Тақырыбы: Ауыл шаруашылық малдарын сұрыптау Сабақтың мақсаты: Малды сұрыптау, жаңа будандарды шығаруды теориялық тұрғыдан түсіндіру
Жоспары: Сұрыптау ұғымына түсінік
Сұрыптауға байланысты зоотехниялық ұйымдастыру шаралары
Сұрыптау ұғымына түсінік
Сұрыптау, таңдау – жалпы тұрғыдан алғанда адамға ежелден түсінікті ұғым. Тіпті сонау басында аңшылықпен айналысқан кездің өзінде тағы хайуандарды адам өзінің бір талғамы бойынша атқан. Сол сияқты хайуанаттарды қолға үйреткен кезеңде де адам белгілі бір талғамды басшылыққа алғаны сөзсіз. Сұрыптаудың ғылыми теориясының негізін қалаушы Ч. Дарвин (1809–1882 ж.ж.) болды. Ол органикалық дүниенің эволюциялық дамуына, тірі ағзаның жаңа түрлерінің, жаңа тұқымдық топтардың пайда болуында сұрыптаудың шешуші рөлі барын анықтады. Ч.Дарвин сұрыптау, тұқым қуалаушылық және өзгергіштік біріге отырып, эволюцияның негізгі қорғаушы күшін құрайтындығын дәлелдеді.
Ч. Дарвин сұрыптауды негізінен екі түрге бөлді: табиғи сұрыптау және қолдан сұрыптау.
Табиғи сұрыптау – деп ағзаның тіршілік ортасына бейімделу ерекшеліктерінің кейбір жеке артықшылықтарының арқасында тіршілік үшін күресте тірі қалып, ұрпақ қалдыруын айтамыз. Табиғи сұрыптау табиғат күштері ықпалымен өтеді.
Қолдан сұрыптау – деп адам өзіне ұнаған малдарды жеке іріктеп алып өсіруді айтады.
Сонымен қолдан сұрыптауды үй малдары ішінде тікелей адам өзі жүргізеді. Бұдан жануарлар мен өсімдіктер селекциясын адам өз қолына алысымен, табиғат өз жайында қалады деген жалған ұғым тумау керек. Табиғи сұрыптау үй жануарларының ішінде де жүреді. Адам оның ықпалын бір арнаға түсіріп, қажетті бағытқа бұрып отырады, өзінің қалауына қарай табиғи сұрыптаудың әсерін күшейтіп, немесе бәсеңдетіп отырады.
Табиғи сұрыптау мен қолдан сұрыптаудың бір-бірімен ұқсастығы да, айырмашылығы да және байланыстылығы да бар. Селекционер мұны өзінің мал тұқымын асылдандыру жұмысында ескеріп, басшылыққа алуы керек.
Табиғи және қолдан сұрыптау аралығындағы негізгі ұқсастық – олардың әсерлеріне шығармашылық сипаттың тәндігі. Табиғи сұрыптау түбінде жаңа түр шығарса, қолдан сұрыптау арқылы жаңа мал тұқымы шығарылады.
Қолдан сұрыптау алға қойған мақсат пен нәтижесіне қарай негізінен үш түрге бөлінеді:
1) Қорғаушы;
2) Дизруптивті (бөлшектеуші, жіктеуші);
3) Тұрақтандырушы.
Қозғаушы сұрыптау. Табында бұрын қалыптасқан өнімдік белгілер мен қасиеттерінің орташа мәнін өзгертуге бағытталған сұрыптауды қозғаушы сұрыптау деп атаймыз. Сұрыптаудың бұл формасы арқылы малдың шаруашылыққа бұрыннан құнды қасиеттерін одан әрі дамытып, жаңа, тиімді қасиеттерін нығайтады. Бұл үшін бірнеше ұрпақ бойы өнімдік қасиеттері табынның орта көрсеткішінен жоғары болатын құнды малды өсіріп отырады. Осының нәтижесінде бірнеше ұрпақтан кейін өнімдік (фенотиптік) және тұқымдық (генотиптік) қасиеттері жағынан бұрынғы табыннан артық жаңа табын (популяция) шығарылады.
Қозғаушы сұрыптау – қолдан сұрыптаудың негізгі формасы, ол белгілі бір мал тұқымының, табынның, тұқымдық топтардың өнімдік және нәсілдік қасиеттерін жақсарту үшін қолданылады.
Дизруптивті (жіктеуші) сұрыптау. Популяцияда екі немесе одан да көп формалардың пайда болып, қатар тіршілік етуіне қолайлы әсер ететін сұрыптау формасын дизруптивті сұрыптау деп атаймыз. Сұрыптаудың бұл формасының әсерінен бір популяцияның ішінде екі немесе одан да көп формалар пайда болады.
Жіктеуші сұрыптауды қолданғанда шеткі оң (ең жоғары) және теріс (ең төмен) белгілері бар малды іріктеп, әсқайсысын жеке өсіріп, орташа өнім көрсеткіштері барларды бракқа шығарып отырады. Жіктеуші сұрыптау мал шаруашылығы тәжірибесінде сирек қолданылады. Жіктеуші сұрыптау ғылыми мекемелердің тәжірибе шаруашылықтарында ерекше қасиеті бойынша мамандандырылған мал тұқымдарын шығарғанда қолданылады. Мысалы, қысқа – тауықтар (аяғы өте қысқа) осы жолмен шығарылған.
Тұрақтандырушы сұрыптау. Популяцияда бұрын қалыптасқан белгілер мен қасиеттердің тұрақтылығын сақтауға бағытталған сұрыпталудың формасын тұрақтандырушы сұрыптау деп атаймыз. Сұрыпталудың бұл формасы орта жағдайы өзгергенге дейін қалыптасқан, тұрақталған белгілердің орташа мәнін сақтайды және күшейтеді. Фенотипінде ауытқулары бар мал сұрыптаудың бұл формасы арқылы популяциядан шығарылады.
Тұрақтандырушы сұрыптауды қолданғанда, табында нақтылы бір мал тұқымына тән өнімдік қасиеттері бар, яғни тек сол тұқымның ұнамды типіне лайықты малдарды өсіреді.
Қолдан сұрыптауды жүргізуді тәсілдеріне қарай жаппай жеке (фенотипі және генотипі бойынша), жанама, технологиялық деп те бөледі.
Жаппай сұрыптау – дегеніміз жекелеген малға, оның тек сырт түр-тұлғасына, өнімділігіне қарап, баға беріп, іріктеу, яғни малды тек фенотипі бойынша сұрыптау. Бұл сұрыптаудың шаруашылықта жиі қолданылатын, кең тараған түрі.
Жеке сұрыптау – дегеніміз малдың фенотипі мен генотипі (ата-тегі мен ұрпағының сапасын) қатар бағалап, іріктеу. Жеке сұрыптаудың жаппай сұрыптауға қарағанда нәтижелілігі жоғары. Бұл үшін шаруашылықта зоотехникалық есеп өз дәрежесінде жүргізілуге тиісті. Сондықтан жеке сұрыптау асыл тұқымды мал табындарында қолданылады.
Жанама сұрыптау – корреляция (байланысты өзгеріс) заңдылықтарына негізделген. Мал ағзасындағы әр түрлі морфологиялық, биохимиялық, физиологиялық құбылыстар сайып келгенде бір-бірімен тығыз байланыста болады. Сондықтан ағзаның кейбір ерекшеліктерінің өзгеруі, екінші басқа қасиеттерінің өзгеруін туғызады. Осындай жағдайда екі өзгеріс кейде бір бағытта, кейде қарама-қарсы бағытта жүреді. Әйтеуір ағзаның екі ерекшеліктері өзгерісінің арасында байланыс болса, біріне қарап екіншісін біршама нақтылы болжап анықтама беруге болады.
Технологиялық сұрыптау – дегеніміз өнеркәсіптік мал шаруашылығы технологиясына жақсы бейімделген малды өсіруге бағытталған, қолдан сұрыптаудың бір саласы. Технологиялық сұрыптаудың ағзаға әсері, табиғи сұрыпталу процесімен іспеттес, өнеркәсіптік мал кешендері технологиясының жаңа факторлары мен ауыл шаруашылығы малының арақатынасы негізінде жүреді. Мал шаруашылығы технологиясы жағдайында, тіршілік қабілеті және өнімділігі төмен болған генотиптер популяциядан шығып отырады да, тіршілік қабілеті және өнімділігі жоғары болатын генотиптерінің концентрациясы көбейеді.