4-тарау. Дәнекерлеу жұмыстарын жүргiзу тәртiбi
1-параграф. Жалпы ережелер
1674. Дәнекерлеу және ашық отты қолданумен байланысты басқа да отты жұмыстар осы бөлiмнiң ережелерiне сәйкес орындалады.
1675. Дәнекерлеу және басқа да отты жұмыстар орындары:
1) осы мақсаттарда арнайы жабдықталған цехтерде, шеберханаларда немесе ашық алаңдарда ұйымдастырылатын тұрақты;
2) отты жұмыстар тiкелей салынып жатқан немесе қайта жаңартылып жатқан ғимараттарда, тұрғын үйлерде және басқа да құрылыстарда, кәсiпорын аумақтарында жабдықты жөндеу немесе құрылыс құрылымдарын монтаждау мақсатында уақытша етiп қарастырылады.
1676. Отты жұмыстарды тұрақты жүргiзу орындарын 10 посттан (дәнекерлеу, кесетiн шеберханалар) артық ұйымдастыру кезiнде орталықтандырылған электрмен және газбен жабдықтау қарастырылады.
1677. Дәнекерлеу шеберханасында 10 аспайтын дәнекерлеу посттары болған жағдайда әрбiр пост үшiн оттегi және жанғыш газы бар бiр қосалқы баллоннан болуға болады. Қосалқы баллондар жанбайтын материалдардан жасалған қалқандармен қоршалады немесе шеберханаларға арнайы жапсарлас құрылыстарда сақталады.
1678. Тұрақты дәнекерлеу жұмыстарын жүргiзу ұйымдастырылған үй-жайлардағы едендер жанбайтын материалдардан жасалады. Бөлшектердi алдын ала қыздырмастан дәнекерлеу жүргiзiлетiн үй-жайларда жанбайтын негiзде ағаш бөренелi едендер орнатуға болады.
1679. Дәнекерлеу және басқа да отты жұмыстарды белгiленген тәртiппен техникалық минимумнан өткен және өрт қауiпсiздiгi ережесiнiң талаптарын бiлуi бойынша сынақ тапсырған тұлғалар жүргiзiедi.
1680. Ашық алаңдар мен арнайы шеберханаларда отты жұмыстарды тұрақты жүргiзу орындары кәсiпорын (ұйым) басшысының бұйрығымен анықталады.
1681. Уақытша электрмен дәнекерлеу және басқа да отты жұмыстарды жүргiзу орындары тек объект басшысының немесе оның мiндеттерiн атқарушы адамның жазбаша рұқсатымен (осы Қағидаларға 6-қосымша) ғана анықталады.
1682. Құрылыс алаңдарында және өртке қауiпсiз орындарда жазбаша рұқсатты алмай-ақ отты жұмыстарды тек өрт-техникалық минимумы бағдарламасы мен осы Қағидалардың ережелерiн игерген тиiстi бiлiктiлiк мамандары ғана жүргiзе алады. Жазбаша рұқсатты алмай-ақ отты жұмыстарды дербес жүргiзуге жiберiлген мамандардың тiзiмiн объектiнiң басшысы бекiтедi.
1683. Уақытша (бiр жолғы) отты жұмыстарды жүргiзуге рұқсат тек жұмыс ауысымына ғана берiледi. Егер бiрдей жұмысты жүргiзу кезiнде олар бiрнеше ауысым немесе күн бойы жүргiзiлетiн болса, объектiнiң әкiмшiлiгiнен қайта рұқсат алу қажет емес.
Мұндай жағдайларда әрбiр келесi жұмыс ауысымына көрсетiлген жұмыс орындарын қайта тексергеннен кейiн әкiмшiлiк бұрын берiлген рұқсатты растайды, ол жөнiнде тиiстi жазба жазады. Отты жұмыстардың жүргiзiлуiн уақытылы бақылауды қамтамасыз ету мақсатында осы жұмыстарға рұқсат құрылыс әкiмшiлiгiнен объектiнiң салалық өртке қарсы қызметiне, ал ол жоқ жерлерде оларды жүргiзген күннiң қарсаңында ерiктi өртке қарсы құралымдарға келiп түсуi тиiс.
1684. Отты жұмыстарды жүргiзу орындары алғашқы өрт сөндiру құралдарымен (өрт сөндiргiш, құм салынған жәшiк және күрек, суы бар шелек) қамтамасыз етiледi. Объектiде iшкi өртке қарсы су құбыры болған жағдайда отты жұмыстарды жүргiзу орнына өрт крандарынан оқпандары бар өрт жеңдерi төселедi. Отты жұмыстармен айланысатын барлық жұмысшылар алғашқы өрт сөндiру құралдарын пайдалана бiлуi қажет.
1685. Отты жұмыстарды жүргiзуге жауапты адам жұмыс орнында өрт сөндiру құралдарының болуын тексередi.
1686. Отты жұмыстарды тұрақты жүргiзуге арналған орындарды өрт қауiптi және жарылыс, өрт қауiптi үй-жайларда орналастыруға болмайды.
1687. Отты жұмыстарды жүргiзу қарастырылатын технологиялық жабдық:
1) жарылыс, өрт қауiптi заттардан босату;
2) қолданыстағы коммуникациялардан (отты жұмыстарды жүргiзуге дайындық үшiн қолданылатын коммуникациялардан басқа) ажырату;
3) алдын ала тазалау, жуу, булау, желдету, жұту және флегматизациялау арқылы жарылыс, өрт қауiпсiз жай-күйiне келтiрiледi.
1688. Технологиялық жабдықтың iшiн буландыру үшiн берiлетiн су буының температурасы жанғыш будың (газдың) өздiгiнен тұтану температурасының 80 % тең етiп қабылданады.
1689. Технологиялық жабдықтағы бу (газ) қосылымы олардың тұтану шегiнен тыс немесе электр статистикалық қауiпсiз режимде болғанда ол жуу жүргiзiледi.
1690. Отты жұмыстар жүргiзiлетiн үй-жайларды, сондай-ақ жабдық пен коммуникацияларды тазалау жарылыс қауiптi бу және тозаң-ауа қоспаларының түзiлуiне және тұтану көздерiнiң түзiлуiн болдырмайтындай тәсiлдермен жүргiзiледi.
1691. Металдың қызған бөлiктерiнiң шектес үй-жайларға, көршiлес қабаттарға түсуiн болдырмау мақсатында барлық байқап тексеру, технологиялық және басқа да люктер (шағын люктер), желдеткiш, монтаждау және отты жұмыстар жүргiзiлетiн үй-жайлардың далдаларындағы, қабырғалары мен қалқаларындағы басқа да ойықтар (тесiктер) жанбайтын материалдармен жабылады.
1692. Отты жұмыстарды жүргiзу орны осы Қағидаларға 7-қосымшада көрсетiлген радиуста жанғыш заттар мен материалдардан тазартылаы.
1693. Көрсетiлген радиустер шегiндегi құрылыс құрылымдары, еден төсемдерi, өңдеу және қаптау, сондай-ақ оқшаулағыш және жанғыш материалдардан жасалған жабдықтың бөлшектерi оларға ұшқынның түсуiнен металл экрандармен, асбест кенебiмен немесе басқа да жанбайтын материалдармен және қажет болған жағдайда су құйып қорғалады.
1694. Отты жұмыстар орындалатын үй-жайларда көрсетiлген үй-жайларды басқа үй-жайлармен қосатын барлық есiктер, оның iшiнде тамбур шлюздердiң есiктерi тығыз жабылады. Терезе жыл мезгiлiне, үй-жайдағы температураға, отты жұмыстардың ұзақтығына, көлемi мен қауiптiлiк дәрежесiне байланысты мүмкiндiгiнше ашық болады.
1695. Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтар буының, жанғыш газдардың жиналуы мүмкiн үй-жайлар отты жұмысты жүргiзбес бұрын желдетiледi.
1696. Жанғыш материалдар қолданылған ғимараттар мен үй-жайларда, құрылымдарда дәнекерлеу және кесу жұмыстарын жүргiзуге арналған орын жанбайтын материалдан жасалған тұтас қалқамен қоршалады. Бұл ретте қалқаның биiктiгi кемiнде 1,8 метр, ал қалқа мен еден арасындағы саңылау 0,5 метр етiп орындалады. Қыздырылған бөлшектердiң ұшуын болдырмау үшiн көрсетiлген саңылауды ұяшық 1,0х1,0 миллиметрден аспайтын, жанбайтын материалдан жасалған тормен қоршалады.
1697. Отты жұмыстарды бастамас бұрын және оларды жүргiзу барысында көрсетiлген жұмыстар жүргiзiлетiн технологиялық жабдықтағы және қауiптi аймақтағы бу, газ, ауа ортасының жай-күйiне бақылау жүзеге асырылады.
Егер қауiптi аймақта немесе технологиялық жабдықта жанғыш заттар құрамы жоғарылаған немесе флегматизатор қосылымы будың (газдың) шектi рұқсат етiлген жарылысқа қауiпсiз қосылымдарының мәнiне дейiн төмендеген жағдайда отты жұмыстар дереу тоқтатылады.
1698. Отты жұмыстар жүргiзiлiп жатқан жерлерде газдану мен тозаңдану себебiнен өрттер мен жарылыстардың туындауына әкелуi мүмкiн технологиялық жабдықтың люктерi мен қақпақтарын ашуға, өнiмдердi түсiруге, асыра тиеуге және құюға, оларды ашық люктер арқылы тиеуге, сондай-ақ өзге де операцияларды жүргiзуге болмайды.
1699. Жұмыстағы үзiлiс кезiнде, сондай-ақ жұмыс ауысымының соңында дәнекерлеу аппараты электр желiсiнен ажыратылады, шлангiлер жанғыш сұйықтар мен газдардан ажыратылады және босатылады, ал дәнекерлеу лампаларындағы қысым толықтай шығарылады.
1700. Жұмыс аяқталғаннан кейiн барлық аппаратура мен жабдық арнайы бөлiнген үй-жайға (орынға) жиналады.
1701. Отты жұмыстарды жүргiзу кезiнде:
1) аппаратура ақаулы болғанда жұмысқа кiрiсуге;
2) жанғыш сырлармен (лактармен) жаңадан сырланған құрылымдар мен бұйымдарда отты жұмыстарды жүргiзуге;
3) майлардың, бензиннiң, керосин мен өзге де жанғыш сұйықтықтардың iздерi бар киiм мен қолғаптарды пайдалануға;
4) дәнекерлеу кабиналарында киiмдi, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтар мен өзге де жанғыш материалдарды сақтауға;
5) бiлiктiлiк куәлiгi мен өрт қауiпсiздiгi техникасы бойынша талоны жоқ оқушыларды, сондай-ақ жұмыскерлердi дербес жұмыс iстеуге жiберуге;
6) электр сымдарының сығылған, сұйытылған және ерiтiлген газдары бар баллондармен жанасуына жол беруге;
7) жанғыш және улы заттармен толтырылған, сондай-ақ қысымы мен электр кернеуi бар аппараттар мен коммуникацияларда жұмыс iстеуге;
8) жабынға гидро оқшаулағыш пен бу оқшаулағышты орнатумен, жанғыш және жануы қиын жылытқыштары бар панелдердi монтаждаумен, едендердiң төсемдерiн жапсырумен және жанғыш лактарды, желiмдердi, мастикалар мен өзге де жанғыш материалдарды пайдалана отырып, үй-жайларды қаптаумен қатар отты жұмыстарды жүргiзуге;
9) электр дәнекерлеушiмен және газ дәнекерлеушiмен (газ кескiшпен) бiр мезгiлде жабық сыйымдылықтар мен үй-жайлардың iшiнде жұмыс iстеуiне болмайды.
1702. Жанғыш және жануы қиын жылытқыштары бар жеңiл металл құрылымдарынан жасалған ғимараттардың элементтерiнде отты жұмыстарды жүргiзуге болмайды.
1703. Салынып жатқан тоңазытқыштарда электрмен дәнекерлеу жұмыстарын тек жанғыш материалдардан босатылған жамылғы қабаттары жағылған (сылақ, бетон немесе армобетон кергiштерi) және өртке қарсы белдiктерi бар камералар мен бөлiктерде ғана жүргiзiледi.
1704. Қоғамдық және тұрғын үй ғимараттарын күрделi жөндеу және қайта жаңарту кезiнде отты жұмыстарды жанатын құрылымдардың жануына қарсы және ұшқындардың ұшуына қарсы шаралар қабылданғаннан кейiн орындау керек.
1705. Өндiрiстi тоқтатпай күрделi жөндеу және қайта жаңарту кезiнде және отты жұмыстарды жүргiзу кезiнде кәсiпорын әкiмшiлiгi осы кезеңге өрт қауiпсiздiгiн күшейту жоспарын әзiрлейдi.
1706. Өрт шығу қаупi едәуiр орындарда, отты жұмыстардың көлемi көп болғанда, сондай-ақ биiкте жұмыс iстеу кезiнде өрт сөндiру посттары (қызмет көрсетушi персонал, ерiктi өртке қарсы құралым санынан) қойылады.
Биiкте жұмыс iстейтiн жұмысшылардың электрод тұқылдарын жинауға арналған металл қораптар қарастырылады.
6 баллдан артық қатты жел тұрғанда биiкте отты жұмыстарды iстеуге болмайды.
1707. Объект басшысы немесе өрт қауiпсiздiгiне жауапты өзге лауазымды тұлға уақытша отты жұмыстарды аяқтағаннан кейiн 3-5 сағат iшiнде оларды жүргiзу орындарын тексерудi қамтамасыз етедi.
2-параграф. Электрмен дәнекерлеу жұмыстарын жүргiзу тәртiбi
1708. Оқшаулағышы жоқ немесе оқшаулағышы зақымданған дәнекерлеу сымдарын пайдалануға, сондай-ақ стандартты емес қорғау аппараттарын қолдануға болмайды.
1709. Дәнекерлеу сымдары престеу, дәнекерлеу, пiсiру немесе арнаулы қысқыштардың көмегiмен жалғастырылады. Электр сымдары электр ұстағышқа, дәнекерленетiн бұйымға және дәнекерлеу аппаратына шайбалары бар бұрандамалармен бекiтiлген мыс кабель ұштықтарының көмегiмен қосылады.
1710. Дәнекерлеу аппаратына, бөлу қалқанынан және өзге де жабдыққа, сондай-ақ дәнекерлеу жұмыстары орындарына қосылған сымдар сенiмдi түрде оқшауланады және қажеттi жерлерiнде жоғары температураның әсерiнен, механикалық зақымданудан немесе химиялық әсер етуден қорғалады.
1711. Электрмен дәнекерлеу машиналарының кабельдерi (сымдары) оттегi құбырларынан кемiнде 0,5 метр, ацетилен және өзге жанғыш газдар құбырларынан кемiнде 1,5 метр қашықтықта орналастырылады.
Кейбiр жағдайларда газ құбыры қорғағыш металл құбырға жалғанған жағдайда көрсетiлген қашықтықтарды қысқартуға болады.
1712. Дәнекерленетiн бұйымды дәнекерлеу тогының көзiмен қосатын керi өткiзгiш ретiнде егер олардың қимасы қыздыру шарты бойынша дәнекерлеу тогының қауiпсiз ағуын қамтамасыз ететiн болса, кез келген пiшiндегi болат немесе алюминий шиналары, дәнекерлеу плиталары қолданылады.
1713. Керi өткiзгiш ретiнде пайдаланылатын кейбiр элементтер өзара қосу бұрандаларының, струбциналардың немесе қысқыштардың көмегiмен орындалады.
1714. Жарылыс, өрт қауiптi және өрт қауiптi үй-жайлар мен құрылыстарда электрмен дәнекерлеу жұмыстарын жүргiзу кезiнде керi өткiзгiш дәнекерленетiн бұйымнан бастап ток көзiне дейiн тек оқшауланған сыммен орындалады, әрi ол оқшаулау сапасы бойынша электр ұстағышқа қосылатын тiкелей сымнан кем болмауы қажет.
1715. Керi өткiзгiш ретiнде iшкi темiржол жолдарын, жерге қосу немесе нөл сымына қосу желiлерiн, сондай-ақ ғимараттардың металл құрылымдарын, коммуникациялар мен технологиялық жабдықты пайдалануға жол берiлмейдi. Мұндай жағдайларда екi сымды қолдану арқылы дәнекерленедi.
1716. Дәнекерлеу генераторлары мен трансформаторлар, сондай-ақ ашық ауада орнатылатын барлық қосалқы аспаптар мен аппараттар дымқыл тартуға қарсы оқшаулағышпен жабық күйде қолданылады және жанбайтын материалдардан жасалған шатырлардың астынан орнатылады.
1717. Қолмен дәнекерлеуге арналған электр ұстағышының құрылымы электродтарды берiк ұстауды және тез ауыстыруды қамтамасыз етедi, сондай-ақ жұмыста уақытша үзiлiс болғанда дәнекерленетiн бөлшекке оның корпусының немесе ол кенет металл заттарға құлағанда қысқа тұйықталу мүмкiндiгiн болдырмайды. Электр ұстағыштың тұтқасы жанбайтын диэлектрлiк және жылу оқшаулағыш материалдан қарастырылады.
1718. Дәнекерлеу кезiнде зауытта шығарылған, дәнекерлеу тогының номиналды шамасына сәйкес келетiн электродтар қолданылады.
Электродтарды ауыстыру кезiнде олардың қалдықтары (тұқылдары) дәнекерлеу жұмыстары орындарында орнатылатын арнайы металл жәшiктерге орналастырылады.
1719. Электрмен дәнекерлеу қондырғысы жұмыс iстеу кезiнде жерге қосылады. Негiзгi электрмен дәнекерлеу жабдығын жерге қосудан басқа, дәнекерлеу қондырғыларында қысқыш тiкелей бұйымға өтетiн (керi өткiзгiш) өткiзгiш қосылатын дәнекерлеу трансформаторының екiншi орамына қосылады.
1720. Агрегат пен iске қосу тетiгiн тазалау күн сайын жұмыс аяқталғаннан кейiн жүргiзiледi. Дәнекерлеу жабдығына техникалық қызмет көрсету және жоспарлы алдын алу жөндеуi кестеге сәйкес жүргiзiледi.
1721. Атомды-сутектi дәнекерлеуге арналған қондырғыларда доғаны қоректендiру бөлек трансформатордан жүргiзiледi. Доғаны тiкелей бөлу қорабынан кез келген түрдегi реттегiш арқылы қоректендiруге жол берiлмейдi.
1722. Атомды-сутектi дәнекерлеу кезiнде шiлтерде тiзбек үзiлген жағдайда кернеудi автоматты ажырату және су берудi тоқтату қарастырылады.
1723. Iске қосылған шiлтерлердi қараусыз қалдыруға болмайды.
1724. Жарылыс, өрт қауiпi аймақтарда электрмен дәнекерлеу жұмыстарын жүргiзу кезiнде:
1) тұрақты ток көздерiн қоректендiру көздерi немесе құрылымында импульстi генераторлары бар, доғаның қайталана қозуы кезiнде электрод пен дәнекерленушi бұйым арасындағы кернеудi көтеретiн («разряд» түрiндегi ток көзi) ауыспалы токтың арнайы көздерi қолданылады;
2) П-II сыныптық өрт қауiптi аймақтарда тозаңнан тазарту үшiн қол жеткiзу қиын орындарды көбiк түзгiштiң екi пайыздық ерiтiндiсiмен 1 м2 алаңға 1 литр ерiтiндi есебiмен өңдеу ұсынылады;
3) тiгiнен және төбедегi жағдайдан дәнекерлеудi диаметрi 4 миллиметрден аспайтын электродтармен орындалады. Бұл ретте дәнекерлеу тогының шамасын төменгi көлденең жағдайда дәнекерлеу кезiндегiден қарағанда 20% төмен етiп қарастырылады;
4) электрмен дәнекерлеу қондырғысын iске қосу алдында электрод ұстағышта электродтың болмауы тексерiледi.
3-параграф. Газбен дәнекерлеу жұмыстарын жүргiзу тәртiбi
1725. Тұрақты дәнекерлеу жұмыстарын құрылымдары жанбайтын материалдардан жасалған, ацетилен генераторлары, оттегi баллондары мен дәнекерлеу бекеттерi үшiн оқшауланған үй-жайлары бар, арнайы бөлiнген дәнекерлеу шеберханаларында жүргiзiледi. Ацетилен генераторларына арналған үй-жайлар желдеткiшпен және жеңiл алынып тасталатын құрылымдармен қамтамасыз етiледi. Генераторларды жертөле үй-жайларына орнатуға болмайды.
1726. Тасымал ацетилен генераторларын пайдалануға рұқсатты қарамағында осы генераторлар болатын объектiнiң әкiмшiлiгi бередi.
1727. Тасымал ацетилен генераторлары ашық алаңдарда орнатылады. Оларды жақсы желдетiлетiн үй-жайларда уақытша қолдануға жол берiледi.
Генераторларды жертөле үй-жайларында орнатуға жол берiлмейдi.
1728. Ацетилен генераторларын отпен жұмыс iстейтiн жерден, сондай-ақ компрессорлармен және желдеткiштермен ауа жинау орнынан кемiнде 10 метр қашықтықта қоршалады және орналастырылады.
1729. Ацетилен генераторлары орнатылған жерлерге «Бөгде адамдарға кiруге болмайды - отқа қауiптi», «Темекi шегуге болмайды», «Отпен өтуге болмайды» - деген аншлагтар (плакаттар) iлiнедi.
1730. Жұмыс аяқталғаннан кейiн жылжымалы генератордағы кальций карбидi шығарылуы қажет. Генератордан шығарылатын әк лайы осы мақсатқа лайықталған ыдысқа шығарылады және лай шұңқырына немесе арнайы бункерге ағызылады.
1731. Ашық лай шұңқырлары шарбақтармен қоршалады, ал жабықтары жанбайтын жабындармен, сорғы желдеткiшiмен және лайды шығаруға арналған люктермен жабдықталады.
1732. Лай сақтау орындарынан 10 метр кем радиуста темекi шегуге және ашық отты пайдалануға болмайды, ол жөнiнде тиiстi тыйым салу белгiлерi iлiнедi.
1733. Газ өткiзу шлангiлерi аппаратураның, жанарғылардың, кескiштер мен редукторлардың қосқыш ниппельдерiне қамыттардың немесе ниппельдiң ұзындығы бойымен кемiнде екi жерiнен жұмсақ күйдiрiлген (тоқылған) сымның көмегiмен сенiмдi бекiтiледi.
Су ысырмалары ниппельдерiне шлангiлер тығыз кигiзiледi, бiрақ бекiтiлмейдi.
1734. Кальций карбидi құрғақ, желдетiлетiн үй-жайларда сақталады.
Кальций карбидiн сақтауға арналған қоймаларды жертөле үй-жайлары мен су басатын төмен жерлерде орналастыруға болмайды.
Механикаландырылған қоймаларда кальций карбидi барабандарын тiгiнен үш қабат етiп, ал механизациясы болмаған жағдайда көлденеңiнен үш қатардан аспайтындай етiп және тiгiнен екi қатардан аспайтындай етiп сақталады. Барабандар қатарларының арасына қалыңдығы 40-50 миллиметр тақтай төселедi.
Қатарлап төселген кальций карбидi барабандары арасындағы өту жолдарының енi кемiнде 1,5 метр етiп қарастырылады.
1735. Кальций карбидiнiң аралық қоймасы жоқ ацетилен қондырғыларының үй-жайларында бiр мезгiлде 200 килограммнан аспайтын кальций карбидiн сақтауға болады, бұл жағдайда осы мөлшерден тек бiр барабан ғана ашық күйде болуы мүмкiн.
1736. Кальций карбидi бар ашылған барабандар су өткiзбейтiн қақпақтармен қорғалады.
1737. Кальций карбидi бар барабандарды сақтау және ашу орындарында темекi шегуге, ашық отты пайдалануға және ұшқын шығаратын құралдарды қолдануға болмайды.
1738. Газы бар баллондарды сақтау мен тасымалдау олардың мойындарына сақтандыру қалпақтары бұралғанда ғана жүзеге асырылады. Баллондарды тасымалдау кезiнде жұлқылау мен соғуға жол бермеу қажет. Баллондар дәнекерлеу жұмыстарын жүргiзу орындарына арнайы арбалармен, зембiлдермен, шанамен жеткiзiледi.
1739. Газы бар баллондарды сақтау кезiнде қысыммен жұмыс iстейтiн ыдыстарды орнату және пайдалану ережесiне сәйкес жүргiзiледi.
Газы бар баллондар оларды сақтау, тасымалдау және пайдалану кезiнде күн сәулесi мен басқа да жылу көздерiнiң әсерiнен қорғалуы қажет.
1740. Үй-жайларда орнатылатын баллондар жылу беру аспаптары мен пештерден кемiнде 1,5 метр, ал ашық отты жылу көздерiнен кемiнде 10 метр қашықтықта орналастырылады.
Жанарғылардан бастап (көлденеңiнен) қайта iске қосатын рампалы (топтық) қондырғыларға дейiнгi қашықтық кемiнде 10 метр, ал оттегi немесе жанғыш газы жекелеген баллондарға дейiн кемiнде 5 метр етiп қарастырылады.
Бiр үй-жайда оттегi баллондары және жанғыш газдары бар баллондарды, сондай-ақ кальций карбидiн, сырларды, бояулар мен майларды сақтауға жол берiлмейдi.
1741. Дәнекерлеу шеберханасында бесеуден аспайтын оттегi және бес қосалқы ацетилен баллондары орналастырылады.
Жұмыс орнында екеуден аспайтын жұмыс және қосалқы баллон ұстауға болады.
1742. Оттегiден немесе жанғыш газдардан босаған баллондармен жұмыс iстеу кезiнде толық баллондармен жұмыс iстейтiндей қауiпсiздiк шаралары сақталады.
1743. Газбен дәнекерлеу және газбен кесу жұмыстарын жүргiзу кезiнде:
1) қатып қалған ацетилен генераторларын, құбырларды, бұрамаларды, редукторларды және дәнекерлеу қондырғыларының өзге де бөлшектерiн ашық отпен немесе қызған заттармен жылытуға;
2) оттегi баллондарының, редукторлардың және өзге де дәнекерлеу жабдығының әртүрлi майлармен, сондай-ақ май тиген киiммен және май сiңген шүберекпен жанасуына;
3) бiр су ысырмасынан екi дәнекерлеушiнiң жұмыс iстеуiне;
4) өте iрi түйiршiктi кальций карбидiн салуға немесе оны аппараттың шүмегiне темiр шыбықтың және сымның көмегiмен итеруге, сондай-ақ карбид тозаңымен жұмыс iстеуге;
5) кальций карбидiн тиейтiн дымқыл себеттерге немесе газ жинағышта су болған кезде тиеуге, сондай-ақ «су карбидке» генераторлары жұмыс iстеген кезде көлемiнiң жартысынан артық карбид тиеуге;
6) жанғыш газдарға арналған шлангiнi оттегiмен және жанғыш газдардың оттегi шлангiсiн үрлеуге, сондай-ақ жұмыс кезiнде шлангiлердi өзара ауыстыруға;
7) ұзындығы 30 метрден артық, ал монтаждау кезiнде 40 метрден артық шлангiлердi пайдалануға;
8) газ өткiзу шлангiлерiн бұрауға, сындыруға немесе қысуға;
9) газ жинағышта ацетилен болған жағдайда генераторды тасымалдауға;
10) ацетилен генераторындағы газ қысымын әдейi жоғарылату немесе кальций карбидiнiң бiр жолғы мөлшерiн арттыру арқылы оның жұмысын жылдамдатуға;
11) кальций карбидi бар барабандарды ашу үшiн мыс аспапты, сондай-ақ ацетилен аппаратурасын дәнекерлеу үшiн және ацетиленмен жанасуы мүмкiн басқа да орындарда дәнекерлеу үшiн мысты пайдалануға болмайды.
5-тарау. Отпен байланысты жұмыстарды жүргiзу тәртiбi
1-параграф. Металл кесу тәртiбi
1744. Бензинмен және керосинмен кесу жұмыстарын орындау кезiнде жұмыс орны электрмен дәнекерлеу жұмысы кезiндегiдей ұйымдастырылады. Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтардың төгiлуiне жол бермеуге және дұрыс сақтауға, кесу режимiн сақтауға және жанармайы бар бакты күтiп ұстауға ерекше назар аударылады.
1745. Бензинмен және керосинмен кесу жұмыстарын жүргiзу орындарында жанармай қоры ауысым қажеттiлiгiнен аспайтын мөлшерде сақталады. Жанармай жарамды, сынбайтын, тығыз жабылатын, арнайы ыдыста, отпен байланысты жұмыстарды жүргiзу орындарынан кемiнде 10 метр қашықтықта сақталады.
1746. Бензинмен және керосинмен кесу жұмыстары үшiн бөгде қоспалары мен суы жоқ жанармай қолданылады. Кiшкентай бакты оның көлемiнен 3/4 артық жанармаймен толтыруға болмайды.
1747. Кiшкентай бак ақаусыз күйде ұсталады және герметикалы етiп жасалады. Кiшкентай бакта манометр, сондай-ақ кiшкентай бактағы қысымның 5 атмосферадан артық жоғарылауына жол бермейтiн сақтандыру клапаны қарастырылады.
10 атмосфералық қысымға сумен сыналмаған, жанғыш сұйықтық ағатын немесе ақаулы сорғышы бар кiшкентай бактарды пайдалануға болмайды.
1748. Бензинмен кесу жұмыстарын бастамас бұрын барлық бензинмен және керосинмен кесу арматурасының ақаусыздығы, ниппельдердегi шлангiлер қосқыштарының тығыздығы, салмалы сомындар мен бастиектердегi бұрандалардың ақаусыздығы мұқият тексерiледi.
1749. Кескiштiң буландырғышын жұмыс орнында құйылған тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды тұтату арқылы жылытуға болмайды.
1750. Жанармайы бар кiшкентай бак оттектi баллон мен ашық от көзiнен кемiнде 5 метр және жұмыс орнынан кемiнде 3 метр қашықтықта болады. Бұл ретте кiшкентай бак жұмыс iстеген кезде жалын мен ұшқын түспейтiндей орналастырылады.
1751. Бензинмен және керосинмен кесу жұмыстарын жүргiзу кезiнде:
1) жанармайы бар бактағы ауа қысымының кескiштегi оттегiнiң жұмыс қысымынан артық болуына;
2) шие түсiне дейiн қатты қыздыруға, сондай-ақ кескiштi жұмыс кезiнде басымен жоғары қаратып тiгiнен iлiп қоюға;
3) кескiшке оттегi немесе жанармай беретiн шлангiлердi қысуға, бұрауға немесе сындыруға;
4) бензин немесе керосин бөлуге арналған оттегi шлангiлерiн кескiште пайдалануға болмайды.
2-параграф. Дәнекерлеу жұмыстары
1752. Дәнекерлеу жұмыстарын жүргiзу кезiнде жұмыс орны жанғыш материалдардан тазартылады, ал кемiнде 5 метр қашықтықтағы жанғыш материалдардан жасалған құрылымдар жанбайтын материалдардан жасалған экрандармен қорғалады немесе сумен бүркеледi.
1753. Дәнекерлеу шамдары толықтай жарамдылықта ұсталады және нәтижелерi мен тексерген датасын арнайы журналға енгiзе отырып, кемiнде айына бiр рет олардың төзiмдiлiгi мен герметикалығы тексерiледi. Бұдан басқа, жылына кемiнде бiр рет гидравликалық бақылау сынағы жүргiзiледi.
1754. Әрбiр дәнекер шамы зауыттың гидравликалық сынақ нәтижелерi мен рұқсат етiлген қысымы көрсетiлген паспортпен қамтамасыз етiледi. Шамдар тиiстi қысымда реттелген, серiппелi сақтандыру клапандарымен жарақталады.
1755. Дәнекерлеу шамдарына осы мақсат үшiн арнайы бөлiнген орындарда жанармай толтырылады және жағылады. Шамдарды толтыру кезiнде жанармайдың төгiлуiне және ашық отты пайдалануға жол берiлмейдi.
1756. Дәнекерлеу шамынан жалынның шығуын болдырмау үшiн шамға құйылатын жанармай бөгде қоспалар мен судан тазартылады.
1757. Дәнекерлеу шамының жарылуын болдырмау үшiн:
1) жанармай ретiнде керосинмен жұмыс iстейтiн шамдар үшiн бензин немесе бензиннiң керосинмен қоспасын қолдануға;
2) ауа толтыру кезiнде шамның резервуарындағы қысымды паспортта көрсетiлген, рұқсат етiлген жұмыс қысымынан жоғарылатуға;
3) шамға оның резервуарының көлемiнен артық жанармай құюға;
4) шам жанып тұрғанда немесе суымай тұрып, ауа винтi мен отын құю тығынын ашуға;
5) ашық оттың қасында шамды жөндеуге, сондай-ақ одан жанармайды ағызуға және оған құюға жол берiлмейдi.
Достарыңызбен бөлісу: |