Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы


Тоқтатпашы көшті, тоқтатпа!



бет26/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   85
Жұбаева монография

- Тоқтатпашы көшті, тоқтатпа!.. Әй-й, салды балақ сасық күң-ай! Сенің шашыңды жұлмасам ба!деп ойбай салды (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Құдалардың ақсақал жағы: «Күш сынаспай-ақ, жолдарыңда беріп құтылсаңдаршы...» десе де, желөкпе жастары намысқа қызып: «Біз де қатыннан тудық қой, біздің мінгеніміз де сиыр емес, жылқы», - деп қолдарын сермеп, қоқаңдап болмады. «Ал, ендеше...» деп, құданың бас ақсақалы, ауылдың бес жігітін ертіп, төбеге шықты (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Бұл концепт рай категориясының когнитивті негізі болып табылады. Соған сәйкес осы категорияның шеңберінде ашық рай, бұйрық рай, шартты рай тұлғалары жинақталған.
Қазақ тілі грамматикасына, оның ішінде рай категориясына қатысты пікір айтқан зерттеушілер райды түрліше жіктеп жүрді. Н.Ильминский мен Н.Сазонтов райдың 4 түрін (повелительное, изъявительное, предположительное, условное) көрсетсе, П.М.Мелиоранский 5 (повелительное, изъявительное, неопределенное, желательное, условное) түрлі райды келтірген. Зерттеушілер арасында бұйрық, ашық, шартты райларды тануда бірауыздылық байқалады.
А.Байтұрсынұлы етістік райының он бес түрін көрсетеді:


А.Байтұрсынұлының райды жіктеуі



Рай түрлері

билік рай

істі істеу-істемеуге кесіп айтқандағы сөз түрі: жазбақ, жыламақ,
жегілмек, жазбасқа, жыламасқа, жегілмеске

қайрау рай

істі істеуге я істемеуге қайрай сөйлегендегі сөз түрі: барайыншы, бармайыншы, баршы, бармақшы, барсыншы

ызалы рай

қайрау райдың азамен айтылатын түрі: жүрсейші, жүрмесейші. Ызалы райдың түріне жақын өтініштеу рай бар: барсана, кетсана

ашық рай

істі ашық баяндайтын сөздің түрі: жазамын, жазасың, жылайды, жазбаймыз, жаздым, жазбадым, жазармын (осы, келер және өткен шақ)

болжау рай

істі шартқа қарайлап болжағандағы сөздің түрі: оқыр едім (ақшам болса), ішер едің (су болса), барар еді (жалдаса)

шартты рай



істің істелуіне шарт көрсетілетін сөздің түрі: жазсам, жеңілсең, жуынсаңдар, алыңқыраса, жазбаса

реніш рай

істеген-істемеген істерге реніш еткенде айтылатын сөз түрі: шақырғанда барсамшы, көрдім деп айтпасамшы, жуынсаңшы, жегілсейші, жазсақшы

қалау рай

істі істеу-істемеуге көңіл қалауын көрсететін сөз түрі: барсам екен, айтсаң екен, айтпасаң екен

мұң рай

істерлік іске мұң болғанда айтылатын сөздің түрі: айтар ма едім, айтпас па едім, жүрер ме едің, жүрмес пе едің

сенімді рай

істің істелу-істелмеуіне көңіл сеніп сөйлегенде айтылатын сөз түрі: алғаймын, алмағаймын, тұрғайсың, тұрмағайсың

теріс рай

істелетін іске айтылатын сөз теріс болады: барса игі едім, бармаса игі едім, алса игі едің, алмаса игі едің, жүрсе игі еді

көніс рай

іске көнгенде, мойындағанда айтылатын сөз түрі: кетемін-та, кетпеймін-та; көніс рай екінші түрлі де айтылады: кетемін-тағы, кетесің-тағы, кетпеймін-тағы, кетпейді-тағы

ереуіл рай

істейтін істің мақсатына болымы қарсы, ереуіл болғанда айтылатын сөз түрі: жазсам да, жуынсаң да, жегілсе де, жазсақ та, жазбасам да, жуынбасаңдар да

сенімсіз рай

істің болу- болмауына көңіл сенбегенін көрсететін сөз түрі: барар ма екен, бармас па екен

тұйық рай

істің беті белгісіз тұйық күйінде тұрғандағы айтылатын сөз түрі: қарамақ, тізбек, үймек, жанбақ

Ғалым қазақ тіліндегі модальділіктің мазмұнын рай категориясы арқылы көрсеткен. Сол себепті А.Байтұрсынұлы жіктеуінде райдың түрі көп. Ашық рай мен бұйрық райды тануда А.Байтұрсынұлы мен Ы.Маманов, А.Ысқақов, С.Исаев еңбектеріндегі, «Қазақ тілі грамматикасындағы» жіктеулер ұқсас. А.Байтұрсынұлының қайрау рай деп бөлек топтастырған рай түрі Ы.Маманов, А.Ысқақов, С.Исаев еңбектерінде, «Қазақ тілі грамматикасында» бұйрық райдың реңкі ретінде берілген. С.Құлманов ғалым жіктеуінде бір тұлға бірнеше райды білдіруге жұмсалғанын (-мақ/-мек тұйық, билік, қайрау райларын, ал -са / -се шартты, ереуіл, реніш, қалау, азалы райларын т.б.) негізге ала отырып: «Ахмет Байтұрсынұлының райлардың семантикалық түрлерін ажыратуда негізгі сүйенгені «мағына» болғандығы аңғарылады. Яғни автор тілдік категорияны тануда «мағынадан тұлғаға қарайғы» бағытты ұстанған деп есептейміз. Демек, функционалды грамматиканың бұл бағыты («мағынадан тұлғаға қарайғы» бағыт) ғалым еңбегінде имплицитті түрде «беріліп» тұр», – деген тұжырым жасайды [149, 40-б.].


П.М.Мелиоранский, Н.Созонтов еңбектерінде, сол сияқты А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов еңбектерінде де тұйық етістік райдың бір түрі ретінде танылған болатын. Қ.Кемеңгерұлы алғашқылардың бірі болып, тұйық райды рай категориясынан бөлек алып, «неопределенная форма» деп атайды да, оның толық түріне -мақ/-мек қосымшасын, қысқа түріне -іу /-ыу жұрнағын жатқызады. Тұйық етістік (тұйық рай – А.Б.) басқа райлар сияқты «сөйлеушінің қимыл, іс-әрекетке көзқарасын, қимылдың, іс-әрекеттің шындыққа, болмысқа қатысын, модальдық мәнді» білдіре алмайды. Сонымен қатар басқа райлардағы іс-әрекет қандай да бір шаққа қатысты болса, тұйық етістіктің шаққа да, жаққа да қатысы болмайды. Сондықтан оны қимылдың атауы ретінде бөлек сипаттап, К.Неталиеваның «Имена действия в современном казахском языке» атты еңбегінде мұндай етістіктердің рай категориясына қатысы жоқ екенін дәлелдеген болатын [134].
«Сөйлеушінің қимыл, іс-әрекетке көзқарасы, қимылдың, іс-әрекеттің шындыққа, болмысқа қатысы» 4 райдың (ашық, қалау, шартты, бұйрық) көлемінде шектелмейтіні белгілі. Сондықтан ғалымның рай категориясын морфологиялық репрезентацияның тілдік механизмі ретінде қарастыра отырып, оның бірнеше түрін көрсетуі тіл деректерімен де дәйектеліп отыр. Туыстас түркі тілдерінде рай категориясы күні бүгінге дейін түрліше топтастырылып жүр. Мәселен, Н.К.Дмитриев [128] башқұрт тілінде 4 түрлі рай бар десе, А.Н.Кононов [151] түрік тілінде – 5, Қ.Мұсаев [152] қарайым тілінде – 4 рай бар деп есептейді. Сол сияқты басқа түркі тілдерінде де рай саны түрліше анықталып жүр [153]. А.Хасенова «Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты» деген еңбегінде: «Басқа түрік тілдерін қосып қарағанда, саны 4-тен 8-ге дейін жеткізіп жіктеліп жүрген рай категориясын қазақ тілінде төртеу деп түйіп айтудың өзі даулы», – деп, рай категориясының қазақ тіл білімінде әлі толық шешіле қоймаған мәселе екенін көрсетеді [154, 17-б.].
Қазақ тіл білімінде осы ойды қуаттап, «орыс тіліндегідей 4 түрлі рай бар» деген тұжырымға келіспейтін ғалымдар да бар. Рай категориясын топтастыруда өзіндік ерекшелігі бар ғалымдардың бірі – Ы.Маманов. Зерттеуші «Вспомогательные глаголы в казахском языке» деген еңбегінде райдың «сослагательное наклонение» (-р еді, -ған/-ген, болар еді); «желательно-сослагательное наклонение» (-са екен, -етін екен) сияқты түрлерін көрсетеді [131]. Ал 1966 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілі. (Етістік)» деген оқулығында Ы.Маманов райдың 6 түрін көрсетеді. Олар: ашық рай, қалау рай (а) ерікті: ғы кел, ә) тілекті: -ғай), шартты рай, шарттылық рай (-р еді, -атын еді), бұйрық рай, өтініш рай (-у етті, -са етті). Ы.Мамановтың рай түрлерін А.Байтұрсынұлы топтастыруымен салыстырар болсақ‚ екі ғалымның да ашық‚ бұйрық‚ шартты райды тануы ұқсас екенін көреміз: Ы.Мамановта -са + шы түрінде берілген шартты рай реңкі А.Байтұрсынұлында «реніш рай» деп берілген. Ы.Мамановта «шарттылық рай» терминімен берілген -р еді көрсеткіштерін А.Байтұрсынұлы «болжал рай» деп атаған. Сол сияқты Ы.Мамановта қалау рай көрсеткіші ретінде берілген -ғай жұрнағы А.Байтұрсынұлында сенімді рай ретінде бөлек жіктелген. Бүгінгі таңдағы грамматикаларда да бұл жұрнақ қалау райдың көрсеткіші ретінде танылып жүр. Ал Ы.Мамановта өкініш рай түрінде берілген -у етті, -са етті көрсеткіштері А.Байтұрсынұлында кездеспейді. Сонымен, Ы.Маманов жіктеуінде өкініш райдан басқасы А.Байтұрсынұлы топтастыруларына ұқсас.
Бүгінгі таңдағы грамматикаға арналған еңбектер мен оқулықтарда да шартты райлы етістіктің мағыналық реңктерінің алуан түрлілігі жөнінде түрлі пікірлер бар. Мысалы, «Қазақ тілі грамматикасында»: «Шартты рай тұлғалары еді, болар еді, екен, ғой сөздерімен тіркесіп, сөйлеушінің тілегін, арманын, өтінішін (ғой демеулігі мен екен көмекші етістігі), екіншіден, опыну және өкінішін (еді, болар еді) білдіреді», – десе [155, 172], С.Исаев «Шартты райлы етістік жіктеліп келіп, ғой, еді, екен, етті, (ма, ме) сұраулық шылау сияқты көмекші сөздермен тіркесіп, сөйлемді аяқтап тұрады да, сөйлеушінің тілек-арманын, өтініш-өкінішін, болжам, ниетін т.б. білдіреді: бар-са-м екен, сөйле-се-ң етті, бар-са-ңыз ғой, жолық-са еді т.б.», – деп жазады [34, 197-б.]. Бұл – қазақ тіл білімінде райдың нақты саны әлі анықталмағанын, оның қыр-сыры мол категория екендігін көрсетеді. Ендеше, рай категориясының түсін түстеп, түгендеу қажеттігі әбден сезіледі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   85




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет