Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1 Magiera, W. Syndycaty Dzennikarskie w 20-leciu. // Zeszity Prasoznawcze. Krakow. 1990. № 2–4 (124). S. 124–125.
2 http://www.ire.org.
3 Соколов В.С. Печать Народного фронта и прогрессивная французская литература. – Л., 1969.
4 Демократический журналист. 1991. № 1. С. 4.
5 Рагер Т. Как новая техника меняет облик ежедневной газеты. // «Neue Technologien und die Entwicklung der Medien in Russland und Deutschland» – «Новые технологии и развитие СМИ в России и Германии». Франкфурт-на-Майне. 1998. С. 139.
Тақырыпты бекітетін сұрақтар
1. Сұхбатты америкалықтар ойлап тапты деген кім?
2. «Майн Кампф» («Менің күресім») атты кітапты кім жазды?
3. 1990 жылдың басында ЖХҰ-ның халықаралық журналистік ортадағы қызметі не үшін төмендеді?
4. Қоршаған ортаны қорғауға байланысты партиялар мен ұйымдар басылымдарының ерекшелігі неде?
5. ХХ ғасырдағы Еуропа баспасөзінің саяси-идеологиялық бағыт қалай пайда болды?
6. Апталық жаңалықтар журналының концепциясын жасаған кім?
7. «Мatch» спорт апталығы қай басылымның үлгісімен шықты?
8. Ақысыз газет дегенді қалай түсінесің?
9. «Metro» газеті қайда, қашан шыға бастады?
10. Күнделікті «News Deutshland» газеті қай партияның органы?
11. Еуропадағы күнделікті газеттердің ерекшелігі неде?
1.4 Еуропадағы телевидение дамуы
Еуропадағы телевидениенің қалыптасу тарихы. Шетелдік телевизия тарихы өз қалыптасуында бірнеше кезеңді басынан өткізді. Алғашқысы, инженерлер мен телевизияны ойлап тапқандардың жұмысы сыналып, басты орынға тәжірибелік кезең шықты. Екінші кезеңде, қалыпты және күнделікті хабар таратудың негізі қаланып, бұқара арасында телеқабылдағыштарды тиімді тарату және ұйымдастырудың оңтайлы жолдары іздестірілді. Үшінші кезең - телеарнаның бұқаралық ақпарат құралдарында алып күш екенін мойындатып, мемлекетте бірнеше жалпы ұлттық телебағдарламаның эфирге шығуымен сипатталады. Төртінші кезеңде, бірнеше мемлекеттер спутниктік және кабельдік жүйені енгізіп, телеарналардың көбеюіне, яғни қазіргі кезеңге қадам басты. Бір кезде ортақ болған телеаудитория өз талғамына қарай жіктелді. «Теледидар» терминін 1900 жылы Париждегі ғылыми конференцияда петербургтік радиоинженер Константин Дмитриевич Перский енгізді. Бұл термин де теледидардың пайда болу идеясы сияқты ертеде туған болатын.
Ұлыбритания, Франция, Германия елдеріңдегі екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы 1920-1930 жылдары әлем елдерінде бейнені қашықтықтан көрсетуге арналған тәжірибелер тұрақты телебағдарламалардың шыға бастауына әкелді. 1935 жылы Германияда ұлттық бақылаумен телевидение бағдарламаларын тарату басталды. Берлинде өткізілген жазғы олимпиадалық ойыннан кейінгі жылы іске асқан телевизиялық трансляция неміс ғылымы мен технологиясының артықшылығын насихаттау мақсатындағы ұлтшылдардан қолдау көрді. Бірақ, соғыс кезінде Берлиндік телевизиялық кешен талқандалды.
1936 жылы қараша айында басталған Британдық Хабар тарату корпорациясы тұрақты тарататын телебағдарламалар Ұлыбританияның екінші дүниежүзілік соғысқа аяқ басуына байланысты, 1939 жылы қыркүйекте тоқтатылды. Франциядағы 1935 жылы басталған телебағдарлама тарату да соғыс басталысымен өз жұмысын тоқтатты. Алғашқы тікелей оқиға орнынан телерепортажды жүргізу соғысқа дейінгі аралықта жүзеге асырылды. Германия телевидениесі 1936 жылғы Берлин олимпиадасындағы спорттық жарыстарды «Би-Би-Си» 1938 жылғы регат туралы телехабарлар таратты. Осы кезде басқа да телевизиялық жанрлар мен пішіндер пайда бола бастады. Соғысқа дейінгі жылдары «Би-Би-Си» өзінің көрермендеріне жаңалықтар, драма, опера және балет қойылымдарын, кабаре-шоу, концерттер, балаларға арналған мультипликациялық фильмдерді ұсынды.
Соғысқа дейінгі кезеңде телевидение аудиториясы аса шектеулі болды. Оның ауқымдылығының қанат жайып дамымауы тек техниканың төмен дәрежеде болғанының кесірінен, байланыстың жаңа түрінің пайда болмауы мен сигнал тарату кезіндегі географиялық шектердің қысқалығы ғана емес, сонымен қатар, телевидениенің бағасының қымбаттығы әсерін тигізді. Британдық он дюймдық экраны бар телеқабылдағыштың құны шағын автокөліктің құнымен пара-пар болды. Еуропа елдерінде телевизиялық бағдарламалар соғыс кезінде жүргізілмей, телехабарлаудың техникалық жаңаруы тоқталып қалды.
Телевидениенің бұқаралық ақпарат құралы болып қалыптаса бастауы, соғыстан кейінгі екі онжылдықта Еуропада жүзеге асты. Егер 1950 жылы теледидар 9 % американдық отбасында болса, ол бес жылдан соң 65%-ға өсті. Еуропада телевиденияның таралуы (әсіресе түрлі-түсті) баяу жүрді. Бірақ 1960 жылы Еуропаның көп бөлігі телекөрермендер қатарын толықтырды. ХХ ғасырдың соңғы үшінші ширегінде әлемнің бұл аймағында телевидение негізгі бұқаралық ақпарат құралына айналды. ХХ ғасырдың соңында көп мемлекеттерде баспасөз бен радиоға қарағанда, телевидениенің аудиториясы кеңейді. Мысалы, 1990 жылы жүргізілген сауалнамаға қатысқан американдықтардың 66% теледидарды ақпарат алудың басты қайнар көзі деп мойындаған. Сауалнамаға қатысушылардың осыншама пайызы ақпарат алуда қалған бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда телевидениеге сенімі мейлінше жоғары деп мәлімдеді. Әлем елдерінде телекөрсетілімдер күніне 5-8 сағатқа дейін жетті. Жарты ғасырдан соң басталған алғашқы тұрақты бағдарламалардан кейін телевидениенің әлемдік аудиториясы үш миллиард адамға өсті. Қазіргі телевизия дәуірінің шегін анықтаудың жеке меншік коммерциялық, қоғамдық және мемлекеттік үш негізгі түрі айқындалған кезде болды [1,5-б]. Еуропа телекөрермендер аудиториясының негізгі бөлігінің назарын коммерциялық арналар аударады, ал қоғамдық арналар көрермендердің белгілі категориясының арасында, әсіресе, білімді интеллигенция арасында танымал. Бұл бағдарламаларды сыншылар «жоғары деңгейлі» деп бағалап отыр. Еуропадағы коммерциялық емес телевидение хабарларының мазмұны, «білім» мен «қоғам» болмысының екі түрлі екенін айқындайды. Онда негізгі үш бағдарламалар ұсынылады:
- Телебағдарламалар, жарнама берушілер демеушілік етуін қаламайтын, осы себептен коммерциялық телевидениеде көрінуге мүмкіндігі жоқ бағдарламалар. Бұған білім, ғылым тақырыбымен қатар, топтамасында түрлі қоғамдық топтардың қызығушылығын туғызатын ақпараттық, публицистикалық бағдарламалар, сондай-ақ, коммерциялық станциялардың редакцияларымен «жарамсыз» рейтингі төмен бағдарламалар кіреді. Бұл жайт «PBS-тің» кейбір сыншыларының коммерциялық емес телевидениені сапасыз телеөнім, тасталатын «доңыз себеті» деп атауына негіз болды. Өткір қоғамдық мәселелерге арналған публицистикалық және ғылыми-танымдық сипаттағы бағдарламаларды аудиторияға ұсыну арқылы, «білім беру» станциялар қатары бағдарламалардың жоғарғы кәсіби дәрежесін қамтамасыз етеді.
- Оқу құралының мәтіндік мазмұнын кеңейтетін, білім беру үрдісінде қолданылатын, тікелей бағытта оқытатын бағдарламалар. Бұл сыныптарда, колледж және университет аудиторияларында, өзін-өзі оқытуда қолданылады.
- Білімге деген құштарлықты туғызуға тәрбиелейтін, тұлғаның қалыптасуына септігін тигізіп, оның шығармашылық және рухани қабілеттін қанағаттандыратын бағдарламалар. «PBS» Британдық «Би-Би-Симен» белсеңді серіктес болып, осы қоғамдық корпорациямен жасалған білім беру мен оқу-ағартуды дамытатын жоғары кәсіби бағдарламалар арқасында сапалы бағдарламалар қатарын толтырады.
Еуропа елдерінде жасалатын қоғамдық хабарлар ұйымдары өзінің қызметін басқаша мазмұнда құрып, төмендегі қағидаларға негіздеп жасайды:
-
хабарлардың жалпыға бірдей болуы, барлық азаматтарды географиялық орналасуына қарамастан, бағдарламаларды еркін қабылдауына тең мүмкіндіктер туғызуды қамтамасыз етеді.
-
Әмбебаптылық радио тыңдаушылар мен телекөрермендердің түрлі талғамы мен қызығушылығын ескере отырып, бұқараның әр түрлі топтарының ойын-сауықтық, ағартушылық, білім беру, публицистикалық, ақпараттық, мәдени сапалы бағдарламаларға деген қажеттіліктерін ескере отырып, аудиторияға қызмет көрсетуге негізделеді.
-
идеялық плюаризм мен көп мазмұндылық, тек халықтың көп бөлігін ғана емес, сондай-ақ, шағын этникалық, діни және мәдени топтардың да ақпараттық сұранысын қанағаттандыру мен қоғамдық форум функциясын қалыптастыруды қамтамасыз етуді көздейді.
- хабарлар қызметіндегі азаматтарға қаржыландырудың тікелей пішіндерін қолдану: қоғамдық хабарлар құрылымы әдетте, теледидар және радиоқабылдағыш иелерінен мемлекет тарапынан алынатын абоненттік төлемдер есебінен қаржыландырады. Сонымен қатар, шектеулі көлемдегі жарнамалық қаражат пен хабарлар ұйымдарымен шығарылған бағдарламаларды сатудан түскен қаражатпен қамтылады. Коммерциялық жарнаманы жариялауда тәжірибеге енген қоғамдық массмедиалық ұйымдар жарнама берушілерге тәуелді болуына әкелетін, хабарлар қызметінде жарнамадан түскен пайданы қаржыландырудың негізгі түріне айналдырудан қашады.
- редакциялық еркіндік, телебағдарламаның қызметі мен хабарлардың мазмұнына саяси партиялар, коммерциялық құрылымдар, үкімет тарапынан бақылаудың болуын шектейді.
- бағдарламаның мазмұны мен сапасына көңіл бөлу, оларды шығару мен оларға баға беруде коммерциялық қадамның болмауы. Алайда, максимальды жоғары рейтингтік көрсеткіштермен күрес хабарлар қызметінде басты мақсат болмайды, бағдарламаны шығарушылар арасында бәсеке сапалы шығармашылық критерийлердің болуына негізделеді.
- қоғамдық қызмет болып жарияланған, хабар ұйымдары бақылаушы қоғамдық кеңестерді құру, биліктің өкілетті органдарының алдында есеп беру, бағдарламаның мазмұны бойынша азаматтардың шағымдарын қабылдау мен қарастыру, сонымен қатар, хабар жасаушы ұйымдардың қызметінің нәтижелері мен саяси бағдарламаны құрудағы есепті ашық жариялау сияқты телебағдарламалардың әлеуметтік жауапкершілігі мен олардың қоғам алдында есеп беру қағидаларына бағынуға міндетті. Есеп берумен қамтамасыз ету қоғамдық телевидение ұйымдары қағидаларын, нормалары мен ережелерін тиянақты сипаттайтын этикалық реттеу кодекстерін қабылдауды талап етеді. Осыған мысал ретінде Британдық телекорпорациясының қоғам алдында есеп беруі ғылым мен мәдениет салаларынан ұсынатын өкілдерден, патшайым тағайындаған беделді саясаткерлер арасынан таңдап алынған 12 мүшеден құралған басқарушылар Кеңесімен реттеледі. Басқарушылар Кеңесі «Би-Би-Си» корпорациясының Бас директоры мен жетекші менеджерлерін тағайындайды. Азаматтарды ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында Кеңестің отырыстары жайында әр ай сайын есеп жарияланады. «Би-Би-Си» қызметі жөнінде Британдық Парламент тыңдау өткізеді. Корпорация өзінің қызметі туралы толық есеп ғаламтор мен баспасөзде тұрақты жариялап отырады. «Би-Би-Си» құрылымында корпорацияның телехабарлары мен бағдарламаларына қатысты, азаматтардан түскен шағымдарды қабылдау мен қарастыратын арнайы бөлім әрекет етеді.
Қоғамдық телевидениенің қызықты және үлгі болатын тәжірбиесі ФРГ-да жинақталған. Соғыстан кейінгі кезеңде ФРГ заңнамасы елдегі хабарлар қызметінің жаңа принциптерін бекітті. 1948 жылы қабылданған ел Конститутциясындағы хабарлар туралы заңдарымен, хабарлаушы ұйымдардың тәуелсіз «қоғамдық-құқықтық» дәрежесі бекітілді. Заң шығаруда өткеннің қайғылы жағдайы ұлтшылдық партиясы мен геббельдік үгіт-насихат министрлігінің саяси-тоталитарлық бақылауында болған Германияның БАҚ-ның жағдайы ескерілді. Жаңа заңнамаға сәйкес, хабар тарататын ұйымдар коммерциялық мекемелерге, саяси партияларға, мемлекетке де жатпайды. Мемлекеттің федеративті құрылымына сәйкес өңірлік тұрғыда қалыптасқан, өзін-өзі басқаратын, «қоғамдық-құқықты радиотелевизиялық ұйымдармен» ФРГ хабарлары жүзеге асуы тиіс еді. Яғни, әкімшілік-территориялық бөліністерді есепке алуының негізі көлемді қызметтермен бөлінген өзін-өзі басқару аймақтары (облыстар) болып табылады. Мемлекеттің рөлі көбінесе ақпаратпен техникалық арналар арқылы қамтамасыз ету, қабылдағыш құрылғылардың иелерінен абоненттік төлемақы жинау мен хабар тарататын ұйымдардың жұмысына құқықтық бақылауды жүзеге асыруда болды. Алайда, студиялық орталықты қоспағанда, жер-жердегі хабар тарату орталықтарының жабдықтары федералдық пошта ведомствасына қарады.
Хабар таратуды қаржыландыру мен басқару жүйесін құруда, «Би-Би-Си» тәжірибесі ескерілді. Жер-жердегі қоғамдық-құқықтық хабар таратушы ұйымдардың шығарушылары жарнама берушілерге тәуелділікті азайту, қысқарту мақсатымен, коммерциялық жарнаманы қолдануды саналы түрде шектеді. Алайда, «Би-Би-Си» жарнаманы эфирде трансляциялауды қаржыландырудың қосымша түрі деп қарастырады.
Сенсациялық, ойын-сауықтық, коммерциялық сипаттағы журналистикаға тән диспропорция мен тым шектен шығудан құтылу үшін қоғамдық телевидение хабар тарату ұйымдарына аудиторияны түрлі сапалы бағдарламалармен қамтамасыз етуді жүктеді. Олар түрлі ойын-сауықтық, мәдени және білім беру, саяси-публицистикалық, ақпараттық, құқықтық, танымдық бағдарламалармен қамтамасыз етіп, оларға арнайы бағдарламалық саясатты жүзеге асыруды жүктеді.
Хабар таратушыларды қоғамдық көзқараспен қамтамасыз ету мақсатында, телевидение мен радиодағы саяси ұйымдар құрамына саяси партия өкілдері, түрлі азаматтық бірлестіктер, жергілікті парламент, кәсіподақ, шіркеу, ғылым және өнер қайраткерлері кіретін кеңес пен түрлі әлеуметтік топтардың қызығушылығы жөнінде ақпаратты жинайтын бақылаушы органдар құрылды. Хабар тарату кеңестері ұйымның басшыларына бағдарламалық саясат жөнінде сұрақтар бойынша кеңестер беріп, бюджетті орындаудағы есептерді қарастырып, кадр мәселені шешуге де атсалысады.
Жер-жердегі хабар тарату ұйымдары 1950 жылы ФРГ-да орталықтану негізінде құрылған телевидениесінің негізгі буынына айналды. Қоғамдық-құқықтық хабар ұйымдарының жұмыс бірлестіктері, бірінші телеарнада бірыңғай жалпы ұлттық хабарды құру мақсатымен, жергілікті телерадио орталықтарының өзіндік қызметін қалыптастыруды мойнына алды. 1954 жылдың қарашасында ашылған алғашқы «ARD» арнасының бағдарламалары жеңілдіктермен бекітіліп, ортақ қормен қарастырылған, жергілікті телеорталықтардың телематериалдарының негізінде дайындалды. Жеңілдіктер, жергілікті телеорталықтың өнеркәсіптік қуаттылығына, сондай-ақ, аудиториядан алынатын және оның қызметін қаржыландыратын абоненттік төлем үлесінің көптігіне байланысты анықталған.
Мұндай қоғамдық-құқықтық телехабарларды ұйымдастырудың орталықтандырылған нұсқасы тікелей мемлекеттік саясатқа бір жақты партиялық ықпал етуден тәуелсіздікті қамтамасыз етті. Сонымен қатар, нарықтық факторлар мен ірі коммерциялық құрылымдардың тікелей ықпал етуіне төтеп беруді, қоғамдық бақылау мен хабар тарату қызметін қадағалау мүмкіндігін қамтамасыз етті. Оның қолданылуы телевидениенің барынша жоғары саяси және идеялық алуан түрлі пікір білдіру дәрежесін кепілдендіруге мүмкіндік туғызды. Бір ғана арнада түрлі саяси бағыттағы журналистер, яғни, консерваторлардан солақайларға дейін дайындаған бағдарламалар көрсетілді, бұл қоғамдық пікір мен ұстанымның алуан түрлі болуына мүмкіндік берді. Телекөрерменге бірдей мәселелерге әр түрлі, кейде бір-біріне мүлдем қарама-қайшы келетін көзқарасты салыстыруға мүмкіндік туды.
Мазмұны жағынан телебағдарламалар басқа да коммерциялық телекомпаниялармен ұқсас болды. Мысалы, 1955 жылы Лондон қаласында тұрақты телебағдарламаларын бастаған «ITV» жекеменшік телебағдарлама ұйымдарының британдық тобы, люсембург-германдық «RTL», 1975 жылы Италиядағы мемлекеттік телевидение жүйесінің реформасынан кейін пайда болған Берлусконидің жекеменшік арналар тобы, және т.б. Телематериалдарды еркін пішінде беруді қолдана отырып, коммерциялық телекомпаниялар бүкіл әлемде көңіл көтеретін бағдарламалардың сан түрін ұсынды. Мұның ішінде «ережесіз күрес» пен адамның абыройын ойран ететін басқа да қатігез шоу бағдарламалардан репортаж түрінде береді. «Боямасыз» шынайылықты сипаттауды сылтау етіп, дау-дамай, сананы мезі қылатын дөрекі жарнамаларды, адамның жеке өміріне қол сұғатын элементтерді қолдану батыс телевидениесінің қызметінің стилі мен табиғатына сай.
Көбінесе ұқсас принциптер 1961 жылы ФРГ-да құрылған қоғамдық-құқықтық телевидениенің екінші жалпыұлттық «ZDF» арнасының қызметіне жүктелді. Алайда, «ARD-пен» салыстырғанда «ZDF» арнасының қызметі орталықтырылған құрылым базасында жүзеге асады. Оның бағдарламалары Майнц қаласынан жүргізіледі. Екінші қоғамдық-құқықтық арна өзінің қызметін қаржыландырудың көзі ретінде көп жағдайда жарнамалық қаржыны қолданады. Сонымен қатар, оған және барлық қоғамдық телевидение үшін, демалыс күндері жарнама трансляциясына тыйым салу сияқты жарнамалық бағдарламаларға шектеу қою сақталған.
Нарықтық конъюнктурадан тәуелсіз, теңгерілген бағдарламалық саясатты жүзеге асыруда қоғамдық-құқықтық телеорталықтардың тұтастығы, қоғамдық телевидениені коммерциялықтан бірден ажырататын, көпшілік аудиториясының ғылыми-танымдық, рухани-мәдени, саяси-ақпараттық қажеттілігін қанағаттандыратын бағдарламаны шығаруды қамтамасыз етті. Қоғамдық-құқықтық телеорталықтар эфирге сапалы көркем публицистикалық бағдарламаны шығару, ғылыми-танымдық және деректі фильмді, театр қойылымы мен классикалық музыкадан концертті көрсету, өзекті мәдениет тақырыбындағы бағдарламаны шығарумен айналысады. Хабар тарату қызметінің кірісі мен пайда табу проблемалары кезінде, нарықтағы бәсекелестік күресте жарнамалар мардымсыз болып қалып, бірінші кезекке бағдарламаларды мазмұндық, ақпараттық, жоғары сапамен қамту шарттары шығады.
Жалпы ұлттық арналардың бағдарламаларын жасауда жер-жердегі телеорталықтарға арқа сүйей отырып, жергілікті хабар тарату құрылымдарының талантты тележурналистері федералды дәрежедегі идеяларын іске асыруға мүмкіндік алды. Бұл мемлекеттік шеңберде жергілікті хабар таратушылардың кәсіби шеберлігін астаналық дәрежеге дейін «ұлғайтуда», телевидение қызметкерлерінің шығармашылық бәсекелестігін белсеңді етуге әкеп соқты. Дегенмен, қоғамдық-құқықтық телевидениеге, оның германдық нұсқасында кемшіліктер мен әлсіз тұстары болды. Бұл үлгіні сынаушылар, телерадио орталықтарын қоғам өкілдермен қамтамасыз етуге міндетті хабар тарату кеңесінің мүшелері, істе топтық және партиялық қызығушылықты ұсынатынын атады. Қуатты позицияны ұстанатын жергілікті жердегі кейбір саяси партиямен тікелей және жанама байланыстағы тұлғалар саны кеңестерінде басым. Қоғамдық хабар тарату ұйымдары «кері байланыспен» қамтамасыз етуде тиімді әрекет ететін тетіктерге қол жеткізе алмайды. Кейде көп шарттылықтың себебінен, басқару жөнінде шешім қабылдауда, оларды іске асыру мен тез нәтиже алуда қоғамдық-құқықтық телеорталықтар толыққанды дайын болмай шығады. Қоғамдық-құқықтық телевидениедегі ойын-сауық бағдарламаcының үлесі коммерциялықтан төмен болуына байланысты, «ARD» мен «ZDF» тарапына көрерменді жалықтыратын бағдарлама ұсынып, «жеңіл» бағдарлама үлесіне бұқаралық аудиторияның еркін таңдауын қамтамасыз етпейтіні жөнінде жиі айыптар тағылды. Дәл осы мәселе, Германиядағы коммерциялық телевидение құрудың мүмкіндігі жайындағы пікір алмасуда талқыланды.
ФРГ-да жекеменшік коммерциялық немесе мемлекеттік телевидениені құру шаралары бірнеше рет қайталанғанына қарамастан, оларды «конститутциялық емес» деп танып, беттерін қайтарды. Христиан-демократтардың басқару қысымынан елде жекеменшік кабельді және спутниктік хабарлар жасауға, кейіннен коммерциялық станциялардың эфирлік бағдарламаларына жол беріліп, жағдай 1980 жылдар ортасынан түбегейлі өзгерді. Қысқа мерзімде «ARD» мен «ZDF» бәсекеге түсетін коммерциялық телекомпания қатары рәсімделді. 1991 жылғы телерадиохабарлар жөніндегі мемлекеттік келісімшарт ФРГ-да қоғамдық-құқықтық және жекеменшік телевидениенің бары жайындағы деректі біржолата бекітті.
Коммерциялық телекомпания арасындағы ірілері «SAT-1» және «RTL» - қоғамдық-құқықтық телевидениенің көрермендер аудиториясы үшін күресте мықты қарсыластар болды. Алайда, жекеменшік арналармен өткір бәсекеге қарамастан, қоғамдық-құқықтық телевидение аудиториясының маңызды бөлігін сақтап қалды. 1990 жылдың соңында Германияда қоғамдық-құқықтық «ARD» «ZDF» арналардың әрбірінде ірі коммерциялық «RTL» және «SAT-1» арналарына пара-пар келетін аудиториясы болды. Тұрақты қымбаттату шартында аудитория мен дамыту мүмкіндіктері күресінде «ARD» және «ZDF» телеөндірушілеріне, телевидениенің басқа да көптеген қоғамдық қызметтері сияқты, бүгінгі таңда қызметтердің кейбір пішінін өздеріне алуға тура келді. Осылайша, бағдарламаларды өндіруде коммерциялық демеушілерден алынған қаражат қолданылып, жарнамалық фирмалар бағдарламаларды дайындауға қатысып, бағдарламаларда сауда белгілерін демонстрациялау арқылы демеуші фирмалардың жанама жарнамаларын жасауды іске асырады. Осындай жолмен қоғамдық арналардың жасырын коммерциализациясы жүреді.
Телехабарлар коммерциализациясы бағдарламаларды жеткізуде ақылы түрді кеңінен қолданады. Бұл тенденция ақпарат ресурстарын алудағы әмбебап (жалпыға бірдей) принципке қайшы болғандықтан, әлем елдеріндегі халық наразылығын туғызды. Соңғы жиырма жылда көп қауымның назарын аударған спорттық тартыстар, танымал шоу бағдарламалар сияқты, түрлі оқиғаларды көрсетуде құқықты шектейтін хабарлар компанияларымен сатып алу практикасы кеңінен тарады. Мұндай жағдайда ресурсы шектелген жалпыға ортақ арнаға қарағанда, қаржылық ресурсры қуатты ірі коммерциялық компаниялар (ақылы телевизиялық арна), осындай сипаттағы оқиғаны көрсетуде экслюзивті құқықты алуда мүмкіндігі аса зор болды.
ХХ ғасырдың соңғы ширегі жекеменшік және қоғамдық телекомпаниялар арасында бәсекенің өсуіне себеп болған, телевидениенің аралас қоғамдық-жекеменшік ұлттық жүйесін қалыптастырумен, Еуропа елдерінде телехабардың коммерциялық түрінің көбеюімен сипатталды. Америкаланған коммерциялық телевидение 1970 жылдың екінші жартысында жекеменшік телевидениесі болмаған Италияда, 1980 жылы Франция мен басқа Еуропа елдерінде тез етек алды. Коммерциялық ойын-сауық бағытындағы, көрерменнен зияткерлікті талап етпейтін, ақпараты мол телехабарды таратушылар теңіздің ар жағына қарағанда, Еуропада аз қолдау тапты. Осылайша, Италиядағы «RAI» телевидениесінің үш қоғамдық арнасы, коммерциялық телевидениенің жетекші арнасымен салыстырғанда, 2000 көрерменнің назарын аударды. Австрияда «бағдарламаның сапасын сақтай отырып, аудиторияны кеңейту» (сол себепті, кейбір күмәнді зорлық-зомбылықты көрсететін бағдарламадан бас тартқан) деген ұранмен әрекет ететін «ORF» қоғамдық телекомпаниясы өзінің мықты коммерциялық қарсыласы «RTL» арнасын ығыстырып, үлкен аудиторяны ұстап тұрып қалды. «ITV» тобының коммерциялық ағылшын телекомпаниялары мен жекеменшік спутниктік телевидениенің тарапынан пайда болған бәсекеге, 1990 жылдары корпорацияның ұжымын қысқартуға ұшыратқан ауыр реформа мен қайта ұйымдастыруға қарамастан, британдық көрерменнің тең жартысына жуығы әлі де «Би-Би-Сиге» өз таңдауын жасап отыр.
Соңғы кездері қоғамдық телекомпанияларға түсетін шағымдар оның қызметінің коммерциализация тенденциясына көңілі толмайтындардың жағынан күшейді. Бір уақытта коммерциялық қадам жасаушы, хабарларға қабылдау құрылғыларын пайдаланушысынан алынатын абоненттік төлемақыдан қаржыланатын, қызметтері нарықтық бәсекелестікте теңдік қағидасына жауап бермейді деп қоғамдық хабар таратушыларды айыптады. Ұлыбританияның үкіметі мен парламентінің жарты бөлігі «көбікті операның» үлесінің көбеюі мен сапалы сериалдардың саны қысқартылуынан, «Би-Би-Си» телекөрсетілімінен қоғамдық және ағартушылық бағыттағы бағдарламардың алынып тасталуынан, корпорацияның телевизиялық бағдарламаларының сапасы төмендегеніне алаңдаушылығын атап айтты.
1990 жылдары корпорация кейбір бөлімдерін нарықтық өзін-өзі қаржыландыру шартына көшіру мен ұжымның жарты бөлігін қысқарту сияқты қайта ұйымдастырудың көп жүргізілуіне тап болып, өзінің тарихында түбегейлі өзгеріске ұшырады. Осындай бөлімдер қатарында корпорацияда дайындалған телебағдарламаларды, журналдар мен аудио және бейне жазбаларды шетелге сату жұмысымен айналысатын «Би-Би-Сидің» коммерциялық қызметі де бар. Осы өнімдерінен түсетін қаражат жаңа бағдарламаларды жасауда инвестицияланады. Бірінші арна «Би-Би-Сиді» коммерциялық сипаттағы көпшілік аудитория назарын аудартатын арнаға айналдыру жұмыстарын жүргізуде. Көпшілік бұқараның сұранысын қанағаттандыруды сылтауратып, қоғамдық және ағартушылық бағдарламалар екінші қатарға орналастырылып, осы арқылы бұқара назарын аударуды көздеп отыр.
Мемлекеттік модельдік телевидение. Батыс Еуропада телевидение соғыс жылдарынан кейін пайда болып толығымен үкімет шенеуніктерінің басқару мен бақылауында болды. Францияда екінші дүниежүзілік соғыстан кейін телевидение үкіметтік голлистік бюрократия тарапынан қатаң бақыланды. Тек, 1968 жылы болған азаматтық төңкеріс Де Голль Президентті телевидениенің кейбір реформасына қадам жасауға итермеледі. Мысалы, жеке кәсіпкерлік жарнаманы қаржыландыру көзі ретінде пайдаланылды. 1980 жылдары билікке француз әлеуметтанушылары келіп, үкіметтік хабарлар қызметін біртіндеп өз иеліктеріне аударып, бұл туралы қоғамға ақпарат бермеді.
Спутниктік телевидение. «Entelsat» – Еуропа ұйымының ғарыштық байланысы Еуропаның 40 коммуникациялық ведомстволық мемлекеттік мекемесінен құрылған. «Интерспутник» 1973 жылы негізі қаланған ұйым, ол 14 кеңестік блокты мемлекеттік спутниктік коммуникациямен қамтамасыз етті. Ғарыштық телевидениенің өркендей түсуінде спутниктік байланыстардан бағдарламаны қабылдап алу үшін өте қымбат, үлкен жерге арналған кешендер қажет етілді. Ғарыштан жіберілген телевизиялық «сурет», үйдегі теледидардың көгілдір экранында көрсетілуі үшін, әлсіз спутниктік қабылдауға берілген белгі жердегі серіктеспен бірге қабылданып, кейін ТВ арналарынан немесе кабельдік тележүйелерден көрсетіліп отырды. Бірінші ғарыштық жүйенің үлкендігі, қымбаттығы және сенімсіздігі телевидениеде пайдалануды шектеді. Мысалы 1965 жылы «Intelsat» жолағы бойынша тікелей телевизиялық трансляция жалпы 80 сағат қана жүргізіліпті [2,9-б].
Спутниктік телевидениенің аудиториясы тез қарқынды темппен жүре бастады. 1990 жылы тікелей байланыстағы ғарыштық телевидениеге миллиондаған американдықтар мен еуропалықтар қол жеткізді. Сонымен, Еуропа халқы онжылдықтың соңғы ширегінде 10 миллион отбасы жеке-дара спутниктік құралдың иесі болды, оның ішінде Германия және Ұлыбритания лидер атанды. Қазіргі таңда спутниктік арналардың аудиториясы күннен-күнге өсіп, өркендей түсіп, жетілуде.
Достарыңызбен бөлісу: |