Дістемелік кешені


Лекция3. Тақырып: Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясындағы ежелгі түркілік өркениеттік назиралық сипаты



бет18/73
Дата05.12.2022
өлшемі0.63 Mb.
#466476
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   73
tzha keshen-2022-2023

Лекция3.
Тақырып: Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясындағы ежелгі түркілік өркениеттік назиралық сипаты.
3.1 Темірхан Медетбектің лирикалық өлеңдері мен дастандары
3.2 Қазіргі қазақ поэзиясындағы өлең өлшемдері
Ақын Т. Медетбектің «Тағдырлы жылдар жырлары» кітабы еліміздің өміріндегі тұтас бір кезеңді, үмітті де ауыр шақты, өтпелі де қиын кезеңді бүкіл жарық-көлеңкесімен, жақсы-жаманымен, қуаныш-қайғысымен қаусыра қамтыған туынды. «Ашуымды сапырып // намыс мені жеңгенде - // ұлы Каспий аһ ұрып // толқып тұрар кеудемде» [29.95 б.], - деп өзі айтқандай, ақын өлеңдерінен ұлы теңіздің бірде буырқанған, бірде тыншыған, бірде күрсінген алып тынысы сезіледі. Адам – Қоғам – Заман – Уақыт дейтін ұлы ұғымдардың мән-мағынасын , тақырып-мазмұнының сыр-сипатын ашуда ақынның бұл еңбегі күрделі де кесек шыққан. Жылдар ғана емес, сол жылдарда туған жырлар да тағдырлы.
Жыр жинағының тақырып аясы кең. Оны лирикалық қаһарманның көңіл - күйімен ғана шектеуге келмейді. Мұнда заман, қоғам, ғасыр алмасуларынан тұспа-тұс келген оқиғалар сапырылысы да; дәстүр, сабақтастық, үйлесім үзілген тұстағы көңіл ауанындағы құлазыған, дағдарған сенделістер де; өткелі қиын өтпелі кезеңнен шығар жол тауып, ел егемендігімен сенім нықтаған серпілістер мен сілкіністер де психологиялық нәзік иірімдерді дөп басу арқылы, санадағы сәулелердің қым-қиғаш қозғалыстары арқылы ашылған. Автордың «Бұл кітап көлемін шағын бола тұра, он жыл жазылды» [48,4.], - деуінің астарында қаншама төгілген тер, бейнетті айлар, жылдар, уақыттың, дәуірдің дидарындағы құбылулардың суреті, жан толғаныстары – қуану, күйіну, торығу, т.б. жатқанын бағамдауға болар. Ол үшін әрбір өлеңнің кездейсоқ дүниеге келмегенің, әрбір шумақтың бойында қаншама мұң мен шер ұялап қалғанын түсінген жөн.
Уақытпен үзеңгі қағыстырып қана қоймай, оза шабу үшін ақынға керегі – ұшқырлық. Ақын Темірхан Медетбек жырларында жарықтың жылдамдығы бар, уақыттан озатын ұшқырлық бар. «Тағдырлы жылдар жырлары» кітабындағы бірқатар, өлеңдер кезінде «Егемен Қазақстанның» бірінші бетінде, «Қазақ әдебиетінде» т.б. баспасөздерде жарық көрген болатын. Енді кітапқа кіргеннен кейін сол жырларды қайталап оқып көрсек, үлкен дүниеге кірпіш болып қаланып кетіпті. Ақын елдік мұрат,ұлттық мүдде,халық қамы дейтін мәселелерге қатысты ой-толғаныстарын өлеңмен өріп жеткізуге өте шебер.Ондайда қарабайыр хабарлаудан ада, астар мен ишара, образды ойлау алға шығады. «Ақындық сана объективті өмірдің жадағай көшірмесін емес,оның өзгерген, қайта қорытылған бейнесін, образды бейнесін жасайды.Осыған орай, ақынның қалай жазғандығы туралы сөз, белгілі дәрежеде, өлеңдегі суреттілік туралы сөз болып шығады» [34.18 б.], - дегенде ғалым Жанғара Дәдебаев осындай көркемдік шарттардың болуын алға тартады.
...Бұлт болып шегірткелер қаптап ұшып,
Жалмауда астығымды, шалғынымды [29.163 б.].
...Қаптаған шегірткедей өтіріктен
Ақ арман,жасыл үміт қырқылуда [29.163 б.].
Бұл күнде ұлтым менен ұлы далам
Түсіп тұр шегірткелер талауына! [29.164 б.].
Бұл үзінділерден ойдың қалай дамығаны, логиканың қалай өрбігені, ақиқат қалай айтылғаны айқын аңғарылып тұр. Дер кезіндегі ауыздан шыққан сөз – дәл көздеп атылған мылтықтың оғы тәрізді нысанаға дөп тиген.
Кітапта «Бүгінгі ауыл» атты жон арқаңызды шымырлатып, жүйке тамырларыңызды ширықтырып отырып оқитын бір өлең бар. Көп өлеңнен кейде бір өлеңді бөліп алып талдауға, таразылауға айрықша себеп болуға тиіс.Бірінішіден, ауыл десе, қолына қалам ұстайтын қазақтың қабырғасы қайыспайтыны кемде-кем. Екіншіден,ауыл – біздің анамыз еді ғой, көзі жасаурап, орамалын бұлғап, қалаға кетіп жоғалған ұлдарын күтіп жүрген сияқты. Үшіншіден, еліміз егемендігінің, тәуелсіздігін алса да,он жылдан аса уақыт өткенше ауылға мемлекет көңіл аудармады. Ауыл әл-дәрмені кетіп,қаңсырап, аузына су тамызатын жанды күтіп, жаралы күйде жан тапсыруға шақ қалған. Ал мына «Бүгінгі ауыл» атты өлеңде сол кезеңнің суреті бар.
Бет бұрдың ба,//шынымен жоғалуға,-
Күшім жоқ па тоқтатып,доғаруға.
Ауыл – менің қазынам асыл жиған
Неге менің қазынам тоналуда![29.99 б.].
Бұл - қаңыраған, қаусаған, тоналған, басынан базары ұшқан ауылдың бір қырынан қарағандағы көрінісі ғана.
Тұрсаң-дағы жаңылмай сабырыңнан,
Сырқырайды сүйегім шағымыңнан.
Тамыры едің шын қазақ Рухының,
Жатырсың ғой қиылып тамырыңнан [29.99 б.].
Бұл – тек ақын ғана айталатын,көркем сөздің – өлең сөздің құдіретімен ғана өрнектелетін, найзағай жарқ ете қалғанда,күллі аспан әлемің жер ілемін көз қарықтыратын жарығымен орап өткенде, көз алдымызыда мәңге өшпестей әсер қалдырытатын сәтіңдегідей, қайталанбас қас қағым!
Міне, бір өлеңнің бойына ой, сезім, образ атаулыны түгелдей тоғыстырудың бір мысалы.
«Тағдырлы жылдар жырлары» кітабындағы бір шоғыр өлеңдер тікелей азаттық, бостандық,тәуелсіздік тақырыбын қозғайды. Бұл өлеңдер жеке топтастырылып, арнайы бөлімге бөлінбесе де, қай кезде дүниеге келгені, қандай көңіл- күймен жазылғаны оқи бастағаннан-ақ белгілі.
Тәуелсізбін!-
Танып тұрмын өзімді.
Ұшырамын қанат байлап сөзімді.
Ешкім енді көкірегімнен итеріп,
Ешкім енді шұқымайды көзімді. [29.18 б.],- дейді ақын.
Тағдырлы өлеңдердің бірі - «Бостандығым туралы сөз». Бұл өлең тағдырлы болатын себебі – егер еліміз тәуелсізідік алмаса, бодандықтан бостандыққа шықпасақ, ешуақытта жазылмас еді. Ойша орайластырып, қиялмен қиыстыруға көнбейтін өлең. «Бостандығым» деген сөзді айта алмай Махамбет ақын арыстандай арпалысып өткен, «Бостандығым» деген сөзді айта алмай Ахмет Байтұрсынов аһ ұрып ғұмыр кешкен, «Бостандығым» деген сөздің шын қуатын Мұқағали да сезіне алған жоқ... Арғы-бергі ақындарды түгендеу мақсат емес, осы «Бостандығым» деген сөзді айту бақыты бұйырған ұрпақтың атынан сөз алған Темірхан ақын қатардағы қоңыр өлең емес, образға оранып, өлең сөзбен сомдалған Бостандықтың бейнесін мүсіндеп шыққан:

Қарашы оған кетеді адам аяп.


(Айттым мұны тұрсам да қаламай-ақ!)-
Бостандығың келіп тұр,
Бостандығың!
Жалақ ерін,
жалаңбас,
жалаң аяқ! [29.73 б.].
Бостандық бейнесі, біріншіден, адам жанында аяушылық пен мейірімді оята отырып сомдалған. Екіншіден, тағылым мен өнеге тарататын дәстүрлі қазақ поэзиясының көркемдік тәсілдері сәтті қолданылған. Үшіншіден, азаттық, бостандық, тәуелсіздік жеңісі шағын ғана өлеңнің бойында шымыр-шымыр қайнап, шыңдалған. Сондықтан да бұл өлең ұзақ уақыт есте сақталады, қайталанбайды, дара, дарында.
Т. Медетбектің әрбір өлеңінде мұң мен шердің сығымдалған, сықпасы жатады. Соған қарамастан, лирикалық кейіпкерлер жылауық емес, ол – күрескер, рухы күшті қаһарман. Ақын оқырманына ой салғанда, көңіл-күйін баурағанда, шарасыздықтың шырмауығына шырматылып қалғанды ұнатпайды, бұзып-жарып тұйықтан шығатын жолды, итеріп-еңсеріп қамалдың қабырғасын қақырататын қайрат-күшті табады.
Бұл кітапқа топтастырылған жырлар жылы ұяда мәпелеуден туған сары үрпектер емес, от пен жалынның ортасында, қиындықтар мен қысастықтар құрсауында, сілкіністер мен серпілістер кемерінде дүниеге келген тастүлектер.
Т. Медетбектің өлеңдерінде лирикалық кейіпкердің яки лирикалық қаһарманның тұлғасы күрделі де қиын өткелдердегі ой-сезім шарпысулары, қайшылықты қақтығыстар, сұрапыл ағыстар, болжаусыз уақиғалар үстінде сомдалған. Бұл кітаптардағы жырларда азаттық пен бостандықты баянды ету жолындағы мәңгілік майданның, күрестің, тартыстың сарыны, үні, әуені бар. Буырқанған теңіз-тіршіліктің дем-тынысы бар. Өрекпіген өр толқындарын тағдыр-жартасқа ұрғылаған өлеңнің өз мінезі бар.
Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ поэзиясының қазынасына өзіндік өрнектерімен үлес қосып келе жатқан көрнекті ақын Өтеген Оралбайұлының шығармалары көркемдік ойлау кеңістігіндегі оқырмандарының ықыласына бөленген елеулі тағылымымен бағаланады. Ғасырлар бойы ұрпақтардың ұлттық-отаншылдық, азаматтық, адамгершілік-имандылық ұстанымдарын нығайтып келген қазақ поэзиясының мәңгілік ғүмырлы тағдыры да осындай ұлағатты жырлар арқылы жалғаса беретіні ақиқат. Бұл - қазақтың ұлттық діл қуаты сақталуының ақиқат жолы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет