М. Әуезовтің «Абай жолы» романындағы әдет – ғұрыптар мен салт – дәстүрлер. Кіріспе



бет1/14
Дата03.01.2022
өлшемі54.13 Kb.
#451224
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
М. Әуезовтің «Абай жолы» романындағы әдет – ғұрыптар мен салт – дәстүрлер.


М. Әуезовтің «Абай жолы» романындағы әдет – ғұрыптар мен салт – дәстүрлер.

Кіріспе

Халқымыздың көне дәуірден бастау алатын бай тарихы, сан түрлі мәдениеті, өзіндік әдет- ғұрпы,салт-дәстүрі бар, пейілі кең байтақ даласындай қонақжайлылығы рухани мәдениетімізде суреттелгенімен қатар басқа елдер мойындағаны белгілі. Ұлтымыздың болмыс бітімі турасында небір ойшыл ғалымдар айтып өткендей, тыныштықта тәубешіл, жаугершілік сәтте тәуекелшіл, зерделі де ойшыл, сабырлы да төзімді, шыдамды да мейірімді, елгезек те еліктегіш, кеңпейіл де кішіпейіл, ерегескенмен ерегесетін, әділдікті жақтай білген халық.



Қазақ халқы салт-дәстүрді берік ұстанған. Оны әрқашанда орындап, ұрпақтан ұрпаққа асыл мұра ретінде қалдырып отырған. Қазақ «қазақ» деген атын осы күнге дейін өзінің қазақи салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, тыныс-тіршілігімен талай елді таң қалдырып келеді. «Ата салтың-асыл қазынаң» демекші осы тәуелсіз еліміздегі ата-бабаларымыздың қалдырған асыл мұрасын қадірлеп, әспеттеп, жоғалғанды жаңғыртып, көнергенді жаңартып келер өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдыру ата-бабаларымыздың міндеті болса, оны қастерлеу, орындау – біздің борышымыз.Салт-дәстүрлер қандайда бір халықтың мәдени даму дәрежесін, өзіндік ерекшеліктерін көрсететін,оны басқа халықтан айырып танытатын белгі десек те болар. «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» деген мақал осыған дәдлел. Сонымен бірге салт-дәстүрден адамдар өзінің өзгеден айырмашылығын, жеке басын танып білдіреді.

Жазушы Мұхтар Әуезовтің бар ғұмыры ғасырлар қойнауынан жеткен қара сөз бен өлең сөздің құпия қатпарларын зерттеп, ерекше ықыласпен қабылдап, оның өз ұлтының этносына сұлу да сырлы, терең көрінетін жұмбақ қасиетіне нұр қосып, құнарлы тілдің тұқымын егіп, жемісін сан ұрпаққа мәдени мұра етіп қалдырумен өтті. Қаламгердің көркемсөзді сүюін сол сөздерді өз туындыларында дөп басып пайдалану шеберлігінен байқауға болады.Ұлы суреткер алғашқы туындыларының өзімен-ақ бүкіл тіршілігі сөз бағып, сөз өсірумен келе жатқан дала тұрғындарының дара менталитетін, салт-дәстүрін дәл аңдап, айтар ойына алтын айдар тағуды машық қылды (Сыздық Р., 1997, 23 б.). Дәстүр – мәдениеттілік белгісі. Ол ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани байлық. Сонымен қатар бұл уақыт сынына төзген, өркениетке бет бұрған халықтың барынша жүйеленіп қалыптасқан өзіне тән өмір сүру формасы («Ата жолы» тарихи танымдық сайты:http://www.atazholy.kz.).

Салт-дәстүр уақыт талабына сай кешегінің негізінде дамып, жаңарып отырады. Әр халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы сол халықтың келбеті, тәрбиелік ережесі іспеттес болатыны белгілі. Қазақтың тұлғалы ғалымы Қаныш Сәтбаев «Абай жолы» – қазақ өмірінің жарты ғасырлық энциклопедиясы» деп дәл анықтама берген. Әуезов Абай өмірін шығармаға өзек ете отырып, сол тұстағы халықтың өмірін, тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік жағдайын, салт-санасын, әдет-ғұрпын, дәстүрін терең қамтып зор шыншылдықпен көз алдымызға әкелді. Үш жыл оқып елге келе жатқан 12–13 жастағы баланың 60 жасқа жуықтағанға дейінгі өмірін оқып отырып, Абаймен бірге ғұмыр кешкендей әсерде боласыз. Мұхтар Әуезовтей қазақ халқының салт-дәстүрін жетік әрі терең білетін автор болмаса керек деп ойлаймын. Адамның туғаннан бастап ана өмірге кеткенге дейінгі өмірінде кездесетін торқалы той мен топырақты өлімде көрінетін салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың барлығын кездестіруге болады. Ол жазушының «Еңлік-Кебек», «Қараш-қараш оқиғасы», «Қаралы сұлу», «Қыр суреттері» сынды шағармаларында біршама көрініс тапса, «Абай жолында» жан-жақты қамтылады. Абайдың Ділдәмен үйленуі, Әйгеріммен үйленуі, Айдар мен Ажардың тағдыры бейнеленетін сюжеттердің барлығы біздің ұлтқа ғана тән салт-дәстүрлердің әдемі жиынтығы іспеттес. Құда түсу, қыз көру, қыз ұзату, ұрын бару кезінде жасалатын кәделер, құйрық-бауыр жеу, неке қияр барлығы да «Абай жолында» кең қамтылған әдет-ғұрыптар. Өлім жөнелтуге байланысты қазаны естірту, жоқтау, дауыс салу, қаралы ту тігу, қаралы атты күзеу, көшкенде қаралы аттың ер тоқымына қайтыс болған кісінің киімін жауып қойып оны бос жетекке алу, ас беруде қаралы атпен көрісу, қаралы туды жығу, көші-қонға қатысты салттар ерулік, қарулық, жұрт майлау, қымызмұрындық сынды ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптардың жиынтығы біртұтас суреттелген бір туынды болса, осы «Абай жолы» деп айтуға болады. Салт-дәстүрден өзге аңшылық, саятшылыққа қатысты қанжыға майлау, олжаны біреудің қанжығасына байлау, олжа салу сынды кәделер «Абай жолында» қанық бояумен боялғандай көрінеді. «Абай жолы» роман-эпопеясында Мұхтар Әуезов ұлы ақын Абай Құнанбаевтың жеке өмірін, күресін ғана суреттеп қоймайды, сонымен бірге ақын өмір сүрген сол дәуірдің шындығын мейлінше мол әрі терең бейнелейді. «Абай жолы» роман-эпопеясында, суретшінің дәуір шындығы, феодалдық-рулық тартыстар, көшпелі қоғамдағы топтың жіктелуі, қарапайым еңбек адамының аянышты, азапты өмірі ғана емес, ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ халқының таным-түсінігі, әдет-ғұрпы, салт-жоралғылары, көшпелі тұрмысы, бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының өмірі, жан-жақты эпикалық планда, энциклопедиялық тұрғыдан терең суреттеліп жазылған. Сондықтан да халқымыздың біртуар ұлы перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтпаев: «Егер сен ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ халқының өмірін, тіршілігін, тарихын, әдет-ғұрпын білгің келсе, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» оқы. Ол - шын мәніндегі энциклопедиялық шығарма», - деп бағалаған. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, өмір сүруін жан-жақты бейнелейтін энциклопедиялық «Абай жолы» роман-эпопеясында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, халықтың әдет-ғұрпы терең суреттелген тұсын ғана алайық. Біз қазір белгілі бір жағдайда орындалатын халқымыздың салт-дәстүрін біле бермейміз. Романда халқымыздың салт-дәстүрі сол кездегі өмір шындығымен астасып, романның көркемдік қуатын күшейтіп, романдағы кейіпкерлер әлемімен тұтаса келе көз алдымызға көркем шежірелі ғажайып өнер туындысын ұсынады. Жазушының әрбір туындысы үлкен еңбекті, ізденісті қажет етеді. Ал «Абай жолы» роман-эпопеясын жазуға Мұхтар Әуезов үлкен дайындықпен келіп, оған дейін аса мол ізденіс сатыларын бастан өткерген еді. Осындай жазушының талмай еткен еңбегінің арқасында, қазақ әдебиетіндегі тұңғыш, шоқтығы биік роман-эпопея дүниеге келді. «Абай жолы» роман-эпопеясында жазушы М.Әуезов ұлы ақын Абай Құнанбаевтың жеке өмірін суреттей отыра, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамындағы шындық, ондағы талас-тартыс, тап арасындағы қарама-қайшылықтарды, жеке бір адам өміріндегі өзгерістермен байланыстыра отырып өте шебер бейнелейді. М. Әуезовтың халық өмірін терең білуі, оның энциклопедиялық білімі мен жазушылық дарын шеберлігінің ұштасып келуі «Абай жолы» романының реалистік көркемдік деңгейін ғарышқа көтеріп кеткендей.
Мұхтар Әуезовтің қай шығармасының тілін алсақ та қазақ халқының мәдениетіне тән, этномәдени шеңбері ауқымды, ұлттық нақышқа бай. Сондықтан бүгінгі таңда туған жекелеген байсалды еңбектерге қарамастан, оның мұрасы әлі ұзақ уақыт жан-жақты, сан алуан, әр бағыттағы зерттеулердің объектісі болып отыр.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет