«Мәдени мұра» бағдарламасының тарихи зерттеулерге игі әсері
Қазір «Мәдени мұра» сияқты бағдарламалардың арқасында тарихымыз бен байланысты көптеген жаңа, тың деректер мәлім болып жатыр. Сонымен қатар бұрын біз көптеген мәліметтерді орыс тіліндегі деректер негізінде ашсақ, қазір Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында Қытай, араб деректерін де көп пайдаланудамыз. Батыс деректерін де назардан тыс қалдырмаймыз. Бұрындары Қасым хан кезінде қазақ елінің Иран мемлекетімен қарым-қатынаста болғандығы туралы айтыла бермейтін. Қазақтар мен қытайлықтар арасындағы қарым-қатынастар да беймәлім болып келген. Қазір солардың барлығы бізге айқын..
Бағдарламаның аясында көп шаруа атқарылды. Ресей, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Түркия, Армения, Венгрия, Швейцария елдерінде археографиялық жұмыстары жүргізілді. Мұндай экспедициялардың нақты нәтижелері осы бағдарлама аясында жарық көрген кітаптарға кірді. Бұлар ұлтымыздың ежелгі және орта ғасырлардағы тарихын зерделеуге тамаша база жасап берді. Осы экспедициялардың нәтижесінде 26 томдық кітап құрастырылды. Оның ішінде «Қазақстан тарихы араб, парсы, түрік, қытай, моңғол, армян дереккөздерінде», «Қазақстан тарихы Шығыс миниатюраларында» кітаптары да бар. Ғылыми экспедициялардың арқасында қолға түскен деректердің халқымыздың әлемдік тарихпен қабысатын тұстары мен рөлін бекемдеудегі орны өлшеусіз.
Біздің тарихымызға қатысты жазба естеліктердің барлығы қазақтардың әлемдік қауымдастықтағы әлмисақтан келе жатқан саяси рөлін көрсетеді. Және жаңа деректер түркі халықтарында жазу мәдениеті, қалалардың дамуы, дипломатиялық қарым-қатынастардың болғанын, сол сияқты көрші елдермен сауда-экономикалық байланыстар орнатқанын айғақтайды. Мәселен, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының қызметкерлері Қытайдан шағатай, ойрат тіліндегі 300, мәнжүр және қытай тіліндегі 3 мыңнан астам ғажайып мұрағаттық құжаттарды тапты. Бұлар қазақ хандары мен сұлтандарының көрші мемлекеттермен ресми хаттасулары, қазақ-қытай сауда-саттығы, дипломатиялық байланыстар жайлы мәліметтер. Қытайдың Бірінші тарихи мұрағатынан табылған осынау архивтік құжаттар Қазақ хандарының кеңсесі және дипломатиялық хаттасулары болғанын және елші алмастырып отырғанын тарихи тұрғыда дәйектейді.
Орталық Азия мен Қазақстан географиялық жағдайына байланысты, батыс-еуропалық саяхатшылардың назарынан тыс қалып көрмеген. Сондықтан, қазіргі таңда Еуропа мен Американың музейлері мен мұрағаттық қорларында сақталған батыс саяхатшыларының мәдени артефактілерінің бай коллекциясы, мемуарлары тарихымызды зерделеуге зор мүмкіндік береді. Мәселен, Будапештегі Этнография музейінің қорында ХІХ ғасырдағы венгр саяхатшысы Джордж Алмашидің жинағандары сақталған. Сол қазақ экспонаттарының ішінде зергерлік, теріден, ағаштан жасалған бұйымдар, ат әбзелдері, кестелі дүниелер бар. Ең бастысы, біздің ғылым үшін белгісіз болып келген экспонаттар да табылады. Әсіресе, қыпшақ мәдениетіне қатысты жәдігерлердің құны өлшеусіз.
Швейцарлық саяхатшы Анри Мозердің (1844–1923 жылдар) мұрағаттық қорындағы шығыс жазбалары, фотосуреттер, этнографиялық және нумизматикалық артефактілер қазақ халқының тарихы мен мәдениетін зерттеуге ғана емес, Қазақстанның шығыс елдерімен өзара қарым-қатынасы болғанын нақты деректермен дәйектей алатындығымен құнды. Ол өмір бойы өз саяхаттарында коллекцияларын толықтырып қана қоймай, Орталық Азияның да тарихы мен мәдениетін зерттеген. 1914 жылы ол бар жиып-терген жеке байлығын Берн қаласындағы Тарихи музейге тапсырады және ол қазірге дейін сақтаулы тұр. Бұл тарихи жәдігерлердің әрқайсысы жеке зерттеуге, суреттеуге, ғылыми қорытындылар жасауға тұрарлық.
Соңғы жылдары бұрын жарияланбаған талай мұрағаттық материалдар, шығыс қолжазбалары табылды. Шетелдік кітапханалар мен музейлерде, мұрағаттарда сақталған жазба деректерге кешенді зерттеулер жүргізілді, ғылыми аудармалар мен сараптамалар жасалды.
Достарыңызбен бөлісу: |