Халықтық педагогика – тәрбие тірегі Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін, білімін меңгерген мәдениетті, адами қасиеті мол, шығармашыл тұлға етіп тәрбиелеу – өмір талабы, қоғам қажеттілігі.
Қазіргі қоғам барған сайын күрделене түсуде. Жаңа XXI ғасырға сай өзгеше қабілет қасиетке ие ұрпақ қалыптасып келеді. Ал мұның бәрі тікелей ғылым, білім саласына байланысты. Сондықтан да білім беруді жетілдіру жөнінде маңызды реформалар, жаңа технологиялар пайда болуда. Ұзақ жылдар бойы жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде өз халқымыздың педагогикалық аса бай мұраларын ұрпаққа беруді аңсаған едік. Жас жеткіншектерді халқымыздың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық тәрбие ерекшеліктерін терең білуге, құрметтеуге үйретуге – міндеттіміз. Халқымыздың атадан балаға қалдырған халықтық педагогикасында, ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесінде бала, ұрпақ, жастар арасындағы тәрбие мақсаттары жатыр. Мыңжылдық тарихы бар қазақ халқы өз ұрпағын өмірде, отбасында, тұрмыс-тіршілікте батырлық пен батылдыққа, әділдік пен адамдыққа, махаббат пен ізгілікке, инабаттылық пен имандылыққа үздіксіз тәрбиелеп отырған. Бұрын ата-әже тәрбиесіне көп көңіл бөлініп, баланы отбасы ғана емес, бүкіл ауыл болып тәрбиелеген.
«Қызың өссе, қызы жақсымен, ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол», «Қызға қырық үйден тыю, бір үйден жыю» деген нақыл сөздер осының айғағы. «Қызыңды бөтен үйге қондырма, ұлыңды бөтен үйден тойдырма» деп, ортақ талап қойған. Мұнда ұлдың да, қыздың да ретсіз жүруінің, мезгілсіз қыдыруының жағымсыз екендігін ұқтырып отырған. «Үлкеннің алдын кеспе, бос шелекпен өтпе» деп баланы үлкендерді сыйлауға, жол беруге тәрбиелеген. Еңбекке, төзімділікке, ептілікке, шеберлікке, шыншылдыққа, ар-ұят, әдеп, үлкенді сыйлау секілді қасиеттерді үй ішілік қарым-қатынастарда, тұрмыста ұрпақ зердесіне сіңіре білген бабаларымыз. «Сіз – деген сыпайылық, біз – деген көмек», «сыйға – сый, сыраға – бал», «Жаным десе жан семірер» деген мақал-мәтелдер арқылы игілікті істерге бастаған. Халық педагогикасының имандылыққа, адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелейтінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сондықтан балаларды кіндік қан тамған жерінің қасиетті тарихы мен мәдениеті және тілін, салт-дәстүрі, әдет-ғұрып ерекшеліктерімен таныстыра отырып, рухани жоғары деңгейде тәрбиелеу ұлы мақсаттардың бірі болмақ. Бұл үшін оқу-тәрбие сағаттарының маңызы ерекше. Қай заманда болсын есті де еңбексүйгіш, қайырымды ұрпақ тәрбиелеу парыз саналған. Әр халық өзінің тарихын жалғастыратын жас ұрпағын адалдыққа, әділдікке үндеп отырған. Бұл ретте ғасырлар бойы сұрыпталып, әр түрлі сыннан өткен салт-дәстүрлерімізді педагогикалық әдіс-тәсіл ретінде пайдаланамыз. Сол арқылы ұстаздық шығармашылықты жетілдіре түсеміз. Халық педагогикасы үнемі даму үстінде. Жаңылтпаштардың жаңа түрлері тек тіл ширатып қана қоймай, дүние танытады. Сөздік қорын молайтады, тәрбиелейді. Жаңылтпаштарды қайталай отырып, сөздік қорын дамытсақ, жұмбақ шешу арқылы ой-өрісін дамытамыз. Мұндай сабақтар көбінде қазақ тілінде, әдебиет сабақтарында жүзеге асады. Халықтың жиі қолданатын тәрбие құралдары мақал-мәтелдер, тыйым сөздерді тіл байлығын молайту, байланыстыра сөйлеуге дағдыландыру мақсатында қолданамыз. Мысалы, Наурыз айы, түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз. Сәуір болса, күн күркірер, күн күркіресе көк дүркірер. Сәуір болмай, жауын болмас, жауын болмай, тәуір болмас. Міне халық даналығынан туған осындай мақал-мәтелдер бала танымына, қоршаған ортаны уақыт арқылы сезінуіне игі ықпал жасайды деп есептеймін. Ба-ланың сабаққа ынтасын арттырып, халық педагогикасын қолдана отырып, қызығушылығын тудыру үшін, сабақты түрлендіріп өткізу өз нәтижесін береді. Сабақта ұлттық «Көкпар», «Бәйге», «Орамал тастамақ», «Қоржын» т.б. ойындарды қолдана отырып ұлттық тәрбиенің негізін білім алушылар бойына сіңіру.