Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы



бет5/18
Дата24.02.2016
өлшемі1.5 Mb.
#13498
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

Бауырына салу
Баурына салу (ғұрып). Баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы яғни «бауырына салуы» ежелден бар қағида. Мұның да жөн-жоралары бар. Мысалы, жаңа туған баланы асыраушы анасы шаранасымен етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде баланың өз әке-шешесі балаға таласқан жағдайда асыраушы адам «оң қолына асық жілік ұстатып едім ғой» деп дауласады. Бұл үлкен дәлел, куәлік есебінде жүреді. Алайда, бала қайтыс болған жағдайда оның туған әке-шешесінің, аты айтылып, жаназасы шығарылады. Кейде ата, әже өзінің бірінші немересін «бауырына салып» алады. Бірақ ол асырап алғанға жатпайды.

«Бауырына салу» немесе бала асырап алуда баласы жоқ адамдар балалар үйінен сәбилерді өз бауырына алу мен қатар балалар үйінен сәбилерімізді шетел азаматтарының асырап алуға әкететіндері де кездесіп тұрады.


Базарлық
Базарлық (дәстүр). Алыс сапарға, саяхатқа, сауда жолына шыққан адамдар жерлестеріне, көрші-көлемдеріне, сыйлас адамдарына, жас балаларға ірілі-ұсақты сыйлықтар әкеледі. Оны «базарлық» деп атайды. Бұл жақсы көрудің, сыйластықтың белгісі және ескерткіш ретінде қабылданады.
Байғазы
Байғазы (дәстүр). —«Уа, сатира сарбазы, Алырнаңа байғазы!» (С. Әбілкәкімов). Байғазы — балалардың, жастардың жаңа киімі үшін (мысалы қамшы, шана, ер-тоқым) берілетін ақшалай, заттай сый. Байғазы сұраудың еш артықтығы жоқ.

Қазіргі таңда көп жағдайда байғазыны жеңіл көлік, үй (пәтер) немесе көрнекті бір зат алғанда қайырлы болсын, жаңа үйге кіргенде үйінің іші құтты болсын деп жатады.


Бастаңғы
Бастаңғы (салт). «...Жастар «бастаңғы» деп аталатын тамақ істеп бас қосады. (К. Сегізбаев) Үйдің үлкендері жол жүріп кеткенде ауыл жастары сол үйге жиналып, жолаушылардың жолда басы ауырмасын «бастаңғы жаса» дейді. Бастаңғының мәнісі — жастардың сол үйде ойын-сауық жасап бас қосуы. Дәстүр бойынша бұған тиым салуға болмайды. Бастаңғыны жастар жасайды.
Бесік той
Бесік той (салт). Туған-туыстары жиылып, нәрестені бесікке салу дәстүрін өткізеді. «Бесік алып бару» - қазақтың бір жерге келін болып түскен қызы тұңғышын босанғанда орындалатын дәстүрі. Бесіктің жасауын қыздың анасы даярлайды. Оған қоса киетін, зергерлік бұйымдармен дастарқанға қойылатын тәттілерін салып алып барады. Алып барған китінің ішіне тоғыз түрлі заттар салады. Тоғызға бағалы киімнен бастап, ұсақ заттар да кіреді.

Тойға жиналған қонақтар асқа отырып, шүйіркелесе әңгімелесіп, құдағилармен танысады. Шай ішіліп, әңгімелер айтылады. Сонан соң «бесікке салу» басталады. Құдағилары алып келген бесікті ашпас бұрын, сол үйдің басқа келіндері көрімдік сұрайды. Бесікті ашатын әйел көрімдігін береді. Жөргектен шығарып, иткөйлек кигізетін сәбиді бесікке әйелдердің ішінен жас жағынан болсын, мінез-құлық, іс-әрекет жағынан болсын парасатты, бойы таза, инабатты, жөн білетін, ел-жұртқа сыйлы, балалы-шағалы болған бәйбішелердің бірі салады. Баланы бесікке саларда бесікті аластау ырымы жасалады. Бұл отқа табыну дәуірінен қалған ырым. Баланы бесікке саларда бесікті саларда қарт аналардың біреуі шымшыуырды отқа қыздырып, сонымен бесіктің басын, арқалығын қарып кертеді. От пен оның исінен жын-шайтан, дерт-дербезе қашады мыс деп есептеген. Жаңа бесікке нәрестені бөлмес бұрын, бесікке салушы бесіктің жабдықтарын орындарына қойып, шашу ретінде алып келген шайлық тәттілері мен ұсақ, ақшалай сыйлықтарын араластырып, бесіктің түбек байлайтын тесігінен өткізіп, қолын тосқан әйелдерге «тыштыма» деп, үлестіріп береді. Жаңа бесікке олар байғазыларын береді. Әкелінген бесікке көріп отырғандар баға беріп, бесік әкелушілерге киіт беріледі. Құдағилар білезік пен жүзіктерін бір-біріне сыйлайды. Бесік жыры әндері айтылып, би биленіп, көңіл көтереді.


Босаға майлау
Босаға майлау (ғұрып).— Жастар жеке отау құрғанда немесе біреу жаңа үй алғанда жақын-жуықтары келіп, жаңа үйдің босағасына май жағады. Бұл осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ұғымды білдіреді. Босаға майлаған адамға кәде берілуі керек.
Біз шаншар
Біз шаншар (салт). Кең байтақ қазақ даласында салт-дәстүрдің қызықты түрлері көп. Соның бірі - "біз шаншар". Еліміздің шығыс, оңтүстік жақтарында "жаушы" осы "біз шаншар" салтын қалдырды. Ақсақал, қарасақал аралас бір топ ер азамат бойжеткен қызы бар үйге түсе қалады. Қандай шаруамен жүргенін айтпайды. Ел шаруасын, амандық білген болып қонақасын ішіп аттанып кетеді. Әдет бойынша ел ішінде бір топ адам былай жүрмейді. Олар кеткеннен кейін отағасы мен отанасы қонақтар отырған жерден шаншулы бізді тауып алады. Бұл "бізде ұл, сізде қыз бар, құда болайық" дегенді білдіреді.
Жеті ата
«Жеті ата» (ғұрып), «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» (Мәтел). Әр адам өзінің жеті атасын білуі — көргенділік пен білімділігін, ата көргендігін танытады. Білмесе «жеті атасын білмейтін жетесіз»—деп сөккен. Жеті атаны үйрету әр ата-ананың басты борышы. Мысалы: өзі, әкесі, атасы, бабасы және онан арғы ата-бабасының есімдерін білу жеті атаны білу деген сөз.
Жолаяқ
Ұзақ жолға шықпас бұрын, жолаяқты жол жүрушілер жасайды. Жақындары мен жора-жолдастарына дастарқан жайып, шамалары келгендер қой сойып, қазан асады. Жолаяққа келген адамдардың тілегі – жолдың жақсы болуы. Үлкендерден бата алады. Тойға алыстан келген сыйлы қонақтарын той иелері «жолаяқ» жасап шығарып салады. Жолда тұрып, кішігірім дастарқан жайып, келген аяқтарына гүл бітуін тілеп бір-біріне тілектер айтады. Сонау жерге келгендеріне рақыметтерін айтады. «Жолаяқ» сыйластықтың белгісі.
Итаяқ
«Итаяқ» (дәстүр). Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, үлкен әжелері оған «итаяғыңа» сал деп сақина, күміс, жүзік сияқты заттар береді. «Итаяқ» деген келіншек босанып баланы алғаш шаранасын жуатын суға, яғни «шілде суына» әлгіндей күміс, жүзік, сақина, түйме сияқты заттарды ыдысқа салып жіберіп, нәрестені шомылдырып жуады. Шомылдырып болғаннан кейін әлгі заттарды сол жердегі әйелдер ырым ғылып бөлісіп алып, мәз-мәйрам болып тарқасады.
Кекіл қою
Кекіл қою (ғұрып). «Қарағым, айналайын, кекілдім-ай, Көгілдірі аққудың секілдім-ай» (Халық өлеңі). Жас балалардың шашын тегіс ұстарамен алып тастайды да маңдайына бір шөкім шаш қалдырып, оның жиегін тегістеп қиып қояды. Оны «кекіл» дейді. Кекіл балаларға жарасымды ажар береді.

Кекіл жылқыда да болады. «Кекілін кескен кер атым-ай, Титтейден өскен бекзатым-ай» (Халық өлеңі).


Кіндік кесер
Кіндік кесер (салт). Ел ішінде "кіндік шешесі" немесе нәресте туған сәтте оның кіндігін кесетін әйелдер дайын тұрады. Кейде олардың "жол менікі" деп аталатын кездері де болады. Кіндік кесу - мәртебелі абыройлы іс. Байыпты әжелердің шешімімен кіндік кескен әйелге "кіндік кесер" кәдесі беріледі. Кейінде "кіндік шеше" деп аталатын әлгі әйел сол баланың анасы есепті құрметке ие болады. Кіндік баласын оның өз анасынан кем санамауы керек. "Кіндік шеше" кейін келіп бала үйінен өз қалауын ала алады.

Баланың кіндігі түскеннен кейін "елдің қорғаны болсын" деп ер баланың кіндігін ат шаптырым жерге апарып көмеді. Қыз "Отбасының тірегі болсын" деп от орнына немесе табалдырыққа көмеді.


Қалжа
Қалжа (ғұрып). «Менің сорлы шешеме қалжа қайда, Қой сат деп әкем шапты көрші байға» (С. Торайғыров). Жас босанған әйелге арнаулы мал сойылып, берілетін тамақ-«қалжа» деп аталады. Жақын адамдар да «қалжа» әкеледі. Бұл әрі сыйластық, кұрмет, әрі босанған әйел тез сауығып кетсін деген мақсаттан туған елдік дәстүр, ғұрып.
Құрсақ шашу
Құрсақ шашу (дәстүр). «Құтты болсын деді де, Құрсақ шашу жеді де, қайтадан халқы тараған» («Алпамыс»). Жас келіннің екіқабат болғаны белгілі болса, оның абысын-ажындары, енелері әйелдерді шақырып, құрсақ тойын (кей жерде «құрсақ шашу» дейді) жасап, оның аман-сау қол-аяғын бауырына алуына (яғни босануына) тілек білдіріп шашу шашып, дастарханды түрлі дәмге толтырып, сауық жасайды. Ғұрып бойынша бойына бала біткен келіншекті «күмәнді», «аяғы ауыр», «ішінде көжесі бар» деп тұспалдап айтады. Бұл сөздің мәнісі жас келін қысылып, ұялмасын, тіл-көздің сұғынан сақтасын деген ойдан шыққан.

Жас келін бала біткен соң бойына ас сіңбей кұса береді. Әлдеқандай тағамға көңілі шабады. Мұны жерік болды дейді. «Бәйбіше келді алаңдап, Жас беріше жалаңдап, Жерігі қанбай сандалды» («Алпамыс»). Мұндайда әйелдер жерік ананың көңілі қалаған асын табуға тырысады. Жерігі қанбаған әйел басы айналып, ауыра береді. Мұндайды «ит жерік» дейді. Қалаған асы табылып, жерігі қанған әйелдің құмары тарқап, ерекше сезімге бөленіп, денсаулығы жақсара бастайды. «Жерік асын жегендей қуанды» деген сөз осындайдан шыққан. Жеріктікті басудың тек анаға ғана емес, іштегі сәбидің де денсаулығына зор әсері бар. Мысалы жерігі қанбаған ананың балалары әлжуаз, аурушаң, кейде кем тууы да мүмкін. Сәбидің аузынан суы шұбырып жүруі де осындайдан болады дейді халық даналығы.

Халық екіқабат ананы да тәрбиелеу жолын әсте ұмытпаған. Оны мәпелеп, аялай білген, ренжітпеген. Бұл жөнінде жазушы Зейнеп Ахметова былай деп жазған: «Қарағым, биік тауға қара-көңілің өседі, көңілің өссе-немерең кең пейілді болады, жайқалған шөпке, жайнаған гүлге қара-сәбиің шырайлы болады, бұлақтың көзін аш, бала қайырымды болады» деген секілді ұлағатты тәлімін беріп, аналарымыз жас келіншектің таным-талғамын ұштап... баулыған». Міне бұл ұлттық ұғымның ұлағаты.

Дәстүр бойынша жас келін босанғаннан кейін оның анасы әдейі келіп, қуанышқа ортақтасады. Бұл ананың басты парыздарының бірі.


Құрсақ тойы
Құрсақ тойы (салт). Жас келіннің бойына бала біткеннен кейін оны тіл көзден сақтау мақсатымен қамқор ана ауыл әйелдерін жинап, «құрсақ тойын» өткізген. Оған жиналған әйелдердің бәрі шашуларын әкеп келіннің үстіне шашқан, келінге бата-тілектерін білдірген. Бұл «құрсақ шашу тойы» деп аталған. Көптен бері – бала көтере алмай жүрген әйел бойына бала біткеннен кейін, әйелдің жақын араластың құрбылары, құрдастары (негізінен әйелдер) жиналып, «құрсақ шашу» ырымын жасайды. Ол үшін құрсақ көтерген әйел үйінде дастарқан жасайды, ал келген әйелдер ақша мата тәттілер және т.б. шашу ретінде әкеліп, болашақ нәрестенің аман-есен босануына тілектестігін білдіріп, шағын той жасалады. Оңтүстікте мұны «құрсақ той» деп те атайды.
Қырқынан шығару
Қырқынан шығару (салт). Ерте заманнан келе жатқан әдет қазақ туғанына қырық күн толғанда баланы қырқынан шығарған. Қырық күн өткеннен кейін баланың өмірінде жаңа кезең басталады деп есептелген, себебі қазақ халқының ұғымында қырық саны қасиетті сандардың бірі. Қазақ халқының ғұмырында 7, 9, 30, 41 сандары қасиетті деп есептеледі. Ұл баланы қырық күнге жеткізбей, болашақта үйленгенде қалын малы аз болсын деп, 37 не 39 күнде, ал қыз баланы қалын малы көп болсын деп 42 не 44 күнде қырқынан шығарған. Нәрестенің ит көйлегін шешкен күні, яғни қырқынан шығарған күні ауылдағы әйелдер жиналады, ішіндегі немерелі-шөберелі болған кемпірдің бірі, немесе абысыны немесе өзінен үлкен әйел қырқынан шығару ырымын істейді. Баланың қарын шашын қалаған адамына (ер адам немесе әйел адам) алғызады, одан кейін қырық қасық суды үстінен құйып тұрып, «отыз омыртқан жылдам бекісін, қырық қабырған жылдам қатсын» деген тілекті айтып шомылдырады да, баланы шешесіне береді. Бала шомылдырып ыдысқа шақырылған ауыл әйелдері 40 қасық су құйып, сақина, жүзік сияқты заттар салады, теңгелер салған суға баланы шомылдырып, сонан соң шашы мен тырнағын алған. Сақиналарды бала шомылдырған әйелдер өзара бөліскен. Кейбір қарт әйелге көйлектік маталар береді. Баланың қарын шашын алған еркекке де азын-аулақ сыйлық береді. Баланың қарын шашын алған соң тастай салмай, сақтап қояды. Баланың қарын шашын шүберекке түйіп, тұмарша етіп тігіп, баланың киімінің он иығына қадайды. Бала қырқынан шыққанша әлсіз болады. Сондықтан бір тал шашын тастамай, сақтау керек деп біледі. Ал тырнағын көміп тастайды.

Баланы қырқынан шығарғаннан кейін, ит көйлекті шешкен соң, оған тәтті бидай, жүгері қуырып салып, түйіп иттің мойнына байлап жібереді. Ауыл балалары итті қуып жүріп, мойнындағы «ит көйлекті» шешіп алып, тәттісін бөліп жейді. Ит көйлекті ырым деп, баласы жоқ әйелге береді. Онысы – барлық адамды қуантатын баласы көп болсын дегені. Кейіннен бұл әдет ұмытыла бастады.


Құлақ тесу
Қыздың құлағын тесу – дәстүрге енген ежелгі ғұрыптың бірі. Әдетте бойжеткеннің немесе балиғатқа толған қыздың (9 жас, кейде одан да ертерек) құлағын тесу үшін қыздың шешесі, жеңгелері, апалары жиналады. Құлақты уқалап, жанын кетіріп, қыздырылған жуан инемен немесе кәдімгі тарымен теседі. Ол үшін екі тарыны құлақтың екі жағынан бірінін тұсынан бірін дәл келтіріп қысады. Бір қызығы тесілген құлаққа қызыл иттің жүнін есіп өткізеді. Үлкен кісілер иттің жүнін өткізсе «құлақ іспейді, қотырланбайды, жара түспейді» дейді. Халық ұғымында қыздың құлағын тесу – оны сүндеттеумен бірдей деген қағида бар.
Мүше алу
Мүше алу (салт, дәстүр). «Мүше алып қашып жеңгеден, Бозбала ерке қызға апар» (Ғ. Қайырбеков).

Ойын-тойда, мерекеде жас жігіттер атпен келіп мүше сұрайды. Жеңгелері оған орамал, сақина, айна т.б. мүше береді. Алған жігіт оны ала қашады. Басқа жігіттер оны қуып алып қалуға тырысады. Қашқан жігіт мүшені өзі ұнатқан қызға апарып береді.


Сатып алу
Сатып алу (ырым, салт). Біреудің баласы туысымен шетіней берсе, яғни баласы тұрмаса, онда одан кейін туған баланы "сатып алатын" ырым бар, бұл ырым былай жасалады. Елдегі бақсы, балгер, кемпір әлгі үйге келіп, "менің баламды ұрлап алыпсыздар, өзім аламын" деп нәрестені ата-анасының наразылығына қарамастан алып кетеді. Бір-екі күннен кейін баласының әке-шешесі әлгі кемпірге барып, "бала сатып алады". Кемпір баланы керегенің астынан алып береді. Сөйтіп, бұл бала "сатып алынған бала" болып саналады. Баласы тұрмай жүргендерге бұдан басқа да жасалатын ырым бар. Мысалы, әлгіндей "баланың өмірі ұзақ болсын" деп жеті кемпірдің екі аяғының арасынан өткізіп алады.
Серке
Қыс айларында жылқышылар бір мықты айғырды немесе мініс атын бауырынан жаратып, құнтита ерттеп алады да, таңдаған бір үйге "серке жегелі келдік" деп түседі. Асы қашанда дайын тұратын қазақ "серке" деп келген соң, жылқышыларға мол етіп ет асады. Дәмі басталғаннан-ақ жаңағы жылқышылар сайлап келген айғыр қазан көтерген үйдің иесінің еркіне тиеді. Дәстүр бойынша серке атын қамап жылқышылар аттанғанша, қалай қинап мінем десе де, қайда барып келем десе де еркінде. Әдетте, жылқышылар түскен үйдің баласы мұндайда серке атын мініп алып, ойқастап, мақтанышпен қыр көрсетіп, бір мәз боп қалады. Жылқышылар ет жеп, мал қамын, қыс жайын дуылдаса әңгімелесіп, аттанарда серке атын өздерімен бірге ала кетеді. Сырт көзге бұл да бір парыз-қарызы жоқ, жарастықты рәсім болып көрінеді.
Селт еткізер
Селт еткізер (салт). «Ұйқыашар» дайындап өздеріне қызмет етіп, құрмет еткен, көңілі қалаған қыздарға жігіттер жеңіл-желпі ескерткіш, сый-сияпат ұсынады. Мұны «селт еткізер» деп атайды.
Сүйіндір
Сүйіндір (салт). Келіншек босанғаннан кейін оның анасы кәде, жорасын алып әдейі келуге тиіс. Бұл қалыптасқан салт және ананың міндетті парызы. Мұны қызын қияға қондырған әр қазақ әйелі білуге және орындауға міндетті. Ана болған өз баласының (қызының) қасында болып, оған рухани күш беріп, сенім туғызу, күту жолдарын үйретеді, ақылшысы, сүйініші, қамқоры болады. Құда құдағиларының немерелі болған қуанышына ортақтасады, нәрестеге арнаған бұйымдарын, сәлем-сауқытын ұсынады. Құрметті қонағы да болады.
Сүндет той
Сүндеттеу (салт). «Һәм оның атқа мінер сүндет тойы, Тойға сойған үйінің жылқы, қойы» (С. Торайғыров), бұрыннан келе жатқан дәстүр. Ең бірінші Ыбырайым пайғамбар мен оның ұрпақтары сүндеттелген және сүндетке отырғызу Құдайдың берген өсиеті болған. Қазақ халқында бұл салт-дәстрге айналған. Халықтың түсінігі бойынша, сүндетке отырғызудың мақсаты – бала ер жетіп, азамат болды дегенді білдіреді. Қазіргі күні қазақ халқы осы салтты «Сүндет той» деп, көп жерлерде үлкен той жасап, атап өтеді. Сүндетке отырғызылған балаға тай мінгізіп, келген қонақтары сыйлықтар сыйлайды. Бұрынырақта атқа жабу жауып, ашамай салып, сүндетке отырғызылатын баланы отырғызып, алдына қоржын іліп, туған-туыстарын тойға шақыртуға шығарған. Қазіргі кезде арнайы шақырту билеттерін жасап, оның сүндетке отырғызылатын баланын суретімен шығарады немесе ауызба-ауыз шақырылады. Той басталғанда кейбір жерлерде, арнайы ұлттық киім киіндірген баланы атқа отырғызып, жиналған қонақтардың алдына шығарады. Отырғызатын атын өрнектелген кілемше жабулармен безендіреді. Шашуларын шашып, байғазыларын береді. Тойды өткізетін асаба қонақтарын жайғастырып отырғызып, тойды бастайды. Той бастар өленімен келген қонақтарын қарсы алып, тілектерін айтқызады. Тойға арнайы келген жақын туыстары тілектерін айтып, сыйлықтарын сыйлайды. Би билеп, өлендер айтылып, ойындар ойналады. Қазіргі кезде баланы сүндетке отырғызуда хирург-дәрігердің көмегімен немесе дәрігер болмаған жағдайда сүндетке отырғызуды білетін адамға жасатады. Мұндай адамды қожа деп атайды және көбіне-көп қолы жеңіл адамдарға жасатады.
Тобық жұту
Тобық жұту (дәстүр, ырым). Халықта қоян тобығын жұту -ырымы ежелден бар дәстүр. Оның шарты - тобықты жұтушы жас адам жұтар алдында:

Батыр болсам, жүрегімнен шық,

Палуан болсам, білегімнен шық,

Шешен болсам, таңдайымнан шық,

Бақытты болсам, маңдайымнан шық -

деп, серттесеп барып жұтады.

Халық ұғымында тобық қасиетіне қарай әлгі адамның айтқан жерінен шығады деген түсінік бар.
Тобық тығу
Тобық тығу (дәстүр). Бұл серттесіп ойнаудың бір түрі. Мысалы, жігіт пен қыз тобық тығып алтын сағатқа серттеседі. Бір жылдан кейін бе, бес жылдан кейін бе, тобықты тығуға алған жігіт кез келген уақытта, кез келген жерде қыз «тобығымды бер» деген жерде қолына ұстата беруі керек. Егер жігіт тобықты тауып бере алмай қалса — уәде бойынша сағат алып беруі керек. Егер тауып берсе, қыз оған алтын сағат алып береді. Бұрын мұндай ойындар ел арасында көп болған. Бұл ойын ұқыптылыққа, бір сөзділікке тәрбиелейді.
Топырақ шашу
Топырақ шашу (ғұрып). Қатты жек керген адамдары ат құйрығын кесіп кетіп бара жатқанда әбден көңілі қалған адамдар оның артынан топырақ шашатын әдет бар. Бұл «енді көрмейміз», қараң батсын деген қатты қарғыстың бір белгісі.
Тымаққа салу
Тымаққа салу (дәстүр). Ел арасында «шала туып тымаққа салып өсірген екен» деген сөздер жиі естіледі. Халықта әдетте шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге ыңғайлы болады. Және сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан күн кереге басы арқылы есептеледі. Мысалы: қырық күн кем болса, керегенің қырқыншы басынан кейін бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған баланың рәсімі жасала бастайды. Айталық, ат қою, бесікке салу т. б. (Егер бала қыста туса, онда үй қабырғасына бірнеше жерге шеге қағылып ілінеді.)
Тіл ашар
Тіл ашар (дәстүр). Тіл ашар тойына арнап шашу шашады. Әр отбасы баласы жеті жасқа толған соң медресеге, мектепке оқуға береді. Бұл да бала өміріндегі елеулі оқиға, есте қаларлық елеулі кезең. Осы күні балаға жаңа киім кигізіп, оқу жабдықтарын дайындап, шағын той өткізеді. Мұны дәстүрлі "тіл ашар" тойы деп атайды. Үлкен-кішілер балаға өсті, азамат болды, "ғалым бол, ақын бол" деген сияқты тілек білдіріп бата береді. Жаңа киіміне байғазы, тағымдар ұсынады. Бұл тәрбиеден бала өскендігінің белгісін сезінеді, оқуға құмарлығы артады.
Тұсау кесу
Тұсау кесу (салт). Бала бесіктен белі шығып, еңбектеуден өткен сон аяғын қаз-қаз баса бастайды. Нәресте 9-12 айлығында қаз тұрып, алғаш жүруге талпынады. Өз аяғымен туған жерінің топырағын басып, із түсіріп, өз көзімен алдына қарап таң-тамаша болады. Бұл баланың ең алғашқы талпынысы, тіршілігі. Мұны ежелден түсінетін қазақ баласының келешегіне ақ жол тілеп, тұсау кесер жасайды. Бұған да мал сойып, жұрт жияды. Баланың анасы ала-құла шуда жіптен екі-үш қарыс дайындап, оны ауылдағы бір желаяқ пысық әйелге "Ал сен кес. Өзіңдей пысық болсын" деп ұсынады. Ол кісі ала жіпті баланың екі аяғына тұсауша байлап, сонан соң ортасынан кеседі. Бала анадайдағы апасына қарай тәлтіректей жөнеледі.

Міне, осыдан бастап кішкене қазақтың өмір жолының алғашқы ізі жер бетін шимақтайды. Тұсау кесу қазақтың өмір сапарының сәтті болуы үшін ақ ниет пен жасаған ырымы, құдайға деген құлшылығы.

Осы арада "баланың аяғына не себепті ала жіп байланады, қара, қызыл, көк жіп неге байланбайды?" деген сұрақ тууы мумкін.

Бұның мәні мынада: казақ баласын сөзді естіп ұға алатын, айтқаңды ептеп істейтін кезінен — осы тұсауы кесілгеннен бастап ұрлыққа, зорлыққа, жырыңдылықка барма, жолама деп баулиды. Біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдіргі алма дегенді әу бастан-ақ құлағына сіңісті етеді. Аяқтағы жіптің ала болуы да, оның кесілуі де жоғарыдағыларға жолама, ондайдың жолын қолыңнан келсе кес, дүниенің азы біреудің бір құлаш жібіне ең құрығанда бұзауға бас жіп болар ма деп қызықпа, түс ауындағы жіпті кескендей оңдай арам кезіксе кесіп-құртуға тырыс дегені. Бұл — екінші себебі.

Біріншісі бастағы айтқанымыздай баланың келешегіне жол ашу, ақ жол тілеу.
Тұлым қою
Тұлым қою (ғұрып).—«Сәрсеке! Көңілге солай екен дұрыс та ғой, ләкинде шариғатта балаға тұлым қою дұрыс емес» (М. Дулатов). Баланың (ұл, қызды) кішкентай кезінде шашын өсірмей екі шекесіне екі шоқ шаш қояды. Мұны «тұлым» деп атайды. Тұлым көбінесе қыз балаға қойылады және ол сәбиге лайықты ғұрып.
Ұйқы ашар
Қойы қоздап, қалың тегіні басталар кезде, түнге қарай ауылдын қыз-бозбаласы өздері киініп, көмекке шығады. Әдетте босаға жұлдыздары көкжиекке жағалай айналып, көзден таса болған кезде қой тегіні саябыр тартады.

Қыз-бозбаланы тықырши күтетіні де осы шақ. Олар уақыт алмай, "Ұйқыашар" деп аталатын тағам жасауға кіріседі. Ол үшін қыздар жағы уыз сауып, бозбалалар жағы ауыл-үй шошалаларының жуырда ғана ашылған бүрменің бір-бір бөлек етін алып келеді. Сонсоң, қотан шетінен қазан көтеріп, отты лаулата жағып, әнді шырқата айтып жүріп, уызын қатырған сүр етін пісіреді. Берекенің басы болған мал төлінің куанышы сияқты бұл дәстүр әркімнің-ақ жанын жадыратады.


Шөп басын сындыру
Шөп басын сындыру (ырым). Бұл әдетте жақсылық жағдайда, іске байланысты жасалатын ырым. Мысалы сараңдар жомарттық жасаса, қорқақтар батылдық жасаса немесе жұрт өзінен күтпеген жерден біреулер жақсы істер жасаса, естіген адам «мынау бір шөп басын сындыратын іс екең» деп жерден шөп алып сындырады. Бұл кез, тіл тимесін деген ұғымнан шыққан.

Бірақ бұл әдетті «шөп басын сындырмайды» деген фразеологиялық тіркеспен шатастыруға мүлде болмайды. Бұл сөз жұмыс істемейді, бос жүреді дегенді білдіреді.


Шілдехана
Шілдехана (салт). Жаңа туған нәрестенің құрметіне арналған той. Шілдехана – үлкен қасиетті күн. Келін босанып, үйге келгеннен кейін мал сойып, көрші-қолаң, ағайын туыс, аға-жеңге, келіншектерді шақырады, көбіне әйелдер келеді. Шілдеханаға арнайы шақырумен де, шақырусыз да келе беретін болған. Бұл тойда «балаңыздың бауы берік болсын» деген құттықтау айтылады. Негізінен шілдехана үй иесінің жағдайына қарай үш күнге созылады. Шілдеханаға келген қонақтар таң атқанша жаңа туған нәрестені, оның анасын ардақтап ән салып, домбыра тартып, ойын-сауық ұйымдастырады.

Келген күні баланы шілде суға түсіреді. Анадан шыққаннан кейін ол тазару керек. Әдетте шілде суынан жара шықса жағу үшін кейінге сақтап, алып қояды. Итаяқ – баланы шомылдыру үшін пайдаланылған ыдыс. «Итаяққа салды ма?» деген сөз содан қалған. Оған ақша-тиын, сақина-білезік салады, баланы суға түсіріп болған соң оны келіндерге бөліп береді. Әйелдердің «Маған итаяқтан ақша қайда?» деп айтып жататыны осыдан.


Шілдеқаққан
Шілдеқаққан (ырым). Қазақша "әр бала туған сайын анасының бір тісін ала түседі" деген шындыққа сай келетін бір қағида бар. Анығында жас босанған әйелдердің тісі түсіп қалатыны бар. Бұны "шілдеқаққан" дейді. Бұл жас ананың өз күтіміне де, денсаулығына да байланысты болады. Ырым бойынша жас босанған келіншек итке "кет" демейді. Онда тісі түсіп қалады дейді халық сенімі. Халық тәжірибесінде бұл да жай айтылған сөз болмауы керек. Өйткені халық ырымы мен тыйымының бәрін бекерге орынды іс емес.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет