Мазмўны сабырова З.Ќ., Сатбекова А. А


ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІ ОҚЫТУ



бет2/21
Дата17.06.2016
өлшемі1.84 Mb.
#143249
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІ ОҚЫТУ
Байтимбетова П. – оқытушы (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)
Фразеологизмдер халықтың тұрмыс-тіршілігінің, салт-санасының, дүниетанымының айнасы болып табылады, олар-тақырыптық және семантикалық тұрғыда көп аспектілі, ойлау мен танымның ерекше бейнелі, эмоционалды-экспрессивтік реңкке ие және тіл қабаттарының ішіндегі құрылымдық типтері мен синтаксистік модельдері қалыптасқан тілдік бірліктер. Фразеологизмдер сөйлем ішінде қолданылғанда стильдік ерекшелікті, эмоциялық реңкті айқын көрсетуге қызмет етеді. Мысалы, қуанды деген сөз бен екі езуі екі құлағына жетті фразеологизмінің, қорықты деген сөз бен жүрегі тас төбесіне шықты фразеологизмінің, арасында мағыналық сәйкестік болғанымен, бұл сәйкестік толық балама бола алмайды. Себебі қуанды, қорықты сөздерінде фразеологизмдердегідей экспрессивті реңк жоқ. Бұл жөнінде І. Кеңесбаев өз ойын былай тұжырымдайды: «Жеке сөз өздігінен барлық жағдайда ауыс, бейнелі мағынада жұмсалуы міндетті емес».

Тілде сақталған әдет-ғұрыптар мен салт-саналардың іздері де фразеологизмдерде айрықша байқалады. Халықтың бүгінгі күнге дейін жеткен, ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келген әдет-ғұрыптары да фразеологизм уәждерінде айқын көрінеді. Фразеология жеке лингвистикалық пән ретінде XX ғасырдың 40-жылдары қалыптасты. Фразеологияның теориялық негізін қалаушылар ретінде француз ғалымы Ш. Баллиді, Ресей академигі В.В. Виноградовты атауға болады. Ә.Б Олғанбайұлы мен Ғ. Қалиев «Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» атты еңбегінде: «Фразеологизмдердің өз алдына дербес лингвистика саласы екендігін танытатын негізінен үш белгісі бар. Олар: 1) даяр қалпында жұмсалу белгісі, 2) мағына тұтастығы, 3) тіркес тиянақтылығы», – деп жазды /2, 187/. Сондықтан фразеологизмдерді топтастыру тіл біліміндегі күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Олай болса, фразеологизмдерді меңгертуді көркем сөйлеуге үйретудің құралы, тілді орынды жұмсауға төселдірудің жолы деп санауға болады. Тұрақты тіркестер студенттің сөздік қорын байытып, оның сөйлеу әрекетін жетілдіруге де оң ықпал ететіні сөзсіз.

Жоғарғы білім беру жүйесіне енген оқытудың кредиттік технологиялары бойынша әр студентті жеке тұлға ретінде қалыптастыруға басa назар аударылады. Оқу-тәрбие үдерісінде ол тек білім алып қана қоймайды, сана-сезімі, рухани дүниесі жетіледі, өзгереді, қалыптасады.

Студенттің жеке әлеуметтік тәжірибесіне байланысты оның құндылық бағдарларын, дүниетанымын, көзқарасын үйреніп отырған тілдің өзіндік ерекшеліктерімен сабақтастықта қалыптастыру қажет. Мұнда оның фразеологизмдер туралы түсінігі мен қолдану дағдыларының болуы шарт.

Оқу үдерісі барысында студенттің танымдық әрекетін белсендіру, жағымды эмоцияларын жетілдіруге айрықша ықпал ететін тілдік құрал – фразеологизм.

Студенттің белсенділігі алған білімдерін өмірде, тәжірибеде пайдалана білуінен көрінеді. Сондықтан олардың танымдық белсенділігін қалыптастыру – оқу үрдісін жетілдірудің негізгі шарты. Фразеологизмнің мағынасын фразеологиялық сөздіктен өздігінен іздеуге ұмтылыс, студенттердің сабаққа қызығушылығын ғана тудырып қоймай, оның өз білімін өмірде қолдана алу дағдыларын да жетілдірeді, студенттердің сөздік қорын молайтып, шығармашылық қабілетін дамытады.

Студенттің танымдық қасиеттері ұлғайған сайын оның сөздік қоры да өсіп отырады. Сондықтан жоғары оқу орнында оқитын студенттердің қатысымдық құзыреттілігін қалыптастыруда, танымдық қабілеттерін жетілдіруде фразеологизмдерге ерекше назар аударылды. Өйткені студенттердің сөздік қорын фразеологизмдер сөздігі арқылы молайту жұмыстары, олардың сөйлеу тілін жетілдіру мақсатымен толық сәйкес келеді. Фразеологизмдер студенттің әр ортадағы сөйлеу мақсатымен, сөз саптау ерекшелігімен үйлесімде беріледі. І. Кеңесбаевтың авторлығымен шыққан «Қазақ тілінің фразеогогиялық сөздігі» қазақ фразеологиясына ғана емес, қазақ тіл біліміне де қосылған елеулі үлесі. І. Кеңесбаев аталған сөздіктегі қазақ тілінің фразеологизмдері туралы жазған мақаласында фразеология туралы: «Тіл-тілдің өзіне тән ұлттық қасиеті оның барлық тарауларынан байқалатыны мәлім. Сол қасиет, әрине, тиянақты сөз тіркестерінен де анық көрінеді. Тіл байлығын сөз еткенде сөз байлығы деген топқа осы сөздікте қамтылған алуан түрлі фразеологизмдерді жай, жалпылай жатқыза салуға болмайды. Басқаша айтқанда сөз байлығын тексеретін тіл білімі саласын лексикология деп атайтын болсақ, фразеологизм байлығын тексеретін тіл білімі саласын фразеология деп атау әбден орынды», – деп жазады /1, 589/. Сабақ барысында студенттер аталған сөздікті пайдалана отырып, студенттердің тіл байлығына, сөйлеу шеберлігіне, сөз саптауына көптеген ықпалын тигізеді. Сонымен қатар үйренген фразеологизмін ауызекі сөйлеу тілінде қолдана білсе, оның ақыл-ойын дамытуға әсер етеді. Демек, фразеологизмді орынды қолданып, оның мағынасын жетік білетін студент өз бетімен сөйлем құрап, оны ауызша сөйлеу тілінде шебер қолдана алатыны сөзсіз. Фразеологизмдерді меңгертуде оның лексикалық және грамматикалық мағыналары өзара сабақтастықта болады. Бұл мәтіндерді лексикалық және грамматикалық талдау кезінде, жаттығу жұмыстарында фразеологизмдердің мағынасын сөздік арқылы түсіндіру нәтижесінде жүзеге асады. Мысалы, Ат құйрығын кесіп кету; Айна қатесі жоқ; Айтқанына көндіріп, айдауына жүргізу деген фразеологизмдердің мағыналарын түсіндіру үшін олардың біртұтас лексикалық мағынаға ие екендігі, олардың бір ғана сұраққа жауап беріп, бір сөйлем мүшесі болатыны меңгертілeді. Сөздік қордағы әрбір фразеологизмдерді қатысым әрекетінде қолдану үшін студенттердің сөйлеу қабілетін дамыту студенттердің сөздік қорындағы фразеологизмдерді мағыналарына қарай іріктеп, оларды басқа сөздермен орынды байланыстырып, өз ойын дұрыс, толық жеткізе алуына көмектеседі. Сөйлеу қабілетінің жетілуіне студенттердің сөздік қорының мол болуы әсер етеді, сондықтан сөйлеу қабілеттерін жетілдіру үшін олардың фразеологиялық сөздікпен жұмыс дағдылары дамытылады. Студенттер фразеологизмдерді түсініп меңгерумен қатар оларды ауызша және жазбаша тіл дамыту жұмыстарында да еркін қолдана біліп, бір-бірімен сөйлескенде, белгілі бір материалдарға жоспар жасағанда, мазмұндама, шығарма және жаттығу жұмыстарын орындау үстінде пайдалануға үйретіледі.

Фразеологизмдерді оқыту барысында оларды қолдану үшін әр түрлі жаттығулар жүйесі ұсынылады: ізденімдік, тіл дамыту тапсырмалары, сөйлем құрастыруға арналған жаттығулар, керекті фразеологизмдерді табуды талап ететін жаттығулар, фразеологизмдердерді қатыстырып мәтін құрастыратын жаттығулар, фразеологизмдерді қатыстырып эссе дайындау, фразеологизмдерді қатыстырып сипаттама жасау, фразеологизм жасауға ұйытқы болатын сөздер арқылы жасалатын жаттығулар, синонимдік қатар жасайтын фразеологизмдер, омоним фразеологизмдер, көп мағыналы фразеологизмдер жасайтын жаттығулар, фразеологиялық варианттардың нұсқасын тапқызатын жаттығулар, керекті фразеологизмдерді талап ететін жаттығулар, шығармашылық жаттығулар т.б. Осыған сәйкес төмендегідей жаттығулар жүйесі сабақ барысында студенттерге ұсынылады:



1-жаттығу. Берілген сөздердің синонимдік қатарын тапқызу.

Ойламаған жерден-аяқ астынан

Орақ ауызды -

Түн жамылды -

Топ жарды -

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар -

Оң мен солын айырды -

Төс қағысты -

Жапан дала -

Шашбауын көтерді - т.б.



2-жаттығу. Берілген омоним фразеологизмдердің мағыналарын ашқызу.

Өре түрегелді - 1. аяғынан тік тұрды, ұшып тұрды. 2. қарсы тұрды.

Өркен жайды -

Ойы бұзылды -

Лақ еткізді -

Ит пен қүсқа жем болды -

Көрге кірді -

Жүзіктің көзінен өткендей -



3-жаттығу. Суреттерін бере отырып, «Әдемі» (ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, туған айдай, үріп ауызға салғандай т.б.), «Қорықты» т.б. сөздерінің синоним фразеологизмін тапқызу.

4-жаттығу. Көп мағыналы фразеологизмдерді мағынасына қарай топтастыру.

Айтқанына көнбеді -

Аузын ашты -

Таң қалды -

Дәм тәтті -

Мұз балақ -

Ақиық -

Ауыз тиді - т.б.



5-жаттығу. Фразеологиялық варианттардың нұсқасын тапқызу.

Пешенесіне жазылған - бешенесіне жазылған

Ашуына тиді -

Тыныс алды -

Аспанмен таласқан -

Ат кекілін кесті -

Кек алды -

Маңдайының соры бес елі -

Ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ т.б

Берілген жаттығулар арқылы студенттердің ой-өрістері, сөйлеу дағдылары, сөйлесім әрекеттері, тілдің танымдық, қатысымдық қасиеттерін тереңдету, сөйлеу мәдениеттеріне көп ықпал етері сөзсіз.

Фразеологизмдерді оқыту барысында студенттердің сөздік қорын, тіл байлығын, сөздікпен жұмыс жасау тәсілдерін меңгеруі фразеологияның түрлері мен оның құрамын саналы түсінуіне, сөздік қордағы фразеологизмдерді күнделікті қарым-қатынаста жұмсауға дағдылануға әсер етіп, пәнге деген оқу мотивацияларын арттыру болып табылады.

ӘДЕБИЕТТЕР

1 Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1977. – 712 б.

2 Болғанбаев Ә., Қалиев Ғ. Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы мен фразеологиясы. – Алматы: Санат, 1997. – 255 б.


ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада жоғары оқу орындарында фразеологизмдерді оқыту мәселелері қарастырылады.


РЕЗЮМЕ

В статье рассматривается изучение фразеологизмов в высших учебных заведениях.


ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМДЕРДІ ОҚЫТУДАҒЫ ӨЗ БЕТІМЕН ІЗДЕНЕ БІЛУ ҰСТАНЫМЫ
Ерғожина Ш.Л. – п.ғ.к., аға оқытушы (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)
Қазақ тілін оқыту барысында пәннің өзіндік ерекшеліктерінен туындайтын ұстанымдарды анықтау өте маңызды. Ғалымдар мен әдіскерлер топтастыруларын саралайтын болсақ, олардың түрлілігін анықтауға болады. Дегенмен көпшілік топтастырылуда кездесетін ұстанымдардың бірі – «Өз бетімен іздене білу» ұстанымы.

Оқыту үдерісін дұрыс ұйымдастыру үшін өзіндік талабы мен ережелерін негізге алу қажет. Ол ереже оқытудың ұстанымдары болып саналады. Ал ұстаным – жетекші идея, негізгі талап деген мағынаны білдіреді.

Оқытудың ұстанымдары мен оқыту талаптары – оқыту үдерісінің тиімді және мазмұнды болуын қамтамасыз ететін негізгі заңдылық. Білім беру теориясының оқыту ұстанымдары тарихи нақты әрі белгілі бір қоғамдық қажеттіліктерді бейнелейді. Сондықтан тілді оқыту әдістемесінде ұстанымдардың жалпы дидактикалық, жекелеген әдістемелік және оқытудың арнайы мақсатына қызмет ететін ұстанымдарды ажырату қалыптасқан.

Құрмалас сөйлемдерді оқытуда дидактикалық ұстанымдар маңызды орын алады. Дидактик ғалымдар өздері қолданған әдістеріне сай ұстанған ұстанымдардың түрін де, санын да өзгертіп отырады.

Оқушының өз бетімен ізденуі, өз бетімен іс-әрекет етуі оның саналылығына тікелей байланысты. Бұл ұстаным оқушының шығармашылық деңгейін көтеру, яғни шығармашылық әдіс-тәсілдерді меңгеруін міндеттейді. Шығармашылық машық-дағдылар оқушыда алгоритмдік деңгей мен эвристикалық деңгейде жүзеге асады. Мұнда оқушы мұғалімнің бұрын таныстыруы арқылы меңгерілген танымдық әдістермен тежелмейді, оларды қолдану арқылы және басқа түрлерін ойлап табуы арқылы әрекеттенеді. Бұл – дамыған оқушының моделі. Құрмалас сөйлемдерді оқытуда бұл ұстаным бойынша оқушыларға өздік тапсырмаларды орындатудың маңызы зор.

Оқушының өздік жұмысы – олардың оқу-танымдық әрекетінің ерекше түрі. Өздік жұмыстың өзіндік ерекшелігі бар. Ол – оқытушы жағынан тікелей басшылықтың болмауы. Оқушы өздік жұмысты орындау барысында өз бетімен еркін үйренеді және әрекет жасау дағдыларын қалыптастырып, дамытады; сұрақ-жауап арқылы пікірлесуге үйренеді және әрбір іс-әрекетке белсенділік танытады. Ең бастысы өз бетімен іздене білу дағдыларын қалыптастырып, дамытады; сұрақ-жауап арқылы пікірлесуге үйренеді және әрбір іс-әрекетке белсенділік танытады. Ең бастысы өз бетімен іздене білуге дағдыланып, оның жолдарын өз бетімен қалыптастырып және сол жолды табу үшін ізденеді, талаптанады. Бұл бағытта оның білімі мен деңгейі өседі, танымдық қабілеті айқындала бастайды. Оқытушы мен оқушының ынтымақтастығы мен қарым-қатынасы арқылы нәтижеге жетеді.

Мысалы: а) Берілген мақал-мәтелдердің екінші сыңарлары сіздерше қалай өрілуі мүмкін деп ойлайсыздар? Әркім өз бетінше мақалдарды жалғастырып, салалас құрмаласқа айналдырып көріңдер. Осы мақал-мәтелдердің қолданылу орны мен мәнін түсіндіріңдер.

Үлгі: Өнегелі жігіт өрде озар, ...(Өнерсіз жігіт жер соғар).



  1. Білімді мыңды жығар, ...

  2. Білімдіге дүние жарық, ...

  3. Мыңның түсін танығанша, ...

  4. Жарылғанды жау алады,...

  5. Ашынған тілді болар,...

  6. Сөзің тәтті болсын,...

  7. Сөз қуғанға бәле жолығар,...

  8. Ат қадірін жоқ білмес,...

  9. Жаман ісінен көрмейді...

Оқушының нұсқасы Мұғалім нұсқасы

1 ...Білекті үйді жығар. 1 ...Білекті бірді жығар.

2 ...Білімсіздің малы арық. 2 ...Білімсіздің күні ғаріп.

3 ...Бірдің ісін таны. 3 ...Бірдің атын біл.

4 ... Шалағайды дау алады. 4 ...Бөлінгенді бөрі жейді.

5... Жетім бала мұңды болар. 5 ...Ашыққан ұры болар.

6 ...Ісің сәтті болсын. 6... Ашуың қатты болсын.

7 ...Ұрыншақ тасты таба жығылады. 7 ...Жол қуғанға қазына жолығады.

8 ...Ас қадірін тоқ білмес 8 ...Қайда ұшарын оқ білмес.

9 ...Кінәсізді бәлеге сүйрейді 9 ... Кісіден көреді.

Оқушыларға қазақ мақал-мәтелдерінің жасалу жолдары туралы, ұйқасуы жөнінде мұғалімнің берген бағыт-бағдарынан кейінгі олардың шығармашылық ойлауынан тәп-тәуір туынды дүниеге келді. Дұрыс бағдар берілсе, олардың қиялы өте ұшқыр, небір шығармашылық бағыттағы тапсырмалар мен жұмыс түрлерін орындауға қабілеті ашылады. Тек қана олардың өміріндегі белсенділігі мен таным әрекеттерінің ашылуына, өз бетімен жұмыстануына ыңғайлы жағдай туғызуға қызмет етуіміз керек. Мұндай жұмыс түрлерін орындату оқушылардың сөздік қорын кеңейтеді, әртүрлі жұмыс жасауға деген ынтасы да артады, іскерлік дағдылары артады, құрмалас сөйлемнің түрлерін ажыратып, олардың жасалу жолдарын меңгереді.

ә) Төмендегі берілген құрмалас сөйлемдердің сыңарының баяндауыштарын шартты бағыныңқы сабақтас етіп түрлендіріп жазыңдар. Шартты бағыныңқы сабақтастың жасалу формаларынының барлық түрімен жасап көрсетіңдер.



Жүйрік шабыста сыналады, шешен айтыста сыналады, балуан күресте сыналады, батыр ұрыста сыналады (Мақ.) Арқа бусанды, маңдай терледі, шықырлаған аяз естен шықты (С.С.) Зар даусынан кейде ыза мен зіл де байқалады, кейде Абайға қызық көрінетін мақал, мәтелдер айтылып кетеді (М.Ә.)

Оқыту үдерісін дұрыс ұйымдастыру үшін өзіндік талабы мен ережелерін негізге алу қажет. Ол ереже оқытудың ұстанымдары болып саналады. Ал ұстаным – жетекші идея, негізгі талап деген мағынаны білдіреді.

Оқытудың ұстанымдары мен оқыту талаптары – оқыту үдерісінің тиімді және мазмұнды болуын қамтамасыз ететін негізгі заңдылық. Білім беру теориясының оқыту ұстанымдары тарихи нақты әрі белгілі бір қоғамдық қажеттіліктерді бейнелейді. Сондықтан тілді оқыту әдістемесінде ұстанымдардың жалпы дидактикалық, жекелеген әдістемелік және оқытудың арнайы мақсатына қызмет ететін ұстанымдарды ажырату қалыптасқан. Өз бетімен жұмыс жасау дегеніміз – оқушының мұғалім басшылығымен жүргізілетін, алға қойылған дидактикалық мақсаттарға белгілі бір уақыт ішінде жетудегі белсенді қызметі.

Дидактикалық мақсаттар деп білімді іздеу, оны түйсіну, бекіту, алынған білімді жүйелеу, білік-дағды қалыптастыру, дамыту болып табылады. Оқушылардың шығармашылық жұмыстарды өз бетімен орындауы дидактикалық құбылыс ретінде қарастырылады. Оның өзіндік ерекшеліктері бар. Бір жағынан оқушы орындауға тиіс тапсырмалардың түрлілігі дейтін болсақ, екінші жағынан тапсырмаларды орындау арқылы оқушыларда белгілі бір қабілеттер мен дағдылардың қалыптасуы.

Оқушылардың өз бетімен жұмыс жасауын зерттеулердегі ғалымдар пікірінше, өз бетімен жұмыстанудың нақты бір жағдайларда белгілі мақсат пен міндеттерге бағытталуы қажет. Сонымен бірге, өз бетінше жұмыс жасаған баланың бойында білуге ұмтылыс, құштарлық үдерісі жүреді де, белсенді бола бастайды. Білім мазмұны мен деңгейі өсіп, өзін-өзі бақылауы мен тәрбиеленуінің арқасында ерекше танымдық қабілеттері таныла, айқындала бастайды. Бұл үдерістің жалғасуы арқылы оқушы шығармашылығы көрініс табады.

Құрмалас сөйлемдерді оқытуда шығармашылықпен жұмыс істеу үдерісін басқаруда мұғалімнің басқаруы мен оқушының өзін-өзі басқаруы алмасып отырады. Оқушының өзін-өзі басқаруы, яғни жұмысты өз бетімен, өз ізденісімен басқаруы мен бақылауы оның өз жұмысының немесе тапсырманың нәтижесінің дұрыс болуы арқылы байқалады. Өзін-өзі жақсы деңгейде басқара алатын оқушының өз бетімен ізденушілігі мен тапсырманы орындау қабілеті жоғарғы дәрежеде дамиды.

Шығармашылық үрдіс оқытудың деңгейлік көрсеткіші бойынша эвристикалық және шығармашылық деңгейлерінде оқушының өзін-өзі бақылауы мен басқаруы және өз бетімен жұмыс жасауы көп орын алады.

Оқушы шығармашылық жұмысқа бірден келмейді. Сондықтан осы білімдік деңгейге сатылай отырып, қол жеткізетін нәтиженің жемісті болатынына сеніммен қарауымыз керек. Оқушының құрмалас сөйлемнен алатын білімді жете түсініп, терең меңгеруі үшін әрбір деңгейдегі берілетін тапсырмалар өзіндік үлес қосады. Сондықтан әр деңгейде орындалатын тапсырманың түрлері түрлі талап-тілектерді қамтиды. Бұл талаптар әр деңгейдегі (оқушылық, алгоритмдік, ізденімдік, шығармашылық) тапсырмалардың қандай болуы керек, қандай мақсатта берілуі керектігін анықтайды.

Оқушылық деңгейдегі тапсырма қарапайым түрде беріліп, деңгейден деңгейге жеткен сайын тапсырмаларға қойылатын талаптар да артып, күрделеніп отырады. Баланың санасы кішкентай кезінен бастап дамып, жетіліп отырады. Қоршаған дүние туралы түсініктерінің алғашқы уақытта кездейсоқ түрде қалыптаса бастайтыны және даму, жетілу процесінің табиғи түрде жүріп отыратыны ескеріледі. Оқу барысы осы табиғи үдеріске қосымша әрі шешуші фактор болып есептеледі.

Оқушының қарапайым білімдерін жетілдіріп, тереңдете отырып, өзіндік ізденісі, зерттеушілік үрдісінің жүретін және өз ізденісі нәтижесінде жаңа білімге қол жеткізетін кезеңі III деңгей (ізденімдік деңгей). Бұл кезеңде оқушыға проблемалық мәселе қойып, оны өздігінен шешуіне жетелейтін жұмыстар мен жаттығулар беріледі. Оқулық бойынша берілген білім көлемін өз бетімен толықтырады. Жаңа материалға байланысты оқулықтан тыс мәліметтермен танысады. Бұл – оқушының өз еңбегінің, өз ізденісінің нәтижесі. Мұндай тапсырмаларды орындау қосымша әдебиеттермен жұмыс жүргізуді талап етеді.



1-тапсырма: «Адасқан сөйлем». Топ-топқа бөлініп берілген құрмаластардың өзіндік белгілерін салыстыра отырып, адасқан құрмалас сөйлемдерді сызық арқылы өзінің тобына бағыттап керсетіңдер. Ал құрмалас болмайды деп шешкен сейлемді топтан шығарып тастаңдар.





Мұнда оқушылар құрмаластың үш түрін өз топтарына орналастыру үшін, оларды әбден салыстырады. Олардың компоненттерінің орналасу жолдарын, ережесін ойша еске түсіріп, ерекшеліктерін дәлелдейді. Үйірлі мүшелі сөйлемді құрмалас сөйлеммен шатастырмай, дәл тапса, үйірлі мүшелі сөйлемнің құрмалас бола алмайтындығы жөнінде жаңа білім қалыптастырады. Бұл оқушы үшін жаңалық ашумен бірдей. Оқушы бұл білімді өз еңбегінің нәтижесінде қол жеткізді.

IV деңгей (шығармашылық деңгей) – оқушылардың жаңа тақырып бойынша білімін қалыптастырудың ең жоғарғы сатысы. Мұнда оқушы шығармашылық жұмыспен айналысады. Оқушы осыған дейін қол жеткізген білімін, яғни құрмалас сөйлем туралы түсінігі, оның түрлерін, салаластың ішкі топтарын, сабақтастың түрлерін, аралас құрмалас туралы түсінігін, олардың жасалу жолдары мен орналасу тәртібі туралы білімін өз шығармашылық жұмыстарында көрсете білуі тиіс. Сондықтан оқушы осы деңгейдегі тапсырмаларды орындау барысында жаңа тақырыпты еркін меңгеріп, I деңгейдегі – қабылдаушы, II деңгейдегі – орындаушы, III деңгейдегі – ізденуші тарапынан өтіп, өз пікірі, өз айтар ойы бар жеке тұлға дәрежесіне көтеріледі. Бұл деңгейдің басқа деңгейлерден өзіндік белгілерімен ерекшеленеді. Олар:

Алдыңғы деңгейлерде оқушыларға тапсырманы орындау жолдары айқын берілсе, бұл деңгейде оқушының шығармашылық қабілетін айқындайтын және оны дамытатын тапсырмалардың мақсаты ғана беріледі. Ал оны орындау жолдары оқушының жеке шығармашылық қабілетіне байланысты.

I–III деңгейлердегі тапсырмаларды орындау барысында барлық оқушының жауаптары нақты әрі бірдей болуы көзделсе, IV деңгейде оқушының өзіндік көзқарасына, дүниетанымына жеке пікіріне, қабілетіне, дарынына байланысты жауаптар да әртүрлі болады.

Мұнда III деңгейдегі сияқты жаңа ақпарат емес, өмірдегі оқушы қиялының дәрежесі арқылы танылады.

Бұл деңгей оқушының белгілі бір шығармашылық қабілетін дамытатын түрлі тапсырмалар, әңгіме, шығарма, өлең, ойтолғау, пікір айту, болжам жасау, суреттеу секілді тапсырма түрлері және ғылыми көзқарасын қалыптастыратын, зерттеушілік, ізденімдік деңгейін көрсететін реферат, пікір жазу, баяндама, т.б. түрінде беріледі. Ал проблемалық ситуацияны шеше білуге, шешім қабылдауға, өз көзқарасын орынды жұмсауға үйрету үшін сұрақтар беріледі.

2 -тапсырма: Ойтолғау «Туған тілім – тұғырым» тақырыбына ой толғату – өте пайдалы жұмыс. Бұл оқушының ойын дамытып, өзіндік пікірін қалыптастырады.

Бұл тапсырмаға алдыңғы деңгейдегі тапсырмадан сүрінбей өткен оқушы ғана өзіндік ой қорытып, жауап бере алады. Оқушы ой толғай отырып, өзінің шығармашылық жұмысында құрмалас сөйлемдерді қолданады. Тапсырманың негізгі мақсаты – құрмалас сөйлемдер адам ойының күрделілігін, қолданысы шығарманың көркемдік қуатын арттыра түсетіндігіне оқушының көзін жеткізу. Өз ойын күрделі ойлармен өрнектесе, шығарманың жұтаң, ойдың жалаң болмайтындығын дәлелдету.

Қорыта келе, өз бетімен іздене білу ұстанымының білімді меңгертудегі міндеттерді жүзеге асыруға ықпал жасайтындығын айтқымыз келеді. Жеткіншектердің өз ниеттерімен білім алуына тәрбиелеуде, олардың дербестігін кеңінен өрістетуде жалпы адами қасиет сапаларын қалыптастыруда ғылыми негіз болып саналады.
ӘДЕБИЕТТЕР

1. Ә. Исабаев. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. – А.: Қазақ Университеті, 1993. –159 б.

2. А. Әбілқаев. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы: Санат, 1995.
ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада құрмалас сөйлемді оқытудың кейбір ұстанымдары қарастырылады.


РЕЗЮМЕ

В этой статье рассматриваются некоторые принципы изучения сложных предложений.




ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТЕРДЕГІ ӘДЕБИЕТ ПӘНІ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ: ҚҰНДЫЛЫҚ ПЕН ҚҰЗЫРЛЫЛЫҚ
Жұмақаева Б.Д.- п.ғ.к., доцент (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)
Кейінгі жылдары жастардың көркем әдебиет оқымайтыны жиі айтылып, баспасөз беттерінде мәселе ретінде көтеріліп жүр. Біз қанша мойындағымыз келмегенімен бұл уақыттың өзі айқындап отырған шындық. Өнердің үлкен саласы, рухани байлықтың қайнар бұлағы болып есептелетін әдебиетке бүгінде қызығушылық та төмендей бастаған. Мектеп мұғалімдері де аға буын өкілдеріне қарағанда оқушылардың әдебиетке қызығушылығының төмендігін айтады.

Осыдан біраз бұрын Ресей телеарналары мен баспасөздерінде көркем шығарма оқуға оқушы ынта-ықыласының төмендеуі, оның себеп-салдарлары мәселе ретінде көтеріліп, дебат, жарыссөз, конференцияларда қозғалды.

Бұндай құбылыстың себебін терең зерделеу үшін әлеуметтік, психологиялық, экономикалық, саяси, мәдени, рухани мәселелерді саралауға тура келеді. Нарықтық экономика халықтың санасына өз таңбасын түсіре бастады. Адамдардың өмірге деген көзқарастарының қалай қалыптаса бастағанын іс-әрекеттерінен де тануға болады. Көп ата-ана балаларын болашақта табыс көзі болатын мамандықтарға бейімдейді. Мектептерде кәсіби-бағдар жұмысын жүргізгенде оқушылардың көбінің таңдаған мамандықтары да ойымызды бекіте түседі. Халықтың мұндай талғамын жазғыруға да болмас. Себебі заманның өзі осы таңдауды ұсынып тұрғаны белгілі.

Әлеуметтік-экономикалық хал-ахуал өз кезегінде саяси, мәдени, рухани мәселелерді де туындатады. Халықтың ғасырлар бойғы қалыптасқан менталитеті өзгере бастайды. Ол адамдардың көзқарастары мен ұстанымдарына ықпал етеді. Ендігі жерде басты құндылық ақшаға саяды. Осылайша бірте-бірте халықтың психологиясына өзгеріс енеді. Ол қоғамдық сананы қалыптастырады. Өнер, мәдениетке деген көзқарасқа да селкем түсе бастайды.

Қазақ әдебиетінің тәуелсіздік кезеңін зерделеген көрнекті ғалым Ш.Елеукенов көркем әдебиеттің бүгінгі таңдағы таралымының азайып кеткенін айта келе: «Әдебиеттің арғы-бергі қозғаған әңгімесін бүгінгі ұрпақ білмей өссе, «адамның адамшылығын түзеу», «дүние сырына қанығу» /М.Әуезов/ мектебінен өтпесе, ана тілінің мәйегінен татпаса, құлағыңның бітелгені, рухыңның суалғаны, кеудеңнің кереңденгені, әнеки сол емес пе? Осыны әбден біле, сезе тұра, әдебиеттің оқушысын құртып жатқанымыз қалай? Көркем дүниедей сұлулық күнін өшіргенде табатынымыз не? Қай мұратқа жетпекпіз?» деп қынжылады /1, 343/.

Бұрынғы кеңес кезеңіндегі он мыңдаған тиражбен таралатын көркем әдеби кітаптар, газет, журналдар, ғылыми басылымдардың бүгінгі таралымы тартылып, кейбір басылымдар жабылып та қалғаны рас. Нарықтық қоғам, әсіресе, руханият әлеміне сырт берді. Қажетіңді өзің тауып, өзіңді-өзің қаржыландырсаң, бұл нарық тасқынында аман қаласың дегенді танытты.

Бұрынғы қалыпты тірлігінен жаңылып қалып, енді тәй-тәй тұра бастаған қазақ басаламдарына өзінен сан мәрте күшті бәсекелес шықты. Ол – теледидар, интернет әлемі. Айналасы бір сағат ішінде көруге болатын көркем фильмдегіні сағаттап оқудың қажеттілігі қаншалықты? Сондай-ақ сабылып іздейтін дүниеңді иегіңнің астынан-ақ интернетті түрткілеп отырып тауап алатын болсаң, кітаптың, газет, журналдың керегі қанша? Міне, өкінішке орай, бүгінгі жастар арасында осындай жаңсақ көзқарас қалыптаса бастады.

Біздің айтпағымыз мемлекеттік басылымдар немесе халықтың әлеуметтік жайы емес. Халықтың әлеуметтік, психологиялық, экономикалық, саяси, мәдени дамуына маниторинг жасау үшін бірнеше сала өкілдері мен ғылыми институттардың көмегіне жүгіну қажет болар. Қарапайым халық көзімен қарағанда байқалатын өзгерістер кімге болса да жасырын емес. Тоқталмағымыз өнертану пәні, адамтану пәні, адамның рухани болмысын қалыптастырушы, ой-санасын дамытушы қуат көзі ретінде әдебиет пәнінің бүгінгі оқытылу жайы болмақ. Бүгінгідей өркениет заманында арнаулы пән ретінде арнайы оқытылып отырған тұста оқушыларымыздың көркем әдебиеттен сырттауына жол жоқ сияқтанады. Кезінде халқымыз «дала мектебін» құраған «отбасы мектебінде-ақ» ертегілерді айту арқылы оқушы қиялын шыңдап, жұмбақтар арқылы ойын дамытып, жаңылтпаш арқылы тіл ұстартып, дастандар, батырлар жыры арқылы отаншылдық рухын бекітіп, халық поэзиясы, айтыстар арқылы эстетикалық талғамы мен образды ойын дамытып келгені белгілі. Соның жарқын көрінісі болар, халық ақындар, көрнекті талант иелерінен тапшылық көрген емес. Ал бүгінде мемлекет қаржы бөліп, жалпы білім беретін мектептептерде арнаулы пән ретінде әдебиет 5-сыныптан 11 сыныпқа дейін оқытылып отырғанның өзінде оқушыларымыздың күн санап әдебиетке қызығушылығы бәсеңдеп, оқырман қауымның өз мәнінде қалыптаспауы кімді болса да ойландырмай қоймас.

Оның себебін алыстан сабылып іздемей-ақ әдебиет пәнінің айналасынан қарастыру керек болар. Зерделей, байыптай келгенде оқырман қалыптастыруда елеулі рөл атқаратын әдебиет пәні және әдебиет пәнінің бағдарламаларына тірелеміз. Яғни, мемлекеттік стандарт бойынша әдебиетке қаншалықты көңіл бөлініп отыр, жалпы білім беретін мектептерімізде әдебиет пәні қалай оқытылып отыр деген сауалдар туындайды.

Қазақ әдебиеті пәнінің бағдарламасы 1932 алғашқы пән ретінде оқытылған кезден бері сан түрленіп, сан түледі. 1960-90 жылдар аралығында қазақ әдебиеті пәнінің бағдарламасы біршама тұрақталып пәннің ауқымды аясын жүйелеген, бір ізге түскен болатын. Бағдарламаларының сапалы жасалуында Ш.Кәрібаев, Ә.Қоңыратбаев, Ш.Аманов, С.Тілешова, Ә.Дайырова қатарлы белгілі педагог ғалымдардың сіңірген еңбегі зор. Ол бағдарламалар өткен күннің еншісінде қалып, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері де жаңа бағдарлама жасауға кіріскен едік.

Жаңа бағдарламаларда кеңес кезеңіндегі қалыптасқан жүйеден алшақ кеткеніміз жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бергіде әдебиеттану ғылымының жаңа тынысы ашылып, әдебиетіміз көрнекті тұлғалармен толықты. Халқымен қайта қауышқан арыстар мұрасы мектеп бағдарламаларынан орын алды. Бағдарламадағы бір жаңалық: орта буын болып етептелетін 5-9 сыныптар екі салаға жіктеліп, алғашқысы әдебиеттік оқу бағытында болса, 8-9 сыныптар әдебиеттің бастапқы тарихи курсы енгізілді. Ал, әдебиеттің біршама көлемді тарихи курсы 10-11 сыныптарға ұсынылды. Бағдарламадағы бұл өзгерістің сапалы білім қалыптастыруға қаншалықты үлес қосқаны туралы пікір білдіру қиын. Әйтсе де, көзге ерекше көрінетін кейбір олқылықтарға жол берілгендігін айтпаса болмас. Мәселен, орта мектеп бағдарламасында бұрыннан әдебиеттің қысқаша тарихи курсы оқытылатын. 9-11 сыныптарға топтастырылған тарихи курс аясында ауыз әдебиеті, кейбір хандық дәуір әдебиетінің өкілдері, ХІХ ғасыр, Кеңес кезеңіндегі әдебиет, сол кезеңдердегі тарихи, шығармашылық тұлғалар қамтылатын. Жалпы білім беретін мектептер үшін лайықты әдеби білім қоры қалыптастырылатын. Ал жаңа бағдарлама бойынша мектепте оқытылатын тарихи курс екіге жіктеліп барлық тұтас курс 8,9,10,11сыныптар, жалпы алғанда төрт сынып бойы оқытылады. Былай алып қарағанда университет қабырғасында бір пән бойынша белгілі бір мамандық алуға берілетін бакалаврлық білім мөлшері болып шығады. Егер оқушылар аталмыш бағдарлама арқылы филологиялық терең білім алып шығар болса, төрт жылдық тарихи курсқа еш сынымыз болмас еді. Өкініштісі сол керісінше кейінгі жылдары мәтін оқымайтын, бірде бір шығарма кейіпкерін танымайтын оқушыларымыз көбейіп отыр. Бағдарламада бойынша мектеп қабырғасында оқылатын әдебиеттің тарихи курсына енгізілген авторлар мен олардың шығармаларын санамалап айтар болсақ қанша томдық кітап сөресі шығары белгісіз. Әсіресе 9-сынып оқушыларының арқалаған жүгі ауыр. Сонау ІҮ ғасырдағы Орхон-Енесей жазбаларынан бастап ХХІ ғасырдағы ақын, жазушыларымызға дейін қамтылған. Әрі әр авторға ең көбі 2-3 сағат қана берілген. Аталмыш сынып оқушылары тіпті М.Әуезовтің «Абай жолын» 2 сағат көлемінде оқып өте шығады екен. Бір сынып көлемінде осынша оқу материалын қамтыған бағдарламамен қалай білім қалыптастыруға болатынын авторларымыз ойланды ма екен?!

Жасыратыны жоқ, әдебиет пәнінің бағдарламасы бойынша көп сыныпта оқу ақпараты мөлшерден тыс көп. Кейінгі кезде «білім» деген түсініктің өзі «ақпарат» деген ұғыммен астастырыла, алмастырыла қолданылып жүр. Сондықтан да болар ҰБТ бойынша ЖОО- на есінде оқу ақпаратын көбірек сақтайтын оқушылар жолдама алып жатады. Психолог мамандардың пікірі бойынша есте сақтау қабілетінің кей балада жоғары, кей балада төмен болуы заңды құбылыс. Ал білімділік баланың есте сақтау қабілетінің жоғары болуына түбегейлі тәуелді емес. Яғни білім меңгерудің түрлі қызметі бары белгілі. Өкініштісі алынған оқу ақпаратын өз қажетіне қолдана алу, өз санасында қорытып, пайымдай білу (интерпретациялау) деген білім, білікке, машыққа көңіл бөлінбеуге айналды. Сонда білімнің көрсеткіші «қай жылы», «қашан», «қандай шығармалары бар?» деген жалаң сауалдардың жауабы ғана болғаны ма?! Себебі ұлттық тесті көбінде осы тектес сауалдардан құралып жүр.

«Интербелсенді әдістерді жоғары оқу орындарында қолдану» атты оқу құралында А. Әлімов бүгінгі ақпарат туралы мынадай мәлімет келтіреді: «Білімнің жылдан жылға дамып, өсіп отырғандығында дау туғызбайтын аксиома. Мәселен, адамзаттық бар білетіні 1800-1900 жылдар аралығынды (жүз жылды) екі есе өскен деген есеп келтіреді ғалымдар. Ал білімнің келесі екі есе өсуі енді елу жылда (1901-1950) орын алыпты. Осыдан кейінгі еселену жиырма жылда (1951-1970) содан соң он бес жылда (1971-1985) болған екен. Ал қазіргі кезде білім әр бір төрт жыл сайын екі есе ұлайып отыр дейді ғалымдар. Білім тура осы қарқында үдей беретін болса, аз уақыттан кейін адамзаттың бар білетіні әрбір 76 күнде екі есе өсіп отыратын көрінеді...

Қазірге заман - ақпарат заманы, ол жан-жақтан әртүрлі формада (кітап, ғазет-журнал, теледидар, радио, қарым-қатынас, интернет, жарнама т.б.) орасан зор көлемде ағыл-тегіл келіп түсуде. Алайда адам өзінің шектеулі миымен барлық ақпаратты есте сақтап, игере алмайды, оған уақыты, тіпті өмірі жетпейді... Сонымен, білім-ақпатар» формуласы бүгінгі күні ескірген, білім ақпарат емес деп ұйғаруға әбден болады»- деген ойға қонымды пікір білдіреді/2, 16/.

Мектеп бағдарламаларына көп оқу материалын, көптеген авторларды ендіре беруге тырысу орынсыз. Біздің пікірімізше көркем ойдың көгіне көтерілген классикалық шығармалар арқылы, көрнекті ақын, жазушыларымыздың таңдаулы туындылары арқылы әдеби білім мазмұнын қалыптастыруға күш салынуы қажет деп білеміз. Оның есесіне мейлінше көркем шығармағаның өзіне, оны талдауға, практикалық сағаттарға, өзіндік білім мен шығармашылыққа көбірек көңіл бөлініп, оқушылардың таным әрекеті мен эстетикалық талғамын, оқырмандық ынтасын көтерсе, бағдарламаға енбеген шығарманың өзін, тіпті барлық көркем әдебиетті оқуға деген ықылас артқан болар еді.

Қазақ әдебиеті пәнінің бағдарламаларына қараған қазіргі күйіміз «кілті жоқ сандық толы қазынаға қол жеткізе алмаған жанның немесе теңізде отырып шөлдеген адамның кебін кигенмен бірдей». Олай дейтініміз педагогикалық практика кезінде бірталай мектеп мұғалімдерінің сабақтарын бақылай жүріп біршама жайтқа қанықтық. Бағдарлама бойынша әдебиеттің тарихи курсын оқитын сыныптарда белгілі бір автор ұсынылады да оның бірнеше шығармасы көрсетіледі. Ал оған бар жоғы екі сағат қана біріледі. Жоғарыда атап өткен 9-сыныпқа сабақ беретін әр мұғалімнің академиялық білімі болуы қажет-ау деген ойға тірелесіз. Себебі ІҮ-ХХ ғасырларды қамтыған бағдарлама бойынша өз мәнінде дәріс даярлау үшін терең білім қажет-ақ. Ал бүгінде сырттай білім алып, мектептерде жұмыс істеп жатқан мұғалімдеріміз жоқ деп есептегеннің өзінде жоғары оқу орнын үздікке бітірген, білікті ұстаздармен әбден қаруланған болуымыз қажет болар. Себебі санаулы сағаттарда өткізілетін сабақ дәстүрлі шолу лекциясы деп білсек, сол лекцияның өзі өте сапалы даярлануы керек. Жалпы жартымсыз сағатқа үйіп-төгіп берген оқу материалын оқытудың жаңа бір тәсілдерін іздестіру керек болар. 2011 жылы шыққан Қоғамдық-гуманитарлық жалпы білім беретін мектептердің «Әдебиет бағдарламасы» бойынша (Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық ғылым академиясынан 2010 жылы даярланған) 11 сыныптарда барлық шығармашылық тұлға 1 сағат, нақтырақ айтсақ, 45 минутта оқытылады-мыс. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ж.Жабаев, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сияқты ірі тұлғаларымыздың шығармашылығын 1-сағат көлемінде қалай оқытуға болады? Сол бір сағат ішінде авторларымыздың әрқайсысының түрлі жанрдағы шығармалары қарастырылады. Поэзиясы, драмасы, шағын, орта, кең көлемді прозасын да қамту көзделген. Шығармаларына шолу жасаудың өзі елеулі уақытты қажет етеді. Белгіленген уақыт көлемінде осынша материалды қамту мүмкіндігі қаншалықты?

Педагогикалық практика кезінде бақылаған сабақтарымызда көңіл тұшытатын дүние көре алмайсыз. Ең таңдаулы сабақ дегендердің өзі тек оқу ақпаратына сүйенеді. Яғни интер активті тақтадан көрсетілетін әр түрлі материалдар мен сызбалар, үнтаспа т.б. техикалық құралдарға сүйене айтылатын мұғалімнің біршама сәтті дайындалған шолу дәрісі болып шығады.

Осындай оқу бағдарламасы мектептегі әдебиет сабағының мазмұнына елеулі ықпал етіп отыр. Мұғалімдер де жеңіл жолын тапқан. Көбіне хранологиялық кесте жасату, сол бойынша автордың қысқаша шығармашылық картасына сүйеніп қай шығармасы, қашан, қай баспада жарық көрген т.б. анықтамалық ақпаратты алумен шектелетін болған. Себебі тестің сұранысы да осы ақпараттар. Сонымен әдебиет сабағымыз статистикалық ақпаратқа толы жалаң мәліметтер жиынтығы болып шыға келеді.

Оқушылардың мәтін оқудан шеттетілгені соншалықты, тіпті М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын әдіскерлеріміздің мәтін оқудан безінген оқушыларға бейімдеп қысқартып бір кітап етіп жинағанын да көз көрді. Төрт кітаптан қысқартылып шағындалып ұсынылған «Абай жолын» да оқыту оңайға соқпаған сияқты. Себебі әдіскерлеріміз сол алғашқы тәжірибесімен шектелді. Кейін басқа авторларымызға мұндай «тәжірибе» жасай қойған жоқ. Әдебиет сабағы рухани өмір сабағына айналу үшін жалаң ақпаратты сырып қойып, шығарманың өн бойына еркін көсілу керек емес пе?! Белгілі әдіскер Е.Н.Ильиннің шығарма талқылау арқылы өткізетін тіл өнері сабақтарындағы «өмірге ену», «тіректер іздестіру», «тіл табысу өнері», «қарсы қадам» т.б. ұстанымдары арқылы оқушы санасынан жүрегіне жол салатын әдіс-тәсілдері әдебиет сабағы үшін аса маңызды/3, 4/. Ал тиімді әдіс-тәсілдер мен технологияны пайдалана алатын мүмкіндікті бағдарлама жасаудан бұрын есепке алған орынды болар. Әдебиет – қалықтың теңдессіз мұрасы, рухани қазынасы, рухани құндылығымыз. Басты құндылығымызды оқушы бойына дарытарлық мүмкіндік жасамасақ, том-том кітіптар жазу мен бағдарламалар түзудің қандай қажеттілігі бар деген заңды сұрақ туындайды.
ӘДЕБИЕТТЕР

1 Елеукенов Ш.Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде А.: Алатау, 2006.

2 Әлімов А. Интербелсенді әдістерді жоғары оқу орындарында қолдану. Алматы: 2009.

3 Ильин Е.Н. Путь к ученику. М.: Просвещение, 1988.

4 Ильин Е.Н. Рождение урока.М.: Педагогика, 1986.
ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада жалпы білім беретін мектептерге арналған әдебиет пәні бағдарламалары қарастырылған. Әдеби білім мазмұнын қалыптастыруда оқу бағдарламаларының құзырлылық мәселесі қозғалған.


РЕЗЮМЕ

В статье рассматриваются содержание учебных программ по литературе в общеобразовательных школах и проблема их компетентности в формировании содержания литературного образования.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет