінші портреттегі «баптап ширатылған жылтыр қара мұртты, бір жағына жыға қайырған шашы бар бір сылқым атты әскердің офицері» деген бейнелеуге түсініктеме жазудың өзі де артық қой деп ойлаймыз. Өйткені кеңес дәуіріндегі адамдар үшін Чапаевтың түр- тұлғасы әр адамның санасында бала күнінен өз ерекшелігімен есте сақталған танымал бейне болатын.
Шығармадағы бас кейіпкердің бірі Генерал Панфилов – көргені мол, түйгені көп тәжірибелі қолбасшы. Шығармада қолбасшы тұлғасы үлкен бір тақырыпқа жүк боларлықтай салмақты. Жазушы оны ерекше бір мақтанышпен, баланың әкеге деген махаббатын білдіретіндей сезіммен бейнелейді. Оның болмысын аша түсу үшін жазушы әр алуан тәсілдерді сәтті қолданған. Қашанда сабырлылығы мен байыптылығынан таймайтын генерал күніне мың құбылған соғыс жағдайында да осы бір салмақты бейнесінен өзгермейді.
Шығарманың бірінші кітабынан-ақ біз генералмен бетпе-бет кездесеміз. «Біз көріспеген аз уақыттың ішінде генерал арықтап, бұрынғыдан да еңкіштеніп, кителінің жағасы мойнына кеңейіп қалыпты. Мықынынан балағына дейін екі елі қызыл әдіпті генералдық белгісі бар шалбары өзіне шақ еместей олпы-солпы болып көрінеді. Жүзі тотыққан, әжімдері бұрынғыдан гөрі терең сызаттана түскен. Қысқа бурыл шашы қылтанақтай тікірейіп тұр. Мұрны мен иегі аздап сүйірленген. Бұрын мұқият күзеп жүретін суағарындағы бармақтың тырнағындай төрт бұрышты қара мұрты бұрынғыдан гөрі тікірейе өсіп кетіпті» [24, 12].
Генералды сипаттаудағы осы кішкене портреттік үзіндіден-ақ соғыстың аса шиеленіскен жағдайда болып жатқандығын байқаймыз. Генерал бейнесін суреттеу арқылы өтіп жатқан оқиғаның ауырпалығын сездіру жазушының ерекше әдісі. Жүзінің тотығуы, әжімдердің тереңдеп сызаттана түсуі, шашының тікіреюі, мұрны мен иегінің сүйірленуі бұл адамның ішіндегі қалың уайымды, ауыр ойды бірден аңғартатын белгілер. Шығармада жазушының кейде шендестіру мақсатымен немесе белгілі бір кейіпкердің кейпін сипаттауда пайдаланатын, ұқсас сәттерді бейнелейтін кесек-кесек үзінділерден және Панфилов дивизиясының жасақталу мерзіміндегі соғысқа жаттығу дайындығы кезеңдерінен басқадай бірде-бір бейбіт күндердегі тұрмыстық қалыпты бейнелейтін сюжеттер жоқ. Алайда автор өзі қоршаудан шыққанда көрген генералдың бейнесін жадында мәңгі сақталып қалған әке бейесімен салыстыра суреттейді. Кешірімді де қамқор, әділдік үшін жанын беруге даяр екі қарттың мінездеріндегі ұқсастыққа назар аударады.
«Генералдың мына келбеті өзімнің марқұм қарт әкемді есіме түсірді. Әкем де генералдай сақал-мұртын, шашын бурыл басқан кісі еді. Генералмен осы кездесуім әкеммен соңғы рет кездескенімді көзіме елестетті. ...Алдына алып әлдилеп, саған келген маған келсін деп тілеп, бөпем, балам деп, бауырына басып, мәпелеп өсірген, тентектік етсем кешірген, мені көп жасап, азамат болсын деп тілеген әкемнен қымбат маған кім бар еді? – деп, әке құшағын, әке мейірімін аңсаған азаматтың ауылға асыққаны, байқап түйгені көз алдынан түйдектеліп өте береді. «Мен ауылға жақындай бергенімде, еңсесі түсіп бүкірейген қарт әкем үйден кібіртіктей басып жүгіре шығып, қарсы алып, әкелік мейірім билеп, қол-аяғы қалтырап, көкірегі сырылдап, көзі жасаурап қолымды ұстап аймалап сүйіп, мойнымды теберіктей иіскеп, балапандай бауырына қысып, көпке дейін құшақтап тұрғанын мына кездесу есіме түсірді», – дейді автор [24, 12]. Командир шайқас кезінде қатардағы солдат үшін әке орнына әке, қарапайым жауынгердің ең жақын қамқоршысы, сонымен қатар өз бұйрығының мүлтіксіз орындалуын талап ететін шексіз билік иесі. Оның бұйрығы әрдайым бұлжытпай орындауды қажет ететін, талқылауға жатпайтын заң болып есмептеледі. Егер командир қарамағындағыларға айтқанын орындата алмаса, ол ешқашан да жеңіске жетпек емес. Ол өзін сыйлата білетін, айбарлы болуы тиіс. Ол нәзіктік танытпауы керек. Бірақ командирдің де түптеп келгенде ет пен сүйектен жаратылған адам екенін естен шығаруға болмайды. Оның да сүюге құштар жүрегі, сұлулыққа іңкәр сезімі бар екені ақиқат шындық. Ол да ата-анасын, әйел-баласын, туған-туысын жақсы көріп, сағынуға құқылы. Осынау жоғарыдағы үзіндіден қаһарлы командирдің екінші бір қырын танығандай боламыз.
Мұнда жазушы ойынан әкесіне деген сағынышы қылаң беріп қалады. Жау қоршауында қалып, штабпен байланысы үзіліп, көрші өзге бөлімдермен иін тіресе қолтықтасып бірге тұра алмай, жеке дара соғыс жүргізіп, қабылданған шешімнің дұрыстығы арқасында қоршауды жарып өтіп, өз әскері қатарына түгелдей дерлік қосылған батальон командирі генералдан қатаң сөгіс естуге дайындалып, іштей бекініп келген болатын: «...генерал менің алдымнан шығып рапорт айтуыма да мұршамды келтірмей, шапшаң басып қасыма келіп, қолымды қос қолдап қазақша алып, сәл қиғаштау қара көзімен маған тебірене, қуанышты жүзі жайдарылана қарап, көпке дейін қолымды өз қолынан босатпай тұрды. Мен сенер-сенбесімді білмей, тұрдым да қалдым», – дейді автор. Ешбір артық ауыс сөзсіз, боямасыз баяндау. «...амандасып, әкелік мейіріммен қолымды сипай қысып, өзіме таныс мейірімді баяу дауыспен...», «Қысылтаяң жағдайда мына сұрапыл соғыста ұзақ уақыт көріспей жүріп, кездескен шақта генералдың қуанышты, әкелік сүйіспеншілігі, сүйкімді сөзі менің тамырымды иіткендей елжіретті», – деп тебіренеді автор [15, 11]. Мұнда басты кейіпкеріміз генералды бекерден бекер әкесіне ұқсатып отырған жоқ. Дегенмен автор сырт тұлғалары мен қимыл-әрекеттеріне қарап қана екі бейненің ұқсастығына мән берді десек қателескен болар едік. Жазушының бұл ұқсатуының астарында үлкен қолбасыға деген ізгі ниет, оның адамгершілігіне деген үлкен сенім жатқандығы байқалады.
Б.Момышұлының «Москва үшін шайқас» романы «жазушы туындыларындағы өзіндік тағы бір ерекшелік ретінде айтарымыз-ол өз шығармасында қандай да бір тұлғаны сырт бейнесі арқылы бағалаумен ғана шектеліп қалмай, кейіпкердің шынайы болмысын қарым-қатынас арқылы, диалогпен ашуға ұмтылады. Демек, жазушы кейіпкерді тілдік қатынасы арқылы, танытуға ден қояды. Соған қарап тұлғаны бағалаудағы өзінің субъективті көзқарасын білдіріп, пайымдайды. Біз талдап отырған генерал тұлғасын да осы бір қырымен танытып, әкесінедеген ұқсастықты тиянақтайды. Қарамағындағыларға әділдікпен қарап, әр жағдайда әділ баға беріп, қамқор бола алу, тең дәрежеде көріп, сөйлесе білу кез келген қолбасшының бойында бола бермейтін қасиет. Соғыс барысында талай менменсінген офицерлермен істес болған автордың осындай асыл тұрпатты адамды байқамауы да мумкін емес» болса [24, 246], сонымен қатар «қолбасшы болу, мінез-құлқы мен ой-өрісі сан қилы жүздеген жауынгерге бас болу-өте қиын іс. Оққа қарсы қол бастау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Адам бойына біткен қабілетке қоса, табандылық, қайсарлық, жауапкершілік арнайы білім мен жан-жақты тәлім-тәрбие қажет. Осы қасиеттерді бойына дарытқан генералды бас кейіпкеріміздің өзі ардақ тұтып, кемелдігіне бас иіп отырады» [15, 248].
Болған істі өз кемшілігіне балаған басты кейіпкеріміздің генералға кездесу алдындағы тас-түйін боп келгендегі ойы В.Панфиловтың болмыс- бітімін толық ашуға септігін тигізеді. «Егер де бетпе-бет кездесе қалсақ, генерал қасына шақырып алып, маған ақырмас та, зекірмес те, нұқымас та, соқпас та, балағаттап, ақыреттемес те деуші едім ішімнен. Ондай одағай мінез генералда жоқ екенін мен бұрыннан білетінмін. Бірақ қабағын шытына түйіп тұрып, даусын жарқын шығара қаттырақ сөйлеп, әдепті тілде зілдей ауыр сөздермен мені кінәлап, айыптарымды мойныма қоя отырып: «Жолдас аға лейтенант, баталъонға өзіңіз қолқалай сұранып бардыңыз...», - деп айыптай сөйлеген генералдан естуге тиіс сөздеріне «Соңғы бес күн, бес түн бойы мен осындай қатал да болса әділ үкімді естуге өзімді-өзім дайындап едім», – деген автордың ой тұспалын теріске шығарған Панфилов бейнесінің осыдан кейін бұрынғыдан да асқақтай түскенін аңғарамыз [24, 12].
Қалбалақтап қарсы алған генералдың «– Отырыңыз жолдас Момышұлы, отырыңыз» деп жік-жапар боп, «Шай ішкіңіз келе ме? Тамақтанып алсаңыз қайтер еді?» – деп қадірлі қонағындай қабылдауы автор үшін тосын жай болғаны рас. Елдегі әкесінің қамқор жүзі осы арада қылаң беріп, бас кейіпкеріміздің екі тұлғадан ұқсастық тапқанына тағы бір куә боламыз. Дегенмен тек мұнымен ғана шектелмей генералдың оны қиын да шырғалаң жау қоршауынан шығып келді деп сыйлап, көтермелеп, сонымен қатар әскери ережеден де аттап өтпей белгілі дәрежеде ара қашықтықты сақтай білуі, тәжірибелі қолбасының көпті көргендігін, ақылға кемел жан екендігін дәлелдей түседі.
Дивизия командирінің Бауыржан Момышұлын бұлай қарсы алуы расында да таң қаларлық. Демек генерал Панфилов бардың бағасын парықтай білетін, әрбір адамның қабілеті мен қарымын нақты бағалай алатын, болған жайды ақыл көзімен сараптайтын кемел тұлға. Себебі ол жоғары офицерлік лауазымды оңды-солды бұйрық беру деп білетін, ешкімнің пікірін тыңдап, санасуды қажет деп таппайтындардың қатарынан емес (аталған шығармада мұндай кейіпкерлер де ұшырасып жатады).
Жолдан қосылған, өз бөлімше, полктарынан адасып қалған жауынгерлерге бас кейіпкеріміздің қолданған шарасына іштей ойлана баға беріп, тыңдап отырған генералдың кейбір сәттерін автор: «Осыны айтып ол бір нәрсе есіне түскендей тықыршып, қабағы түйіліп, маңдайы жиырылып кетті де, әлденеге ашуланғандай-ақ сөзін үзіп, кешіріңіз, батальоныңызда тамақ бар ма, жігіттердің қарындары аш емес пе? –деді», - деп динамикалық күйде бейнелеп, алғашқы портретіне қосымша өзгерістерді үстей түседі. Алайда лауазымына сүйеніп бағыныштыға бақырып, ақырып шаптығып жату, сөзін бөліп киліге кету генерал Панфилов мінезіне тән емес. «Мен бұл мәселе жөнінде сізден басқаша ойлап, басқаша түсінемін, жолдас Момышұлы», – дейді салқан жүзбен көзіне тіке қарап. Сөйтіп жай ғана байсалдылықпен байыпты сөйлеп, өз көзқарасын білдіреді. «Генералдың бұл сөзінен кейін жаңа бізге қосылған тоқсан жауынгер туралы бірбеткей сөйлегеніме енді өзім қатты қысылдым. Жорық кезінде оларға тым қатал болғаным қазір көз алдыма елестеп, жаныма батты», – дейді автор, бұл генерал ойымен ұштасқан жаңа пікір еді. «Мен сізге қарағанда көпті көрген солдаттардың бірімін, жолдас Момышұлы. Мен олардың мұңына, қайғылы халдеріне түсінем, олардың қадірін білем...», – деп сөзін жалғастырған генералдың айтқанын түгел ұққан полк командирінің: «Шынымды айтсам, генералдың көкейге қонымды әділ сөздерін сонда бірден түсіне алмадым, әрі тоқсан адамға бола сөз естігенім жаныма батты. Генерал ақырып айтпаса да, әр сөзі зілдей ауыр тиді, зығырданымды қайнатты. Оны сезген генерал мұртынан күлімсіреп: – Қане, қане, ал айта беріңіз, айта беріңіз, – деді», – деп жұмсақ күйге ауысқан генерал кейпін бейнелеген автордың пайымынан асыра айтпаса да, батыра айтатын, әрбір адамның көңілін дөп басып, намысын жанитын, кез келген адамды мойынсұнуға, ешқандай дау айтқызбай қателігін үнсіз мойындауға мәжбүрлейтін генералдың адам жан дүниесінің қалтарысын жете меңгерген психолог екенін жазушы керемет таныта алған [15, 14-17].
Тұтас армияның белді дивизиясының қолбасшысы батальон командирімен ешбір әскери ережеге симайтын қалыппен, әкелік мейіріммен, әкенің ұрпағына берер тәрбиесіндей бұлайша сөйлесіп, кеңес беруі де тегін болмаса керек. Міне, шығардағы ерекше образдың бірі генерал В.Панфилов тұлғасын автор осылайша нәзік қырларын таныта отырып шебер сомдай білген. Қолбасшы болу, мінез-құлқы мен ой-өрісі сан қилы жүздеген жауынгерге бас болу – өте қиын іс. Оққа карсы қол бастау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Адам бойына біткен қабілетке қоса, табандылық, қайсарлық, жауапкершілік, арнайы білім мен жан-жақты тәлім-тәрбие қажет. Осы қасиеттерді бойына дарытқан генералды бас кейіпкеріміздің өзі ардақ тұтып, кемелдігіне бас иіп отырады.
Бұл арада Бауыржан Момышұлы шығармасындағы генерал Панфилов тұлғасының бір қырын ғана талдауды мақсат еттік. Жалпы Панфиловтың әскери тұлға ретіндегі бар болмысына талдау жасау арқылы әскери қолбасшылардың кәсіби және адамгершілік болмысы айқындалады. Автор пайымымен берілген Панфилов тұлғасы, зер сала қарағанымызда, шығармадағы өзіндік биік тұлғасымен ерекшеленеді. Соның ішінде генералдың шынайы болмысындағы мейірімділік сезімі оның сөздерінен ғана емес, сырттайғы портретінен де айқын аңғарылады. Оның бет әлпетіндегі құбылыстардың әр оқиға тұсында өзгеруі оқырман жүрегіне жылы тиіп қана қоймай, аталған образдың шынайылығы мен психологиялық бітімін басқалардан даралай түскенінің куәсі боламыз. «Таң ата мен генералдың бөлмесіне кірдім. Ол қырынып болып, бетін шайып тұр екен. Менің сәлеміміді алды да, алдындағы айнаға өзін сынаған адамдай біраз тесіле қарап тұрды.

  • Гвардеецтің сыртқы бейнесі тап-тұйнақтай болғаны дұрыстау болар еді, бірақ мына әжімі құрғыр ертерек түсіп қалған ба, қалай?! –деп бетін сипай күліп, - көрдіңіз бе қатпарланып тұрғанын, - деді маған.

- Әжімнің әр қатпарында өмірдің ізі ғана емес, сырлары да жатыр ғой, - дедім мен.

  • Құдайға шүкір, сіз бен біз жып-жылмағай гвардеец емеспіз. Оған өмірдің салған таңбасы, жаудың салған ені куә...» [15, 206]. Жазушы кейіпкер портретін өз аузымен айтқызып, оған диалогқа қатысушының сөзі арқылы өзгеше мән, жаңаша сипат береді. Маңдайдағы әжімнің қара бастың қамы үшін емес, елді жаудан қайтсем азат етем деген уайым мен сол жолдағы арпалысқан айқастан түскенін астарлап қана жеткізеді. Отан үшін от кешіп, уайым жеп, жандарын шүберекке түйіп жүрген бұл шығармада тек генерал мен полк командирі ғана емес, қаскөй жауға қарсы соғысып жүргендердің әрқайсысы өзінше батыр, бір-бірлеріне ұқсамайтын ерлер.

«Москва үшін шайқас» бірінші жақтан жазылған роман. Онда автор тек күллі оқиғаны баяндаушы ғана емес, сол оқиғалардың ортасында жүрген бас кейіпкер, өтіп жатқан оқиғаларға тікелей әсер етуші қолбасы. Шығармадағы кейіпкер Бауыржан Момышұлы талапшыл, тәртіпке ерекше ден қоятын, әскери ережені берік ұстанған командир. Сонысымен кейде сырт көзге тым қатал сияқты көрінетіні де рас. Албырттығымен, қызуқандылығымен тым қатайып кететін жас командирдің жан сезімін түйсіне отырып, генерал сабырлы кейіпте осы құлықтың шарасынан асып кетпеуін қадағалап отыратындай. «Талап қою бар да, қаталдық бар. Талап қою – заңды нәрсе. Қаталдық заңнан тыс» дей отыра, «Соғыс кей кезеңде табандылықпен талап қою мен қаталдықтың арасындағы айырмашылықты жойып жібереді.... Әлбетте, соғыста кезінде дауласып, мәселені ортаға салып талқылап жатуға уақыт жоқ. Кей кезде мейірімді, қайырымды болуды, адам баласына жанашырлық сезім білдіріп жатуды ойлауға да уақыт аз. Соғыс пен ұрыс пәрмені әрекетті, әсерлі, тапқыр, қатал қимылды уақытында тез талап етеді. Сонда да болса, шектен шығып, қалыптан аспау керек. Командир ер серкесі, ер ағасы, жауынгерлердің жетекшісі. «Сергек ой – ер серігі» деген мақал бекер айтылған емес. Қызбалыққа жол бере берсек, қырып алу оп-оңай-ақ. Ашуға тізгінімізді меңгертсек, орынды айыптаудан адасып, жазасызды жазалап адасуымыз сөзсіз...», – деп ойын тұжырған генерал сөзінің үлкен мәні бар. Кіналаусыз айтылған тура сөз бас кейіпкеріміздің өзін үлкен ойға жетелеп, «– Бұныңыз дұрыс екен. Адамды өлімге итермелегенім үшін немесе опасыздардың жолына айдағаным үшін өмір бойы жаным қиналып, арым күйзелер еді, жолдас генерал», – деп жауап беріп, өз кемшілігін түйсіне, әке ақылындай болған генерал сөздеріне ешқандай шек келтіре алмайды.
Арпалысқан соғыс суретін сөзбен айшықты да бейнелі кестелеген қаламгер қаламынан сол айқастарға араласып, ерлік істерімен, жауынгерлік парыздарын адал орындап жүрген талай сарбаздардың сыртқы кейіптері де
оқырман көңілінде жатталып қалады. Олардың әр қайсысы да өздеріне ғана тән ерекше сыйпаттарымен, қарапайым ғана мінез-құлықтармен есте қалады.
Солардың бірі Петр Угрюмовтың портреті оның күрделі тағдырымен шебер қиюластырған. Кейіпкер алапат соғыс ішінде жүріп өз талантын шыңдай алған, ерекше қабілетке ие тұлға және Отан үшін бәріне дайын адам. Жазушы кейде бір ғана емес, бірнеше адамның портреттерін қатар суреттейтін кездері де ұшырасады. Шығарманың бір жерінде: «Олардың алдында баяғы өзіміз білетін лейтенант Петр Угрюмов. Ол жан-жағына жалтақтамай, қолын құлаштап, ешқайда бұрылмай сілтеп басып барады. Тұрпатына қарағанда, бұл айналада болып жатқан арпалыс шайқастың бәрін елемей адымдай басып бара жатқан сияқты.
Ақ құба келген, ұзын бойлы бір жігіт аяғын жылдам басып, сапты қуып жетті. Бұл политрук Григорий Георгиев... », – деп екі сарбаздың сыртқы келбеттерін бір –бірімен ұштастыра сипаттайды [15, 104].
Романда Бауыржан Момышұлы мен Брудныйдың ара қатынастарына арнайы тарау берілгендігі белгілі. Оның әлсіздігі үшін командир ретінде кешірім бермеуге бел буады.
Жазушының «Москва үшін шайқас» романы – қазақ әдебиетіндегі соғыс тақырыбына жазылған тұңғыш шығарма, әрі әскери мемуар. Біздің алға қойған мақсатымыз – аталмыш шығармадағы генерал Панфилов бейнесіне талдау жасау. Алайда күрделі де салмақты әскери тақырыптағы шығарманың алып тұлғасына зерттеу көлемінде талдау жасап, тиянақты тұжырым жасаудың жауапкершілігі өте салмақты. Сондай-ақ, «Образ Панфилова, созданный Б.Момышулы, имеет непреходящую ценность художественного исторического документа. Портретное описание как особая форма синтеза документального и художественного материала выполняет две функции. Первая – информативная. В стремлении раскрыть суровую и горкую правду первых месяцев войны портрет в силу малого объема произведения в «сгущенном», концентрированном виде передает сведения о военном быте, презентует внешность героя. Вторая – пафосная, связана с этико- эстетической стороной творчества писателя и отмечена достижениями в области создания героических характеров екендігін көруге болады [26, 76].
Ойымызды жинақтай келе айтарымыз, «Москва үшін шайқас» романы Бауыржан Момышұлының шоқтығы биік шығармаларының бірі. Шығармадан біз батыл да, тез шешім қабылдай алатын ұшқыр ойлы, намысқой образдармен қатар оларға барлық сипаты жағынан қарама-қарсы тұрлауы жоқ, немкетті қолбасшының, өз мақсатын дұрыс түсінбейтін солдаттың, босбелбеу, болбыр офицердің, күнделікті күйбең тіршіліктегі пендешілік қарекетінен тыйыла алмаған әскери адамның бейнелерімен де бетпе-бет ұшырасамыз.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі он-жиырма жылдықта жазылған шығармалардың басым бөлігі соғыс тақырыбына арналған. Бұл тек біздің қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс емес, күллі әлем әдебиетіне тән ерекшелік екен. Сонымен қатар дүние жүзі әдебиетінде соғыс тақырыбына ең көп қалам тартқан жапон жазушылары көрінеді. Ол мүмкін алғашқы атом бомбасы түсіп, екі қаласы қирап, орасан үлкен зардап шеккендерінен де болар. Екінші дүниежүзілік соғыс адамз ат қоғамына үлкен өзгерістер әкелді. Қаншама миллиондаған адам қырылды, құрбан болды, қаншасы сол соғыс тудырған азап пен қиыншылықтардан өтті. Соғыс жер бетіндегі барлық адамзат баласының бәріне де әсер етті. Біреудің баласын енді біреудің бауырын, туған-туысын жалмаған соғыс болды.
Жау жағадан алып жатқанда асықпай ойлануға мұрша қайда, төрт жылға созылған бораған оқ, қан майдан қызып тұрған кездегі әдебиетке негізінен ұранға құрылған, жеңіске үндеген, біздің әскердің жанкешті ерлігін дәріптеген поэзия жанры алғы суырылып шықты. Проза жанрынан - әртүрлі көлемді очерктер мен қысқа әңгімелердің жарық көргенін байқауға болады. Көсемсөз айтса да, айтпаса да алдыңғы қатарда жүретін жанр. Бұл шағын жанрдың бәрі - келешек ірі-ірі романдардың шикізаты еді. Соғыс үстінде ертеңіміз не болады деп ұраннан арыға тереңдей алмаған әдеби қауым «біз жеңдік!» деген ақжолтай хабарды естіген сәттен қаламын сайлай бастағанын аңғару қиын емес. Оның үстіне майдан даласының естелігін арқалаған батырлардың дақпырты елге жетіп жатқанымен өздері от пен оқтың өтінен орала қоймаған еді. Бірен-сараң кескілескен ұрыс пен қан сасыған далаға арнайы барып, батыр атанып үлгерген тұлғалармен жертөледе қатар жатып, тілдесіп қайтқандардың болғаны да шындық. Әйткенмен, жау анталап тұрғанда кеңінен отырып әңгіме шертудің мүмкін болмағанын айта кету керек. Жауды жапырып оралған жаужүректермен алғаш қарапайым сұқбат дәрежесінде басталған қарым-қатынас көп өтпей көркем прозаға қарай ойысқанын бағамдаймыз. Қарумен қатар ұстаған қаламы қойын дәптерін толтыруға ғана жеткен жауынгер жазушылар қаншама.
Соғыс тақырыбындағы романдар шеруі бой таластыра, үзеңгі қағыстыра келіп елуінші жылдардың бел ортасына табан тірейді. Түп төркіні – майдан, кеңес әскерінің жеңісі болғанмен, қаламгерлердің сол шындықты жеткізу жолындағы жалпы ұстанымдарында өзгешеліктер бар еді. Жеңістің алғашқы аптығы басылған соң, бара салып жауды жайратып қайтқан, от пен судың ортасында ажалға қарсы жүрсе де талқаны таусылмаған, аман қалып, ақыр 9- мамырда Берлинге ту тіккен шегінуді білмес батырлардан бөлек жаңа бейнелер қалыптаса бастады. Елеусіз қалған ерліктер, тасада қалған, шегініске, шығынға әкеп соқтырған тактикалық қателіктер, техникалық жетіспеушілік салдарынан болған орасан өкініштер, араларынан қыл өтпейтіндей көрінген түрлі ұлттардың сын сағаттағы алауыздығы, сатқындық, ысқырынған оқ астында қалып кеткен түрлі пенделік әлсіздіктер ендігі психологиялық романдардың сюжетін құрады. Б. Момышұлы, Т. Ахтанов, Ә. Шәріпов, Қ. Қайсенов, Ә. Нұрпейісов сынды қаламгерлер аталмыш жаңа лептің алдыңғы легінде тұрған тұлғалар. Мұны «Москва үшін шайқас», «Қаһарлы күндер» сияқты туындыларды жоғарыдағылармен салыстыра оқыған оқырман өзі де аңғаруға тиіс.
«Әлем әдебиетінде, соның ішінде қазақ прозасында әскери тақырып жайына, соғыс жайлы көптеген шығармалар жазылғанмен, шынайылылығы, көркемдік сипаты мен талғамдық дәрежесі бірдей болған жоқ. Соғыстың қатал ақиқаты мен болмысы, психологиясы терең ашылып жатпады. Бір жағынан оны жазушылардың сол қанды майданға тікелей қатынаспауында болса, екінші себебі кеңестік идеологияның ықпалынан еді. Осы орайда әдебиетші ғалым М.Қаратаев: «Жеке басқа табынушылықтың салдары көркемдік дамуға да тимей қойған жоқ. Теория мен тәжірибенің арасындағы алшақтық, советтік әділ заңды, демократияны бұзушылық, жеке басты жөнсіз дәріптеп, барлық жеңіс пен табысты бір адамның басына таңу, халықтың рөлін жете бағаламау секілді жайлар осы құбылыстың салдары болатын» - деп жазды [31, 84].
Мұндай олқылық тек қазақ әдебиетінде емес, көрші халықтардың әдебиеттерінде де көрініс тапты. Әдебиеттанушы С.И. Журавлев соғыс тақырыбында іле-шала жазылған туындыларда оқиғаны әсірелеп беру, әлсіз психологизм, иллюстрациялылық, жағымды және жағымсыз геройларды тіке қарсы қою, соғысты белгілі мөлшерде романтикаландыру секілді кемшіліктер болғанын айтады. Осы орайда Бауыржан Момышұлы майдан шындығының дұрыс бейнелену мәселесін соғыс жылдарында-ақ айтқандардың бірі болды. Ел басшыларына да, әдебиет қайраткерлеріне жазған хаттарында соғыс шындығының шынайы жазылуын талап етті. Ол қазақ прозасында әскери әдебиеттің қалыптасып, дамуына ат салысқан қайраткер қаламгерлердің бірі болды. Жазушының майдан өмірін бейнелеуде қол жеткізген табыстары да мол еді. Бұл жайт оған оңай берілмесе де, бар қажыр-қайратын әдебиет майданында, бойына біткен дарындылығымен жұмсай білді. Қазақ әдебиетіндегі поэзия, проза жанрларын әскери тақырыппен толықтырды. Әсіресе адам әлемін, ондағы әділеттілік пен адалдық секілді биік қасиет-өлшемдерді әр қырынан танытып, мән-маңызын арттыра түсті. Осы арқылы жас ұрпақты ерлік пен елдікке үндеді, ұлттық мақсат-мұраттарға, ар-намыс алдындағы шынайы көріністерін танытуға бағыт-бағдар береді. Өмірінің соңына дейін осы бағыт-сипатын да ұлы мұрат етті.
Қазақстанның әдебиеті мен өнері қазақ халқының соғыс жылдарында жасаған ерлігінің, тыл жұмысшыларының берген көмегінің көрінісін көркем бейнелей отырып, қазақ халқының рухының асқақ болына барынша септігін тигізді. Б.Момышұлы майданда болған қазақ жазушылары жөнінде өзінің «Тема Великой Отечественной войны в казахской прозе» деген баяндамасында егжей-тегжейлі атап көрсетті. Жауынгер-жазушы бұл баяндамасында көптеген қазақ жазушыларының шығармаларына талдау жасайды. Оның ішінде Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты», Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Ә.Нұрпейісовтың «Курляндия» сондай-ақ панфиловшы жауынгерлерінің ерлігі жайлы сол қатарда болған М.Ғабдулиннің «Менің майдандас достарым», Д.Снегиннің «В наступлении» шығармаларына жеке-жеке тоқталып өтеді.
Қазақ көркем өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігі қарсаңында өзінің ең үлкен, әрі көлемді шығармасы – «Москва үшін шайқас» романы орыс тілінде жарық көрді. Бұл еңбек оның майдандас жолдастары мен панфиловшы батырларына арналған мәңгілік рухани ескерткіші болды. Олардың Мәскеу түбіндегі ересен ерлік істеріне, бүкіл дүниежүзін өзіне қаратқан, таң қалдырған батырлық пен тапқырлық қимылдарына арналған бірден-бір шынайы да көркем туынды еді. Мұндағы жауынгер жігіттер Төлеген Тоқтаровтың, Мұқаметқұл Исламқұловтың, Грицко Проценконың, Алексей Алешиннің естен кетпес образдарымен қатар, әрі командир, әрі ұстаз, қолбасшы генерал И.В. Панфиловтың, генерал Чистяковтың, өзінің ең алғаш әскери ұстазы Рединнің, полковник Павел Вахалов тәрізді ер жүрек адамдардың бейнелері кездеседі. Олардың бәрі де өмірде болған, жазушының өзімен иықтаса қатар жүрген тұлғалар болатын. Ал қаламгер шығармаларын оқи отырып оның бас кейіпкері күллі оқиғаны бірінші жақтан баяндаушы автордың өзі екенін бірден байқаймыз. Яки Б.Момышұлы шығармаларындағы ең басты образ ол Бауыржанның өзі. Бауыржан Момышұлының «Курляндия майданы» романы бір жағынан сол «Москва үшін шайқастыың жалғасы іспетті. Екеуіндегі кейіпкерлер де майдан өқиғалары да ұқсас. Курляндия майданындағы Бекболат Бауыржанның өз прототипі екенін кез-келген оқырман бірден-ақ ажырата алады. Бірақ Москва үшін шайқаста тарихи деректер мен адам аттары көп өзгеріске түспеген секілді. Ал Курляндия майданында жазушы алғашқы шығармасына қарағанда қиялға аздап та болса еркіндік берген секілді.
Б.Момышұлының шығармаларындағы сюжеттер көбіне бірінен екіншісіне көшіп жүргендей әсер қалдырады. Тағы бір таң қалдыратыны, қай оқиғаны баяндаса да жазушы оны ешқашан да түбегейлі өзгертпей пайдаланған. Оның әңгімелеріндегі сюжеттер кейін романдарына да арқау болғанда сол алғашқы сюжеттік желісін толықтай сақтап қалғанының куәсі боламыз.
Енді жауынгер-жазушының шығармашылығына оқырман қауым соншалықты ықыласын білдіргендігінің мәні неде деген сұрақ туындайды. Біріншіден, Б.Момышұлы қазақ әскери прозасының негізін қалаған бірден- бір жазушы болды. Бұған оның соғыс тақырыбына арналып жазылған көптеген туындылары дәлел. Сол сұрапыл соғыс жылдарын басынан өткерген Б.Момышұлы өз шығармаларында суреттелетін әрбір детальға қырағылық танытып, соғыстан кейінгі еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан елге тарихи шындықты бұрмаламай жеткізуді мақсат етті. Ақиқатты, шындықты басты мұрат еткен Б.Момышұлы өзі көздеген мақсатына жетті де. Екіншіден, көптеген шығармаларының кейіпкерлері – зұлмат соғыста қаза тапқандар мен соғыстан елге оралғандар еді, яғни олар қанды шайқасты өз көздерімен көрген жауынгерлер. Осылайша шығармалардың авторы мен кейіпкерлері, яғни соғыс ардагерлері халық арасында жүруі де оқырман қауымның жауынгер-жазушының творчествосына деген қызығушылықтарын екі есе арттыра түсті. Ал, үшіншіден, қалың оқырман ішінен жастардың да әр кейіпкерге тәнті болып, ерлікпен қаза тапқан қайсар жауынгерлердей қайтпас қайсар, батыр болуға ұмтылуы заңдылық. Яғни бұл өскелең жас ұрпақты батырлыққа, өжеттілікке, адалдыққа, отансүйгіштік пен патриотизмге баулийтын тәлім-тәрбие құралының біріне айналды. Автор әрдайым өз шығармаларының сүйікті жауынгерлеріне арналатын ескерткіш екендігін қашанда баса айтып жүрген. Себебі Баукең қан майданда жасалған әрбір ерлікті елеусіз қалдыруды өзіне күнә, арына түсетін қара таңба деп санаған Б.Момышұлы өз шығармаларында тек қана шындықты айтуды мақсат етті. «Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деген аталы сөзді өмірлік ұстанымы етіп өткен батыр бабамыз шындықты жеткізуші ғана емес, оның насихаттаушысы да болды» [28, 83-85].
«Курляндия майданы» романының беташары өзін өнер адамы санайтын, клуб бастығы боп қызмет жасайтын Құрмаштың сыртқы келбет- мүсінін статикалық портрет арқылы сипаттаудан басталады: «Құрмаш орта бойлы, толықша келген, күрең шашты, сары жігіт...» [29, 207]. Автор осы қысқа ғана сыртқы кескіндемені бере отырып, кейіпкердің одан арғы толыққанды болмысын бірқатар портреттік штрихтармен толықтырады. Оларды оқи отырып, Құрмаштың ішкі жан дүниесінің есебі, яғни характерологиялық сипатын аңғарамыз: «табиғаты сауықшыл Құрмаш», « үлкендерді қолтықтап-қолпаштап алып, шешіндіріп орналастырып, кеш бітерде оларды киіндіріп, шығарып салады. Елпілдеп жүргендер кімнің көзіне түспейді. «Бұларға мен жақынмын» дегендей. Барлық кішіпейіл ізеттерін ол кіре берісте де, залда да, фойеде де, шығарда да жалпының көзін бақырайта қаратып қойып істей білетін», «үлкендердің ішінде де балық аулауды жақсы көретіндері болады. Демалыс сайын ол олармен бірге балық аулауға баратын», - деген жекелеген ситуациялы детальдар арқылы Құрмаштың жағымпаздық қылығын аша түседі. Кейіпкеріміздің кербездік, сұлулықты тану, серілік сезімге берілгіш, бой алғыштығын да актрисаның қойған сұрағына режиссердің берген жауабы арқылы: « - Вижу, что наш Курмаш и в вашу сердцу закинул свою удочку» байқаймыз. Ал оның құбылмалы, тұрақсыз, өзгергіштік мінезін Бекболаттың әйелі Ажарды көздегенінен білеміз. Сондай-ақ Құрмаш бейнесінің портреттік қырларын саралау барысында оның тағы бір мінез ерекшелігі – өзіндік және өмірлік ұстанымдарының бірі – қулықты әрі нәсіп, әрі кәсіп етуі мына суреттемелерден айқындала түседі: «Ол ақша да істеуге машықтанған жігіттердің біреуі еді. Істеген ақшасын орынды жарата білетін. Дәмді тамақ бет ажарын кіргізеді, әсем киім көркіңді көбейтетінін Құрмаш - жақсы түсінгендердің бірі. Өзін баптап ұстаудан ол кемтар болған емес», немесе «Жарық шам шыбын –шіркей, көбелектерді тартқыш келеді. Оны да Құрмаш жақсы біледі. «Алдын арбай білсең – соңынан алуды оңай-ды» да жақсы түсінгендіктен, ол үлкенмен де, кішімен де өте әдемі жылы лебізбен, жымия күле сөйлесетін. Керекті жерінде бұлдана да білетін» [29, 208].
Шығармада сомдалған кейіпкер тұлғасының тұтастығын, даралығын, шынайылығын, сайып келгенде, көркемдігін қамтамасыз ететін құрамдас бөлік – портрет. А.Байтұрсынұлы еңбегінде көркем туындының баяндау жүйесіндегі «әуезе, әліптеу, байымдау» ұғымдарының ішінде әліптеу туралы: «...Тұлға түр-тұрпатын, кескінін, көркін айтып пернесін әліптеп сөйлейміз», - деп жазады [4, 16]. Баяндау жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылатын айтылмыш компоненттің шығарма мәтініндегі көркемдік қызметі туралы: «Кейіпкердің мінез-құлқын, характерін неғұрлым толық ашып көрсету үшін оның портретін мүсіндеудің үлкен мәні бар», - дейді З.Ахметов [30, 270]. Ал кейіпкерге психологиялық мінездеме берудің амал- тәсілі ретінде пішіндемеге жүктелер міндет арта түседі. Себебі, көркем шығарма құрылымындағы портреттің атқарар қызметі кейіпкердің сыртқы тұлғасын суреттеумен ғана шектелмейді, одан әлдеқайда ауқымдырақ. Б.Майтанов «Портрет поэтикасы» атты зерттеу еңбегінде кейіпкер пішіндемесін суреттеудің түрлі жолдарын қазақ прозасындағы тарихи туындылар шеңберінде зерделеп: «Қалай десеңіз де, портрет – адам бейнесіне қатысты метонимиялық құбылыс, бірақ көркемдік тұрғыда толымды құбылыс. Ол – жаратылыстың шеберлігіне, өмірдің күрделі табиғатына тәнті қылатын, тарихи мәні зор эстетикалық, эмоционалды- психологиялық, пластикалық, антропометриялық құндылық»,-деген қорытындыға келеді [31, 123]. Сондай-ақ, Ә.Нарымбетовтың: « Жазушы ойының түпкі қазығы, кейіпкерге деген оның негізгі көзқарасы, суреткерлік позициясы осы портрет арқылы да жобаланып жатады» – деген үстеме пікірі де аталған компоненттің идеялық-көркемдік мән қабаттарын ажырата, айқындай түседі. «Кейіпкерсіз көркем шығарма жоқ» - дейді З.Жұмағали, - Ол автордың идеясын жүзеге асыратын ең негізгі эстетикалық құрал болуымен бірге жанрды анықтаудағы басты критерийдің бірі [32, 89].
Шығарманың өң бойында өзінің іс-әрекет, бар болмыс-бітімімен танылып отыратын негізгі кейіпкер – Бекболат Талғаров. Көркем дүние жасауға жетелеген жазушының ойы Бекболаттың шынайы тарихи түптұлғасын таныту. Кейіпкерлердің дені, негізінен, бас қаһарман позициясынан зерделенеді. Бекболаттың сыртқы болмыс-бітімін, кескін-келбетін тұщымды, оралымды етіп беруде нақты статикалық портреттік суреттеме жоқ, оны жазушы әртүрлі көркемдік құралдар арқылы жеткізеді. «Кейіпкердің ішкі ой ағымын, сезім қозғалыстарын бейнелейтін көркемдік тәсілдер – авторлық психологиялық баяндау, кейіпкер сөзі (монолог, ішкі монолог, ой ағымы, диалог және т.б.)» [33,43].
"Қаһарманның рухани әлемін, жан сырын жеткізу амал-тәсілдерінің жиынтығы немесе идеялық-эстетикалық шығармашылық феномен- психологизм" дейді Б. Майтанов [31, 63]. Кейіпкер ой-сезімін бейнелейтін психологиялық баяндау түрі шығарманың жалпы құрылымдық- баяндау жүйесімен тығыз бірлестікте жүзеге асырылады. Романда жазушы басты кейіпкерді мынандай психологиялық баяндаумен сипаттайды: «Бекболат – жай, қатардағы лейтенанттың бірі. Ол – жастайынан әскер қатарында жүрген адам. Ол - Амударияның суына түсіп, Кушканың құмына күйіп, Уссури тайгаларының масаларына таланып, Манчжурдың белуардан батпағына батып, Ұлы Мұхиттың ызғарлы желдері өңменінен өткен, үйсіз- күйсіз жүріп, бұдан бір-ақ жыл бұрын қалаға ауысқан лейтенант» [29, 208].
«Кейіпкер сөзі – образды ашатын, шығарманы шындыққа жанастыратын құрал» [34, 34]. Негізгі кейіпкер Бекболаттың образы оның әртүрлі жағдаяттан туындаған сөздері арқылы қаһармандық тұлғасы ашыла түседі:

  1. Бекболаттың майдан шебінде полк командирі боп жүргенде бірге оқып, бірге өскен Құрманбекті өзінің блиндажында қонақ етіп, жылы қарсы алуы оның достық, мейірімділік, қамқорлық, бауырмалдылық, ізгі ниеттілік қасиетін танытады, бойында алыстан келген досын жат жерде өгейсітпей, майдан даласының ызғарлы өтінен сақтанудың алдын алуға көмек қолын созады. Кейін ұрыс даласында аштықтан үсіп қалған Құрмашты да атына мінгестіріп, денсаулығын қарайлап, әскери борышын орындайды. Қан майданда қиыншылықта біреуге қарайласу, жәрдемдесу екінің біріне оңай емес, үлкен жауапкершілікті арқалай жүріп, Бекболаттың бүйрегі жақсы істерге бұрудағы әрекеттері оның адамгершілік позицияны туғып жоғары ұстайтынын байқатады.

  2. Командашы генерал-полковник Кузьма Галицкий Бекболатқа «Лучшему Советскому воину. От американских рабочих» деген жазуы бар алтын сағатты Бекболатқа тапсыруы оның армиядағы озат полктің командирі екенін дәлелдей түседі. Командашы Бекболатты жаңа орынға, яғни жоғары лауазымға ұсынғанда, Бекболат: « Рұқсат болса...Менің жасым отыз бірде. Мен әлі тәжірибесі аз офицермін. Дивизия командирінің орынбасары болуға мен барлық жағынан олқылық етермін деп қауіптенемін. Сол себепті менің тілегім...» - деп мезгілсіз жоғарылаудан бас тартады. Бұл оның өзіндік шамасын біліп, лауазымға құнықпай, өз әскери білімі мен қабілетін өз дәрежесінде сынай білген тұлғалық қасиетімен дараланады.

  3. Әскери кеңес Қазақстанға делегация жіберуге рұқсат алуына байланысты, сол делегацияны басқарып бару құрметін Бекболатқа береді, бірақ ол: «Мен полк командирімін. Менің полкым – алдыңғы шептегі полк. Полк отқа күйіп, суға түсіп жүргенде, оның командирі мен қалайша Қазақстанға саяхат үстінде жүрмекпін. Ғафу етіңіздер. Мен полкты тастап кете алмаймын, генерал жолдас»- деп өзінің адал, жанкешті, азаматтық позициясын анық аңғартады.

  4. Соғыста шаруаның сиырын ұрлап жеген екі солдатты ату жазасына кеседі. Бекболат оларға қарсы шығып: « - Верховный Совет меня уполномочил не только утверждать смертные приговора, но и отменять их, если я нахожу приговор не справедливым, - деді тісін қайрап». Осы деталь арқылы Бекболаттың жас та болса, бас бола білетін көрегенділік, тұлғаға тән басқарушылық, батылдық, қайраттылық қабілетін көрсетеді. Оларды дарға асып, халқына пайдасыз құл қылғанша, майданда ерлік көрсетіп, ел-жұртына абыройлы ұл болу құрметіне бөлеп, екеуін соғысқа жібереді, ұрысқа аянбай қатысқандары үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапаттайды. Денесінде он алты жарақаты бар старшина Әділгерейді де бүкіл полктың алдында үлгі етіп, жауынгерлік борышын мүлткісіз орындағаны үшін лайықты атағын береді.

  5. Жауынгерге тән басты қасиеттің бірі – өз қателігін мойындап, әділ сөйлей білу. Бекболат: «Меня, Конького, Шляпина, Шеметова – надо вешать!» - деп дивизияның алға жылжығаны жайлы жалған ақпарат бергендігін ашып айтып, жазадан сытылып шығып, бас сауғалауды тіптен де ойламайды.

Романда монолог үлгісі кездеспейді деуге де болады, себебі бұл – соғыс уақыты, жан алысып, жан беріскен таршылық, қиыншылық кезеңде ішкі күйзеліспен арпалысып, сезімнің жетегінде кететін сәт емес, біріне-бірі төніп, айқасып-шайқасып жататын тым қауырт кез, сондықтан монологтың берілуі жалғандыққа алып келер еді.
«Шығармада кейіпкер бейнесін аша түсуде диалогтік қарым-қатынас елеулі рөл атқарады. Бекболаттың мінез-қылығы, болмыс-бітімі майдандағы ұрысты жүргізу қызметінде қарамағындағы бағыныштыларымен тілдесу арқылы беріледі. «Диалог шығарма мәтінінде көп жағдайда коммуникативтік қызметте қолданыс табады да, ең алдымен, қаһармандардың алдын-ала ойластырылған, мақсатты, ұстамды және белгілі мөлшерде ресми сипаттағы ой-толғамдарын арқау етеді. Дегенмен мұнда да аракідік сұхбат барысындағы кейіпкер сөздерін дискурстық, эмоционалды-экспрессивтік аяда қарастырғанда айтушыға тән психологиялық темперамент, жағдаяттық, көңіл-күй әуендерін ұшырастыруға мүмкіндік бар» [35,106]. Жазушы басты кейіпкердің баяндалатын оқиғаға қатысты бағдарын, мұрат-мүддесін, кей арада мінез ерекшелігін айқындау үшін диалог кезеңіндегі психологиялық тартыстарға баса мән беруді жөн көреді. Романда Бекболаттың жанындағы қатарластарының ой-көзқарастарын, қарсылықтарын білдіру арқылы бас кейіпкердің қолданар әрекетін, айтар сөзін, ұстанар қағидасын баса көрсету арқылы оны өз қатарынан биіктетіп, даралай түскен. Қолбасылар Шляпин, Калугин, Коньковтар өз қол астындағы Бекболатпен сөйлесе келе, оның өз ісіне талапшыл, кез-келген мәселені мұқият тексеретін зейінді, ұқыпты, тиянақты, жауапты, әділ тұжырым жасап, тез шешім қабылдауға икемді қасиеттерін танып, бағалай бастайды. Кейіпкердің мінез жаратылысындағы «қызбамінезділігі», «турашылдық» қырларының әр қырынан көрініс беріп қалатынын және ең бастысы, оның кейіпкерге тән сыртқы болмыс-бітімі арқылы көрініс табуына Коньков тарапынан айтылған мына бір жалғыз сөзі куәлік етеді: «- Сорвался. До конца выдержки не хватило». Жоғарыдан айтылатын теперішке Бекболат үнсіз көнеді, бағынады, түсінеді. төзімділікпен шыдайды.
Осы орайда, айта кетерлік басты мәселе – автор бейнесі мен кейіпкер бейнесі. «Шығармада көрініс табатын табиғат, жаратылыс суреттері көру нүктесі, көзқарас проекциялары тұрғысынан екі жаққа – авторға және кейіпкерге тән әлем картинасы, дүние парадигмасы саналады. Осы ретте тұлға рухани әлемінің ішкі психологиялық қабылдау қабатымен бірге оның индивидтік философиялық дүниетаным және жалпыадамзаттық пайымдау қырлары қамтылады» [34, 83].
Кейіпкерлерді сөйлетудің түрлі жолдары бар. Кейіпкерлерді сөйлетіп, оларды әртүрлі оқиғаларға қатыстырып отыратын автор сөзінен оқырман санасында автордың өз бейнесі туралы түсінік қалыптасады. Бекболат романның бастан-аяқ бөлімінде үздіксіз қатынасып отыратын тұлға. Сол себепті «көркем шығарма тілі – автор тілі мен кейіпкер тілінің қатынас көрсеткіші» ретінде бағаланып, екеуі диалектикалық бірлікте танылады. Бекболаттың авторлық позициядан бейнеленетін портреттік суреттемелері шағын детальдар ретінде бейне болмыс-бітімінің тек белгілі бір тұстарын бедерлейді. Пішін сапаларының ой үдерістерімен бірде жалғас, бірде параллель ілесуі нәтижесінде кейіпкер рухани әлемінің өзіндік қырлары зерделенеді. Жазушылар адам тебіреністері мен көңіл-күйін дәл, әсерлі жеткізу мақсатында физиологиялық суреттеулерге жиі қалам тартады... Мұндай көркемдік тәсілді психофизиологиялық параллелизм деп атаған жөн», - дейді орыс зерттеушісі В.Компанеец [35, 20]. Адамның ішкі ағзалық аясындағы физиологиялық құбылыстарды суреттеудің мәні бейнелеу аспектісінде кейіпкердің шығармашылық үдеріс барысындағы өзіндік қалып- жағдайын айқындаумен байланысты. Ал шығармашылық үдеріс ұғымы кең мағынасында тұлғаның күллі саналы ғұмырындағы қоршаған ортамен өзара қарым-қатынасын қамтитыны сөзсіз. Қаламгер идеясы негізінде саналы түрде жоспарланған немесе шығармашылық үдерісте көркем ойдың ағымы нәтижесінде бедер табатын психологиялық баяндау үлгісі автор мен кейіпкер сөздерінің ортақ позициясынан беріледі. Әдетте бұл ұғым қос үнді сөз не ортақ төл сөз деп аталады. Басқаша айтқанда: «Контаминация - автор мен кейіпкер дауыстарының ортақ төл сөз түрінде бірігуі» [36, 74]. Автор тікелей өз өмірінен өткен, көрген-түйген мол тәжірибесін Бекболаттың болмысына сыйдырып тұр. Оған дәлел, «бет аузын түк басқан, аяз сорып түтігіп кеткен» Құрмашты орманда ашыққан бейшара халін көрген Бекболаттың: «Мен өз басым командир болсам да, аштық, тоқтықты солдаттармен бірге көрген адаммын. Үш-төрт аштықты басымнан өткізгенмін. Қарны ашқан адам да, шөлдеген адамдай түкірігін жұта береді. Жүрегің сазып, ішек-қарның шұрылдап, ішің тартынақтай бастайды. Түкірікті көп жұтқандықтан, аузыңнан дәм кете бастайды. Жағың қарысып, жүрегің шабан соға бастайды. Басың айналып, көзің қарауытып, аяқ-қолын шымырлап ұйыйды. Сол кезде жатсаң, қалғып кетіп, орныңнан тұрмай қалуың мүмкін. Әлсіреген жүрек денеңе қан жүгірте алмайды. Сол себепті ашыққан кезімізде аяңдап жүріп, отырып дем алып – ешуақытта жатпауға тырысатынбыз. Аш адамға ыстық та қас, суық та қас. Ыстық басыңды айналдырып, аяқ-қолыңды ұйытады, суық денеңді сорып, ішек-қарныңды мұздатады, аяқ-қолыңды дірілдетеді...» - деп жауынгер білуге тиіс ең қажетті тактиканы үйретеді [29, 233]. Аштықтан аман қалудың амал-айласын дәл осылай көркем де таза, тұщымды қып жеткізе білу автордың осы жағдаятты өз басынан талай мәрте өткізгенінің айғағы.
Сондай-ақ, романда басқа да кейіпкерлерге қысқа портреттік үзінділер беріледі: Бекболаттың досымын дейтін Құрманбектің делегацияны басқарып келгенде әйелі Айткүлге айтқан сөзінен қарабасының қамын көбірек күйттейтін арамдығы мәлім болады: «Сен бұндай сөзіңді менен басқа ешкімге айтушы болмағын, пайдалана білсеңдер, бұл келісімнен көп олжа шығарасыңдар» дегендегі есебі, Ғабит пен Сәбиттің өзара диалогідегі «Бутафория болып шықса, қайтесің?» деп секем алуы, оның қуыскеуделігін айнытпай:» Мынаның істері мен сөздеріне қарағанда – бұл шығармашыл адам емес. Такие люди бывают заняты только добыванием себе пищи. Майданнның бетке ұстарының бірі деп қасына еріп жүріп, бірге отырысып, біз бұдан бір нәрсе ойлауға, жазуға, не ұйтқы, не арқау болар ешнәрсе ала алмадық... Басында бір проблемалық мәселе жоқ...Тек өз құнын көре білудің қамын ойлаған адамдардың бірі көрінеді» деп Жазушылар Одағынан келген жазушының ішінен ойлаған сөзі арқылы танытады. Бұған тағы Бекболаттың әйелі Ажар, қария Қалибектің наразы сөздері де оның пасықтығынан хабардар қылады. «Өз кінәсін мойнына ала білу – ерліктің бел баласы. Құрманбек ішіне кек сақтап кетті. Сол күннен бастап ол Бекболатқа сырты жақын болғанымен, ниеті жаттардың біреуі болды». Жан досымын деп елпілдеп тұрған адамның екіжүзді образы Құрманбекке тән.
«Адам ажарының жеке белгілеріне ғана тоқталу – әңгіменің, суреттің ағысын бұзбайтын, баяндау табиғатына жарасымды амал» – дейді Р.Бердібаев [37, 86]. Баяндау барысында жолай сипаттап өтетін кездейсоқ мәліметтер де образды нақтылай түседі. «Қурляндия майданы» романында жолығатын ондай детальдардың кейбірі тек сыртқы келбетті толықтырса, енді бірі кейіпкердің ішкі жан дүниесінен, психологиялық күйінен хабар береді. Ал қайсыбірі автордың түпкі идеясымен тамырлас өзекті мақсатты айқындайтын маңызды компонент болып табылады. Бұл тұстардан да кейіпкердің бірқатар портреттік штрихтарын табуға болады. Шығармада бой көрсететін Бекболаттың қол астындағы әскери қызметкерлеріне қысқа статикалық портреттік суреттемелер беріледі: «Шляпин – орта бойлы, толықша келген, күлімсіреген жасыл көзді, жирен жігіт.», «Штаб бастығы полковник Калунин, бұрын бас штабтың бір бөлімінде істеген, толықша мыртық, құсмұрын келген сары кісі. Мінезі ауыр, қаламы жүйрік. Өте әдепті», «Дивизияның артиллерия командашысы семіп қалған қара қатпа, шүңгіл көз, дудар шаш, қалың қас, жағына пышақ жанығандай, өзін-өзі мықты ұстай білетін полковник Шеметов», старшина Әділгерей туралы: «Денесі аюдай, аяқ-қолы добалдай, жалпақ бет, салпақ ерін, кең маңдай, қыр мұрын, қою қас, шүңірейген көз, бура санды... әйтеуір барлығы олпы-солпы түрі қазақ жігіті өзінің білгенінше әскери әдепті сақтап, комдив алдында тұр», «Бет - ауыздарын түк басқан, белбеусіз, үстерінде олпы-солпы шинельдері, көздері шүңірейіп кеткен, сүмірейген екі солдат» Комдивтің машинасының артқы орынында адъютантпен қатар орта бойлы, аққұба майор қолына портфель ұстар отыр. Майор дивизия штабының офицері, фамилиясы – Мазурин Дивизияның бастығы, аласа бойлы, сирек шаш, қысыңқы жылтыр көк көз, сүйір мұрын, сопақ бет полковник Калугин деген кісі Шеметов – ұзын бойлы, ат жақты, үрпиген қалың қасты, тұнық жасыл көзді, егде тартқан ескі офицер. Оның мінезі өте сабырлы, әр қадамы есептеулі, қызметін аспай- саспай істейді. Шеметов таза киініп, өзін салтанатты ұстай білетін ауылдың баласы, армияның сыпайы интеллигенті» [29, 243].
Туынды мәтініндегі әрбір көркемдік компонент тура не жанама түрде кейіпкер бейнесінің сомдалуына септесетіні анық. Пейзаж – ең алдымен, көркемдік әлемді визуалды түрде бейнелеудің басты тәсілі. «Көркем әдебиетте пейзаж қарапайым табиғат суреттемесі ретінде сирек қолданылады, көбінесе ол қаһарман ой-сезімдерін бейнелейді; адам толғаныстарының табиғат көріністерімен кереғарлығы не үндестігі тұрғысында салыстыру ішкі психологиялық үдерістерді толыққанды әрі бедерлі өрнектейді» – дейді В.Компанеец [35, 20].
Алайда көркем кеңістіктің мәтін құрылымындағы әрқилы философиялық, психологиялық, тілдік қабаттарда бейнелеу сипаты кейіпкердің ішкі рухани үдерістерімен сабақтастықты, автордың суреттелген көрініске эмоционалды-экпрессивті қатысын, сөйтіп, тұтастай шығарманың көркемдік- идеялық мәнін ашуға бағытталады. З.Ахметов: «Табиғат суреттері қаһарманның жан қозғалысы үшін эмоционалдық фон және әрекеттері үшін суреттемелік фон қызметін атқарады» - деп, әдеби шығармадағы табиғат көріністерінің көркемдік қызметін нақты екі топқа бөле қарастырады [38, 234]. Ал көркем шығарма композициясында көп жағдайда тұрақты құрамдас бөлік болып табылатын айтылмыш компоненттің қолданылу аясы жайлы Б.Майтанов былай дейді: « Көркем туындыдағы пейзаждың функциясы үш түрлі арнаға саяды. Сюжеттік орайда ол оқиғалық, уақыттың өлшемі. Композициялық тұрғыда ол көркемдік жолмен қабылданған әлемнің тұтастығын білдіреді. Шығарманың идеялық-мазмұндық астарларына қатысты ол характерологиялық міндеттер атқарады» [31, 196]. Осылайша, пейзаж өз құрылымында уақыт пен кеңістік сияқты ауқымды көркемдік категорияларды қамтиды: образдың өмір сүру ортасын барша тарихи- мәдени, қоғамдық-әлеуметтік, географиялық, табиғи тұрғыда жан-жақты сипаттау баяндау лебіне дәлдік, шынайылық, көркемдік сипат дарытады әрі сол арқылы өнер туындысының идеялық- эстетикалық маңызын арттырады. Сонымен қоса, «Жазушы әдеби шығармада көркем ойлаудың ажары ретінде, жаны есебінде, образдық-метафоралық жүйенің арқауы сипатында табиғат келбетін ұсталықпен пайдаланады». Қаламгер идеясына сәйкес кей жағдайда табиғат суреттері тікелей оқиға жүзеге асатын мекен-тұрақты сипаттауға бағытталса, баяндау жүйесі, кеңістік пен бейне арасындағы айқын қатынас пейзаждың көркемдік міндеті аясын кеңейте түседі.
Шығармашылық тұлға образын сомдауда пейзаждық суреттеулер өнер адамына тән ерекше әлемсезіну қабілетін, сол арқылы өзіндік танымдық қырларын айқындайды. «Адамның идеялық-адамгершілік позициясы дүниеге түрлі көзқарастармен, әлем жайлы өзге «шындықтармен» белсенді арақатынас жасау арқылы қалыптасады, - дейді А.Есин. - Бөгде өмірлік құндылықтардың кейбірін өзіне сіңіре отырып немесе олармен қайшылықты пікір білдіру арқылы тұлға ақиқат өмірдегі «өзіндік» дербес адамгершілік- философиялық бағдарын айқындайды» [39, 26].
Ғылыми психологиялық зерттеулер интеллектуалды қабілет қырының дамуындағы сыртқы орта әсерінің елеулі ықпалы туралы былайша тұжырым табады: «Сыртқы дүниені қабылдау нәтижесінде ішкі не психологиялық әлем өзгеріске ұшыраса, оны аутопластикалық үдеріс деп атайды» [39, 25]. Осыған байланысты туындадағы пейзаждық суреттемелердің көркемдік қызметін екі түрлі қарастыруға негіз бар. Біріншіден, пейзаж – шығармадағы сыртқы әлем көрінісі ретінде шығармашылық тұлғаның дамуына әсер етуші фактор. Айналадағы орта құбылыстары әсерінің эмоция арқылы психикаға енуі адам рухани мазмұнын түрліше сипатта өзгертіп отырады. Осылайша, әдеби шығармада аталмыш тұлғаға тән дүниеқабылдаудың әсершілдік қасиетін суреттеу кеңістік көріністерімен байланысты келеді. Сондай-ақ, сыртқы ортада орын алған көріністер, құбылыстар шығармашылық тұлға үшін көркемдік материал болып табылатыны да сөзсіз. Екіншіден, пейзаж шығармашылық тұлғаның ішкі психологиялық көңіл-күй ауанын жанама мегзеу түрінде бейнелеудің бірден-бір тиімді тәсілі болып табылады. Себебі: «Көркем шығармада табиғат барша объективті болмысымен суреттелген күнде де, адам өмірінен алатын эстетикалық мәнімен бірлікте бейнеленеді. Кейіпкер психологиясында белең беретін сан қырлы эмоционалдық құбылыстар оны қоршаған әлемге көзқарасы, нақты бір кезең, сәттегі экспрессивті жан толқыныстары арқылы неғұрлым толымды өрнектелетіні дау тудырмаса керек» [39, 34]. «Курляндия майданында» суретелетін табиғат көрінісі, ол әрине – ұрыс даласы, қан майдан. «Полк қатерлі қысылтаяң жағдайда. Қар қалың,сықырлаған аяз, түлей орман, жылы орманға бекінген жау...», «Түлей орман. Қалың қар. Курляндияның қысы – оңбаған қыс. Қар астында, қар жамылған шалшық, тоңбайды.Қардың жұқа жерінде күмп етіп суға түсіп кетесің. Бір талшыбық оқтау еменді қылышымен отап алып, таяқ істеп, күдікті жерді алдынан шұқылап, дивизия командирі адъютанты екеуі жаяу келе жатыр. Олар орманнан шықты. Алда өркештене жатқан сүйір төбелер. Күн ашық. Қарға шағылысып тұр...Дивизия командирі адасып, алдыңғы шепке бір-ақ жетті. Қар үстінде жауынгерлер қалтырап жатыр. Төбеден жау пулеметтері оқта-текте оқ бүркеді. Миналар зуылдап, келіп түсіп, тарс етіп жарылады. Ақ қар үстінде көгенге тізген қозыдай сиректей қарауытып жауынгерлер жатыр. Дивизия командирі сирек атқылаудың астында тіп-тіке алдыңғы шепті аралап келеді.», - деп ұрыс алаңының қауіп-қатерлі жағдайы, жауынгерлердің кешкен машақаты, күн көрісі, алға жылжуға тосқауылдар қойылып, жауды алудағы қиындықтары мен мүмкіндіктерінің шектеулі екенін тікелей табиғат көрінісін беру арқылы хабардар етіледі [29, 249]. Шығарма соғыс тақырыбында жазылғандықтан, онда әскери терминдер міндетті кездеседі, мына бір үзінді де әскери пейзаж үлгісін көре аламыз: « - Ал, енді мына жер жағдайына қаралық, - деді комдив картасын Шляпиннің алдына сырғытып, - Көріңіз, бұдан бес-алты километрдей жерде мына өзен ағып жатыр. Өзеннің ені он-он бес-ақ қадам, арнасының тереңдігі мен кеңдігіне көз салыңыз. Бұл рубежде табан тірестің дәл өзі басталады. Сондықтан екінші эшелонды соған жақындай бергенде ұрысқа өндіреміз. Тың күш бір жұлқынмен ұмтылып барып өзеннің ар жағындағы мына қырқаларға жетіп, бекініп үлгерсе, бүгінгі ұрыс нәтижесі нағыздалмақ» [29, 292].
Ұрыс майданындағы табиғат пейзажы өте нанымды өрнектеледі: « Ауа ыңырана ұлып, дабыл жаңғырығы қағылып, жер күңіреніп, тітіркене қопарылып, топырағы қара түтін мен жалынға бөленіп, аспанға қарақұрымданып құйындай ыршып, будақтанып бұрқылдап жатыр. Жанып жатқан танктер, қалбалақтап аласұрып сүріне жығылып жүгіріп жүрген адамдар, жалын бүркіп атқылап жатқан зеңбіректер қарақұрым арасында мұнарланып, сағымданып, іле-шала көзге түседі» [29, 299]. Соғыс өтіп жатқан майдан даласының осынау суретін жайбарақат көзге елестетудің өзі мүмкін емес секілді. Жан алып жан беріскен айқас, жер де көк те ажал бүркіп тұрғандай денеңді шымырлатады, адамдар соның арасында өмір үшін жанталасып жүргендей. Соғыс табиғат аясында өтуде. Бірақ сол табиғатты адамдардың өздері астаң-кестең етіп, жаныштап тастаған секілді. Өртенген танктер мен зеңбіректер сол қырғын соғыстың ойраны болған жерді көз алдымызға әкеледі. Осынау қара жердің өзі тозаққа айналғандай ыңырана зорға шыдап жатқан майдан даласынан адамдар тірі қалуы мүмкін бе деген ой келеді. Бірақ бұл қыл қаламмен салынған көзге түсетіндей нақты сурет емес, ол біз тек санамызбен ғана көзімізге елестете алатын қимыл, әрекет үстіндегі жазушы сөзбен салған жанды сурет.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет