ЛЕКЦИЯ САБАҚТАРЫНЫҢ ЖОСПАРЫ.
Қарастырылатын мәселелер:
-
Көрнекті педагогтардың “педагогикалық шеберлік” туралы ой-тұжырымдары.
-
Педагогикалық шеберлік мәдениет компоненті.
-
Оқытушылық қызметтің моральдық мәні.
Әдебиеттер
Негізгі:
-
Педагогикалық шеберлік негіздері / И.А.Зязюнаның түзетуінде – М., 1989
-
Занина Л.В., Меншикова Н.П. Педагогикалық шеберлік негіздері – Ростов на Дону, 2003.
-
Кукушкин В.С. Педагогикалық қызметке кіріспе – Ростов на Дону, 2002.
Қосымша:
-
Абдуллина О.А. Жоғарғы педагогикалық білім беру саласындағы мұғалімді жалпы педагогикалық дайындау.
-
Педагогикалық мәдениетке кіріспе / Е.В.Бондареваның түзетуімен – Ростов на дону, 1995.
-
Грехнев В.С. Педагогикалық қарым-қатынас мәдениеті – 1990.
-
Елканов С.Б. Болашақ мұғалімнің өзін-өзі тәрбиелеу негіздері – М., 1989.
-
Кан-Калик В.А., Никандаров Н.Д., Педагогикалық шығармашылық – М., 1990.
-
Коджаспирова Г.М. ПЕдагогтің кәсіби білімін көтеру мәдениеті – М., 1994.
Лекция мәтіні:
Педагогикалық шеберлік туралы.
Қазіргі қоғамға сай жеке тұлғаны қалыптастыру міндетінің күрделілігі мен әр қырлылығы педагогикалық шеберліктің мәселелерін, қазіргі тәрбие теориясы мен практикасы үшін ерекше өзекті етеді. Себебі, орыс және қазақ педагогикасының классиктері, болашақ мұғалімдерді оқытуда педагогикалық шеберлікті қалыптастыру мәселелерінің маңыздылығын барлық уақытта естен шығармады. Ол бүгінгі күннің де өзекті мәселесі болып, күн тәртібінен түскен жоқ, ал маңыздылығы қайта бұрынғыдан да арта түспесе кем емес.
Сондай-ақ, тәжірибелі педагогтың ықпалынсыз тұлғаның рухани дүниесін өзгерту мүмкін емес, себебі ол оқушының сенімі мен қажеттілігін, қабілеті мен практикалық дағдыларын қалыптастырады.
Мектепке шебер – педагог өте қажет.
Педагогикада кәсіби қызметтің сапасын анықтайтын біртұтас әрі жүйелі түсінік “педагогикалық шеберлік” болып таблылады. Орыс тілінің сөздігінде “шеберлік белгілі бір саладағы өнер” деп анықтама берілген. Ал шебер өз ісінде жоғары нәтижеге қол жеткізген маман делінген (С.И.Ожегов, 1990). Педагогикалық шеберлікті адамның педагогикалық жұмысындағы жоғары өнерге қол жеткізген ерекше қалпы ретінде қарастыра отырып, оның кәсіби қызметтік жеке тұлғалық тұрғыдан өзіндік өлшемі бар екенін ескеру қажет.
Педагог түрлі ғылым саласында озық білімді меңгерумен шеберлікке қол жеткізе алады ма?
Өз әріптестеріміздің тәжірибесінде қызметінен көре аламыз ба?
Жоқ, себебі педагог сағат сайын айналадағы өзгерістерді, жаңалықтарды қамтып, ғылымның заңдылықтарына сүйену арқылы әдемілік пен тәрбиелілікті жеткізе білуі керек. Бұл жағдайда ең объективті заңдар туралы сөз болып отырғанын, яғни нақты бір адамның – педагогтың өмірге көзқарасы, қарым – қатынасы туралы екенін түсіну маңызды болмақ.
Педагогикалық шеберліктің кейбір анықтамаларының мазмұнын кеңес дәуірі мен қазіргі отандық ғылыми - әдістемелік әдебиеттерден қарастырамыз.
Педагогқа қойылатын талаптар туралы ағарту саласы бойынша халық комиссары А.В.Луначарскийдің мақалалары мен басылымдарда жарияланған сөздерінен білеміз. 1928 жылы тәрбиешілер мен қоғам қайраткерлерінің мәжілісіндегі сөзінде , ол педагогқа жүктелетін жауапкершілік ерекше екенін атап айтқан: “егер алтын құятын шебер оны бүлдіріп алса, оны қайта құюға болады, егер асыл тастар бүлінсе іске алғысыз болып қалады, бірақ ең зор баға жетпес гауһар - өмірге келген адам. Адамды бұзу ең ауыр қылмыс немесе күнәсіздіктің үлкен күнәсі. Бұл материалмен алдын ала не істейтініңді анықтап, нақты , айқын жұмыс істеу керек” дейді.
Н.К.Крупская 1932ж жарыққа шыққан “Мұғалім туралы” деген мақаласында “үлгілі мұғалімнің мерилі” ретінде төмендегі критерийлерді анықтады:
-
мұғалім өз пәнін, әрбір оқушыны, еңбекті ұйымдастырудың ғылыми негіздерін білуі керек;
-
оқытудың әдістемесін меңгеруі;
-
оқу және тәрбие жұмыстарын ұштастыра білуі;
-
оқушының қабілетін оята білуі қажет.
Педагогикалық шеберлік мәселесі туралы А.С.Макаренконың пікірлеріне сүйенер болсақ, оның дәлелдеуінше шеберлік – бұл “тәрбие процесін шын мәнінде білу, тәрбие ісінде біліктің болуы”. Бұл жөнінде ол: “Мен білік пен дағдыға шеберлік қана мәселені шеше алатынына өз тәжірибемде көз жеткіздім” дейді. Одан әрі жоғарыда келтірілген шеберлік туралы түсінікті нақтылайтын ережелер қатары кездеседі, “дауысты келтіру - өнер, көзқарасы мен қозғалысы, тұру, отыру, орындықтан көтерілу, күлу бәрі - өнер болып табылады”. Мен өзімді нағыз шебер болдым деп есептедім, тек “мында кел” деген сөзді 15 – 20 түрлі етіп айта алатын, дауысымды, бет - әлпетімді 20 түрлі құбылта отырып, кімді болса да өзіме шақырғанда келетіндей және не істеу керек екенін бірден түсінетіндей дәрежеге жеткенде ғана” дейді.
Кеңес педагогикасы педагогикалық шеберлік корифейінің мәнін мінез-құлық білігінің кең ауқымында қарастырады.
В.А.Сухомлинский бұл түсінікке нақты анықтама бермейді, дегенмен, ол педагог тұлғасы тәрбиеленушіні тәнті ететін, өзіне тарта білетін, рухтандыратын болуы керек деген пікір айтады. Ол: “идеалдар мен қағидалардың, көзқарастары мен талғамының, симпатия мен антипатияның, моральдық - әдептілік қағидаларының педагогтің сөзі мен ісіндегі гармоналды тұтастығы – міне, осындай қасиеттер жалындаған жас ұрпақтың жүрегіне жол табатын шоқ жұлдыз болады” дейді. Сондай-ақ ауызбіршілік тәрбиеші үшін органикалық қажеттілігі ретінде өте маңызды, әрі жан дүниесін, жеке бақытын, ой санасын онсыз елестете алмайтын өмір заңы екенін айтады.
А.И.Щербаков педагогикалық шеберлік – мұғалімнің ғылыми, әдістемелік өнерінің, білігі мен дағдысының , жеке қасиеттерінің үндесіп, үйлесуі деп есептейді. Мұндай үйлесімді тұтас әдістемелік өнер тек шығармашылықпен ғана туындайтыны айдан анық. Бұл өнердің басты атрибуты - өз жұмысын үлкен жауапкершілікпен орындау дейді.
Ю.П.Азаров тәрбиешінің шеберлігінің маңызы туралы айта келіп, оның мәнін төмендегіше ашады: “педагогикалық шеберліктің негізі бала тәрбиесінің заңдылығын білу болып табылады” дейді. Одан әрі шеберлікті құрайтын құрамдас бөліктерінің өзара әрекеті туралы айта келіп, шеберлікке берген анықтамасын дамыта түседі: “сезім мен техниканың өзара әрекеті педагогтің жеке тұлғаға немесе ұжымға жаппай эмоционалды образды ықпал жасауына әкелетінін” айтады.
Міне, шеберліктің құдіреті – осындай тұтасқан үйлесімде. Ю.П.Азаров қалың оқырман қауымына арнаған публицистикалық басылымында: “мен шеберліктің формуласын қайта-қайта айта беруге дайынмын, оның мәні: технология, қарым – қатынас, тұлға сияқты үштікте” дейді. Шеберлік... істейтін ісіміздің материалдық жағында болуы керек, мен технология деп атап отырған бұл технологияны кешіктірмей іске асырсақ, соның арқасында қарым-қатынас жасалады. Ал бұл қарым-қатынас мені және мен қатысатын балаларды қалыптастырады деген екен.
Н.В.Кузьмина шеберлікті маманның өз жұмыс жағдайын зерттеп, зерделей білуі, кәсіптік міндеттерін оңтайлы шешу үшін кәсіби біліктілікті, дағды мен білікті меңгеруі деп анықтайды.
Н.В.Кузьминаның пікірінше, педагогтың кәсіби шеберлігі тәжірибе мен оқу міндеттерін шеше білуді жоғары деңгейде меңгеру. Бұл жалпы еңбек пен жалпы интеллеутуалдық білік қалыптасқанда ғана жеткілікті биік дәрежеге ие болады (талдау, синтездеу, жалпылау, ауыстыру, нақтылау саласында).
Ю.К.Бабанский “мұғалім – кәсіби технологияны еркін меңгерумен, шығармашылығымен бала оқытуда және тәрбиелеуде ерекше шебер” деп көрсетеді. Сондай-ақ автор педагог еңбегінің қарапайым қырларын дұрыс талдау және педагогтық оптималды шешім жасау мен оқушының жеке басы сияқты қасиеттерге тоқталады.
Н.В.Кухарев мұғалімнің белгілі дәрежедегі педагогтық шеберлігін қарастырудың дұрыстығын айта келіп, оның шеберлігі психологиялық – педагогтік дайындығының жоғары деңгейіне негізделуі шарт дейді.
Павлютенкованың ойынша, мұғалімнің кәсіби шеберлігін төмендегі компоненттер құрайды:
а) тұлғаның қажеттілік – мотивациялық саласы;
б) операциялық – техникалық саласы (интегралдық бірігу, жалпы арнайы білім мәнділігімен сипатталады);
в) тұлғаның өзін-өзі тануы.
В.А.Сластениннің педагогикалық шеберлікке берген анықтамасы Ю.П.Азаровтың пікіріне жақын, ол педагогтік шеберлікті педагогикалық технологиямен өзара байланыстырады, дегенмен, ол тек операциялық компоненттермен шектелмеуі керек, адамның жеке іскерлігі мен оның бойында педагогтік процестің жоғары тиімділігін анықтайтын қасиеттерінің сабақтасып жатуы керек деген пікір айтады.
И.П.Адриади педагогикалық шеберлікті жеке тұлғаның рухани-әдеп және интеллектуалдық дайындығы, қоғамның әлеуметтік – мәдени құндылықтарын шығармашылықпен ұғындыратын қасиеті деп қарастырадлы және де теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруда кәсіби білік, дағдының болуы маңызды деп атап көрсетеді.
В.А.Мижериков және М.И.Ермоленко педагогикалық шеберлік педагогтік қызметтің дамуының биік сатысын жасай отырып, педагогтің педагогикалық технологияны игеруін, кәсіби және азаматтық бағытын, тәжірибесін, бүтіндей тұлғасын көрсете алатынын айтады. Педагогтік шеберліктің мәні жоғары нәтижеге қол жеткізетін білімді, білік пен дағдыға ұштастыру арқылы жүзеге асқан қызметтің деңгейімен анықталады.
В.П.Куравлеваның анықтамасында педагогтік шеберлік “... теориялық негіздемелер және мұғалім мен оқушының арасын жоғары ақпараттық дәрежеде байланыстыратын педагогикалық іс-тәжірибелер мен операциялардың тұрақты жүйесі” делінген. Осы анықтаманы өрбіте отырып, автор теориялық білім мен жоғары дамыған практикалық біліктің үйлесіп біртұтас болуы шығармашылықпен бекітіледжі деп ой қосады. Шеберліктің нақты көрсеткіштері оқытушының ісінде, оқу – тәрбие жұмыстарында, еңбек сапасында, міндеттерін жауапкершілікпен орындау кезінде көрінеді.
А.А.Сидоров, М.В.Прохорова және Б.Д. Синюхин педагогтік шеберлік педагогикалық мәдениеттің тірек компоненті деп есептейді және шеберлік сан алуан оқу-тәрбие ісіне байланысты міндеттерді табысты шешуде педагогтің жеке басының қасиеттерімен қоса оның психологиялық – педагогикалық ойлауы, кәсіби білігі, дағдысы мен эмоциясы өзара сабақтастық табатын ерекшеліктері деп анықтайды.
Педагогтің жеке-дара мәдениеті – тұлға әлемі. Мұғалім мәдениеті өзін-өзі жетілдіру үшін педагогикалық еңбектің мақсатын және оларға жету тәсілдерін еркін таңдауға мүмкіндік беретін кәсіби іс-әрекет пен өзіндік сана-сезім негізінде қаланады, іс-әрекеттің кәсіби және интеллектуалды тәжірибесін меңгеру жағдайында туындайды.
Кәсіби мәдениет – еңбек нәтижесі мен адамзаттың жалпы мәдениетінің өнімі. Тұлғалық мәдениет дегеніміз, әлеуметтік іс-әрекеттің әр түрлі формалары арқылы әлеуметтік шараларды ережеге сәйкес өзін-өзі жүзеге асыруы, ал білім беру жүйесінде педагогтің қызметтік мәртебесіне барабар. Мұғалім-кәсіпкердің әлеуетті құндылығы осы мәдениеттің кірігуі мен тұтастығын қамтамасыз етеді. Мәдениет өзін-өзі реттеу негізінде әлеуметтік-кәсіби ортада қалыптасып дамиды.
Дүниені танудың алғашқы түрі ғылыммен көрсетілсе, екіншісі мәдениетпен анықталады. Білім беру жүйесінің маңызды мәселесі ретінде көптеген ғалымдар болашақ мұғалімдердің мәдениет танымдық дайындығын алға тартады. Өйткені, педагогика ғылым мен мәдениетті негіз ретінде алып қарастырады, себебі, арнайы зерттеулер мамандардың жоғары дәрежедегі іс-әрекетін:
Біріншіден, оның мәдениеттілігіне байланысты деп санайды.
Екіншіден, оқу үрдісі тек арнайы кәсіптік білім алу емес, қазіргі мәдениетке сай өмір сүруіне, тәрбиеленуіне байланысты болады дейді ғалымдар пікірінше.
Үшіншіден, қазіргі маман – ол ойлау жүйесі жетілген, қоғам мәселесіне байланысты өз пікірі бар, қарым-қатынас жасай алатын мәдениетті тұлға.
Төртіншіден, көптеген ғалымдар адамның руахни сезімін қалыптастыру үшін қазіргі әлем мен отандық мәдениетке бейімделу керек деп есептейді.
Бесіншіден, болашақ мұғалімдерді дайындау мақсатында алдымен мәдениет танымдық дайындығын көтеру үшін “жалпы мәдениет деген не?” деген сұраққа жауап іздеуіміз керек.
Қазіргі ғылымда нақтылы мәдениеттің анықтамасы қалыптасқан жоқ. Себебі, мәдениет жан-жақты қарастыруды керек ететін ілім. Ал философияда бірнеше пікір қалыптасқан. А.Здравомыслов, А.Ядов, О.Дробницкий мәдениет тұлғаның іс-әрекетін қалыптастыратын әмбебап механизм деген анықтама берсе, мәдениет – материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы деген пікірді В.Пираринов, Ю.Ефимов, И.Громов, А.Арнольдов, Н.Чавчавадзе,т.б. білдірген. Ал мәдениет – қоғамдық өмірдің әлеуметтік және рухани ортасында тұлғаның шығармашылық қырын көрсетеді деген ойды В.Библер, Н.Злобин, А.Леонтьев, И.Ильясова айтып жүр. Э.Маркаряннің пікірінше, мәдениетті жасайтын - күш. Белгілі американ психолог-гуманисі А.Маслоу: “Мәдениет біздің психологиялық және биологиялық табиғатымызға өте жақын, сондықтан оқытудың негізі ретінде қарау керек” - дейді.
Сонымен, мәдениет деген не?
Мәдениет пен өркениеттіліктің өзара байланысы қандай?
Мәдениет – адам әрекетінің, саналы қызметінің көрінісі. Олай болса, сол әрекеттің қызмет нәтижелері де мәдениет дәрежесін паш етеді. Мәдениет адамсыз жаралмайды. Адамның дамуы мәдениетке тікелей байланысты.
Мәдениетті түсіну үшін тарихи дәуірді білу, сол қоғамдағы өндірістік қатынастардың қандай болғанын анықтау, өмір салты мен рухани дүниесі қандай ерекшеліктермен анықталатынын ажырата білу қажет. Ендеше мәдениетті адамның іс-әрекетін оның қоғамдағы қызметінен бөліп алып қарау мүмкін емес.
Л.А.Байкова, Л.К.Гребенкиннің дәлелдеулерінше, педагогикалық шеберлік – бұл мұғалімнің шығармашылығымен, оқыту өнерін үздіксіз жетілдіруімен пайда болатын педагогикалық шеберліктің жоғары деңгейі деседі. Алғашқы анықтаманы нақтылай келе, олар педагогикалық шеберлік:
Біріншіден, педагогтің жеке тұлғасына, жеке басының қасиеттеріне байланысты, оның бұл қасиеттері кәсіптік қызметін өз бетінше ұйымдастырудың жоғары сатысына қол жеткізуіне жол ашады дейді. Яғни, шебер – педагог бойындағы жеке қасиеттер жиынтығы, оның оқу-тәрбие жұмысын жақсы жүргізуіне септігін молынан тигізбек. Олардың ішіндегі ең маңыздылары азаматтық және патриотизм, гуманизм және зиялылық, жоғары рухтағы мәдениеттілік пен жауапкершілік. Өте маңызды деп адамсүйгіштік және адамдармен тіл табысу атап айтылған.
Одан әрі авторлар педагогикалық шеберлік анықтамасына тоқталады және технологиялық негізгі компоненттері жалпы биік мәдениет пен ізгілендіру бағыты болатын көзқарастар жүйесі – кәсіби білім, қабілеттілік, шығармашылық технологиялық құзірет болып табылады деген тұжырым жасайды.
А.М.Новиков педагог тұлғасының әлеуметтік рөлі өлшеусіз артып келеді, ол педагогтың жалпы және кәсіби мәдениетінде, қарым-қатынасында, әдебінде, оның жан дүниесі байлығында. Автор бүгін педагогты кітаппен, дербес компьютермен немесе қашықтан оқытатын басқа құралдармен ауыстыруға болмайтынына көз жеткіздіреді. Осылайша нені үйретесің, қалай үйретесің, немен үйретесің, кім үйренеді деген шынайылық тұрады. Осыған байланысты А.Н.Новиков педагогикалық шеберліктің мазмұнын жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайда ашып береді, оқушыға өз мақсатына-мұратына тез жетсем, өз орнымды тапсам деген ой салу педагогтың дарынына байланысты екеніне назар аударады. Педагогикалық шеберлік туралы түсініктерді талдай келе төмендегі пікірлерге мән берейік.
А.Б.Орлов өз мақаласында “шебер” және “жасаушы” деген түсініктердің оптималды қатысын негізге алады, “шебер” “жасаушының” құлы болады, ал шеберлік – шығармашылық құралы деп жазады (өзектендіру)”. Бұл дегеніңіз педагог тиімді әрі іс-тәжірибеде ақталған әдістерді шебер меңгерген, бірақ оларды өзінің жеке кәсіби жаңалықтарымен байытуға ұмтылмайды, өзінің шығармашылық потенциалын іске асыра алмайды. Дегенмен, педагогикалық шеберлікті қажетті және жеткілікті деңгейде игермесе, кез-келген маманға өзінің кәсіби саласында шығармашылығын өмірге келтіру қиын болады.
Бақылау сұрақтары:
-
Педагог түрлі ғылым саласында озық білімді меңгеруімен шеберлікке қол жеткізе алады ма?
-
Өз әріптестеріміздің тәжірибесінде кәсіби қызметінен көре аламыз ба?
-
А.В.Луначарскийдің педагогқа қойылатын талаптары қандай?
-
Н.К.Крупскаяның берген үлгілі мұғалімнің критерийлерін атаңыз.
-
Педагогикалық шеберлік туралы А.С:Макаренконың пікірлері.
-
В.А.Сухомлинскийдің педагог тұлғасы туралы пікірін келтіріңіз.
-
Неліктен педагогикалық шеберлікті мәдениеттің тірек компоненті деп есептейді?
-
Осы анықтаманы берген қай ғалымдар, олар туралы қосымша қандай мағлұматтар білесіз?
-
“Мәдениет” дегеніміздің өзі нені білдіреді
Қарастырылатын мәселелер:
1. Гуманистік бағыт. 2. Кәсіби білім.
3. Педагогикалық қабілет.
4. Педагогикалық техника.
Әдебиеттер
Негізгі:
-
Педагогикалық шеберлік негіздері / И.А.Зязюнаның түзетуінде – М., 1989
-
Занина Л.В., Меншикова Н.П. Педагогикалық шеберлік негіздері – Ростов на Дону, 2003.
-
Кукушкин В.С. Педагогикалық қызметке кіріспе – Ростов на Дону, 2002.
Қосымша:
-
Абдуллина О.А. Жоғарғы педагогикалық білім беру саласындағы мұғалімді жалпы педагогикалық дайындау.
-
Педагогикалық мәдениетке кіріспе / Е.В.Бондареваның түзетуімен – Ростов на дону, 1995.
-
Грехнев В.С. Педагогикалық қарым-қатынас мәдениеті – 1990.
-
Елканов С.Б. Болашақ мұғалімнің өзін-өзі тәрбиелеу негіздері – М., 1989.
-
Кан-Калик В.А., Никандаров Н.Д., Педагогикалық шығармашылық – М., 1990.
-
Коджаспирова Г.М. ПЕдагогтің кәсіби білімін көтеру мәдениеті – М., 1994.
Лекция мәтіні:
Педагогикалық шеберлік компоненттері: гуманистік бағыт, кәсіби білім, педагогикалық қабілет, педагогикалық техника.
Педагогикалық қабілеттілік.
Мұғалімнің ерекше кәсіптік және қоғамдық қызметі өз тәрбиеленушілерінің, ата-аналарының, бүкіл жұртшылықтың тарапынан мұғалімнің жеке басына, оның моралдік бейнесіне орасан зор талаптар жүктейді. Ең бірінші білікті мұғалімге қойылатын талап – педагогикалық қабілеттіліктің болуы.
Шығармашылық ізденіс еңбектің, мамандықтың барлық саласына да өте қажет, ал мұғалім үшін ол ұстаздық дарындылыққа жетудің жолы, педагогикалық еңбекте шешуші орын алады. Мұғалімде педагогикалық бейімділіктің болуы – оның еңбектегі нәтижесінің кепілі. Педагогикалық қабілет пен мінез-құлық қасиеттері мектептегі кезден-ақ біртіндеп көріне бастайды да педагогикалық институттарда әрі қарай дамып, жетіледі.
Демек, идеалдық жағдайда педагогикалық қызмет пен мамандыққа бейімділік аңғартқан, дарынды, қабілетті адамдар айналысуы қажет.
Педагогикалық қабілеттілік (талант, мамандықты сүю, нышан) педагогикалық мамандықты ойдағыдай меңгерудің шарты болып табылады, бірақ шешуші кәсібі деп қарастыруға болмайды. Қаншама адам айқын нышанды аңғартып, мұғалімдік мамандыққа үміткер болғанмен, шын мәнінде, педагог болып шыға алмайды, керісінше, алғашында жеткіліксіз қабілеттілік аңғартқан ұстаздар кейіннен педагогикалық шеберліктің шыңына жеткені қанша? Сондықтан да педагогтің қажетті кәсіби сапаларына еңбек сүйгіштігін, тәртіптілігін, жауапкершілігін, мақсат қоя білу іскерлігін, жетістікке жету жолын таңдай білу, ұйымдастырушылықты, табандылықты, өзіне кәсіби деңгейін арттыруды және т.б. жатқызуға болады.
Мұғалімнің кәсіптік - педагогикалық даярлау проблемасын зерттеуге арналған еңбектерде (Ф.Н.Гонобалин, Т.А.Воробьева, Н.В.Кузьмина, В.А.сластенин, Р.И.Хмелюк, Н.Д.Хмель, А.И.Шербаков және т.б.) кез келген адамның мұғалім бола алмайтындығы дәлелденген. Мұғалімдік мамандықтың соншама көптігіне қарамастан, оны меңгеру үшін қабілеттіліктер мен тұлғалық сапалардың ерекше қатаң құрылымы, белгілі әлеуметтік – психологиялық бейімділік қажет.
Психологтар профессиограмманы негіздеуде педагогикалық қабілеттіліктердің түрін анықтауға көңіл бөледі.
Мәселен, В.А.Крутецкий дидактикалық, академиялық, коммуникативтік, ұйымдастырушылық, қабілеттіліктерді қарастырды. А.И.Шербаков негізгі педагогикалық қабілеттіліктерге дидактикалық, конструктивтік, перцептивтік, экспрессивтік, коммуникативтік және ұйымдастырушылық қабілеттіліктерді жатқызды.
Осы кездегі мамандықытардың ішінде ең көп және жан-жақты зерттелгені деп педагог мамандығын айтуға болады. Педагогтің жалпы кәсіптік іс-әрекеті мен қабілеттілігі, мамандығы жөніндегі икемділіктері мен дағдылары басқа мамандықтар үшін де пайдалы екендігі байқалады.
Педагогикалық қабілеттіліктер - шәкірттерді оқыту мен тәрбиелеуде мұғалімнің жоғары нәтижелерге жетудің шарты болып табылатын жеке тұлғаның белгілі психологиялық ерекшеліктері.
Педагогикалық қабілеттіліктерде жеке тұлғаның коммцникативтік қасиеттері жетекші рөл атқарады, ең алдымен, қабылдау саласына қатысты перцептивтік (олардың ішінде - бақылағыштығы) қабілеттілік. Олар мұғалімге шәкірттің психологиясын, жан-дүниесін, оның психикалық жағдайын нақты жағжағдайда соған сәйкес қабылдауға, сынып ұжымының жағдайын дұрыс бағалауға мүмкіншілік жасайды.
Мұғалімнің коммуникативтік қасиеттерінің құрамды бөлігі эмпатияға даярлығы, демек, шәкірттердің психикалық жағдайын түсінуге ұмтылуы деп білеміз. Осының қажетті шарты – балаға жүрек жылуы. Ең соңында, мұғалімнің коммуникативтік қасиетінің үшінші бөлігі әлеуметтік өзара әрекеттегі жоғары дамыған қажеттілік деп есептеледі, ол білім беруге ұмтылуды балалармен қарым-қатынасты, балалар ұжымының өмірі мен қызметін дұрыс ұйымдастыру қажеттілгінен аңғарылады.
Педагогикалық қабілеттіліктердің құрылымына кіретін жеке тұлғаның кейбір қосымша қасиеттері мен ерекшеліктерін атауға болады. Бұл ең алдымен ақылдың белгілі сапалары: өткірлігі, сыншылдығы, бірізділігі және т.б. Мұғалімнің сөйлеу тілінің мәні орасан зор: шешендік қабілеттілігінің байқалуы, тілінің лексикалық байлығы және т.б. Мұғалімнің бойында артистік сапалардың болуы (бейнелі қиялдау, фантазияға бейімділігі) осы сапалардың бәрі педагогикалық қызметте жетістіктерге жетуде белгілі рөл атқарады.
Педагогикалық қабілеттер – тиімді педагогикалық қызметтің шарты ғана емес, сонымен қатар көп жағдайда мұғалімнің жемісті жұмысының нәтижесі. Педагогикалық қабілеттіліктер мұғалімнің психологиялық қасиеттерінің, қатынастарының және әрекеттерінің жалпы құрылымында байқалады, қалыптасады және дамиды.
Тәжірибе және арнаулы зерттеулер көрсеткендей, мұғалімнің өзінің педагогикалық қабілеттіліктерін мақсатты қалыптастыруы және дамытуы толықтай шындық болып табылады.
Жеке тұлғаның перцептивтік қасиетінің негізгі элементі – бақылағыштық педагогикалық тәжірибені меңгеру үрдісінде, сонымен қатар педагогтің арнаулы күш-жігерінің нәтижесінде дамиды және жетіледі.
Белгілі психологтар мен педагогтар Ф.Н.Гоноболин, Н.В.Кузьмина, Н.Д.Левитов, И.В.Страхов, В.А.Сластенин сонымен қатар басқа да психолог, педагог ғалымдардың зерттеулері педагогикалық қабілеттіліктердің құрылымын қарастыруға мүмкіншілік берді. Бұл зерттеулердің мәліметтерін басшылыққа ала отырып, педагогикалық қабілеттіліктердің құрылымында ерекше орын алатын бірнеше түрлеріне немесе компоненттеріне тоқталамыз (негізіне Н.Ф.Гоноболин ұсынған үлгі алынды).
-
шешуге оны жұмылдыру және жігерлендіру, екіншіден, өзінің жекеменшік жұмысын дұрыс ұйымдастыра білу қабілеттілігі. Өзінің ұйымдастыру жұмысын дұрыс жоспарлау іскерлігін және оны өзі Дидактикалық қабілеттіліктер – шәкірттерге оқу материалын түсінікті түрде жеткізе білу, пәнге қызығушылығын арттыру, оқушылардың өз бетімен белсенді ойын дамыту қабілеттілігі. Дидактикалық қабілеттіліктің негізіне шәкірттердің дара психологиялық ерекшелігін ескере отырып, жаңа материалды тиімді әдістерді және тәсілдерді пайдаланып түсіндіру.
-
Академиялық қабілеттіліктер – белгілі ғылым саласына қабілеттіліктер (математикаға, физикаға, биологияға, әдебиетке және т.б.). Қабілетті мұғалім оқу материалын оқу курсының көлемінде ғана біліп қоймайды, одан кең және терең біледі, әр уақытта да өз ғылымы саласындағы жаңалықтарды біліп отырады. Мұғалім өте жоғары мәдениетті, эрудициясы жан-жақты болу керек.
-
Перцептивтік қабілеттіліктер – шәкірттердің ішкі жан дүниесіне бойлай білетін, шәкірттерді нәзік түсіне білумен байланысты психологиялық байқағыштық қабілетті мұғалім, тәрбиеші елеусіз белгілері бойынша сыртқы белгілерге шәкірттердің ішкі жағдайындағы сәл ғана өзгерістерді аңғарып отырады.
-
Тілдік қабілеттіліктер - өз ойын және сезімін тілдің мимика және пантомимиканың көмегімен ашық та және анық білдіре білу қабілеттілігі. Бұл мұғалімдік мамандықтарына ең негізгі қабілеттіліктерінің бірі, себебі ақпаратты мұғалімнен шәкірке жеткізу негізінен екінші сигнал жүйесі арқылы, сөздік сипатта іске асады.
Қабілетті мұғалімнің тілі әсерлі, бейнелі, ырғақтық жағынан мәнерлі, эмоциялық тұрғыдан көркем, сөйлеу дикциясы анық, стилистикалық, грамматикалық, фонетикалық қателіктер кездеспейді.
-
Ұйымдастырушылық қабілеттіліктер – бұл, біріншіден, оқушылар ұжымын ұйымдастыра білу қабілеттіліг, негізгі міндеттерді бақылауын қажет етеді.
-
Бедел қабілеттіліктері – балалармен қарым-қатынас жасау, шәкірттерге дұрыс қатынас жасауды таба білу ептілігі, олармен, педагогикалық тұрғыдан қажетті өзара қарым-қатынасты орнату, педагогикалық тәлімнің болу қабілеттілігі. Бедел (авторитарлық) қабілеттіліктер мұғалімнің еріктік сапаларына байланысты (тез тоқтамға келу, ұстамдылық, табандылық, талап қоя білу және т.б.), сонымен қатар, шәкірттерді оқыту мен тәрбиелеу үшін жауапкершілік сезімі, мұғалімнің сенімділігіне байланысты.
-
Коммуникативтік қабілеттіліктер – балалармен қарым-қатынас жасау, шәкірттерге дұрыс қатынас жасауды таба білу ептілігі, олармен педагогикалық тұрғыдан қажетті өзара қарым-қатынасты орнату, педагогикалық тәлімнің болу қабілеттілігі. Педагогикалық тәлімді зерттеуде ерекше үлес қосқан И.В.Страховтың айтуы бойынша, бұл жағдайда негізгісі – шәкірке әсер етудің ерекше тиімді тәсілдерін табу икемділігі, тәрбие ықпалдарын қолдануда педагогикалық тұрғыдан орынды сақтау, нақты педагогикалық міндеттерді және шәкірттің ерекшеліктері мен мүмкіншіліктерін, педагогикалық ахуалды ескеріп отырудың қажеттілігі.
-
Педагогикалық қиял – бұл өз іс-әрекетінің болашақта қалай болатындығын алдын ала білудегі арнайы қабілеттілігі, шәкірттің жеке басын тәрбиелік тұрғыдан жобалау. Бұл қабілеттілік педагогикалық оптимизммен байланысты, тәрбиеге сену, адамға сену.
-
Зейінді орналастыру қабілеттілігі мұғалімнің жұмысы үшін бір уақытты әртүрлі іс-әрекет түрлерінің арасында ерекше мәні зор.
Қабілетті, тәжірибелі мұғалім материалды баяндаудың мазмұны мен түрін зейін қойып қадағалап, барлық оқушылардың зейінін назарда ұстап отырады, шаршау, зейін болмау, түсінбеу белгілерін реттеп отырады, тәртіп бұзушылықтың барлық жағдайларын ескереді, ең соңында, өзінің мінез-құлқын қадағалап отырады (мимика және пантомимиканы, жүріс-тұрысты).
Тәжірибесіз мұғалім кейде материалды баяндауға мән беріп, осы уақытта шәкірттерді ескермейді, оларды назардан тыс қалдырады.
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНИКА – бұл мұғалімге өзін тереңірек, нақтырақ, талантты етіп көрсетуге, жұмыста ең жақсы нәтижелерге қол жеткізуге көмектесетін шеберліктер жинағы.
Педагогикалық қатынас икемділігі, сөйлеудің техникасы мен мәдениеті:
-
дауыс;
-
тыныс алу;
-
дауыс мәнері;
-
дауыс ырғағының мәнері;
-
сауаттылық және т.б.
Сезім мен қатынастарды мәнерлі көрсету:
-
ымдау;
-
пантомимика;
-
мұғалімнің жалпы сыртқы көрінісі;
Педагогтың өзінің психикалық жағдайын кәсіби өзіндік реттеуі:
-
өзін-өзі бақылау;
-
шыдамдылық, т.с.с.
педагогикалық техниканың элементтері болып саналады.
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНИКА – педагог хабарлайтын ақпаратты безендіреді десек болады. Бұлар мұғалімге қабылдаудың визуалды және аудиалды жағы арқылы тәрбиеленушілерге өзінің ойы мен сезімдерін жеткізуге көмектесетін, шығармашылық мінез бен балалармен өзара тиімді әрекет етуге мүмкіндік беретін шеберліктер.
Бақылау сұрақтары:
-
Педагогикалық шеберлік компоненттерін атаңыз.
-
Педагогикалық техника дегеніміз не?
-
Кәсіби білім дегеніміз не?
-
Педагогикалық қабілетттердің қандай түрлері бар және оларға сипаттама беріңіз.
Қарастырылатын мәселелер:
-
Қабілеттіліктер – мұғалімнің педагогикалық шеберлігінің алғы шарттары.
-
Педагогикалық және актерлік дарындылық табиғатының мәселесі.
Әдебиеттер
Негізгі:
-
Педагогикалық шеберлік негіздері / И.А.Зязюнаның түзетуінде – М., 1989
-
Занина Л.В., Меншикова Н.П. Педагогикалық шеберлік негіздері – Ростов на Дону, 2003.
-
Кукушкин В.С. Педагогикалық қызметке кіріспе – Ростов на Дону, 2002.
Қосымша:
-
Абдуллина О.А. Жоғарғы педагогикалық білім беру саласындағы мұғалімді жалпы педагогикалық дайындау.
-
Педагогикалық мәдениетке кіріспе / Е.В.Бондареваның түзетуімен – Ростов на дону, 1995.
-
Грехнев В.С. Педагогикалық қарым-қатынас мәдениеті – 1990.
-
Елканов С.Б. Болашақ мұғалімнің өзін-өзі тәрбиелеу негіздері – М., 1989.
-
Кан-Калик В.А., Никандаров Н.Д., Педагогикалық шығармашылық – М., 1990.
-
Коджаспирова Г.М. ПЕдагогтің кәсіби білімін көтеру мәдениеті – М., 1994.
Теориялық мәліметтер:
Болашақ маман қызметінің негізінде жатқан және заманауи мұғалімнің педагогикалық шеберлігінің алғы шарттары болып табылатын қабілеттіліктер диагностикасының белгілері мен әдістері жөнінде нақты және айқын түсініктің студенттердің кәсіби-педагогикалық дайындығының тиімділігі мен ерекшеліктерін арттыруда маңызы зор. Өмір мұғалімнің нақты ғылыми білімдердің және жалпы адамзаттық рухани құндылықтардың ұстанушысы болуын ғана емес, сондай-ақ өзінің жұмысында жоғары шеберліктің маңызды қайнары болуын, ол нені дұрыс, шабытты және сенімді, қызықты және жөн айтуды білуін ғана емес, сонымен бірге қалай айтуды білуін талап етеді.
Педагогикалық және актерлік дарындылық табиғатының мәселесін, оның диагностикасының белгілері мен әдістерін зерттеу:
-
студенттерді курсқа іріктеу үрдісінде-ақ педагогикалық және актерлік шеберлікке табысты оқытуды болжау үшін;
-
бейімділіктердің, арнайы қабілеттіліктердің, тұлғаның жалпы көркемдік дарындылығы мен шығармашылық әлеуетінің ара қатынасын елестету үшін (кәсіби маңызды ерекшеліктерді айырып және олардың бір-бірімен қалай байланысқанын, қандай психикалық үрдістермен қамсыздандырылғанын анықтау, не нәрсесіз оқытудың болашағы жоқ, ал оқыту үрдісінде не дамитынын ойлаутыруға болады);
-
шамамен кәсіби маңызды ерекшеліктерді анықтағанда қателеспеу үшін;
-
студентке өзінің мүмкіндіктерін, күшті жақтарын және кемшіліктерін түсінуде, қабілеттілік барда мамандықты меңгеру жолында нақты кедергілерді жеңуде жәрдем беру үшін;
-
шығармашылық дербестікті ынталандыратын факторларды белсенді ету және жағдай жасау үшін қажет.Алдымен педагогикалық қабілеттіліктер құрылымының бөлшегі болып табылатын актерлік қабілеттіліктер белгілерінің мәселесін қарастырайық. Актерлік қабілеттіліктердің тәжірибеде жинақтаған өз белгілері бар. Көптеген театр қайраткерлері, түрлі театр мектептерінің негізін қалаушылар К.С.Станиславский, В.Э.Мейерхольд, Е.Б.Вахтангов, А.Я.Таиров актерге қажет ерекшеліктер мен сипаттар жөнінде жазды.
Адамдардың актерлік дарынды басты ерекшеліктері есебінде түрлі сипаттар аталады:
-
эмоциялы стресс жағдайында өнімді және жалғастыру әрекетіне қабілеттілік;
-
ой тудыруға және әрекет арқылы ойдың трансляциясын жүзеге асыруға қабілеттілік;
-
бір ойыннан екіншісіне ауысуға дайын болу;
-
эстетикалық қызметке, көркемдік образдарды жасауға бағыттылық;
-
қоршаған ортаға әсердің нақтылығы және айқындылығы;
-
түрленуге икемделу, өзін-өзі сендіруге қажеттілік;
-
жеке тартымдылық, сүйкімділік;
Біз жүргізген зерттеу нәтижелері мынаны көрсетеді, яғни педагогикалық мамандықты алатын студенттер адамдардың әртістік (арнайы көркемдік білімдері жоқ) деп айтуға болатын негізгі ерекшеліктері деп мыналарды есептейді:
-
өзімен, өзінің сезімдерімен, ойларымен, күйзелістерімен, ассоциациясымен, іште, жүректе әрдайым пайда болатын дүниемен бөлісу қабілеттілігі;
-
өзінің сезімдерін басу және сыртқа “тастағысы” келетін сезімдерді ғана “тастау” икемділігі;
-
әр түрлі болу, таңдандыру шеберлігі;
-
кез келген істі жүргізіпәкету қабілеттілігі, қызықтырып әсерлендіру, қоршаған адамдарды өзіне сендіруге мәжбүрлеу шеберлігі, тартымдылық;
-
жасы келгенге қарай өмір сүріп жатқан сияқты ойнау қабілеттілігін жоғалтпау;
-
көпшілік алдында батыл болу;
-
дамыған бейнелі ойлау, реактивтілік, жігерлілік;
-
әр түрлі адамдармен қарым-қатынас кезінде жеңілдікті сезіну, барлық жағдайда оларға және өмірге қызығушылық таныту, ақ көңілділік;
-
мықты визуалды және эмоциялық ес (әңгімелесушіні тыңдау және сезіну бейімділігі);
-
еркіндік сезімі, мүмкін еместі елестету шеберлігі;
-
қанағатшылық сезім, әсершілдік;
-
сезімталдық;
-
өмірден, адамдардан әрдайым жаңа бір нәрсе іздеу;
-
шапшаңдық, бай қиял, юмор сезімі;
-
зеректік, түсінгіштік, білімділік.
Бақылау сұрақтары:
1. Педагогикалық және актерлік қабілеттіліктер жөніндегі түсініктердің студенттердің кәсіби-педагогикалық дайындығындағы маңызы қандай?
2. Педагогикалық және актерлік дарындылық табиғатының мәселесін, оның диагностикасының белгілері мен әдістерін зерттеу не үшін қажет?
3. Актерлік қабілеттіліктердің белгілері қандай?
4. Актерлік қабілеттіліктің мұғалімнің іс-әрекетіне қатысы бар ма?
5. Адамдардың актерлік дарынды ерекшеліктерінің сипаттарын атаңыз.
6. Педагогикалық мамандықты алатын студенттердің негізгі әртістік ерекшеліктері қандай? Ол сіздің бойыңыздан табыла ма?
Қарастырылатын мәселелер:
-
Маманның кәсіби-тұлғалық дамуы деңгейінің критерийі.
-
Педагогикалық іс-әрекет және мұғалімнің психологиялық мәдениеті.
Әдебиеттер
Негізгі:
-
Педагогикалық шеберлік негіздері / И.А.Зязюнаның түзетуінде – М., 1989
-
Занина Л.В., Меншикова Н.П. Педагогикалық шеберлік негіздері – Ростов на Дону, 2003
-
Кукушкин В.С. Педагогикалық қызметке кіріспе – Ростов на Дону, 2002.
Қосымша:
-
Абдуллина О.А. Жоғарғы педагогикалық білім беру саласындағы мұғалімді жалпы педагогикалық дайындау.
-
Педагогикалық мәдениетке кіріспе / Е.В.Бондареваның түзетуімен – Ростов на дону, 1995.
-
Грехнев В.С. Педагогикалық қарым-қатынас мәдениеті – 1990
-
Елканов С.Б. Болашақ мұғалімнің өзін-өзі тәрбиелеу негіздері – М., 1989.
-
Кан-Калик В.А., Никандаров Н.Д., Педагогикалық шығармашылық – М., 1990.
-
Коджаспирова Г.М. ПЕдагогтің кәсіби білімін көтеру мәдениеті – М., 1994.
Лекция мәтіні:
Педагогикалық іс-әрекет және мұғалімнің психологиялық мәдениеті.
Педагогтің білім мен ақпаратты тасымалдаушы ғана болуы бүгінгі күнде жеткіліксіз. Ендеше бүгінгі мұғалім жоғары педагогикалық және психологиялық мәдениетті меңгеруі міндетті.
Психологиялық мәдениетке адамның психологиялық саулығы мен өзін-өзі және басқа адамды тануы, өзін-өзі ұстау және қарым-қатынас жасау мәдениеті жатады. Психологиялық құзырлылыққа педагогикалық іс-әрекеттің кәсіби міндетті шешуге қажетті психологиялық білімі мен іскерлік кешені кіреді. Ал адамның өзін-өзі таныта білу іскерлігі қоғамда аса маңызды.
Мұғалімдер шеберлігін арттыру мәселесі қай кезде болсын педагогика ғылымында алдыңғы орында тұрғандығы белгілі. Оны зерттеушілер еңбектерінен айқын аңғаруға болады. Мәселен, мұғалім қызметі формалары мен түрлі әдіс-тәсілі С.Гусев, П.Груздев, С.Иванов, А.Моисеев, М.Рубинштейннің, педагогикалық іс-әрекеттің ғылыми негіздері Н.Александров, В.Ильин, И.Огородников, А.Пискунов, Н.Кузьмина және т.б. зерттеулерінде кеңірек орын алған.
Қазіргі таңда да осы мәселе төңірегінде зерттеу жұмыстары қызу жүргізілуде (О.Абдуллина, Б.Айтмамбетова, В.Сластенин, А.Щербаков, Н.Хмель және тағы басқалар).
Педагогикалық іс-әрекет мәнін ашуда біз, ең алдымен мұғалімнің кәсіби іс-әрекеті мен жалпы іс-әрекет мәселесіне назар аударғанымыз жөн. Бұл іс-әрекеттің жалпы теориясы М.Демин, Н.Гордеева, Б.Зинченко, Г.Батищев, М.Каган, А.Леонтьев, т.б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылады.
Б.Ананьев “өмірде әрбір индивидке қажетті ойын, оқу, еңбек әрекеттері” десе, Ә.Алдамұратов “іс-әрекет деп адамның белгілі бір мұқтаждығын қанағаттандыруға арналған белсенді қылықтары” дейді. Сондай-ақ, оқу үрдісін әрекет тұрғысынан зерттеушілер де (П.Гальперин, Ф.Талызина, А.Маркова, Г.Щукина, т.б.) оқу әрекетінің жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көздеген нәтижеге жетуі тек қана оқу мотивтерінің дұрыс тәрбиеленуімен байланысты болатынын тұжырымдайды.
Оқу әрекетін дұрыс қалыптастыру үшін оның өзіне тән ерекшеліктері мен құрылымын, оқушыны дамытудағы атқаратын қызметін білу керек. Оқу әрекетінің өзге әрекет түрлерінен ең басты өзгешелігі: оқушының үнемі “жаңа дүниеге енуімен”, әрбір жаңа әрекеттің бөліктерін игерумен, әрдайым оның бірінен екіншісіне ауысып отыруымен байланысты.
Маманның кәсіби-тұлғалық дамуы деңгейінің бес негізгі критерийі бар: руханилық, кәсіби-біліктілік, кәсіби әрекетке операциялық-технологиялық дайындығы, шығармашылық белсенділік және бейімделу қабілеттілігі.
Рухани көрсеткіштер мына төмендегілер:
-
кәсіби-әрекетке саналы қызығу;
-
қарым-қатынас жасай білу, айналасындағылармен араласу;
-
адамдарды түсіне білуі;
-
адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру (ар-намыс, борыш, жауапкершілік);
-
сөзі мен ісі арасындағы байланыс;
-
рухани құндылықтарды бағалау.
Кәсіби – біліктілігінің көрсеткішіне жататындар:
-
болжам жасау қабілеттілігі (жұмысын жоспарлау, қиындықтарының алдын алу, т.б.);
-
әрекетінің жетістігі;
-
әрекетінің саналы деңгейі (ғылыми негізде жұмыс жасау);
-
стратегиялық, тактикалық міндеттерін белгілеу;
-
кәсіби әрекетте түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана білу шеберлігі;
-
күрделі кәсіби міндеттерді шеше білу;
-
әрекеттің мақсаттылық деңгейі;
-
түрлі әдістемелер мен технологиялармен жұмыс істей білу;
-
зерттеу жүргізе білу дағдысы;
-
студенттің тілін дамыту;
-
ұйымдастыру қабілеті.
Шығармашылық белсенділік көрсеткішіне мыналар жатады:
-
кәсіби әрекетте шығармашылық элементтерін қолдану;
-
шығармашылық материалының күрделі деңгейі;
-
өз шығармашылығын балаларға үйрете білу;
-
балалардың шығармашылық қабілетін дамыта білу.
Кәсіби әрекеттер жасау адамның біліктілігін кеңейтеді. Мұғалімнің өзін және әрекетін типтік құбылыс ретінде қарастыруға болады. Қызметіндегі рөлін жоғары бағалап, өзін соның бір бөлігімін деп сезінетін адамдар өте жиі кездеседі. Олар бар міндетін өз мойнына жүктеп, біртұтас, бөліп қарауға болмайтын үрдіс ретінде қабылдайды. Мысалы, оқытушы кәсіби нәтижеге жету үшін пәнді күшейту негізінде белгілі бір күш жұмсап, оқушыларға бақылау жүргізу қажет. Ол өзін “Бағалаушы” және “Сот” рөлінде көрсетіп, “Білімдар” имиджін әрқашан қорғауы керек. Бұл әдіс әр мұғалімге сәйкес келе бермеуі де мүмкін. Бірақ, ол өз имиджін қорғай алуы тиіс.
Белгілі ағылшын психологі Эверет Шостромның ойынша “Қазіргі заманда адам өзінің шексіз әдіс-тәсілдерінің нәтижесінде өзін шығармашылық жағынан және тікелей көрсете алады. Бірақ, өткенді тежеп, болашақты қауіпсіздендендіруге әлі мүмкіншілік аз” деген ой айтқан. Демек, әр адам белгілі дәрежеде манипулятор бола алады. Алайда, ізгіліктік психологияда манипуляторлыққа қарсы да әлеует бар. Мұны А.Маслоу, кейінірек К.Гольдштейн “Өзін-өзі актуаландыру” деп бекіткен.
Мұғалімнің кәсіби манипуляторлықты қолдануы психологияда қорғану тәсілі делінеді. Ол ой-тілегін, ұсынысын еркін білдіруге, дамуына, өмірдің әдемілігі мен сан түрлілігін толығымен сезінуіне шек қояды. Психологтердің көпшілігі “өзін бағыттай бақылай алған адам - өзгере алу еркіндігі дамыған, сәтсіз кезеңді мерекеге айналдыра алатын адам” дейді. Еркіндіктің және өзін актуаландырудың алғашқы қадамы - өз әрекеттерін саналы түрде түсіне білу. Адам өмірге келе сала тәртіптеуші, амал табушы қасиетке ие болмайды, ол қасиеттерді кәсіби орта, көпшілік шыңдайды.
Ф.Перлздің айтуынша, адамның өзін және қоршаған ортасын қорғауында қайшылықтарға жиі кездеседі. Мұнда өзіне және өзгеге деген сенімсіздік мәселесі туады. Баланы қатал бақылап, сан қайтара тексеру шектен тыс болған жағдайда өзіне деген сенімсіздігі күшейеді. Ондай адам өзінен беделі жоғары адамнан қолдау іздейді.
Екінші себепті анықтаған Э.Фромм адамға тән қасиет – махаббат деп есептейді. Адам өзін-өзі сүйе білмесе, ол өзгені сүйе де, түсіне де алмайды. Өзін сүюі - өзінің әлсіз жақтарын, кемшілігіне дұрыс көзқараспен қарауы. Біз қиял қуып, қызылға қызығу салдарынан өзімізді де, өзгені де түсінбеушілікке тап болуымыз ықтимал. Осыған ұшыраған мұғалім үмітсіз болады әрі шәкіртін де дұрыс баули алмайды.
Үшіншісі, экзистенциялды мәселе – ол жалғыздықтан қорқу. Дж.Буженталь мұндай жағдайда адам өзін өмірдегі ең әлсіз, ең жалғыз адамдай сезінеді дегенді айтады.
Төртінші себебі – қиындықтан қорқу. Бұл мәселеге Э.Берн, ДЖ.Хейли, В.Глассер шығармаларында көп көңіл бөлінген. Қиындықтан қашқан кез келген адам еш әрекет қолданбай, шешімге келе алмай, тәжірибе жасап көруге тырыспай-ақ үнсіз жүре беруге бар.
Бесіншісі – манипуляция. “Бұл әдіс логикасыз әрекеттер” дейді Альберт Эллис. Оған беделін студенттер алдында түсіргісі келмейтін оқытушы мысал бола алады. Бірақ, барлық студенттер көзқарасы бірдей болуы мүмкін емес. Дегенмен сыйластық өзара қайтарымымен болса, онда осы нәтижеге жеткен оқытушының ісі әлде қайда жемісті болады.
Ақылдылыққа, сабырлылыққа еңбектенбей қол жеткізу мүмкін емес. Өзін актуаландыру үшін адам, ең алдымен, “Мен” және оның барлық қасиетін талдап, бағалай алуы қажет.
Жаңашыл педагогтердің әдістері тәжірибелік және теориялық педагогикада қаншалықты сенімді әрі маңызды болғанымен, әлі де жете түсінікті емес, елестету қиын. Зерттеулердің нәтижесі арқылы педагогикалық шеберлік пен ғылыми заңдылықтарды және алдыңғы қатарлы педагогтердің тәжірибелерін қолдану бірегей екенін көруге болады. Педагогикалық шеберлік не деген сауалға көптеген авторлар жауапты жемісті нәтижеге жеткен педагогтердің еңбектерінен іздейді.
Қазіргі заманда оқыту мен тәрбиелеу теориясы мынадай жалпы ғылыми және жалпы әдіснамалық ұстанымдарға негізделеді: ғылымилық, адамгершілік, диалектикалық теория мен жүйелілік, саналылық, қол жетерлік тәжірибелердің байланысы. Осы тәжірибелердің тексерілген ұстанымдық талдауына сүйенсек, оқыту мен тәрбиелеу, қарым-қатынас пен жекелену педагогикалық шеберліктің білім және басқа да заңдылықтар мен сабақтастығында ерекше қасиет. Бірақ, бұл заңдылықтар өздігінен шеберлікке ие болу жолдарын көрсетпейді және оның негізгі мінездемесі болып табылмайды. Толық жауап алу үшін психологиялық-педагогикалық теориялар мен тәжірибелер жетістіктеріне терең талдау қажет.
Б.Скиннердің айтуынша, “Үйрету технологиясы – психология жетістіктерін педагогикада қолдану”. Оқытудағы жаңа технологияның нығаюы тұлғалық қызметтің педагогикаға ықпал етуімен тығыз байланысты. Мұндай ықпал ету белгілі мағынада әрекетшіл және өзіндік парадигмаларды педагогикалық психологияда теңестіреді.
Өмір педагогиканың алдына ұстанымдық жаңа мәселелерді ұсынады.
Фрейдтың шәкірттері Вильгельм Рейх, кейінірек Фредерик Перлз адам ішкі жан дүниесіндегі қайшылықтарды жеңіп шығуы қиындықтан құтылудағы, өзгеруге тырысуындағы үрдіс болып табылады деп тұжырымдаған. Адам қиындыққа ұшыраса не қауіп төнсе уайымға беріледі. Яғни, төнген қатерді аса әсірелеп, күшейтіп жеткізу адамның қорғану әрекеттеріне шек қояды.
Мұғалімнің өзін-өзі актуаландыруындағы әрекеті өз талабы мен әлеуеттік мүмкіншілігіне негізделген. Өйткені, ол өзін дамыту, тәжірибелерін кенейту арқылы өз білімін көтеріп, білгенін өзгеге сіңіреді. Осы тұрғыдан алғанда, тұлғалық өсу заңдылығы өзін-өзі актуаландыру және қорғау, манипуляциялау қасиеттерін дамытудың балама жолдарын ұсынады:
-
адекватты қабылдауға тырысу, құштар болу;
-
өз бойыңа табиғилық, өзгергіштік қасиеттер дамыту;
-
өзіңді де, өзгені де сынаусыз қабылдай алу, философиялық көзқарас пен қалжыңды таразылай білу;
-
мүмкіншілігінше еркін жүруге, өз ойыңа және сезіміңе сенімді болуға, өзіңнің алдыңда адал болып, әр нәрсеге жауапкершілікпен қарай білуге тырысу керек;
-
өз шығармашылық қасиеттеріңді дамытып, мұқтаждығың мен қалауыңа мұқият болу қажет;
-
күресе білу, жинақылық, амал таба білу сияқты қорғану қасиеттерін танып білу, сезіну;
-
өзгемен бірлесе алу, оның өзіндік құқығын сыйлау, яғни өзіңді тең санау қасиеттерін дамыту.
Педагогикалық білім беруде оқыту мен тәрбиелеу технологиясына руханилық қосылмаса, онда күйреуге ұшырайды. Педагогикалық мәдениеттің прагматикалық және руханилылық бөліктерінің арасында органикалық байланыс бар. Педагогикалық еңбек адамның мәдениетті жасау мен дамытуда өз үлесін қосуына тікелей байланысты болады.
Бақылау сұрақтары:
-
Психологиялық мәдениет дегеніміз не?
-
Мұғалім шеберлігін арттыру мәселесінде үлес қосқан педагог-ғалымдар кімдер және олардың еңбектерін айтыңыз.
-
Зерттеулер мамандардың жоғары дәрежедегі іс-әрекетін, неге оның мәдениеттілігіне байланысты деп санайтындығын түсіндіріңіз.
Қарастырылатын мәселелер:
-
“Компетенция” ұғымы туралы.
-
Кәсіби құзырлылық мәні мен мазмұны.
Әдебиеттер
Негізгі:
-
Педагогикалық шеберлік негіздері / И.А.Зязюнаның түзетуінде – М., 1989
-
Занина Л.В., Меншикова Н.П. Педагогикалық шеберлік негіздері – Ростов на Дону, 2003
-
Кукушкин В.С. Педагогикалық қызметке кіріспе – Ростов на Дону, 2002.
Қосымша:
-
Абдуллина О.А. Жоғарғы педагогикалық білім беру саласындағы мұғалімді жалпы педагогикалық дайындау.
-
Педагогикалық мәдениетке кіріспе / Е.В.Бондареваның түзетуімен – Ростов на дону, 1995.
-
Грехнев В.С. Педагогикалық қарым-қатынас мәдениеті – 1990
-
Елканов С.Б. Болашақ мұғалімнің өзін-өзі тәрбиелеу негіздері – М., 1989.
-
Кан-Калик В.А., Никандаров Н.Д., Педагогикалық шығармашылық – М., 1990.
-
Коджаспирова Г.М. ПЕдагогтің кәсіби білімін көтеру мәдениеті – М., 1994.
Лекция мәтіні:
Кәсіби құзырлылықтың мәні
“Қазақстан Республикасының жаңа формация педагогінің үздіксіз педагогикалық білім беру тұжырымдамасында” жаңа қоғам мұғалімін “рухани адамгершілігі жоғары, азаматтық жауапкершілігі мол, белсенді, жасампаз, рефлексияға қабілеті басым, экологиялық білімді, шығармашыл тұлға, өзін-өзі дамытуға және өзін-өзі көрсетуге ұмтылыс, әдіснамалық қалыптасуының жоғары деңгейін сипаттайтын әлеуметтік, тұлғалық, коммуникативтік, ақпараттық және біліктіліктің басқа түрлерін меңгерген құзырлығы жоғары маман” деп сипаттайды. Бұл болашақ маман дайындау үлгісінде оның тұлғалық сапалары мен қасиеттерін қалыптастырудың маңызын көрсетеді. Тұлғалық-бағдарлық бағытта білім беру нәтижесі білім, біліктілік және дағды жүйесіне, шығармашылық іс-әрекет тәжірибесіне және эмоционалды көңіл-күйді көрсете білуге, ерікті қарым-қатынасқа педагогикалық бейімделген тұлғаны қалыптастыру ретінде түсіндіріледі.
Сондықтан маманның кәсіби құзырлығының әлеуметтік және тұлғалық түрлеріне ерекше мән беріледі. Бұл үшін, біріншіден, ақпараттық қоғамда кез келген маманның іс-әрекеті күшейтіледі, екіншіден, білім парадигмасының өзгеруі кәсіби білім, біліктілік пен дағдыға маманның дайындығын қалыптастырудың, ойлаудың әдіснамасын дамытудың қажеттілігін көрсетеді, үшіншіден, ізгілікті және әлемдік интегративті үрдістер тенденциясы алдымен көпмәдениетті тұлғаны қалыптастырудың қажеттілігін айқындайды.
Маманның кәсіби дайындығының классикалық үлгісі мазмұндық, тұлғалық және процессуалдық технологиялық бөліктерден тұратыны белгілі. Қазіргі білім беру стандарттары компетенция, компетенттілік ұғымдары арқылы дайындауды ұсынады.
“Компетенция” ұғымы латын сөзінен шыққан, ол адамның мәселелерге жақсы хабардарлығын, анымдар мен тәжірибелерді меңгеру аумағын білдіреді. Педагог-ғалымдар берген анықтамалар төмендегідей:
-
компетенция – оқушының меңгерген білімін, оқу біліктері мен дағдыларын, әрекет тәсілдерді өмірде тәжірибелік және теориялық міндеттерді шешу үшін пайдалана алуы;
-
компетенттілік – пайда болған мәселелер мен міндеттерді жедел түрде шешуге мүмкіндік беретін, түсініктілік жүйесінің және соған сәйкес түсінудің, сыни ойлаудың болуын талап ететін, тәжірибелік әрекеттерді жүзеге асыруға қабілеттілік;
-
компетенция – тұлғаның белгілі бір пәндер шеңберінде қатысты білімі, біліктілігі, дағдысы мен іс-әрекеттері тәсілінің өзара байланысқан сапаларының жиынтығы;
-
компетенция – адамның өзінің іс-әрекет саласына сай компеиенцияларды меңгеруі.
М.Чошанов кәсіби құзырлылықты “кәсіби шеберлік деңгейі жүйесінде орындаушылық пен жетілдірушілік арасында аралық мәнге ие болу” деп түсіндіреді.
Біріншіден, құзырлылық нақты жағдайда ұтымды қолдану үшін жаңа ақпаратты меңгеріп, үнемі білімді толықтыруды ұсынады. Екіншіден, құзырлылық тек білімді меңгеруге ғана емес, білімге байланысты міндеттерді шешуге әлеуетті дайындықты көрсетеді. Демек, ол өзіне мазмұнды білім және процессуалды біліктілік компоненттерді енгізеді. Сондықтан компетентті маман жағдайға байланысты сай келетін әдістерді қолдануы тиіс. Ал әдістердің икемділігі құзырлылықтың маңызды сапасы ьолып табылады.
Үшіншіден, компетентті адам сыни тұрғыдан ойлауды меңгерген болуы қажет.
Сонымен құзырлылық ұғымының мазмұны төмендегі негізгі белгілерден тұрады:
-
білімнің жұмылдырылуы, білімді пайдалана білуі;
-
әдістердің икемділігі;
-
сыни ойлауы;
-
шешімді қабылдау іскерлігі, біліктілігі.
Маманның кәсіби даярлық құрылымында арнайы, әлеуметтік және тұлғалық құзырлылықты қалыптастыру айқындалған. Оны төмендегі сызбадан көруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |