7- ТАҚЫРЫП. Журналистиканың ақпараттық сипаты
Дәріс жоспары:
1. Ақпараттың түрлері, әлеуметтік мәні
2. Хабарлылықтың шарттары
Журналистиканың негізгі күші – ақпарат. Ақпарат журналистика мен аудитория арасындағы дәнекерлік рөлді де атқарады. Сондай-ақ журналистика жүйесінің алдындағы сан-салалы міндеттерді шешуге қолданылатын қуатты құрал да – осы ақпарат. Ал оның қоғамдық пікір қалыптастырудағы маңызы өз алдына бөлек әңгіме. Радио мен теледидардың, газет-журналдардың тарататын ақпарат, мағлұматтары бұқараға, қалың көпшілікке арналады.
Ақпаратқа деген қажеттілік адамзатпен бірге туып, бірге жасасып келеді. Қоғамдық дамудың әр түрлі сатысында хабар таратудың әдісі мен тәсілдері, құралы әр түрлі болды. Алаңға немесе биік мінберге шығып халықтың алдында патшаның әмірін оқыған жаршылар, көрші мемлекеттерге көш түзеген елшілер мен жорық жайлы, қорғаныс, біріккен шабуыл жоспарының мән-жайын жеткізген жаушылар, жартастарға қашалып жазылған жазулар, үңгірлер қабырғасындағы суреттер мен белгілер, Көне түркілерден қалған “Қашық жердің хабарын керуен келтірер” деген мәтелдің өзегінде де ақпарат таратудың қарабайыр түрі көрініс береді.
Уақыт өте келе, қоғам өмірінде тың өзгерістер бола бастады. Ақпарат таратудың жаңа түрлері дүние есігін қақты. Адамзат өркениеті түрлі техникалық жетістіктер жемісін пайдалана отырып, хабар жеткізудің озық тәсілдеріне қол жеткізді. Дамыған, алдыңғы елдердің тәжірибесіне енген жаңалықтар ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ сахарасына да жетті
Қазақ журналистикасының қалыптасып, дамуына іс жүзінде де, сөз жүйесімен де үлкен үлес қосқан тұлға Ахмет Байтұрсынұлы “Қазақ” газетінің 1913 жылғы шыққан алғашқы нөмірінде: “Әуелі газета – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, газета сондай керек. Газетасы жоқ жұрт, басқа жұрттың қасында, көзі жоқ соқыр, құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау секілді. Дүниеде не болып жатқанын көру, есту жоқ, өз пікірін айту жоқ” (Қ. 1913, №1) – деп ашып жазыпты.
Қазақстан Республикасының “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заңындағы” “Жалпы ережелер” деп аталатын І-тарауда біз сөз етіп отырған мәселе жайлы мынадай түсінік бар: “бұқаралық ақпарат-тұлғалардың шектеусіз аумағына арналған баспа, аудиовизуальды және басқадай хабарламалар мен материалдар” [23].
Достарыңызбен бөлісу: |