Л. Н. Гумилев: этногенез теориясы


ЛЕВ ГУМИЛЕВТІҢ ПАССИОНАРЛЫҒЫ



бет9/14
Дата23.02.2016
өлшемі1.1 Mb.
#7276
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

ЛЕВ ГУМИЛЕВТІҢ ПАССИОНАРЛЫҒЫ16
1960 жылдардың аяғында Кеңес Одағында Ю.В.Бромлейдің концепциясына балама ретінде Л.Н.Гумилевтің «этногенез теориясы» пайда болып, таңғажайып табыс пен өткір сынды бастан кешеді. Бұл жөніндегі қызу қанды таластың туғанын «Этнографиялық шолу» журналындағы (2006, №3) «Уроки Гумилева: блеск и нищета теории этногенеза» атты мақаладан байқауға болады. Француз зерттеушісі Марлен Ларюэль көрсетілген теория бойынша өзінің ұстанымын нақты көрсетіп отырса да, әлі басы ашылмаған мәселелер жөнінде сауал туады: «Гумилев еңбектерінің танымалдығы қазіргі Ресейде және басқа да кейбір посткеңестік мемлекеттерде, мәселен, Қазақстанда таралуы үлкен құбылыс. Ал, Батыста әлі жеткілікті зерттеле қойған жоқ, осының өзі Гумилев мұраларының таралуына байланысты көптеген мәселелерді тудырады».

Біз осы теорияға неғұрлым тәптіштей тоқталуға тырысамыз. Этногенездің негізі халық болып табылады, яғни, этнос неғұрлым кең мағынасында этникалық қауымдастық, (тайпа, халық, ұлт) деп аталады. Этнос ұғымының негізгі мәнін анықтауда Гумилев алдымен, этникалық қауымдастықтың ландшафтқа бейімделуінің белсенді формасы болып табылатын мінез-құлық стереотипін ажырата көрсетеді. Осы ландшафтың әр түрлілігі антропосфераның әр түрлілігін тудырудың басты себебі болмақ, – дейді Гумилев.

Этностардың өзара қарым-қатынасы комплиментарлықты (өзара ұнату немесе ұнатпау (антипатия), «өз» және «бөтенге» жіктелушілік) Гумилевше жағымды, жағымсыз және бейтарап деп жіктеуге әкеледі. Біріншісі өзінің серігін ешқандай өзгеріссіз, сол қалпында қабылдап, ұнатуды білдіреді. Бұл топта симбиоз (екі немесе одан да көп этностардың біріге өмір сүруі, әрі олардың өздерінің экологиялық мекендері болады) және инкорпорация болуы мүмкін.

Симбиозды орнықтыру үшін елестету мен ерік-жігер қажет. Ал, бұл қасиеттер этногенездің акматикалық фазасымен, яғни этностың жастық кезеңімен сәйкеседі, – дейді Гумилев. Мысал ретінде, Еуропадағы әр түрлі этностар қатар өмір сүріп жатқан ғұндар мемлекетін келтіреді. Бұған харизматикалық көсем Аттиланың рөлі басым болды ма дейміз. Себебі оның өлімінен кейін бірден мемлекет те құлады.

Екінші объектіні қайта құруға немесе жоюға ұмтылатын есепсіз антипатия. Бұл ретте химерлердің (бір экологиялық мекенде екі немесе одан да көп этностардың болуы) болуы мүмкін. Гумилевтің сөзінше химерлерде отан жоқ. Этникалық химерлер өте агрессиялы, олар өзгерісті жағдайға аса бейім, идеологияда емес, алайда саяси және экономикалық жағынан жиі жеңіске жетеді. Химерлер антижүйенің пайда болуына (псевдоэтникалық тұтастықты құрайтын теориялар қисынды) қолайлы орта қалыптастырады. Антижүйе принципі – жалған, ол химерлерде үнемі кездеседі. Антижүйенің классикалық мысалы ретінде, Гумилев Ұйғыр мемлекетінің күйреуіне жеткізген манихейлікті атайды.

Соңында үшіншісі бейқамдықпен келетін төзімділік, бұл көршілерге деген тұтынушылық қатынасты білдіреді. Егер этностың соңы осы немесе басқадай деректер арқылы дәйектелетін болса, онда олардың бастауын тарихи зерттеудің дәстүрлі әдісімен анықтау өте қиынға соғады. Гумилевтің этногенез теориясы бұл мәселенің болашағын ашады. Жаңа этностың пайда болуының шешуші факторы пассионарлықты жаңаша әдіс бойынша орнықтыру болады. Яғни, биосфераның жанды заттық энергиясының (тірі ағзалардан тұратын және антиэнтропиялық қасиеттерді иеленген жердің қабығы) қысқа мерзімді серпіліс, дүмпу нәтижесінде пайда болады. «Дүмпулердің» белгілері мутация, яғни, микромутация болуы да мүмкін. Мутация ареалдың барлығын емес, тек аз ғана мөлшеріне тиесілі болады, – деп көрсетеді Гумилев. Осылайша, ғарыштық сәуле тек аздаған адамдарды ғана қуаттандырып, оларға ерекше құштарлық, яғни, пассионарлық береді. Пассионарлық бұл тек қана құштарлық емес. Пассионарлық дүмпу табиғаттың құбылысы бола отырып, адамдарды қызмет түріне, әлеуметтік тегі мен мәртебесіне қарамастан қамти алады. Пассионарлық бұл – ерекше тұлғалар, дарын иелері мен ерекше белсенді ұлы адамдар. Жоғары пассионарлы қасиет иесі деп Гумилев: адал, отансүйгіш, шығармашылық дарын иесі, сол сияқты әлемді өзгертуге құштар, әр түрлі деңгейдегі қанағаттанбаушылыққа, әділдік пен шындыққа ұмтылатындарды атайды. Алайда, жекелеген пассионарлы тұлғалар ұлы істерді жеке атқармайды, қоғамдағы жоғары пассионарлық ұмтылыс пассионарлық қуатты туғызады. Сол пассионарлық қуаттылық этногенездегі жүйе байланысын ұстап, оны тұрақты шығармашылық актпен қамтамасыз етеді. Ал, пассионарлықтың мөлшерден тыс артуы қоғамдағы аса беймазалықтың тууына (акматикалық фаза) себеп болады.

Бұл жерде Л.Н.Гумилевтің пассионарлық қайырымдылық пен зұлымдыққа деген немқұрайлыққа қарсы күш-қуаттың көрсеткіші, –деген ойының маңыздылығы байқалады.

Ұлы мақсаттармен рухтанған пассионария сол жетістіктерге жету үшін өзгенің ғана емес, өздерінің өмірін де құрбандыққа шалуға дайын. Олар Гумилевтің айтуынша ерекше тұтынушылық психологияға ие тұлғалар, ал олардың өздерін сақтауға бағытталған эгоизмі өз-өздерін тексеру рефлексі шеңберінен аспайды. Субпассионарлықтың дүниетанымы немқұрайлық, олар басқа адамдардың, елдің, табиғаттың тағдырына бейқам болады. Олар көп ретте өздерінің көршілерін жек көріп, олар туралы ұнамсыз қауесет таратады. Этноста пассионарлық ұмтылыстың төмендеуі, Гумилевтің пайымдауынша жарасымдылық пен субпассионарлық арасындағы соғысқа әкеледі. Егер соңғылары жеңсе, онда этнос құлдырап, тек кейбіреулер ғана тірі қалады. Егер жарасымдылықтар үстем болса, этнос реликтке айналып, ал олар оқшаулықта болса, онда адамдар ұзақ уақыт жарасымды өмір сүріп, батыл, күшті, ақылды, қайырымды, өмірге қанағаттанған күйлерін сақтайды. Алайда олар жыртқыштық, аярлық, өктемдік қасиетке ие жауынгер көршілерінің алдында мүлдем әлсіз болады. Көріп отырғанымыздай, Гумилевтің этногенез туралы бірегей теориясы этностан тек саны жағынан ғана емес, жүйке-психологиялық, моральдық жағынан да жіктелетін адамдардың үш түрін бөліп көрсетеді. Олар: пассионарии, субпассионарии және жарасымдылықтар. Біздің ойымызша бұл үш түрлі атау автордың сәтті қолданысы, бұлар өздерінің мағынасын айқын ашады және К.Маркс пен Ф.Энгельстегідей саяси жағынан аса ашық бояулы емес (төңкерісшілер және оппортунистер), Ф.Ницшедегідей («кішкентай адам» және «жоғары адам») екіұшты-күрделі емес.

Этногенез дамуының толық циклі егер күтпеген апаттар болмаса, бір жарым мыңдай жыл жалғасады, бұл адам үшін алпыс ұрпақтың алмасуы. Пассионарлықтың өрлеуін бастан кешпеген, сол сияқты егер олар ерте бөлшектеніп кетпесе, реликтке айналмаған бірде-бір этнос жоқ, – деп көрсетеді Гумилев. Осылайша, обскурация баспалдағынан бастап этникалық жүйедегі пассионарлықтың шапшаң жоғалуы байқалады: ерекше және биік пассионарлық қысқарады да, соңғы пассионарийлік жарасымды және субпассионарлықтан құралған көпшілікке ықпал ете алмайды. Этногенездің соңғы сатысы гомеостаз болады да, бұл кезде этнос реликт ретінде көрінеді.

Осылайша, Л.Н.Гумилевтің айтқан тұжырымдарын қысқаша жинақтайтын болсақ, былай болып шығады:

1. Этностар табиғат құбылыстары сияқты пассионарлық дүмпу-мутация салдарынан пайда болады. Этникалық жүйелер энтропия салдарынан өздерінің энергетикалық қуатын жоғалтады да, осыдан жас этностар ересектеріне қарағанда қуаттырақ болады. Олардың арасындағы қанды қақтығыстарды табиғи катаклизмдермен салыстыру арқылы пассионарлыққа ұмтылған жекелеген этностарды ығыстырушылықты азайтуға болады. Бұл нәсілге бөлу мен еуропаорталықтандыруға қарсылық не бүгінгі тыныш этностар өздерінің қызу жастық шақтарын өткеріп алған. Моңғолдар, түркілер, ғұндар, сарматтар, сақтар эллиндерден, римдіктерден, арабтардан, француздардан, немістер мен ағылшындардан еш кем емес, себебі этногенез заңдылықтары аса ауқымды. Сол сияқты әрбір этнос өздерінің мәдениетін, ой-танымдары мен идеалдарын танытуға құқылы.

Біртұтас этнос болу үшін ұжымдық ерлік жасап, тұтастай әрекетке жұмылған жалпы тарихи тағдырдың болуы шарт. Осы әрекеттер инкубациялық кезеңнің аяқталып, этнос дамуының жаңа тарихи кезеңі – өрлеу сатысының басталғанын айғақтайды.

2. Этногенез желісі бірқалыпты емес, ол көптеген ирек, сынық жүйелерден тұрады. Пассионарлықтың пайда болуының географиялық таралу жолағы өндіріс күштерінің дамуымен, өндірістік қатынастардың дағдарысымен, этникалық сана-сезімнің қалыптасуымен, тіпті ғарыш ландшафтымен еш байланысы жоқ. Мутацияны тудыратын сәуле әр қилы аймақтарда өтеді. Этногенез - уақытпен бірге жүретін үдеріс: энергетикалық қуаттың шашырауы кезінде пассионарлық дүмпуден гомеостазға дейін өтеді. Сондықтан да «алға» жылжу бірте-бірте жақсаруды білдіре бермейді де, ол прогресс деп аталмауы да мүмкін. Себебі жүйенің дамуынан ағзалардың өзгеру деңгейі кәрілікке және кезекті жаңаруға қажетті элементтердің құлдырауына әкеледі. Этногенез үдерісінің басталуы мутация болып табылады әрі кез келген емес, нақты, пассионарлықты тудырады, одан соң энтропия өшіп, этникалық реликт қалады. Этногенез желісі: дүмпу, жоғарылау – қуат немесе акматикалық фаза, сыну – инерциялық фаза – обскурация – гомеостаз, депопуляция. Обскурация фазасы – жүйенің қарапайымдануы – барша қасиеттерімен көрінеді: эгоизм, қайырымсыздық, сараңдық, өз еркін алға шығару және саяси сауатсыздық. Ағза өзгерісі деңгейінде бұл склероз (жадының жоғалуы), ал этникалық белгісі – кәрілік. Гомеостаз бұл даму сатысы емес, бұл – табиғи ортадағы күй. Гомеостаздағы этнос – реликт немесе персистент.

3. Эволюция принциптерін этникалық феноменде қолдану заңдылық емес, себебі дискретті этникалық үдеріс пен этникалық тарих біркелкі жылжымайды. Моңғол жорықтары XIII ғасырға дейін өмір сүрген, барынша тұтас, тұрақты саналған барша этникалық қауымдастықты араластырып жіберді. Шыңғысхан далалы тайпаларды біртұтас суперэтностарға біріктірді. XIV ғасырдың аяғында татардың да, орыстың да өз алдына этникалық тұтастықтары болған жоқ.

Л.Н. Гумилевтің тамаша шығармашылық мұралары ғана емес, оның жеке тұлғалық келбеті, өмірдің ащы, күрделі сынына төтеп берген өмір жолы да терең сыйластық сезімін тудырады. Лев Николаевич Гумилев (1912-15.06.1992) белгілі отбасында өмірге келген. Оның әкесі көрнекті ақын Николай Гумилев контрреволюциялық ұйымдастырушылыққа қатысты деген жаламен 1921 жылы атылады. Анасы - ақын Анна Ахматова. Лев Гумилев Ленинград университетінің бірінші курс студенті болған кезде 1935 жылы тұтқындалады. Бірақ екі аптадан кейін анасының Сталинге хат жазуымен босатылады. 1939 жылы екінші рет тұтқындалады. Тағы да Ахматова Сталинге хат жазып, ұлын босатуға көмектесуін өтінеді. Оның хатында мынадай жолдар болды: «... менің ұлым талантты тарихшы. Академик Струве мен профессор Артомонов оның жариялануға қабылданған ғылыми жұмысының назар аударарлық екендігіне куә бола алады...». Бірақ хат жолданған адамға жетпейді. Л.Гумилевпен бірге тағы екі студент кеңес өкіметіне қарсы болғандары үшін деген айыппен бес жылға сотталады. Норилск жеріндегі жазасын өтеген соң ол Турухан өлкесінде қалып қояды да, 1944 жылы өз еркімен майданға аттанады.

Майданнан оралған соң Гумилев ЛМУ-ді аяқтап, КСРО ҒА Шығыстану институты Ленинград бөліміне «Ғұндар мен көне моңғол өркениеті тарихы» мамандығы бойынша аспирантураға түседі. Осы жылы ол аспирантурадан шығарылады. 1948 жылы кандидаттық диссертация қорғайды, алайда бір жылдан соң тағы да тұтқындалып, 10 жыл түрмеге қамалады. 1956 жылы Л.Гумилев босатылып, ақталады. 1961 жылы «VI-VII ғасырлардағы көне түріктер» тақырыбында докторлық диссертация қорғайды. 1974 жылы география ғылымы бойынша «Этногенез және Жердің биосферасы» тақырыбында екінші докторлық диссертация қорғайды. Гумилевтің табандылығы, білімділігі мен қайсарлығы таңқалдырмай қоймайды.

Билік басына Горбачев келген кезде, Гумилев: «Енді байқаймын, «реформатор» келді. Бұл адам үнемі салауатты ақыл-ой туралы айтатын болады. Алайда ол Октавиан Август қой (б.д.д. 27 – б.д. 14 жылы өмір сүрген рим императоры. Ол дәстүрлі республикалық мекемелерді сақтай отырып, өз қолына бар билікті шоғырландыруға ұмтылды). Оның тұсында куртизанкалар гүлдеп, барлығы сатылып, сатып алынатын болды... Мен, құдайға шүкір, оған дейін тірі болмаймын, оны көрмейтін боламын». Сөйтсе де, Лев Николаевич ұлы мемлекеттің құлауын, одан кейінгі де саяси, экономикалық, әлеуметтік, моральдық-адамгершілік өзгерістерді, яғни, Ресей тек В.В. Путиннің тұсында ғана босай бастаған мәселелердің бәрін көріп, түсінді.

Л.Н. Гумилевтің шығармашылық мұрасы мен тұлғасына қатысты мәселелер бүгінгі күні де бірқалыпты емес. Мұндағы пікірлер сан алуан: одан сүйсініп-табынудан бастап, ең жағымсыз бағаларға дейін табасыз. Оны шын мәнінде ойдың билеушісі, культтік бейне деп тура мағынасында атады. Кеңес тарихшылары, әсіресе философтар оның «этногенез теориясы» методологиясын жоғары бағалады. Олардың пайымдауынша, бұл теория «этногенездің алғаш пайда болуы жөніндегі материализм мен идеализм арасындағы қарама-қайшылықты жойды».

1980 жылдардың аяғынан бастап, еліміздің географтарының 99 пайызы жетекші этнограф ретінде Л.Н. Гумилевті таниды, бұл ретте этнография деп этногенез үшін пассионарлық дүмпудің себебі мен салдарын зерттеуді айтамыз. Халықтың білімді қауымының қоғамдық санасында, академиялық этнографияда (ең алдымен жаратылыстану ғылымы мен техникалық интеллигенция) Гумилевтің көзқарасы жетекші мәнге ие. Бұл ешқандай әсіре бағалау емес.

Л.Н. Гумилевтің ғылыми мұрасы қазақ халқының шығу тегі мен тарихына тікелей қатысты. Гумилев қазақтың ата-бабалары: ғұндар, түркілер, қыпшақтардың тарихын тереңдей әрі қызыға зерттеді. Автордың жекелеген тұжырымдары, пікірлері мен ескертулері отан тарихының кейбір мәселелерін дұрыс түсінуге септігін тигізеді. Гумилевтің концепциясына сүйене отырып, біз 75-100 жылдық инкубациялық кезеңді: Орыс ханның билігінен (1361-1377) қазақ хандығына дейінгі (1465 ж.) кезеңді қамтитын аралықтағы қазақ этногенезі туралы мағлұмат ала аламыз. Бұл дәуірді қазақ этногенезінің «өзбек» немесе «ноғайлы» кезеңі деп атауға болады. Қазақ хандығы құрылған XVII ғасырдың аяғы – акматикалық фазасы – аумақтық (Ташкент, Ферғананың бірігуі) және қазақтардың этникалық консолидациясының біртұтас мемлекетке бірігу кезеңі. XVIII ғасырдың 20-30-жылдарындағы жоңғарлар шапқыншылығын сынау немесе инерциялық кезең деп бағалауға болады да, бұл әрі қарай обскурацияда жалғасын тапты.

1916 жылғы қазақ халқының көтерілісі, 1917 жылғы төңкеріс, азамат соғысы, 1921 жылғы аштық, 1929-1933 жылдар нәубеті, сталиндік репрессия, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы халықтың жаппай қырылуына әкелді. Бұл кезде әсіресе, пассионарлы тұлғалардың саны күрт азайды. Қазіргі кездегі қазақ этногенезі обскурация фазасынан гомеостазға өту кезеңінде деуге толық негіз бар.

Л.Н. Гумилевтің қазақ тарихына қатысты бірнеше тұжырымдарына назар аударып көрейік.

Б.д. II ғасырда деп жазады Гумилев, – сяньбийліктер (көне моңғолдар) ғұндардың көне мекені – Моңғол даласын басып алды. Сонда ғұндар төрт бұтаққа жіктеліп кеткен еді: олардың бірі сяньбийлерге бағынды, екіншілері Қытайға кетті, үшіншілері соғыса жүріп, Жайық пен Волга бойына жетті, төртіншілері – «күші аздары» Тарбағатай мен Сауырдың тауларында қалып, кейін Жетісу мен Жоңғарияны басып алды. Бұл соңғылары анағұрлым өміршең болды. Олардың бір бөлігі Алтайда қыпшақтармен араласып, құман этностарын құрды, ал бір бөлігі Қытайға оралып, X ғасырға дейін өмір сүріп, «түркі-шатолар» деп аталды. Ал, олардың ұрпақтары – XIII ғасырдағы онгуттер моңғолдармен кірігіп кетті. Автордың құмандар – қазақтардың тікелей аталарының бірі – қыпшақтар мен ғұндардың метисациясының нәтижесі туралы тұжырымы талассыз қызығушылық тудырады. Гумилевтің төмендегі пікірі де аса мәнді: «Қазақ руларының арасында «уар» («вархониттер») ұрпақтары жоқ, ал хианиттердің көгілдір көзді ақ сарылары Кіші жүзде кездеседі, қаракидней – наймандардың ұрпақтары – Орта жүзде, ал қаңлылардың ұрпақтары – Ұлы жүзде кездеседі. Қазақтардың басқа да ірі этностар сияқты тарихи жағдайларға сәйкес бір этникалық жүйеге кіріккен көптеген бабалары бар да, олардың реликттері этнос жаңаруының элементтеріне айналған. Біздің тарихи жазбаларда қазақ халқы құрамындағы хиониттер туралы «Казахстан: историко-публицистический взгляд», «Хазары и казахи» еңбектерін атамағанда, ешқашан айтылмаған. Гумилевтің наймандардың қара қытайлардан шыққаны туралы пікірі, өз кезінде мұны Грумм-Гржимайло айтса да, тосын естіледі. Наймандардың шығу тегінің түркілік екенін қолдайтын біз үшін бұған келісу қиын, әрі бұл мәселе қосымша сенімді дәлелдерді қажет етеді.

Л.Н. Гумилевтің қимақ пен қыпшақтардың шығу тегі мәселесіне қатысты да тұжырымы бар. Әсіресе, оны қимақтар қызықтырған. Ол: «Бұл қимақ этносы қызық. Олардың мемлекеті үш ғасырдай – IX-XI ғасырларда жасаған. Қимақтар Обьтің жоғары бөлігі мен төменгі Волгаға дейінгі, Сырдарияның төменгі жағалауы мен Сібір тайгаларына дейінгі көлемді аймақта мекендеген. Ал, қазақтарда неге қимақтарды өзінің бабалары санайтын бір де бір ру жоқ?». Сұрақ шын мәнінде маңызды, алайда осы уақытқа шейін С.М. Ақынжанов, Б.И. Көмековтардың зерттеулерінің бар екеніне қарамастан, бұл сауалдың толық жауабы табылмаған. Грумм-Гржимайлоның көзқарасынан тарата отырып, Гумилев қыпшақтар қола дәуірінде Минусин мен Алтайды мекендеген еуропаланған ел –динлиндерден шыққан, ал қимақтар ғұндардан тараған деген пікір айтады.

Л.Н. Гумилевтің көне Қазақстанның этникалық тарихына, оның жекелеген аспектілеріне байланысты айтқан ұсыныстары мен ескертулері белгілі бір қызығушылық тудырады. Алдыңғы кезекте бұл қола дәуіріндегі еуропатектес нәсілдерге, олардың қазақтың арғы бабалары – ғұндар, қыпшақтар және басқа да тайпалар мен ұлыстардың антропологиялық түрлерінің қалыптасуына жасаған ықпалына, олардың қазақтың этногенезіне тигізген рөліне қатысты. Еуропеоидтардың афанасьев және андронов мәдениетін жеткізушілер екенін дәл көрсете отырып, Гумилев олардың нәсілдік қалыптарының портретін сөзбен жеткізеді. Андроновтықтар арилерін көрген авторлардан ерекшелігі Гумилев бұл еуропеоидтарды динлиндер деп атауды жөн санайды. Гумилевтің пікірінше динлиндер Гоби аймағын, Саян-Алтай шатқалын, Минусин және Туваны мекендеген. Олар «орта, көбінесе ұзын бойлы, мығым денелі, сопақ жүзді, терілерінің түсі ақшыл, беттері қызғылт, шаштары ақшыл, мұрындары түзу, бүркіт тұмсықты, көздері көк болған». Бірнеше жүз жыл бұрын өмір сүрген афанасьевтіктер «қыр мұрынды, жалпақ бетті, көз аумақтары төмен, маңдайлары кең болған». Жалпы антропологиялық түр негізінде динлиндер мен афанасьевтіктер әр түрлі нәсілдерді құраған.

Автордың пайымдауынша ди және динлиндер өздерінің мәдениетін б.д.д. III ғасырға дейін сақтаған, олардан тагар археологиялық мәдениеті қабылдаған. Динлиндер тарих сахнасынан б.д.II ғасырында жоғалған. Оңтүстіктен келген дилер Саянның оңтүстік аңғарына қоныстанып, ғұндардың ата-бабаларымен араласып кеткен. Гумилев дилерді ертеде Қытайда қоныстанған сералармен теңгереді.

Орталық Азияның көнедегі жұмбақ халықтарының бірі –юэчжилер тарихын қарастыра отырып, Гумилев ортаазиялық деректерде юэчжи атауы кездеспек түгіл, ирантілді баламасының жоқ екенін дәл аңғарады. Сондықтан да юэчжиді Орта Азия немесе Иранға белгілі халықтармен, мәселен, тохарлармен салыстыру, юэчжи ұрпақтары негізінде құрылған кушан династиясы осы атаумен белгілі болса да сәтсіздікке ұшырады. Автор юэчжилер Хуанхэге дейін жеткенімен, ғұндардың кейін серпуімен өз отандары-Ортаазияға оралған соғдылар екендігі жөніндегі болжамын ұсынады.

Гумилевтің пікірінше ди, динлиндердің моңғолтектес тайпалармен метисациясы Орталық Азияда кең тараған. Сонда, қыпшақ тектері – динлин ұлыстары Алтайдың батысында половецтер немесе кумандар (басқа нұсқада қыпшақтар қаңлылармен араласып, коман немесе половец халқын құраған), олар еуропатектес теле (оғұздар), печенегтер (кангарлар, кенгерестер), қырғыздар (енисейліктер), Гумилев ұйғыр ата-бабаларын ди, ал кангөйліктер ұрпағын – қаңлылар деп атайды. Бір қызығы, автор түріктерді барлық түркі тектестер ішіндегі неғұрлым моңғолтектестер деп атаған. «Моңғолтектестердің сипаты: бет сүйегі шығыңқы, моңғолдық қабақ, төмендеу қыр мұрын, қысық көз болып келеді де, Ашин руына жататындығына ешкім шәк келтірмейді», – Л.Н. Гумилев Күлтегіннің мүсіндік бейнесін жасайды. Автор оғыздарды теле, телеуіттер деп атауды жөн санайды. Себебі, «оғыз» түріктердің берген атауы.

Л.Н. Гумилевтің «будун», «оғыз» ұғымдарына берген түсініктері де көңіл қоярлық. «Будун» термині «халық» деген сөздің синонимі ретінде алынады, бірақ оны этникалық мағынасында емес, әлеуметтік мағынада түсінген дұрыс. Будун орданың қатардағы құрамы, ал «беги» бұйрық мәнінде. Сонда орда тұтас алғанда әскери-әкімшілік ұғымын береді. Халық этнос ретінде «қып» деп аталды.

«Оғыз» ұғымына келсек ол қауым, ұлыс, мысалы, тоғыз оғыз (ұйғыр атауы ретінде жиі кездеседі), үшоғыздар (қарлұқтар). Алайда дулу мен нушибтер оғыздар деп аталмаған, себебі олар этникалық қауымдастық ретінде табиғи жолмен пайда болмаған. Олар түрік қағанының манифесі бойынша пайда болған, – деп санайды Л.Гумилев. Сондықтан олар «будун», «он оқ будун» деп («он оқты халық») деп аталған. Түркілерге бағынған ұйғырлар оларға қарым-қатынасы тұрғысынан будундар болған, бірақ өздерінің ішкі құрылымын сақтай отырып, олар оғыз деп аталуларын қойған жоқ. Білге қаған ескерткішінде былай деп айтылады: «тоғыз-оғыз халқы менің өз халқым болды», яғни олар тікелей қағанға бағынды. Екінші жағынан, өзара жақын туысатын тоғыз тайпаның, солардың бірі – ұйғырлардың жинақталған атауы деп түсінген де жөн. Осыдан соң «оғыз» («гуз») этнонимге айналды.

Л.Н. Гумилев қазақ халқының құрылуын тікелей Жошы ұлысымен, оның үш ордаға: Ақ, Көк және Алтын ордаға бөлінуімен байланыстырады. Осылайша, біздің көзқарасымызша ескірген мағлұматты ұстанады. Ол батыс тарихи шежіресінде екі ғана орда: Ақ және Алтын орданың көрсетілетінін айтады. Бұл пікірді негізінен белгілі француз тарихшысы Рене Груссе ұстанған. Түмен мен Маңғышлаққа дейінгі аумақты жайлаған Көк Орданы Гумилев қазақ халқының шығуымен байланыстырады. Көк Орданың соңғы ханы деп Алтын Орда билігі үшін күрес жүргізген «өзбектер мен қазақтардың арғы атасы» Тоқтамысты атайды. Араб деректеріне сүйене отырып (Тизенгаузен), ол Тоқтамыс ханға қарсы күресте Темірдің жағында Орыс ханның ұлы Құйыршық оғлан басқарған «өзбек батырларының» жасағы болғанын айтады.

Басқа кеңес тарихшылары сияқты автор «өзбек» деген атаудың ар жағынан түркі-моңғол суперэтносын көреді. Ақ Ордаға байланысты автордың ұстанымы онша айқын емес. Оның пікірінше бұл Жошы ұлысының ең шығыс жағын – Көк Орданың шығыс бөлігін жайлаған. Жаңа түркі халқының құрылуын Л.Н. Гумилев Алтын Ордаға қатынаспен байланыстырады. Ол Алтын Ордаға кірікпейтін халықты татарлар деп, Оралдың батысына қарайғы далалықтарды ноғайлар деп, Жошы ұлысының шығыс аймағындағы Алтын Ордадан шеткері орналасқан, тәуелсіз ел қазақтардың ата-бабалары болды. Осы барлық үш этнос Л. Гумилевтің пікірінше XIV-XV ғасырларда, әр түрлі этникалық компоненттердің қызу араласуы нәтижесінде пайда болды. Ноғайлардың ата-бабалары тірі қалған половецтер, дала аландары, моңғол армиясы құрамымен келген ортаазиялық түріктер, Русьтің оңтүстігіндегі исламға өткен тұрғындары болды. Мұндай араластық XV ғасырда үш жүзден құралған Ақ Ордаға да тән болды.

Жаңа түркі этносының құрылуы туралы Л.Н. Гумилев былайша нақты ұғындырып кетеді. Алтын Ордадағы «Ұлы қасірет» (1360-1380) туралы айту үстінде ол бұдан соң мемлекеттің құлауы орын алып, этникалық жіктелістердің: қазан, қырым, астрахан, сібір, ноғай татарлары және қазақтар деген бөліністің орын алғанын айтады. Автор қазан татарлары болғар, астрахан хазарлары, ноғайлар-гуздер, қырым татарлары көп халықтардың аралас этносын, ал сібірліктер Көк Орданың жұқанасы екендігін көрсетеді. Әрине, автордың қазақ ата-бабалары туралы пікірін білу қызықты-ақ, бірақ өкінішке орай, ол Тоқтамыстың қазақ ұлысын басқарып, оны Жошының жалғастырғанын айтса да, қазақтың арғы тегі туралы ойын жалғастырмайды. Қызығы, Л.Н. Гумилевтің осы пайымдауы қазақ батырлық эпосындағы мәліметтермен сәйкеседі. Онда Тоқтамыс хан орасан көп ноғайлықтарды, яғни суперэтносты басқарып, нәтижесінде түркі және моңғол компоненттері араласып кетеді.

Л.Н. Гумилев: «менің бұл жазғандарым жарты ғасырдан соң қайтадан ой елегінен өтуі мүмкін, алайда бұл ғылымның дамуын айғақтайды», – деп жазып кеткен. Көрнекті тарихшы, ойшылдың қайтыс болғанына жиырма жылдай болды. Ал, оның ғылыми еңбектері, этногенезді және этникалық тарихты танудағы өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ғалымның есімін еліміздің жетекші оқу орнына (Еуразия ұлттық университеті, Астана) беру арқылы, біз, қазақтар, Л.Н. Гумилевті есте сақтауға белгілі бір дәрежеде үлес қостық.



Татьяна Фроловская


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет