«лингвомәдениеттану» курсы бойынша дәрістердің ҚЫСҚаша мазмұНЫ



бет6/27
Дата02.01.2022
өлшемі498 Kb.
#452238
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27
«лингвом дениеттану» курсы бойынша д рістерді ЫС аша мазм НЫ

Мән (смысл) мен мағына (значение) оларды жұптап қолдануға үйреншікті санамызда қаншама бірдей болып көрінгенімен, бір біріне тепе-тең ұғымдар емес. Мағына – мәнді жеткізудің, көрсетудің бір құралы, ал мән – кез келген сөйлеу актісінің түпмақсаты, телосы ("telos").

Мән-мағынаны концептуализациялау барысында Гуссерль “ноэма” ұғымын еңгізеді. Ноэма – тәнсіз, құштарсыз мағына, яғни физикалық болсын, менталдық болсын тіршіліктен ада мағына. Мән де осы ноэма іспеттес. “Мән-мағынаның дыбысқа айналуы (конверсиясы) адамдардың өзара мұң-мұқтаж, ақыл-ойларымен бөлісуін мүмкін етеді” [122, 170 б.]. Қаза берсе шығара беретін терең де күрделі тақырып болғандықтан әрі өзіміздің тарау атауы қарыздар етіп отырған мәселе төңірегінен сөз қозғау керектігінен, осымен мән-мағына мәселесін қарастыруды үзе тұрып, аударманың лингвомәдениеттанулық мәселе екендігіне жақындау қажет.

Бұл тараушада бізді аударманы лингвомәдениеттанулық аяда қарастыру мәселесі қызықтырып тұрғандықтан, аудармаға мәдениеттануға да, философияға да, лингвистикаға да, тілтануға да икемді анықтама берер болсақ, онда аударма, біріншіден, тілдік дәнекерлік, байланысушылық түрі екендігін айтар едік, екіншіден, коммуникациялық тұрғыдан мәтіндік сәйкестілікті қамтамасыз ету жолы деп таныр едік, үшіншіден, мәдениеттердің өзара байланысының нәтижесінде мүмкін болмақ мәдени сұхбатты танытушы деп есептер едік. Осы анықтаманың құрамындағы қайта-қайта орағытылып тұрған маңызды ұғымдардың бірі тіл болып тұр.

Аударма – күрделі әрі көп қырлы адам әрекетінің түрі. Күнделікті аударманы «бір тілден екінші тілге» аудару деп қабылдаймыз, бірақ аударма барысы бір тілден басқаларға ауыстыру ғана емес. Аудармада әр түрлі мәдениеттер, әр түрлі тұлғалар, түрлі ойлау құрылымы, әр түрлі әдебиеттер, әртүрлі дәуірлер, дамудың түрлі дәрежесі, әр түрлі дәстүрлер кездеседі. Аудармаға мәдениеттанушылар, этнографтар, психологтар, тарихшылар, әдебиеттанушылар қызығушылық танытып, аударма әрекетін оның әр түрлі жақтарына сәйкес келетін ғылымдар шеңберінде зерттейді.

Қазіргі аударматанудың лингвистикалық базасының құрылуына әлеуметтік лингвистика да маңызды үлес қосты. Әсіресе, осы сұраққа келгенде бірін-бірі толықтырып отыратын мынадай екі ұстаным құндылық танытады. Бір жағынан, тіл белгілі бір мәдениеттің өкілі ретіндегі нақты этностың ерекшелігін көрсететін, оны басқа мәдениеттердің арасынан ажырата қарастыратын біртұтас әлеуметтік-мәдени құрылым ретінде қарастырылады. Басқа жағынан, тіл қоғамдық өмірдің көпқырлылығына және әржақтылығына, адамдардың бір мәдениет шеңберінде әлеуметтік, кәсіби және де басқа да көптеген ерекшеліктерінің болуына байланысты алуаннұсқалы (вариативті) болып келеді.

Август Шлегельдің адамның ақылы аударуды ғана біледі деуінің мәні осындайда еске оралады. Аударма мәселесіне тіл білімінің қызығушылық танытуы, салыстыра келсек, жақында ғана пайда болғанын және сонымен қатар, маңызды қиыншылықтарды басынан өткізгенін ескере кеткеніміз жөн. Қазірдің өзінде лингвистика жөніндегі көптеген негіздеуші еңбектер аударманы лингвистиканың ғана зерттеу объектісі ретінде қарайды.

Лингвистикалық зерттеу аударманы жан-жақты қарастырудың алғашқы сатысы. Лингвистика аударма процесін билингвизм мәселесімен байланыстыра қарайды. Билингвизмді зерттеу адамның екі тілдік жүйені пайдалануы мен сөйлеу барысындағы өзара әрекеттесуді қарастырады. Билингвизм мәселесі аудару іскерлігіндегі қарым-қатынасқа тікелей байланысты болады. Аудармашы, ең кем дегенде, екітілді жан.

Аударманың лингвистикалық мәселе екендігі туралы арнайы ізденістер жетіп артыларлық, ал соның лингвомәдениеттанулық ізденістерге қаншалықты қатыстылығын қарастыру осы параграфта біздің алға қойып отырған міндеттеріміздің бірі. Әртүрлі өзара әрекеттің тілдік процестегі ауызша коммуникациялық сипатталуы, бір жағынан, коммуникативті теңдік жағдайында өтеді, екінші жағынан, екі тіл бір-бірінен қайткен күнде де, әйтеуір, бір ерекшеленеді. Сол екі тілдің біреуі, басқасына қарағанда, ерекше басым роль ойнауы мүмкін. Аударма барысында адам бір тілді келесі басқа тілге сәйкестендіру жолын іздестіреді.

Мәдениет пен тілдің өзара қатынасы мәселесі тіл мамандарының қызығатын дәстүрлі объектісіне айналды деуге болады. Бірақ та соңғы он жылда “мәдениет” ұғымы тым кең түсінікке ие болды. Адамзаттың материалдық және рухани жетістіктерінің жиынтығы ретінде оның дәстүріне, құндылығына, көзқарасына, мәдени институттарына, мінез-құлығына, тұрмысына, өмір жағдайына тән – бір сөзбен айтқанда, оның болмысының, санасының барлық жақтарына тән тарихи, әлеуметтік және психологиялық құбылыстардың барлық ерекшеліктерін қоса отырып, осы терминнің кеңейтілген түсініктемесі беріледі. Мәдениеттің мұндай түсінігі, әрине, адамның өмір сүруінің маңызды шарттары ретінде оған тілді және вербалды коммуникацияның барлық басқа аспектілерін қосады.

Теориялық тұрғыдан “мәдениет” түсінігінің жаңаша баян етілуі ары қарай екі бағытта дамыды. Бір жағынан, адам туралы глобалды ғылымның маңызды бөлігі ретінде жаңа ғылыми пән – “мәдениеттану” қалыптаса бастады. Басқа жағынан, дәстүрлі мәселе болып табылатын “тіл және мәдениет” мәселесі жаңа маңыздылық пен кең көлемділікке ие болды.

Вербалды коммуникацияның құралы ретінде тіл мәдениеттің маңызды бөлігі болып табылады және оның құрылымы мен қызмет етуінің барлық ерекшеліктері нақтылы бір тілдік ұжымға тиесілі мәдениеттің көрінісі болып есептеледі. Бірақ тілдің мәдениеттің басқа да элементтерімен байланысының күрделілігі мен тармақталған жанама түбірлер арқылы жүзеге асатындығын да ескеру керек. Қоршаған әлем, рухани өмір және адамдардың жүріс-тұрыс мінез-құлқы тіл категориялары мен формаларында қайта түзеліп, құрастырылатын және жүзеге асатын адам санасының белгілі бір когнитивті құрылымдарында көрініс береді. Когнитивті құрылымдар, әсіресе, тіл құрылымдарының қалыптасуы мен дамуы тек сыртқы факторлардың (мәдениеттің басқа элементтерінің) әсерінен ғана емес, сонымен қатар, өзінің бірыңғай когнитивті құрылым ретіндегі және тіл жүйесі ретіндегі ішкі заңдарының әсерінен де тәуелді болады.

Аудармашылық қызметтің заңдылықтарын зерттеуде тілді тасымалдаушылардың мәдениетімен тура немесе жанама түрде шартталған тіл ерекшелігі аса зор қызығушылық тудырады. Осындай ерекшеліктер тіл құрылымының түрлі деңгейлерінде, вербалды коммуникациялар ережелерінде, тілден тыс шындықты бейнелеудің тәсілдерінде табылуы мүмкін.

“Тіл – тілек, сезім мен ойды тасымалдаудың инстинктивті емес, таза адами тәсілі” [123, 123 б.]. Тілдің сөздік құрамының әлеуметтік-мәдени детерминацияланғандығы оңай анықталады. Адам іс-әрекетінің белгілі бір саласындағы атаулар санының мөлшері сол әрекет сферасының әлгі мәдениет үшін қоғамдық маңыздылығының дәрежесіне тікелей байланысты екендігі белгілі. Вербалды коммуникацияның түрлі жақтарының мәдени тұрғыдан шартталғандығын зерттеу аударманы зерттеу үшін маңызды. Біз жоғарыда аудармашылық қызметтің тек екі тілдің өзара әрекеті ғана емес, сонымен қатар, қос мәдениет арасындағы байланысты білдіретінін айтып кеткен болатынбыз. Әрбір жеке мәдениетті сипаттайтын қайталанбас ерекшеліктермен қоса, көптеген мәдениеттерге ортақ факторлар болатынын да ескеру керек. Сондай-ақ, түрлі мәдениеттер бір біріне әсер еткен және болашақта әсер ете береді де. Өмір ақиқаты мәдениеттердің томаға-тұйықтығын, түбегейлі түрде бір-бірімен тілге келе алмайтындығы туралы концепцияларды жоққа шығарады.

Бірақ, мәдениеттер арасындағы толық байланыс мүмкіншілігіне күмән туғызған күдіктер туралы кейбір лингвистер, этнографтар, әдебиетшілер, философтар және мәдениеттанушылар да айтқан болатын. Мысалы, тіл білімінде “Сепир-Уорф болжамы” деп аталатын концепция белгілі, мәдениеттануда О. Шпенглердің мәдени томаға-тұйықтық туралы айтқан ойлары бар және тағы басқалар.

Көбіне "лингвистикалық салыстырмалылық гипотезасы" деп аталатын бұл Сепир-Уорф болжамды концепциясы тіл құрылымы ойлау құрылымын және сыртқы әлемді тану тәсілін құрайды деген пікірден шығады. Э. Сепир мен Б. Уорф гипотезасының негізінде адамдар әлемді түрліше, яғни, өз ана тілі аясында танып біледі деген сенім жатыр. Әрбір тіл нақты шындықты тек соның өзіне ғана тән тәсілмен көрнекілейді, ендеше, түрлі тілдер өздерінің түрліше болып келетін “әлемнің тілдік суреттерімен” де ерекшеленеді.

Сепир-Уорф гипотезасында мынадай негізгі ұстанымдар бар:

1. Тіл сол тілде сөйлейтін халықтың өзіндік ойлау тәсілін мүмкін етеді.

2. Нақты әлемді тану тәсілі сол таным субъектісінің қай тілде ойланатындығына тәуелді.

“Біз әлемді бөліп-бөліп қарастырамыз. Оны ұғымдарға сыйдырамыз. Ал қай мән-мағынаны болмасын алдын ала келісілген жүйе бойынша белгілей береміз. Бұл келісім белгілі бір тілдік ұжым үшін маңызды және ол келісім біздің тіліміздің модельдерінің жүйесінде бекітілген” [124, 174 б.].

Б.Л. Уорфтың тұжырымдамасы бойынша, тіл – адам ойын анықтайтын форма. Тіл адамның өмірді қабылдауын және құрылымдауын анықтайды. Әрбір тұлға жастайынан ана сүтімен бірге бойына дарыған, қабылданған тіліне сай әлемнің тілдік картинасына ие. "Тіл біздің санамызды ғана ұйымдастырып қоймай, біздің таным процесімізде де өз орнын алады" [13, 54 б.].

Шындықты тану сипаты соны танушы субъект қайда ойлап тұрғандығына байланысты. Адамдар әлемді бөлшектеп, оны ұғымдарға сыйғызып, реттейді. Таным объективті, жалпы адамдық сипаттан ада: ұқсас құбылыстар тілдің түрлеріне байланысты ойлаудағы айырмашылық арқасында түрлі бейнелерге аударылады. Бұдан шығатыны, әртүрлі тілде сөйлейтін түрлі мәдениеттердің өкілдері арасында толық өзара түсіністіктің болуы мүмкін емес: тілдер түрлі мәдениет адамдарының ойлау жүйелерінің арасында алынбайтындай тосқауыл туғызады. Сондықтан, яғни тілдердің барлығы түрліше болып келгендіктен, олар аударманы априорлы түрде мүмкін емес деп, мәтіннің түбегейлі түрде аударылмастық табиғатын негіздеуге себеп болған.

Жоғарыда аттары аталған Сепир-Уорф сынды этнолингвистердің концепциясы, тағы бір қайтара нықтап қоятын болсақ, түрлі тілдердің жүйе-деңгейлері, яғни фонетикалық, артикуляциялық деңгейлері түрліше болғандықтан, ұғымдар жүйесінен тұратын концептуалды деңгейі бір-біріне сай келмейді деп біледі. Бұлар сынды ғалымдар болғанына қарамастан, аударма бар екендігі рас болса, онда аударылмастық абсолюттілігі мүмкін еместігін тәжірибе дәлелдеп отырғандай. Оның үстіне, қазірде аударматанушы ғалымдар арасында "аударылу аксиомасы" деген түсінік бар. Ендеше, аударылмайтын мәтін жоқ деген сөз.

Біз әрбір тіл өзіндік “әлемнің тілдік бейнесін” жасайтынын, ал соның аударма барысында туындайтын қиындықтардың басты себебі болып табылатындығын да жоққа шығара алмаймыз. Тіл құрылымы, шындығында, айтылған ойларды белгілі бір ретпен ұйымдастыра отырып, ақпараттың құрылу жолдарын анықтауға қабілетті. Бұл мәселеге біз әлі де көп тоқталатын боламыз. Сонымен, кез келген тіл сол тілде коммуникация жасалатын мәдениет өкілдерінің ой-санасының матрицасы, паттерні болып табылады. Сондықтан әлемнің тілдік картинасы туралы (Гумбольдт, Потебня) айтуға болады [7; 11]. Мәдени айырмашылық принципінің методологиялық және гносеологиялық құндылығы оның мәдени бірегейлікті тұжырымдауында ғана емес, мәдени бірегейліктің түрлі сценарийлерін анықтай білуінде жатыр. Бұл – көпэтникалық ортадағы мәдени коммуникацияны қалыптастыруда маңызды принцип. Оның үстіне, ол дұрыс мәдени саясат бағдарламасын жасап, жемісті халықаралық қарым-қатынас моделін жасауға да керек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет