Оқулықнама Аңдатпа



бет17/19
Дата09.06.2016
өлшемі1.7 Mb.
#124847
түріОқулық
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

4. ЖАПОНИЯ

Шығыс жақ тұстағы елдердің ішіндегі әдебиеті де, мәдениеті де сонау байырғы заманнан басталатындарының бірі – Жапония. Негізінде ертгілерден тұратын ауыз әдебиетін әңгіме қылмағанның өзінде тасқа басылып, қағаз бетіне түскен фантастика туындылары Жапонияда XVII ғасырдың орта шенінен басталады. Ол – 1734–1809 жылдар арасында өмір сүрген жазушы Уэда Акинаридің «Тұманға сіңген Ай» атты фантастикалық новеллалар жинағы. Кітап 1768 жылы жарық көрген. Кітаптың алғысөзінде автор: «Қазіргінің түп төркінін сонау ескіден байқауға болады. Мен де біршене жеңіл-желпі уақиғаларды білетінмін, соларды әйтеуір қағазға түсірген болдым», – деп жазған.

«Ертегі жалған дегенмен,

онда да бар тұспалдау», –

деп А. С. Пушкин «Алтын әтеш турасындағы ертегісінде» айтқан болатын. Ұлы ақынның осы пікіріне Акинаридің де көзі жеткен еді. Ол өзінің новеллаларын ел аузындағы ертегілерге сүйене отырып жазғанмен, оған қандай жолмен баруға болар мүмкіндігін көре білмеген фантаст-жазушы әр новелласының соңын елге бақыт тілеумен аяқтайды.

Бұндай аяқталас – жапон халық ертегілерін тән әдіс Акинари әңгімелерінде адамдармен қоса-қабат бірге адам кейпіне түскен түлкі, борсық, жылан, құрт-құмырсқалар қоян-қолтық, аралас құралас жүре береді. Уэда Акинари творчествосындағы біздің көзімізге ұрып тұратын бір ерешелік – күнделікті бізге үйреншікті нәрсе болсын, солармен қатар қорқынышты, үрей үйіретін элеметтерді гиперболаны көрсету.

Бірақ біз үшін ерекше саналғанмен, бұл – жалпы жапон фантастикасындағы (оның ішінде ертегі де, аңыз да, бейнелеу өнерінде де) өне бойы қатысып отыратын дүние. Жапон халқы творчествосының қазанында қайнап шыққан аталмыш фантастикалық новеллалар жинағы келелі пікір айту жағынан да, жазылу жағынан да бір ұлт әдебиетіндегі фантастика жанрының керуен басы саналса керек. Уэда Акинаридің өкшесін ала бере әдебиет әлемін Такидзава Бакин басты. Өз кезінде оның авантюралық-фантастикалық романдары оқушылар арасында едәуір етек алған еді.

Дегенмен, баспасөз бетінде «4-ші мұз дәуірі» романы көрінгенге дейін дүние жүзі фантастикасынан азда-көпті мәліметі бар жіті көз оқырмандар жапон әдебиетінің фантастика жанрының турасында «осындай бір жанр кеп қосылды» деуге күдіктенсе керек. (Американың Хьюго Гернсбегі, Францияның Жюль Верні, Англияның Герберт Уэллсы, Россияның Александр Беляеві, Польшаның Станислав Лемі сияқты көш бастар марқасқа фантастары шыққан кезде ғана әр елде лек-легімен фантаст-жазушылар туып жатса керек, ал жанрдың өз басы жаңа туындылармен байи түссе керек ).

Бұрында тұрмыстық шығармаларымен жапон оқырмандарына танымал боп қалған жазушы Коба Абэ «4-ші мұз дәуірі» фантастикалық романымен жарқ етіп көрінгенде, көптеген жұртшылық таңданған да болар. «Иностранная литература» жураналының редакциялық алқасымен әңгімелесіп отырғанда Коба Абэ өзі жөнінде былай деген-ді: «Жоқ, мен өзімді фантастпын деп санамаймын, ол ол ма, фантастиканы әдебиеттің түрі немесе жанры деп оқшаулап бөліп алу керек деп есептеймін». Коба Абэнің бұл сөзінің де жаны бар секілді. Өйткені: жазушы өз шығармаларының кейіпкерлерін (келешек жөнінде әңгімелей отырғанмен) тап бүгінгі тіршіліктің ортасынан ойып алады. Оның кітабындағы уақиға уақыты қазіргіден жүздеген жыл бұрынмен есептелсе де, күні кешегі фашизмнің тіршілігін көз алдыңа әкеледі. Романның бас кейіпкері Кацума өзінің көзқарасымен жаңа заман қайшылығының құрбаны болды. Ол өзінің тәрбиесіне қарағанда өткен ғасыр өкілі, ал кемеңгер ғалым ретінде келешекті жақындатушы еді. Сол келешекті өткен тірліктің қайталауы болады деп білген ғалым қазаға ұшырайды. Бас-аяғы 200 бет төңірегіндегі кітапта детектив, техника да, экзотика да бар...

«Осы заманғы фантастика ғылыми фактілерді міндетті түрде жазбай, қазіргі ғылыми көзқарастың жағында тұруы тиіс дегенді айтқым келеді. Егер фантастикаға негізгі ғылыми фактілерді айтумен шектеліп қал деп талап қоятын болсақ, онда өте тамаша әдеби дәстүрлерді былай қойғанда, бірқатар бағалы шығармалардан айырылып қалған едік», – деген пікірін Коба Абэ кейінгі фантастикалық туындыларының да түп қазығына айналдырды. Жазушының «Құм арасындағы әйел», «Басқа біреудің жүзі», «Адамға жете қаба» атты кітаптарының да өзегін осы пікір көктей өтіп жатады.

Ал Кобо Абэ ғылым фактілерінен қашықтаса, оның отандасы Морио Кита сол ғылымның төңірегідегі фантастиканы жазуды ұнатады. Оған да себеп бар: Морио Кита – медицина ғылымының докторы. Оқырмандар арасында оның «Ниренің семьясы» романы кеңірек таныс. Осыдан 8 жыл бұрын «Түн мен тұманның қуыс-қолтықтары» повесі үшін Акутавага сыйлығын алған-ды.

Бұлардың барлығы ірілі-ұсақты фантаст-жазушылар да бар. Дегенмен біздің мақсат олардың барлығын көгендеп тізіп, атап өте беру емес. Мақсат – әр елдің фантастика шаруашылығындағы елеулі-елеулі дүниелермен шола таныстыру.



5. ИТАЛИЯ
Әркім өзінің шыққан тауының биік болғанын қалайды ғой. Бұл кінәланатын да нәрсе емес: әр елдің өзінің ұлттық мерейінің үстем болуына жасаған талпынысынан туған ізгі ниет болса керек. Мұндай жағдайды кез келген ұлттың топырағында пайда болған фантастика жанры тарихының баяндалуынан да байқай аламыз. Дегенмен, бұндай дәстүр Италия әдебиетіндегі фантастика жанрының ғылыми тұрғыдан зерттеулерінен аңғарылмайтын тәрізді. Италияндықтар өз жерінде фантастикалық әдебиет бұдан екі мың екі жүз жыл бұрын, «Одиссееяның» латын тіліне аударылған кезінде туды деуге әбден болар еді. Бірақ олай істемей отыр. Олар өз фантастикасы соңғы он бес-жиырма жылдың беделінде дүниеге келді деп есептейді.

Әдебиеттің жаңа нәрестесін сыншылар оншама айқұшақ қауып қарсы ала қоймады. Италияның белгілі әдебиет зерттеушісі Джорджо Пуллини сол тұста: «Қаншама актуальды болғанмен, бізде ғылыми фантастика жанрына о бастан сүйіспеншілік жоқ: бізді механикалық роботтардың құпиясы емес, бұрынғынша адам жанының сыры қызықтырады...», – деп жаңа жанрдың алдын кесіп жазған-ды. Осындай салқын сөздердің әсері ме, кім білсін, әйтеуір Италия фантастары өздерінің алғашқы туындыларынан бастап-ақ адам тағдырын өз шығармаларының өзекті тақырыбы, Темірқазығы ғып алған.

Кейінде ғана туған Италияның фантастикасы басқа елдерде пәрменді дамып келе жатқан өз туыстарына еліктемей қалған жоқ. Олардың кейбір дүниелерін оқи отырғанда, бірде Бредбери немесе Азимов, бірде Лем немесе Чапек, Уэллс, Жюль Верннің соларға ұқсас шығармалары еске түсіп те кететін кездері болады. Дегенмен, қазіргі Италияда ауыз толтырып айтуға келіп қалатындай фантастика жанры туған секілді.

Бұл жерде «әп» деп ауызға аларымыз –Лино Альдани. Ол – жанрдың негізін шын мәнінде қалаушылардың бірі. «Фантастикадан – шындыққа» дегендей бағытта жазушы ағымдағы адам. Оған куә – «Жарлық екі етілмеуі тиіс» атты шығармасы. Оның негізгі желісі – Жердегі әкімшілік мекемені билеп-төстеп алған Марс пен Шолпан планеталарының тұрғындарының өзара тартысы. Бұл Жер планетасының өзінің кейбір елдеріндегі шындық жағдайы фантастиканың сиқырлы инесімен көктеп тіккен дүние болса керек. Фантаст өмірдегі осындай кейбір жағдайларды сыңаржақты көрсетумен шектеліп қалмайды. «Жиырма алақандағы Айда » Жерге төніп келе жатқан трагедияның барлық ұлттардың адамзат алдындағы жауапкершілігі мен ауызбіршілігі, ерлігі жеңіп шығады.

Бұрынырақта «Тіл қатпағаны үшін – ақы» романымен елге танылып қалған жазушы Инисеро Клемаски де фантастика жанры саласында едәуір қалам сілтеп қалады. Италиядағы коммунистік идеяны қолдаушы Клемаскидің қолынан туған бір дүние «Қопарыла құлау». Дәстүрлі шым-шытырық уақиғалар түрінде жазылған бұл шығармадағы негізгі идея нәсілшілдікті фантастиканың сойылымен соғу.

Танымды туындыларымен оқырмандарға жылы ұшырап жүрген жазушының бірі – Итало Кальвино. Оның ертеректегі шығармаларында ертегінің элементтері жүретін. Ал 1952 жылы тарихи материалдың негізінде «Екіге қақ бөлінген виконт» атты ертегі-повесть жазды. Сосын 1957 жылы «Терекке ілінген барон», 1959 жылы «Тірі дүниеде жоқ рыцарь» ертегі-повестерді шығарды дағы, кейінірек автор олардың басын біріктіріп, трилогия жасап, «Біздің ата-бабаларымыз» деп ат қойды. Олардың қай-қайсысында да Кальвино адам бойындағы жақсылық пен жамандық ара қатынасын, халыққа игілікті іс істеу қажеттігін әңгімелейді. Итало Кальвиноның 1966 жылы «Космокомедиялық уақиғалар» мен 1967 жылғы «Нөл дәрежесінде Т» әңгімелер жинақтары да адамзат тағдырын сөз қылады, күнбе-күн сан құбылып өзгеріп жатқан тірлікте адам өзін қалай ұстап жүруі керектігін сөз қылады. Шынтуайттап келегнде, Кальвино сонау XVIII ғасырда Свифт, Вольтер, Дидролар негізін салған философиялық-фантастикалық повесть жанрын жандандырып, алға жылжытты.

Басқа елдердің фантастикасы тәріздес Италия топырағында туған фантастика да өмірдің сан салалы толғағы жеткен тақырыптарын қозғауға тырысып тұрады. Мысалы: мамандығы журналист Джулио Райоланың дүркіндік баспасөздегі негізгі тақырыбы – Европадағы өзіндік нағыз ерекше қала Венецияның алдағы тағдырын ойлау. Өнер тарихында зор орын алатын осы бір ғажап жұмбақ жер күн өткен сайын су түбіне шөгіп барады. Ал енді Райола фантаст ретінде Венецияның көптеген ғасырдан кейінгі тағдырын әңгімелейтін «Құтқару жоспары» атты повесін жазды. Автордың фантастикасы жүздеген жылдар өткенмен де Венецияны құтқару жолын қарастырылмай келген деген пікірді айтады. Мұнда әкімшілік басындағы адамдардың өз ұлтының мақтанышына салақ қарауы мысқылдай, фантастика тілімен беріледі. Мұнда сақтандыру да бар.

Онымен қатар Италия фантастика жанрында қатар жарысып, ат салысып жүрген бір топ жазушылар бар. Анна Ринонаполи, Дино Буццати, Либеро Биджаретти, Сандро Сандрелли, де Туррис – жанрдың өркен жаюына көп тер төгіп жүргендер.

Италия фантастикасының қазіргі бағыта – оның бойындағы ерекшеліктер хақында Сандро Сандрелли мен де Турристің екеуі сыншы Фускомен бірігіп жазған мақаласында мынандай деген жолдар бар: «Италия ғылыми фантастиканың бүгінгі таңдағы негізгі ерекше сипаты – оның маңдай алдында адам бейнесі тұруы, ол тұңғыш повестердегідей механизмнің қарабайыр деталінен әңгімеленіп отырған уақиғаның негізгі өзегі, оның алға ұмтылдырушы үлкен күшке айналғаны сонша, қазіргі автордың басты міндеті – жақын не алыс болашақтағы мүмкін емес, иә мүмкін болар уақиғаларға адамның жасаған әсерін суреттеу боп қалады».

Осы тәріздес міндет қойған бір елдегі әдебиеттің жас жанрында келешекте таңдай қағып тамсантар дүниелер туатынына мен кепіл...




6. ПОЛЬША
Біз осыған дейін капиталистік мемлекеттердегі фантастика әдебиетінің тууы, онаң қазіргі аяқ алысымен таныстырдық. Алды дүниежүзілік фантастика қорына едәуір үлес қосқан, арты қазірдің өзінде салмақты-салмақты туындыларымен жұрт назарын өзіне аударып алған фантастардың біразы творчествосындағы өзіндік ерекшеліктерін атап көрсеткендей болдық. Әр елдің фантастика саласында қандай-қандай ағымдары барын айттық.

Енді социалистік елдердегі фантастика әдебиетінің туындылары турасында сөз қозғамақпыз. Социалистік мемлекеттер фантастикасындағы ортақ екі қасиет бар. Бірі – келешектің гуманизмін жырлау, екіншісі – кез келген ғылымдағы батыл гипоиезаларды қолдау.

Фантастика глобусын айналдыра отырып, социалистік мемлекеттердің үстіне келгенімізде, ең әуелі Польшаның территориясына тоқтауды ойладық. Бұған бір себеп – қазіргі поляк фантастары соңғы он-он бес жыл уақыттың ішінде-ақ маңызды-маңызды едәуір дүниелер беріп тастады. Социалистік қоғам орнаған мемлекет өз ішіндегі бай фантазияның қаулап өсуіне түрткі болды. Жаңа жанрға жанашырлар табылып, солар темір қанат жас әдебиеттің өсіп, өркен жаюына көп еңбек сіңірді. Ол интузиастардың ішінде бірінші ғып Станислав Лемді атау керек болар. Лемнің аты қазірде өз мемлекеті территориясынан асып шығып, дүниежүзілік масштабтағы жазушы есебінде мойындалып кетті. Сондықтан да бұл жолғы әңгімемізді Лемнің творчествосымен таныстырумен бастағанды қол көрдік.

Польшадан гөрі біздің елімізде көбірек ауызға алынып жүрген атақты поляк жазушысы Станислав Лем 1921 жылы Львовта туады. Ұлы Отан соғысы кезінде өз елін азат етушілердің тобына қосылады. Соғыстан кейін медицина институтын бітіреді. 1946 жылдан бері қарай Краков қаласының тұрғыны. Станислав Лемнің алғашқы романы – «Жоғалмаған уақыт» – Польшаны оккупациялаған жылдардағы интеллегенция тақырыбына арналған. Роман 1955 жылы жарық көреді. Өз оқушыларын осы роман және он шақты әңгімелерімен реалист есебінде көрініп, танымал боп қалған Лем кенет «Астронавтар» деген ғылыми-фантастикалық роман жазып шығады. Оның соңын ала «Магеллан бұлты» романы «Сезам», «Жұлдыз күнделгі», «Альдебараннан келгендер», «Эдем» әңгімелер жинақтары дүниеге келді. Оқушы қолына «Солярис», «Жұлдыздардан оралу», «Роботтар кітабы», «Жеңілмес», «Робот ертегілері» кітаптары тиді. Таяу арада поляк оқушылары оның тағы екі жинағымен – «Аңшылық» және «Кибериада» танысуға мүмкіндік алды. Қысқасы, аз уақыттың арсында осыншама шығармалар беріп тастаған фантастар біздің заманымызда кем де кем. Оның үстіне Станислав Лемнің уытты, сатиралық тілімен шебер берілгенде қандай бір талғампаз оқушыны болса да өзіне баурап алады.

«Кейде ерлік романтикасына толы, кейде кереметтей юмормен көз тартып тұратын Лемннің повестері мен әңгімелері қызықты оқылады, оны оқымай жаба салу өте қиын. Бірақ та оны тек қызықтыру үшін ғана жазылған нәрсе санай алмайсың: Лем әрқашанда әйтеуір бір есебін тауып, оқушы алдына күрделі ғылыми, философиялық, моральдық проблемалар қояды... Менің ойымша, Лем кітаптарының тағы бір қызықтылықтысы – оның геройлары өзінің кәсіптері бар, жетіспей жатқан кемістіктері бар кәдімгі, қарапайым адамдар, сонысымен де оқырманға жақын, түсінікті», – дейді КСРО ұшқыш-космонавы Герман Титов.

«Келешек жөнінде кітап жазып шығу үшін жалғыз жазушылық талант жетімсіздік қылады, ол үшін үлкен ой мәдениеті, қазіргі заман ғылымдарының проблемаларын кең түрде білу керек», – дейді фантастика проблемасын зерттеуде көп үлес қосқан Кирилл Андреев. Осындай міндетті атқарып шыға алады С. Лемнің шығармалары.

Польшаның фантастика жанрын көркейтуге ат салысып жүрген тағы бір жазушы – Кшиштоф Борунь. Фантастикаға ол журналистика арқылы келген. Алғашында астронавтика мен кибернетика жөнінде ғылыми-көпшілік кітаптар мен мақалалар жазып жүреді. 1953 жылы А. Трепкамен бірігіп жазған «Құрыған келешек» деген романы жарық көреді. Олар 1956 жылы «Проксима», 1959 жылы «Космостағы бауырлар» романдарын шығарады. Мұнан кейін жеке өз басы «Антимир» ғылыми-фантастикалық әңгімелер жинағын береді. Соңғы кездері оқушылар оның ондаған әңгімелері мен «Тозақтың сегізінші шеңбері» повесімен танысты.

Лемнің туындыларындағы негізгі принциптерді дәстүр есебінде тұтып жүретін жастар да Польшаның фантастикалық әдебиетінен көріне бастады. Солардың бірі – Конрад Фиалковский. Қазіргі көптеген фанатстар сияқты Фиалковский де әдебиетке ғылым арқылы енді. Дәлірек айтқанда ол ғылымда да, әдебиетте де жемісті еңбек етуде. Ол Варшава политехникалық институтының санды машиналар конструкторлау кафедрасында ғылыми қызметкер. Ал оның әдебиеттегі қимылын қазіргі дүркіндік баспасөзде жиі көрініп жүрген фантастикалық әңгімелері мен «Мир» баспасынан шыққан «Бесінші өлшем» жинағын оқығандар жақсы біледі.

Конрад Фиалковскийдің әңгімелерін шартты түрде «техникалық» фантастика саласына жатқызуға болады. Олардың басым көпшілігінде философиялық, әлеметтік, морольдық мәселелерден гөрі, техникалық мәселелер жиі айтылады.

Польшаның екінші бір жас фантасы – Мацей Кучинский оған қарама-қарсы бағыттағы жазушы. «Ошақ алдындағы робот әжейі» фантастикалық новеллалар жинағы соған дәлел бола алатын сияқты. Жас автор өз шығармаларын ғылыми проблемалармен, ғылыми терминдермен көз қамастырып қойғысы келмейді. Кучинский өз әңгімелерін қалам ұшымен жеңіл-желпі сыза салған сияқты. Геройлар мен ситуацияларының тек қана нобайы сызылып қойылғандай. Осындай әдісімен, «кел, оқушым, екеуіміз қалғанын бірге ойласайық» деп жарысқа шақырып тұрғандай. Мұның бір жақсы жері – оқырман қиялын да өзімен қатар ерте жүріп, шыңдауға септігін тигізеді.

Мацей Кучинскийдің мәнерінен бір байқалатын нәрсе – Станислав Лемге тән иронияны жас жазушы да өзіне жолдас етіп алған. Бұл турасында С. Ларин былай дейді: «М. Кучинскийдің әңгімелерін бір жағынан ирониялық эсселер деуге де болады. Ал ирония тіпті де абыржудың белгісі емес, қайта ол көп сенімнің, күштің куәсі».

Міне, осылардан басқа да Польша топырағында туған фантастар болғанымен, олар совет оқушысына таныс болмағандықтан, оның үстіне өз әдебиетінде пәлендей бір із салып жүрмегендіктен, олар турасында әңгіме қозғауды дұрыс деп таппадық.



7. ЧЕХИЯ
Чехословакия территориясында «шыр» етіп жерге түсіп, кіндігін сол жердің суына жуған фантастикан жанрының нәрестесін сөз қылғанымызда әуелі Карел Чапектен бастау керек. Драматургия да, поэзия да, проза да Чапектің қаламына үйіріле қалатын. Оның жазушылық зор мәдениеті жаратылыстану ғылымдары мен философия проблемаларын жақсы білетіндігімен ұштасып жататын. Сонымен бірге онда өмірдің ішкі құрылымы мен тысқы тек көзге жылтыр қоғамдық құбылыстары көргіш сатириктің өткір көзі болған-ды. Міне, осы ғылыми-фантастикалық және сатиралық қасиеттер жалғыз Карел Чапектің бойына жиілған болатын.

Карел Чапек әдебиеттегі өзінің қадамын алғаш драматургия саласында бастайды. Ол ағасы Йозеф Чапекпен бірігіп жазуға кіріседі. Ал реалистік шығармаларды ағасымен бірігіп жазса, енді оның жалғыз өзі фантастикалық пьесалар жазады. Оның тұңғыш пьесасы «Р. У. Р.» 1920 жылы жазылады. Мұнда бір ғылымның тірі заттың синтезін тапқаны сөз болады. Ол оқымысты сол «робот» деген сөз дүниеге «Р. У. Р.» пьесасымен келген. Ғылымға бір термин фантастикадан енді деп біз мақтана аламыз. 1922 жылы Карел Чапек «Макропулос ісі» деген жаңа пьеса жазып шығады. Мұның негізінде орыс ғалымы Мечниковтің кәрілік адамның өзін өзі бірте-бірте уландаруынан туады деген идеясы жатыр. Пьесаның бір кейіпкері мәңгілік өлтірмейтін сусын ішіп, үш жүз жылдан аса өмір сүреді.

Бұл пьесалардың соңын ала «Абсолют фабрикасы» (1922 жылы), «Кракатит» (1924 жылы), «Саламандралармен айқас» ( 1936 жылы) ғылыми-фантастикалық романдары дүниеге келді. «Саламандралармен айқас» романынан кейін «Ақ індет» (1937 жылы) драмасын жазды. Бұлардың қай-қайсысында да автор өз заманының толғағы жеткен саяси мәселелерін қозғау үшін ғылыми-фантастика жанрын алдында шымылдық етіп тұтады.

Қазіргі замандағы фантастика проблемалары турасында азды-көпті мәселе қозғағысы келген әрбір зерттеуші Карел Чапектің осы шығармаларына соқпай өтуі мүмкін емес. Себебі: чех фантасының туындыларында өзіндік ерекшеліктері бар. Оларды оқушы қауымға ашып көрсету үшін байыпты еңбек керек болар. Жалғыз өткен жылдың өзінде «Художественная литература» және «Наука» баспалары шығарған екі бірдей кітап соның айғағы болса керек. Карел Чапектің шығармалары қазіргі біз емес, өз тұсындағы оқырман жұртшылыққа да зор әсер қалдырды. Тіпті ұлы драматург Бернард Шоудың өзі Карел Чапектің қайтыс болғанын есіткенде : «Неге оның орнына мен өлмедім екен!», – деп қайғырады.

1965 жылғы өткен Чапекке арналған симпозиумде совет фантасы Аркадий Стругацкий былай деген: «Чапек Уэллспен қосылып ХХ ғасырдың искусствосындағы әдебиеттің мүлдем жаңа тармағын жасаушылардың бірі болды. Бұл жаңа әдебиет әлеуметтік фантастика, фантастикалық реализмнің әдебиеті».

Чех фантастикасына Ян Вайсс та едәуір үлес қосқандардың бірі. «Вайсс – чех жазушылары Ян Арбес, Сватоплук Чех, Карел Чапектің дәстүрлерін жалғастырушы, көптеген фантастикалық романдар мен әңгімелердің авторы», – дейді ол жөнінде И. Порочкина. Вайсстың фантастика саласында жазған дүниелерінің ішіндегі ең мақтаулысы – «Немерелеріміздің елінде» кітабы. Бұнын жұлын тұтасын әңгімелер құрайды. Планетамыздың келешекте болатын тапсыз қоғамды көз алдына елестетін автор өмірдегі болуы мүмкін құбылыстарға тек қана марксизм тұрғысынан қарайды. «Ертеңгі күннің адамы қандай болуы керек? Қазіргі адамдардан айырмашылығы қандай? Олардың үлгісін қайдан табуға болады? » дегендей өзіне өзі сұрақ қойып, автор соған жауапты бүгінгі күніміздегі жасалып жатқан жақсы істердің аймағынан іздейді. Бұл сұрақтарына сәтті жауаптар да табады. Осы кітабы үшін жасы бірталайға келген жазушыға Чехословакия жастар одағының сыйлығы беріледі.

Чехословакия фантастикасында ауызға аларлық тағы бір жазушы бар. Ол – Йозеф Несвадба. Жалпы әдебиетке Несвадба ағылшын поэзиясын аудармашы есебінде келеді. Келе-келе «Өмір сүремін» және «Сваров» пьесаларын жазады. 1950 жылы Жюль Верннің «Жер жүзін аралап шыққан 80 күн» романының негізінде сценарий шығарады. Фантастикаға Несвадбаның келуіне Жюль Верннің осы шығармасы себепші болса, екінші жағынан өзінің мамандығы да септігін тигізуі сөзсіз. Ол психиатор-дәрігер болып жұмыс істейді.

1958 жылы жарыққа шыққан «Тарзанның өлімі» атты фантастикалық әңгімелер жинағын чехтің оқушы қауымы жылы қарсы алды. Фантастика жанрындағы дебютін сәтті бастаған жазушы 1960 жылы «Эйнштейннің миы» жинағын, онан екі жыл өткесін «Кейінге қарай сапар шегу» жинағын беріп тастады. Қазірде Несвадба чех фантастикасындағы жетекші жазушылардың бірінен саналады. Йозеф Несвадба фантастикадағы әлеуметтік және философиялық мәселелерді қозғайтын бағыттағы өкіл боп есептеледі. (КСРО фантастарының ірі фигуралары Ефремов, ағайынды Стругацкийлер де осы бағытта жазушылар ғой).

Әзірше бірді-екілі ғана кітаптары жарық көрген В. Кайдош, Ф. Бегеунек сияқты жас жазушылар турасында «олар мына бағытта» дегендей кесіп-пішіп пікір айта алмаймыз. Алайда чех фантастарының жалпы бағыты айқын. Олар келешегі жарқын болашақты әсем дауыспен шақырғысы келеді. Олардың қазіргі туындылары соған куә.

8. РУМЫНИЯ
Румынияның фантастикалық әдебиетін жүйелі түрде осы күнге дейін ешкім зерттеуді қолына алмаса да, оның тұңғыш туындысы А. Стальдің «Румын Ай үстінде» деген романы болса керек. Автор шығармасында болашақтағы космостық табыстарды болжалдаумен қатар, сол өз тұсындағы буржуазиялық-помещиктік Румынияның нашар халіне де қайғырып отырады. Өзінің сюжеті мен мәнері Т. Уэллстің «Айдағы алғашқы адамдар» романына ұқсас болғаныман, әр түрлі дүние өкілдерінің ара қарым-қатынасын суреттеуде Сталь басқаша жолмен жүреді. Романда Марс тұрғыны Жерден айға барған адаммен өте достасып кетеді.

Әңгімемізді румын ғылыми-фантастикалық әдебиетіндегі осы бір туындымен бастағандағы мақсат – қазіргі кездегі шығармалар ішінде де сол дәстүрді алға апарушылардың жиі кездесіп қалатынын басып көрсету. Осы қасиет екінші дүние жүзілік соғыстан кейін жарыққа шыққан И. М. Штефан мен Раду Нурдың «Аспан жарықтары арасындағы жол» атты романында да айқын білінеді. Романдағы жағымды кейіпкерлер келешектегі ғылым күшіне, адамзаттың гуманизміне сенеді. Шығарма сонысымен жақсы. Сондықтан да өз кезінде оқушылар қауымының жылы қабылдағаны да – заңды нәрсе.

Осы екі автор кейін де ғылыми-фантастикалық әдебиет саласында тізе қосысып қызмет істеді. Олар «Робинзон мұхиттар планетасында» атты роман жазып шықты. «Наука и техника» журналында ғылыми-фантастикалық әңгімелер циклін жариялап тұрды.

Олардан кейін әдебиет көкжиегінен көрінген Серджиу Фэркэшанның жалғыз өзі румын ғылыми фантастикасын жаңа сатыға көтерді. Оның «41.042 жылы махаббат» деген кітабы румын тілінде жарық көргеннен кейін көп ұзамай орыс, француз, словак және бірқатар тілдерге аударылып, басқа халықтардың қызыға оқитын шығармасына айналды. Сонау қашық келешекке еніп кетіп, Фэркэшан даму сатысының ең жоғарғы баспалдағында тұрған адамзат қоғамының бейнесін суреттейді. Ол кезде адамның дене бітімінің гармониялы дамуы тамаша интеллектісіне сай келеді. Адамдар 400 жылдай өмір сүреді. 8 сағаттық ұйқы орнына 10 минут «инфрафотон душына» тұрып алса, сол жеткілікті. Осыншама үнемделген уақыт жеке бастың жан-жақты дамуына сөзсіз септігін тигізеді. Біріне бірі қарсы антогонистік таптар жойылған. Мұнда әркім жеке басы үшін де, қоғам игілі үшін де ерлік жасай береді. Ғылым мен техниканың мүмкіндігі де өсе түседі: адамдар денені салмақсыздандыра алатын болды, жұлдыз кемелері жарық жылдамдығынан да шалт ұша алатын болды. Планеталарды қалаған Күн жүйесіне көшіріп қондыра аласың, оттегі, тағам және қажетті металдарды алу үшін фотондарды электрондар мен позитрондарға айырса – бітіп жатыр...

«41.042 жылғы махаббаттан» басқа қазіргі румын ғылыми-фантастикалық әдебиетін толықтыра түсетін туындылар бар. Тақырыбы мен мазмұнының сан салалығымен олар баяғы өткен аңызға айналған тарихпен қатар, ертеңгі жарқын келешектің арасындағы уақытты қамтиды.

Мысалы, «Сиқырлы қайық» романымен Виктор Кернбах бізді баяғыда белгісіз бір себептермен жер бетініен жойылып кеткен Атлантида еліне апарады. Сонымен қатар бізге басқа планета өкілдері бұдан мыңдаған жылдар бұрын келіп-кеткен дегендей болжам жасайды,

Ал Ион Марин Садовянудың «24 күннің жүйесі», Александру Андрицоюдың «Жастық эликсирі» роман, повестері мен Виктор Бырлэдянудың «Жолың болсын, қымбатты біздің космонавт!» пьесасын осы оқушыларын келешекке жетелейді, біз сол шығармалар кейіпкерлері көзімен таяудағы болашақта қол жететін жаңалықтарымызды көзбен шолып өткендей боламыз.

Бұл атын атаған жазушылар – әдебиеттің басқа салаларында да оқушы жұртшылыққа белгілі болып қалған авторлар. Бұлармен қатар румын ғылыми фантастика жанрының өркен жаюына нақтылы ғылым саласында қызмет етіп жүрген ғалымдар да атсалысуда. Осыдан 5-6 жыл ілгеріректе 5 социалистік мемлекеттің ғылыми-фантастикалық әңгімелерге жарияланған конкурсына түскен 120 шығарманың басым көпшілігі – инженерлер мен дәрігерлер, физиктер мен химиктер тәріздес мамандық иелерінің қолынан туған дүниелер. Ғылымның қазір бағыт алып бара жатқан жолындағы мүмкін деген жетістікті болжалдауды негізге ала отырып, олар ауыз толтырып айтуға тұрарлық дүниелер беріп тастады. Ол 5 мемлекет ішінде румын фантастары бар. Конкурс қортындысында Григоре Давидокудің «Құбыжық», Ион Мыңзатудың «Метакосмос қабырғасы», Сорин Стоенескудің «Тереңдегі от», Думитру Тодиречудің «Көгілдірлердің жолдамасы» ерекше аталып өтті.

Қазіргі румын ғылыми фантастикасының белсенді өкілдері сомдалып шықты деп толық айтуға болады. Олардың әрқайсысы өздеріне аян тақырыптар төңірегінде қалам тартуда. Мысалы, Камил Бачу өз мамандығы инженер болғандықтан кибернетика саласында алда болуы мүмкін құбылыстар турасында болжалдауды ұнатынқырап тұрады. Оның соңғы «Куб тәріздес планета» атты кітабы адам – машина деген проблема төңірегінде сөз қозғайтын қызықты-қызықты әңгімелерден тұрады.

Владимир Колин – белгілі балалар жазушысы, «Ертегілер» атты жинағы үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреатын алған. Оның фантазиясын цивилизациялар арасындағы байланыс тақырыптары толғандырды. Оның «Оныншы әлем» деген романында да әр түрлі даму сатысында тұрған екі әлемнің кездесіп, беттесуі әңгімеленген.

Өз өмірінде Мемлекеттік сыйлықты екі рет алған ақын Миху Драгомир румын ғылыми фантастика жанрының ерекше бір жарқын өкілінен саналатын. Оның «Әзірше тек фантастикалық әңгімелер» деген кітабы фантастиканың әр түрлі саласын қозғайды. Оның ішінде бір новелла халықтың ауызынды ескіден бері ұмытылмай келе жатқан аңыздар мен мифтерге жаңаша материалистік және палеоастронавтикалық түсініктеме берсе, екінші бір новелла алдағы келешекті сөз қылатын фантастикалық шығармалардың классикалық кейіпкерлеріне ұқсап кетеді. Ал кейбір дүниелерінде ақынның лиризмі бел алып кетеді.

Ион Хобана ғылыми-фантастикалық әдебиеттің теориялық мәселелерін қызығумен қатар, өзі де сол салада қалам тартып қояды. Көптеген сын мақалалар мен зерттеулердің авторы «Адамдар мен жұлдыздар» деген фантастикалық әңгімелер жинағын берді. Оның он жамбасқа алуға құмартатын тақырыбы – ескі легендалардағы мәдениетті фантастика айнасына түсіру.

Румын фантастикасының көкжиегінде соңғы кезде көрінген екі автор турасында Кирилл Ковальджи былай дейді: «Румын әдебиетінде фантастика жанры пәлендей өркен жайып дамымаған еді. Сондықтан да «Доандо» тәріздес шығарманың дүниеге келуі осы салаға жан беріпқойған жоқ, сонымен қатар румын фантастары бұрыннан көркейіп келе жатқан жанрға өзіндік леп берді... Румын фантастары Р. Барбулеску мен Г. Ананиа алдағы қашық болашаққа көңілді және сенімді қарайды».

Румын фантастарының алдағы келер күнге сеніммен қарауында да негіз бар: өйткені олар коммунизм құру жолына түскен халық өкілдері ғой.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет