Казахский государственный женский педагогический


Досымова М.К. - магистрант (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)



бет16/16
Дата24.02.2016
өлшемі1.36 Mb.
#17822
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

Досымова М.К. - магистрант (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)

Сонау XIX ғ. 30-40 ж.ж. бастап Ресей империясы отарлау саясатын ашық жүргізіп, табиғи ресурстары мол Қазақстанға саяси, әскери тұрғыдан пәрменді түрде орныға бастады. Қазақ жерін жаулап алу үрдісі екі бағытта жүргізілді, бірі - орыс жұртының өз бетінше, ешкімнен сұрамай отарлау (вольная колонизация), екіншісі - ресми отарлау (правительственная колонизация), - деп нақтылай түсті сол кезеңдегі тарихымызды тереңдей зерттеген Т. Шонанұлы. Оның пікірінше, қазақ жерін көп талаған, қазақ шаруаларының даму үрдісінде үлкен зиянын тигізген ресми отарлау әрекеті болды /1/. Автор әрі қарай, Ресейдің қазақ жерін отарлауы барысында саяси экономикалық мақсаттарды да көрсете отырып, не себептен орыс-казактарын қазақ жерлеріне орналастыруын атап көрсетті. Мәселен «үкімет сол кезде әуелі қылмысты болып, жазаға бұйырылып, Ресейге зиянынан басқа пайда тигізбейтіндерін қазақ арасына орнықтыруға ұмтылды. Өлім жазасына кесілген және саяси қызметі үшін жазаланғандарды жіберді. Екіншіден, салық төлемей Ресейге пайда келтіруден қалған мұжықтарды көшірді. Бұларды атты казак етіп жазды. Үшіншіден, бұрынан еркіндіктегі жауынгер атты казактарды орналастырды. Сонымен қатар еліне шоқпар сілтеуге казактан артық құрал жоқ екенін естен шығармады» деді /2/.

XIX ғ. 20 жылдарына дейін патшалық Қазақстанды хан, сұлтандар арқылы билеп-төстеп келсе, Ресей енді XIX ғ. 20-жылдарынан жалпы империялық негіздегі бастап реформалар немесе ережелер арқылы басқаруды қолына алды.

Дәлірек айтсақ, 1822 ж. «Сібір қырғыздары жөніндегі» және 1824 ж. «Орынбор қырғыздары жөніндегі» жарғылар арқылы Қазақстанда хандық билік жойылды. Соның негізінде патшалық орта жүзді бөлшектеп округтік приказдар арқылы басқарды. Әрбір приказдың басында аға сұлтандар тағайындалды, болыстарды да сұлтандардан сайлап басқаратын болды. Кіші жүз даласын патша үкіметі Батыс, Орталық және Шығыс бөліктерге бөліп, оларға өзі тағайындаған аға сұлтандар мен дистанция бастықтары арқылы билік жүргізетін болды /3/.

1822 жылғы «Жарғының» сипаты мен мазмұны тек отарлық мақсатта болғандықтан орта жүздің мемлекеттік статусы жойылып, өзін-өзі басқарудан қалды. Осы жарғының жобасымен 1824 жылы кіші жүзге арналған «Орынбор қырғыздарының жарғысы» атты реформа да Ресейлік басқаруды батыс Қазақстанға орнатты. Осылайша саяси еркіндікті жоюды әріден бастаған Ресей қазақ даласынан жаңадан жаулап алынған жерлерінде өз зандылығын орнатып, ішке қарай енумен болды.

Ресей мемлекетінің қазақ халқының саяси билігінен біржола айырып, өзінің толық отарына айналдыруға белсене кіріскен кезі XIX ғасырдың 60- шы жылдары болатын. Ғасырлар бойы Орта Азияны жаулап алуға ұмтылып келген патшалыкқа әуелі осы бағыттағы тек экономикалық қана емес, стратегиялық пиғылдары тұрғысынан да сенімді плацдарм болып табылатын Қазақстанды империяның толыққанды отарына айналдыру қажет болды. Оған тек қазақ даласындағы әкімшілік басқаруды өзгерту арқылы ғана қол жеткізу мүмкін еді.

60-шы жылдардың ортасында Ресей Орта Азияны түгелге жуық, ал Қазақстанды толығымен өз иелігіне айналдырды. Енді Қазақстан үшін де империяның басқа ұлт аймақтардағы сияқты өзіндік ерекшеліктері бар арнайы тәртібі дайындалып, күшіне енгізілді. Бұл Қазақстанды Ресей империясының отары ретінде толығымен занды түрде бекіткен 1867-1868ж.ж әкімшілік басқару реформалары болып табылады.

1867 ж. 11 шілдеде «Сырдария мен Жетісу облысын басқару» –туралы, ал «1868 жылғы 21 қазан Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстарын басқару» туралы уақытша ереже бекітілді. Орыс патшасы II Александр екі ережені бекіту туралы жобаға қол қойды. Ереже екі жылға уақытша тәжірибе ретінде ғана деп енгізілген ол іс жүзінде 25 жылға созылды.

II Александр бекіткен №61 кұжатта «Жетісу мен Сырдария облыстарын басқару туралы» уақытша ереженің жобасы жарияланды. Түркістан генерал-губернаторлығы территориясы жайлы жобада: «Түркістан облысынан Ташкент ауданын 1867 ж. Сырдария өзенінің арғы бетінен басып алынған жерден Семей облысының Тарбаға жотасынан Оңтүстікке қарай жатқан бөлінген құрамды екі облыс: Жетісу мен Сырдария облыстары бар Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды», - деп көрсетілген.

Түркістан генерал-губернаторлығы 1867 жылы Ереже бойынша екі облыстан тұрды: Орталығы Ташкент қаласы болған Жетісу облысынан тұрды.

Жетісу және Сырдария облыстары басқару ісі генерал-губернаторға сеніп тапсырылды, оған сонымен қатар Түркістан әскери округі әскерлерінің қолбасшысы атағы берілді. Генерал- губернатор патша қалауы бойынша тағайыдалды және босатылды.

1867-1868 ж.ж. реформа бойынша әкімшілік басқару жүйесі Генерал-губернатоға,ал облылыстық басқару ісі әскери губернатормен облыстық басқармаға тиесілі болды. Әскери губернаторға облыстағы әскери және әскери-халықтық басқару жүктелді,ал сондай-ақ Жетісуда орналасқан казак әскерлерін оның Наказной атаманы есебінде басқаратын болды. Облыстық басқармаға губерниялық басқару міндеті жүктелді. Ол жеке бөлімдері үшін белгіленген талаптарды басшылыкқа ала отырып, оларды мүмкін болғанша жергілікті жағдайда қолдануға тиіс болды /4/.

1867-1868 ж.ж. реформалар нәтижесінде қалыптасқан басқару жүйесі халық тағдырына немқұрайлы қарады. Генерал- губернаторлар қызметін ешкім қадағаламады.

1867-1868 жылдардағы «Ереже» бойынша облыстық басқарма арқылы (коллегиалды) орган болып бекітілгенімен, іс-жүзінде бәрі шартты түрде болды. Болыстыкқа сайлауға ұмтылғандар көп болады. «Болыс болуға ұмтылу,-деп жазды Ф.К. Гирс өз есебінде,- көбірек жалақы алумен, екінші жағынан алғанда бір болыстың тұрғындарынан салық жинауға қол жеткізумен, жиналған қаржыдан өзіне жасырын үлес алып қалумен түсіндірілді».

1867-1868 ж.ж. әкімшілік басқару реформасы негізінде Оңтүстік Қазақстанда құрылған жаңа басқару жүйесі әскери басқыншылық сипат алды. Орыс әкімшілігі аппаратының билігі әскери күшпен, қарулы күзетпен нығайтылды, бұл жағдай өлкедегі халықтың отарлық езгіге түсуін күшейтіп рухани және материалдық жағынан қысым көрсетуіне жол ашты /5/.

Осылайша «бөліп ал да, билей бер» деген патшалықтың қағидасы Қазақстанда орын алды. Басшылық сатысы мол бұл биік аппаратындағылар бас-басына түрлі құзырлыққа ие болу пұрсатын халық үстінен қалай болса, солай қолданатын болды. Бұл жөнінде қайғы-қасірет шеккен халық өз тағдырын өлең шумақтарында былай бейнелеген:

Бір орыс, бір қазақ қойып «помощник» деп,

Олар да іс ете алмайды екен басып-көктеп,

Жалғыз-ақ болар жерің уезной

Алдыңнан қуалайды «пошел кет» деп!

«Сен болмасаң, анаған барамын»— деп,

Күн қайда, кететұғын сөзін кектеп.

Барар жер, басар тауың болмаған соң,

Қападан міне алмайсың тігеректеп,

Бір ауыз тым болмаса тіл білмейсің,

Өлдің ғой, біздің қазақ тентіректеп /6/

«Уақытша Ереже» бойынша, қазаққа ең ауыр қауіпті тиген ормандарды Ресей империясының мемлекеттік меншігі деп жариялауы еді (210, 238-баптар). Бұдан былай патша үкіметі қазақтың өз жерін өзіне тек «қоғамдық пайдалануға» ғана беретін болды. Жер мәселесінің осылай шешілуі патша үкіметін қазақ жерлерін жаппай отарлауға мүмкіндік берді. Ресейден қоныс аударып келгендерге кұрылыс жұмыстары үшін, егіншілікпен, саудамен, қолөнермен айналысу үшін тегіннен-тегін жерлер, ағаштар алу қүқығының берілуі (226-229 баптар) жаппай отарлаудың бастамасы еді /7/.

1867-1868 жылдардағы реформаларды дайындауға қатысып, Жетісуды ол шетінен бұл шетіне дейін аралап өткен А. Гейнс казак қоныстанушыларының бейбастық әрекеттерін былай деп өтінішпен баяндаған: «Жақын маңдағы ағаш атаулыны түп тамырымен қазып алып, тып-типыл еткені сондай бұрын орман өсіп түрған жерге келген кезде бір шыбықты да көрмейді»

Сонымен бірге, казактар жаңа қоныс орнын тандаған кезде қазақтардан ең шұрайлы жерді тартып алып отырды, ал жергілікті халықты құнсыз, қуаңшылық жерге ығыстырып отырды.

Толық жазасыздық жағдайда казак әскерлерінің жүгенсіздігі олардың кейде «қазақтар малын алуға шығып» оны тартып алып, ол жергілікті халықты құнсыз, ал «қарусыз қазақ өз құқығының қорғаушы құрбандығына ұшырап қалатын» жағдайға дейін жетті,-деп Жетісуда болған саяхатшы П.П. Семенев Тянь-Шанский ашу-ызымен жазған /8/.

1867-1868 ж.ж. әскери тірек пункті міндетін атқарған казак қоныстары қазақтарды шұрайлы да құнарлы мекендерінен айырумен бірге, оның егіншілік мәдениетінің де дамуына кедергі жасады, мал шаруашылығының дәстүрлі қоныс аудару жүйесін бұзды. Патша үкіметі түрлі артықшылықтар берген казактар панасыз қазақ жұртына түрлі зорлық-зомбылықтар жасап отырды. Казактар қазақ жеріне, табиғатына немқұрайлы қарап, орманды ысырапсыз пайдаланып, біразын тып-типыл жоқ етті. Жоғарыда айтқанымыздай (А.Гейнстің еңбектерінде) жергілікті халықтан тартып алынған егіншілікке жарамды жерлерді кұнары таусылғанша пайдаланып, содан соң оларды тастап басқа жерлерге кетіп отырған.

Казактардың ормандарды ысырапсыз пайдаланып, Жетісудың әсем табиғатына ауыр зардаптар тигізіп жатқанын Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфман 1867 жылы қазан айында Жетісу өңірінде болған кезінде өз көзімен көрген болатын. Ол казактардың мынандай әрекетіне ашуланып, 1867 жылы жазды: «Түркістан генерал-губернаторы кұрылғаннан бері мен Жетісу облысындағы ормандардың сақталуына, олардың жөн-жосықсыз шабылуына, құрып кетуіне көңіл бөліп келемін. Дегенмен, соңғы 10 жыл ішінде өңірде ормандар азайып, кұрып кету жағдайына жетіп отыр. Ормандарды сақтау тұрғындардың отынға, құрылысқа деген күнделік қажеттіліктерін өтеу үшін ғана қажет емес. Ормандар жердің құнарлығын, тозбауын қамтамасыз ету үшін аса маңызды. Ормандардың оталуы жердің өнімділігіне тікелей әсер етіп отырғаны байқалуда. Оған Қапал қаласы мен станциясының бүгінгі жағдайы дәлел бола алады. Онда казактардың көргенсіз әрекетінен ормандар жойылып, егістік алқаптар жарамсыз күйге түсті. Мен осыған 1867 жылы сапарымның кезінде облыс басшысына орманды шабуға шек қою үшін тиісті шаралар қолдануды тапсыруға мәжбүр болдым», - деп жазды /9/.

Сонымен қатар, әскери күш ретінде отарлау саясатында белсенді рөл атқарған казактар, жергілікті халықты күшпен ығыстыру нәтижесінде алған құнарлы жерлерді игеруге келгенде айтарлықтай егіншілік мәдениетін таныта алмады. Оны мынандай мәліметтерден аңғаруға болады: XIX ғасырдың 80 жылдары Жетісу облыс басшылығы облыста тұратын казактардың шектен тыс артық жер иеменденіп отырғандығын, ал жерлердің игерусіз жатқандығын мойындауға мәжбүр болып, казактар иеленген 214511 десятина жерді алып, оның 7529 десятинасын қалаларға, ал қалған бөлігін қазақтарға қайтарған /10/.

Сонымен қатар, отаршыл билік орындары рухани саладан отарлауды көздеп, нығайтумен болды. Осы мақсатта шіркеу, монастырь салу үшін жерлерді талап, сонымен қатар, оған қаржыны аямай бөлді. Қулық-сұмдықтың түрлі жолдарын қолданған патшалық әкімшілік христиан дінін қабылдағандарға түрлі артықшылықтар жасап, оларға қолдау көрсететіндігін айтып үгіттеумен болды. Православие дініне өткендерге жәрдем ақша бөлінеді деп қызықтырды. Орыстандыру шоқындыру ісі жоғарыда айтылғандай жер мәселесімен де тығыз байланыстырылды. Мәселен генерал-губернатор Колпоковскийдің қоныс аударған орыс шаруаларын қазақтар арасына село етіп қоныстандыруға берілетін түрлі жеңілдіктерді де жасауға тырысты.

Патша үкіметінің өлкеде шоқындыру, орыстандыру саясатының іске асуы барысы жайлы Қ. Кеменгерұлы «Қазақ тарихы атты» еңбегіңде былайша көрсеткен: «Қазақты шоқындыру саясаты туды. Мұны орындау үшін ел арасында миссионер шыға бастады, бұлардың ісі ұлтқа зияндығы сезіле бастаған соң, қазақтар қарсы құрал қылып исламға өте бейімделді. Дүниеге қызығып шоқынған орыс қалаларындағы қазақ жұмыскерлерден, рудан пана таба алмай тығылған ғашық адамдардың бірен-саран шоқынғандар болды», - деді /10/. Егер де өз еркімен христиан дініне кірмеген қазақтар болса, ол жағдайда қорқытып, зорлап, аяусыз жазалап, ұрып-соғып кіргізді. Отарлық билік орындарда орыстандыру саясаты халық ағарту ісімен ұштастырды. Ресей империясы үстемдігі орнаған орыс тұрғындарына арналған оқу орындары ашылып, қызмет ете бастады. Мәселен Жетісу өңіріндегі ең алғашқы-орыс оқу орны қазақтар қоныстанған Сергиополь станциясында 1852 жылы ашылған еді. Отаршыл әкімдердің қолдауымен Жетісуда алты станциялық мектеп (Кіші Алматы, Саргиополь, Ұржар, Лепсі, София, Капал станцияларында) және бір поселкілік мектеп болды.

1867 жылы 25-қазанда Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфман өлкедегі әскери-губернаторға халық-ағарту ісін қолға алу жөнінде нақты нүсқаулар жөнелтті. Оның Жетісу облыстық әскери-губернаторы Колпаковскийге жолдаған нұсқау хатында: «Халық ағарту ісіне империялық мүдде тұрғысынан қарап, облыста мектептердің санын көбейту жолында қолдан келген шараның бәрін жасаңыз» - делінді.

Мемлекеттік қазынадан бөлінген қаржы бастапқы кезде казак станциялары мен орыс поселкілеріндегі тұрғындардың балаларын оқытуға жүмсалды. Жергілікті қазақ-қырғыз балаларын оқытуға қазынадан қаржы бөлу көзделмеді. Дегенмен, жергілікті халық балаларының орыс оқу орындарында оқымауы - Түркістан генерал-губернаторы К.П. Кауфманды аландатқан болатын. Оның пікірінше, жергілікті халық балаларының орыс мектептерінде оқу империяның тұтастығын қамтамасыз етеді, сондықтан да олардың православия дінін қабылдамағандығы кедергі болмауға тиіс- деді /12/.

Дегенмен де отаршылдық саясат түрлі жолдармен жүргізілді. Соның ішінде жергілікті халықты қанау, мазақ ету, ұрып-соғу т.б. да жағдайлармен жүргізілді. «Уақытша ережелердің» негізімен салық жүйесіне де өзгерістер енгізілді. Түтін салығы екі есе ұлғайтылды, әр шаңырақ жылына 3 рубль төлеуі тиіс болды (168 бап). Онымен қоса жергілікті әкімшілікті және ауылдарға келген патша чиновниктерін «асырау», «баптап күту», халық ағарту ісін, жолдар мен көпірлер құрылысын өтеу сияқты міндеткерліктер де халыктың мойнына жүктелді (204-207, 209 баптар).

«Уақытша ережеде» жоғарыда айтылғандай мұсылман дінін қазақтарға және қазактардың қоғамдық өміріне ықпалын шектеуге бағытталған шаралар да қарастырылды. «Ережеде» мұсылман дін иелерінің қүқығына көптеген шектеулер қойылса, керісінше христиан дінін қабылдайтын қазақтарға жеңілдіктер берілді. Қазақгарға балаларын ана тілінде оқытуға тиым салынып, орыс-қазақ мектептерінің ашылатыны айтылды. Осылайша «Ережеде» қазақ даласында әкімшілік қайта құрулар жасау - өлкені орыстандыру мақсатындағы рухани отарлау жұмысымен қатар қойылды.

Жоғарыда айтылғандай «Уақтша ережені» даярлағанда қарапайым халықтың жағдайы мүлдем ескерілмеді. Ата-қоныс жерлерінен айырылған халық адам айтқысыз мүшкіл жағдайда қалды. Жерінен, елінен үмітіңді үз дегендей келімсек қарашекпен Сахараға орнығып жайланып жатты. «Шағынатын, арызданатын жерің жоқ. Ауызыңды ашсаң итжеккеннен бірақ шығасын», - деп Өмірқалиев ақын өлең шумақтарында былай дейді:

Жауға шабар елің жоқ,

Сақадай болып сайланып.

Төсек жады мырзалар,

Ала баспақ байланып,

Үй күшіктей үреді.

Отының басын айланып,

Жердің алды құрайып.

Дуан салып жайланып.

Датынды айтсаң орысқа

Сібірге кеттің айдалып.

Бейнең қандай болды екен

Қарасаңшы бір мезгіл

Қолдарына айна алып/13/.

Сонымен империялық басқару жүйесін жетілдіру мақсатында жүргізілген бұл реформалар отаршыл әкімшілік шендерін әлдеқайда кеңейтіп, қазақ даласында Ресей империясының мемлекеттік аппаратының белгілі бөлігін кұрады. Патша үкметі әкімшілік билігін түгелімен өз қолына жинақтады, сөйтіп қазақ халқын Ресей империясының отарлау саясатының құрамына айналдырды.


Әдебиеттер


  1. Шонанұлы Т. Жер тағдыры - ел тағдыры. – Алматы, 1995. –224 б.

  2. Сонда. 30-31 беттер.

  3. Әбенова Б.С. 1868 ж. әкімшілік басқару реформасының Орынбор өлкесіне енгізілуі және оның зардаптары.

  4. Қойгелдиев М. Жетісудағы Ресей билігі (ХІХғ. 1917ж.).- Астана:, 2004. 64-65 б.

  5. ШуланбековаГ.К. 1867 жылғы Оңтүстік Қазақстанның саяси жағдайыж. // Вестник. №3, 2004.

  6. ҚР ОМА, 25 қ. I.1 20.20 іс, 194 т.

  7. Әбенова Б.С. 1868 ж. әкімшілік басқару реформасының Орынбор өлкесіне енгізілуі және оның зардаптары.

  8. Қазақстан тарихы, 3 том. Алматы, 2002.- 415б.

  9. Қойгелдиев М. Жетісудағы Ресей билігі. – Астана:, 2004. 116 б.95-97 б.

  10. Сонда.

  11. Сонда.

  12. Әбенова Б.С. 1868 ж. әкімшілік басқару реформасының Орынбор өлкесіне енгізілуі және оның зардаптары.

  13. Қазақ кітабы және цензура. //Ақиқат, №2. 1999 ж. 45 б.

РЕЗЮМЕ


В статье говорится о последствиях для Казахстана царской реформы 1867-1868 годов.
ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада патшалық Ресейдің 1867-1868 жылдардағы реформасының Қазақстанға тигізген зардаптары туралы айтылған.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет