«Кул», яғни «құл», сөзі орыс тіліне «раб» деп аударуға болар еді, алайда бұл сөз, біріншіден, жергілікті колорит жеткізу үшін қолданылған окказионалдық сөз және, екіншіден, ақынның стиліне байланысты, яғни орыстың «раб» сөзіне стилистикалық синонимі ретінде жұмсалған. Сол сияқты тағы бір мысал:
Перемешаются во мне
Шары блаженства,
Подкатывает к горлу ком —
Знак совершенства,
Скажи негромкое:
Жаным, аз тэ обичам.
Подай мне руку,
Есть у нас такой обычай...
О.Сулейменов. «Аз тэ обичам».
Бұл өлеңде «жаным» сөзін орыс тіліне «душа моя» немесе «милая», «любимая» деп те аударуға болады, бірақ оның себебі де жоғарыдағыдай. Сол сияқты айта кететін жағдай» «Аз тэ обичам» деген сөйлемді орыс тіліне ежелгі славян тілінен «Я тебя люблю» деп аударуға болады, дегенмен бұл жағдай ақын стиліне белгілі бір эмоция, экспрессия беру үшін қолданылған окказионалды сөйлем.
Кейде тілдегі қолданылып жүрген күнделікті сөздер экзотизмдермен алмастырылып, экзотизмдер олардың стилистикалық синонимдері қызметін атқара алады. Мысалы:
Тот продал караторгая летчику,
Летчик подарил
Караторгая поэту,
Поэт поморщился,
Но подарок принял,
Сунул в клетку,
В дальний угол на пол.
О.Сулейменов. «Эдуард Багрицкий птиц любил».
— А ну вон, шайтаны! — крикнул на них бай. Мальчишки нехотя повернулись, перешептываясь и оглядываясь, пошли прочь (М.Жумагулов. «Орлы гибнут в вышине»).
Бірінші мысалдағы «қараторғай» сөзін орыс тілінің «жаворонок» сөзімен алмастыруға болады. Ал, келесі мысалдағы «шайтан» сөзін орыс тіліне «черти», «бесы» деп аударуға болар еді. Дегенмен, бұл сөздер жоғарыда сөз болған «құл» сөзі тәрізді ақынның стиліне байланысты сол күйінде, яғни аударылмай, беріліп тұр. Бұл кезде тағы айта кететін жағдай, «қараторғай», «шайтан» сөздері экзотизмдерге емес, окказионалды сөзге жақынырақ. Сонымен қатар «шайтаны» деген сөз тура мағынасында қолданылып тұрған жоқ, ал экзотизмдердің көбіне тән ерекшелік — олардың бір мағынасына болуы, яғни оларға моносемия тән. Экзотизмдер көп мағыналыққа ие болуы олардың тура мағынасына тән жергілікті және жергілікті-тарихи бояуынан айырылуға әкеліп соғады.
Кейбір ғалымдардың айтуынша, экзотизмдер тілдік емес, сөйлеу құбылысы болып табылады, өйткені заттар мен ұғымдар тілден тілге ауысқан соң, сол ұғымдар мен заттарды білдіретін сөздер де сол тілге ене бастайды. Экзотизм әуелде сөйлеу құбылысы болып, бертінкеле тілдің сөздік құрамының қажетті бөлігіне айналып кетеді. Бір ғана мысал, түріктің «cоғғе» сөзі алғашқы кезде, нақтылай алсақ, ХVІ ғасырда ағылшын тілінде экзотизм болып саналды, кейіннен алдында айтылып кеткен орыс тіліндегі «король», «верблюд» сөздері сияқты ағылшын тілімен әбден игеріліп алынды. Аталмыш сөздерді экзотизмдерден гөрі, бейтарап лексикаға жатқызуға болады, себебі олар өздері енген тілмен әбден толық игеріліп алынған. Ал, бейтарап лексика (неэкспрессивная лексика) деп біз белгілі бір зат, құбылыстың сол тілдің сөзімен аталғанымен, осы тілге жат екенін білдіріп, бойындағы реңк, ұлттық колориттен толық айрылған сөздерді атаймыз (Ә.Ш.). Жоғарыда мысал ретінде келтірілген «король», «верблюд» сөздері орыс тілінің сөздері болып саналғанымен, орыс тіліне жат атақ пен жануардың атауын білдіреді, өйткені тарихтан белгілі орыс халқында ешқашан да «король» атағы, фаунасында «верблюд», яғни түйе, болмаған.
О.С.Ахманова өзінің «Словарь лингвистических терминов» атты еңбегінде экзотизмдер туралы былай дейді: «Лексика экзотическая — слова и выражения, заимствованные из малоизвестных языков, обычно неиндоевропейских, и употребляемые для придания речи особого колорита», яғни, оның айтуынша, экзотизмдер — үндіеуропа емес, аз танымал тілдерден енген сөздер. Оның олай атауына себепті біз экзотизмдердің өз атауынан іздейміз, өйткені экзотизм «экзотика» деген сөзбен тікелей байланысты, яғни «экзотика» сөзі оның шығу тегі болып саналады, ал «экзотика» дегеніміздің өзі бір «ғажап», «ештеңеге ұқсамайтын бірдене» деген мағынаны білдіреді.
Ал, біздің пікірімізше, экзотизмдер тек қана аз танымал тілдерден алынған сөздер емес, өйткені олар мейлі шағын, мейлі ірі халық болсын, солардың тұрмысы мен әдет-ғұрпы және салтының ерекшеліктерін білдіре алады. Осыған сүйене отырып, А.Е.Супрун орыс тілінде экзотизмдерді мынадай топтарға бөліп қарастырған: 1) антикалық экзотикалық лексика: аэд, тога, дрохма; 2) неміс экзотизмдері: кухен, марка, мейстерзингер; 3) ортаазиялық экзотизмдер: ақын, таньга, бешбармақ т.б.
Жоғарыда көрсетілген себепке байланысты И.Е.Гальченко сияқты кейбір ғалымдар «регионализмдер» деген атауды ұсынады. Олардың атауынша, орыс тіліндегі регионализмдер не экзотизмдер, не варваризмдер бола алмайды, өйткені Солтүстік Кавказ экономикалық ауданының 142810000 тұрғындары үшін «өзге ұлттың салт-дәстүрлері» жоқ және осы салт-дәстүрлердің атауын орыс тіліне жеткізу үшін ешқандай варваризм сөздер не болмаса экзотизмдер керек емес. Бұл сөздердің барлығы орыс тілінің қорында бар және кейбір өмірлік ұғымдардың қарапайым ерекшеліктері болып табылады3. Яғни бұл ғалымдар осындай атауды белгілі бір аймаққа, ауданға қатысты ұсынып отыр. Біздің ойымызша, қандай да бір аймақ, ауданда қаншама ұлт өкілдері тұрса, олардың өз салт-дәстүріне, әдеп-ғұрпына қатысты атаулар болуы мүмкін, мүмкін болудан бұрын болуға міндетті. Ал, сол атауларды жергілікті тұрғындар тілінің бір бөлігі ретінде қарастыру шындыққа қайшы келеді. Мысалы, Ресей территориясында тұратын қазақтардың өздерінің ұлттық ерекшеліктеріне тән салт-дәстүрлеріне қатысты атауларды (құрбан айт, сүндет тойы, шілдехана т.б.) біз қалайша орыс тілінде бар немесе оның бір аймақтың бір бөлігі деп айта алмаймыз. Сол сияқты басқа да халықтардың өзіндік атауларын сол тұратын территория тілінің бір бөлшектері ретінде қарастырған дұрыс емес шығар.
Қазіргі қазақ тілі — сөздік қоры жағынан мейлінше байыған, грамматикалық құрылысы барынша дамыған оралымды тіл. Ал, оның элементтерінің орыс тіліндегі көркем мәтіндерінде көрініс бергені, орын тауып отырғаны, орыс тілінен басқа, қазіргі қоғам, әлемде жүріп жатқан үдерістерге байланысты, өзге тілдерде де кездесуі әбден ықтимал және орынды.
Әдебиеттер тізімі
-
Аханов К. Тіл білімінің негіздері. — Алматы, 1993.
-
Жүкешов Қ. Тіл философиясы // Жалын. — 2004. — № 8. — 41-б.
-
Бутина Р.М., Ким П.Л. Юань-Фу. Экзотическая лексика и ее роль в словарном составе языка // Русское и зарубежное языкознание. — 1970. — Вып. 11. — С. 70–71.
ӘОЖ 81`23:811.512.122
С.А.Кенжеғалиев
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
Ділдік лексикон мәселесі
В статье рассматривается проблема ментальности, выраженная в лексике, что порождает споры в психолингвистике. Анализируются труды русских и западных лингвистов; автор выражает свой взгляд на проблему.
The article about the problem of mental lexicon which had been object of many questions of psycholinguistic for a long time. The author has been tried to decide this problem himself. He has been told about Russian and foreign linguists in this sphere and he could be first in Kazakh linguistic, who have been touched this problem.
1950–60-жылдардағы психолингвистика ғылымындағы лексикон жайлы түсініктің дамуына сол кезде кеңінен өріс алған лингвистикалық тұжырымдамалар өз әсерін тигізді. Дәл осы кезде субъективтік лексикон жайлы семантикалық теориялар жасауда сөздің белгілі бір ұғым білдіретіні, яғни, коннотативтік мағынасына аса зор назар аударған зерттеулер нәтижелері баспа бетін көріп жатты. Ділдік лексиконға арналған пікірлер 1970 жылдардың ортасындағы психолингвистика бойынша нұсқауларда пайда бола бастады.
Лексикон — грамматиканың негізгі компонентіне енетін тілдік элементтер жігі. Грамматиканың барлық — фонологиялық, морфологиялық, семантикалық және синтаксистік ақпараттары енген компоненті және психолингвистика ғылымында өзекті орны бар термин ретінде қалыптастырған ғалым Н.Хомскийдің көзқарастарынан бұл анықтама кейде алшақтап кеткенімен, казіргі кезде тұрақталып, көптеген зерттеулерде кездесіп жүр1.
Айта кететін бір жайт, Н.Хомскийдің туындатушы грамматикасында лексикон жайлы айтылған ойларын жалғастырушылар лексиконды грамматикаға қатысты көмекші рөл атқарып, тіл тұлғасын жасайтын компонент ретінде қарастырады. Ондағы негізгі мақсат сөзжасаммен сөз түрленуінің әртүрлі жағдайларына тиісті үдерістердің формалдық механизмдерін көрсету арқылы туындатушы грамматика тұрғысынан біртұтас түсінік бере алатын сөйлеуді түзу теориясын жасау болды. Мәселен, ағылшын ғалымы Ч.Осгуд өзінің «Абстрактная грамматика употребления языка» деген еңбегінде (1980) лексиконның грамматикаға қатысты рөліне ерекше көңіл бөлген. Оның пікірінше, лексикон есте сақтау емес, алдымен, үдеріс болып табылады, яғни, онда таңбалар (перцептер) мен семантикалық белгілер коды арасындағы тығыз байланыс сақталады.
«Семантикалық белгілер» ұғымы лексиконмен байланысты басқа да механизмдер үшін маңызды болып табылады. Ондай механизмдерге: оператор — «қысқа мерзімде есте сақтау үдерісі», буфер — «ақпаратты уақытша сақтау механизмі» және жад — «семантикалық ақпаратты ұзақ уақыт сақтау механизмі» жатады.
Жалпы Ч.Осгудтың айтқандары соңғы жылдардағы когнитивтік лингвистика және когнитивті психологияның жетістіктерімен үндесіп жатыр. Лексикон синтаксис үшін тірек болып табылады деген пікір 1980 ж. айтыла бастады. Оған Киттай, Лехрер сияқты ғалымдардың еңбектері — дәлел (1992). Зерттеушілер синтаксистік және семантикалық талдауда лексиконның да рөлін ерекше атап көрсетеді. Мысалы, антропологтар қандай да бір мәдениетті зерттемесін, сол мәдениет иелері қолданатын сөздік құрамға жүгінбей кете алмайды.
Тіл білімі саласында еңбек етіп жүрген ғалымдар лексиконның маңызды қызмет атқаратынын мойындауға мәжбүр болды. Ғалым-зерттеуші Е.С.Кубрякованың айтуынша, лексикон сөз бен оған балама болатын бірліктер туралы мәлімет беріп, оларға қатысты сыртқы құрылымдарды қайта жаңғырту сияқты күрделі қызмет атқаратын жүйе болып табылады2. Ал, бұл анықтамадан мынадай сауалдар туады:
А. Сөздер туралы білім дегеніміз не?
Ә. Сөз лексиконның бөлшегі ретінде қандай қызмет атқарады?
Б. Сөздер туралы білім мен энциклопедиялық білім арасында қандай байланыс бар?
В. Ділдік лексикон қалай құрылған?
Г. Лексикон бөлшектерін қалай қарастыруға болады?
Осы сияқты мәселелер қазіргі таңда әрқилы тұрғыдан қарастыруды талап етеді. Лексикон мәселесі турасында сөз қозғағанда лексема мен лемманың ара жігін ажыратып алған жөн. Алғашқысы тұлғаның тілдік қызметіне қатысты болса, екіншісі, керісінше, дерексіз ұғымға сүйенеді.
М.Гарманның айтуы бойынша, лексикон екі компоненттен тұрады. Олар: сөздердің есте сақталған мағыналары мен сөздердің формалары3. Олардың арасындағы байланысы жайлы сөз қозғағанда, мына мәселелерді атап өтуге тура келеді:
1. Жазу мен айтуда, оқу мен естуде сөз формалары нақты қалыптасқан түрде есте сақталып, олардың арасындағы айырмашылықтар жойылады.
2. Сөз мағыналары ділдік лексиконда нақты семантикалық бөліктер арқылы көрсетіле ме, әлде олардың жалпы когнитивтік сипаттары ескеріле ме?
Осы мәселелерді талқылай келе, М.Гарман лексикондағы сөздің бір ғана бейтарап-модальдік формасының басым болатынын көрсеткен. Екінші мәселе бойынша ғалым лексиконның сөзжасам формаларымен жүйелік байланыста болатын мағына компоненттерінен құрала ма немесе лексиконның бөлігі болып табылмайтын білімдердің жалпы негізіне тікелей әсер ететін сөз формаларынан құрала ма дегенді айтады. М.Гарман ұсынған үлгіде лексиконның шегінен тысқары тұратын мазмұн жүйесі болады да, оның құрамына грамматикалық білім (грамматическое знание), тілдік семантика (языковая семантика), дүниетаным идиосинкретикалық ассоциациялар (мировоззренческие идиосинкретические ассоциации) еніп, лексиконның психолингвистикалық анықтамасын беруге мүмкіндік береді.
Лексиконның бірліктері арасында өздеріне тән (интринсинк) және ассоциация туғызатын екі түрлі байланыс болады. Алғашқысы лексикалық бірліктің бойындағы төрт белгі (мағына, синтаксис, морфология, фонология) арқылы анықталады; екіншісі тілдік жүйені концептуалдық жүйемен байланыстыратын «аралық» немесе интерфейс болуын талап етеді. Мағына бойынша В.Левелт сөз бен оның суперординатасы арасындағы (ит және хайуан), координативтік мүшелер (ит және мысық) және мағынасы жақын сөздер арасындағы байланыстарды қарастырған. Осындай байланысқа түскен бірліктер семантикалық өріс құрайды. В.Левелттің пікірінше, лексикон бірліктері арасында пайда болатын байланыстар олардың мағыналарымен сәйкес келе бермейді де, сөйлеу барысында жиі қолданылуларына байланысты анықталып отырады.
Дж.Эйчесон (1996) лексиконның бірліктері арасындағы байланыстарды анықтау барысында белгілі акценттердің қозғалысын байқауға болады дейді. Яғни, гипонимдер мен суперординаталар арасындағы байланыстарға көп назар аударылған. Мысалы, қара (гипоним), суперордината (түс). Алайда лексикон үшін суперординатаның қатысуы міндетті емес. Ділдік лексиконда көп қолданылатын когипонимдер осы санатты білдіреді. Мысалы, қарындас — бауыр (когипоним), немесе бір әкенің, атаның балалары (суперордината).
Ділдік лексикон үшін колокациялық байланыстар мен когипонимдер арасындағы байланыстар маңызды болып табылады. Сөздер арасындағы байланыстарға арналған зерттеулер өзінің ана тілінде сөйлеушілер контекст пен тақырыптық топтардағы лексикалық бірліктерді есте сақтай алатындығын көрсетеді. Осыған орай сөздер бір-бірін көп жағдайда алмастыра береді деген пікірмен келісу қиын.
Сөзді есту арқылы тану мәселесін талқылай келе, аталмыш мәселені сөзді танымдылыққа жататын барлық құбылыстардан жасанды түрде алшақтатпай, оны зерттеуде жад пен санаттануда (категоризация) орын алған бүтін жүйе тұрғысынан қарастыру қажет.
Лексикон адамның өзін қоршаған орта мен оған тән заңдылықтар және байланыстар туралы білімінің жүйелілігін көрсете алады. Мұның бәрі сөз арқылы жүзеге асқандықтан, лексикон бірліктерінің негізіне таза тілдік өлшеммен енеді. Лексиконның жоғарғы қабатының түзілуінде мына принциптер байқалады:
-
сөз формалары мен байланысқа түсетін түрлі тілдік элементтердің тепе-тең болуын анықтау;
-
байланыстарды әртүрлі қашықтықтағы контекстерге ендіру;
-
қоршаған орта жайлы білімді бір тәртіпке келтіріп, оның нәтижелерін сақтап қалу.
Ана тілінде қате жазылған сөздерді талдау барысында еркін сөз жасау эксперименті семантикалық алмастырулардың шектелуіне әкеліп соқты. Бір сөзді айтқан кезде экспериментке қатысушылар көбіне сол сөзге ұқсас сөз немесе мағынасы қарама-қайшы сөзді жазып отырды. Эксперименттен кейін олар ұсынылған сөздер жазғандарымен сәйкес келеді деген ойда болды, алайда кейінірек жазғандары тек қана «алмастырулар» (подмены) екеніне көз жеткізді. Мысалы: қыран — бүркіт, ит — төбет, жас — жасөспірім, немесе әке — шеше, қону — ұшу. Осындай жұптардың көбі бір-біріне синоним не антоним болып келе бермейді. Бұл жағдай «симиляр» және «оппозиттер» деген ұғымдардың туындауына әкеліп соқты.
Жалпы қорытындылар бойынша жадтағы сөзді еске түсіру, оның мағыналық белгілер қатары бойынша жүруі, яғни негізгі үрдістерді біріктіру (объединение) мен оларды қарама-қарсы қою маңыздылығы, арта түсті. Осындай ассоциативтік эксперимент (ой тудырушы) салыстырмалы түрде орыс, қазақ, қырғыз, өзбек ұлт өкілдерімен жүргізілгені А.Залевскаяның еңбегінде кездеседі4. Қырғыз, поляк, славян, ағылшын, неміс, француз тілдерінің ассоциативтік нормалары жарияланып, лексиконды ұйымдастыру принциптері жайлы біраз шешімдер қабылданып, сол кездегі маңызды теориялық мәселелер қарастырылды.
Лексиканы өріс бойынша түзу (полевая организация лексики) мәселесі бойынша ассоциативтік өрістің барлық түрлерінің интеграциялануы анықталған. Мысалы, жылқы сөзінің ассоциативтік өрісін құрайтын бөліктерді қарастырып көрейік. Сөз бас әріптермен жазылады — ЖЫЛҚЫ (стимул сөз). Сөз айналасында ассоциативтік өріс құрастырылады. Енді осы сөз бойынша ассоциаттар тудырып көрейік: бие, айғыр — өріс атауының гипонимдері, ат — синоним, мал сөзі — суперордината, ал қымыз, кісінеу, жайлау сияқты ассоциаттар өріс ядросымен бірге ортақ компоненттерге ие мағыналар ретінде түсіндіріледі. Алайда бұл жүйеге айуан, жануар сияқты ассоциаттар енбейді. Сонымен гипонимдердің бағытталуының екі сатысы байқалады. Жылқы ұғымдық өріс атауына бие, айғыр сөздері сәйкес келіп тұр, ал жылқы, сиыр сөздері бір ғана ұғымда сәйкес келе алады. Ол — мал деген ұғым. Сонда біріншісі суперординатаға қатысты симиляр, екіншісі «оппозиттер» болып табылады.
Ассоциативтік өріс бірліктері арасындағы байланыстардың сипатымен жан-жақты талдау барысында бір сөздің екінші сөзбен жапсарлануының әртүрлі деңгейлерінің бар екендігі туралы қорытындылар шығаруға болады. Мысалы, ПЫШАҚ деген сөзді айтқанда кейбір тілдердің түпкі түбірінде (ағылшын, неміс, француз, поляк, славян) КЕСУ деген мағына жатқандағы айқындалған. Осы ассоциаттан барып етістіктердің мағыналары белгілі бір зат есімдермен байланысқа түседі: кесу — шаш алу (стричь волосы) — мата қию (кроить ткань) — сүндеттеу. Ал осылардың бірігуі жапсардың келесі сатысының өріс алуына жол ашады (шаштараз, тігінші).
Ғылыми зерттеулерде көрсетілген өрістер мен байланыстардың барлық түрлері лексиконды ұйымдастыруда ерекше қызмет атқарады. Оның кез келген бірлігі осы параметрлердің көптеген байланыстарына түсе алады деп айтуға болады. Адамның жеке лексиконы қиыстырылған өрістердің күрделі жүйесі болып табылады. Яғни лексиконның барлық бірліктерін бір тәртіпке келтіру «гетерархия» құрамындағы әртүрлі иерархиялар арасындағы байланыстарды қамтамасыз етеді. Осыдан шыға келе 90-жылдардағы зерттеулер теориясында лексикон — тұтас ақпараттық тезаурусқа қол жеткізу құралы ретінде көрсетіледі. Тезаурус дегеніміз — адам жадында сақталған энциклопедиялық және тілдік білімнің толық көлемі. Тезаурустағы осы білім нормалар мен бағалар социумындағы эмоционалды әсерлермен толықтырылып отырады. Жеке лексикондағы сөз психикалық процестердің көрінісі болып табылады да, сөйлеуші мен тыңдаушының ақпараттық тезаурусының шығуына жол ашады.
Сөзді лексиконның бірлігі ретінде қарастыратын тұжырымды әрі қарай мынадай жолдармен дамытуға болады: сөздің лексиконның бірлігі ретінде қызмет етуі мен оның мәтінді түсінудегі көмегін анықтау, ішкі контекст пен оны дамыту ұғымын қалыптастыру, жеке білім ерекшелігінің жалпы білім теориясы ретінде кез келген мәселені талқылау үшін негіз болып көрсетілуін тұжырымдау, екінші тілді меңгеру теориясы мәселелерін ұғыну болып келеді.
Тілдік білімнің дүниетанымсыз «бос» болатыны сөздік түсіндірмелерде тұйықталу жағдайларының кездесуінен айқын көрінеді. Тілдік және энциклопедиялық білімнің әрдайым қарым-қатынасы күдік тудыра алмайтын құбылыс екені мен оның қарама-қайшы келуі немесе кейбіреуінің басым болуы қолданыс таппай жүр. Себебі, білімнің бұл түрлері өзара толықтырушы принцип (принцип взаимодополнительности) бойынша қызмет етеді.
Лексиконның өзегі жайлы алғашқы рет «Ассоциативный тезаурус английского языка» атты еңбекте сөз етіледі. Әмбебап үрдістермен идиоэтникалық ерекшеліктердің көрінуін қамтамасыз ететін тіларалық салғастыруларды зерттеу барысында жеке лексиконның өзегіне ерекше көңіл аударған жөн. Себебі осы тіларалық салғастырулар адамның қазынасы болып табылатын лексикон туралы тұжырымдамалардың талаптарына сай келетін «координаттар жүйесіне» толық жауап беруге тиіс.
Жеке лексикон мәселесі қазіргі уақытта ең маңызды және даулы мәселелердің бірі болып табылуда және де бүгінгі таңда көптеген ғалымдар оның ерекшелігіне аса зор назар аударып жүр. Нақты мақсаттарға арналып әзірленген болжамдар лексиконға анықтама беруге көп жағдайда мүмкіндік туғыза бермейді. Сондықтан ділдік лексикон жайлы басқа да нақты тұжырымдамаларды сараптай келе, оған жан-жақты анықтама беру бүгінгі күннің өте-мөте күрделі мәселесі болып табылып отыр.
Әдебиеттер тізімі
-
Хомский Н. Аспекты теории синтаксиса. — М., 1972. — С. 137.
-
Кубрякова Е.С. Краткий словарь когнитивных терминов. — М., 1996. — С. 97–99.
-
Гарман М. Психолингвистика. — Кембридж, 1990. — С. 30.
-
Залевская А.А. Введение в психолингвистику. — М., 2000. — С. 16.
Достарыңызбен бөлісу: |