Температураны тұрақтандыру үшін қолданылатын аппараттар.
Термостаттар – тұйықталған көлемде температураны белгілі бір деңгейде ұстап тұратын аппарат. Лабораториялық жабдықтардың ішінде алатын орны ерекше. Термостат ыстық-суықтан жақсы қорғалған цилиндр, куб пішінді ыдыс. Алғашқыда микробиология саласында, артынан биохимиялық және т.б. зерттеулерде қолданыла бастады. Жоғарғы температураны ұстау үшін және төменгі температураны ұстау үшін немесе креостат деп аталатын түрлері бар. Жылулықты ұстағыш заттарына байланысты құрғақ ауалы және сұйықты деп бөлінеді.
Сұйықты термостаттардың бөлінуі:
-
төменгі температуралы, оған мысал ретінде спиртті термостаттарды келтіруге болады. Онда температура -60 - + 10ºС аралығында болады. Сондай-ақ сулы термостаттарда температура +10 - +95ºС аралығында болады.
-
жоғарғы температуралы, оған мысал майлы (температура 100-130ºС), тұзды және селитрлі (температура 300-500ºС)
-
құрғақ ауалы термостаттарда температура 300ºС және одан да жоғары болады.
Термостаттардағы температураның тұрақтылығы термореттеушілер, контакты термометрлер, қарсылық термометрлері арқылы қамтамасыз етіледі.
Фазаның алмасуы арқылы реттелетін термометрлерде қыздырушы термоэлементтер немесе суытатын жабдық болады. Онда жылулық немесе суықтық тасымалдаушы зат белгілі бір температурадағы қыздырғыш немеесе тоңазытқыш арқылы өткеннен кейін сол температура термореттеушінің немесе контакты термометрдің бақылауына алынады.
Қазірде шығарылатын термостаттарда бұл процесс автоматтандырылған. Термостаттардың типтеріне байланысты олардағы температура 0,1-0,5ºС дәлдік мөлшерінде беріледі..
Ультратермостаттардың камераларының көлемі кішкене, қуатты, температураның тұрақтылығы жоғарғы дәлдікте, реттеуші приборлары жақсы жетілдірілген.
Бірталай зерттеулерде батырылатын термостаттарды пайдаланады. Оларды да қыздырғыштары, термореттеушілері және араластырғыштары бар. Оларды температурасын реттейтін сұйыққа батырып қояды.
Преципитация, коагуляция процессерінің реакциялары үшін қабырғалары мөлдір термостаттар қолданылады.
Арнайы термостаттарға жататындар: термостар, Дъюар ыдысы, термобанна «ТБ-110». Олар төбесінен ашылады. Ол штативтерді, пробиркаларымен кронштейндерді және басқа да сұйықтармен толтырылған ыдыстарды орналастыруға өте қолайлы.
Термостаттармен жұмыс істегенде электрприборларымен жұмыс істегендегідей қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн.
Термостаттардың ішкі жылтыр қабырғаларын тазалықта ұстайды. Оны коррозиядан және ластанудан сақтайды.
Өлшегіш аппаратуралар.
Өлшеу – лабораториялық анализдерде жиі қолданылатын көмекші процедура. Сондықтан да лабораториялық приборлардың ішінде ең көп тарағаны заттардың массасын анықтау үшін пайдаланылатын таразылар.
Таразы – дененің массасын оған әсер ететін салмақ күші арқылы анықтайтын прибор. Дененің массасы немесе бірлік ретінде алынған массамен салыстыру арқылы, немесе дененің жерге тартылу күшін анықтау арқылы, немесе қосалқы түрде электрмен өлшеу арқылы анықталады.
Жұмыс істеу принципіне қарай иықты және пружиналы болып бөлінеді. Иықты таразылар көбірек тараған. Олар иық жүйелерінен және тірегіштен тұрады. Тірегіш ретінде призма және жастық деген қосымша құралдар қолданылады. Олар жуықтап өлшеу үшін болаттан, ал дәлдікпен өлшеу үшін Агата-тасынан, Корундадан жасалады.
Иықты таразылар тең иықты және әртүрлі иықты болып бөлінеді. Тең иықты таразыларда тірегіш тура ортасына, ал әртүрлі иықты таразыларда орталықтан бір жағына қарай ауытқып орналастырылады. Мұнда иықтардың теңдік заңы қолданылған. Өлшеу жүкті гир тастары арқылы теңестірумен іске асырылады. Соңғы кезде кейбір жағдайларда таразыны тепе-теңдікке келтіру үшін электронды жабдықтар пайдаланылуда.
Өлшеу дәлдігіне қарай таразылардың түрлері:
-
добалмен өлшеу үшін (дәлдігі 1 г-ға дейін);
-
дәлдікпен өлшеу үшін (дәлдігі 10 мг-ға дейін);
-
өте дәлдікпен – аналитикалық өлшеу үшін, олар бірнеше түрлерге бөлінеді:
-
аналитикалық химиялық (дәлдігі 0,1-1,0 мг). Оған мысал ретінде 200 г-ға дейін өлшеуге болатын АДВ типті немесе аналитикалық жартылай автоматтық – ВАО- 200 типті таразыларды келтіруге болады;
-
аналитикалық жартылай микрохимиялық (дәлдігі 0,01-0,05 мг), микрошкаласы бар, 20 г-ға дейін өлшеуге болатын таразы;
-
аналитикалық ультрахимиялық (дәлдігі 0,001-0,05 мг). Олардың ішінде арнайы пробиркалық (дәлдігі 0,004 мг) және бір тарелкалық – жартылай автоматты, жылдам өлшеуге арналған таразылар;
-
электронды – ЭМ-І типті таразы.
Өте аз мөлшерді жылдам және дәл өлшеу үшін торзионды немесе айналдырмалы таразылар қолданылады. Олардың сезімтал элементтері ретінде серпімді жіпше немесе спиралды серппе қолданылады.
Таразылардың барлық типтеріне ортақ сипаттама:
-
Олардың метрологиялық көрсеткіштерін бұзбай жоғарғы өлшеу салмағы;
-
Шкаланың әрбір бөлігі белгілі бір массаға дәл келеді;
-
Өлшенетін заттың нақтылы салмағы мен бір рет өлшеу нәтижесінің арасындағы мүмкін болатын айырмашылық;
-
Бір затты бірнеше рет өлшегенде мүмкін болатын айырмашылықтың жоғарғы көрсеткіші.
ТМД елдерінде, оның ішінде Қазақстанда өлшеу және масса бірлігін тағайындауға арналған нұсқау бойынша гирлердің төмендегідей массалары белгіленген: 20, 10, 5, 2, 1 кг; 500, 200, 100, 50, 20, 10,5, 2,1 г; 500, 200, 100, 50, 20, 10, 5, 2, 1 мг.
Гирелрдің әртүрлі салмақтары жинақталып набор ретінде шығарылады. Дәл өлшеу үшін қолданылатын 500 граммнан 1 граммға дейінгі салмақтағы гирлер мыс құймасынан немесе тотықпайтын болаттан қиылған конус түрінде дайындалады. 500 мг-нан 1 мг-ға дейінгі салмақтағы гирлер аллюминийден, никельден, нейзельберден немесе платинадан бұрышы майыстырылған тік бұрышты пластинка ретінде шығарылады.
Приборлардың көрсеткіштерінің дұрыстығын өлшеу стандарт Комитеті екі жылда бір рет тексеріп, клейма қойып отырады.
Аналитикалық және І класс техникалық таразылар тіреуіштері тұрақты қабырғаға бекітілген арнайы сөрелерге орналастырылады. Оның ішінде аналитикалық таразыларға ерекше талап қойылады. Олар жылу батареясына жақын болмауы керек, тікелей күн сәулесінің түспеуін қадағалайды, сөре тіреуіштерін сыртқы қабырғаға орнатпау керек, себебі температура айырмашылығы салмақ көрсеткішіне әсер етеді. Таразыларды вибрациядан қорғау мақсатында оларды қалың мрамор плиталарына орналастырады. Арнайы өлшеу бөлмесі болғанда бұл мәселелер оңай шешіледі, бірақ барлық шаруашылық жағдайларда ондай мүмкіншіліктер бола бермейді. Оларды жалпы бөлмелерде орналастырғанда ол бөлмеде концентратты қышқылдардың болмауын қадағалау керек, олар таразы бөлшектерінің коррозияға ұшырауына апарып соғады.
Таразы платформаларының, көп жағдайларда, олардың деңгейін реттеу үшін қолданылатын, бұралып қосылатын аяқтары болады. Жаңа алынған таразыларды жинау кезінде олардың бөлшектеріндегі арнайы белгілеріне – номерлеріне көңіл аудару керек.
І-ші классты техникалық және аналитикалық таразыларда өлшеу жұмысы ауа ағымынан қорғайтын, есігі жабық витринаның ішінде жүргізіледі. Өлшеу алдында таразының деңгейінің дұрыстығына көз жеткізір алу керек.
4 -ші кесте
Әртүрлі типті таразыларды сипаттайтын негізгі көрсеткіштер
Таразылардың типтері
|
Жүктің жоғарғы деңгейі
|
Қателік мөлшері
|
Аналитикалық
|
200 г
|
1,0 – 0,1 мг
|
Микроаналитикалық
|
20 г
|
0,1 – 0,01 мг
|
Пробиркалық
|
2 г
|
0,02 – 0,004 мг
|
Торзиондық
|
20 мг – 1 г
|
0,05 – 0,1 мг
|
Таразылармен жұмыс істегенде төмендегідей ережелерді сақтау керек:
-
Таразылармен, әсіресе аналитикалық таразылармен жұмыс істегенде өте сақтық керек. Оларды бір орыннан екінші орынға оған себепсіз жылжыта беруге болмайды;
-
Олар әрқашанда таза тұруы керек. Өлшеу алдында олардың тарелкаларын тазалап сүртіп отыру қажет;
-
Өлшеу үшін затты бірден таразының тарелкасына салмай, арнайы ыдыс қолдану керек;
-
Таразының жанында өлшенетін заттың қосымша бөліктері тұруы шарт;
-
Иісі бар және улы заттарды өлшеу процессін тек сору шкафы бар орындарда жүргізеді;
-
Аналитикалық таразыларда ашық ыдыстарда йодты; аммиакты; азот, тұз, сірке қышқылдарын; үш-бес хлорлы фосфорды; ұшқыш заттарды өлшеуге болмайды;
-
Әртүрлі салмақты гирлермен, әсіресе аналитикалық, қатынаста сақтық керек. Оларды тек пинцетпен ғана алуға болады;
-
Оларды қолдана салысымен өз орындарына жинап қояды, таразы тарелкасында қалдыруға болмайды;
-
Аналитикалық таразылар мамандармен ауық-ауық тексеріліп отыруы қажет. Күрделі бұзылыстарды өздігінен жөндеуге болмайды.
Центрифуга аппараттары.
Центрифуга – орталықтан тебілетін күшті туғызу арқылы әртүрлі тығыздықтағы күрделі қоспаны құрам бөліктеріне бөлу үшін қолданылатын аппарат.
Ең бірінші центрифуга сүттен қаймақты ажырату үшін 1887 ж. Германияда істеп шығарылды. Осыдан бастап центрифуга лабораториялардың ең қажетті аппаратына айналды.
Оптикалық жүйелі аналитикалық центрифуганы 1922 ж. шведтің физиохимигі Т.Свердверг ойлап шығарды.
Центрифугалар лабораториялық тәжірибеде, авиацияда, медицина мен ветеринария кеңінен қолданылады.
Лабораториялық центрифугалар ауруларды анықтау барысында биологиялық сұйықтарды олардың әртүрлі фракцияларына бөлуге бейімделген. Мысалы, компоненттерін бөлу олардың химиялық құрамын, құрылысын, молекулалық массасын анықтауды жеңілдетеді.
Центрифуга ротордан, қосатын жүйеден, корпустан, жұмыс камерасынан және басқару жүйесінен тұрады. Қосатын жүйе қолмен немесе электр арқылы іске асырылады. Оның негізгі қызметі – роторға айналу қозғалысын тудыру. Роторда зерттелетін зат ыдысымен орналастырылады. Жұмыс істеу принципі ротор айналғанда туындайтын ортадан тебілу күші зерттелетін заттың бөлшектерін тығыздығына байланысты ығыстырады.
Лабораториялық тәжірибеде жалпы (айналу жылдамдығы 6000-8000 айналым/мин.), жылдамдықты рефрижераторлық (айналу жылдамдығы 18000-25000 айналым/мин.) және ультра центрифугалар (айналу жылдамдығы 75000-80000 айналым/мин.) қолданылады.
Центрифугалардың жалпы түрі өте көп. Оның ішінде қолмен айнадыратын центрифуга массасы 1 кг және жерге орнатылатын өзінің мұздатқышы мен бірнеше ротордан тұратын ауыр центрифугалар бар. Кейбірінің айналымы 20000 айналым/минутқа дейін жетеді.
Жылдамдықты рефрижераторлық центрифугалар жерге орнатылады, мұздатқыш агрегаты, қуатты электр қозғағыш және вакуум құрылысы бар. Оларды белгілі бір температурада липопротеидтердің, вирустардың, бактериялардың, торшаорганоидтарын, жоғарғы молекулалы органикалық және органикалық емес полимерлердің ұсақ бөлшектерін бөлу үшін қолданады.
Ультрацентрифугалар аналитикалық және препаративтік болып бөлінеді. Аналитикалық центрифугалар макромолекулалардың молекулалық массасының тазалығын және құрылысын зерттеу үшін, ал препаративті центрифугалар үлкен көлемдегі заттардан белокты, нуклеин қышқылдарын, қанттарды бөлу үшін қолданылады.
Препаративтік ультрацентрифуганың топтамасына 40 ауыстырылып отыратын роторлар кіреді. Оның жүйелерінде: қосатын жүйе, қозғалтқышты суытқыш, майлы, вакуумды температураны тұрақтандырғыштар және ротор бар. Оның жұмысының қалыптылығын микропроцессор немесе ЭВМ қамтамасыз етеді.
Центрифугаларда қоланылатын роторлар мықтылығы жоғары және коррозияға төзімді титан немесе алюминий қоспаларынан дайындалады. Зерттелетін заттар арнайы пробиркалар немесе ыдыстарға құйылып барып центрифугаға орналастырылады. Олар мықтылығы жоғары шынылардан және тотықпайтын болаттардан, полимерлердің кейбір түрлерінен (полиэтилен, целлюлоза нитраты, поликарбонат жәнет.б.) жасалады.
Пайдалануға қолайлы болу үшін көптеген центрифугалар қосқыш реостатпен қамтамасыз етілген. Ол арқылы айналым жәй басталады және оның жылдамдығы реттеліп отырады. Ереже бойынша айналымды жылдамдату және бәсеңдету біртіндеп іске асырылады. Бірден қатты жылдамдық бергенде ыдыстағы сұйықтың төгілуі және центрифуганың істен шығуы мүмкін. Қазіргі кездегі центрифугалар сағат механизмімен қамтамасыз етілген, сол арқылы автоматты түрде қосу және тоқтату процесстері іске асады. Көптеген үлкен массалы центрифугалар автоматты тежегіштермен жабдықталған. Соның арқасында аппаратты тоқтан алғаннан кейін тоқтау уақыты қысқарады. Мысалы, үлкен роторлы центрифугалар тоқтан алғаннан кейін, егер тежегіш жоқ болса, онда ол 15-30минуттан кейін барып тоқтайды, ал тежеуіш болғанда ол уақыт бірнеше есе қысқарады. Тежегіш жұмысқа автоматты түрде қосылады.
Центрифугалардың жұмыс уақытын ұзарту және олармен жұмыс істегенде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін төмендегі нұсқауларды сақтау қажет:
-
Центрифуганың айналымын жұмысқа біртіндеп, жәй қосу керек;
-
Қорғаныс қақпағы барлық уақытта да жабық болуы керек;
-
Сұйық құйылған пробиркалар екі-екіден, қарсы ұяға диаметрлі түрде тепе-теңдікте орналастырылады;
-
Центрифугада діріл пайда болғанда оны тоқтатады, себебін жояды. Ондай діріл пробиркалардың салмағы тең болмағанда, диаметралды орналаспағанда немесе біреуі сынғанда болады;
-
Барлық шыны ыдыстардың астында амортизациялық қабат болуы шарт. Сондай-ақ гильзалар мен стақандарда шыны сынығының болмауын қадағалау керек.
-
Центрифуганың барлық үйкеліске қатысатын беттерін үнемі қадағалап, уақытында майлап отыру керек. Майдың түрі нұсқауда көрсетіледі.
Лабораториялық тәжірибеде центрифугаға арналған шыны пробиркалар жиі пайдаланылады. Центрифуга кезінде олардың түбіне көп салмақ түсетінін ескеру керек. Оның астына резинадан немесе басқа жұмсақ материалдан жасалған төсеніш қабат салады.
Центрифугамен жұмыс істейтін кісіні арнайы дайындаудың қажеті жоқ. Тек дірілдің пайда болу себебін біліп, соны уақытында ескерсе болғаны. Ол үшін зерттелетін зат бар пробиркаларды центрафуж таразыларында өлшеуге де болады. Роторларды ауыстырғанда оларды соғылыстан, қышқыл мен сілтілердің әсерлерінен сақтаған жөн. Қауіпсіздік техникасын дұрыс сақтамау апатқа ұшыратуы мүмкін.
Жылдамдық рефрижераторлық және ультра центрифугаларда қорғаныс құралдары қарастырылған, ротордың жұмыс камерасының бронды қорғаныс қабаты бар.
Лабораториялық центрифугаларды сақтау шараларын арнайы нұсқаулар бойынша инженер техниктер жүргізеді. Центрифугаларды ұзақ уақыт сақтау керек болса оларды консервациялайды.
5-ші кесте
Центрифугалардың түрлері және олардың көрсеткіштері
Аттары және белгілері
|
Айналым минутына
|
Масса
Кг
|
Конструкциясындағы
Ерекшеліктері
|
Лабораторлық үстелдік – ЦЛН-2
|
3000 -6000
|
8
|
Роторы бұрышты типті
|
Бұрышты аз көлемді ЦУМ-1
|
2000 - 8000
|
16
|
Екі бұрышты ротор, электр сағат,тежегіш
|
Клиникалық лабораториялық ЦЛК-1
|
1000,1500, 3000
|
14
|
Крест түрлі ротор
|
Лабораториялық стационарлық – ЦЛС – 3
|
3000 - 6000
|
90
|
Бұрышты ротор, крест түрлі ротор, электр сағаты,автом. тежегіш
|
Лабораториялық стационарлық – ЦЛС-31М
|
3000 - 18000
|
120
|
Электр тахометрі, электр сағаты, автом.тежегіш
|
Лабораториялық рефрижераторлық – ЦЛР-1
|
1000-6000
3000-18000
|
350
|
Крест.ротор, екі бұрышт ротор,электр сағаты, ГХ автоматты тежегіш, 0+4ºС диапазонды суытқыш
|
Рефрижераторлық вакуумды ЦВР-1
|
20000-га дейн
|
375
|
Бұрышты ротор,электр сағаты, автом.тежегіш,-10+10ºС фреонды суытқыш,вакуум насос
|
Препаративті ультрацентрифуга УЦП-1М
|
35000-50000
|
500
|
Екі ротор, температура -4 +20ºС аралығында
|
Ультрацентрифуга УЦА-1
|
45000-65000
|
1700
|
Т -25 +25ºС аралығында
|
Өндірістік центрифугалардың лабораториялық центрифугалардан айырмашылығы олардың көлемі үлкен және роторларының құрылысы күрделі болып келеді. Олар химико-фармацевтикалық, микробиологиялық, химиялық, тамақ өнеркәсібінде, тау-кен өндірістерінде және т.б. өндіріс салаларында пайдаланылады.
Іздеген затты табу, оны ұқсастыру және өлшеу параметрлерін
алу үшін қолданылатын аппараттар.
Микроскоп – объектілердің немесе бөлшектердің кәдімгі көзге көрінбейтін құрылыстарының үлкейтілген кескінін алу үшін қолданылатын оптикалық прибор. Биология, ветеринария, медицина және басқа да салаларда жиі қолданылады, кең тараған.
Екі линзадан тұратын жүйенің заттардың кескінін ұлғайтатыны XVI ғасырда Нидерланды, Солтүстік Италия көзілдірік шеберлеріне белгілі болған. Микоскоп тәрізді приборды 1590 ж. Нидерландыда Янсеннің шығарғаны туралы деректер бар. Бастапқыда қарапайым, бір объективтен ғана тұратын микроскоп болған. Артынан күрделілендіріліп оған окуляр қосылған. 1609-1610 жж. Галилей өзінің трубасындағы объектив пен окулярдың ара қашықтығын өзгерте отырып, оны микроскоп ретінде қолданған. Содан бастап микроскоп тез тарап, жетілдіріле бастайды.
Приборға «микроскоп» деген терминді 1625 ж. Рим академиясының мүшесі И.Фабер ұсынған.
Микроскопты қолданумен биология саласындағы алғашқы ғылыми-зерттеу табыстары Гуктың еншісінде. Ол 1665 жылдары бірінші рет өсімдік торшасының құрылысын сипаттап жазды. 1673-1677 жж. А.Левенгук микроскопты қолдана отырып еркек жыныс торшаларын, әртүрлі қарапайымдыларды, сүйектің құрылысын тауып, олардың сүреттерін салды.
Қазірде микробиологиялық объектілерді зерттеу үшін микроскоптың әртүрлі моделдері пайдаланылады. Олардың ішінде кең тарағандары: МБИ-1, МБИ-3, МБР-3, МВД. Барлық микроскоптардың құрылысында механикалық бөлігі мен оптикалық жүйені ажыратуға болады.
Биологиялық микроскоп таға тәріздес, салмақты штативке бекітіледі. Негізі тіреуішпен қамтамасыз етілген, оның ішінде микромеханизмі орналастырылған. Микорскоптың тубусын қозғайтын макро- және микровинтер, объективтерге арналған револьер, тубустарды ауыстыру үшін жоғарғы жағында ұя, визуалды зерттеуге арналған бинокуляр, сүретке түсіруге арналған монокуляр қондырғылары бар.
Микорскоптың зат қоятын үстелі ондағы препаратты қарама-қарсы бағытта қозғайтын жабдықпен қамтамасыз етілген. Айна арқылы шағылысқан жарық сәулесі конденсор арқылы жиналады. Конденсор металл қорабтағы бірнеше линзалардан тұрады. Конденсордың жарықтық күші (апертура) линзалардың санына байланысты. Байқау әдістеріне байланысты конденсордың жарық, ашық, қисық, фазды контрасты жазықтар беретін түрлері қоланылады. Айна мен конденсордың арасында конденсордың апертурасын реттейтін иристі диафрагма бар. Ондай диафрагма конденсордың линзаларының аралығында орналасуы да мүмкін.
Микроскоптың негізгі оптикалық элементі объектив. Ол зерттелетін объектінің үлкейтілген және төңкерілген кескінін береді. Объектив - бірімен бірі ортақтастырылған линзалардың жүйесі. Объективке ең жақын орналасқан линза фронтальды линза, ал қалғандары коррекциялық линазалар деп аталады. Объективтегі кескінді оптикалық жүйе – окуляр арқылы көреміз.
Микроскоптарға жарық көзі ретінде әртүрлі лампалар – қыздыру, сынап-кварц лампалары пайдаланылады. Препарат арқылы өтетін жарық көзі препараттың астынан түседі, ал шағылыстыру арқылы зерттегенде - үстінен немесе жанынан түседі. МБИ-6, МБИ-15 микроскоптарында арнайы жарықтандырғыш жүйе микроскоптың конструкциясының құрамына кіреді. Басқа жағдайларда өндірісте шығарылатын жарықтандырғыштардың әртүрлімаркалары пайдаланылады. Объективтер 6,3-100 есе, ал окулярлар - 7 -15 есе үлкейтеді. Жалпы микроскоптың үлкейту мүмкіншілігі 44-150 есе.
Биологиялық микроскоптан басқа стереоскопиялық, жанасымды, қара жазықты, фазды-жанасымды, интерференциялық, ультракүлгіндік, инфрақызылдық, поляризациялық, люминесценттік, рентгендік, көшірмелік, телевизиялық, голографикалық, салыстырмалы түрлері бар.
Қара жазықты микроскопта қара жазық арнайы конденсор арқылы немесе кәдімгі конденсордың орталық тұсын қара қағазбен жабу арқылы іске асырылады. Айырмашылығы жарық максимум, диафрагма толық ашылады және жарықтандыру реостаты іске қосылады. Зерттелетін препараттар таза белгілі бір қалыңдықтағы зат және жабылғы шыныларды пайдалану арқылы дайындалады. Зат шынысының қалыңдығы 1,2 мм-ден, ал жабылғы шынының қалыңдығы 0,17 мм-ден аспауы керек. Препарат тамшыны мыжу әдісімен дайындалады. Препарат пен конденсордың арасына иммерция майын орналастырады. Ары қарай конденсордың винттері арқылы объектіні тауып, жазықтың орта тұсына орналастырады да, тиісті үлкейткішпен зерттеуге кіріседі.
Фазалық-контрасты және аноптральды микроскоптар арқылы түссіз, мөлдір, опикалық жағынан бір-бірінен айырмашылықтары аз заттарды алдын ала өңдеусіз-ақ тексеруге болады.
Түссіз біркелкі заттарда жарық толқынының таралуы оның интенсивтігіне әсер етпейді, тек жарықтың өту жылдамдығы қоршаған ортадағы жылдамыдығынан жоғары болады. Оның аз-кем болуы препараттағы жарықтың шағылуының аз-кемдігіне тікелей байланысты. Бұл өзгерістер фазалық өзгерістер деп аталады. Биологиялық объектілерге (тірі торшалар, тіндердің кесінділері және т.б.) олардан өтетін жарықтың тек фазалық толқынының өзгеруі тән. Адамның көздері боялған препараттар арқылы өткен, толқу амплидудасы өзгерген жарықтың ғана интенсивтігін анықтай алады, ал жарықтың фазалы өзгерістерін қабылдай алмайды. Сондықтан түссіз объектілер кәдімгі микроскоптармен зерттегенде көрінбейді. Оны көру үшін Зерниктің ұсынған арнайы конденсор жабдығын пайдаланған жөн. Онда жарық толқынының фазалық өзгерістері интенсивтік өзгерістерге айналады да объект көзге көрінеді.
Фазалық контрасты әдіспен жұмыс істегенде кәдімгі биологиялық микроскоптан басқа арнайы жабдық керек. Ол үшін конденсор мен объективті фазалық конденсормен ауыстырады да, револьвер дискісін нольге қояды. Микроскоп үстеліне препаратты қойып, фокусын анықтап, жарықты түзейді. Мұндай әдісте Келлер әдісі бойынша анықталған оптималды жарықтық болу қажет. Лампаның қызуын реостат арқылы, микроскоп жазығындағы жарықты диафрагма арқылы реттеп отырады. Револьвер дискісінің көрсеткішін объектив көрсеткішімен дәлдестіреді. Окулярдың орнына қосымша микроскопты қосып, оның жұмысын екі сақинаны біріктіру арқылы реттейді. Ендігі кезекте қосымша микроскопты окулярмен ауыстырады да зерттеуге кіріседі.
Фазалы контрасты әдістің жетілдірілген түрі ретінде аноптральды контрасты әдіс ұсынылған. Оның фазалы-контрасты түрінен көп айырмашылығы жоқ. Ерекшелігі объективінің мүмкіншілігінің жоғары болуында және боялмаған препаратта тығыздығының оптикалық айырмашылығының минималды көрсеткішін анықтауға мүмкіндігі. Неғұрлым объектінің тығыздығы жоғары болса, солғұрлым оның кескіні жарығырақ көрінеді.
Люминесцентті микроскопты қолдану. Люминесценттік (флюоресценттік) дегеніміз кейбір заттардың оған түскен жарықтың әсерінен толқыны басқа (көбінесе ұзын) сәулені бөліп шығаруы.
Кәдімгі жарықта белгілі бір түсі бар заттар ультракүлгін сәулесімен әсер еткенде басқа түске айналады. Ультракүлгін сәулесінде көзге көрінбейтін объект флюоресцентті сәуленің әсерінен анық көрінетін болады. Ондай объект қараңғы фонда әртүрлі түспен көрінеді, сондықтан флюоресцентті микроскоппен қараңғы жерде жұмыс істеген қолайлы.
Көзге көрінетін сәуледе фрюоресценттік микроскоптың жабдығы өте жарық жарық көзінен және биологиялық микроскоптан тұрады. Микроскоптың айнасымен жарық көзінің арасына көк-сия түсті жарық фильтрі (УФС-3, ФС-1 және т.б.) орналастырылады. Сары жарық фильтрін (ЖС-3 немесе ЖС-1) микроскоптың окулярына кигізеді. Осы жарық фильтрлері арқылы препаратқа түскен көк-сия түсті жарық люминесцентті қоздырады. Бірақ бұл жарық қозған люминесцентті көруге кедергі жасайды, сондықтан сары жарық фильтрі қолданылады.
Жабдықты жарықтандыру Келлер әдісімен іске асырылады, тек конденсордың диафрагмасы толық ашық болуы керек. Флюоресценттік қасиеті жоқ иммерсия майын қолданудың маңызы өте зор. Кедр немесе басқа иммерсия майына өзіндік флюоресценттік қасиетін жою үшін 1 грамына 2-10 тамшы нитробензол қосады.
Люминесцентті микроскоптың артықшылығы:
-
түрлі-түсті кескінді беру;
-
қара фонда өздігінен сәулеленетін объектінің жоғарғы деңгейдегі контрастылығы;
-
мөлдір және мөлдір емес тірі объектілерді зерттеу мүмкіншілігі;
-
әртүрлі өмір процессін даму сатысында зерттеу мүмкіншілігі;
-
кейбір микроорганизмдер мен вирустардың шоғырларын анықтау;
-
цито-гистохимиялық және экспресс диагностикалық жетілдірілген әдістерді дамыту.
Кәдімгі көзге нашар көрінетін детальдар мен объектілерді аздап үлкейтіп қарау үшін үлкейтетін оптикалық прибор – лупа қолданылады.
Лупалардың қарапайым түрі бір, екі немесе бір-бірімен желімделген бірнеше линзалардан тұрады. Күрделі түрі – бір-бірінен белгілі бір қашықтықта бекітілген линзалар мен призмалардың жүйесі. Қарапайым түрі 1,25-3 есе, ал күрделі түрі 40 есе үлкейтеді.
Лупалар қолданылуына қарай тұқымдық (4х), өлшегіш (10-16х), фотопленканы, слайдты қарау үшін (6х), қалталық (жинақталатын), қарапайым (2,5х, 4х, 6х) және күрделі (6х, 10х, 20х), тоқыма саласы үшін штативті (4х, 7х), материалды бөлшектеу үшін (40-80х) және телескопиялық болып жіктеледі.
Лупалар медицина мен ветеринария салаларында офтальмологияда, оториноларингологияда, хирургияда, лабораториялық істе және т.б. кеңінен қолданылады.
Микроскоптармен жұмыс істеудің жалпы ережесі:
-
микроскопты пайдалану туралы нұсқауды қатаң сақтау;
-
оның тазалығын үнемі қадағалап отыру;
-
жарықты дұрыс пайдалану;
-
әрбір нақтылы жағдайда оптикалық жүйенің ең ұтымды вариантын таңдай білу (окуляр-объектив-конденсор).
Микорсопты шаң-тозаңнан сақтау үшін оны жабық жерде, қапшықта, шыны қалпақтың астында ұстайды. Ауық-ауық оптикалық жүйенің тазалығын тексеріп, тек сыртынан ғана сүртіп отырады. Ол үшін шашты қылқаламды, жұмсақ материалды сумен немесе спиртпен ылғалдап пайдаланады. Мақта, малілерді қолдануға болмайды, себебі олардың оптикада қалған талшықтары зерттеу жұмысына кедергі жасайды. Бензин, ксилолды да пайдалануға болмайды, олар линзалардың желімін ашып жіберуі мүмкін. Олармен прибордың механикалық үйкелістегі бөліктерін сүртіп, маймен майлайды.
Микроскоп жылына бір рет шебер-оптикпен қаралып, керек болған жағдайда жөндеуден өткізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |