Мазмұны ғаббасов 2-15 бет. Болғамбаев 16 Бірімжанов Ғазымбек


Біләл Сүлеев, Даниал Ысқақов, Әбдірахман Мұңайтпасов және басқаларды айыпқа тартқан №2370 тергеу ісі (кейінгі қайта тіркеу бойынша №06610 іс). 3 том



бет17/19
Дата25.02.2016
өлшемі1.72 Mb.
#20255
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

Біләл Сүлеев, Даниал Ысқақов, Әбдірахман Мұңайтпасов және басқаларды айыпқа тартқан №2370 тергеу ісі (кейінгі қайта тіркеу бойынша №06610 іс). 3 том.

ҚАШҚЫНБАЕВ ИСА


ҚАШҚЫНБАЕВ Иса Таумышұлы, 39 жаста, (анкета 1930 жылы 12 қазанда толтырылған), Ташкент қаласы Обуховенная, 53 үйде тұрады. Орал облысының Тай(пақ) ауданында туған, бөлімше дәрігері болған, ОАМУ-нің медицина факультетінің ассисенті, білімі жоғары, әйелі бар. Әскерге міндетті.
2 том, 377-385 беттер. Машинкаға басылған. Тұтқындардың ішіндегі көрсетінділері өзгелерден өзгеше мәтіндер осы Иса Қашқынбаевтікі. Мұнда ұйым туралы ойдан шығарылса да орайласатын ойлар бар. Егерде мұның барлығы жалған не жала болған жағдайда да тергеушілердің қиялы мен қисынына көз қырын салудың реті келіп тұрғанда пайдаланып қалуды жөн көрдік. Шындығы салыстыру барысында екшелетіні анық. Мұнда 1922-жылғы ұйым туралы айтылған.

«8/ -30 жыл. 22-жылы біздің мақсатымызды табыспен жүзеге асыру үшін ұйымға көрнекті коммунистеді тарту керек деп шешілді. Күзге қарай Түркістан республикасы халық комссарлар кеңесінің төрағалығына тағайындалған Рысқұлов Ташкентке келді. Рысқұловпен жолығу үшін Әділев және Әуезов (мүмкін) жіберілді. Әңгімелерінің анық – қанығын білмеймін. Бірақ Рысқұловтың: біздің көзқарасымызды бөлісетінін, қал-қадерінше көмектесетінін, қолдайтынын мәлімдегені шындық. Алайда ол: өзбектермен байланыс жасамауды, Қожановтың (Хожаевтің болуы да мүмкін – Т.Ж.) тар ұлтшылдығы оған жарамайды – депті. Қожановқа Испулов және Әділев (мүмкін) жолықты ғой деймін. Соңғы адамға Қожанов: мұнда рысқұловшылдықтың иісі шығып тұр. Мұның барлығы арандату. Кеңес өкіметінің аясында қазақ ұлты өркендей алады. С –ондықтан да сендерді қолдай алмаймын – депті. Екеуіне бұл мақсаттың нақты орындалуы емес, ұйымды кімдер, қалай құратынын білу керек болды. Рысқұлов еңес өкіметінің арасында жікке бөліну бар екенін айтыпты. Олардың әр қайсысы біздің топты өзіне тартуға тырысты. Өйткені ұйымның қазақтары өте сауатты еді, сондықтан да пайдаланып қалуға тырысты. Біздің мақсатымыз олардың өздерін пайдалнуға тырыстық. Ол езде 22-жылдың соңғы маусымында кеңес өкіметін құлатуды армадау да мүмкін емес болатын. Сондықтан да мәдениет майданын қолға алу, шаруашылықты игеру міндеті қойылды. Қызметке орналастыру үшін біздің топтың тізімі Рысқұловқа берілді. Өкіл ретінде Рысқұловқа Әділев және мен бардым. Берілген тізімнің ішінде менен басқалары оны толық қанағаттандырды. Мені еркімнен тыс оқу-ағарту комиссариятының коллегиясының мүшелігіне ұсынылған болатын. Мен Рысқұловқа: бұл қызметтің маған қол емес екенін, мені медициналық қызметке жіберуін өтіндім. Ол ашық бас тартқан жоқ...».

Иса Қашқынбаевтің көрсетіндісінің жалғандығы барған сайын айқындалып келеді. Өйткені Тынышбаев пен Дулатов және аталары аттас Досмұхамедовтер араға әлі саяси жұмыста ысылмаған Әділев пен Қашқынбаевті кадр мәселесін шешуге жұмсай қоймаса керек–ті. Мүмкін олар өздеріне қызмет сұрап баруы әбден мүмкін. Сонда –ақ логикалық тұрғыдан да қиыспай жатыр. Қожанов пен Рысқұловтың арасындағы ауызекі айтылып жүрген сөздерді малданып отырғаны анық. Бірақ та тергеу шындығына көз жеткізу үшін қажет жауаптар. Өйткені осыған қарсы уәж айтқандардың сөздері түсініксіз болып қалуын ескеріп, ішінара үзінділер келтіріп отыруға мәжбүр болдық. Осы көрсетіндіде И.Қашқынбаев мына бір мәселеге барынша тоқталған, тергеушілердің де қадалып сұрап отырғаны сол сияқты:

«22-жылдың күзінде Рысқұлов үкімет басына қайтып келгенде Қожанов екеуінің арасындағы араздық біздің ісімізге кедергі келтіруі мүмкін екенін ескеріп, екеуін татуластыру керек депт шештік. Олар менің пәтерімде кездесті. Олар көп ешкімнің болмауын тапсырды. Сондықтан да оған Х.Досмұхамедов және мен ғана қатыстым. Рысқұлов пен Қожанов ұзақ уақыт өзара айтысып, бірін – бірі: ұлт мүддесін сатқаны және жалған солшылдығы үшін айыптады. Рысқұлов ұлт дегенді бүкіл шығыс жұртына қарата қоданды, ал Қожанов: оның қате екенін, қазақ пен өбектің арасындағы қарама – қайшылық қоныс аударған орыстар мен қазақтардың арасыдағы қарама –қайшылықтан кем емес екенін дәлелдеді. Біз оларға:» Сендердің көзқарастарыңның айырмашылығы неде?» - дкп сұрағанымызда олар нақты жауап бере алмады. Рысқұлов: «Жер реформасымен Қожанов келіспейді, ал мен оның қан төгісіне қарсымын» – деді. Ал Қожанов: «Мен ешкімді атқамын жоқ» – деп еді Рысқлов оған: «Мен өз қлыңмен өлтірдің деп отырғамын жоқ» – деді. С – өйтіп олардың көзқарастарының арасында айырмашылық жоқ болып шықты. Татуласу мынадай негізде жүзеге асты:

Қазақтың мүддесі мен қазақ аудандарына қатысты мәселелерді, қазақ қызметкерлерін тағайындауға байланысты шараларды Рысқұлов Қожановтың келісімінсіз шешпеуге, ал жалпы мәселеде Қожанов Рысқұловты қолдап отыруға, орынсыз сынап – мінемеуге келісті. Бұл келісім шілде айына дейін, яғни Москвадағы кеңесте Сұлтанғалиевтің мәселесі талқыланғанша күшін сақтады. Осы кеңестен кейін Қожанов Рықұловтың беделі әлсірей бастағанын сезіп шабуылға көшті. Айтпақшы Рысқұлов маған: «Сталин жолдас маған телефон шалып: Сұлтанғалиевтен хат алғаның рас па? – деп сұрады. Мен бір рет хат алғанымды айттым. Сталин жолдас қатты тойтарыс беріп тастады. Содан кейін оның маған деген қатынасы суи бастады» –деген болатын.

Бірде 20-жылы Рысқұлов мні өзіне шақырды (менің қасымда тағы біреу болды), істің жағдайынан мағлұмдар етіп, қандай саясат қолдану керектігін сұрады. Оның бұл сөзінің астары мынадай: Орта Азия халықтары бірігуі керек...Жеке-жеке күйінде олар өмір сүре алмайды. Өзінің стратегиялық орналасуы жағынан Қырғызстанға қиынға соғады, сондықтан бұған ерекше назар аудару қажет. Ұсақ ұлтшылдықты доғару қажет. Бұл халықтардың өркендеуі тек кеңес өкіметі жағдайында ғана мүмкін. Кеңес өкіметінен бөлініп кетуді немесе оны құлатуды көз алдына елестете да алмайды. Менің жақтастарым отаршылдықпен күресетін болады, шет жұрттың мүддесін Москва үнемі ескере бермейді.кейде керісінше түсініп қалады. Сондықтан да Москваның назарын аудару үшін халықтың қарсылық қозғалысы аса қажет. Бұл бағытта «Алашорда» тобы белсенді түрде іске кірісуі тиіс» – деді. Мен бұл мәселені Жаһанша Досмұхамедовке айтып едім, ол: «Пысық бала екен, біреудің қолымен от көсемек. Бұдан мансаптың иісі шығып тұр» – деді. Бұл мәселе жөнінде екеуара әңгіме қайталанған жоқ. Сөз арасында Рысқұлов маған: Менің мақұлдауыммен Жанұзақов басмашыларға қосылып кетті. Ол өте жігерлі адам екен, қырғыздар мен өзбектерді татуластырды, Әндіжан өлкесіндегі басмашылардың басын қосты – деді.

1923 жылдың ақпан айында қатты ауырдым. Сәуірдің аяғына дейін ес – түссіз жаттым. Жазға қарай бетім бері қарады да 15 қыркүйекте қызметке шықтым. Бұл аралықта не істелгенін білмеймін. Сол жылы күздегі кеңестердің құрылтайында Рысқұлов қызметтен кетті. Біздің топ бұған қатты өкініп, Қожановты кінәлады. Құрылтайдан кейін Рысқұлов Москваға кетті, естуімше ол «Алашордалықтарды» сыбап жүрген көрінеді. Қожанов мәлімдеме жазыпты деп естідік. Сенбедік. Жылдың соңында мынадай жағдай болды.

Рысқұлов бір жас жігіттен беріп жіберген бе, жоқ, почтамен жолдаған ба, әйтеуір Сарымолдаевқа хат жіберіпті. Ол хат Жаһанша Досмұхамедовтің үйіне келеді (Жаһанша Досмұхамедов аен Рысқұлов бажа болатын). Жаһанша Досмұхамедов хатты ашып оқиды. Онда ол өзінің жақтастарына «Алашордашылармен» ауыз жаласудың қажеті шамалы, қайта олардың үстінен айғақтар жиып, ГПУ – ға хабарлау керек. Қожановты ұлтшыл деп әшкерелеуге тырысыңдар – деп жазыпты (Өз басым ол хатты оқығамын жоқ). Жаһанша Досмұхамедов хатты Халел Досмұхамедовке көрсетіпті. Соңғысы хатты Тынышбаевқа оқыту үшін өзімен бірге алып кетіпті. Сол кезде Әділев те қайтып оралды. Үшеуі ақылдаса келіп хатты Қожановқа көрсетіпті. Соңғысы хатты өзімен алып кететіндігін және Жаһанша Досмұхамедовтің үйіне тінту жүргізетінін, оны оған хабарламауын тапсырыпты. Халел Досмұхамедов мұны Жаһанша Досмұхамедовке айтыпты. Жаһанша Досмұхамедов пен Қожанов Халел Досмұхамедовтің үйінде кездесіпті. Қожанов қасарысып көнбепті. Келесі күні тінту жүргізіп, хатты ГПУ –шілер алыпты. Сол кезден бастап бөліну басталды: бізбенен Рысқұловтың арасында, Халел Досмұхамедов, М.Тынышбаев пен Жаһанша Досмұхамедовтің арасында жік пайда болды. Біздің ұйым мүшелерінің аты аталғандардан басқа сол кезде Ташкентте тұрғандар: мен, Исполов, Әділев. Мен және Испулов екеуміз Жаһанша Досмұхамедовті жақтадық, Әділев өзін қорланған адамдай сезінді. Х.Досмұхамедов пен Тынышбаев: Рысқұловшылардың тыңшылық әрекетінен ертерек сақтандырайық деп ойладық. Сондықтан да Қожановты қостық – деп өздерін ақтауға тырысты. Жаһанша Досмұхамедов: жеке бас пайдасы үшін және Қожановқа жағыну үшін Халел Досмұхамедов мені пайдаланды – деп кінә тақты.

Бір сөзбен айтқанда, осы оқиға Ташкенттегі ұйымның тарқап кетуіне себепкер болды. Алайда оған дейін де ұйымның аты өшіп тынған болатын. Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедов екеуі 25-жылы қараша айында менің әйелім қайтыс болғанда көңіл айтуға келгенде татуласты.

...Қожанов пен біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы болды (біздің арамыздағы Жаһанша Досмұхамедовті жақтырмады, сондай-ақ әділевті үнемі мазақтап отыратын), алайда одан: бізді сатып кетеді деп емес, бізді өзінің мүддесі үшін пайдаланы мүмкін немесе әр қайсымызды әр жаққа қызметке бөліп жіберуі мүмкін – деп сескенетінбіз. Бір мысал келтірейін: 22- не 23- жылы ма, әйтеуір С.Өтегенов маған және бірнеше адамға келіп, қоныс аударушыларға қарсы күресу үшін құмның ішінде қарақшылық топ құрайық – деп ұсыныс айтты. Біз үзілді-кесілді бас тарттық, бізді Қожанов айдап салып отыр деп түсіндік...».

Көрсетіндінің бұдан арғы мазмұны өзгелердің жауаптарында қамтылған жайларды қайталайды. Сарымолдаевқа жолдаған Рысқұловтың хатын оқығанын Жаһанша мен Халел Досмұхамедов те, Тынышбаев та мойындайды. Рысқұловтың «Алашордашылардың» үстінен жазған мағлұмдамасы Сталинге арналған. «Ақ жол» газетінің жабылуы мен (Алаш ісінің басталуына ықпалын тигіген. Кейін өзі де ақталып айғақ жазды.

1 том. 420=422 беттер.

14/Х- жүргізілген тергеудегі айыпталушы Иса Қашқынбаевтің қосымша көрсетіндісі. Жауап алған ОО ПП ОГПУ-дің бастығының көмекшісі Волохов.

«1). Ұйымның құрылуы. Ұйымды құруға сыртқы интервенциялық күштердің басып кіру қаупінің төніп келе жатуы, сөйтіп Ресейді ықпалдың аудандарға бөлшектеніп кетуінің мүмкіндігі ықпал жасады. Ресеймен қоса қазақ ұлты да бөлшектеніп кетпеу және орыстың қанауынан құтылу үшін, Батыс Еуропаның алдында қазақ халқының өкілдігі бар екендігін көрсету үшін ұйым құру қажеттігі туды. Орыстың құлдығынан құтылып, тәуелсіз өмір сүргіміз келеді. Біздің бұл тілегіміз интервенттердің де мүддесінен шығады, сөйтіп бізді азат етеді деп үміттендік. Мәжілісті кімнің шақырғаны есімде жоқ. Жаңылысыспасам, бірінші мәжіліс Дулатовтың бөлмесінде өтті. Сонда жиналғандар ұйым құру туралы ұйғарымға келді.

2). Саяси орталығы туралы. Түркістандағы ұйымда саяси және ұйымдастыру құрылымдары болған жоқ. Орталығы Орынбор бола ма, жоқ, Ташкент бола ма, ол мәселе ашық қалды. Ташкенттегі ұйымға: Әділов, Жәленов, Битілеуов, Бірімжанов, Ж.Досмұхамдов, Досмұхамедов Халел, Болғамбаев, Испулов, Кақынбаев, Тынышбаев, Ахмед-сафа (фамилиясы есімде жоқ), Омаров Уәлихан, Омаров Әшім мүше боп кірді. Орынбордағы ұйымның толық құрамын білмеймін, бірақ өзгелерден естуімше Байтұрсынов, Дулатов (қоныс аударған), Сәдуақасов, Омаров Елдес бар көрінеді.

3). Ұйымның құрылымы. Ташкенттегі ұйымның жұмыстары жалпы жиналыста шешілді, онда бөлімдік құрылымдар болған емес.

4) Біздің ұйымның бағдарламасы есімде жоқ, бірақ та негізгі мақсаты мынаған келіп тіреледі: Қазақстан Президент пен парламент билейтін тәуелсіз демократиялық республика болуы тиіс. Өнеркәсіп саласында жеке меншікке жол беріледі. Ал жер мәселесі қалай шешілуіге тиіс болғаны есімде сақталмапты. Тек жер жеке меншікке берілмейтіні анық...»

Бұдан кейін өкімет басна сайлау арқылы келу, қарулы көтерілісті қолдамайтындары, өзбектердің діни қайраткері Мінуар-қари Әбдірәшевтің, Заки Валидовтің ұйымдарымен байланыс орнатуға ұмтылғандары баяндалады. Тергеуші сұрақтың өзін бағдарламаның баптарына сәйкестендіріп қойғандықтан да хатқа да солай түскен.

«Біздің ұйымымыздың жұмыс істейтінін Рысқұлов білген сияқты. Ал Қожанов пен Сәдуақасовтың білген-білмегені жөнінде ештеңе айта алмаймын. Ұйымға тарту үшін барған біздің адамымызға Рысқұлов: біздің көзқарасымымызбен келісетінін, ұйымды қолдайтынын айтты. Ал Қожанов үзілді-кесілді бас тартып, мұны арандату, саяси екіжүзділік деп бағалады» - дей келіп 1921-1922 жылдардағы саяси оқиғаларға тоқталады. Иса Қашқынбаевтің көрсетіндісінде өзге тұтқындардың жауаптарындағы пікірлер барынша жинақы берілгендіктен де ішінара толықтау келтіреміз.

«Болашақ үкіметтің құрамы туралы. Бұл мәселе бірде-бір рет талқыланған емес. 1924-жылғы жер межелеу кезінде өзбек ұйымының өкілдері Мінауар қари Әбдірашидовпен, Ғұбайдолла Хожаевпен және Миржалиловпен бірінші және соңғы рет бас қостық. Мәжіліске Тынышбаев және мен қатыстым. Ол кезде біздің ұйымымыз таралып кеткен, оны мойындауға өзбектердіңалдында батылымыз бармады. Мінуар қари бізге Қазақстан туралы мәліметтерді беруді ұсынды, ал олар шетелдіктермен парсы елшілігі арқылы байланыс жасап отыр екен. Біз мағлұматтарды беруге келістік, ал өзбектерге қаржылай көмек көрсетуден бас тарттық, ешқандай қаржымыздың жоқтығын айттық. Әрине кейін оларға ешқандай мағлұмат берілген жоқ (маған солай сияқты).

Аталған үшеуінен басқа өзбек ұйымының мүшелерінің ешқайсысын білмеймін.

Біздің ұйымда ешқандай қаражат болған емес. Бірақ Әділев пен Бірімжановтың Бұқара барғандығы жол қаражатынан басқа шығын да болған емес. Бірімжанов арнайы іссапардың қаражатын пайдалануы мүмкін, ал Әділев ешқайда жұмыс істемегендіктен де жолақыны қайдан алғанынан мағлұматым аз.

Біздің отырыстарымызда қандай мәселелердің талқыланғанын еске түсіру қиын. 1921 жылдан бастап 1922 жылдың аяғына дейінгі отырыстар қыста өткізілді. Жазда бәрі жан-жаққа тарқап кететін. Негізгі тақырып: кеңес өкіметі мен ақ эмигранттарға көзқарас, жер реформасы болатын.

Алғашқы мәселе жөніндегі бастапқы пікірлеріміз бірдей болатын: кеңес өкіметінің күні санаулы, мәңгілік отырмайды, ерте ме кеш пе, әйтеуір соғыс басталады, ол СССР-дің жеңілісімен аяқталады – дестік. Біздің мақсатымыз ұлттың негізгі ұйытқысын қырғынға ұшыратпай, аман сақтап сақтап қалу. Айтпақшы, төңкеріс бола қалған жағдайда, орыс шовинистері бізді қырып тастамас үшін қырға шығып кету керек дегенге келістік. Кеңес өкіметіне ашық қарсы тұрудан бас тарттық. Бұл шешім жағдайдың өзгеруіне байланысты бірде алай, бірде былай ауытқып отырды. Заки Валидов саясат сақнасына шыққанда олармен байланысқа шығып, дипломатиялық амалдау бағыты ұсталды. Ешқандай белсенді әрекетке бармау керектігі айтылды. Заки Валидов оған қанағаттанбай, нақты көмек көрсетуді талап етті. Егерде біздің ұйым оған көмектеспесе, не көмектескісі келмесе, онда қазақ халқына басқаша жол табатынын жариялады. Бұл біздің ұйымның мүшелерінің көпшілігін сескендірді, белсенді түрде араласуға уәде етісті. Бәрі сөз жүзінде қалды. Не қаражат жоқ, не күш жоқ. Валидовті түстікпен қамтамасыз етуге тура келді. Валидовке нақты қолдау көрсетілмеді. Кейіннен бізге, әсіресе Досмұхамедовке келісімді бұзғаны үшін қатты-қатты сөздер айтты.

Мынадай сөздер: кеңес өкіметі қазақ халқының мәдениетін дамытуды қолға алып жатыр, кеңестік платформаны сөзсіз мойындау қажет, мүмкіндігі барлар партияға өтіп алуы керек – деген сөз жиі айтылып жүрді. Бұл мәселе бірнеше рет талқыланды. Кейіннен партияға өтуден бас тартуға ұйғарылды. Тек біздің халқымыздың игілі үшін жасалған шараларды ғана белсенді түрде қолдау міндеттелді.

Кеңес өкіметінің Жетісудағы жер реформасын толықтай қолдады (бұл: ұлтаралық қарым-қатынастың шиеленісуіне алып келуі мүмкін – дегендер де боды).Бұл салада қызмет істегендер қорыққаннан емес, ар-ожданымен жұмыс істеді».

Көрсетіндінің алдын-ала дайындалған мәтін негізінде қағазға түскені түсіндірмесіз-ақ аңғарылады. Әр сұрақ пен жауаптың мәтіндері араласа жазылып, оның өзі бағдарламаның баптары мен тараулары сияқты әсер қалдырады. И.Қашқынбаев кеңес өкіметінің өзінің жүргізіп отырған шараларын да «ұйымның атына тели» баяндайды. Бұл мысқыл ма, жоқ, шарасыздық па, қалайда жауап беріп құтылудың амалы ма, кім білсін. Әйтеуір бір ризасыздық, ықылассыздық бар. ==============================================================

І том. 429 бет ЖАҺАНША ДОСМҰХАМЕДОВ

Тергеудің хаттамасы. Алматы. 1930 жылғы 7 желтоқсан. Мен, ОО ПП ОГПУ-дің КССР-дегі І бөлімінің бастығы Попов айыпталушы Досмұхамедовтен сұрақ алдғанда, мыналар анықталды: Жаһанша Досмұхамедов 43 жаста, тұратын жері – Москва қаласы, Шаблово –Ховский пер., 11үй, 25 пәтер. Туған жері –Орал округі Жымпиты ауданы, партияда жоқ. Ақпан төңкерісіне дейін сот мекемелерінде қызмет етті. Қазан төңкерісіне дейін әр түрлі қоғамдар мен мекемелерде істеді. Қазір Москвадағы «Скотовод» басқармасында қызмет етеді. Білімі – жоғары, Москва университетін бітірген. Үйленген. Күн көрісі – қызмет табысына байланысты. Әке-шешесі жоқ, диқан болған.

3 том, 430 бет. Ж.Досмұхамедовтің 1930 жылғы 5 қараша күнгі көрсетіндісі.

Мен Москвадан Ташкентке 1920 жылдың қазан айында келдім, қазақтардың сол жылғы да, келесі 1921 жылғы да бас қосқан ешқандай отырысын білмеймін. 1922 жылы көктемде кешке жақын «Ақ жол» газетінде істейтін біреу: бүгін кешке «арқалықтар» (солтүстіктің қазақтары) бас қосып, бір мәселе жөнінде ақылдасатынын айтты. Не туралы екенін сұрағанымда: келген соң білесің – деді. Сол күні кешке жақын менің үйіме 7-8 қазақ келді. Қазір есімде сақталғаны Халел Досмұхамедов, Дулатов, және Бірімжанов, қалғандары есімде жоқ. Олар: Қазақ қайраткерлерінің бұрынғы «Алаш» бағдарламасы ресми бекітілген жоқ, кезінде дұрыстап ойдағыдай етіп жетілдірілмеді. Бұрынғы «Алашорда» қайраткерлерінің саяси мәселелер жөніндегі толысқан саяси тұжырымдары тиянақталуы үшін соны жетілдіру керек – десті. Мен:Біз алашордашылар қазір әр түрлі саяси ұстанымда жүрміз, саясаттың кейбір мәселелері жөніндегі көзқарастарымыз сай келмейді. Бұрын бізді тек ұлттық белгіміз ғана біріктіріп келген. Қазір біз саясаттан мақұрымбыз. Сондықтан да аталған мақсатсыз бағдарламаны қайта жаңғырту бізге төтенше мекемелер тарапынан тек қана зиян әкелуі мүмкін – деп мұндай жөндеуге мүлдем қарсы болдым.

Алайда, қызу пікір таласынан кейін саяси бет-беделімізді сақтап қалу үшін қалайда бағдарламның керектігі мақұлданып, сол арада оның жобасы жасалды. Бағдарламаны Орынборға жіберіп, ондағы бұрынғы «Алашорданың» қайраткерлерінің келісімін алу мақсатымен жобаны «Ақ жол» газетінің бір адамы алып кетті. Содан кейін мен Түркпромсюздың және Ашаршылыққа көмек комитетінің тапсырмасымен Пржевальскіге (Қарақолға) кеттім, ол жақтан 3 айдан соң ғана Ташкентке қайтып келдім. Сол екі аралықта менің балдызым Надежда Константиновна Рысқұлов жолдасқа күйеуге шығып алыпты. Сол кезде Рысқұлов Ташкентке Түркістан республикасының халкомының төрағасы қызметіне ауысып келіпті. Сөйтіп, мен оның үйінде, ол менің үйімде жиі болып тұрдық. Содан бері жоғарыда аталған адамдардың не істеп, не қойғанынан, жобаны не істегенінен хабарсызбын.

Қызылордаға барғанда мен олармен аталған бағдарлама жөнінде бір ауыз сөз айтқамын жоқ, оны мүлдем ұмытып кеттім, өз ісіммен ғана айналыстым, партия мүшелері мен еуропалықтардың ортасында жүрдім. Мен бұл мәселені бірінші тергеуде айтпаған себебім, біріншіден, менің көзқарасым бойынша жоғарыдағы іскерсінген әрекет қазақтың «Еріккен сарт енегін уқалайды» дегенінің кері деп есептедім, екіншіден, маған өзге адамдардың аттарын атау сондай қиынға соқты. Мен бұрын да, қазір де: кеңес өкіметін құлата алатындай күш СССР-де бұрын да болған емес, қазір де жоқ – деп есептеймін. Сондықтан да ешқашанда кеңес өкіметіне қарсышыққан емеспін. Қазір де, міне,10 жылдан бері адал қызмет етіп келемін, өз мамандығымды ған білемін.

Сіз маған: қазақтың әлдекімі әлде қайда Ташкенттен сырт қалаға барды ма – деп сұрақ қойып отырсыз, ол туралы мен ештеңе білмеймін. Өз басым ондай жолдыбайшылыққа жүргемін жоқ».

Сот пен тергеу ісін, іс жүргізу хаттамасын білетін кәсіпқой заңгердің жауабы нақты әрі сенімді. «Алашорданың» ескі бағдарламасын естелік үшін жаңғыртып жобаға түсіру мен астыртын ұйымның арасындағы айырмашылық үлкен, оларға қолданылатын заң баптары да мүлдем басқа. Алғашқы жауап пен соңғы көрсетіндінің арасында қандай айырмашылық бар? Шамалы. Тек өзгелердің көрсетінділерінде ғана: Ж.Досмұхамедов Ташкенттегі астыртын ұйымның бағдарламасын жасады – делінеді.

Бұл томдағы тергеу ісіне тартылғандардың бәріне тағылған айып пен қаулы мәтіні бірдей. Тек қана аты –жөндерін ауыстыра салса болды. Сондықтан да Ж.Досмұхамедовке шығарылған үкімді толық келтіреміз.

«№2370 іс. І том. 435=а бет. Мен, ОО ПП ОГПУ-дің КССР-дегі І бөлімінің бастығы Попов тергеуге алынған №2370 іс бойынша жауапқа тартылған Жаһанша Досмұхамедовтің қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысы және соған байланысты кеңес өкіметіне қарсы әрекеттері толық дәлелденгенін ескере отырып ҰІК-нің 128-бабына сәйкес ҚАУЛЫ етемін:

Осы іс бойынша Досмұхамедов Жаһаншаны мына қылмыстық әрекеттері үшін айыпкер ретінде тергеу астына алынсын, ол: 1). 1921жылы айыпкерлер М.Тынышбаевпен, Х.Досмұхамедовпен бірге Ташкент қаласында қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымын құрған, ол ұйымның бағдарламасын жасауға қатысқан, ұйымды кеңейтіп, оның бағдарламаларын тарату үшін ұйымға жаңа адамдар тартқан, мысалы 1922 жылы Алматы қаласында айыпкер Біләл Сүлеевті ұйымға тартқан.

2). Ұйымның жетекші мүшелерінің бірі ретінде Бұқарадағы басмашылардың құрбашы Заки Валидовпен байланыс орнатқан, сондай-ақ 1927 жылы Сарысу ауданындағы Әділевтің бандысымен астасып, Ақмола млициясының бастығы мен тағы бір милиционерді 1923 атып өлтіргені үшін ұсталған бандының бастығы Әділев Байсейітті Қызылордадағы түрмеден босатып жіберуге қатысқан.

3). Астыртын ұйымның жетекші мүшесі ретінде партия мен кеңес өкіметінің жер саясатын бұрмалауға бағытталған науқанға белсене қатысты, сондай-ақ 5 партконфернция мен Қазақстандағы кеңестің 5-сьезінде жерге орналастыру мәселесінің шешілуіне қысым жасады, астыртын ұйымның бағдарламасының талабы бойынша «Алқа» астытын үйірмесінің әдеби бағдарламасын жасауға қатысты, яғни: ҚК-нің 58-7, 48-10, 58-11 және 57-3 баптары мен тармақтары бойынша жауапқа тартылсын.

Төтенше өкіл – Попов. «Келісемін»: ОО бастығы үшін – Волохов».

Осы қаулының үстін бастыра: «Осы қаулы маған оқылды, бірақ та қаулыда негізделген материалдар маған толық көрсетілген жоқ. Ж.Досмұхамедов. 25/Х -31» – деп қол қойған.

Бір түсініксіздігі, тергеуші кәсіби заңгермен бетпе-бет келіп отыр. Сонда Ж.Досмұхамедовке мүлдем қатысы жоқ Д.Әділевтің қылмысты ісін қалай қосақтар отыр? Жерге орналастыруға, телімге бөлуге, «Алқа» үйірмесіне қатысты өзге көрсетінділерде де оның аты аталмайды. Қалайда сауатты айып тағып, түрмеге қамауды мақсат етсе керек.

Кейбір айыпталушылардың үстінен жүргізілген тергеу ісін тоқтату туралы Қаулы:

1931жыл, 29 қазан. Алматы қ.

ПП ОГПУ-дің КАССР бойынша ерекше бөлімнің төтенше өкілі Попов:

№2370 іс бойынша тергеуге алынған мына азаматтардың: Мангелдин Алдабектің, Кенесарин Әзімханның, Исаев Әбілдің, Қашқынбаев Исаның, Бүркітов Кенжеғұлдың, Сәрсенов Дәлелдің, Ақаев Серікбайдың, Қоджиков Қоңырқожаның, Қияқов Жүністің, Тоқин Халидтың, Түркебаев Еспердің, Алимханов Фазыл – Ағзамның, Ақбаев Қажымұраттың, Нұрымов Ғаббастың, Қадырбаев Қалмұқамедтің, Ордабаев Рамазанның, Сұлтанқұлов Досмұхамедтің, Өтегенов Садықтың үстінен қозғалған істе сотқа тапсыруға жеткілікті айғақтар болмағандықтан да Қаулы етемін:

Жинақталған айғақтардың жеткіліксіздігіне байланысты бұл адамдардың үстінен жүргізілген тергеу ісі тоқталсын, бұл туралы ГПУ мекемелеріндегі тергеу ісін бақылайтын прокурорға хабарлансын.

ПП ОГПУ –дің ерешет өкілі – Попов.

«Келісемін» ОО ПП бөлім бастығы – Волохов». 3 – том – 119 бет.
3-томның 163- бетінде аса маңызды қатынас қағазы бар. Онда үш жылдан астам уақытқа созылған тергеу ісінің аяқталғанын білдіретін мағлұмат берілген. Онда:

« ОГПУ-дің 1924-жылғы №172 бұйрығына сәйкес бұл тергеу ісі соттан тыс қаралуы үшін ОГПУ коллегиясының жанындағы ерекше бөлімнің қарамағына жіберілуі тиіс

Анықтама: Осы ісбойынша тұтқындалғандардың барлығы Алматы қаласындағы түрмеде қамақта отыр және көрсетілген іс ОГПУ коллегиясының қарамағына жолданды.

ПП ОГПУ-дің ҚССР-дегі ереше бөлімінің бастығы – Хворостян.

Төтенше өкілі – Попов.

«Келісемін»: ПП ОГПУ –дің жанындағы прокурор ...(қолы танылмады).

21/ХІІ -31».


Сонымен «Алашорда ісінің» тергеуі толық аяқталып, соғыс жағдайында қолданылатын әскери –дала сотының үлгісіндегі «үштіктің» қарамағына жіберілген. Ал тергеу хаттамалары «өте құпия» деген бұрыштамамен қауіпсіздік мекемесінің мұрағатына жолданған. Сөйтіп, алды үш жылдан астам тергеу қысымын көрген жиыны 71 алаш азаматы қазақ үшін үш миллионға жуық адамынан айырылған ең қасіретті 1932 жылдың – ашаршылық пен азаптың табалдырығын аттады. Түрмеден шығарда тергеушінің Әлімхан Ермековке айтқан сөзі мен Ә.Ермековтің оған берген жауабы осы арада еске түседі.

Олардың бұдан кейінгі тағдыры мәскеулік жазалау мекемелерінің ырқына көшті. Осы арада сәл ғана тыныс алып, шолақ өрт сияқты шолақ қана ойлануға мүмкіндік алғымыз келеді. Енді сұрақ: осы үштіктің коллегиясы тектергеу ісінің айғақтары бойынша дербес үкім шығаруға құқықты болды ма? Әлде «Саяси басқарма» болғандықтан да коллегияның қаулысы Орталық комитеттің бөлімдеріне жіберіліп, арнайы партиялық кеңесте қаралып, мақұлданатын мүмкіндігі боды ма? Үкім шығаруға партия, үкімет, сот қызметкерлерінің ықпалы жүрді ме? Әрине, Қазақстанда бұл істі «айналымға түсіріп», бұранданы бұрап не босатып отырған Голощекиннің өзі болатын. Ал іс Мәскеудің қарамағына көшкенде олардың екпіні басылып қалғаны М.Дулатовтың түрмедегі «қолхатынан» аңғарылады. Сондай –ақ өте түсініксіз әрі тосын шешімдердің қабылдануына қарағанда үштіктің үкіміне сыртқы тегеуірінді бір күш әсер еткен. Әрине, олар Сталин мен Голощекиннің қас-қабағына қарап баспақтап амалдады. Қазақстанда жаппай ашаршылық жүріп жатқан тұста Голощекиннің қаққан қазығының түбі босап келе жатқан. Мәскеуде «Алашорда» қозғалысы мен оның қайраткерлерін білетін, осы тергеу ісіне жақсы жағынан болсын, мейлі жазалау тұрғысында болсын, «кеңес бере алатындай» кім бар еді? Сол тұстағы қалыптасқан саяси жағдайға, партия мен мемлекет құрылымындағы жіктелу жүлгесіне, жазалау шараларының науқандық сыпатына, кеңес және алаш қайраткерлерінің өзара қарым-қатынасына, жалпы сол тұстағы тарихи –психологиялық барлығудан (стресске) мағлұмат беретін, кейіннен жарыққа шыға бастаған құпия құжаттардың мазмұнына назар салсақ, тура сол 1931-1932 жылдары кеңес өкіметінің айылы сәл босаң тартқан. Жазалау машинасы іске қосылып кеткендіктен оның бетін қайтару мүмкін емес еді. Алайда үштіктің ату жазасын жаппай қолдануы азайып, жоғары жазаны шоғырландырылған лагерьлерге ауыстыруға бет алғаны байқалады. Міне, осы босаңсыған «қас –қабақты» кімдер пайдалануы мүмкін? Әрине, ең бірінші «Кене» – Ежов еске түседі. Ол Семейде губкомда жүргенде – М.Дулатов, Х.Ғаббасов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Орынборда қызмет еткенде – А.Байтұрсынов, С.Сәдуақасов, Қызылорда – Ә.Ермеков, С.Қожанов, С.Мыңбаев сияқты қазақ қызметкерлері оны «коммунист –колонизатор» ретінде әшкерелеп, ығыстырған еді. Әсіресе, Семей губкомын таратқан С.Сәдуақасовқа ерекшу тісін басып жүрген. Мәскеудегі орталық комитеттің қарамағына барып, құқық мекемелері дәргейіне көшкен соң «Алашордашыларды» желеу етіп «майданға еркін араласқан». Оған «Алаш ісіне» қатыстылар үштіктің үкімімен сотталып жатқан кезде Днепропетровскіден Кремльге «қызмет бабымен» шақырылып», таңертең аман –есен кіріп, кешке табытқа салынып шыққан, «кәсіптік улану» деп диагноз қойылған С.Сәдуақасовтың өлімі де күдік тудырады. Жұртты күдіктендірмес үшін М.Калинин сияқты «Кремльдің қаңбақ шалын» жерлеу рәсіміне қатыстырған. Бұл туралы С.Мұқановтың естелігінде нақты шындық айтылған. Әсіресе, Ежовпен ежелден ерегесі бар Х.Ғаббасов пен Ж.Аймауытовтың өзгелерден ерекшелініп атылып кетуінің өзі сондай күмән тудырады. Ал барынша жақтырмай қараған, 1924 –1925 жылдардағы жер межелеу кезіндегі комиссия төрағасы ретінде қатысып, солтүстік облыстарды екінші рет Ресейдің құрамына кіргізуге ұмтылысының алдын кескен С.Сәдуақасов пен Ә.Ермеков және Түркістандық Қожанов бастаған қайраткерлер Ежов үшін «басмашы» ғана болатын. Тергеудің үкіміне ықпал жасай алатын екінші адам Тұрар Рысқұлов еді. Өзінің «саяси бағдарын Сталиннің ырқына ықтап анықтайтын» (өз сөзі) саясаткердің Сталинге құпия түрде жазған жасырын мәлімдемелеріндегі:а) Алашордашылардың соңына тыңшы қоюды, ә) олардың З.Валидовпен астасқан жасырын ұйымдарын (өзін ақтай отырып) әшкерелеуді,б) Қожановты саяси сақнадан шеттетуді, в) байларды тәргілеу мен колхоздастыруды тездетуді, г) Қазақстандағы партия мүшелерін тазалауды ерекше «жергілікті ерекшелікті ескере отырып қатаң жүргізуді», д) өзінің З.Валидовпен таныс екенін, Сұлтанғалиевпен хат алысқанын, Қазақстандағы қазақ қызметкерлерінің ұлтшылдық әрекеттерін дер кезінде «орталық комитетке, Сталин жолдастың жеке өзіне хабарламағанына» қатты өкінетінін, оған кездейсоқ оқиға ретінде қарауды өтінген «қолданба хаттары» әр қилы ойға жетелейді. Т.Рысқұловты саяси-жазалау науқанынан тыс қалды, таза ұлтшылдық бағыт ұстанды, ашаршылық тұсында қазақ халқының мүддесін қорғап хат жазды (нағында ол Голощекиннің орнынан алынуын негіздеген партиялық тапсырма болатын және ашаршылық өтіп кеткеннен кейін жазылды. Ашаршылықты «абыроймен жүргізген» Ораз Исаевтің мәлімдемесі негізінде жазылған еді) – деген сияқты үгіт-насихаттық басылымдар нақты тарихи шындықтың бетін бүркеп кеткен жайлардың да бар екенін ескеруіміз керек. Өйткені мұнда бірдің, мыңның емес, миллиондардың тағдыр тауқыметі жатыр. Үшінші адам, ОГПУ-дің коллегиясы қарсаңында Орталық комитеттің арнайы бөлімдерінде қабылдауда болған Смағұл Сәдуақасов. Тергеу барысына қарағанда тұтқындалғандардың барлығынасұрақ да С.Сәдуақасов пен С.Қожановтың астыртын ұйымға қатысын дәйектейтін сқрақтар берілген. Мүмкін, С.Сәдуақасов осы іске байланысты Кремльге шақырылған шығар. Бұл да кездейсоқ пікір бола қоймас. Әрине, солардың сыртында Ә.Бөкейханов та демін ішіне алып жүрді. Ә.Ермековтің «міндетті түрде Сталиннің қабылдауына кіріңіз» деуі алаш көсемінің жеке басының мүмкіндігін танытады. Оның өз басын арандатудан алып шығуы, шын мәнінде, «Алашорда» өмір сүрген кездегі кеңес өкіметіне қарсы күресін саяси айып ретінде тағуға мүмкіндік бермеген. Бұл да Ә.Бөкейхановтың Құнанбай айтқан « күресемін десең бопсаға шыда» - деген тәмсілін танытады. Сондай-ақ тергеу аяқталардың алдында ғана 20 адам «қылмысы дәлелденбегені үшін», «айғақтардың жеткіліксіздігінен» бостандыққа шығарылады. Солардың ішінде тергеуде берген қорытындылары өте тиянақты, бар қылмысын мойындаған Иса Қашқынбаев та бар. Бұған пәлен деп жіп тақпасақ та, қаперге ала кетуге тура келеді. Мұның алдында И.Қашқынбаевтің «салпаңқұлақ» екендігі туралы таратылған қауесетті де назардан тыс қалдыруға болмас. Сонымен үштіктің үкімі шықты.


ЖАЛПЫЛАМА СИПАТТАМА



Сонымен, арасында аз үзіліс жасап барып үш жыл бойы қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан жинақтаған «Алашорда» ісіне қатысты тергеу ісін көшірген дәптердің соңғы беті де жабылуға жақын қалды. 1986 оқиғадан кейін КПСС орталық комитеті «қазақ ұлшылдығы» туралы қаулы қабылдап, желтоқсан оқиғасына қатысқан ұл мен қыздар жаппай қудаланып, партия, кеңес қызметкерлерінің арасынан да ұлтшылдар табылып, тергеу жүргізіліп жатқан тұста жасырын жазылып алынған, таспаға түсірілген осынау «аса құпия құжаттарды» жариялаудың мүмкіндігі түптің-түбінде туатынын сеніп, қатираның соңына қысқаша сипаттама жазылыпты. Сол күндердің әсерінен туған алаң ба, жоқ, бұл құжаттар қайтып қолға түспейтініне көз жекендіктен бе, әлде аяулы алаш зиялыларының бейнесін жүректе сақтап қалуға деген шексіз сезім бе, кім білсін, түрме психологиясына қатысы бар-ау деген ойларымыз бен ескертпелерді қағазға түсіріппіз. Қазір олар дәл сол кездегідей аңсарлы болмағанымен де, ұмытыла қоятындай жөні жоқ екен. Әсіресе, алаш зиялыларының тағдырына ықыласты зиялы қауым үшін танытар емеуіріні мен ашар астары бар екен. Ол сипаттаманың қысқаша тұжырымы мынадай.

Дінмұхамед (Дінше) Әділев тұтқынға түсісімен өзін «тұрақты мекені мен жұмысы жоқ», «әр топтың соңында жүрген», «жай бандит, тентек, бұзық емес», «қазақ ұлтының бастандығы үшін күрескен шыншыл саяси тұтқын» ретінде ұстаған. Соны дәлелдеу барысында қыза-қыза келіп камерада отырып саяси плаформа жасап, ұйымның кестесін сызып, астыртын ұйымның «түрмедегі көсеміне» айналған. Жауаптарындағы және мінездеме берген адамдардың сөздеріне, біздің де жинастырған естеліктеріздегі пікірлерге қарағанда қызба мінезді, өжет, қызықты да қиын оқиғаға құмар,әйтеуір ұлтжанды, бауырмал, «балалық тентектігі басылмаған» (М.Дулатов, С.Қожанов) ширақ жігіт. Оның көрсетінділерінің барлығын көшіріп шығу мүмкін емес. Менің қаламыма ілікпеген бір жауабында: «Тұрар Рысқұлов Қызылорда қаласына келді. Ксілер кірі-шығып, асығыс жөн сұрасып жатады. Міржақып Дулатов екеуі де барады. Дінмұхамедті ауыз үйде қалдырып, Рысқұлов екеуі оңаша бес минуттай сөйлеседі. Іле бөтен кісілер келіп қалып, Рысқұлов соларды қарсы алуға шығып кетеді де әңгіме үзіледі. Сыртқа шыққан соң Міржақып Дулатов Дінмұхамедке: «1922-жылғы Ташкенттегі ұйым туралы сөз бастап, енді түсіндіре бастап едім, -дейді. Бұған қарап Рысқұловтың астыртын ұйымға қатысы бар деп пікір тұюге бола ма? Мұндай дүдәмал деректер Д.Әділевтің әр көрсетіндісінде бар.

М.Тынышбаевтің жауаптары ұзақ әрі шашыраңқы болып келеді екен. Алғашқы көрсетінділерінде тағылған барлық айыптарды мойындайды. Бірақта кейінгі жауаптарында одан бас тартып: менің ол жолы денсаулығым нашарлап тұр еді. Не айтқанымды, неге қол қойғанымды түсінбедім. Енді бәрі есіме түсіп отыр – деген уәж білдірген. Ол: Жетісу өңіріндегі төңкеріске дейінгі оқиғаларға шолу жасап, Шкапскиймен бірігіп 1916 жылғы ұда-азаттық көтерілісті жазалуға шыққан әскрдің зардабын жоюға қатысқанын, атаман Анненковпен бір рет кездескенін, оған қызмет көрсетуден бас тартқанын баяндайды. Ташкенттегі ұйым мен Валидовпен кездескенін мойындайды. Халел және Жаһанша Досмұхамедовпен бетпе-бет кездескеннен кейін алдыңғы көрсетінділерінен бас тартқан. Жандосовты, Рысқұловтытуған бауыры қатарында санаған. Олардың шәкірт кезінде қамқорлық көрсеткен. 1914 жылы Тұрардың оқуын жалғастыруы үшін елден қаржы жиып беріпті. Ең көп сұрақ-жауап алынғандар М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов және Ә.Ермеков. Олардың бұл жауаптары кейін айыптау үкімінде үзінді-үзінді ретінде пайдаланылған.

Тергеу: контрреволюциялық-террорлық, басмашылық ұйымның (жетекшісі Дінмұхамед Әділев) – кеңес үкіметіне қарсы құрылған Орынбордағы астыртын ұйымның (жетекшісі Ахмет Байтұрсынов) – шет ел интервенциясының күшіне сүйенген Ташкенттегі контрреволюциялық ұйымның (жетекшісі Мұхамеджан Тынышбаев пен Х.Досмұхамедов) «қылмысты істерін» өзара байланыстырып, дабыл қағарлықтай әшкерелеу бағытында жүргізілген. Голощекин тергеу үрдісін бақылап отырған. Одан алынған мәліметтерді тергеу қорытындысы шықпай тұрып-ақ баяндамаларына пайдаланған.

Тергеу жауаптарынан тұтқындалған адамдардың арасындағы қарым-қатынас дәрежесі анық аңғарылады. «Алашорда» мүшелерінің жауаптары бір ыңғайда. Сөз арасына кездейсоқ адамдардың атын, жанама оқиғаларды кіріктірмеген. Идеясы, мақсаты, күрес жолы, сенімі мен пайымдары ұқсас. Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатовтың сөздері бір жерден шыққан. Тергеушілер оларды «жүздік жақындықтарына» қарап (мысалы, бірінші топ – А.Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Әлімқан Ермеков, Елдес Омаорв; екінші топ – Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәленов; үшінші топ – Мұхамеджан Тынышбаев, Біләл Сүлеев, О.Жандосв) топқа бөлген. «Қазақы қарға тамыр» бұл адамдарға тән емес екенін тергеуші білмеген. Олар тергеушіге бір-бірін жек көретіндігі туралы айтқан. Мысалы, Х.Досмұхамедов пен Ә.Ермеков бір-бірімен сөйлеспейтіндігін көрсетсе де Ә.Ермеков ауруханада жатқанда Х.Досмұхамедов көңілін сұрай барып тұрғаны сөз арасында білініп қалады. М.Әуезов: М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовті «Сұғанақ сұр» атты шығармамда сынағанмын – дейді. Бұл: Жаһанша Досмұхамедов берген хатты оның рұқсатынсыз Қожановқа оқытып, ол тінту жүргізгеніне байланысты өмірлік шындықта арқау еткенін мекзегені. Сондықтан да мұндай көрсетінділерге абай болған жөн.

Жазба жауаптарына қарағанда: Х.Досмұхамедов – іскер, сөзге ұтымды, хат жазуға сараң. Жаһанша Досмұхамедов – өткір, орынды сөйлеп, мақал –мәтел қосып, тура кесіп айтады. Заңға жетік. Жазуы да ширақ, нақты. Әлімқан Ермеков – қызба, күйіп –пісіп сөйлейді, күйіп –пісіп жазады. Өткір. Тергеушілерден жасқанбаған. Пафоспен сөйлеуге бейім. Оның кейін газетте жарияланған ашық хатының екі нұсқасы да сақталған. Мұхамеджан Тынышбаев – аңғал, ойының етек-жеңі жиналмаған, Сөзі де, жазуы да созылмалы, немкеттілік басым. Оның саясаткерлігін ешқайсысы мойындамайды. Иса Қашқынбаев – еркін сөйлеп, еркін формулировка жасайды. Жауаптарының барлығы да алдын-ала жөнделіп, өңделген сияқты әсер қалдырады. Мұрзин Мұхтар – нағыз ер мінезді, тік сөйлеп, келте қайырады. Жауаптарының барлығы: мен тыңшы емеспін. Өсек жинамаймын Сондықтан да ештеңені есімде ұстамаймын – дегенге саяды. Мұхтар Әуезов басында өзін сыпайы ұстаған. Тергеу соңында «жіби бастағаны» сезіледі. Халел Ғаббасов – түрменің өзінде де күресіп, пікірін дәлелдеп, заңды талаптарынан бас тартпаған. Тергеушілер де ерегесіп, оны өзгелерден бөлек жеке камерада ұстаған. Елдес Омаров – өзіне тағылған айыпты «өзінің жеке көзқарасы» ретінде дәлелдеген. Жүсіпбек Аймауытов – шығармашылығы арқылы көркем көзқарасын жеткізуге ұмтылған. Бір өкініштісі, өзінің соңғы романы жаңа экономикалық саясатты бейнелейтінін, ондағы бай капитализмнің тілін білетін бай – деп көрсетеді. Сол қолжазбаны 1934 жылы Евгения Аймауытова атақты бір жазушыға аманат етіп тапсырыпты. Ал ол қаламгердің тура сол тақырыптағы атақты шығармасынан Ж.Аймауытовтың жазу мәнері бірден байқалады. Өзі: Менің ұстазым Жүсіпбек. Ана романды соған еліктеп жаздым – деп бізге де, басқаларға да, баспа жүзінде де айтып қалғаны бар еді. Күмәннан құдай сақтасын. Әйтеуір Аймауытовтың сол романы жоғалып кетті. Енді табыла қоюы неғайбыл. Ж.Аймауытовтың сол жылы атылып кетуіне «ежелгі ерегесі бар «Ежовтың» кесірі тиді ме. Әйтеуір Бекдуллаев деген шәкіртінің: «Шымкентте көтеріліске шақырып жазған үндеу Аймауытовтың қолтаңбасына қатты ұқсайды» – деген сөзі себепкер болғаны анық. Мағжан өзін түрмеде де ақын ретінде ұстаған сияқты. Оның көрсетінділерінің өзінен сөздерінің жалыны шарпылып тұрады. «Алқа» әдеби үйірмесінің «Табалдырық» атты бағдарламасының суретке түсірілген қара қағазы (негативі) сақталған. Біз оны көшіріп алып жария еттік. ЖЖақып Ақбаев тергеушілердің сұранысын қанағаттандырмаса керек. Бір екі сөзі сараң қысқаша көрсетіндімен жауабын тәмамдаған. Денсаулығы да мүмкіндік бермесе керек. Әбдірахман Байділдин – Ғалым Ахмедов дегдардың айтуы бойынша ұшқалақ, жаңғалақ, шамшыл адам болған көрінеді. Сол рас сияқты. Әр көрсетіндісі машинкамен есептегенде 30–40 бетке жетіп жығылады. Қағазшыл, әсіре әсершіл, жанталасқан жан сияқты. Қалайда М.Әуезов пен С.Сәдуақасовты жек көріншті етуге тырысып, әшкерелеп баққан. Ол да жанына сая таптырмаған. Тергеушілер оған «Қалам» деп кекесінді ат қойған. Армансыз пайдаланған соң ату жазасына кесілген және үкім орындалған. Ол партия тазалауы жүрген кезде: «Иен бір кезде Колчактың қарсы барлауында істегемін» – деп мақтанып қалса керек. Сол сөзі өзінің түбіне жеткен сияқты.

Әрине, түрмедегі тұтқындардың жанын жалдап берген айғақтарының шындығына сенудің қисыны жоқ. Дегенмен де жиырма –отыз адамның пікірінің орайлас келуіне қарап, Қожанов пен Рысқұловтың, С.Сәдуақасовтың арасындағы шиеленістің себебі: Қазақстан мен Түркістанның қосылуы турасында екеніне көз жеткізуге болады. Алашордашылар бұл үшеуін де бағалаған. Іш тартқан. Өзінің республикадағы беделін нығайту үшін осы үш азаматты бір-біріне қарсы қойған сияқты. Т.Рысқұлов ортақ Түркістан республикасын құруды, ал С.Қожанов солтүстіктің халқын оңтүстікке қоныстандырып, Ташкентті астана етіп тәуелсіз Қазақстан республикасын құруды, С.Сәдуақасов оңтүстік пен солтүстікті қосып Ресейдің құрамындағы дербес Қазақстан автономиясын құруды ұсынған. Орыс «коммунист-колонизаторлары» С.Қожановтың ұсынысын қолдап: солтүстік облыстарға референдум жүргізу арқылы жер межесін өткізіп, санақ жүргізіп, жергілікті ұлтты оңтүстікке ысырып, Сарыарқаны Ресейдің құрамында алып қалуды мақсат етті. Сол мақсатпен Ежов Мәскеуден арнайы келіп, комиссия құрды. Бұл шараға комиссия мүшесі С.Сәдуақасов пен Ә.Ермеков тойтарыс беріп, қазіргі Қазақстан территориясын сақтап қалды. С.Сәдуақасов Т.Рысқұловқа: Сталинге арқа сүйеп, ұлттық мүдделерді ұмытты, әйтеуір Қазақстаннан басқа республика құру үшін жанан сап жүр, «Алашордашылардың» соңына тыңшы қойып, зиялы қауымды жікке бөліп жүр, коллективизацияны тездетуді жүзеге асырмақ, жергілікті өнеркәсіп орындарын ашуға құлықсыз, бәрін өзі отырған Мәскеуден шешкісі келеді – деген кіна таққан. Әрине, мұның барлығы жеке бастарының мүддесі үшін емес, елі үшін түскен ерлердің ерегесі еді. Үшеуінің де мүддесі бір, күрес жолы, амалдау тәсілі басқа. Бұл үшеуіне қарағанда Меңдешевтің, Сейфуллиннің, Нұрмақовтың көзқарастары мүлдем басқа. «Алашорда» қайраткерлерін әшкерелейтін «Тар жол, тайғақ кешудің» тура сол тергеу ісі жүргізіліп жатқан кезде жазылып, жариялануы кездейсоқ үндестік деуге жатпайды. Ол да өзінің үгіт –насихаттық міндетін атқарды. Саяси сақнаға О.Исаев, Ұ.Құлымбетов, І.Қабылов, Е.Ерназаров сияқты қолжаулықтар шықты.

Үшінші топ боп саналатындардың айғақтары жинақталған №06610 істің бірінші томы жоқ, тергеу хаттамалары 420-беттен басталады. Онда тергеудің айғағы үшін жиналған «доностар» сақталып, кейін жойып жіберуі де мүмкін. Бұл топтағылардың жауаптары кейде үйлесіп, кейде үйлеспей, қарама-қайшы келіп жатады. Ол түсінікті де. Бірінің сырын бірі ашқысы келмеген, немесе не айтуы керектігін болжай алмаған. Мысалы, А.Байтұрсыновтың тобындағылардың бірде-біреуі З.Валидовпен байланыс жасағанын мойындамаған, ал екінші М.Тынышбаевтің тобындағылар бірде мойындап, бірде бас тартқан. Тек: «Өзара аразбыз» - дегенді желеу еткен. Бұл оларды өзара арандатудан сақтаған. Бұл да «астыртын ұйымның әдісінің» бірі. Жоғарыдағы жайлардың анық-қанығын нақты анықтау үшін тергеу деректерін тарихи құжаттармен тиянақты түрде салыстырып барып пайым жасау қажеттігі туындайтыны өз-өзінен түсінікті. Бұл еңбектің ұзақ жыл жазылмай жатқаны да сондықтан.

Тергеу ісін үш жылдан аса созылды. Мұны создырып отырған Голощекин екені анық. Сол үш жылдың ішінде «Алашордашыларды» әшкерелейтін үш жинақ шығартты. Сонда да Мәскеуге жолданған сот үкімі:«тергеу барысындағы айғақтары жеткіліксіз» деген бұрыштамамен бір реткері қайтарылған. Ерекше оқыс көрінетін және түсініксіз жайт: осы 71 айыпталушының ішінен Д.Әділевтің, Ә.Байділдиннің, А,Юсуповтің, Х.Ғаббасовтың, Ж.Аймауытовтың жоғары жазаға кесіліп, сол жазаның орындалып кетуі, яғни, атылуы. Қай жағынан алса да олардың салмағы А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтан басым түспейтіні, «айыптарының» өзі де олардан көрі жеңіл екені түсінікті. Үкімнің қаулысында: Д.Әділев – басмашылармен, Ә.Байділдин – Колчактың қарсы барлауымен байланысып, кеңес үкіметіне қарулы қарсылық жасамақ болғаны үшін, ал А.Юсупов – төтенше комитеттің «Алашорданың» ішіне кіргізілген тыңшысы бола тұра дер кезінде хабар бермегені үшін туу жазасына кесіліп, үкім шұғыл орындалған. Солардың қатарына Ғаббасов пен Аймауытовтың қосылып кетуі тағдырдың тәлкегі болса керек. Аймауытов атылған жоқ. Түрмеде ауырып қайтыс болыпты-мыс – деген қауесет те бар. Бірақ тергеу құжаттары оны растамайды. Сондай-ақ: «Құмға сіңіп кетіп, қоныс аударушылармен соғыс ашпақ болағн» С.Өтегенов пен барлық (қылмысын мойындаған» И.Қашқынбаев «айғақтары жеткіліксіз болғандықтан да» бостандыққа шығарылған. Жиыны біз қарастырған 14 томның кейбір беттері жыртылған екен. Онда қандай деректердің «қолды болғаны» белгісіз. Тергеу мекемесіне тыңшылық еткен «салпаңқұлақтардың» аттары көрсетілген мағлұмат болуы да ықтимал. Сондай әрекетке ұмтылып, жанталасып жүрген бір «қадірлі» зиялыны қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан көзіміз шалып қалған бар. Бұл деректер 1988-1992 аралығында Қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы ғимаратының солтүстік қанатындағы 2-қабатындағы 14-бөлмеде жазылды. Қауіпсіздік комитетінің полковнигі Қараби мен Шыңғыс атты азаматтар барынша еркіндік берді. Сол үшін де оларға ілтипат білдіремін.

Сырт көзге түсіндіре кететін сыралғы сөзіміз осы. Қалғанын қаламның ұшына тапсырдық.

ЗАКИ ВАЛИДОВ «ҚАТИРАЛАР».

Адам аттары,қызметтері

Мунауар Қари – ташкенттік.

Убайдулла Ходжаев адвокат, миллионер.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет