Сын есімнің семантикалық топтары
Өмірдегі заттардың сындық белгілері өте көп, қасиеттері де сан алуан. Сонымен байланысты сын есімдер заттың әр алуан сыр-сипаттары мен белгілерін тікелей де, басқа заттардың қатыстары арқылы да білдіреді . Сол себепті сын есімдер семантикалық жағынан үлкен екі топқа бөлінеді: 1) сапалық сын есімдер; 2) қатыстық сын есімдер.
Сын есімдерді мағыналық жағынан осылай екі топқа бөлу- ертеден келе жатқан дәстүр. Мысалы, А.Байтұрсыновтың Тіл-құрал" оқулығының 1915 жылы шыққан 2- бөлімінде сын есімдерді тек сыны, сыр сыны деп екіге бөлген және ғалым бұлардың әрқайсысына сипаттама берген. "Тек сыны нәрсенің тегін көрсетеді," - дей келіп, оған ағаш аяқ, күміс қасық, алтын жүзік т.б. мысалдарды келтірген.
Ал "Сыр сыны нәрсенің ішкі, тысқы сырын, реңін яғни түрін, түсін, тегін, тұлғасын, пішінін, жайын, күйін көрсетеді,"-деп, биік, аласа, жуан, жіңішке, толық, нәзік, арық, семіз, қызыл, көк секілді мысалдармен көрсетілген. Әрине тек сынына келтірілген мысалдарда түбір күйіндегі екі зат есім бір-бірімен тіркесіп келіп, бірін-бірі анықтап тұр, яғни аяқтың ағаштан, қасықтың күмістен, жүзіктің алтыннан жасалғанын білдіріп, анықтауыштық қызметте түр, бірақ олар(ағаш, күміс, алтын) сын есім емес, сөз табы жағынан зат есім сөздер екендігі кейінгі ғалымдар еңбектерінде дәлелденген жайт
Ал сыр сынына берілген анықтама, мысалдары қазіргі оқулықтардағы сын есімнің сапалық деген мағыналық тобына келеді, сондықтан ғалымның сын есімдерді осылай топтап атауының үлкен мәні бар.
Сын есімнің шырай категориясын арнайы зерттеген (1951) және 1957 жылғы академиялық грамматикада "Сын есім" тақырыбын жазған Ғ.Мұсабаев сын есімдерді сапалық және қатыстық сын есімдер деп екіге бөлген.
Сапалық сын есімдер
Сапалық сын есімдер, оқулықтарда көрсетіліп жүргендей, мағынасы жағынан заттың түрі мен түсін(ақ, қара, қызық, көк, сұр т.б.), сыры мен сапасын (жақсы, жаман, тәуір, нашар т.б.), көлемі мен аумағын (үлкен, кіші, ауыр, жеңіл т.б.), дәмі мен иісін (ащы, тәтті, күлімсі т.б.) білдіреді.
Сапалық сын есімдер негізінен қосымшасыз тұрып, өзінің семантикалық жағынан тікелей заттың сынын білдіретін түбір сөздер ретінде қарастырылады. Мысалы, ақ, көк, сары, жақсы, биік т.б. секілді сын есімдер түбір сөздер, бірақ сапалық сын есімдерді қосымшасыз негізгі түбірлер дегенді шартты түрде ғана алып, белгілі бір кезең, қапыптасқан дәстүр турғысынан қарамау жөнінде грамматикаларда ескертілген. Осы пікірді проф. А.Ысқақов та жалғастырып, сапалық сын есімдерге түбір сөздерді жатқызу салты бар екендігіне тоқтала келіп, "бірақ бұл қағиданы үнемі тапжылмайтын қағида деп қарамау керек, өйткені қазіргі кезде түбір сөз сияқтанып көрінетін көптеген формалар тарихи даму тұрғысынан қарағанда, тиісті қосымшалар арқылы басқа тәсілдер бойынша жасалған туынды сөздер болып келеді. Мысалы, үзын, үлкен, қызыл, ащы, тұщы, момын, ашық, жабық, жалпақ сияқты сапалық (негізгі) сын есімдердің бәрі де ертеректе туынды сөздер болған, демек, олар ұзақ, үлкейген, қызгылт, ашыған, тұщыды, жабылды, жалпайған сөздерімен түбірлес болған" - дейді-
Бірақ ғалым келтіріп отырған сын есімдер тарихи жағынан түбір сөздер болғанымен, сапалық сын есімдер қатарына жатады, өйткені оларда сапалық сын есімдерге тән белгілер бар. Ал сапалық сындардың ерекшеліктері мыналар: біріншіден, сапалық сындарға тән сөздердің бәріне де ұлғайту, кішірейту жұрнақтары және сынның әрқилы реңін білдіретін шырай категориясының жұрнақтары қосылады, екіншіден, оларға сындық белгіні күшейте я өсіре түсу үшін қолданатын үстеме буындар жалғанады, үшіншіден, олар семантикалық ерекшелігіне қарай атрибуттық (жақсы оқушы), адвербиалдық (жақсы оқиды) қызмет атқарады. Сонымен бірге, заттың сапалық белгісі өзінің бастапқы қалпын үнемі сақтап тұрмайтын ерекшелігі де айтылып жүр. "Мысалы, жаңа дәптер, қызыл орамал десек, мүндағы анықталушы зат есімдер (дәптер орамал) осы қалпында тұра бермей, пайдалану барысында сындық сипатын өзгертеді (ескі дәптер, қызғылт орамал) "
Қатыстық сын есімдер
Сын есімнің мағыналық топтарының бірі-қатыстық сын есімдер туралы грамматикаларда"қатыстық сын есімдер өздері жасалған түбір сөздің мағынасымен сыбайлас келіп, сол белгілі бір заттың белгісін басқа бір заттың, істің қатысы арқылы білдіреді ", "бір заттың белгісін басқа бір заттың я іс-қимылдың қатысы арқылы білдіретін сөздер," "бір заттың белгісін басқа бір заттың, қимыл іс-әрекеттің, сынның қатысы арқылы білдіретін сөздер,"-деген анықтамалар берілген. Мысалы, жауынды күз, білімді студент, сулы жер, малды ауыл, күзгі жем, көршілес ауыл, қатулы қабақ, үюлі шөп т.б.
Осы мысалдардағы жауынды, білімді, сулы, үкілі, малды, күзгі, көршілес, қатулы, үюлі сөздері- қатыстық сын есімдер.
Қатыстық сын есімдер морфемдік құрамы жағынан-негізгі және көмекші морфемалардан тұрады, яғни"әр түрлі жұрнақтар арқылы басқа сөз таптарынан жасалатын туынды сөздер болады." Мысалы, оюлы (текемет), тастақ (жер), қарлы (қыс) т.б. секілді туынды сын есімдердің мағыналары өздерінің түбірі болып тұрған-ою, тас, қар сөздерімен тығыз байланысты, өйткені оюы жоқ текемет оюлы, тасы жоқ жер тастақ, қар жаумаган қыс қарл ы деп айтылмаған болар еді, ал оларға жалғанған -лы, -тақ, -лы жұрнақтары текеметте, жерде, қыста сол белгілердің бар екенін көрсетіп тұр.
Олай болса, қатыстық сын есімдердің құрамындағы негізгі морфема мен қосымша морфеманың әрқайсысы өзіндік қызмет атқарады.
Қатыстық сын есімдер негізінен есімдер мен етістіктерден жұрнақтар арқылы жасалады. Мысалы, қамысты, шилі, пайдалы, намысқор, күлдіргі, тапқыш, береген т.б. Осы қатыстық сын есімдер қамыс, ши, пәйда, намыс есім сөздеріне -ты,-лі,-лы,-қор журнақтары жалғану арқылы, ал күлдір, тап, бер етістіісгерінен - гі, -кыш, -еген жұрнақтары арқылы жасалған. Мұндай есімдерден және етістіктерден қатыстық сын есім жасайтын сөзжасамдық жұрнақтар өте көп. Ол жұрнақтар проф. Н.Оралбайдың "Қазақ тілінің сөзжасамы" атты оқулығында кеңінен талданған.
Осылайша, "сөзжасам қосымшалары зат атауын білдіретін немесе есім мәнді және қимылды білдіретін сөздерге жалғанып, сол сөздің мағынасына қатысты ол ұғымдардың бар, я жоқ, соған бейімділік, мекендік т.б. тәрізді сөзжасамдық мағына тудырады да, ол екінші бір затқа қатысы болу арқылы қатыстықсын есім болады”
Қатыстық сын есімнің, еңбектерде көрсетіліп жүрген тағы бір ерекшелігі олар сын есімнің шырай қосымшапарымен түрленбейді. Ал егер сөзжасамдық жұрнақ арқылы жасалған сын есімдер шырай тұлғалары арқылы түрленетін болса, онда олар сапалық сын есімдерге ауысқан сөздер болып есептеледі. Мысалы, білгір-білгір - білгір, өте білгір, икемді-икемдірек, икемділеу, іп-икемді, өте икемді т.б. Бұл ерекшелікке соңғы зерттеулерде де көңіл бөлініп жүр. Қазіргі қазақ тіліндегі қатыстық сын есімдердің семантикалық және стильдік сипатын қарастырған Г. Сыздықова өз зерттеуінде осы мәселені де қамтыған. Автор сапалық сын есімге ауысқан қатыстық сын есімдерді толық және жартылай ауысқан деп екіге беліп, толық түбегейлі түрде ауысқан қатыстық сын есімдерде сапалық мән үстем болатындығын, ал жартылай ауысқан қатыстық сын есімдер бірде қатыстық, бірде сапалық мәнде қолданылатындығын мысалдармен дәлелдеген .
Сын есімнің морфологиялық құрылымы
Сын есімдер морфемалық құрамдарына қарай негізгі және туынды сын есім (Ғ.Мұсабаев), жалаң сын есімдер және күрделі сын есімдер (А.Ысқақов), тұлғасына қарай-негізгі және туынды, құрылысына қарай дара және күрделі(Ж.Шәкенов), негізгі түбір, туынды түбір, біріккен, қосарлы, тіркесті сын есімдер (С.Исаев) болып бөлініп жүр. "Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы" бағдарламасында (2004), А.Ысқақов үлгісі бойынша сын есімдер құрылымына қарай жалаң (негізгі, туынды түбір) және күрделі болып бөлінген. Біз осы бағдарламаны басшылыққа алдық.
Морфемдік құрылымына қарай жалаң деп есептелетін сын есімдер өз ішінде негізгі және туынды болып бөлінеді.
Негізгі сын есімдер бөлшектеуге келмейтін бір түбір морфемадан тұратын сөздер. Мысалы, үлкен, биік, тар, кең секілді сын есімдер - одан әрі морфемаларға бөлшектенбейтін түбір сөздер есебінде қабылданып, ежелден келе жатқан негізгі сын есімдер. Алайда сын есімдерді осылайша жіктеудің шартты нәрсе екенін, олардың құрамында да тарихи - этимологиялық тұрғыдан туынды түбір болатын, негізгі түбірі қосымшаларымен арасы ажырамастай кіргіп кеткендері де кездесетіндігі оқулықтарда айтылып жүр. Мысалы, тұнық, сұйық, жазық,секілді сын есімдер бастапқы тұн, сұйы, жаз етістіктерінен жасалған.
Жалаң сын есімдердің көпшілігі "түбірлер мен жұрнақтарға мүшеленетін туынды сөздер есебінде қабылданып, белгілі қосымшалар арқылы жасалған туынды сын есімдер." Мысалы, әдепті, байыпты, сөзшең, ұтымтал, жеңілтек, жинақы, сенгіш, ширақ т.б. секілді сын есімдер түбірге жұрнақтар(-ті,-ты,-шең,-тал,-тек,-қы,-гіш,-қ) жалғану арқылы жасалған.
Тіліміздегі заттың белгісін білдіретін сын есімдер үнемі негізгі, туынды түбір бола бермейді, кейде олар екі немесе одан да көп сөзден құралып, сындық белгіні білдіреді.Мысалы, шунақ (қызыл аяз), бұлаң түлкі (мінез), қызыл ала (көйлек), кедір-бұдыр (жер) т.б. Осындай екі не одан да көп сөздерден құралып, бір сындық ұғымды, белгіні білдіретін сын есімдер күрделі сындар болатындығы ғылымда дәлелденген жағдай. "Күрделі сын есімдер" деген атау ғалымдар А.Ысқақов пен К.Ахановтың авторлығымен шыққан мектеп грамматикасынан (1952) бастап айналымға түсіп, содан бері оқулықтарда қолданылып келеді. Күрделі сындарға тән ерекшелік ол қаншама сыңарлардан құрылса да бір белгіні білдіретін бір сөз, бір лексема болып саналады, бір сөздің қызметін атқарады, сөйлемде бір сұраққа жауап береді, сөйлемнің бір мүшесі болады. Мысалы, Байжандар келгенде қызыл көкат ерттеулі тұр еді (Ғ.Мүсірепов). Есболаттан жалғыз көзді, ұзын селдір қара сақалды, жал тұмсық, жар қабақ, ержүзді Оразбай отыр (М.Әуезов). Осы сөйлемдердегі қызыл көк, жалғыз көзді, ұзын селдір қара сақалды, жал тұмсық, жар қабақ, ер жүзді деген күрделі сын есімдер ат, Оразбай деген зат есімдерді анықтап, сөйлемнің анықтауыш мүшесі болып тұр.
Оның үстіне "күрделі сындар біртұтас сөз болғандықтан, олардың құрамындағы сыңарлардың орны тұрақты және олардың орнын ауыстыруға болмайды,"яғни күрделі сындардың мағыналары сыңарларының белгілі бір тәртіпте тұруы арқылы жасалады. Мысалы, ұзын бойлы адам, қалың қамысты көл дегендегі күрделі сын есімдердің орнын ауыстырып, бойлы ұзын адам, қамысты қалың көл деуге болмайды.
А.Ысқақов "күрделі сын есімдер негізгі сындардан да, туынды сындардан да, олардың өзді-өзінің де, өзге сөздермен де тіркесуі, қайталануы, қосарлануы, әредік бірігуі аркылы жасалып, бір бүтін күрделі тұлға ретінде қызмет етеді"-дей келіп, күрделі сындардың тілдегі жасалуының бірнеше үлгісін (моделін берген)
Солардың негізгілері мынадай:
- сапалық (негізгі) сын есімдер бірімен-бірі тіркеседі. Бұл топқа қара сары ала, торы ала, шұбар ала, қызыл ала деген үлгі бойынша жасалатын, демек алғашқы компоненті ауысып, соңғы компоненті өзгермей тіркесетін сындар да, қара көк, қара кер деген үлгі бойынша, демек алғашқы компоненті ауыспай, соңғы компоненті ауысып жасалатын екі компонентті күрделі сындар да, ап қара көк, ал қара кер тәрізді үш компонентті күрделі сын есімдер де жатады.
- бірыңғай я негізгі (сапалық), я туынды (қатыстық) сындар не қайталанәды, не қосарланады. Мысалы, кішкене-кішкене, аппақ-аппақ, үлкенді-кішілі т.б.
- негізгі сын мен -лы(-лі) формалы туынды сын есім тіркеседі. Мысалы, кеңмаңдайлы, қызыл шырайлыг.б.
- зат есім, сан есім, есімдік, есімше формалар мен -лы(-лі) формалы туынды сын есім тіркеседі. Мысалы, алтын баулы, төрт бұрышты, түк пайдасыз іс, қажымас қажырлы т.б. (63,190).
Н.Оралбай оқулығында да күрделі сындар 1) біріккен, 2) қосарланған, 3) тіркескен күрделі сындар деп бөлініп, біріккен күрделі сындардың онша көп емес екендігі, оларға көнетоз, көнтері, тілалғыш, есерсоқ, біртоға, алаңғасар, аласабыр, бұратана, кемтар, кертартпа, қонақжай, жарымжан, балажән, қарапайым, кеудемсоқ, ішқұста (ашу), етжеңді, кірпияз, етекбасты (мінез) секілді сөздер жататындығы көрсетілген .
Сонымен бірге екі және үш құрамды күрделі сындардың жасалу үлгілері жүйелі түрде берілген. Екі құрамды күрделі сындардың жасалу үлгілері:
1.Сапа сыны+сапа сыны(қызы лала, қара көк т.б.)
2.Қатыстық сын+сапа сыны (сыбызғыдай нәзік т.б.)
З.Зат есім+қатыстық сын (кұміс қоңыраулы т.б.)
4.Қатыстық сын+ қатыстық сын (сәнді киімді т.б.)
б.Сан есім+қатыстық сын (сегіз қанатты т.б.)
б.Етістік+қатыстық сын (піскен алмадай т.б.)
Үш құрамды күрделі сындардың жасалуы
1 дара сын+күрделі сын (сұлу жіңішке белді т.б.)
2.күрделі сын+дара сын (қызыл ала көйлекті т.б.)
Осы үлгілерден тіркесті күрделі сындардың тілде өте жиі қолда- нылатындығын байқауға болады. Бірақ бұл сын есімдердіңөзіне тән ерекшеліктері соңғы кезде ғана зерттеу нысаны ретінде жан-жақты қарастырылды. Г.Мамаеваның "Қазіргі қазақ тіліндегі тіркесті күрделі сын есім сөздер" деген диссертациялық еңбегінде тіркесті күрделі сындардың мағына тұтастығы мен оның күрделі ұғымды білдіретіндігі, олардың құрамы анықталып, сапалық сыны мен қатыстық сынның негізінде жасалған тіркесті күрделі сындардың ерекшеліктері жан-жақты сипатталған .
Сондай-ақ Г. Сыздықова өз зерттеуінде қосарлану тәсілімен жасалған қатыстық сын есімдердің күрделі түрлерін жасалу жолына және семантикалық сипатына қарай былай топтастырған:
Жасалу жолына қарай: 1.Бірыңғай аффикстер арқылы жасалған қатыстық сын есімдердің қайталануы; көлемді-көлемді, бармақтай-бармақтай т.с.с. 2. Бірыңғай аффикстер арқылы жасалған қатыстық сын есімдердің қосарлануы; ащылы- тұщылы, әлді- малды т.с.с. Әр түрлі аффикстер арқылы жасалған қатыстық сын есімдердің қосарлануы: сулы-сусыз, ғылыми-әдістемелік, т.с.с. 1. Семантикалық сипатына қарай: 1. Өзара мәндес қатыстықсын есімдер: даусыз-талассыз, күшті- қуатты, т.с.с. 2. Үштас мәндес қатыстық сын есімдер: ерлі-зайыпты, аталы- бабалы, т.с.с. 3. Қарама- қарсы мәндес қатыстық сын есімдер: ашпалы-жаппалы, ұзынды-қысқапы, т.с.с. 4. Бір сыңары мағыналы, бір сыңары мағынасыз қатыстық сын есімдер: үйлі- баранды, қоралы- қолсылы, т.с.с. 5. Болымды- болымсыз мағыналы қатыстық сын есімдер: таулы- тассыз, сулы- сусыз, т.с.с. Сөйтіп, күрделі сындар ең кемі екі сөзден құралып, ішкі құрамы түрл іше үлгіде жасалады.
Сын есімнің шырай категориясы
Сын есімнің ғылымда танылған бір- ақ категориясы бар. Ол-сын есімнің шырай категориясы. Шырай категориясы бір түрлі сындық белгінің ақиқат өмірде түрлі дәрежеде болуын білдіреді. Мысалы, биігірек, биіктеу, өте биік, біп-биік дегенде биік деген негізгі мағына сақталады, тек қана реңк қосылып, біркелкі сынның әртүрлі дәрежеде көрінуі байқалады. Сондықтан "заттың белгісі я сипаты (түрі, түсі, сапасы, көлемі, аумағы, салмағы, сыры т.б.) біркелкі болмай, рең жағынан әр түрлі дәрежеде болатынын, демек, сипатының я белгінің бір затта артық, бір затта кем болатынын білдіретін сын есім формалары шырай формалары" деп аталады.
Олай болса, бір түрлі белгінің өзінде әр алуан рең болуы шырай категориясыныңмағыналыққұрамыныңтүрлілігін көрсетеді. Бұлтүрлі реңцік белгі көрсеткіштер арқылы көрініс табады.
Бірақ сын есімнің барлығы бірдей шырай тұлғасымен түрленбейді, яғни кез-келген сын есімге шырай тұлғалары жалғанбайды. Оқулықтарда көрсетіліп жүргендей, сын есімнің шырай тұлғалары сапалық сын есімдерге жалғанады. Тіптен сапалық сын есімдерге де шырай жұрнақтарының бәрі бірдей жалғана бермейді. Мысалы, "көк" деген сын есімге "шіл" жұрнағын қосып, "көкшіл" деп, шырай мағынасы жасалса, "жасыл"деген сөзге "шыл" жұрнағын қосып, "жасылшыл" деуге болмайды. Немесе сарғыш дегендегі ғыш жұрнағы қызыл, көк, жасыл сын есімдеріне қосылмайды. Олай болса, шырай жұрнақтары "өздерінің еншісіне тиген, белгілі сөздерге жалғана алады. Бұл- қазақ тіліндегі сын есім шырайының ерекшелігі болып табылады.
Сонымен сын есімнің шырайы деп аталатын категорияның мазмұны да, формасы да әлденеше заттың (әр түрлі біркелкі белгілерін емес) бір түрлі я біркелкі белгілерінің өз ара айырмашылықтарын, демек, сол біркелкі белгілердің бір-бірімен я артық, я кем екендігін анықтау арқылы туады . Мысалы, жасылырақ пен жап-жасылдың, үлкенірек пен өте үлкеннің, ұзындау мен ұп-ұзын-ның мәні де, жасалу жолы да бірдей емес. Осымен байланысты қазақ тілінде шырайлардың бірнеше түрі бар. Бірақ шырай түрлерін топтастыру, жіктеу туралы ғалымдардың пікірлері әртүрлі.
А.Байтұрсынов оқулығында шырайдың үш түрі көрсетілген: 1) Жай шырай артық-кем демей, нәрсенің сиқын жай көрсетеді (жуас ат, қызыл шүберек т.б. 2)Талғаулы шырай нәрсе сиқының бірінен-бірі артық-кемдігін көрсетеді, оны көрсету үшін жай сындағы сөзге "-рақ", -рек" деген талғау қосымшалары тіркеледі (жақсы-рақ, зерегі-рек т.б.) 3). Таңдаулы шырай нәрсе сиқы өте артық екендігін көрсетеді. Оны көрсету үшін жай шырайдағы сөздің апдына ең, нақ, тап, тым, бек, қас деген сөздер қосылып айтылады (ең жақсы, тым қорқақ т.б.)
Ал Қ.Жұбановтың 1936 жылғы қазақ тілі бағдарламасында сын есімнің шырайлары жеке тақырып етіп беріліп, шырайлардың жай шырай, кесімді араластырмалы шырай (бірі тура күйде, бірі шығыс жалғаулы күйде болады), салыстырмалы шағын шырай (-рақ, -рек, -лау), жалаң шағын шырай (қызғылт, қаралтым, көтеріңкі, созылыңқы), таңдаулы шырай, дәйек қосылыңқы (өте қысқа), қосақты (қып-қысқа), үстеулі (ұзын-ақ), орта шырай (бір қос, бірсыпыра, бір жөн, едәуір сөздері қосылады) түрлері берілген. Бірақ жоғарыда аталған еңбектерде шырай түрлерінен орын алған жай шырайға қатысты кейінгі еңбектерде басқаша пікірлер де кездеседі.
Қазақ тіліндегі сын есім шырайларын арнайы зерттеген Ғ.Мұсабаев "жай шырай" деп аталатын сын есімдерде шырай мағынасы жоқ, сондықтан жай шырай деп атауымыздың өзі қате, - деп есептеп, сын есім шырайын салыстырмалы, бәсең, шағын, күшейтпелі, үдетпелі деп бөлген. Ғалымның жіктеуінше:
1.Салыстырмалы шырай -рақ,-рек.
2.Бәсең шырай -дау,-деу,-тау,-теу,-лау,-леу.
З.Шағын шырай -шыл, -шіл, -ғыл, -ғіл, -ғылт, -ғыш, -ілдір тұлғалары арқылы.
4.Күшейтпелі шырай -күшейту буыны арқылы.
5.Үдетпелі шырай - күшейткіш үстеулер арқылы жасалады. Осылайша ғалым шырайларды жасалатын тұлғаларына қарай бес түрге бөлген.
1967 жылғы «Грамматикада» бәсең, шағын шырайларды біріктіріп, сын есімнің мынадай 4 түрі берілген:
-
Салыстырмалы
-
Бәсең, я шағын
-
Күшейтпелі
-
Асырмалы.
Кейін ғылымда грамматикалық категорияларды топтауда олардың түрленбей тұрған түрін есепке алатын дәстүр қалыптасты. Бұл дәстүр бойынша етістік негізі өзге туынды тұлғалардың бәріне негіз болады, атау септік те "басқа септіктердің формалары мен мағыналарын салыстырып ажырату үшін қабылданған негізгі форма" деп танылды, яғни олар етістіктің басқа формаларында қандай өзгеріс болғанын немесе қалған септікгердің тұлғаларында қандай ерекшелік бар екенін салыстырып көрсету үшін алынған. Сондай-ақ басқа шырайлардың тұлғаларында қандай өзгеріс болғанын көрсету үшін кейінгі еңбектерде шырайдың жай шырай деген түрі алынған. Шын мәнінде жай шырайдың мағынасында салыстыру жоқ. Жай шырайдың осы ерекшелігін ескере отырып, шырайлардың басқа түрлерін мағына жағынан да, форма жағынан да салыстыратын негізгі форма деп санаған проф. А.Ысқақов оқулығында шырайлар - жай шырай, салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай, асырмалы шырай деген төрт түрге бөлініп, әрқайсысының мағынасы және олардың жасалу жолдары сөз болған! Сондықтан жай шырайдың атауы дәстүр бойынша сақталған.
Салыстырмалы шырайға оқулықтарда "бір заттың сынын екінші заттың сынына салыстырып, сол салыстырылған белгілердің бір-бірінен я кем, я артық екенін білдіреді" деген анықтама беріліп жүр. Шындығында салыстыру мағынасы шырайдың басқа түрлеріне де қатысты.
Салыстырмалы шырай -рақ, -рек, -ырақ, -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу жұрнақтары арқылы жасалады. Мысалы, үлкенірек, үлкендеу т.б. Сонымен бірге -қыл, -ғыл, -қылт, -ғылт, -тым, -шыл, -шіл, -қай, -аң секілді өнімсіз жұрнақтар да салыстырмалы шырай көрсеткіштері болып саналады. Мысалы, дымқыл, сұрғылт, қоңырқап, қысаң т.б.
Күшейтпелі шырай заттың бастапқы сындық қасиетін күшейте түседі. Бұл шырай күшейткіш буын арқылы жасалады, яғни сын есімнің алғашқы буыны алынады да, оған -п қосылады. Мысалы, қып-қызыл, жап-жақсы, біп-биік т.б.
Заттың сындық қасиетін я тіпті асыра көтеріп, я тым асыра төмендетіп білдіретін шырай түрі асырмалы шырай деп аталады. Бұл терминді проф. А.Ысқақов қолданған. Асырмалы шырай сын есімнің алдында аса, өте, тым (дым), тым-ақ (дым-ақ), тіпті, тіптен, шым, қап, нағыз, нақ, ең, орасан, керемет секілді күшейткіш үстеулер сөздердің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы, тым үлкен, аса қиын, өте ақылды т.б.
Соңғы шыққан "Қазақ грамматикасында" жай шырайды шырай категориясына жатқызбайды, ал салыстырмалы мен күшейтпеліні бір шырай деп есептеп, шырайдың екі-ақ түрін-салыстырмалы мен күшейтпелі шырайды көрсеткен.
Сын есімнің заттану процесі
Қай тілде болмасын, сөз топтары арасында бір-біріне ауысу, алмасу "процестері болып отыратындығына ғалымдар ертеден көңіл белген.А. Байтұрсыновтың "Тіл-құралында" "сын есімнің кейбіреулері зат есімнің орнына жүреді, мәселен, арзан еттің сорпасы татымас" дегеннің орнына "арзанның сорпасы татымас" деп айтылады. "Арзан еттің" деген екі сөздің орнына "арзан" деген жалғыз сөз жарап тұр. Сондықтан мұндай зат пен сын орнына бірдей жүретін сөздерді зат сын ,- деп атаған, әрі зат сынның зат есім секілді түрленетіндігі айтылған.
Сын есімнің бұл ерекшелігі кейінгі оқулықтарда да ескерілді. Өйткені сын есімдердің заттық ұғымда қолданылуы тілімізде жиі кездесетін құбылыс. Мысалы, Үлкен бастар, кіші қостар. Жақсының шарапаты тиер тар жерде, жаманның кесапаты тиер әр жерде.
Осы сөйлемдердегі үлкен, кіші сөздері үлкен адам, кіші адам дегеннің орнына, жақсының, жаманның сөздері жақсы адамның, жаман адамның дегеннің орнына қолданылып, зат есім секілді түрленіп тұр.
Сын есімдердің осылайша заттық мағынада зат есімге ауысып қолданылуы ғылымда сын есімнің субстантивтену процесі деп аталады.
Сонымен бірге грамматикаларда сын есімдердің заттану процесі біркелкі емес, кейбіреулері бүтіндей заттанып, біржола субстантивтенетіндігі де көрсетілген. Мысалы, сықпа, жайма, шайқор, жүлдегер т.б. Бұл сөздер сындық мағынада да қолданылады: сықпа құрт, жайма нан, шайқор адам, жүлдегер студент.
Осылайша сын есімдердің "әрі заттық, әрі сындық мағына білдіруінің негізгі себебі о бастағы зат есімнің атрибутивті қолданылуымен байланысты. Мұндай қолданыс тілде анықтауыш деп аталатын синтаксистік қызметтегі сөйлем мүшесін қалыптастырған, ал бұл синтаксистік қатынастың тілдің морфологиялық құрылымында сын есімнің дербес грамматикалық топ ретінде қалыптасуына негіз қалады. Қазіргі қазақ тіліндегі жас, бала, кедей, бай, ауру, жүдеу т.б. сөздердің атрибутивтік мәнде орнығуы - осы синтаксистік қолданыстың нәтижесі" - деп түсіндіріледі.
Сын есімнің синтаксистік қызметі
Сөздерді тапқа бөлудің үшінші ұстанымына сай әр сөз табы сөйлемде белгілі бір қызмет атқарады. Сын есім мағына жағынан заттың сынын, белгісін білдіретін сөздер болғандықтан, сөйлемде көбінесе анықтауыш мүше болады. Мысалы,
Көгілдір көкте қалқиды,
Көк ала бұлттар тек баяу.
Көкпеңбек теңіз шалқиды,
Кеп еді неткен көк бояу. (К.Ахметова)
Осы өлең жолдарындағы сын есімдер зат есім алдында тұрып, анықтауыш болып тұр. Сын есімнің зат есім алдында келіп тіркесуі-тілдегі қалыптасқан заңдылық. Бірақ сөйлемде зат есім түсіп қалып, сын есім орнына қолданылатын кездері де болады, яғни сын есім заттанып қолданы-латындығы жоғарыда айтылды. Мұндай жағдайда сын есім зат есімдер секілді түрленеді. Мысалы, Жаманға жақсы сөз өтпес (С.Сарайи). Өнерлінің қапасы нақ, өнерсіздің өкініші жоқ (А.Иүгінеки). Осы сөйлемдердегі жаманға, өнерл інің, өнерсіздің сөздері заттанып, барыс және ілік септіктер тұлғасында тұр.
Сын есімдер заттанған кезде табыс, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің бірінде келіп, толықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, Жақсыға сұқтан, жаманнан сақтан.
Сын есім сөйлемде етістіктің алдында тұрып, қимыл, іс-әрекеттің сынын білдіріп, пысықтауыш болады. Мысалы, Дәрмен мен Мәкеннің қолында тұрса, басқа мінез өзінен шықпайтынын саналы әйел жақсы аңғарды (М.Әуезов). Мына қып-қысқа хаттан ана көңілінің алаңы анықсезіледі.
Сын есім заттанғанда атау септікте тұрса, сөйлемде бастауыш болады. Мысалы, Жақсылар байқап сөйлер, білімсіздер шайқап сөйлер.
Сын есім жіктік тұлғада тұрып, сөйлемнің баяндауышы да болады. Мысалы, Толық айдың сүтіне шомылған түнгі айнала тып-тыныш (Қ.Қазиев). Үйдің іші мұнтаздай тап-таза (С. Бақбергенов).
Достарыңызбен бөлісу: |